Кеден одағы комиссиясының хатшылығы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстн Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1163 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағы комиссиясының хатшылығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Кеден одағы комиссиясының хатшылығы туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы  
      Үкіметінің        
      2008 жылғы 5 желтоқсандағы
      N 1163 қаулысымен   
      мақұлданған       

      жоба

       Кеден одағы комиссиясының хатшылығы туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты және 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шартты негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Кеден одағы комиссиясының хатшылығы (бұдан әрі - Хатшылық) 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы шарттың 11-бабына сәйкес Кеден одағы комиссиясының (бұдан әрі - Комиссия) жұмыс органы болып табылады. Хатшылық қызметі Комиссия бекітетін регламентке сәйкес жүзеге асырылады.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
      "лауазымды тұлғалар" - Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесі кеден одағының жоғары органы (бұдан әрі - кеден одағының жоғары органы) функцияларын орындаған кезде әрбір тарапқа белгілеген лауазымдар квотасына сәйкес Тараптардың ұсынысы бойынша Комиссия бекітетін тұлғалар;
      "қызметкерлер" - Хатшылықтың құрылымдық бөлімшелерінде мамандар ретінде жұмыс істейтін тұлғалар;
      "техникалық және қызмет көрсету персоналы" - Хатшылықтың жұмысына қызмет көрсету жөніндегі функцияларды орындау үшін жалданатын адамдар (жүргізушілер, техника жөндеуді жүзеге асыратын, үй-жайды жинастыратын және өзге де техникалық функцияларды орындайтын адамдар);
      "отбасы мүшелері" - жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары және асырауындағы адамдар.

3-бап

      1. Хатшылық кеден одағының жоғары органының, Комиссияның жұмыстарын ұйымдастыруды және олардың ақпараттық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асырады.
      2. Хатшылық мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      а) кеден одағын қалыптастыру мен оның жұмысын, соның ішінде халықаралық шарттарды жасасу мен өзгерту жөніндегі мәселелер бойынша кеден одағының жоғары органы мен Комиссияның қарауы үшін материалдар, шешім жобалары мен ұсынымдар әзірлеу;
      б) Тараптардың кеден одағының шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттардың ережелерін сақтау мониторингі, кеден одағының жоғары органы мен Комиссия қабылдаған шешімдерді орындау;
      в) Тараптардың әрбірінің сыртқы экономикалық қызметті реттеу саласындағы заңнамаларының мониторингі және оларға талдау жасау;
      г) кеден одағын қалыптастыру және біртұтас кеден аумағын құру үшін қажетті халықаралық шарттардың жобаларын және өзге де құжаттарды дайындау;
      д) Тараптардың мемлекеттік билік органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
      е) Комиссияның шығыстар сметасының жобасын әзірлеу және оны орындау, оның атқарылуы туралы есептер жобаларын дайындау;
      ж) кеден одағының шеңберінде жасалған халықаралық шарттардың депозитарийінің функциясын Комиссияның орындауын қамтамасыз ету;
      з) кеден одағының жоғары органы немесе Комиссия белгілеген және олардың жұмысын ұйымдастыруға бағытталған өзге де функцияларды және ақпараттық техникалық қамтамасыз ету.

4-бап

      1. Хатшылықты Комиссияның Жауапты хатшысы (бұдан әрі - Жауапты хатшы) басқарады, оның Жауапты хатшыны тағайындаған Тараптан басқа Тараптардың әрқайсысынан бір-бірден орынбасары болады.
      2. Жауапты хатшы және оның орынбасарлары Тараптардың ұсынысы бойынша бекітіледі және Тараптар арасында Жауапты хатшының қызметін ротациялау қағидатын ескере отырып, қызметтен Комиссия босатады. Жауапты хатшының қызметін ротациялау тәртібін Комиссия белгілейді.
      3. Жауапты хатшы Комиссияның және кеден одағы жоғары органының отырыстарына қатысады.
      4. Жауапты хатшыға Комиссияның шешімімен Комиссияның қаржылық және материалдық құрал-жабдықтарына белгіленген тәртіппен иелік ету, азаматтық-құқықтық шарттар жасасу, сотта шығып сөйлеу өкілеттіктері берілуі мүмкін.
      5. Хатшылықтың құрылымдық бөлімшелері - департаменттері болады. Хатшылық департаменттерінің саны және олардың штаттық саны кеден одағы жоғары органының шешімімен белгіленеді.

5-бап

      Хатшылықтың қызметін қаржыландыру Комиссиядағы Тараптарға берілген дауыс санының тепе-теңдігіне қарай енгізілген Тараптардың үлестік жарналары есебінен қалыптасқан Комиссияның шығыстар сметасында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.

6-бап

      1. Хатшылықтың персоналы лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерден тұрады.
      Хатшылықтың лауазымды тұлғаларына Жауапты хатшы және оның орынбасарлары, департаменттердің директорлары мен олардың орынбасарлары жатады.
      2. Департаменттердің директорларын және олардың орынбасарларын Комиссияның қызметін қаржыландыратын Тараптардың үлестік жарналарын ескере отырып, Тараптардың ұсынымы бойынша квоталық негізде Комиссия ұзартуы мүмкін 3 жыл мерзімге бекітеді және олар қызметтен Комиссияның шешімімен босатылады.
      3. Хатшылық жұмысына қабылданатын лауазымды тұлғалармен Комиссия төрағасы Комиссия атынан 3 жыл мерзімге еңбек шарттарын (келісім-шарттарды) жасасады.
      4. Хатшылық жұмысына қабылданатын лауазымды тұлғалар мынадай талаптарды қанағаттандыруы тиіс:
      Тараптардың бірінің азаматтығында болуы;
      қызметтік міндеттеріне сәйкес келетін кәсіби даярлығы (біліктілігі), сондай-ақ осы бейіні бойынша қызметтік міндеттерінде кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы.
      5. Хатшылықтың қызметкерлері Тараптардың азаматтары болуы және атқарып отырған қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі тиіс.
      Қызметкерлер Жауапты хатшы Комиссия атынан 3 жылға дейінгі мерзімге жасайтын еңбек шарттарының (келісім-шарттардың) негізінде жұмысқа қабылданады.
      6. Хатшылықтың техникалық және қызмет көрсетуші персоналы Жауапты хатшы Комиссия атынан жасайтын еңбек шарттарының (келісім-шарттардың) негізінде жұмысқа қабылданады.

7-бап

      Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері халықаралық қызметшілер болып табылады. Өздерінің қызметтік міндеттерін орындаған кезде олар Тараптардың мемлекеттік органдары мен лауазымды тұлғаларынан тәуелсіз болады және олардан нұсқау алуға сұрау сала алмайды немесе олардан нұсқау ала алмайды.
      Тараптардың әрқайсысы Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің мәртебесін құрмет тұтуға және олар қызметтік міндеттерін орындаған кезде оларға ықпал жасамауға міндеттенеді.
      Хатшылықтағы жұмыс кезеңінде оның лауазымды тұлғаларының және қызметкерлерінің ғылыми, шығармашылық немесе оқытушылық қызметті қоспағанда, жеке пайдасын немесе өзге тұлғалардың пайдасын көздейтін коммерциялық немесе кез келген басқа қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

8-бап

      1. Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің еңбек қатынастарын Комиссия реттейді.
      Хатшылықтың техникалық және қызмет көрсетуші персоналының еңбек қатынастары келген мемлекеттің заңнамасымен реттеледі.
      2. Хатшылықтың лауазымды тұлғаларын және қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте ұлттық заңнамада белгіленген зейнетақымен қамсыздандыруға ақша аударуды лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер азаматтары болып табылатын мемлекеттердің тиісті қорларына Комиссияның шығыстар сметасына сәйкес Хатшылық жүргізеді.
      Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне зейнетақы төлеу жөніндегі шығыстарды олар азаматтары болып табылатын мемлекет көтереді.
      3. Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне әлеуметтік сақтандыру (қамсыздандыру) жөніндегі жәрдемақыны тағайындау және төлеу аумағында Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері жұмыс істейтін мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Әлеуметтік сақтандыру бойынша жәрдемақыны төлеу жөніндегі шығыстарды аумағында Хатшылықтың лауазымды тұлғалары немесе қызметкерлері жұмыс істейтін мемлекет өзара есеп айырусыз жүргізеді. Бұл ретте әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына аударымдар келген мемлекеттің заңнамасына сәйкес Комиссияның шығыстар сметасында көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
      4. Лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге зейнетақыны немесе әлеуметтік сақтандыру (қамсыздандыру) жөніндегі жәрдемақыны тағайындаған кезде Хатшылықтың лауазымды тұлғасы немесе қызметкері ретіндегі жұмыс кезеңі сақтандыру немесе еңбек өтіліне есептеледі.
      Көрсетілген адамдардың Хатшылықтағы жұмыс кезеңінде алған жалақылары зейнетақының мөлшерін белгілеу кезінде олар азаматтары болып табылатын мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес, ал әлеуметтік сақтандыру (қамсыздандыру) бойынша жәрдемақы мөлшерін белгілеу кезінде олар аумағында жұмыс істейтін мемлекет заңнамасына сәйкес ескеріледі.

9-бап

      Хатшылықтың лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері Тараптардың аумақтарында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері үшін 2001 жылғы 31 мамырдағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияда белгіленген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

10-бап

      Хатшылық болатын орын Мәскеу қаласы болып табылады.

11-бап

      Осы Келісімге ескертпелерге жол берілмейді.

12-бап

      Осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

13-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері арқылы шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, дау кез келген мүдделі Тараптың бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының қарауына беріледі.

14-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және ратификациялануға тиіс.
      Осы Келісімнің күшіне ену, одан шығу және оған қосылу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, одан шығу және оған қосылу тәртібі туралы хаттамамен белгіленеді.
      2008 жылғы "__ "_____ ______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарийде сақталады, ол депозитарийдің функциясы Комиссияға берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Беларусь             Қазақстан        Ресей Федерациясы
     Республикасы          Республикасы             үшін
         үшін                   үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады