Байланыс формасы

Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы N 2 Нормативтік қаулысы.

      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің", "АІЖК" деген сөздер "АПК-нің" деген сөзбен; "159" деген цифрлар "156" деген цифрлармен ауыстырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қабылдауды реттейтін заң актілерін сот практикасында біркелкі түсіну және қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) және басқа да заң актілерінде қарастырылған жауапкердің (борышкердің) сот актілерін мәжбүрлеп орындатуды қиындатуы немесе болдырмауы мүмкін әрекеттерінің жолын кесу шараларын азаматтық сот ісін жүргізудегі қамтамасыз ету шаралары деп түсіну керек.

      Қабылданған қамтамасыз ету шаралары жауапкер-заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерді банкроттыққа ұшыратуға, қалыпты өндірістік қызметті бұзуға, басқа тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзуға, рейдерлікке жол беруге (жауапкердің мүлкін заңсыз тартып алуға) әкеліп соқтырмауы керек.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      2. Төреліктің талқылаумен қаралатын істер бойынша талапты қамтамасыз ету шараларын сот АПК-нің 15-бабында қарастырылған барлық ережелерді сақтай отырып, борышкердің немесе төреліктің орналасқан жері бойынша қабылдайды.

      Талапты қамтамасыз ету туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз берген тұлғаның талабы бойынша төреліктің іс қозғағанын анықтап тексеруге міндетті.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      3. Қамтамасыз ету шаралары:

      мүліктік немесе мүліктік емес сипаттағы (АПК-нің 27, 28, 29, 30-тарауларында қарастырылған ерекше талап қою бойынша жүргізілетін істер жөніндегі арыздар) талаптардың орындалуын;

      сот шешімдерінің орындалуын;

      бітімгершілік келісімдерін бекіту туралы сот ұйғарымдарының орындалуын;

      атқару құжаттарының мәжбүрлеп орындатылуын қамтамасыз ету үшін қабылданады.

      Судья қамтамасыз ету шараларын арызды өндіріске қабылдағаннан және істі қозғағаннан кейін ғана, бірақ заңды күшіне енген сот актісін мәжбүрлеп орындату туралы атқару құжаты берілгенге дейін іс жүргізудің кез келген кезеңінде қабылдайды.

      Егер сот қамтамасыз ету шараларын қабылдамаса, заңмен қарастырылған жағдайларда сот орындаушысы атқару құжаттарын мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ету үшін атқарушылық іс жүргізу барысында қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 30.12.2011 № 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. АПК-нің 156-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген қамтамасыз ету шаралары түбегейлі болып табылмайды.

      Егер өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдамау осы санаттағы істер бойынша шешімдерді орындауды қиындатуы немесе болдырмауы мүмкін болса, даулы құқықтық қатынастардың сипатын ескере отырып және осы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамаға сәйкес, сот оларды қабылдай алады.

      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заң актілерімен салыстырғандағыдан өзге қамтамасыз ету шаралары қарастырылуы мүмкін. 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, күшiне енуiнің шарты ретінде ратификациялау көзделмеген халықаралық шарттардың күшi бар болып табылады және Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында осы халықаралық шарттар үшін мұндай басымдық тікелей көзделген болса, онда Республика заңдарынан басымдығы сақталады ("Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 қаулысы.

      Егер сот шешімін орындауды және талапкердің бұзылған заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды неғұрлым тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, сот бір мезгілде бірнеше қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5 Нормативтік қаулысымен.

      5. АПК-нің 157-бабына сәйкес, сот қамтамасыз ету шараларын талапкердің (арызданушының) немесе оның өкілінің арызы негізінде не төреліктің іс жүргізуіндегі іс бойынша талапкердің арызы негізінде ғана қабылдайды.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз істің барлық кезеңінде: істі сот талқылауына дайындау кезінде, сот отырысында, сот актісі шығарылғаннан кейін, бірақ ол АПК-нің 241-бабында белгіленген тәртіпте мәжбүрлеп орындатуға жіберілгенге дейін берілуі мүмкін.

      АПК-нің 155-бабына сәйкес, талапкер арызында қамтамасыз ету шараларын қабылдамау сот актісін мәжбүрлеп орындатуды қиындатуы немесе орындалуын мүмкін етпеуі туралы дәлелдерді көрсетуі тиіс.

      АПК-нің 156-бабында қарастырылған сот бұйрығын беру туралы арызды қарау барысында қамтамасыз ету шаралары қабылданбайды, өйткені сот бұйрығы АПК-нің 135-бабында қарастырылған даусыз талаптар бойынша азаматтық іс қозғамастан шығарылады. Алайда, сот бұйрығы заңды күшіне енгеннен кейін, бірақ ол АПК-нің 143-бабының тәртібімен өндіріп алушыға берілгенге дейін, сот өндіріп алушының арызы бойынша сот бұйрығын мәжбүрлеп орындату жөніндегі қамтамасыз ету шараларын қабылдауға құқылы.

      Сот өз бастамасымен қамтамасыз ету шараларын қабылдай алмайды.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Егер талапкердің немесе оның өкілінің арызы бола тұра қамтамасыз ету шаралары қабылданбаған болса, сот АПК-нің 157-бабына сәйкес, талапты қамтамасыз ету немесе сот актілерін орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады.

      Егер талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз талап қою арызына қоса берілсе немесе ол туралы талап қою арызында көрсетілсе, онда судья арызды азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа түскен күні шешеді.

      Істі сот талқылауына дайындаған кезде берілген талапты қамтамасыз ету шаралары туралы, сот актісін мәжбүрлеп орындату сатысынан бұрын берілген қамтамасыз ету шаралары туралы арыздарды судья іске қатысушы тұлғаларға олардың қаралатын орны мен уақытын хабарламастан жеке дара қарайды. Мұндай жағдайларда іс жүргізу әрекеттерінің жеке хаттамасы жүргізілмейді.

      Талапты қамтамасыз ету туралы арыз сот отырысында берілсе, арыз сол сот отырысында зерттеліп, оны қанағаттандыру немесе қанағаттандырмау туралы ұйғаруды судья кеңесу бөлмесінде шығарады.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      7. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қараған кезде сот қамтамасыз ету шараларының талапкер (арызданушы) мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келетіндігі, мәлімделген талаптарға парапарлығы, сот актісін орындауды қиындату немесе орындатпау мақсатында жауапкер жасауы мүмкін әрекеттердің жолын кесуді қамтамасыз ете алатындығы туралы мәселелерді зерттеуі керек.

      Егер сот талапкер арызында көрсеткен қамтамасыз ету шараларының ол мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптарға сәйкес келмейтіні туралы тоқтамға келсе, онда аталған қамтамасыз ету шараларымен талапты қамтамасыз ету туралы арызды қанағаттандырусыз қалдырады.

      8. Соттың қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарым шығаруы талапкердің немесе оның өкілінің осындай шараларды қабылдаудың қажеттігі туралы жаңа дәлелдерді көрсетіп, талапты қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөнінде сотқа қайта арыз беруіне кедергі келтірмейді.

      9. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арызды қарау нәтижесі бойынша шығарылған сот ұйғарымы АПК-нің 269-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Бұл ретте сот АПК-нің 155-бабында қарастырылған қамтамасыз ету шараларын қабылдаудың негіздерінің бар-жоғы туралы арызданушының дәлелдеріне баға беруі тиіс.

      Жауапкердің өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін жасыруға не иеліктен шығаруға, Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге дайындық жасауға бағытталған және тағы басқа әрекеттерін заңды күшіне енген сот актісін орындаудың қиындығы немесе мүмкін еместігі деп түсіну керек.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымның қарар бөлігінде оның дереу орындалуға жататыны көрсетілуі тиіс.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      10. АПК-нің 429-бабына сәйкес мүдделеріне қатысты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы ұйғарымға тұлғалар өздеріне осы ұйғарым туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде шағым бере алады.

      Тұлғаға ұйғарымның көшірмесі тапсырылған немесе оған сот орындаушысының атқару қағазын орындау жөніндегі әрекеттері белгілі болған күнді (мүлікке тыйым салу, белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу және тағы басқа) ол қамтамасыз ету шаралары қабылданғаны туралы хабардар болған күн деп түсіну керек.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011 жылғы 30 желтоқсандағы № 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      11. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы сот ұйғарымын орындауды дереу жүзеге асыру деп соттың ұйғарым шығарылған күні не ол шығарылған күннің ертеңінен кешіктірмей АПК-нің 241-бабының үшінші бөлігінде қарастырылған әрекеттерді жасауын түсіну керек.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      12. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасын қолданған кезде талапкер шарттық, деликтілік немесе борышкердің мүлкі есебінен қанағаттандырылуға жататын мүліктік сипаттағы өзгеде құқықтық қатынастардан туындайтын талаптар қойғанда ғана жауапкерге тиесілі мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларына жол беріледі.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 115-бабында көрсетілген жауапкер меншік құқығымен немесе шаруашылық жүргізу құқығымен иелік ететін және пайдаланатын мүлік түрлерін жауапкерге тиесілі мүлік деп түсіну керек.

      Аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақшаларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікке оралымды басқару құқығымен иелік ететін және пайдаланатын мемлекеттік органға, мемлекеттік мекемеге немесе қазыналық кәсіпорынға қатысты мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шарасы қолданылмайды. АК 44 , 922 , 923-баптарына сәйкес, аталған жауапкерлер келтірілген зиян үшін өздерінің иелігіндегі ақшаларымен есептеседі. Аталған жауапкерлердің иелігіндегі ақша жеткілікті болмаған жағдайда, олардың міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілік мемлекеттік қазынаға жүктеледі.

      13. Мүлікке тыйым салу сияқты қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талапкердің өтінішін қараған кезде сот нақты заттарды немесе мүліктің түрлерін көрсетпейді, тіпті талапкер нақты заттарға тыйым салу туралы өтініш білдірсе де тыйым салынуы мүмкін мүліктің құнын белгілемейді.

      Сот ұйғарымында талапкердің мүліктік талабының мөлшері немесе талапкердің мүліктік талабының сот шешімімен қанағаттандырылған мөлшері ғана көрсетілуі керек, ал мүліктің жауапкерге (борышкерге) тиесілігін немесе оның құнын атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіпте атқарушылық құжатты орындаған кезде сот орындаушысы белгілейді.

      14. АК 952-бабына сәйкес, моральдық зиянның көлемін сот шешім шығарған кезде анықтайтындықтан, моральдық зиянды ақшалай өндіру туралы істер бойынша талап арызды қамтамасыз ету үшін мүлікке тыйым салу шарасын қабылдай алмайды.

      Осындай талап арызды қамтамасыз ету туралы талапкердің өтініші болған жағдайда, сот шешім шығарумен қатар немесе моральдық зиянды өтеу мөлшерін белгілеген шешім шығарғаннан кейін шешімді орындауды қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарады. Бұл ретте, тыйым салынуға жататын мүліктің көлемі сот жауапкерден өндірген моральдық зиян сомасының мөлшерінен аспауы тиіс.

      15. Талапкер мәлімдеген мүліктік емес сипаттағы талаптардан дауланып отырған заттың немесе оның істі қарағанға дейінгі қалпының сақталуы қажеттілігі туындаған жағдайларда, сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын қабылдауы мүмкін. Дауланып отырған заттарды иемдену, үй-жайдың құрылымын өзгерту, жер телімінің шекарасын өзгерту, авторлық құқықтар мен сабақтас құқықтардың объектілерін көбейту жөніндегі және басқа әрекеттерді жауапкердің жасауына тыйым салынуы мүмкін.

      16. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес борышкердің талапкер алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі мақсатында сот үшінші тұлғалардың жауапкерге мүлікті беруіне немесе мүліктік сипаттағы басқа да міндеттемелерді орындауына тыйым салуға құқылы.

      Үшінші тұлғалардың іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелері жөнінде анық мәліметтер болғанда және жауапкер үшінші тұлғалардан міндеттемесін орындатқаннан кейін сот актісінің орындалуын қиындатуы немесе орындалмастай етуі мүмкін екендігіне негіз болғанда сот аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдай алады.

      Аталған қамтамасыз ету шарасын қабылдау туралы сот ұйғарымында нақты қандай тұлғаға мүлікті беруге немесе іс бойынша жауапкер алдындағы өзге де міндеттемелерді орындауға тыйым салынатыны көрсетілуі керек. Сонымен бірге тұлғаның жауапкер алдындағы міндеттемелерінің талаптап артық көлемі АК 272-бабына сәйкес орындала беруі үшін сот талапкер мәлімдеген материалдық-құқықтық талаптар мен тұлғаның іс бойынша жауапкердің алдындағы міндеттемелерінің көлемін ескеруі керек.

      17. АПК-нің 251-бабына сәйкес, талапкердің өтініші бойынша мүлікті тыйым салудан босату (тізімнен алып тастау) туралы талап арыз берілген кезде, сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Сот орындаушысы тыйым салудан босату туралы талап арыз берілген мүлікті сату жөніндегі атқарушылық әрекеттерді өз бетімен тоқтатпаса, қамтамасыз ету шарасы тыйым салудан босату (тізімнен алып тастау) туралы арыз берілген нақты мүлікке қолданылады.

      Егер борышкер атқарушылық құжатты орындаған кезде мүлікті тыйым салудан босату туралы талап арыз берместен, өзіне тиесілі мүлікке тыйым салу жөніндегі сот орындаушысы әрекетінің заңдылығын дауласа, онда арыз АПК-нің 29-тарауында белгіленген тәртіпте қаралады. Бұл жағдайда сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында қарастырылған сот орындаушысының тыйым салынған мүлікті өткізу жөніндегі әрекеттерді жасауына тыйым салатын қамтамасыз ету шарасын қабылдауға құқылы.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын сот осы нормада көрсетілген, АПК-нің 29-тарауында белгіленген тәртіпте қаралатын іс санаттары бойынша ғана қабылдайды.

      АПК-нің 29-тарауында қарастырылған тәртіпте қаралатын істердің өзге де санаттары бойынша арыз болған кезде, сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында қарастырылған қамтамасыз ету шарасын қабылдауға құқылы. Аталған қамтамасыз ету шарасы АПК-нің 30-тарауында қарастырылған тәртіпте қаралатын істер бойынша қолданыла алмайды.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Тұлға атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актімен қарастырылған атқарушылық құжатты сот тәртібімен даулаған жағдайда сот АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген қамтамасыз ету шарасын қабылдайды.

      Атап айтқанда, атқарушылық құжаттардың қатарына сот бұйрықтары, атқарушылық парақтары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот қаулылары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті лауазымды тұлғалардың қаулыларын мәжбүрлеп орындату туралы сот қаулылары, өз талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы прокурор қаулылары жатады.

      Сот бұйрығы АПК-нің 141, 142, 143-баптарында белгіленген тәртіп пен мерзімдері бұзыла отырып мәжбүрлеп орындауға жіберілсе, оны атқарушылық құжат ретінде сотта даулауға болады.

      Атқарушылық парақ АПК-нің 241-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, бірақ сот орындаушысы оны мәжбүрлеп орындатуға қабылдаса, оны атқарушылық құжат ретінде сот тәртібімен даулауға болады.

      Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша судья қаулысы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті лауазымды тұлғаның қаулысын мәжбүрлеп орындату туралы судья қаулысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамалық актімен қарастырылған ережелер бұзыла отырып мәжбүрлеп орындатуға жіберілсе, бұл қаулыларды атқарушылық құжат ретінде сот тәртібімен даулауға болады.

      Өз талаптарын мәжбүрлеп орындату туралы прокурор қаулысына атқарушылық құжат ретінде АПК-нің 29-тарауында белгіленген тәртіпте және мерзімдерде шағым беруге болады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19-1. АПК 156-бабының бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру түрінде қамтамасыз ету шарасына қатысты, соттардың соттан тыс сату нысанасы болып табылатын кепіл мүлкіне дау болған жағдайда осы талап қоюды қамтамасыз ету шарасы қолданылуы мүмкін екенін ескергендері жөн.

      Бұл ретте соттар мұндай талап қоюды қамтамасыз ету шарасы сауда-саттықтың қорытындылары шығарылғанға дейін қабылданатынын ескеруі тиіс.

      Ескерту. 19-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19-2. АПК 156-бабының бірінші бөлігінің 8) тармақшасында белгіленген талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар атқарушылық іс жүргізуде жасалатын мүлікті өндіріп алуға байланысты сот орындаушысының актілері мен әрекеттері дауланған жағдайда қабылдануы мүмкін.

      Ескерту. 19-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      20. АПК-нің 156-бабының 2) және 3) тармақшаларында қарастырылған, сот қабылдаған қамтамасыз ету шараларын бұзған кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669 бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл тұлғалар қамтамасыз ету шараларын бұзу арқылы талапкерге келтірілген зиянды талапкердің талап арызы бойынша өтеуге міндетті.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      21. АПК-нің 159-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сот іс бойынша қабылданған қамтамасыз ету шарасын басқа қамтамасыз ету шарасымен ауыстыруға құқылы (мысалы, мүлікке тыйым салуды жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салумен және т.б.).

      Сот осындай арыздарды сот отырысын өткізбестен және хаттама жасамастан қарайды, алайда, арызды қарау орны және уақыты туралы іске қатысушы тұлғаларға хабарланады.

      Арызды қараған кезде талапкер бұрын қабылданған қамтамасыз ету шарасы парапарлық талаптарына сәйкес келмейтіні, ал оның орнына ұсынылып отырған қамтамасыз ету шарасы АПК-нің 155-бабында көрсетілген мақсаттарға сәйкес келетіні туралы сотқа дәләлдемелер ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      22. АПК-нің 159-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, талапкердің қарызды ақшалай өндіріп алу туралы талабы бойынша ғана жауапкер АПК-нің 156-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің депозитіне талап қою бағасына тең соманы енгізуге құқылы.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      23. Сот талап арызды қамтамасыз ету туралы талапкердің өтінішін қанағаттандыра отырып, АПК-нің 162-бабының негізінде тек талапкердің дәлелдерін ғана емес, екі жақтың да мүдделерін ескеріп, ақылға қонымдылық пен әділдікке сүйеніп, қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкерге келетін залалды қамтамасыз етуді талапкерден талап етуге құқылы.

      Егер талапкер қамтамасыз ету шараларын қабылдаудан жауапкерге келетін залалды қамтамасыз етпесе, онда сот қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы талапкердің арызын қанағаттандырусыз қалдыруға құқылы.

      Егер АПК-нің 155-бабында қарастырылған қамтамасыз ету шараларын қабылдауға арналған негіздер болмаса, қарсы қамтамасыз ету шарасы қолданылмайды.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      24. АПК-нің 160-бабының екінші бөлігіне сәйкес, талап (арыз) қанағаттандырылған шешім толық орындалғанға дейін сот қабылдаған қамтамасыз ету шаралары күшінде болады.

      Арыз қанағаттандырылған жағдайда қамтамасыз ету шарасы шешім заңды күшіне енгенге дейін сақталады, содан кейін жауапкердің арызы немесе соттың бастамасы бойынша қамтамасыз ету шараларын бұзу туралы ұйғарым шығарылады.

      Сот қамтамасыз ету шараларынан бас тарту туралы мәселені, оның қаралғаны жөнінде хаттама жазумен және іске қатысушы тұлғаларға хабарлаумен сот отырысында қарайды.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      25. Қамтамасыз ету шаралары рәсімдерінде шығарылған ұйғарымдардың барлық түрлеріне талапкер, жауапкер және олардың өкілдері АПК-нің 429-бабында қарастырылған тәртіппен шағым беруі, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.

      Қабылданған ұйғарымға қатысты істен бөлініп алынған материал талап қоюды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі сот ұйғарымына жасалған жеке шағыммен (прокурордың өтінішхатымен) бірге жіберіледі.

      Қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы сот ұйғарымына жеке шағым беру оның орындалуын тоқтатпайды.

      Сонымен бірге талапты қамтамасыз етуді бұзу туралы сот ұйғарымына немесе қамтамасыз етудің бір түрін екінші түрімен ауыстыру туралы ұйғарымға шағым беру немесе прокурордың өтінішхатын қарау жеке шағым немесе прокурордың өтінішхаты қаралғанға дейін аталған ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.

      Ескерту. 25-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
      26. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2012.12.29 № 6 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      27. Егер сот актісінің орындалуы АПК-нің 448-бабында қарастырылған тәртіппен тоқтатылмаса, атқару құжаты беріле отырып шығарылған сот актісіне кассациялық тәртіппен шағым беру (наразылық келтіру) атқару құжатын мәжбүрлеп орындатуды тоқтату үшін негіз бола алмайды.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      28. Мыналардың:

      1) "Азаматтық істерді соттың қарауына әзірлеу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 21 нормативтік қаулысының 13-тармағының;

      2) "Сот шешiмi туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі N 5 нормативтік қаулысының 29-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      29. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ. Мәми
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы Ж. Бәйішев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады