"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 мамырдағы N 706 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне кол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

       1-бап . Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 15-16, 211-құжат; 1998 ж., N 16, 219-құжат; N 17-18, 225-құжат;, 1999 ж, N 20, 721-құжат; N 21, 774-құжат; 2000 ж., N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53, 54-құжаттар; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар; N 10, 106-құжат; N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 15, 137-құжат; N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 17, 97-құжат;  N 23, 139-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 14, 58-құжат; N 21-22, 87-құжат; 2006 ж., N 2, 19-құжат; N 3, 22-құжат; N 5-6, 31-құжат; N 8, 45-құжат; N 12, 72-құжат; N 15, 92-құжат; 2007 ж., N 1, 2-құжат; N 4, 33-құжат; N 5-6, 40-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 17 (2498), 140-құжат; 2008 ж., N 12, 48-құжат; N 13-14, 58-құжат; N 17-18, 72-құжат; N 23, 114-құжат, N 24, 126-құжат; 2009 жылғы 11 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы ):
      1) 142-бапта:
      бірінші бөлікте:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Адамның жеке өмірі туралы оның өзінің немесе отбасының құпиясын құрайтын мәліметтерді оның келісімінсіз заңсыз жинау, - ";
      екінші абзацта "екі жүзден бес" және "екі айдан бес" деген сөздер тиісінше "төрт жүзден жеті" және "төрт айдан жеті" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші бөлікте:
      бірінші абзацта "нақ сондай зардаптарға әкеп соққан" сөздер алып тасталсын;
      екінші абзацта:
      "бес жүзден сегіз жүз" және "бес айдан сегіз" деген сөздер тиісінше "жеті жүзден бір мың" және "жеті айдан он" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "қамауға" деген сөзден кейін "не заңсыз пайдаланатын арнайы техникалық құралдары тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен толықтырылсын;
      2) 143-бапта:
      бірінші бөліктің екінші абзацында "елуден жүз" және "бір айға" деген сөздер тиісінше "бір жүзден екі жүз" және "бір айдан екі айға" деген сөздермен ауыстырылсын;
      екінші бөліктің екінші абзацында:
      "бес жүзден екі" және "бір айдан үш" деген сөздер тиісінше "бір жүзден үш" және "екі айдан төрт" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "қамауға" деген сөзден кейін "не заңсыз пайдаланатын арнайы техникалық құралдары тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 348-бап мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:
      "1-1. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын орган қызметкерінің жедел-іздестіру материалдарын бұрмалауы, -
      екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.".
      2. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 23, 335-құжат; 1998 ж., N 23, 416-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 6, 141-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 15-16, 239-құжат;  N 17-18, 245-құжат; N 21-22, 281-құжат; 2002 ж., N 4, 32, 33-құжаттар;  N 17, 155-құжат; N 23-24, 192-құжат; 2003 ж., N 18, 142-құжат; 2004 ж., N 5, 22-құжат; N 23, 139-құжат; N 24, 153, 154, 156-құжаттар; 2005 ж., N 13, 53-құжат; N 21-22, 87-құжат; N 24, 123-құжат; 2006 ж., N 2, 19-құжат; N 5-6, 31-құжат; N 12, 72-құжат; 2007 ж., N 1, 2-құжат; N 5-6, 40-құжат; N 10, 69-құжат; N 13, 99-құжат; 2008 ж., N 12, 48-құжат; N 15-16, 62, 63-құжаттар; N 23, 114-құжат; 2009 жылғы 11 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы ):
      1) 33-баптың бірінші бөлігі "140, 142-баптарында" деген сөздер "140-баптарында, 142-бабында (бірінші бөлігінде)" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 34-баптың бірінші бөлігі "139-баптарында" деген сөздерден кейін ", 142-бабында (екінші бөлігінде)" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 237-бапта:
      бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Бейне, дыбыс жазу техникаларын немесе өзге де арнаулы техникалық құралдарды пайдалану арқылы әңгімелесулерін жасырын тыңдау мен жазу сезіктіге, айыпталушыға қатысты ғана ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша іс үшін маңызы бар мәліметтер алынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде прокурор санкция берген тергеуші қаулысының негізінде жүргізіледі.";
      мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:
      "1-1. Сезіктіге, айыпталушыға не басқа адамға қатысты, егер сезікті, айыпталушы осы адамның телефонын немесе өзге де техникалық құрылғысын пайдаланғандығына мәліметтер болса немесе осы адам сезікті, айыпталушы үшін, не сезіктіден, айыпталушыдан ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша басқа адамға беру үшін ақпарат алатындығына мәліметтер болса, телефондар және басқа да сөйлесу құрылғылары арқылы жүргізілетін сөйлесулері жасырын тыңдалуы мен жазылуы мүмкін. Осы арнаулы жедел-іздестіру іс-шаралары тыңдау нәтижесінде іс үшін маңызы бар мәліметтер алынады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде прокурор санкция берген тергеуші қаулысының негізінде жүргізіледі.".
      3. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., N 13-14, 199-құжат; 1995 ж., N 24, 167-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 14, 275-құжат; 1998 ж., N 24, 436-құжат, N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 8, 53-құжат; N 17-18, 245-құжат; 2002 ж., N 4, 32-құжат, N 15, 147-құжат; N 17, 155-құжат; 2004 ж., N 18, 106-құжат; N 23, 142-құжат; N 24, 154-құжат; 2005 ж., N 13, 53-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; 2009 жылғы 11 сәуірде "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2009 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы ):
      1) 5-баптың 5-тармағы мынадай мазмұндағы екінші, үшінші бөліктермен толықтырылсын:
      "Қылмыс жасағаны үшін кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденбеген, сондай-ақ қылмыстық іс қозғалмаған адамдарға қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде алынған материалдар, жедел есепке алудың тиісті ісі тоқтатылған сәттен бастап бір жыл сақталады, содан кейін жойылады. Қылмыстық іс қозғалмаған адамның телефонмен және өзге де сөйлескен сөздерін (сөйлесулерді) тыңдау фонограммалары мен нәтижелері жедел есепке алудың тиісті ісі тоқтатылған сәттен бастап алты айдың ішінде жойылады, бұл туралы хаттама жасалады.
      Прокурордың санкциясы негізінде жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижелерін көрсететін материалдар жойылатын күнге дейін үш ай бұрын бұл туралы тиісті прокурорға хабарланады.
      Қарсы барлау қызметі процесінде алынған арнайы жедел-іздестіру шараларының нәтижелерін сақтау және жою тәртібі мен мерзімдері ведомстволық нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.";
      2) 11-баптың 2-тармағының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "- заңмен қорғалатын жеке өмірі мен тұрғын үйге қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясына, сондай-ақ жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығын қозғамайтын мәліметтер алу үшін арнайы техникалық құралдарды қолдану";
      3) 15-бап алтыншы абзацтағы "пайдалануға" деген сөзден кейін ";" белгісі қойылып, мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      " - азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылықты, өзінің және отбасының құпиясын, ар-ожданы мен қадір-қасиетін қозғайтын және жедел-іздестіру шараларын жүргізу процесінде белгілі болған мәліметтерді заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтардың келісімінсіз жариялауға";
      4) 25-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
      "3-1. Телекоммуникация желілерінде және почта байланыс арналарында арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізу заңдылығының сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады, олар қажет болған жағдайда тәуліктің кез келген уақытында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры мен жедел іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен бұйрықтарында белгіленген тәртіппен көрсетілген байланыс желілері мен арналарында арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізу заңдылығын кедергісіз тексереді.".
      4. "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 14, 81-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 15, 95-құжат; N 24, 148-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 3, 20-құжат; N 19, 148-құжат; 2008 ж., N 20, 89-құжат; N 24, 129-құжат):
      1) 2-бап мынадай мазмұндағы 38-3) тармақшамен толықтырылсын:
      "38-3) байланыс желілеріне рұқсатсыз қол жеткізу - байланыс құралдарына, желілеріне және байланыс құралдары арқылы берілетін ақпаратқа қол жеткізуге құқығы жоқ адамдардың оларға қол жеткізуі.";
      2) 36-бап мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
      "4-1. Байланыс желілеріне рұқсатсыз қол жеткізуге тыйым салынады.".

       2-бап . Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                         Н. Назарбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады