Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 қыркүйектегі N 1472 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдына алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Карпович Божкоға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2009 жылғы 29 қыркүйектегі
N 1472 қаулысымен    
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс,
төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі
      екі халық арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтыла отырып,
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту олардың халқының әл-ауқаты мен ұлттық қауіпсіздігіне ықпал ететінін мойындай отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін төтенше жағдайлардың қандай қауіп төндіретінін ұғына отырып,
      Тараптардың мемлекеттері үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ғылыми-техникалық ақпарат алмасудың пайдасын ескере отырып,
      Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі мен Әзірбайжан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі 2009 жылғы 26 тамызда қол қойған Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы қазақстан-әзірбайжан ынтымақтастығын дамыту жөніндегі кездесудің Хаттамасын назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап Келісімнің мәні

      Осы Келісім Тараптардың азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс мамандарын апат немесе өзге де зілзала жағдайында ерікті және өзара көмек көрсету бойынша оқыту саласындағы өзара іс-қимылын айқындайды.

2-бап Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер

      Осы Келісімде пайдаланылатын терминдердің мынадай мағыналары бар:
      Көмек сұраушы тарап - екінші Тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы сұрау салатын Тарап;
      Көмек беруші тарап - Көмек сұраушы тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын жіберу туралы сұрауын қанағаттандыратын Тарап;
      көмек көрсету жөніндегі топ - көмек көрсетуге арналған, қажетті жарақпен қамтамасыз етілген мамандар тобы (оның ішінде әскери персонал);
      төтенше жағдай - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған табиғи ортаға және шаруашылық жүргізу объектілеріне залал келтіруге, қомақты материалдық шығындарға және адамдардың тіршілік жағдайының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан авария, апат, дүлей немесе өзге зілзала нәтижесінде белгілі бір аумақта туындаған жағдай;
      төтенше жағдайлардың алдын алу - алдын ала жүргізілетін және төтенше жағдайлардың туындау қаупін барынша азайту мүмкіндігіне, мұндай жағдайлар туындаған жағдайда адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға, қоршаған табиғи ортаға келтірілетін залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шаралар кешені;
      төтенше жағдайды жою — төтенше жағдайлар туындаған кезде жүргізілетін және адамдардың өмірін құтқаруға және денсаулығын сақтауға, залал мен материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға, сондай-ақ төтенше жағдай аймағын оқшаулауға бағытталған құтқару, авариялық-қалпына келтіру және басқа да шұғыл жұмыстар;
      төтенше жағдай аймағы - төтенше жағдай орын алған аумақ;
      жарақ - көмек көрсету жөніндегі топтың материалдары, техникалық және көлік құралдары, керек-жарақтары және топ мүшелерінің жеке керек-жарақтары;
      қамтамасыз ету материалдары - төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен халықтың арасында тегін бөлуге арналған материалдық құралдар.

3-бап Құзыретті органдар

      Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мынадай құзыретті органдарды тағайындайды:
      Қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі;
      Әзірбайжандық тараптан - Әзірбайжан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі.
      Тараптар өздерінің құзыретті органдарының атауларындағы өзгерістер туралы және олардың функцияларының басқа органдарға берілгені туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

4-бап Бірлескен комиссия

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық жөнінде бірлескен комиссия (бұдан әрі - комиссия) құрады.
      2. Комиссияның құрамын, жұмыс тәртібін және міндеттерін Тараптардың құзыретті органдары айқындайды.

5-бап Ынтымақтастық нысандары

      Осы Келісімге сәйкес барлық қызмет Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады және Тараптардың әрқайсысының қажетті қаражатының болуымен негізделеді. Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
      төтенше жағдайларды болжау, алдын алу туралы және бағалау туралы ақпарат алмасу;
      халықты төтенше жағдайларда іс-әрекет жасауға, оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша дайындауды ұйымдастыруда тәжірибе алмасу;
      төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
      өнеркәсіптік авариялардың немесе табиғи сипаттағы апаттардың нәтижесінде ықтимал ластануға байланысты қоршаған табиғи орта мен халыққа төнетін қатерді бағалау;
      ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жоспарлау, әзірлеу және жүзеге асыру, ғылыми-техникалық әдебиетпен және зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен, ғылыми-әдістемелік материалдармен, оның ішінде кадр жұмысында алмасу;
      ақпаратпен, мерзімді басылымдармен, әдістемелік әдебиетпен, бейне және фотоматериалдармен алмасу;
      бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқу және жаттығулар ұйымдастыру;
      бірлескен жарияланымдар мен баяндамалар дайындау;
      азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру және оларды тағылымдамадан өткізу;
      көмек көрсету жөніндегі топтар пайдаланатын жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын бағалау;
      төтенше жағдайларды жою кезінде өзара көмек көрсету;
      Тараптардың құзыретті органдарының өзара келісімі бойынша ынтымақтастықтың басқа да кез келген нысандары.

6-бап Ұйымдар мен мекемелер арасындағы ынтымақтастық

      Тараптар азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, өзге де ұйымдар, Тараптар мемлекеттерінің жеке тұлғалары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

7-бап Тараптардың өкілдерін қабылдау шарттары

      Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, комиссияның төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге тікелей байланысы жоқ жұмысқа қатысуы кезінде жіберуші Тарап өз өкілдерінің жол жүру, тұру және тамақтану жөніндегі шығыстарын көтереді, ал қабылдаушы Тарап бірлескен конференциялар, семинарлар, жұмыс кеңестерін, оқулар мен жаттығулар ұйымдастыру жөніндегі, сондай-ақ өз мемлекетінің аумағында жіберуші Тарап өкілдерінің жүріп-тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.

8-бап Көмек көрсету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмекті Тараптар дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу негізінде көрсетеді. Уақыт тығыз болған жағдайда мұндай сұрау ауызша жүзеге асырылады және кейіннен барынша қысқа мерзімдерде жазбаша расталуға жатады.
      2. Сұрауда төтенше жағдайдың сипаты туралы, қажетті көмектің түрлері мен көлемі туралы барлық ақпарат қамтылуы тиіс.
      3. Жою кезінде көмек көрсету жөніндегі топтарды, жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын жіберу жолымен не сұралған өзге де нысанда көрсетіледі.
      4. Сұрау алған Тараптың сұрауды орындаудан бас тартуға құқығы бар.
      5. Сұрау алған Тарап оны барынша қысқа мерзімдерде қарайды және Көмек сұраушы тарапқа көмек көрсету жөніндегі топтың құрамын, сарапшылардың мамандықтарын көрсете отырып, көмек көрсетудің мүмкіндігі, нысаны туралы, көлемі, шарттары туралы және әкелінетін жарақ пен қамтамасыз ету материалдары туралы хабарлайды. Сондай-ақ төтенше жағдай аймағына бару үшін пайдаланылатын көлік түрі және мемлекеттік шекарадан ету жоспарланатын пункт көрсетіледі.

9-бап Көмек көрсету шарттары

      1. Көмек сұраушы тарап Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының тұруы жөніндегі шығыстарды көтереді.
      2. Көмек сұраушы тарап осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайда тамақтандыру жөніндегі шығыстарды көтереді.
      3. Көмек сұраушы тарап көмек көрсету жөніндегі топтар мүшелерінің сақтандыру полистері негізінде Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде топтарға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
      4. Көмек сұраушы тарап кез келген сәтте өзіне көмек көрсету туралы сұрауын қайтарып ала алады. Мұндай жағдайда Көмек сұраушы тарап атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы есеп негізінде Көмек беруші тарап шеккен шығыстарды өтейді. Шығыстарды Көмек сұраушы тарап көмек көрсету туралы сұрауды кері қайтарып алған сәттен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өтеуі тиіс.
      5. Көмек беруші тарап көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелерін сақтандыруды қамтамасыз етеді. Сақтандыруды ресімдеу жөніндегі шығыстар көмек көрсету жөніндегі жалпы шығыстарға қосылады.
      6. Көмек сұраушы тарап Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының жетекшілерін төтенше жағдай аймағында қалыптасқан және нақты жұмыс учаскелеріндегі жағдай туралы хабардар етеді, қажет болған жағдайда бұл топтарды аудармашылармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етеді, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, олардың іс-қимылын үйлестіруді жүзеге асырады.
      7. Көмек көрсету жөніндегі топтарды жарақтандыру төтенше жағдай аймағында 3 тәулік бойы автономды іс-қимыл жүргізу үшін жеткілікті болуы тиіс. Жарақтандыру қорлары біткеннен кейін Көмек сұраушы тарап көрсетілген топтарды олардың одан әрі жұмыс істеуі үшін қажетті құралдармен қамтамасыз етеді.

10-бап Көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды басқару

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтарға басшылықты осы топтардың жетекшілері арқылы Көмек сұраушы тараптың құзыретті органы жүзеге асырады.
      2. Көмек сұраушы тарап белгілеген міндеттерді орындау үшін Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтары өз жетекшілерінің айрықша басшылығында қалады.
      3. Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Көмек сұраушы тарап белгілеген төтенше жағдайлар аймағындағы жұмыстарды орындау үшін барлық жерге кіре алады.

11-бап Мемлекеттік шекарадан өту шарттары және
Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағында болу режимі

      1. Көмек көрсету жөніндегі топтардың барынша тез жетуі үшін әрбір Тарап мемлекеттік шекарадан өту шарттарын оңайлатады.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері Көмек сұраушы тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасынан өздерінің жеке басын куәландыратын құжаттары бойынша халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы өтеді. Топ жетекшісінде көмек көрсету жөніндегі топ мүшелерінің тізімі және Көмек беруші тараптың құзыретті органы берген, оның өкілеттігін растайтын құжат болуы тиіс.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшелері Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта сол мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті. Бұл ретте олар Көмек беруші тарап мемлекетінің еңбек заңнамасының және оған байланысты мәселелер саласындағы заңды құзырында болады. Көмек көрсету жөніндегі топтардың құрамына кіретін әскери персоналға Көмек беруші тарап мемлекетінің әскери қызметші мәртебесін реттейтін заңнамасының еңбек құқықтық қатынастары мен әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер бөлігіндегі қолданысы таралады.
      4. Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағындағы төтенше жағдайларды жою кезінде өздерінің бір үлгідегі киімдерін киюге құқылы.
      5. Көмек көрсету жөніндегі топтарды алып жүру, олардың жарақтарын және қамтамасыз ету материалдарын тасымалдау автомобиль, темір жол, су немесе әуе көлігімен жүзеге асырылады. Көмек көрсету үшін көліктің көрсетілген түрлерін пайдалану тәртібін тиісті мемлекеттік органдармен келісім бойынша құзыретті органдар айқындайды.
      6. Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топтарының мүшелері Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағына қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды әкеле алмайды.

12-бап Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге арналған жарақ
пен қамтамасыз ету материалдарын әкелу және әкету

      1. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсету үшін Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағына әкелінетін және Көмек беруші тарап мемлекетінің аумағынан әкетілетін жарақ пен қамтамасыз ету материалдары кедендік баждардан, алымдардан және салықтардан босатылады. Жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын кедендік ресімдеу құзыретті орган беретін хабарламалар негізінде басымды тәртіппен жүргізіледі.
      2. Көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісінде Көмек беруші тараптың құзыретті органдары берген әкелінетін жарақ пен материалдардың тізбесі болуы міндетті.
      3. Көмек көрсету жөніндегі топтарға жарақ пен қамтамасыз ету материалдарынан басқа, қандай да бір заттарды әкелуге тыйым салынады.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін әкелінген жарақ Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағынан әкетілуге жатады. Егер айрықша мән-жайларға байланысты жарақты әкету мүмкін болмаса, ол келісілген шарттармен Көмек сұраушы тараптың құзыретті органына көмек ретінде өтеусіз берілуі мүмкін. Бұл жағдайда берілетін жарақтың түрлерін, санын және орналасқан жерін көрсете отырып, Көмек сұраушы тараптың кеден органдарына хабарлау қажет.
      5. Көмек көрсету жөніндегі медициналық топ өздерінің жарағымен және қамтамасыз ету материалдарымен келеді. Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету қажет болған кезде Көмек сұраушы тарап мемлекетінің аумағына құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың қажетті саны әкелінуі мүмкін. Бұл жағдайда көмек көрсету жөніндегі топтың жетекшісі Көмек беруші және Көмек сұраушы тараптардың кеден органдарына олардың номенклатурасы мен санын көрсете отырып, құрамында есірткі және психотроптық заттар бар медициналық препараттардың болуы туралы декларация ұсынады.
      6. Көрсетілген медициналық препараттарды Көмек сұраушы тарап мемлекетінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес білікті медициналық персонал ғана пайдаланады және Көмек сұраушы тарапқа беруге жатпайды. Көмек сұраушы тараптың препараттардың пайдаланылуына олар қолданылған жерде тексеру жүргізуге құқығы бар.
      7. Құрамында есірткі және психотроптық заттар бар қолданылмаған медициналық препараттар Көмек сұраушы тараптың кедендік бақылауымен әкетілуге жатады.

13-бап Әуе кемелерін пайдалану

      1. Көмек беруші тараптың құзыретті органы Көмек сұраушы тараптың құзыретті органына көмек көрсету үшін әуе кемелерін пайдалану ниеті туралы хабарлайды. Көмек сұраушы тарап әуе кемелерін пайдалануға келісім берген жағдайда, Көмек беруші тарап әуе кемелерінің тиесілілігін, пайдаланылу мақсатын, дәл үлгісі мен тану белгілерін, бағытын, экипаж мүшелерінің санын, жүктің сипатын, әуе кемелерінің ұшу және қону орны мен уақытын көрсетуі тиіс.
      2. Көмек сұраушы тарап әуе кемелерінің өз мемлекетінің аумағындағы белгілі бір пунктке ұшуына рұқсат береді.
      3. Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің әуе қозғалысына қатысты заңнамасы, атап айтқанда әуе қатынасына жауапты органдарға ұшу туралы ақпарат беру кезінде қолданылады. Ұшу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы және Тараптардың мемлекеттері белгілеген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

14-бап Жұмыстардың аяқталуы

      1. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін Көмек сұраушы тарап Көмек беруші тарапқа берілген жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын қайтарған кезде Көмек сұраушы тарап Көмек беруші тараптың жарақ пен қамтамасыз ету материалдарына жауапты адамын және Көмек беруші тараптың құзыретті органдарын хабардар етеді.
      2. Жарақ пен қамтамасыз ету материалдарын бөлу тоқтатылған жағдайда, Көмек беруші тарап Көмек сұраушы тарапты тиісті түрде жазбаша хабардар етеді. Көмек сұраушы тарап өз кезегінде, алынған ақпаратты Көмек сұраушы тараптың жарақ пен қамтамасыз ету материалдарына жауапты адамына хабарлайды.
      3. Көмек беруші тараптың жұмыстарды аяқтау туралы шешімі дереу күшіне енеді және дауласуға жатпайды.
      4. Көмек көрсету жөніндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін Көмек беруші тараптың құзыретті органы Көмек сұраушы тараптың құзыретті органына жүргізілген жұмыстар туралы жазбаша баяндама жібереді. Көмек сұраушы тараптың құзыретті органы Көмек беруші тараптың құзыретті органына оқиға туралы қорытынды баяндама жібереді, онда ең алдымен өнеркәсіптік аварияның, апаттың немесе дүлей зілзаланың сипаттамасы, алынған көмек түрі мен көлемі, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қамтылады.

15-бап Шығыстарды өтеу

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Көмек сұраушы тарап Көмек беруші тарапқа көмек көрсетуге байланысты шығыстарды өтейді.
      2. Көмек беруші тарап ұшып өткені, әуеайлақта қонғаны, тұрақтағаны және одан әуе кемелерінің көтеріліп ұшқаны үшін ақы төлеуден, сондай-ақ аэронавигациялық қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады.
      3. Көмек сұраушы тарап әуе кемелерінің отынына жұмсалған шығыстарды өтейді.

16-бап Залалды өтеу

      1. Көмек сұраушы тарап көмек көрсету жөніндегі топ мүшелері қаза болған немесе жарақат алған жағдайда, егер мұндай залал көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау барысында келтірілсе, өтемақы бойынша шығыстарды өзіне алады. Өтемақы осы топ мүшесіне не оның тікелей мұрагерлеріне жәрдемақы түрінде төленеді. Өтемақының мөлшері көмек беруші тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады.
      2. Төтенше жағдайларды жою кезінде көмек көрсетуге байланысты міндеттерді орындау кезінде көмек көрсету жөніндегі топтар көмек көрсету жөніндегі топтардың мүшесі болып табылмайтын үшінші тұлғаға залал келтірген жағдайда, көмек сұраушы тарап оған залалды өтейді. Залал көмек сұраушы тарап мемлекеті заңнамасының өз күштерімен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезінде залал келтірілген жағдайда қолданылатын ережелеріне сәйкес өтеледі.
      3. Тараптардың құзыретті органдары орындау кезінде осы бапта ескерілген залал келтірілген жұмыстарға қатысты барлық қажетті ақпаратпен алмасады.
      4. Көмек беруші тараптың көмек көрсету жөніндегі топ мүшесінің қасақана немесе өрескел ұқыпсыздықпен келтірген зияны Көмек беруші тараптың өтеуіне жатады.
      5. Тараптардың залалды өтеу шарттары мен тәртібі Тараптар мемлекеттерінің тиісті органдары мен мекемелері арасында жасалатын зиянды өтеу туралы шарттарымен қосымша реттелуі тиіс.

17-бап Ынтымақтастықты қаржыландыру

      Осы Келісім шеңберінде ынтымақтастық және көмек көрсету Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

18-бап Ақпаратты пайдалану

      Тараптар мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес жариялауға жатпайтын ақпаратты қоспағанда, осы Келісімнің шеңберінде жүргізілетін қызметтің нәтижесінде алынған ақпарат жарияланады және Тараптардың әрқайсысының әдеттегі практикасы мен нұсқамаларының негізінде пайдаланылады.

19-бап Басқа міндеттемелер мен халықаралық келісімдер

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың мемлекетінің құқықтары мен міндетемелерін қозғамайды.

20-бап Дауларды шешу

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер және консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

21-бап Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім бір Тарап дипломатиялық арналар арқылы екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі, осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделеді.
      4. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оған сәйкес жүзеге асырылатын, басталған, бірақ оның қолданылуы тоқтатылған күнге дейін аяқталмаған қызметті қозғамайтын болады.
      200__ жылғы "______" ______________ _____________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының          Әзірбайжан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады