Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 желтоқсандағы N 1994 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2009 жылғы 7 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының
Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін
визалық талаптардан босату туралы келісім

(2010 жылғы 24 ақпанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі елдер арасындағы достық қатынастарды нығайтуға және өзара ынтымақтастықты дамытуға тілек білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Жарамды дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда алғашқы келген күнінен бастап есептегенде 6 ай ішінде 90 күнге дейін бола алады.

2-бап

      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдігіне жұмысқа тағайындалған, жарамды дипломаттық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары және олардың отбасы мүшелері баратын мемлекеттің аумағына визасыз келе алады, кете алады, транзитпен өте алады және онда алғашқы келген күнінен бастап есептегенде 6 ай ішінде 90 күнге дейін бола алады.

3-бап

      Осы Келісімге сәйкес визалық талаптардан босату 2-бапта көрсетілген тұлғаларды қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының 10-бабына сәйкес және 1963 жылғы 23 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 11-бабына сәйкес қабылдаушы Тарап мемлекетінде аккредиттелу талабынан босатпайды.

4-бап

      Осы Келісімге сәйкес визалық талаптардан босату 1-бапта көрсетілген тұлғаларды қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтау міндетінен босатпайды.
      2-бапта көрсетілген тұлғалар қабылдаушы Тарап мемлекетінің заңнамасын құрметтеуге міндетті.

5-бап

      Осы Келісімге сәйкес екі Тарап мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің аумағында болуы қолайсыз деп танылған тұлғалардың келуінен немесе болуынан бас тарту құқығын өздерінде сақтайды.

6-бап

      Тараптар қауіпсіздікті, денсаулықты немесе қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осы Келісімнің қолданысын толық немесе ішінара тоқтата тұруы мүмкін.
      Тарап мұндай шараларды қабылдағаны және оларды алып тастағаны туралы екінші Тарапты осындай шешім қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде 2 (екі) күн бұрын дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

7-бап

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін кемінде 30 күн бұрын Тараптар дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломаттық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
      Тараптар дипломаттық паспорттарға қатысты өзгерістер туралы көрсетілген өзгерістер қолданысқа енгізілгенге дейін 30 күннен кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді, сондай-ақ жаңа паспорттардың үлгілерімен алмасады.

8-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар оның ажырамас бөліп болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді және осы баптың бірінші абзацына сәйкес күшіне енеді.

9-бап

      Осы Келісімнің қолданысын Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы хабардар ету жолымен хабарлама алынған күнінен бастап тоқсан (90) күн өткен соң тоқтата алады.
      2009 жылғы "__" _____________ Астана қаласында бірдей күші бар әрқайсысы қазақ, эстон және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасының            Эстония Республикасының
      Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады