"Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 ақпандағы № 111 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы
органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау
жүйесі туралы

      Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі бекітілсін.
      2. Қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін мынадай мемлекеттік органдар белгіленсін:
      1) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, орталық атқарушы органдар, өзге де мемлекеттік органдар;
      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары.
      3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу 2011 жылдан басталсын.
      2010 жылы пилоттық орталық мемлекеттік органдар және облыстың жергілікті атқарушы органы қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілсін.
      4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бір ай мерзімде 2010 жылы бағалауға жататын екі пилоттық орталық мемлекеттік органнан және бір облыстың жергілікті атқарушы органынан тұратын тізбені бекітсін.
      5. Осы Жарлық бекітілгеннен кейін үш ай мерзімде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша:
      тиісті бағыттар бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға жауапты мемлекеттік органдар тиісті бағыт бойынша бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының нысанын және оны жүргізу әдістемесін;
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының нысанын әзірлесін және бекітсін.
      6. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі:
      1) 2010 жылғы 1 желтоқсанға дейін орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу кестесін бекітсін;
      2) кестеге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізілетін жылдың алдындағы жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмей жүзеге асырсын.
      7. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізуді облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі осы Жарлыққа ұқсас бекітетін тәртіппен ұйымдастырсын.
      8. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы № 273 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 1, 5-құжат; 2008 ж., № 2, 22-құжат; 2009 ж., № 35, 330-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында:
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесін әзірлеу
      іске асыру мерзімі - 2007 жыл,
      жауапты орындаушы - Қазақстан Республикасының Үкіметі.».
      9. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      10. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2010 жылғы «__» _______
№ ____ Жарлығына   
ҚОСЫМША       

Қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін Қазақстан
Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп
беретін мемлекеттік органдар, орталық атқарушы органдар
мен өзге де мемлекеттік органдар

      1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
      2. Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі
      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
      4. Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы)
      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі
      6. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі
      7. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы
      8. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі
      9. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
      10. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
      11. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі
      12. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
      13. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
      14. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
      15. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
      16. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі
      17. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі
      18. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі
      19. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі.
      20. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі
      21. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі
      22. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі
      23. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
      24. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
      25. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі
      26. Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі
      27. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі
      28. Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі
      29. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі
      30. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау агенттігі (Монополияға қарсы агенттік)
      31. Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі.

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы «__» _______
№ ____ Жарлығымен  
бекітілген     

Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар
қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі (бұдан әрі - Жүйе) орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) қызметінің тиімділігін айқындау мақсатында әзірленді.
      2. Жүйе мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі ережелерін, принциптерін, бағыттарын, өлшемдерін, органдар жүйесін, жүргізу тәртібі мен нәтижелерін белгілейді.
      3. Мемлекеттік органның жүктелген функциялар мен міндеттерді іске асыруы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың мәні болып табылады.
      4. Мемлекеттік органның елдің, саланың/аяның/өңірдің даму параметрлеріне, мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру жүйесіне әсер ету дәрежесін айқындау мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты болып табылады.
      5. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау үшін:
      1) мемлекеттік органдардың есепті кезеңде жүргізген қызметі туралы есептері;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары жүргізген тексерулер нәтижелері;
      3) статистикалық деректер;
      4) Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларын орындауды бақылау нәтижелері;
      5) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындауды бақылау нәтижелері;
      6) тиісті мемлекеттік органдар жүргізген бақылау мен қадағалау нәтижелері;
      7) тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары;
      8) сауалнамалар мен әлеуметтанушылық сауалдардың нәтижелері;
      9) үкіметтік емес ұйымдардың (қоғамдық бірлестіктердің) ақпараты ақпарат көздері болып табылады.
      6. Орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін бағалауды осы Жүйенің 15-тармағында айқындалған мемлекеттік органдар қызметінің бағыттары бойынша бағалау жүргізуге уәкілетті органдар жүргізеді.
      7. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жыл сайын кестеге сәйкес есепті жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.
      8. Бағалау жүргізу кестесі:
      бағалау жүргізетін жылдың айларына (тоқсандарына) бөле отырып, бағалауға жататын орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының тізбесін;
      бағалау жүргізуге уәкілетті органдардың тиісті бағыттар бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсыну мерзімдерін;
      мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну мерзімдерін;
      Сараптамалық комиссияның мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысының негізінде қалыптастырылған сараптамалық қорытындыны Қазақстан Республикасының Президентіне енгізу мерзімдерін қамтиды.
      9. Бағалау жүргізу кестесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзірлейді және бекітеді.

2. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау
принциптері

      10. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау принциптері:
      1) объективтілік принципі - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;
      2) анықтық принципі - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;
      3) ашықтық принципі - мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін жазудың айқындығы;
      4) жариялылық принципі - құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның қорғалуын қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялау болып табылады.

3. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау
органдарының жүйесі

      11. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау органдарының жүйесін мыналар құрайды:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі;
      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі;
      3) Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;
      4) Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган;
      5) Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган;
      6) Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган.
      12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган орталық мемлекеттік, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жалпы бағалауды осы Жүйенің 15-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалауға жауапты мемлекеттік органдар беретін қорытындылар негізінде дайындайды.
      13. Сараптамалық комиссия:
      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының шешімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің лауазымды тұлғалары қатарынан құрылады;
      Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды қалыптастырады.
      14. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

4. Мемлекеттік органдар қызметі тиімділігінің бағыттары,
өлшемдері, көрсеткіштері

      15. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мемлекеттік органдар қызметінің мынадай бағыттары бойынша жүзеге асырылады:
      1) жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау;
      3) бюджеттік бағдарламаларды бюджетті атқару кезінде іске асыру;
      4) мемлекеттік қызметтер көрсету;
      5) мемлекеттік органның персоналын басқару;
      6) ақпараттық технологияларды қолдану.
      16. Жүйенің 15-тармағында көрсетілген әрбір бағытқа өзінің тиімділік өлшемдері сәйкес келеді.
      17. Тиімділіктің әрбір өлшемі бойынша тиімділік көрсеткіштері айқындалады.
      18. Тиімділік көрсеткіштері мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      объективтілік: функциялардың жалаң түрде орындалуы есептіліктің жақсаруына және істің нақты жағдайын нашарлатуға алып келетін жағдайда көрсеткіштер мемлекеттік органның қызметін бұрмалауға алып келмеуі тиіс;
      анықтық: бастапқы ақпаратты жинау және өңдеу тәсілі қажет болған жағдайда алынған деректердің дәлдігін тексеру мүмкіндігіне жол беруі тиіс;
      ашықтық: артық ауыр көрсеткіштерге жол бермеу, көрсеткішті айқындау бағалаушы да және бағаланушы да мемлекеттік органның оны бірдей түсіндіруін қамтамасыз етуі тиіс;
      үнемділік: қажетті деректерді алу мүмкіндігінше ең аз шығындармен жүргізілуі тиіс, қолданылатын көрсеткіштер жоғары деңгейде ақпарат жинаудың қолданыстағы жүйелеріне негізделуі тиіс;
      салыстырмалылық: көрсеткіштерді таңдау деректерді үзіліссіз жинақтау және олардың жекелеген кезеңдегі салыстырмалылығын және ұқсас (сабақтас) міндеттерді шешуде прогресті бағалау үшін пайдаланылатын көрсеткіштермен, сондай-ақ халықаралық практикада қолданылатын көрсеткіштермен бірге қамтамасыз ету қажеттігіне негізделіп жүзеге асырған жөн;
      толықтығы: көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін сипаттауы тиіс, жекелеген функциялардың мәнін бұрмалауға алып келмеуі тиіс.
      19. Тиімділік көрсеткіштері ретінде түрлі халықаралық салыстыруларда қолданылатын көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.

4.1. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі
стратегиялық мақсаттарға және міндеттерге қол
жеткізуді бағалау

      20. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілік ететін саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі қызметінің нәтижелілігіне және тиімділігіне қол жеткізу дәрежесін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      21. Орталық мемлекеттік органдар қызметінің жетекшілік ететін саладағы/аядағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында белгіленген, жетекшілік ететін саланы/аяны дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттер негізінде жүзеге асырылады.
      22. Жетекшілік ететін өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту бағдарламасында белгіленген, облыстарды, республикалық маңызы бар қаланы, астананы дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттер негізінде жүзеге асырылады.
      23. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау өлшемдері:
      1) стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, оларды жазудың айқындылығы мен анықтығы болып табылады.
      Осы өлшем шеңберінде жазылған стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің анықтылығы мен дұрыстығы, нысаналы индикаторларды және нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, стратегиялық жоспар/аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттарының жоғары тұрған құжаттарға, стратегиялық жоспардың/аумақты дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларының жоғары тұрған құжаттарда белгіленген (жетекшілік ететін сала/ая/өңір бойынша) индикаторларға, стратегиялық жоспар/аумақты дамыту бағдарламасы мақсаттары мен міндеттерінің мемлекеттік органның белгіленген функцияларына сәйкестігі бағаланады;
      2) тікелей нәтижелерге қол жеткізу.
      Осы өлшем шеңберінде тікелей нәтижелерге қол жеткізу дәрежесі, жоспарланған іс-шаралардың орындалу деңгейі, орындалмаған іс-шаралардың стратегиялық жоспарды/аумақты дамыту бағдарламасын одан әрі іске асыруға әсер ету дәрежесі, өткен кезеңмен салыстырғанда қол жеткізілген нәтижелер серпініндегі прогресс бағаланады;
      3) жетекшілік ететін саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу.
      Осы өлшем шеңберінде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне (аралық және түпкілікті) қол жеткізу дәрежесі, олардың стратегиялық жоспардың/аумақты дамыту бағдарламасының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі, шешуіне стратегиялық жоспар/аумақты дамыту бағдарламасы бағытталған міндеттер мен проблемалардың шешілу деңгейі бағаланады;
      4) стратегиялық жоспардың/аумақты дамыту бағдарламасының іске асырылуы барысының қоғамға қолжетімділігі (ақпараттық хабардар болуы);
      5) мемлекеттік функцияларды іске асырудың толықтығы.
      Осы өлшем шеңберінде жетекшілік ететін саланы/аяны/өңірді дамыту жөніндегі мемлекеттік органға жүктелген барлық мемлекеттік функцияларды қызметтің қамту дәрежесі (есепті жылы) бағаланады. Толықтық дәрежесі тиісті іс-шаралардың, мемлекеттік функциялардың тетіктері мен іске асырылу сапасының болуына негізделіп бағаланады.
      24. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың жетекшілік ететін саласындағы/қызмет аясындағы, жергілікті атқарушы органдардың жетекшілік ететін өңіріндегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қызметінің жетекшілік ететін саласындағы/қызмет аясындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды қоспағанда, осы мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      25. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қызметінің жетекшілік ететін саласындағы/қызмет аясындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      26. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдар қызметінің жетекшілік ететін саласындағы/қызмет аясындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      27. Жетекшілік ететін саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.2. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан
Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан
Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан
Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының
актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау

      28. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау (бұдан әрі - актілер мен тапсырмаларды орындау сапасын бағалау) олардың орындалу нәтижелілігі мен тиімділігі деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      29. Мыналар мемлекеттік органдардың актілер мен тапсырмаларды орындау сапасын бақылау өлшемдері болып табылады:
      1) орындаудың толықтығы актілер мен тапсырмалардың белгіленген мерзімде толыққанды іске асырылуын көздейді және өткізілген іс-шаралардың тапсырмада немесе актіде соңғы орындаушыға қойылған міндеттерге сәйкестігі деңгейін көрсетеді. Толықтық дәрежесі Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің/Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сараптамалық қорытындысының негізінде бағаланады;
      2) орындалу уақтылығы ол іс-шаралардың белгіленген мерзімде орындалуын және орындау мерзімін мемлекеттік органның, орындаушының бастамасымен екі және одан да көп ұзартулардың болмауын көздейді.
      30. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      31. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      33. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының актілері мен тапсырмаларын орындау сапасын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

4.3. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде
іске асырылуын бағалау

      34. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалау мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында тиісті бағыттар, мақсаттар және міндеттер бойынша көзделген бюджет қаражатын пайдаланудың нәтижелілігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      35. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалау үшін тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштерінің орындалуы, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларда көзделген тиімділік көрсеткіші болған кезде пайдаланылады. Бұл көрсеткіштерді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ұсынады.
      36. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалау өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) тікелей және түпкілікті нәтиже көрсеткіші.
      Тікелей нәтижеге қол жеткізуді бағалау кезінде бюджет қаражатының уақтылы пайдаланылуына және қаржы жылы ішінде бюджеттік бағдарламалар іс-шараларының орындалуына талдау жүргізіледі, сондай-ақ нәтижелер көрсеткіштерін екі қаржы жылының өткен нәтижелерімен салыстырмалы талдау жүргізіледі. Тікелей нәтиже көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органның бюджет қаражатын пайдаланудың атаулылығы мен нысаналы сипаты, Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы тұрғысынан жүргізілген бақылау материалдары пайдаланылады;
      Түпкілікті нәтиженің көрсеткіштері қол жеткізілген тікелей нәтиженің бюджеттік бағдарламаның және мемлекеттік жетекшілік ететін саланың (аяның) мақсатына қол жеткізуге әсерінің деңгейін (дәрежесін) көздейді;
      2) тиімділік көрсеткіші.
      Бұл көрсеткіш бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып, ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізуді немесе бюджет қаражатының ең төменгі көлемін пайдаланып, тікелей нәтижеге қол жеткізуді көрсетеді.
      Осы көрсеткішті бағалау шеңберінде бюджет қаражатының игерілу дәрежесі, бюджет қаражатын үнемдеу деңгейі (шығыстардың жалпы көлеміне қарағанда бюджет қаражатын үнемдеу көлемі) айқындалады, тауарлардың (жұмыстардың, қызметтер көрсетудің) бір бірлігіне нақты шығыстардың көлемі жоспарланған шығыстармен салыстырылады, нақты жүргізілген шығындардың жоспарланған шығындардан ауытқу деңгейі айқындалады.
      37. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалауды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның бюджетін атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды қоспағанда, осы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      38. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджетін атқару кезінде бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      39. Бюджеттік бағдарламалардың бюджетті атқару кезінде іске асырылуын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.4. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау

      40. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға қолжетімді және сапалы мемлекеттік қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      41. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) сапа.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде тұтынушылардың тұтастай алғанда қызметтер ұсыну үдерісінің сапасына қанағаттану дәрежесі, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына сәйкес оның нәтижелерінің дәлдігі мен дұрыстығы айқындалады;
      2) уақтылығы.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде тұтынушының өтініш берген сәтінен бастап қызметті алуға жұмсалатын уақытының мемлекеттік қызмет стандартында белгіленген қызмет көрсету мерзімдеріне сәйкестігі айқындалады;
      3) қызмет көрсетулердің қолжетімділігі.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде қызмет көрсету процесінің ұтымдылығы мен қарапайымдылығының, қызмет көрсетудің тәртібі мен рәсімін түсіндіретін ақпараттың айқындығы мен сапасының деңгейі айқындалады. Қолжетімділік қызмет көрсету процесін реттейтін құжаттардың сапасымен және ақпараттандырудың қолданыстағы жүйесінің тиімділігімен, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін жағдай жасаумен айқындалады;
      4) шағымдану процесі.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде шағымдарды қарау мен қанағаттандыру процесінің тиімділігі мен жеделдігі, тұтынушылардың шағымдарды қараудың қолданыстағы тәртібі мен мерзіміне қанағаттану деңгейі айқындалады;
      5) әдептілік.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде тұтынушылардың қызмет көрсету процесінде персоналдың қарым-қатынасына, қиындықтар туындаған кезде тиімді көмек көрсетуге дайындығына қанағаттану дәрежесі айқындалады;
      6) мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде электронды форматқа ауыстырылған мемлекеттік қызметтер көрсетудің саны, электронды қызметтерді көрсету тәртібі мен рәсімін түсіндіретін ақпараттың сапасы, сондай-ақ осы қызметтерді пайдаланушылардың саны айқындалады.
      Мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету өлшемін бағалауды осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету өлшемін бағалауды қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік қызметтерді электронды форматта корсету өлшемін бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      Мемлекеттік қызметтерді электронды форматта корсету өлшемі бойынша бағалау нәтижелері туралы қорытынды мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау кезінде пайдалану үшін мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағалау жүргізуге уәкілетті органдарға енгізіледі.
      42. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау:
      1) қаржы қаражаты бөлінгеннен кейін сауалдар жүргізу жолымен;
      2) мемлекеттік қызметтің көрсеткіштерін талдау жолымен жүзеге асырылады.
      Сауал жүргізу үшін тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар (қоғамдық бірлестіктер) тартылуы мүмкін.
      43. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту шамасы бойынша жүзеге асырылады.
      44. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес мемлекеттік орган көрсететін қызметтердің әрбір түрі бойынша жүзеге асырылады.
      45. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалауды, осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсетуін бағалауды қоспағанда, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      46. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган көрсететін мемлекеттік қызметтерді бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      47. Мемлекеттік қызметтер көрсетуді бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

4.5. Мемлекеттік орган персоналын басқаруды бағалау

      48. Мемлекеттік орган персоналын басқаруды бағалау мемлекеттік органда персоналды басқару жөніндегі шаралардың тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      49. Мемлекеттік орган персоналын басқаруды бағалаудың өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) персоналды іріктеу.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде штаттың жасақталуы, мемлекеттік қызметшілер білімі бейінінің мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттарына сәйкестігі, мемлекеттік орган кадрларының ауысуы айқындалады;
      2) персоналды оқыту және дамыту.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткен мемлекеттік қызметшілердің саны оқытылған курстардың бағалау жүргізіліп отырған мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттарына сәйкестігі, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мүмкіндігіне қанағаттану деңгейі айқындалады;
      3) мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын сақтау.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде бағалау жүргізіліп отырған мемлекеттік орган қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін бұзу фактілерінің саны айқындалады;
      4) персоналды уәждеу.
      Осы өлшемді бағалау қаржы қаражатын бөлгеннен кейін сауалнама жүргізу жолымен жүзеге асырылады. Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсу мүмкіндіктеріне қанағаттану деңгейі және мемлекеттік қызметшілердің уәждеу және көтермелеу жүйесіне қанағаттану деңгейі айқындалады;
      5) сыбайлас жемқорлық деңгейі.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған мемлекеттік қызметшілердің саны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің саны айқындалады.
      50. Мемлекеттік орган персоналын басқаруды бағалауды осы мемлекеттік органның персоналды басқаруын бағалауды қоспағанда, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
      51. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган персоналын басқаруды бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.
      52. Мемлекеттік орган персоналын басқаруды бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

4.6. Мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды
қолдануын бағалау

      53. Мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалау мемлекеттік органның бизнес-процестерін оңтайландыру және мемлекеттік орган қызметінің ашықтығын арттыру үшін ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
      54. Мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалау өлшемдері мыналар болып табылады:
      1) интернет-ресурстың қолжетімділігі және ашықтығы.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде мемлекеттік органның интернет-ресурстарының болуы және қолжетімділігі, орналастырылатын ақпараттың толықтығы мен сапасы, ақпараттың уақтылы жаңартылуы айқындалады;
      2) іс жүргізуде электрондық құжат айналымы жүйесін пайдалану.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде мемлекеттік органның Бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінің не электрондық құжат айналымының жеке жүйесінің, ведомствоаралық және ведомствоішілік электрондық құжат айналымы үлесінің болуы және оны пайдалану тиімділігі айқындалады;
      3) мемлекеттік органдардың Интернет-порталды пайдалануы.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде мемлекеттік органдардың Интернет-порталға қосылуы және мемлекеттік органдардың Интернет-портал сервисін пайдалану жиілігі айқындалады;
      4) мемлекеттік органның функцияларын электронды форматта іске асыру.
      Осы өлшем бойынша бағалау шеңберінде ведомстволық ақпараттық жүйелердің болуы, олардың тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалануға берілуі, «электрондық үкімет» құрамдауыштарын құрайтын ақпараттық жүйелердің кірігуі, бизнес-процестердің қамту пайызы және электронды форматтағы салалық жіктеуішті жүргізу айқындалады.
      55. Мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалау осы мемлекеттік органның ақпараттық технологияларын қолдануын бағалауды қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      56. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      57. Мемлекеттік органның ақпараттық технологияларды қолдануын бағалау әдістемесін әзірлеуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне бағалау
жүргізу тәртібі

      58. Тиісті бағыт бойынша мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалауға жауапты мемлекеттік органдар мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы өз қорытындыларын бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      59. Тиісті бағыттар бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды:
      1) тиісті бағыт бойынша мемлекеттік органдар қызметін бағалау жөніндегі талдамалық есепті;
      2) тиісті бағыт бойынша мемлекеттік органдар қызметін жақсарту жөніндегі тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтуы тиіс.
      60. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган тиісті бағыт бойынша мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалауға жауапты мемлекеттік органдар жүргізген бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындыны Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсынады.
      61. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытынды мынадай құрамдауыштарды:
      1) мемлекеттік органдардың есепті кезеңдегі қызметінің нәтижелілігі мен тиімділігі туралы, оның ішінде мемлекеттік орган қызметінің елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерінің дәрежесі туралы тұжырымдарды;
      2) мемлекеттік органның алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру туралы тұжырымдарды;
      3) мемлекеттік органның қызметін жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтуы тиіс.
      62. Сараптамалық комиссия мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысының негізінде сараптамалық қорытындыны қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.
      Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындысын алған күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Президентіне енгізіледі.
      63. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы сараптамалық қорытынды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысын бағалауды және қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілген мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдарды қамтуы тиіс.
      64. Әрбір мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері тұжырымдарымен және ұсынымдарымен бірге қызмет тиімділігін көтеру бойынша жұмысты ұйымдастыру мақсатында мемлекеттік органдардың басшыларына жолданады.
      65. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері құпиялылық режимін және қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның қорғалуын қамтамасыз етуді ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады