ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы № 1400 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған 2009 жылғы 20 қарашада Ялта қаласында қол қойылған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін
халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы
КЕЛІСІМ
(2011 жылғы 28 ақпанда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Бюллетені,
2011 ж., № 3, 29-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері,
      мыналарды:
      ТМД-ның үкіметтері басшылары кеңесінің 2008 жылғы 14 қарашадағы шешімімен бекітілген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласындағы ынтымақтастығының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған басым бағыттарын,
      2003 жылғы 18 қыркүйектегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық көлік дәліздері саласындағы ынтымақтастығы туралы меморандумды,
      2004 жылғы 15 қыркүйектегі ТМД-ның Үкіметтер басшылары Кеңесінің шешімімен бекітілген 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің келісілген көлік саясаты тұжырымдамасын;
      1998 жылғы 11 қыркүйектегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықаралық автомобиль жолдары туралы хаттамасын іске асыру мақсатында;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің учаскелерін тиімді пайдалану мен дамытуды қамтамасыз ету жөнінде келісілген саясат жүргізу, олардың жұмыс істеуі үшін оңтайлы көліктік-экономикалық жағдайларды қамтамасыз ету, қосымша транзиттік көлік ағындарын тарту қажеттігін мойындай отырып;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерінің еуроазиялық көлік дәліздері жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі екендігін түсіне отырып;
      өңірлік көлік жүйелерін дамытудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:
      халықаралық көлік дәлізі (ХКД) - Тараптар белгілеген ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумақтарын байланыстыратын бағыттарда жолаушылар мен жүк тасымалдарын қамтамасыз ететін, тиісінше жайластырылған, қолда бар және жаңадан ашылатын көлік түрлерінің (әуе көлігін қоспағанда) магистральдық көлік коммуникацияларының жиынтығы;
      ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелері - Тараптардың құзыретті органдарының және ТМД-ның салалық ынтымақтастығы органдарының ХКД-ны келісілген дамыту бойынша қызметінің нормативтік-құқықтық, ресурстық және ақпараттық-логистикалық салалары;
      ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру - ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін тиімді пайдалану мен дамыту мақсатында олардың келісілген және теңдестірілген жұмыс істеуі мен өзара іс-қимылдары үшін жағдайлар жасауға бағытталған мемлекетаралық қызмет;
      ХКД-ны нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - ХКД-ны дамытуды регламенттейтін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің көлік саласындағы халықаралық шарттары мен ұлттық нормативтік құқықтық актілері кешені;
      ХКД-ны ресурстық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - ХКД бағыттарында халықаралық көлік процесін жүзеге асыруды реттейтін көліктік, инфрақұрылымдық, қаржылық, технологиялық қамтамасыз ету элементтерінің, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігін, жүктердің сақталуын және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету жүйелерінің жиынтығы;
      ХКД-ны ақпараттық-логистикалық қамтамасыз етудің кіші жүйесі - жүктер мен жолаушылар тасымалдарын ақпараттық-құжаттық ұйымдастырудың, олардың мониторингінің, деректер жинаудың және ХКД-ны пайдалану тиімділігін талдаудың құралдары мен ережелерінің жиынтығы;
      Тараптардың құзыретті органдары - ХКД-ны дамыту мен пайдалануға байланысты мәселелерді шешу үшін Тараптар айқындайтын органдар.

2-бап

      Осы Келісім ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД-ның учаскелерін дамыту мен пайдалану мәселелерін ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру негізінде реттейді.

3-бап

      Тараптар ХКД-ны тиімді дамытуды орнықты халықаралық транзиттік қатынастың негізгі құрамдас бөлігі ретінде анықтайды және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы жүктер мен жолаушылардың кедергісіз тасымалдарын қамтамасыз ету мақсатында шектеулерді алып тастау үшін өзара тиімді жағдайлар жасайды.

4-бап

      1. Тараптар ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру бойынша шаралар қабылдайды.
      2. Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімде кіші жүйелердің әрқайсысында басымдық ретінде айқындалған бағыттарды іске асыру мақсатында ХКД-ны қамтамасыз етудің кіші жүйелерін үйлестіру бойынша бірлескен практикалық іс-қимылдардың келісілген жоспарын әзірлейді.
      3. Бағыттарды іске асыру Тараптардың құзыретті органдары мен ТМД салалық ынтымақтастық органдары халықаралық көлік жобаларын әзірлеу негізінде кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.

5-бап

      1. ХКД-ны нормативтік-құқықтық қамтамасыз етудің кіші жүйесін үйлестірудің басымдықты бағыттары мыналар болып табылады:
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әр түрлі көліктерін еуропалық және азиялық көлік жүйелеріне интеграциялауды қамтамасыз ету мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің нормативтік-құқықтық базасын көлік және кеден ісі бойынша конвенциялар мен көп жақты келісімдерде бекітілген халықаралық құқық нормалары және қағидаттарымен және стандарттармен үйлестіру;
      ТМД шеңберінде ХКД-ны келісілген дамыту үшін құқықтық жағдайлар тудыратын халықаралық шарттарды әзірлеу және қабылдау;
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттер қатысушылары болып табылатын екі жақты халықаралық шарттарда белгіленген режимдер мен артықшылықтарды бір ізге түсіру, сондай-ақ екі жақты шарттардан көп жақты халықаралық шарттарға өту;
      халықаралық, соның ішінде транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру кезінде тосқауылдарды келісе отырып жою үшін жағдайлар жасау;
      қызметі халықаралық тасымалдарды ұйымдастыру мәселелерімен байланысты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық.
      2. Тараптардың құзыретті органдары ХКД-ны келісілген дамыту туралы мәселелерді қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді реттеу және оларды іске асу тетігін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді, олар:
      осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық тасымалдар саласындағы кеден заңнамасының ережелерін біріздендіруге;
      сәйкестендіру құралдары мен тасымалдау құжаттарын өзара тануға;
      ақпараттық технологияларды енгізуге бағытталған.

6-бап

      ХКД-ны ресурстық қамтамасыз етудің кіші жүйелерін дамытудың басым бағыттары мыналар болып табылады:
      ХКД учаскелері инфрақұрылымын дамыту басымдығы, оны пайдалану тиімділігін арттыру және оны дамыту жобаларының инвестициялық тартымдылығы бойынша келісілген ұсыныстарды әзірлеу;
      ХКД бағыттарында аралас және мультимодальді жүктер тасымалдарын жүзеге асырған кезде толассыз тарифтік ставкалардың аса кенінен қолдану;
      ХКД бағыттарында халықаралық тасымалдарды жүзеге асырған кезде тосқауылдарды жою үшін жағдай жасау;
      кедендік өткізу пункттерінің қуаттылығын ұлғайту және технологиялық жарақтандырылуын жетілдіру, кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау технологияларын және рәсімдерін жетілдіру;
      көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін жүйелер мен құрылғыларды енгізу;
      жүктерді жеткізудің өзара келісілген көліктік-технологиялық схемаларын қалыптастыру, жүктердің құрамдастырылған тасымалын дамыту, шекаралық өткелдер және өткізу пункттері жұмысының технологияларын, олардан өту, уақытын азайту мақсатында жетілдірілу;
      көліктік қызметтердің халықаралық нарығында және тауар нарықтарында ХКД-ны пайдалану тиімділігін арттыру үшін болып жатқан өзгерістерге барабар ден қою мақсатында зерттеулерді бірлесіп жүйелі жүзеге асыру.

7-бап

      ХКД-ні ақпараттық-логистикалық қамтамасыз етудің кіші жүйесін дамытудың басым бағыттары мыналар:
      көліктік логистиканы дамыту;
      көліктің барлық түрлерімен интеграцияланған ақпараттық-логистикалық орталықтар құру;
      халықаралық талаптарға сәйкес келетін навигацияның прогрессивті жүйелері мен жүктердің мониторингін енгізу;
      көлік процестерін басқарудың ұлттық ведомстволық және салалық автоматтандырылған жүйелерімен интеграцияланған, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД учаскелері бойынша жүзеге асырылатын көлік процестерін реттеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру;
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін ХКД учаскелерінде тасымалданатын тауарлардың орналасқан жерінің, жай-күйінің және мәртебесінің ақпараттық анықтығына қол жеткізу;
      мемлекетаралық стандарттарда электрондық құжат айналымының бірыңғай ведомствоаралық жүйесін іске асыру;
      ілеспе құжаттамалардың жалпы қабылданған глоссарийі мен бірыңғай пакетін жасау;
      ХКД пайдаланумен өз қызметін жүзеге асыратын көлік операторларының ақпараттық және коммерциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

8-бап

      1. Тараптар өзінің құзыретті органдарының және ТМД-ның салалық ынтымақтастығы органдарының қызметін үйлестіру мен ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ ХКД келісілген және кешенді дамытуды іске асыру үшін ТМД-ның Экономикалық кеңесі бекітетін Ереженің ңегізінде өзінің қызметін жүзеге асыратын ТМД-ның Көлік дәліздерін үйлестіру комитетін құрады.
      2. ТМД Көлік дәліздерін үйлестіру комитетінің негізгі функциялары мыналар:
      Тараптардың құзыретті органдарының және ТМД-ның салалық ынтымақтастығы органдарының ХКД-ны келісілген дамыту және бірлесіп пайдалану жөніндегі қызметін үйлестіру және ақпараттық қамтамасыз ету;
      ХКД қамтамасыз етудің кіші жүйесін үйлестіруді қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен практикалық іс-қимылдар жоспарын, ХКД жүйелі келісілген дамыту мен пайдалануға бағытталған кешенді халықаралық көлік жобаларын және оларды іске асырудың қаржы-экономикалық тетіктерін әзірлеу және келісу;
      нормативтік құқықтық актілердің жобалары және ХКД қамтамасыз етудің кіші жүйесін дамытуды басқару жөніндегі ұсыныстар сараптамасы;
      ХКД қамтамасыз ететін кіші жүйелерін дамытуға инвестицияларды тарту үшін жағдайлар жасау;
      ХКД әлеуетін пайдалану тиімділігін талдау және ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

9-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының оның мемлекеті қатысушы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан ол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар тиісті хаттамамен ресімделеді және осы Келісімнің күшіне енуі үшін көзделген тәртіппен күшіне енеді.

11-бап

      Осы Келісімді қолдану мен түсіндіру кезінде туындайтын Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен немесе Тараптардың басқа да келісілген рәсімдері арқылы шешіледі.

12-бап

      Осы Келісім депозитарий оған қол қойған Тараптардың Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап күшіне енеді.

13-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық.
      ТМД-ға қатысушы мемлекет үшін осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
      ТМД-ға қатысушы болып табылмайтын мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған немесе қосылған мемлекеттердің осындай қосылуға келісімі туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

14-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
      Тараптың әрқайсысы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған міндеттемелерді реттей отырып, одан шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің осындай ниеті туралы депозитарийге жазбаша хабарламаны жібере отырып, осы Келісімнен шығуға құқылы.

      2009 жылғы 20 қарашада Ялта қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалды. Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достығының Атқарушы комитетінде сақталады.

      Әзірбайжан Республикасының Үкіметі үшін

      Армения Республикасының Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін

      Молдова Республикасының Үкіметі үшін

      Ресей Федерациясының Үкіметі үшін

      Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін

      Түрікменстан Үкіметі үшін

      Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін

      Украина Үкіметі үшін

      Осы мәтін 2009 жылғы 20 қарашада Ялта қаласында (Украина) қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін келісілген дамыту туралы келісімнің расталған көшірмесінің мәтіні түпнұсқасымен бірдей екендігін куәландырамын.

      Құжаттамалық қамтамасыз ету
      және мемлекеттік тілді дамыту
      департаментінің директоры                           Е. Маличева

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады