"Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 16 тамыздағы № 817 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

жоба

Қазақстан Республикасының Заңы «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы
Ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы»

      Сеулде 2003 жылғы 13 қарашада қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Ұстап беру туралы шарт ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
            Президенті

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ
АРАСЫНДАҒЫ ҰСТАП БЕРУ ТУРАЛЫ ШАРТ

      Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы,
      қылмысқа қарсы күресте екі ел арасындағы неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге және ұстап беру саласында екі ел арасындағы қатынастарды реттеуге ниет білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Ұстап беру міндеттемесі

      Әрбір Тарап басқа Тарапқа осы Шарттың ережесіне сәйкес Сұрау салынатын Тараптың аумағында жүрген және ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстары үшін Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық қудалауды жүзеге асыру, үкімді орындау үшін іздеу салынған кез келген адамды ұстап беруге міндеттенеді.

2-бап
Ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстар

      1. Осы Шарттың мақсатында сұрау салған уақытта екі Тараптың ұлттық заңнамалары бойынша жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір жыл кезеңге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе одан ауыр жаза көзделетін қылмыстар ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстарға жатады.
      2. Егер ұстап беру туралы сұрау салу ұстап беруге әкеп соғатын кез келген қылмысы үшін Сұрау салатын Тараптың соты бас бостандығынан айыруға кесілген адамға қатысты болған жағдайда, егер орындауға бас бостандығынан айырудың кемінде 6 (алты) айы жататын болған жағдайда ғана ұстап берілуі мүмкін.
      3. Осы Баптың мақсатында, екі Тараптың заңнамалары бойынша қылмыс болып табылатын-табылмайтынын айқындау кезінде:
      a) Тараптардың заңнамасы қылмысты құрайтын әрекетті қылмыстардың бір санатына жатқызуы немесе қылмысты бірдей терминологиямен атауы маңызды болмайды; және
      b) ұстап беру сұралып отырған адамның әрекеті толығымен назарға алынады және егер Тараптардың заңнамасы бойынша қылмыстың құрамдас элементтері ерекшеленсе маңызды болмайды.
      4. Егер валюталық реттеу саласында кеден, салық заңнамаларын бұзуға байланысты жасалған қылмыстары үшін ұстап беру сұралған жағдайда, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы Сұрау салатын Тараптың заңнамасындағы осындай салық немесе кеден нормаларын қамтылмайды деген дәлел бойынша ұстап беруден бас тартуға болмайды.
      5. Егер қылмыс Сұрау салатын Тараптың аумағынан тыс жерде жасалған жағдайда, егер Сұрау салған Тарап заңнамасы дәл осындай жағдайларда да өз аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстар үшін жазалауды қамтамасыз етсе, ұстап беру қанағаттандырылуы мүмкін. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы мұны қамтамасыз етпесе, Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді өз қалауына қарай қанағаттандыруы мүмкін.
      6. Егер ұстап беру туралы сұрау салу екі Тараптың заңнамаларымен әрқайсысы жазаланатын, бірақ кейбіреулері осы баптың 1 және 2-тармақтарында айтылған шарттарды орындамайтын бірнеше қылмыстарға қатысты болса, адам ұстап беруге әкеп соғатын қылмысының кемінде біреуі үшін ұстап берілуі тиіс деген шартпен ұстап беру қанағаттандырылуы мүмкін.

3-бап
Ұстап беруден міндетті түрде бас тарту

      Осы Шарт бойынша ұстап беру мынадай жағдайларда:
      (a) егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беру талап етілетін қылмысты саяси қылмыс немесе саяси қылмысқа байланысты қылмыс болып табылады деп шешсе, қанағаттандырылмауы тиіс. Саяси қылмыстарға сілтеме мынадай қылмыстарды:
      (і) адамның Мемлекет басшысын немесе Үкімет басшысын немесе олардың отбасы мүшелерін өлтіруін немесе оларды өлтіруге әрекет жасауын немесе қастандық жасауын; немесе
      (іі) геноцидке, терроризмге немесе адамдарды кепілге алуға қатысты осындай халықаралық шарттарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, екі Тарап та қатысушылары болып табылатын көп жақты халықаралық шарттардың себептері бойынша Тараптардың оған қатысты заңды құзырын немесе ұстап беруді белгілеу міндеттемелері болатын қылмысты қамтымауға тиіс.
      (b) іздеу салынған адамды ұстап беру талап етілуге байланысты жасаған қылмысы үшін Сұрау салынатын Тараптың аумағында ол айыпталған, сотталған немесе ақталған жағдайда қанағаттандырылмауға тиіс.
      (с) егер дәл осындай қылмыс Сұрау салынатын Тарапта жасалса, Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша қылмыстың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда қанағаттандырылмауға тиіс. Сұрау салған Тараптың заңнамасы бойынша ескіру мерзімінің өтуін тоқтата тұратын актілерді немесе мән-жайларды Сұрау салынатын Тарап ескеруге тиіс және бұл ретте Сұрау салатын Тарап қылмыстың ескіру мерзіміне қатысты өз заңнамасынан жазбаша көшірмелерді қамтамасыз етуге тиіс; немесе
      (d) егер ұстап беру туралы сұрау салу Сұрау салынатын Тараптың іздеу салынған адамды нәсілдік, діни, ұлттық, жыныстық тиесілігіне қарай немесе саяси себептер бойынша айыптау немесе жазалау мақсатында берілді деп немесе адам осы себептердің кез келгені бойынша сотталуы мүмкін деп жорамалдауға негізделген себептері болған жағдайда қанағаттандырылмауға тиіс.

4-бап
Ұстап беруден қалауы бойынша бас тарту

      Осы Шарт бойынша келесі мән-жайларда:
      а) егер адам Сұрау салынатын Тараптың азаматы болып табылған жағдайда;
      b) егер ұстап беру сұрау салынған қылмыс оның аумағында ішінара немесе толықтай жасалған себебі бойынша Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы бойынша тергелген жағдайда;
      с) егер оған байланысты ұстап беру сұралатын бір қылмысы үшін іздестірілудегі адам үшінші мемлекетте ақталған немесе сотталған болса, және сотталған жағдайда үкім толықтай орындалған немесе оны орындау енді талап етілмеген жағдайда;
      d) ерекше жағдайларда, Сұрау салынатын Тарап қылмыстың қауіптілігін және Сұрау салатын Тараптың мүдделерін ескере отырып, іздестірілудегі адамның жеке мән-жайларына байланысты ұстап беру гуманизм қағидаттарымен сыйыспайды деп санаса;
      е) егер ұстап беру сұралып отырған қылмыс әскери заңнама бойынша қылмыс болып табылса, бірақ әдеттегі қылмыстық заңнама бойынша қылмыс болып саналмаған жағдайда;
      f) егер ұстап беру сұралып отырған қылмыс жеке айыптау тәртібінде қудаланған жағдайда, ұстап беруден бас тарту мүмкін.

5-бап
Өлім жазасы

      Егер Сұрау салатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес ұстап берілуі сұралатын адам оған байланысты қылмысы үшін өлім жазасына тартылуы мүмкін болса, ал Сұрау салынған Тараптың ұлттық заңнамасы сондай қылмыс үшін өлім жазасын көздемесе, егер Сұрау салатын Тарап Сұрау салынатын Тараптың пікірі бойынша өлім жазасы орындалмайтынына жеткілікті куәландыруларды бермесе, ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.

6-бап
Өз азаматтарын ұстап беру

      1. Тараптардың ешқайсысы осы Шарт бойынша өздерінің азаматтарын ұстап беруге міндетті емес, бірақ Сұрау салынатын Тарап егер оны қажет деп тапса, өзінің қалауына қарай ондай адамды ұстап беруге өкілеттіктері болуы тиіс.
      2. Егер іздестірілудегі адамның тек қана азаматтығы негізінде ұстап беруден бас тартылса, Сұрау салынатын Тарап Сұрау салатын Тараптың сұрау салуы бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыруы үшін мүмкіндік беруі тиіс. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салатын Тараптан тиісті құжаттарды жолдауды сұрай алады.

7-бап
Ұстап беруді кейінге қалдыру және уақытша ұстап беру

      1. Егер ұстап берілуі сұралып отырған адам Сұрау салынатын Тараптың аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылса немесе басқа қылмысы үшін жазасын өтеп жатса, онда ұстап беру іс бойынша іс жүргізу аяқталуына дейін, жазасын өтеуіне дейін немесе мерзімінен бұрын босатылуына дейін кейінге қалдырылуы мүмкін, бұл туралы Сұрау салатын Тарапты хабардар етеді.
      2. Егер ұстап беруді кейінге қалдыру қылмыстық қудалаудың ескіру мерзімінің өтуіне немесе қылмысты тергеуді елеулі қиындатуға әкеп соғуы мүмкін болса, онда Сұрау салынатын Тарап Сұрау салған Тараптың сұрау салуы бойынша және өзінің заңнамасына сәйкес ұстап берілуі сұралып отырған адамды уақытша ұстап беруі мүмкін.
      3. Уақытша ұстап берілген адам Сұрау салынатын Тарапқа іс бойынша іс жүргізу аяқталғаннан кейін немесе уақытша ұстап берудің өзара келісілген уақытының мерзімі аяқталғаннан кейін дереу қайтарылуы тиіс. Егер мұндай ұзарту үшін жеткілікті негіздер бар болса, Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша уақытша ұстап берудің мерзімін ұзарта алады.

8-бап
Ұстап беру рәсімі және қажетті құжаттар

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде тапсырылуы тиіс.
      2. Ұстап беру туралы сұрау салуда:
      a) іздестірілудегі адамның жеке басын сәйкестендіретін және мүмкіндігіне қарай азаматтығын және тұратын мекенжайын анықтайтын құжаттар;
      b) істің нақты мән-жайларын сипаттау;
      с) оның негізінде әрекет қылмыс деп танылатын заңның мәтіні;
      d) қылмыс үшін жаза белгілейтін заңның мәтіні; және
      е) қылмыстық қудалау уақытын шектеуге немесе қылмыс үшін жазаны орындауға қатысты заңның мәтіні қамтылуға тиіс.
      3. Егер ұстап беру туралы сұрау салу әлі кінәлі деп танылмаған адамға қатысты болса, онда ол:
      а) Сұрау салатын Тараптың судьясы не басқа құзыретті органдары шығарған қамауға алу немесе ұстау туралы қаулының көшірмелерін;
      b) қамауға алу немесе ұстау туралы қаулыға қатысты іздеу салынған адам нақ сол адам екенін анықтайтын ақпаратты;
      с) іздеу салынған адам қылмысты жасағанын, осыған байланысты ұстап беру сұралып отырғандығын көрсететін дәлелдерді, қылмыс құрамын дәлелдейтін фактілерді баяндауды қамтиды.
      4. Егер ұстап беру туралы сұрау салу айыпкер адамға қатысты болған жағдайда, сұрау салу:
      a) Сұрау салатын Тараптың соты шығарған үкімнің көшірмесін;
      b) іздеу салынған адам бұл айыпкер деп танылған адамның нақ өзі екендігін анықтайтын ақпаратты; және
      с) айыпкер деп танылған адамның жасаған қылмысы құрамының барлығын дәлелдейтін фактілерді баяндауды қамтиды.
      5. Сұрау салынатын Тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасын қоса алғанда, осы Шарттың талаптарына сәйкес Сұрау салатын Тарап барлық құжаттарды куәландыруға және беруге тиіс.
      6. Егер оған сот немесе басқа Сұрау салатын Тараптың уәкілетті адамы қол қойса немесе куәландырса және Сұрау салатын Тараптың құзыретті органының ресми мөрімен расталса, осы Шарттың мақсатында құжат куәландырылған деп есептеледі.

9-бап
Қосымша ақпарат

      1. Егер Сұрау салынатын Тарап ұстап беруді қанағаттандыру үшін осы Шартқа сәйкес ұстап беру туралы сұрау салуда берілген ақпарат жеткіліксіз деп есептесе, ол келісілген уақыт ішінде қосымша ақпаратты сұрай алады.
      2. Егер ұстап беру сұралған адам қамауда болса және осы Шартқа сәйкес берілген қосымша ақпарат жеткіліксіз болса немесе келісілген уақыт ішінде алынбаса, адам қамаудан босатылуы мүмкін. Мұндай босату Сұрау салатын Тарапқа ұстап беру туралы жаңа сұрау салуға кедергі болмауы тиіс.
      3. Егер адам осы баптың 2-тармағына сәйкес қамаудан босатылса, Сұрау салатын Тарап бұл туралы Сұрау салынатын Тарапқа уақтылы хабарлауға тиіс.

10-бап
Ұстап беру туралы талаптар келіп түскенге дейін адамды
қамауда ұстау

      1. Шұғыл жағдайларда Тарап іздеу салынған адамды ұстап беру туралы сұрау салу берілгенге дейін уақытша қамауға алуды сұрауы мүмкін. Уақытша қамауға алу туралы сұрау салу дипломатиялық арналар немесе тікелей Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Корея Республикасының Әділет министрлігі арқылы берілуі мүмкін.
      2. Уақытша қамауға алу туралы сұрау салу жазбаша нысанда ресімделеді және онда:
      a) сәйкестендірілген мәліметтер, оның азаматтығы туралы ақпаратты қоса алғанда, іздеу салынған адамды сипаттау;
      b) егер белгілі болса, іздеу салынған адамның тұратын жері;
      c) істің мән-жайын қысқаша баяндау, мүмкін болса қылмыстың жасалған орны мен уақыты;
      d) оның негізінде әрекет қылмыс деп танылатын заң мәтіні;
      е) қамауға алу және ұстау туралы қаулының бар екендігін растау немесе сот үкімінің заңды күшіне енуі;
      f) іздеу салынған адамды ұстап беру туралы сұрау салудың берілетіндігін растау болуға тиіс.
      3. Осындай сұрау салуды алғаннан кейін Сұрау салынатын Тарап іздеу салынған адамды қамауға алуға кепілдік беруі үшін негізгі қадамдар жасауға қажетті шаралар қабылдауға және нәтижесі туралы Сұрау салатын Тарапқа хабарлауға тиіс.
      4. Сұрау салатын Тарап осы Шарттың 8-бабында көрсетілген тиісті құжаттармен ұстап беру туралы сұрау салуды қамауға алған күннен бастап (40) қырық күн ішінде бере алмаса және егер сұрау салу кейіннен алынып, бұл іздеу салынған адамды ұстап беру туралы сұрау салуды қарауға кедергі келтірмесе, қамауға алынған адам босатылуы мүмкін.

11-бап
Оңайлатылған ұстап беру

      Егер іздеу салынған адам ұстап беруге келісетіндігі туралы Сұрау салатын Тараптың сотын немесе басқа құзыретті органын хабардар етсе, Сұрау салынатын Тарап өзінің заңнамасына сәйкес ұстап беру рәсімдерін оңайлату үшін барлық қажетті шараларды қолдануға тиіс.

12-бап
Бәсекелес сұрау салулар

      1. Егер бір адамды немесе сол бір қылмыс үшін ұстап беру туралы сұрау салулар екі немесе одан да көп Мемлекеттерден алынса, Сұрау салынатын Тарап адамды Мемлекеттердің қайсысына ұстап берілетінін анықтау және өзінің шешімі туралы осы Мемлекетті хабардар етуі тиіс.
      2. Қай Мемлекетке адамды ұстап беруді анықтау кезінде Сұрау салынатын Тарап:
      a) іздеу салынған адамның азаматтығы мен тұратын жерін;
      b) сұрау салулар халықаралық шарттарға сәйкес жасалғанын, не жасалмағанын;
      с) қылмыстың жасалған орны мен уақытын;
      d) Сұрау салатын Мемлекеттердің тиісті мүдделерін;
      е) жасалған қылмыстың ауырлығын;
      f) құрбан болған адамның азаматтығын;
      g) Сұрау салған Мемлекеттер арасында одан әрі ұстап беру мүмкіндігін; және
      h) сұрау салуларды беру күнін қоса отырып, бірақ олармен шектемей, барлық факторларды ескеруге тиіс.

13-бап
Адамды беру

      1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беру туралы сұрау салуға қатысты шешім қабылданысымен, бұл шешім туралы Сұрау салатын Тарапқа хабарлауға міндетті. Бұл ретте, ұстап беру туралы сұрау салуды қанағаттандыруда кез келген толық немесе ішінара бас тарту себептері туралы Сұрау салынатын Тарап хабардар етілуге тиіс.
      2. Сұрау салынатын Тарап екі Тарапқа қолайлы Сұрау салынатын Тараптың аумағындағы іздеу салынған адамды Сұрау салатын Тараптың құзыретті органдарына беруге тиіс.
      3. Сұрау салатын Тарап адамды Сұрау салынатын Тарап белгілеген мерзім ішінде алып кетуге тиіс және егер сол мерзім ішінде алып кетпесе, Сұрау салатын Тарап адамды қамаудан босатуы және осы қылмыс бойынша ұстап беруден бас тартуы мүмкін.
      4. Егер ерекше мән-жайлар ұстап берілген адамды алып кетуге кедергі келтірсе, бұл туралы басқа Тарапқа хабар беріледі және мұндай жағдайға осы баптың 3-тармағының шарты қолданылмауға тиіс. Екі Тарап осы баптың шарттары бойынша адамдарды тапсырудың жаңа күні туралы өзара уағдаласуы тиіс.

14-бап
Меншікті тапсыру

      1. Ұстап беру туралы сұрау салу қанағаттандырылған жағдайда, Сұрау салынған Тараптың заңнамасына сәйкес және үшінші тұлғалардың құқығы ескеріле отырып, қылмыс нәтижесінде алынған бүкіл меншік заттай айғақтар ретінде талап етілуі мүмкін, Сұрау салынатын Тараптың аумағында табылған бүкіл меншік Сұрау салатын Тараптың сұрау салуы бойынша тапсырылуы тиіс.
      2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жоғарыда ескерілген меншік, егер де ұстап беру іздеу салынған адамдардың өліміне, жоғалуына, қашуына байланысты қанағаттандырылмаса да Сұрау салатын Тараптың сұрау салуы бойынша оған тапсырылуы тиіс.
      3. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген меншік қылмыстық істі тергеу үшін талап етілсе, Сұрау салынатын Тарап қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін оны беруді уақытша кейінге қалдыруы мүмкін.
      4. Егер Сұрау салынатын Тараптың заңнамасы немесе үшінші тұлғалардың құқығы солай талап етсе, кез келген тапсырылған меншік оның сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Тарапқа тегін қайтарылуы тиіс.

15-бап
Арнайы ереже

      1. Осы Шартқа сәйкес:
      а) қылмысы үшін ұстап беру қанағаттандырылғандығын немесе дәл сол фактілер негізінде басқа аталған қылмыстары үшін ұстап беру қанағаттандырылғандығын;
      b) ұстап беруден кейін жасалған қылмысты; немесе
      c) Сұрау салынатын Тарап қылмыс жасағаны үшін ұстап берілген адамды ұстауға, айыптауға немесе жазалауға келісім бергенін қоспағанда, ұстап берілген адам Сұрау салатын Тарапта ұсталуы, айыпталуы немесе жазалануы мүмкін емес;
      Осы баптың 1-тармағының мақсатында:
      і) Сұрау салынатын Тарап осы Шарттың 8-бабында аталған құжаттарды беруді талап етуі мүмкін;
      іі) ұстап берілген адам жасаған қылмыстардың құқықтық расталуы Сұрау салынатын Тарапқа берілуі мүмкін; және
      ііі) Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды қарастырғанға дейін Сұрау салатын Тарап ұстап берілген адамды ұстауы мүмкін.
      2. Осы Шартқа сәйкес ұстап берілген адамды Сұрау салынатын Тараптың келісімінсіз оны ұстап бергенге дейін жасаған қылмысы үшін үшінші Мемлекетке ұстап беруге болмайды.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтары, егер:
      а) адам ұстап берілгеннен кейін Сұрау салатын Тараптың аумағынан кетіп қалса және сол жерге өз еркімен оралса; немесе
      b) адам Сұрау салатын Тараптың аумағынан еркін шығуына мүмкіндігі бола тұра, 45 күн ішінде кетіп қалмаса, ұстап берілген адамды ұстауға, айыптауға немесе соттауға, немесе үшінші Мемлекетке ұстап беруге кедергі келтірмейді.

16-бап
Нәтижелер туралы хабарлама

      Сұрау салатын Тарап қылмыстық істі тергеу немесе ұстап берілген адамға қатысты жазаны орындау нәтижелері туралы немесе адамды үшінші Мемлекетке беру туралы Сұрау салынатын Тарапқа уақтылы хабардар етуге міндетті.

17-бап
Транзит

      1. Заңнамада рұқсат етілген дәрежеде, үшінші Мемлекет Тараптардың біріне берген адамды басқа бір Тараптың аумағы арқылы тасымалдау дипломатиялық арналар немесе тікелей Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Корея Республикасының Әділет министрлігі арқылы берілген жазбаша сұрау салулар бойынша шешілуге тиіс. Сұрау салуда азаматтығы туралы деректерді қоса алғанда, транзиттік тасымалдануы тиіс адам туралы деректерді, сондай-ақ істің мән-жайының қысқаша сипаттамасы қамтылуға тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Корея Республикасының Әділет министрлігі тасымалдау бағыты және транзиттік тасымалдаудың басқа да шарттары бойынша келіседі.
      3. Әуе көлігін қолданған және транзит Мемлекетінің аумағына ешқандай қону жоспарланбаған кезде транзитке рұқсат ету талап етілмейді. Егер Тараптың бірінің аумағында жоспарланбаған қону орын алса, бұл осы Баптың 1-тармағында көзделгендей транзит туралы сұрау салу жіберуді талап етуі мүмкін. Өтініш жоспарланбаған қонудан кейін тоқсан алты (96) сағат ішінде келіп түскен жағдайда, транзиттік мемлекет тасымалданушы адамды кідіртеді және тасымалдау жаңартылғанға дейін қамауда ұстайды.

18-бап
Шығындар

      1. Сұрау салынатын Тарап ұстап беруге қатысты өз заңды құзырындағы кез келген рәсімдер бойынша шығындарды көтереді.
      2. Сұрау салынатын Тарап ұстап берілуі талап етілген адамды тұтқындау мен ұстауға немесе меншігін тәркілеуге және беруге байланысты өз аумағындағы шығыстарды көтереді.
      3. Сұрау салатын Тарап Сұрау салынатын Тараптың аумағынан берілетін адамды тапсыруға және транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды көтереді.

19-бап
Консультациялар

      1. Тараптардың бірінің өтініші бойынша Тараптар осы Шартты түсіндіруге қатысты консультациялар жүргізуі мүмкін.
      2. Екі Тараптың құзыретті органдары нақты сұрау салуларды шешуге байланысты және осы Шартты орындау тиімділігін жақсарту үшін жәрдемдесуде бір-бірімен тікелей кеңесуі мүмкін.

20-бап
Шарттың күшіне енуі және қолданысын тоқтатуы

      1. Осы Шарт ратификациялауға жатады және ратификациялау грамоталарымен алмасқаннан кейін күшіне енеді.
      2. Осы Шарт Шарт күшіне енген күнге дейін және одан кейін жасалған қылмыстарға қатысты қолданылады.
      3. Кез келген Тарап жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Шартты кез келген уақытта тоқтата алады. Шарт осындай хабарлама алынған күннен кейін алты (6) ай өткен соң қолданысын тоқтатады.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН, тиісті Үкіметтер тиісінше уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Шартқа қол қойды.

      Сеул қаласында 2003 жылғы 13 қарашада әрқайсысы қазақ, корей, орыс және ағылшын тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан Республикасы үшін          Корея Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады