Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1049 Қаулысы

      «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 11-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Ауыл шаруашылығы санағын өткізудің ережесі мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 қарашадағы № 1081 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2006 ж., № 42, 459-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 наурыздағы № 283 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2008 ж.,№ 16, 149-құжат);
      3) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 маусымдағы № 613 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 10-тармағы.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 11 қазандағы
№ 1049 қаулысымен  
бекітілген      

Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы және «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» 2005 жылғы 8 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді және ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) ұлттық санақ - статистикалық жұмыс жоспарынан тыс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізілетін, арнайы ұйымдастырылған статистикалық байқау;
      2) мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласындағы басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      3) респондент - статистикалық әдіснамаға сәйкес статистикалық байқау объектісі бойынша деректерді ұсынатын жеке немесе заңды тұлға және оның құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері;
      4) алғашқы статистикалық деректер - статистикалық нысандарда алынған немесе тіркелген деректер;
      5) статистикалық нысан - статистикалық құжаттың алғашқы статистикалық деректерді белгіленген тәртіппен алуға немесе тіркеуге арналған қағаз немесе электрондық жеткізгіштегі формуляры (бланк, есептілік нысаны, сұрақтама, сауалнама, санақ парағы және басқа да формулярлар);
      6) пайдаланушы - ресми статистикалық ақпаратты алуға өтініш жасайтын және (немесе) оны пайдаланатын тұлға;
      7) ауыл шаруашылығы санағы - белгілі бір күндегі ауыл шаруашылығының құрылымы мен жай - күйі туралы ақпарат жинау мақсатында жүргізілетін ұлттық санақ;
      8) ұлттық санақ бағдарламасы - бұл белгілі талаптарды есепке ала отырып жасалған және қорытылған сұрақтар тізбесі, сұрақтарға жауаптың тәртібі, оны жинау және тіркеу режимі, ақпараттарды өңдеу, ұлттық санақ қорытындыларын жариялау тәртібі;
      9) санақ персоналы (санақ кадрлары) - осы Қағидада белгіленген тәртіппен санақ жүргізуге уәкілетті орган тартатын тұлғалар;
      10) сұхбат жүргізуші - санақ парақтарындағы сұрақтарға деректерді жинауды жүзеге асыратып адам;
      11) нұсқаушы-бақылаушы - санақ учаскелерінің толық қамтылуын бақылауды жүзеге асыратын адам;

3. Ұлттық санақтарды жүргізу тәртібі

      3. Ұлттық санақтар халық санағы мен ауыл шаруашылығы санағын қамтиды.
      4. Ұлттық санақтар:
      1) халықты аралап шығу және арнайы уәкілеттік берілген тұлғалардың (есепшілердің) - санақ персоналының сұрау салуы негізінде жинақталуы дайындық кезеңінен бастап санақ жұмыстарын жүргізудің барлық кезеңінде жүзеге асырылатын санақ құжаттамасын толтыру жолымен;
      2) өздері толтыру жолымен - санақтан өтушілер санақ парағын өздері толтырады, ал уәкілеттік берілген тұлға (есепші) қалып қойған немесе түсініксіз мәліметтерді анықтап, оның тек дұрыс толтырылуын тексереді;
      3) байланыс құралдарын пайдалана отырып немесе жергілікті атқарушы органдардың осы мақсатқа ұсынатын арнайы үй-жайларда жүргізіледі.
      5. Ұлттық санақ дайындық, негізгі және қорытынды кезеңін қамтиды.
      6. Дайындық кезең 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      7. Дайындық кезеңінде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
      1) уәкілетті органның ұлттық санақты өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі;
      2) уәкілетті органның санақ парақтарын, ұлттық санақты жүргізу жөніндегі әдіснамалық, нұсқаулық құралдарын әзірлеуі және бекітуі;
      3) уәкілетті органның ұлттық санақ деректерін енгізу және өңдеу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді, ұлттық санақты жүргізу үшін оқыту бағдарламалары мен құралдарының әзірленуін ұйымдастыруы, сондай-ақ санақ кадрларына арналған оқыту семинарларын өткізуді ұйымдастыруы;
      4) уәкілетті органның, комиссиялардың, санақ кадрларының ұлттық санақты жүргізудің мақсаты мен тәртібі туралы халық арасында жаппай-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі;
      5) уәкілетті органның санақ кадрларын іріктеуі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олармен ұлттық санаққа қатысуға шарттар жасасуы.
      Халық санағы үшін қосымша іс-шара - санақ құжаттамаларын сынау өткізіледі, осы ұлттық санақтың жүргізілуін ұйымдастыру мен қорытынды деректерді өңдеу технологияларының сынақтан өткізілуі пилоттық санақ жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
      Ауыл шаруашылығы санағы үшін қосымша іс-шара - облыстар және республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы санағы субъектілерінің тізімін қалыптастыруы, нақтылауы және уәкілетті органға ұсынуы жүргізіледі.
      8. Негізгі кезеңде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
      1) сұхбат жүргізушілердің санақ парақтарына алынған мәліметтерді енгізуімен ұлттық санақ субъектілеріне сұрау салуы. Әрбір сұхбат жүргізушінің сұрау салуға жататын субъектілердің тізімін нұсқаушы-бақылаушылар анықтайды;
      2) сұрау салу аяқталғаннан кейін санақ персоналының санақ парақтары деректерінің дұрыстығын және ұлттық санақ субъектілерін қамтудың толықтығын анықтау үшін кем дегенде 10 % қамтумен ұлттық санақ субъектілерін ішінара бақылап аралап шығуды ұйымдастыруы;
      3) санақ персоналының уәкілетті органға санақ парақтарын беруді ұйымдастыруы;
      4) уәкілетті органның санақ парақтарындағы деректерді олардың түсуіне қарай енгізуді ұйымдастыруы;
      5) ауыл шаруашылығы санағы бірнеше кезеңдермен жүргізілуі мүмкін және 7 (жеті) ай ішінде жүзеге асырылуы мүмкін.
      9. Қорытынды кезең 2 (екі) жыл ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Қорытынды кезеңде мынадай іс-шаралар іске асырылады:
      1) уәкілетті органның ұлттық санақ қорытындыларын шығаруы;
      2) уәкілетті органның ұлттық санақ қорытындыларын жиынтық және қорытылған деректер түрінде жариялауды ұйымдастыруы.
      10. Ұлттық санақ бағдарламасын алғашқы негізгі (дербес) деректер құрайды, оларды жинау санақты өткізу үдерісінде жүзеге асырылады.
      Ұлттық санақтар бағдарламасына негізгі сұрақтардан басқа өңірдің, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеу үшін қажетті қосымша сұрақтар қамтылуы мүмкін.
      Ұлттық санақтар бағдарламасына, жауаптары мемлекеттік құпияға, коммерциялық немесе заңнамамен қорғалатын өзге құпияға жататын, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кемсітетін не бұзатын ақпараттан тұратын сұрақтарды енгізуге жол берілмейді.
      11. Ұлттық санақ санақ парақтарын толтыру жолымен жүзеге асырылады.
      12. Санақ парақтары уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде толтырылады.
      13. Санақ парақтарында қамтылған мәліметтерді өңдеу, оларды рұқсат етілмеген қол жеткізуден қорғау және ұрлау, жоғалту, қолдан жасау немесе өзге де бұрмалауларға жол бермеуді қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.
      14. Санақ құжаттамасына жазбалар мәліметтер негізінде жүргізіледі, олар құжаттамалық растаусыз ауызша немесе жазбаша хабарланады.
      15. Санақ құжаттамаларындағы респондеттерге қатысты жазбалар оның келісімінсіз таратуға жатпайды және тек статистикалық мақсатта иеліктен айырылған жиынтық түрінде пайдаланылады.
      16. Ұлттық санақ бағдарламасында көзделмеген мәліметтерді жинауға, мәліметтер беруге мәжбүрлі көндіруге жол берілмейді.
      17. Қазақстан Республикасының Үкіметі ұлттық санақтарды жүргізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруді уәкілетті органға, сондай-ақ өкілеттіктерін анықтай отырып, арнайы құрылған комиссияға жүктеуі мүмкін.

4. Ұлттық санақтарды жүргізу кезеңділігі мен мерзімдері

      18. Ұлттық санақтар әлемдік санақтардың кезекті раундына ұштастырылған мерзімдерде он жылда бір рет жүргізіледі.
      19. Уәкілетті органның ұсынысы бойынша санақтарды жүргізу мерзімдері мен ерекшеліктерін, оның ішінде санақтың қанша уақыт өткізілетінін көрсете отырып, ұлттық санақтарды жүргізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

5. Ұлттық санақтар қорытындысын шығару және оларды жариялау

      20. Ұлттық санақтардың қорытындысы әркімге қолжетімді болып табылады және ресми жариялануға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады