Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесiн қорғаумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар инспекторларының арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану, сондай-ақ қорықшылардың қызметтік қаруды қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 24 мамырдағы № 670 Қаулысы

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану
туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы
8-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.02.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесiн қорғаумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар инспекторларының арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану, сондай-ақ қорықшылардың қызметтік қаруды қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2012 жылғы 24 мамырдағы
№ 670 қаулысымен   
бекiтiлген     

Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік
инспекторлардың және жануарлар дүниесiн қорғаумен айналысатын
мамандандырылған ұйымдар инспекторларының арнайы құралдар мен
қызметтік қаруды қолдану, сондай-ақ қорықшылардың қызметтік
қаруды қолдану  қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесiн қорғаумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар инспекторларының арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану, сондай-ақ қорықшылардың қызметтік қаруды қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) жануарлар дүниесін қорғауды тікелей жүзеге асыратын, қызметтік қаруды алып жүру құқығына рұқсаты бар жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттік инспекторлардың, жануарлар дүниесiн қорғаумен айналысатын мамандандырылған ұйымдар инспекторларының (бұдан әрі – инспектор) арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану, сондай-ақ қорықшылардың қызметтік қаруды қолдану тәртібін айқындайды.
      2. Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды инспекторлар мен қорықшылар жануарлар дүниесін қорғауды тікелей жүзеге асырған және өздерінің міндеттерін орындаған кезде қолданады.
      3. Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспектор мынадай арнайы құралдармен:
      1) кісендермен (БР, БР-С);
      2) резина таяқшамен (арнайы);
      3) механикалық әсерлерден қорғауға арналған кеудешемен;
      4) жалтырауық шаммен;
      5) автокөлікті мәжбүрлеп тоқтату құрылғысымен («Еж-М») қамтамасыз етіледі.
      4. Арнайы құралдар қызметтiк қарудан бөлек арнайы жабдықталған үй-жайларда, сенiмдi ілмек құрылғысы бар, қабырғаларының қалыңдығы кемінде 3 миллиметр металл жәшiктерде (шкафтарда) сақталуы тиіс.
      5. Инспектор мен қорықшы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы № 1176 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы қару мен оның патрондар айналымының ережесіне сәйкес қызметтік қарумен қамтамасыз етіледі.
      6. Инспектор немесе қорықшы жұмыста ұзақ уақыт болмаған кезеңде (демалыс, сырқаттану) қызметтік қару алып жүру құқығына рұқсат берген жер бойынша ішкі істер органдарына сақтауға тапсырылады.

2. Инспекторлар мен қорықшылардың арнайы құралдар мен қызметтік
қаруды қолдану тәртібі

      7. Қорғалатын аумақтарда инспекторлар мен қорықшылар қалыптасқан жағдайды, құқық бұзушылықтың сипаты мен құқық бұзушының жеке басын, сондай-ақ арнайы құралдардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын ескере отырып, арнайы құралдарды қолдану, олардың түрі мен қолданылу қарқындылығы туралы шешім қабылдайды. Жеке әрекет ететін, арнайы құралдарды қолдану құқығы бар тұлғалар мұндай шешімді дербес қабылдайды.
      8. Арнайы құралдарды инспекторлар:
      1) егер құқық бұзушылар «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарына сәйкес өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын инспекторларға қарсылық білдірсе, оларды ұстау, сондай-ақ оларды ішкі істер органдарына жеткізу үшін;
      2) инпекторлардың Заңмен өздеріне жүктелген міндеттерін орындауына кедергі келтіргенде көлік құралдарын мәжбүрлеп тоқтату үшін қолданады.
      9. Қызметтік қаруды инспекторлар мен қорықшылар:
      1) іс-әрекеттері Заңда белгіленген міндеттерді орындау кезінде инспекторлардың немесе қорықшылардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретін адамдардың қарулы шабуылына тойтарыс беру;
      2) егер жүргізуші инспекторлар мен қорықшылардың Заңда белгіленген талаптарына бағынбаса, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірсе, қорғалатын аумақтарда көлік құралдарын зақымдау жолымен оларды тоқтату;
      3) жабайы жануарлардың шабуылынан қорғану және дабыл сигналын беру немесе көмекке шақыру үшін қолданады.
      10. Арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолдану кезiнде мынадай шарттар сақталады:
      1) осы Қағидалардың 9-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайлардан басқа, қызметтік қаруды қолдану ниеті туралы ескерту (айғайлау, ескерту ретінде жоғары қарай ату);
      2) қызметтік қаруды пайдаланудағы кiдiрiс инспектордың, қорықшының өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп төндiретiн немесе өзге ауыр зардаптарға әкелуі мүмкiн жағдайларды қоспағанда, инспектордың немесе қорықшының талаптарын орындауы үшiн жеткiлiктi уақыт беру;
      3) инспектордың немесе қорықшының тарапынан қызметтік қарудың қолданылуы анық болатын жағдайларда ұстамдылық таныту, қолданылу мүмкіндігін барынша азайтып, қалыптасқан жағдайды және қол жеткiзiлуге тиiс мақсатты негізге ала отырып iс-әрекет жасау;
      4) дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету, ал арнайы құралдар мен қызметтік қаруды қолданудан зардап шеккен адамды қажет болған жағдайда денсаулық сақтау мекемесiне жеткiзу;
      5) айналадағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қолдану.
      11. Әйелдер, кәмелетке толмағандар, айқын мүгедектiк белгiлері бар адамдар инспекторға немесе қорықшыға қарулы шабуыл жасаған немесе олардың тарапынан олардың өмірі мен денсаулығына айқын қауіп төнген жағдайларды қоспағанда, оларға қарсы арнайы құралдар мен қызметтік қару қолдануға тыйым салынады.
      12. Қызметтік қару мен арнайы құралдар қолданудың адамдардың дене жарақатына ұшырауына, сондай-ақ қаза болуына немесе ауыр зардапқа әкеп соққан әрбiр жағдайы туралы басшылар (тікелей бастық), құқық бұзушылық жасалған жердегі прокуратура және ішкі істер органдары дереу (24 сағат ішінде) хабардар етiледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады