"Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 14 наурыздағы № 240 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               С. Ахметов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасын бекіту туралы

      Шет елдерде қаржылық, техникалық және реципиент мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, көмек ұсынудың мониторингіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әлемдік аренадағы рөлі мен беделін нығайтуға ықпал етуге арналған өзге де көмек көрсету саласындағы ұлттық саясатты дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                   Н. Назарбаев

   Қазақстан Республикасы
Президентінің   
2013 жылғы № Жарлығымен
бекітілген    

Қазақстан Республикасының
Дамуға ресми көмек саласындағы
тұжырымдамасы

      Мазмұны

      1-бөлім. Қазақстан Республикасы көрсететін дамуға ресми көмекті дамыту пайымы
      2-бөлім. Дамуға ресми көмекті дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
      3-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
      4-бөлім. Дамуға ресми көмекті қаржыландыру

1-бөлім. Қазақстан Республикасы көрсететін
дамуға ресми көмекті дамыту пайымы Кіріспе

      Қазақстан Республикасының Дамуға ресми көмек саласындағы тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) - шет елдерге қаржылық, техникалық және реципиент мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, көмек ұсыну мониторингіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастықтағы рөлі мен беделін нығайтуға ықпал етуге арналған өзге де көмек көрсету саласындағы ұлттық саясатты дамыту пайымын көрсететін құжат.
      Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат тұжырымдамасына, Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі - БҰҰ) Жарғысының ережелеріне, БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясына және дамуға көмек саласындағы басқа да халықаралық құжаттарға, сондай-ақ тиісті халықаралық тәжірибеге негізделеді.
      Қазақстан Республикасының заңнамасында дамуға ресми көмек ұғымы регламенттелмеген. Сонымен қатар, осы саладағы қатынастарды дамыту тиісті санаттың құқықтық анықтамасын талап етеді.
      Осыған байланысты халықаралық көмек көрсету және дамуға техникалық жәрдемдесу саласындағы мемлекеттік саясат шараларының кешені немесе басқаша, Тұжырымдамадағы дамуға ресми көмек жалпыға бірдей ұсынылады және терминологияда бекіту ұсынылады.
      Дамуға көмек саласындағы дамыған елдердің қызметін үйлестіретін және 1969 жылы тиісті терминді айналымға енгізген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) Дамуға жәрдемдесу комитетінің терминологиясына сәйкес дамуға ресми көмек (бұдан әрі - ДРК) ретінде, ең алдымен, дамушы елдердің экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттің түп негізі бойынша жеңілдетілген, кемінде 25 % қайтарымсыз элементі бар қаржылық ресурстарды ұсынуы ұғынылады.
      ДРК және ресми ізгілік көмек - басқа мемлекеттердің аумақтарындағы әскери, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында Қазақстан Республикасы өтеусіз көрсететін көмек ұғымдарының аражігін ажыратып алу маңызды.
      Сонымен қатар халықаралық тәжірибе қазіргі заманғы ізгілік көмектің неғұрлым ұзақ мерзімді көмекпен, оның ішінде, төтенше жағдайларға қатысты осалдықтың терең дамуға себептерін жоюда, сондай-ақ олардың алдын алуға әзірлікте тығыз араласып кеткенін көрсетеді.

ДРК қажеттілігін негіздеу

      Қазақстан Республикасы халықаралық және өңірлік қатынастардағы өзінің өсіп келе жатқан рөлі мен жауапкершілігін, сондай-ақ елдің экономикалық жағдайының серпінді жақсаруын түсіне отырып, орнықты дамудың жаһандық және өңірлік проблемаларын шешу, әлемдік аренадағы елдің рөлі мен беделін арттыру мақсатында дамуға көмек бойынша халықаралық іс-қимылдарға қатысуды өзінің сыртқы саясатының қажетті элементі ретінде қарайды.
      Халықаралық дамуға жәрдемдесу саласындағы Қазақстанның неғұрлым белсенді және айнымас саясаты: әріптес елдердегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды тұрақтандыруға, заңсыз көші-қонды болдырмауға, терроризмге және экстремизмге қарсы күресуге, тату көршілік белдеуін құруға, халықаралық ұстанымдардың және Қазақстанның жағымды имиджінің нығаюына ықпал ететіндіктен, ұлттық мүдделерге жауап береді.
      2011 жылғы желтоқсанда Корея Республикасының Пусан қаласында көмектің тиімділігі жөніндегі жоғары деңгейдегі форумда әлемдік қоғамдастық қол жеткізген уағдаластықтар тұрғысында ДРК ұлттық тұжырымдамасын қалыптастырудың ерекше уақыттылығы туындап отыр. Форумда, атап айтқанда, дамуға көмек көрсетуге серпінді дамушы өтпелі экономикалар ішінен «жаңа донорлардың» қатысу маңыздылығы расталды және оның нысандарының әртүрлілігі мен икемділігінің маңыздылығы мойындалды.
      Елдің дамуының орнықтылығы онымен көршілес жатқан мемлекеттердегі, өңірдегі және тұтас әлемдегі жағдайға және даму деңгейіне байланысты болып табылатын қазіргі заманғы әлемде шет елдердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы халықаралық, өңірлік және ұлттық қауіпсіздікке, ұлттық мүдделерді іске асыруға тікелей ықпал етуге қабілетті элемент ретінде қаралады.
      Осыған орай, жаһандық сын-қатерлерге және өңірлік проблемаларға барабар жауап іздеу жүйесін құруға, ДРК және ізгілік көмек саласындағы қызметті үйлестіруді жоғарылатуға, сондай-ақ өңірлік және халықаралық қатынастардағы Қазақстанның рөлі мен беделін нығайтуға бағытталған осы саладағы айқын белгіленген саясаттың қажет екені сөзсіз.

ДРК саласындағы ағымдағы жағдайды талдау
және халықаралық тәжірибе

      Бүгінгі күні ДРК-нің негізгі үлесін дамыған елдер жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «жаңа донор» деп аталатындардың өсіп келе жатқан рөлі заманауи үрдіс болып табылады, олардың жиілігі бір мезгілде дамуға көмектің донорлары әрі реципиенті болып табылады.
      БҰҰ Мыңжылдық декларациясы мақсаттарының бірі 2015 жылға қарай аталған көрсеткішті ұлттық жалпы табыстың (бұдан әрі - ҰЖТ) 0,7 %-на дейін жеткізу болып табылады. ЭЫДҮ-ға мүше мемлекеттер көрсетіп отырған көмек көлемінің орташа көрсеткіші ҰЖТ-тың шамамен 0,4 %-ын құрайды. Көмектің салыстырмалы мөлшері бойынша жетекші донорлардың көрсеткіштері ҰЖТ-тың 1 %-на жетеді.
      Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның екіжақты форматтағы дамуға көмекке қатысуы объективті себептер бойынша, ұсынылатын көмектің ауқымы бойынша да, нысаны мен географиясы бойынша да айтарлықтай шектеулі болды. 2010 жылғы қабылданған 50 миллион АҚШ доллары сомасына Ауғанстан Ислам Республикасының студенттеріне арналған білім бағдарламасы екіжақты форматтағы қазақстандық ДРК-ның аз ғана мысалдарының бірі болып табылады.
      Экология, тұрғын халық, денсаулық сақтау, әйел құқықтары, теңізге шыға алмайтын елдерге көмек, есірткіге қарсы күрес және басқа салалардағы жобаларды қоса алғанда, ерікті жарналар мен сенімгерлік қорларға қатысу арқылы БҰҰ қамқорлығымен халықаралық дамуға көмек жобаларына Қазақстанның қатысу тәжірибесі анағұрлым кеңірек. 2011 жылы мұндай ынтымақтастық 2 миллион АҚШ долларынан асты. 2012 жылы Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға ерікті жарналар төлемінің сомасы 418 миллион теңгеден асты. Мұны дамуға көмек ретінде айқындауға болады.
      Сонымен қатар БҰҰ-ның 2006 жыл - 2011 жылғы шілде кезеңіндегі статистикасына сәйкес Қазақстан шет мемлекеттерге ізгілік көмек ретінде 53,7 миллион доллар бөлді, оның негізгі бөлігі Орталық Азияға жіберілді. Қазақстан 30 миллион АҚШ доллары көрсеткішімен ұсынылған ізгілік көмек көлемі бойынша өңірде үшінші орында тұр.
      Жалпы алғанда, Қазақстан ізгілік көмек және ДРК ретінде 100 миллион АҚШ долларына жуық сомаға көмек көрсетті. Алайда, аталған салада жүйелі тәсілдің болмауы тиісті жұмысты жоспарлаудың тиімділігі мен мүмкіндігін төмендетеді, ал ел тиісті мөлшерде саяси және имидждік «дивидендтер» алмайды.
      ДРК ұсынудың қолданыстағы жүйелерінің барлық әртүрлілігіне қарамастан, аталған құбылыстың бірқатар жалпы сипаттамаларын атап көрсетуге болады:
      1) ДРК дәстүрлі түрде дамушы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында техникалық көмек, ақшалай немесе заттай
нысанда гранттар немесе кредиттер түрінде, қайтарымсыз немесе жеңілдікті негізде ұсынылады;
      2) ДРК рухани-альтруистік жоғары құндылықтарды және прагматикалық тәсілдерді үйлестіре отырып, көптеген мемлекеттердің сыртқы саяси қызметіндегі басымдықтардың бірі болып табылады.
      Дамуға жәрдемдесу жөніндегі іс-қимылдармен қатар, донор мемлекеттер ұлттық мүдделерді қорғауға, реципиент елдердегі және жалпы әлемдік қоғамдастықтағы елдің тартымдылығын арттыруға, елдің ықпалын нығайтуға байланысты мәселелерді шешеді.
      Осы тұрғыда соңғы жылдары белсенді қолданылып келе жатқан «жүмсақ күш» тұжырымдамасын атап өту қажет (мемлекеттің өз мақсаттарына мәжбүрлеу немесе сыйақы арқылы емес, өз даму үлгісінің тартымдылығы арқылы қол жеткізу қабілеті), оны мамандар мемлекеттер ықпалының негізгі үш құралының (әскери және экономикалық артықшылықтан басқа) біріне жатқызады;
      3) ДРК сыртқы саясаттың тиімді құралы болып табылады. ДРК-ні стратегиялық пайдалану сыртқы саясат басымдықтарын іске асыруды, ішкі тұрақтылықты сақтауды, елдің имиджін жақсартуды, оның бизнесінің мүдделерін ілгерілетуді қамтамасыз етуге мүмкіндіктер жасайды. Бұл құралдың әлеуетін пайдалану Қазақстанның алдында тұрған міндетті білдіреді;
      4) қарқынды дамушы экономикалардың көпшілігі ДРК-ні неғұрлым дамыған елдерден көмек алумен сәтті үйлестіреді. Өңірдегі мемлекеттерге өз тәжірибесін бере отырып, уақыты жеткенде дамудың жаһандық проблемаларын шешуге жауапкершілік үлесін өзіне ала отырып, мемлекеттер әлемдік аренадағы өз рөлінің және ықпалының өсуіне қол жеткізеді;
      5) іс жүзінде барлық мемлекеттерде дерлік сыртқы саяси ведомство тиісті саясатты және ведомствоаралық үйлестіруді жүргізуге жауапты басты орган ретінде әрекет етеді. Сонымен қатар, көмек көрсету жөніндегі агенттіктер ұлттық стратегияларды (оның ішінде, ізгілік көмек көрсету және төтенше жағдайлардың салдарын жою саласында) әзірлеумен, жобаларды іске асырумен, бақылаумен және мониторингілеумен, сондай-ақ ішкі және сыртқы алаңдағы ақпараттық қамтамасыз етумен айналысады.
      Мысал ретінде Ресей Федерациясының, Болгария Республикасының және Норвегияның тәжірибесін келтіруге болады.
      Ресей дамуға жәрдем көрсетуге өз үлесін дәйекті түрде ұлғайтуда, айталық, 2011 жылы ол халықаралық дамуға жәрдемдесудің (ХДЖ) көлемін 514 млн. АҚШ долларына дейін көтерді, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 8,8 %-ға көп. Осы көрсеткіш 2007 жылғы маусымда қабылданған Ресей Федерациясының (бұдан әрі - РФ) Халықаралық дамуға жәрдемдесуге қатысу тұжырымдамасының ережелеріне сәйкес келеді, онда 2010 - 2012 жылдарға жоспарланған ХДЖ көлемі жылына 500 млн. АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.
      2008 жылғы қыркүйекте РФ Сыртқы істер министрлігіне ведомстволық бағынысты «Россотрудничество» федералдық агенттігі құрылды, оның міндетіне Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі интеграциялық процестерге ықпал ету, шетелдерде тұратын отандастарға көмек, орыс тілі мен мәдениетін қолдау және ілгерілету кіреді.
      Қазіргі таңда РФ Үкіметінде Россотрудничествоға халықаралық дамуға жәрдемдесуге өкілеттік беру мәселесі пысықталуда.
      Болгария. «Болгария Республикасының даму бойынша халықаралық ынтымақтастыққа қатысу саясаты туралы» Болгария Үкіметінің 2011 жылғы  1 тамыздағы № 234 қаулысының 1-бабына сәйкес даму бойынша ынтымақтастық саласындағы Болгария саясаты Болгария Республикасының сыртқы саясатының ажырамас бөлігі болып табылады.
      Сонымен қатар, аталған қаулының 6-бабының тармақшаларында мыналар көрсетілген:
      1) Сыртқы істер министрі даму саясатын қалыптастыру және іске асыру жөніндегі қызметті басқарады;
      2) 1-тармақ бойынша өз функцияларын орындау үшін Сыртқы істер министріне Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетеді;
      3) Болгария Республикасының әріптес елдердегі елшіліктері мүдделі тұлғалармен байланысты қолдай отырып, даму саясатын қалыптастыру және іске асыру процесіне қатысады әрі саясаттың мазмұны мен ынтымақтастықты іске асыру нысандарына қатысты ұсыныстар береді;
      4) халықаралық ұйымдар жанындағы Болгария Республикасының тұрақты өкілдіктері даму мәселелеріндегі тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеуді қоса алғанда, даму саясатын қалыптастыру және келісу жөніндегі жұмысқа қатысады, даму және даму саясатының басқа мәселелері бойынша ынтымақтастықтың көпжақты тетіктеріне Болгария Республикасы қатысуының мәселелері бойынша басқа донор елдермен және әріптес елдермен үйлестіруде жәрдем көрсетеді.
      Норвегия. NORAD дамудағы ынтымақтастық жөніндегі норвегиялық агенттігі Сыртқы істер министрлігі жанындағы құрылымдық бөлімше болып табылады. NORAD құзыретіне норвегиялық үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар арқылы жіберілетін, сондай-ақ зерттеу мақсаттарына және бизнесті дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражатты басқару кіреді. Сонымен қатар, NORAD жобаларды бағалаумен және тәуелсіз зерттеушілер мен консультанттарды тартумен, сондай-ақ көрсетілген көмектің нәтижелері туралы есептер дайындаумен айналысады. 1968 жылы құрылған агенттік өзінің тиімділігін дәлелдеді.
      NORAD қызметі Сыртқы істер министрлігінің арнайы нұсқаулықтарымен регламенттелген.
      NORAD норвегиялық үкіметтің техникалық қосалқы мекемесі болып табылатындықтан және барлық салаларда тәжірибесі болмағандықтан, Сыртқы істер министрлігі түрлі жобаларды іске асыруға тиісті министрліктер мен ведомстволарды тартады.

ДРК мақсаттары мен міндеттері

      ДРК саласындағы Қазақстан Республикасының саясаты мынадай мақсаттарды көздейтін болады:
      1) кедейшілік, халықаралық қылмыс, есірткінің жасырын айналымы және заңсыз көші-қон проблемаларын қоса алғанда, орнықты дамудың жаһандық және өңірлік проблемаларын шешуге жәрдем көрсету;
      2) әлеуметтік бағдарланған экономика құру процестеріне жәрдемдесу;
      3) шет елдермен саяси, экономикалық, білім, қоғамдық, мәдени және ғылыми байланыстарды дамыту;
      4) қазақстандық шекара периметрі бойынша тату көршілік белдеуін қалыптастыру;
      5) әріптес елдермен сауда-экономикалық ынтымақтасты дамыту және капитал, тауарлар, қызметтер және жұмыс күштері нарықтарының интеграция процестерін ынталандыру;
      6) әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстан Республикасының беделін нығайту және жағымды қабылдауға жәрдемдесу.
      Тұжырымдаманың міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасында ДРК жүйесін қалыптастыру;
      2) ұлттық заңнамада ДРК-ні құқықтық регламенттеу;
      3) халықаралық құрылымдармен және шет мемлекеттермен ДРК саласындағы қатынастарды орнату және дамыту;
      4) тиісті бейіндегі кадрларды қалыптастыру;
      5) халықаралық қоғамдастықты және Қазақстан халқын ДРК саласындағы қызмет туралы хабардар ету болып айқындалады.

Орындау мерзімі және межеленген нәтижелер

      Қазақстанның ДРК-ні іске асыруы екі жақты да, көп жақты да негіздегі көмек түрінде іске асырылатын болады. Соңғысы, басқаларымен қатар, ерікті жарналарды халықаралық ұйымдарға, БҰҰ арнайы бағдарламаларына, қорлары мен мекемелеріне және даму бойынша жобаларды іске асыратын басқа да ұйымдарға енгізуді, сондай-ақ басқа донорлармен бірлесіп, жаһандық қорлардың, қаржы институттарының және БҰҰ жүйесі ұйымдарының жобаларына демеушілік етуге қатысуды білдіреді.
      ДРК саласындағы тәжірибенің болмауын ескере отырып, Қазақстан үшін ДРК тетігін кезең-кезеңімен енгізуді жүзеге асыру неғұрлым дұрыс болып табылады. ДРК-нің мұндай қадамдық дамуы кәдімгі халықаралық практика болып табылады.
      Бірінші кезең. Іске асыру мерзімі 5 жылға дейін.
      Түпкілікті нәтижеге бағдарланған халықаралық көмек көрсету тұрғысынан жұмылдырылған министрліктер мен ведомстволардың бәрінің жұмысының жолға қойылуының түйінді маңызы бар.
      Осыған байланысты, мынадай іс-шаралар жүзеге асырылатын болады:
      1) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде (бұдан әрі - ҚР СІМ) дамуға ресми көмек көрсету жөнінде құрылымдық бөлімше құру және ДРК-ні ұсыну саласында білікті мамандарды даярлау.
      ҚР СІМ рөлін күшейту кең таралған халықаралық тәжірибемен қатар, дамуға көмекті сыртқы саясаттың құрамдас бөлігі ретінде ұғынуды есепке ала отырып, аталған функцияны қолда бар заңнамалық актілер шеңберінде іске асыруға мүмкіндік беретін ұлттық заңнамаға да негізделген.
      «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарына мынадай міндеттер жүктеледі: Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгі бағыттарын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне тиісті ұсыныстар беру; Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделін нығайтуға жәрдемдесу.
      Бастапқы кезеңде бұл оңтайлы конфигурация ретінде ұсынылады. БҰҰ Даму бағдарламалары тиісті жобаларының қолдауымен шет елдердің сыртқы істер министрліктерінің мұндай құрылымдық бөлімшелері уақыт өте келе ДРК-нің толыққанды агенттіктері болып ұлғайды.
      Құрылған құрылымдық бөлімше Тұжырымдаманы іске асыруды жалғастырады, оның ішінде, құқықтық базаны әзірлеуге кіріседі, ҚР СІМ шеңберінде ДРК-ні үйлестірумен, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты тереңдетумен айналысатын болады;
      2) ДРК-нің құқықтық базасын құру екінші кезеңге өтудің түйінді шарты болып табылады.
      «Дамуға ресми көмек туралы (жұмыс атауы) Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау және «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер енгізу ДРК тетігін, оның түрлерін, қаржылық жоспарлау қағидаттарын нақты регламенттеуге, оны көрсету талаптарын, техникалық сүйемелдеу және кейінгі мониторингілеу тәртібін айқындауға бағытталатын болады;
      3) Дамуға көмек көрсету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асыруда ҚР СІМ үйлестіруші рөлі мен функцияларын нығайту және ДРК-нің нақты бейінді тақырыптық бағыттарын, сондай-ақ үшжақты ынтымақтастық бағдарламаларын (донор елдер, реципиент елдер және үшінші құрылым, мысалы реципиент елдегі БӨӨ Даму бағдарламасының офистері) тұжырымдау және іске асыру бөлігінде Қазақстан Республикасының барлық мүдделі министрліктерімен және ведомстволарымен тығыз өзара іс-қимыл жасауды жолға қою.
      Жалпы, ҚР СІМ-нің тиісті рөлі мен функцияларын нығайту құрылған құқықтық базадан туындайтын болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген түзетулер ДРК саласындағы мемлекеттік органдар  және ұйымдар қызметін үйлестіру бойынша ҚР СІМ-ге қосымша құқықтар береді;
      4) негізгі донорлармен, ЭЫДҰ-мен, БҰҰ Даму бағдарламасымен және  БҰҰ-ның басқа да агенттіктерімен, халықаралық даму институттары - Халықаралық қайта құру және даму банкімен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен, Ислам даму банкімен, «жаңа донорлармен» мазмұнды әріптестік байланыстарды дамыту.
      Бірқатар елдерде мұндай әріптестік кадрлық әлеуетті өсіріп, халықаралық тәжірибеге сәйкес ДРК стратегиясы мен тактикасын жасауға, сондай-ақ көмек алушы елдерде алғашқы жобаларды бірлесіп іске асыруды бастауға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасында БҰҰ жүйесінің үйлестіруші резидентін қатыстыру даму жобаларымен де, гуманитарлық мәселелермен де айналысатын БҰҰ құрылымдарының кең тобының қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
      5) ДРК-нің негізгі тақырыптық, бағдарламалық және қаржылық параметрлері пысықталатын, негізгі әріптестермен өзара іс-қимыл стратегиясы жазылатын, ішкі және сыртқы факторларға байланысты ДРК даму сценариі және өзгелері белгіленетін ДРК-нің орта мерзімді іс-шаралар жоспарын дайындау.
      Мұндай жоспардың болуы, көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, барлық мүдделі тараптар жұмысының үйлестірілгендігінің және қаржыландыру орнықтылығының кепілі. Оның көпжылдық сипаты - ЭЫДҰ ұсынып отырған және барлық жетекші донорлар қолданатын тәсіл;
      6) келешекте ДРК-ні іске асыруға қатысатын Қазақстан Республикасының қоғамдық және сараптамалық ұйымдар тобын құру;
      7) жиынтық нәтижеге қол жеткізу үшін әртүрлі жеке тұлғалар мен ізгілік ұйымдарының, отандық та, Қазақстан Республикасындағы халықаралық ұйымдар филиалдарының да қатысу мүмкіндігін ескеру маңызды. Бұл болашақта мемлекеттік және қоғамдық секторлар арасындағы шет мемлекеттерге көмекті жүзеге асыруда әртүрлі бағыт алуды болдырмауға мүмкіндік береді;
      8) халықты хабардар ету және есептілік. ДРК ауқымына және басымдықтарына қарамастан, оның табысты болуы, көбінесе, ел халқының да, халықаралық қоғамдастықтың да ол туралы қаншалықты тиімді хабардар етілуіне байланысты. Ел ішіндегі қоғамдық қолдау мемлекет басшылығының саяси бейімділігінің факторы ретінде маңызды. ДРК біршама жаңа құбылыс болып табылатын елдерде, әсіресе, ішкі проблемалардың шешілмегендігін ескере отырып, жалпы жұртшылыққа басқа елдерге көмек көрсетудің мәнін түсіндіру міндеті тұр. Жұртшылық және баспасөз өкілдері үшін тұрақты брифингтер өткізу жөн болмақ.
      ДРК саласында жасалған жұмыс туралы жыл сайынғы есептілікті тәжірибеге енгізу маңызды.
      Екінші кезең. Іске асыру мерзімі: мерзімі жоқ.
      ҚР СІМ-де шетелдік әріптестермен жұмыс істеу және шет мемлекетте Қазақстандық ДРК-ні іске асыру мониторингін жүргізу мүмкіндігінің болуына қарамастан, бірінші кезең аралық болып табылады. Көмек бағдарламаларын сапалы іске асыру және бақылау үшін жұмыстың едәуір икемді мүмкіндіктерін беретін жеке құрылым құру талап етіледі.
      Халықаралық тәжірибені есепке ала отырып, қажет болған жағдайда ҚР СІМ-ге ведомстволық бағынысты «Дамуға көмек және техникалық жәрдемдесу бойынша KAZAID қазақстандық агенттігі» (бұдан әрі - KAZAID) деген жұмыс атауымен мамандандырылған ұйым құрылады, оның ұйымдық-құқықтық нысаны кейін айқындалатын болады.
      Осылайша, үйлестіруші рөл ҚР СІМ-ге жүктеледі, ал ДРК-ні іске асыру және техникалық сүйемелдөу құрылған заңды тұлғаға бекітіледі.
      KAZAID-ке әр түрлі салалардың (білім, құрылыс, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және басқалар да) мамандары кіреді, олар іске асырылатын жобаларға байланысты белгілі бір кезеңге жалданады. Сондай-ақ, ДРК бағдарламаларын орындау үшін әріптестер және мердігерлер ретінде қосымша сарапшылар мен ұйымдар тартылатын болады.
      Халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, қазақстандық ДРК субъектілері (ҚР СІМ, KAZAID, мүдделі мемлекеттік органдар) мен ізгілік көмек көрсететін құрылымдарды біріктіретін ақпараттық портал құру көзделеді.
      Екінші кезеңді іске асыру Қазақстанның қолда бар экономикалық мүмкіндіктеріне және сарапшылық әлеуетіне байланысты болады, тиісінше қолайлы және қолайсыз экономикалық көрсеткіштер, сондай-ақ бейінді мамандардың болуы немесе болмауы орындау мерзімдерін түзететін болады. Бұдан басқа, бірінші кезең шеңберінде шаралар қабылдау ДРК Тұжырымдамасына және оны іске асыруға айтарлықтай өзгерістер енгізуі мүмкін.
      ДРК жүйесін қалыптастыру нәтижесі мыналар:
      1) шет елдердің дамуына көмек көрсету бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін нақты үйлестіру;
      2) халықаралық қоғамдастықтың және Қазақстан халқының дамуға жәрдемдесу және жаһандық проблемаларды шешу жөніндегі Қазақстан Республикасының қабылдаған іс-қимылдары туралы хабардар болуы;
      3) реципиент елдің ақшалай қаражатты мақсатты пайдалануына мониторинг, сондай-ақ ДРК мақсаттарына арналған бюджеттік жоспарлау және бюджет қаражатын жұмсау дәйектілігі, болжамдылығы;
      4) еліміздің халықаралық аренадағы рөлін арттыру болады.

2-бөлім. ДРК дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      ДРК-ні іске асырудағы Қазақстан Республикасы саясатының қағидаттары:
      1) донор жәрдем алушы елдермен қағидатты «тең» өзара іс-қимыл жасайтын ынтымақтастықтың деңгейлес үлгісіне назар аудару;
      2) Қазақстанның құзыреті жоғары деңгейдегі бірнеше салаларда тәжірибе және білім кешенін беру мақсатында техникалық жәрдемдесу басымдығы;
      3) көмекті ұсыну және пайдалану туралы шешімдер қабылдау процесінің ашықтығы;
      4) ДРК мақсаттарына бөлінетін республикалық бюджет қаражаты шығындарының тұрақтылығы және болжамдылығы;
      5) басқа екіжақты және көпжақты донорлар іс-қимылдарымен дамуға жәрдемдесу саласында Қазақстан қабылдайтын шараларды үйлестіру;
      6) ДРК-нің қайталанатын бағдарламаларының санын қысқарту;
      7) ДРК тиісті жобалары мен шараларының экологиялық және әлеуметтік салдарларын есепке алу;
      8) алушы мемлекеттің Қазақстанмен ынтымақтастығының екіжақты қатынастарын үдемелі дамытуға мүдделілігін білдіру;
      9) әрбір көмек алушы мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық ерекшеліктерін жан-жақты есепке алуды көздейтін жеке тәсіл қолдану.
      Қазақстан ұсынатын ДРК реципиент ел тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді Қазақстаннан сатып алуға міндетті болатын мақсатсыз да; реципиент ел тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді кез келген өнім берушілерден және үшінші елдерден сатып ала алатын мақсатсыз да болуы мүмкін.
      Қазақстан Республикасының ДРК мынадай секторлы басымдықтарға:
      1) ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігіне;
      2) қоршаған ортаны қорғауға;
      3) жанжалдарды реттеуге және қауіпсіздікке;
      4) трансұлттық қылмысқа қарсы күреске;
      5) білім беруге;
      6) денсаулық сақтауға, соның ішінде, тамақтану сапасы, дәрі-дәрмекке қол жетімділік, инфекциялық ауруларға қарсы күрес;
      7) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге;
      8) кедейшілікті, соның ішінде, экономикалық өсуді ынталандыру және көмек алушы елдерде кәсіпкерлікті қолдау арқылы қысқартуға;
      9) сауданы дамытуға бағытталатын болады.

3-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      ДРК-нің заңды шеңберлері ДРК-нің тұрақтылық дәрежесі мен икемділік Шектерін қатар айқындайды, бұл ДРК ұзақ дәстүрге ие болмаған және елдің сыртқы саясатының ажырамас бөлігіне енді айналып жатқан жағдайда ерекше маңызды. Нақты құқықтық базаның, мысалы, ДРК туралы заңның болуы:
      1) түрлі мемлекеттік құрылымдардың міндеттері мен жауапкершіліктерін нақты айқындауға;
      2) ДРК стратегиялық басымдықтары мен мақсаттарын айқындауға шек қоюға;
      3) ДРК-нің бюджеттік процестегі рөлін формальдауға;
      4) ДРК-ні мезеттік саяси мүдделерден қорғауға мүмкіндік береді.
      Заңнамалық акт әзірлеу барысында мынадай жағымсыз сәттерді болдырмау қажет.
      Біріншіден, заңнамалық ресімдеу ДРК жүйесінің икемділігін және оның сыртқы және ішкі факторларға ден қою қабілеттілігін шектеуі мүмкін.
      Екіншіден, ДРК пайымдауының неғұрлым консервативті нұсқасының  заңды ресімделу қаупі бар, бұл келешекте оның дамуына және жаңаруына кедергі келтіреді.
      Сондықтан ДРК-нің қағидаттары мен мәртебесін айқындайтын мазмұны бойынша барынша кең және икемді заңнаманың бар болуы қолайлы көрінеді. Мұндай икемділік мысалы, ДРК-нің тақырыптық шеңберлерін барынша кең тұжырымдауға, ДРК және ресми ізгілік көмек арасындағы синергияны қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамдық және ғылыми топтарды тартуға мүмкіндік береді.
      Өз кезегінде, құқықтық алаңда Тұжырымдаманы іске асыру мынадай заңдарды:
      1) «Дамуға ресми көмек туралы» (жұмыс атауы) Қазақстан Республикасының Заңын;
      2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дамуға ресми көмек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (жұмыс атауы) Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау арқылы жүргізілетін болады.

4-бөлім. ДРК-ні қаржыландыру

      ДРК-ні қаржыландыру көздері мынадай түсімдер болуы мүмкін:
      1) республикалық бюджет қаражаты;
      2) қазақстандық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырымдылықтары мен аударымдары;
      3) «KAZAID» мамандандырылған ұйымның қызметінен түсетін кірістер;
      4) Қазақстанның заңнамасымен рұқсат етілген басқа да түсімдер. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады