Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 895 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 27.12.2018 № 895 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      2018 жылқы 4 шілдедегі № 171-VI ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығын қараңыз.

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары;

      2) Орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары;

      3) Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      4) Орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      5) Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      6) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      7) Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      8) Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      9) Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгілік қағидалары;

      10) Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары;

      11) Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі С. Ахметов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Мектепке дейiнгi ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметiнiң үлгілік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзiрленген. Қағидалар "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымдарын қоспағанда, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – мектепке дейінгі ұйымдар) қызметінiң тәртiбiн айқындайды.

      2. Мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысаны бойынша мемлекеттік және жекеменшік болып табылады.

      3. Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеттері:

      1) балалардың өмірін және денсаулығын қорғау;

      2) тәрбиеленушілердің, оның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі және жеке мүмкіндіктері бар тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін оңтайлы жағдайлар жасау;

      3) сапалы мектепалды даярлықты қамтамасыз ету;

      4) баланың толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін отбасымен өзара іс-қимыл жасау;

      5) ата-аналарға балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және денсаулығын қорғау бойынша консультативтік және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

      4. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының негізгі құрылымдық бірлігі мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілер тобы болып табылады. Топтар жас ерекшелігі бір немесе жас ерекшелігі әртүрлі қағидаты бойынша жасақталады.

      Мектепке дейінгі ұйымдар топтарының толымдылығы Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Топтар тәрбиеленушілердің болу уақыты бойынша бөлінеді және мынадай режимде жұмыс істейді:

      1) толық күн болу;

      2) жарты күн болу;

      3) тәулік бойы болу.

      6. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидалар мен мектепке дейінгі ұйымдар жарғысын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

      7. Мектепке дейiнгi ұйымдар бiр жастан бастап мектеп жасына дейiн жеткенше тәрбиеленушілерді тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету және әлеуметтік бейімдеу, дамыту және медициналық бақылау, сондай-ақ қарау, бағу және сауықтыру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын, мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсету көлемін, оның ішінде балаларға инклюзивті білім беруді іске асыру үшін орындауды қамтамасыз етеді.

      8. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы бекіткен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Балаларды тұрақты немесе уақытша орналасуға қабылдау онда бос орынның болуына қарай жыл бойы жүргізіледі.

      Елді мекеннің ішінде бір мектепке дейінгі ұйымнан басқасына орын алмастыру жас топтары сәйкес келген жағдайда, ата-аналардың және мектепке дейінгі ұйым басшыларының келісімімен жүзеге асырылады.

      9. Мектепке дейінгі ұйымдар өз қызметін мынадай кезеңдер бойынша ұйымдастырады:

      1) 1 маусым мен 31 тамыз аралығында – жазғы сауықтыру кезеңі;

      2) мектепалды даярлық сыныптарындағы оқу процесі ағымдағы жылғы 1 қыркүйек пен келесі жылғы 25 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Оқу жылы ішінде каникулдар белгіленеді;

      3) 1 қыркүйекте 6 (7) жасқа толған балалар мектепке дейінгі ұйымнан жыл сайын 1 тамызға дейін босатылады;

      4) балаларды бір жас тобынан басқасына ауыстыру ағымдағы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады.

      10. Мектепке дейінгі ұйымдарда баланың орны мынадай:

      1) баланың ауырып, медициналық, санаторийлік-курорттық және өзге де ұйымдарда емделген, сауықтырылған (көрсетілімі бойынша анықтама ұсынған жағдайда);

      2) ата-анасының біреуіне немесе баланың өзге де заңды өкіліне еңбек демалысы берілген және бала жаз маусымында екі айға дейінгі мерзімде сауықтырылған (жазбаша өтінішті ұсынған жағдайда) жағдайларда сақталады.

      11. Басшы баланы мектепке дейінгі ұйымдардан мынадай:

      1) баланы ұстау үшін ай сайынғы төлемақы уақтылы төленбеген (төлемақыны белгіленген мерзімнен күнтізбелік 15 күннен астам кешіктіру);

      2) бала бір айдан астам дәлелсіз себеппен және әкімшілікке ескертпей келмеген;

      3) дәрігерлік консультациялық комиссия анықтамасының негізінде баланың келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда шығарады.

      12. Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден алынатын ай сайынғы төлемақы мөлшері:

      1) мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мемлекеттік мектепке дейiнгi ұйымдарда баланың жасына қарамастан тамақтануға кететін шығынның 100 пайызын құрайды;

      2) мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған санаторийлік балабақшаларда, мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды күтіп-бағу тегін негізде ұсынылады;

      3) мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылғандарды қоспағанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мектепке дейінгі ұйымның құрылтайшысы белгілейді.

      13. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдары, оның ішінде жаңадан құрылғандары, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары және педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

2. Мектепке дейiнгі ұйым қызметінің тәртібi

      14. Мектепке дейінгі ұйымды құрылтайшы құрады және ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әділет органдарында тіркеледі. Тіркелгеннен кейін мектепке дейінгі білім беру ұйымы өз қызметінің басталғаны туралы орналасқан орны бойынша құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.

      15. Мектепке дейінгі ұйым қызметін тоқтатқан кезде орналасқан жері бойынша құзыретіне сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органды қызметінің тоқтатылғаны туралы хабардар етеді.

      16. Қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін пайдалану арқылы электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      17. Мектепке дейінгі ұйымдар "Білім туралы" Заңның 41-бабы мен осы Қағидалар негізінде өз жарғысын әзірлейді.

      18. Мектепке дейінгі ұйымдар:

      1) өз жарғысында белгіленген функциялардың орындалуын;

      2) балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауды;

      3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларының толық көлемде іске асырылуын;

      4) педагогикалық процесті ұйымдастыруда қолданылатын нысандардың, әдістердің және құралдардың балалардың жас, психикалық-физиологиялық ерекшелiктерiне, қабілеттеріне, қызығушылықтары мен қажеттілiктеріне сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      19. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардағы штат саны мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына сәйкес белгіленеді.

      20. Білімі және біліктілігінің тиісті деңгейі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттармен расталған, тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.

      Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмысқа:

      1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;

      2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.

      21. Мектепке дейінгі ұйымдар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің аумақтық медициналық ұйымдарымен бірлесіп балаларды ағымдық медициналық бақылауды, иммундауды және профилактикалық тексерулер ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, оны мектепке дейінгі ұйымның штатына кіретін медициналық қызметкерлер жүзеге асырады. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден өтеді.

      22. Мектепке дейінгі ұйымдар балаларды теңгерімді тамақтандыруды қамтамасыз етеді. Балаларды тамақтандыру жас ерекшеліктерін, жұмыс режимін ескере отырып жүргізіледі, оның жиілігі Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне және жарғыға сәйкес айқындалады.

      Мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерінің тамақтану мәдениетін қалыптастыруды, оның ішінде пайдалы теңгерімді тамақтануды әрі табиғи және жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қамтамасыз етеді.

      23. Мектепке дейінгі ұйымдар мектепке дейінгі ұйым басшысы белгілеген тәртіппен білім беру, сауықтыру сипатындағы қосымша ақылы қызметтер көрсетеді. Ақылы қызметтер көрсетуден түскен қаражат мамандарға еңбекақы төлеуге, құралдар сатып алуға, тиісті дамытушы орта құруға бағытталады.

      24. Отбасы мен баланы әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылмаған балалардың ата-аналары үшін мектепке дейiнгi ұйымдарда консультациялық пункттер құрылады.

      25. Мектепке дейiнгi ұйымдарды басқару дара басшылық және алқалық басқару қағидаттарында құрылады. Алқалық басқару нысандары педагогикалық, қамқоршылық кеңестер болып табылады.

      26. Мектепке дейінгi ұйымды тiкелей басқаруды басшы жүзеге асырады. Мектепке дейінгі ұйым басшысы:

      1) мектепке дейінгі ұйымның атынан әрекет етеді, барлық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда оның атынан өкілдік етеді;

      2) қаражатқа иелік етуші болып табылады, шарттар жасасады, сенімхаттар береді, банктерде есептік және басқа да шоттар ашады;

      3) өз құзыреті шегінде мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады, жаза қолданады;

      4) кадрларды іріктеу мен орналастыруды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару құқығын пайдаланады;

      5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандартының талаптарына, Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мектепке дейінгі ұйымдағы оқыту-тәрбиелеу процесін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасайды;

      6) балалардың мүдделерін, отбасы қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қосымша көрсетілетін қызметтерді ұйымдастырады;

      7) баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде ата-анасын немесе заңды өкілдерін жарғымен, қабылдау тәртібі мен оқыту-тәрбиелеу процесін және медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру тәртібін регламенттейтін құжаттармен таныстырады, ата-аналармен немесе заңды өкілдермен шарт жасасады;

      8) мектепке дейінгі ұйымға бекітілген мүліктің сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

      27. Мектепке дейінгі ұйымның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:

      1) тәрбиеленушілердің, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) тәрбиеленушілер мен қызметкерлердің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақшалай қаражатты нысаналы пайдаланбағаны үшін;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптардың өзге де бұзылғаны үшін жауапты болады.

      28. Мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері мектепке дейінгі ұйым дербес әзірлейтін ішкі тәртіп қағидаларында және қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарында нақтыланады. Бұл ретте көрсетілген актілерде тіркелетін құқықтар мен міндеттер Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы" Заңға, өзге де заңнамалық актілер мен мектепке дейінгі ұйым жарғысына қайшы келмеуі тиіс.

      29. Мектепке дейінгі ұйым мен ата-аналар немесе заңды өкілдер арасындағы өзара қарым-қатынас баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдаған кезде жасалатын шартпен реттеледі.

      Шартта баланың мектепке дейінгі ұйымға бару режимі, тамақтану жиілігі, қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерін көрсету деңгейі және ұсыну мерзімі, мектепке дейінгі ұйымда баланы күтіп-бағу ақысының мөлшері, қосымша ақылы қызметтер және өзге де жағдайлар айқындалады.

3. Мектепке дейінгі ұйымдағы оқыту-тәрбиелеу процесі

      30. Оқыту-тәрбиелеу процесінің негізгі қатысушылары балалар, ата-аналар немесе заңды өкілдер, педагог қызметкерлер болып табылады.

      Мектепке дейінгі ұйымдағы оқыту-тәрбиелеу процесі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты негізінде әзірленген бағдарламаларға және оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымның жарғысымен айқындалады.

      Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері тиімді оқыту-тәрбиелеу процесін қамтамасыз ету мақсатында баламалы авторлық бағдарламаларды дербес таңдайды және қолданады, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын сақтау шартымен тәрбиелеудің, оқытудың және сауықтырудың жаңа технологияларын енгізеді.

      31. Мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушісінің, ата-аналары мен қызметкерлерінің қарым-қатынасы оқыту-тәрбиелеу процесіне қатысушылардың өзара сыйластығы және жеке ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиеленушіге даму еркіндігін ұсынуды ескере отырып, ынтымақтастық негізде құрылады.


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Орта білім беру (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) ұйымдары қызметінiң үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарын қоспағанда, олардың меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:

      1) білікті жеке тұлғаны қалыптастыруға және дамытуға бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайлар жасау;

      2) білім алушылардың тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында көзделген базистік ғылыми негіздерді алуын қамтамасыз ету;

      3) жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бітімі мүмкiндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру;

      4) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттiк рәміздерді және мемлекеттік тілді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қадірлеуге, Конституцияға және қоғамға қайшы келетін кез келген көріністерге төзбеушілікке тәрбиелеу;

      5) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке тұлғаны тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне араласу қажеттілігін, жеке тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;

      6) отандық және әлемдік мәдениет жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын басқа да ұлттардың тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу.

      3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      4. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      5. Жеке тұлғаның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізу жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, сырттай, кешкі, экстернат және ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысандарында жүзеге асырылады.

      6. Мемлекет инклюзивті білім беру мақсаттарын іске асыра отырып, білім берудің барлық деңгейлерінде ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтарға олардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне арнайы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.

      7. Денсаулық жағдайы бойынша ұзақ уақыт білім беру ұйымдарына бара алмайтын азаматтар үшін үйде немесе стационарлық көмек көрсететін, сондай-ақ қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту ұйымдарында тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.

      8. Ақылы білім беру қызметтерін іске асыратын мемлекеттiк емес білім беру ұйымдарында білім алушының, оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің өзара қарым-қатынастары оқу мерзімін, оқу үшін төлем мөлшерін, өзге де жағдайларды айқындайтын шартпен реттеледі

      9. Он алты жасқа дейінгі балаларды білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.

      Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншылық және қамқоршылық ұйымдарының келісімімен қабылданады.

      Мемлекеттік білім беру ұйымдарынан шығарылған балалардың жалпы орта білім алуы түзеу мекемелері жанындағы жалпы білім беретін мектепте, кешкі және жекеменшік мектепте немесе экстернат нысанында жалғасады.

      10. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      11. Оқушылар, педагог қызметкерлер, оқушылардың ата-аналары немесе олардың өзге де заңды өкілдері білім беру процесінің субъектілері болып табылады.

      12. Қорытынды аттестаттаудан өткен білім алушыларға білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар және мемлекеттік аттестатаудан өткен білім беру ұйымдары береді.

      Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      13. Педагогтік қызметпен айналысуға тиісті бейіні бойынша арнайы педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдар жіберіледі

      Білім беру ұйымдарындағы жұмысқа:

      1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;

      2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұратын адамдар;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.

      14. Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.

3. Білім беру процесі

      15. Білім беру ұйымдары білім беру процесін орта білім беру деңгейлерінің: бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырады.

      16. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң талпынысы мен алғырлығын: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.

      17. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.

      Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.

      Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.

      18. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бейіндік оқытуды енгізе отырып саралау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді

      19. Білім алушылардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерінiң мүдделерiн ескере отырып және жергiлiктi білім берудi басқару органдарымен келісу бойынша білім беру ұйымдарында инклюзивті сыныптар (бір сыныпта ерекше білім беру қажеттілігі бар екі баладан артық оқытылмауы тиіс) және (немесе) бұзушылық түрлері бойынша арнайы сыныптар ашылуы мүмкiн.

      Инклюзивтік сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен ұсынымдары бойынша жалпы білім берудің оқу бағдарламасы немесе жеке бағдарлама бойынша білім алуы мүмкін.

      Инклюзивтік және (немесе) арнайы сыныптарда оқитын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін түзету сабақтарын арнайы педагогтер (дефектолог, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, логопед және басқалар) жүзеге асырады.

      20. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі оқу жұмыс бағдарламаларына және оқу жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

      21. Білім беру ұйымдарында қосымша білімнің білім беретін оқу бағдарламалары іске асырылады.

      22. Білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспарының негізінде құрылады, жылдық күнтізбелік жұмыс оқу кестесімен және сабақтар кестесімен регламенттеледі.

      23. Білім беру ұйымдары оқу жоспарының вариативтік компонентінің сағаттарын мектептен тыс жерде (мәдениет, спорт мекемелерінде, әскери объектілерде, зерттеу зертханаларында, өнеркәсіптік кәсіпорындарда және т.б.) өткізуге құқылы.

      24. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитариялық қағидалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.

      25. Білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерді медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылады.

      Білім беру ұйымдарындағы медициналық пункттердің ең шағын үй-жайлары медициналық қызметкердің кабинеті мен ем-шара кабинетін қамтиды.

      26. Білім беру ұйымындағы сабақтар кестесін оның басшысы не оны алмастыратын тұлға бекітеді.

      27. Сабақ кестесінде оқу сабақтарының күнделікті саны, ұзақтығы және реті көрсетіледі.

      Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілістерді көздейді.

      28. Білім беру ұйымдары білім алушылардың бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында оқушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.

      29. Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды жүзеге асыру және оларға аралық аттестаттау жүргізу нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.

      30. Білім беру ұйымдары өздерінің жарғыларында айқындалатын оқыту нысандарын, құралдарын және әдістерін дербес таңдайды.

      31. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және шет тілдерінің біреуін оқып-үйренуін қамтамасыз етеді.

      32. Меншік нысандарына қарамастан барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың тамақтану мәдениетін қалыптастыруды, оның ішінде үйлестірілген пайдалы тамақтану және табиғи, жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қамтамасыз етеді.

      33. Педагог қызметкер жыл сайынғы медициналық тексеруден, сондай-ақ бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан өтеді.

      Орта білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мемлекеттік білім беруді басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы тәртіппен бес жылда бір рет өткізеді.

4. Білім беру ұйымдарын басқару

      34. Білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, осы Қағидаларды және білім беру ұйымының жарғысын басшылыққа алады.

      Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.

      35. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамқоршылық кеңестің келісімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      36. Білім беру ұйымының басшысы:

      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.

      37. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, техникалық және кәсіптік бiлiм берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымы) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Техникалық және кәсіптік бiлiм негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждер мен жоғары колледждерде алынады.

      3. Техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымдарының алдында мынадай мiндеттер тұр:

      1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

      2) білім алушылармен кәсіби бағдарлау жұмыстарын қамтамасыз ету;

      3) теориялық оқыту, өндірісте оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге білімге негізделген өзінің жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамыту;

      4) кәсіптік білім берудің қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне уақытында бейімделуіне ықпал ететін оқытудың жаңа технологияларын ендіру және тиімді пайдалану;

      5) техникалық және кәсіптік бiлiм беру жөніндегі білім беру бағдарламалары мен өндірісті ықпалдастыру.

      4. Техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымдары өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген білім беру ұйымдарының жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.

      5. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және білім алушыларға білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар болып табылады.

2. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      6. Техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымдары "Білім туралы" Заңда, осы Қағидалар мен техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары жарғыларында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастыруда дербес болады.

      7. Ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, кәсіптік және техникалық білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      8. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      9. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу-тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу болып табылады.

      10. Оқу-тәрбие жұмысын жоспарлау оқу жоспарлары мен бағдарламаларының толық көлемде уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс.

      Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие жұмысын жоспарлау оқу жылына арналып бекітілген оқу-тәрбие процесінің кестесі мен теориялық және практикалық сабақтардың бекітілген кестесі негізінде жүзеге асырылады.

      Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие жұмысының есебі теориялық және өндірістік оқытуды есепке алу журналдарын және оқу сағаттарында оқу бағдарламаларының орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      11. Оқу жұмыс жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламаларын тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде техникалық және кәсіптік бiлiм берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары әзірлейді.

      Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары техникалық және кәсіптік білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес әзірленеді.

      12. Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымдарында білім алуға қолжетімділік жағдайларының жасалуына қарай оқыту мынадай нысандарда жүзеге асырылады: күндізгі, кешкі және сырттай бөлім (сырттай, кешкі нысанда білім алу рұқсат етілмейтін жекелеген кәсіптер мен мамандықтардан басқа).

      Әскери мамандықтар бойынша үлгілік білім беру бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді.

      13. Техникалық және кәсіптік бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес белгіленеді.

      14. Білім алушыларды ауыстыру тәртібі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Білім беру ұйымдарының түрлері бойынша білім алушыларды ауыстыру және қабылдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      17. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      18. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан оқу жылы оқу процесінің кестесіне сәйкес басталады және аяқталады.

      Білім алушыларға толық оқу жылы ішінде кемінде екі рет, жылына жалпы ұзақтығы 11 аптадан көп емес, оның ішінде қысқы мерзімде 2 аптадан кем емес демалыстар белгіленеді.

      Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақ кестесі оқу процесінің кестесіне және жұмыс оқу жоспарларына сәйкес жасалaды.

      Аудиториялық сабақтардың барлық түрлері үшін 5 минуттық үзіліспен ұзақтығы 45 минут академиялық сағат белгіленеді, 2 академиялық сағаттан кейін 10 минуттық үзiлiспен қосарланған сабақтарға рұқсат беріледі.

      Білім алушылардың тамақтануы және белсенді демалуы үшін 2 қосарланған сабақтан кейін ұзақтығы кемінде 15 минут үзіліс көзделеді.

      Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім алушылардың тамақтану мәдениетін, оның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтануды насихаттау арқылы қалыптастыруды қамтамасыз етеді.

      19. Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      20. Техникалық және кәсіптік білімнің бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сабақтар, дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар, зертханалық, бақылау және өзіндік жұмыстар, консультациялар, әңгімелесулер, факультативтік сабақтар, курстық және дипломдық жобалар (курстық және дипломдық жұмыстар) және практикалар түрінде өткізіледі.

      21. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім беру процесінің қатысушылары білім алушылар, педагог қызметкерлер, ата-аналар немесе кәмелетке толмаған білім алушылардың өзге де заңды өкілдері болып табылады.

      22. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында бiлiм алушыларға студенттер, кадеттер, курсанттар, тыңдаушылар жатады.

      23. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлерге техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушыларды оқытуға және тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар жатады.

      24. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны мен педагог қызметкерлер лауазымдарының тізбесі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарының және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдардың тізбесі негізінде айқындалады.

      25. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      26. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне байланысты оқу-тәрбие процесін басқару үшін мамандықтар (кәсіптер) топтары, оқыту нысаны мен тілдері бойынша бөлімдер және басқа да құрылымдық бөлімшелер құрылады.

      27. Бөлімшеге басшылықты техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының басшысы тағайындайтын меңгеруші жүзеге асырады.

      Бөлімше меңгерушісі:

      1) бөлімшедегі оқу және тәрбие жұмысын ұйымдастыруды және тікелей басқаруды;

      2) оқу жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын;

      3) білім алушылар үлгерімінің есебін ұйымдастыруды;

      4) білім алушылардың тәртібін бақылауды;

      5) курстық және дипломдық жобалау кезеңінде білім алушылардың жұмысын бақылауды;

      6) стипендиялық комиссияның (күндізгі нысан) жұмысына қатысуды;

      7) бөлімше бойынша жұмысты есепке алуды және есеп беруді қамтамасыз етеді.

      28. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (күндізгі, сырттай, кешкі) бөлімшелер кадрлар даярлау кезінде бір немесе бірнеше мамандықтар бойынша құрылады.

      29. Білім алушылардың кәсіптік практикасы және оларды өндiрiстiк оқыту оқу-өндiрiстiк шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында, сондай-ақ тиісті бейіндегі өндірісте және ұйымдарда жүзеге асырылады.

      Өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларына сәйкес оқу-өндiрiстiк жұмыстарды орындау, оның ішінде өнімдер (тауарлар, жұмыстар және қызметтер көрсету) шығаруды ұйымдастыруды көздейді.

      Білім алушыларды өндiрiстiк оқыту оқу-өндiрiстiк шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында жүзеге асырылады.

      Білім алушылардың кәсіптік практикасы оқу-өндiрiстiк шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында шарттар негізінде жұмыс берушілер ұсынатын үйрету орындарында жүзеге асырылады.

      Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары оқу-өндiрiстiк шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқыту полигондарында шығарылатын өз өндірісінің өнімдерін сатады.

      30. Кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кәсіптік практиканы өткізу мен ұйымдастыру және практика базасы ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларының негізінде жүзеге асырылады.

      31. Оқу-өндірістік шеберханалар, оқу шаруашылықтары, оқу полигондары – мамандықтар бойынша кадрларды даярлау бейініне байланысты жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларының мазмұнын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын кәсіптік білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері.

      Оқу-өндірістік шеберханалар:

      1) теориялық оқытуды өндірістік еңбекпен үйлестіруді;

      2) білім алушылардың оқу жоспары мен бағдарламаларына сәйкес кәсіптік дағдылар алуын;

      3) өнім шығаруды ұйымдастыруды, шеберханалар үшін құрал-саймандар мен құрылғыларды, кабинеттер мен зертханалар үшін көрнекі құралдар мен аспаптар жасауды, сондай-ақ жабдықтарды, машиналар мен тетіктерді жөндеуді;

      4) кәсіпорындарға, ұйымдарға және халыққа ақылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін оқу және өндірістік база болып табылады.

      Оқу шаруашылықтарында өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы технологиялары бойынша (оқу шаруашылығының алқаптары мен фермаларында) әртүрлі зертханалық-практикалық сабақтар мен ауыл шаруашылығы жұмыстарының түрлері өткізіледі.

      Оқу полигондарында автомобильдерді, тракторларды, әртүрлі өзі жүретін машиналарды жүргізу, әртүрлі жабдықтар мен тетіктерге қызмет көрсету және пайдалану бойынша оқыту жүргізіледі.

      32. Оқу шеберханаларында, оқу шаруашылықтарында оқу-өндірістік жұмыстарды орындау бойынша тізбені, мазмұны мен талаптарды кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жұмыс берушілермен келісу бойынша тікелей техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары айқындайды.

      33. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      34. Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.

      35. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды өз құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік білім беруді басқару органдары жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

      Техникалық және кәсіптік білімнің, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

      Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары аккредиттеу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге аккредиттелген білім беру бағдарламалары (мамандықтар) бойынша мемлекеттік аттестаттау рәсімінен босатылады.

      Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын жаңадан құрылған білім беру ұйымдарында бірінші мемлекеттік аттестаттау мамандардың алғашқы бітірген жылынан кешіктірілмей өткізіледі.

      36. Техникалық және кәсiптiк білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жыл сайын тегiн медициналық зерттеп-қараудан өтеді.

      37. Білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлігін арттыру және әдістемелік жұмысты жетілдіру мақсатында техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.

      Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын алқалы басқару нысандары педагогикалық, оқу-әдістемелік, қамқоршылық кеңестер болып табылады.

      Техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының алқалы органдарының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.

      38. Кітапхана қорының болуы толық оқу кезеңінде білім алушылар контингентіне қарай үлгілік оқу жоспарларына, техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларына сәйкес қалыптастырылады.

      39. Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, техникалық және кәсіптік бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алуға қолжетімділік жағдайларының жасалуына қарай оқыту күндізгі, кешкі, сырттай, экстернат және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және меншiк нысанына қарамастан орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – орта білімнен кейінгі білім беру ұйымы) қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары білікті жұмысшы кадрларды, орта буын және орта (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) білімі бар азаматтар арасынан қолданбалы бакалавр мамандарын даярлауға бағытталған.

      3. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының алдында мынадай мiндеттер тұр:

      1) ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

      2) білім алушылардың кәсіби бағдарлануын қамтамасыз ету;

      3) жалпы оқыту, жұмыс орнында оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әрбір адамға білімге негізделген өзінің жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмек беретін өмір бойы оқыту жүйесін дамыту;

      4) білім алушылардың дұрыс тамақтану мәдениетін, оның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтануды насихаттау арқылы қалыптастыру.

      4. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген білім беру ұйымдарының жарғыларына сәйкес жүзеге асырады.

      5. Ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.

2. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      6. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары күндізгі нысан бойынша оқитын тиісті контингент болған жағдайда негізгі түрі колледж, жоғары колледж болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.

      7. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Қағидалар мен орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының жарғысында белгіленген шектерде оқу және тәрбие процестерін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржылық-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.

      8. Оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жоспарлау мен есепке алу болып табылады.

      9. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмысын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің кестесі мен теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.

      Оқу-тәрбие процесінің кестесі мен оқу сабақтарының кестесін орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

      Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмысының есебі теориялық және өндірістік оқытуды есепке алу журналдарын және оқу бағдарламаларының оқу сағаттарында орындалуын есепке алу табельдерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      10. Оқу жұмыс жоспарлары мен оқу жұмыс бағдарламаларын тиісті үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары әзірлейді және олар жұмыс берушілермен келісіледі.

      Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары тиісті білім деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес әзірленеді.

      11. Жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнына, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алуға қолжетімділік жағдайларының жасалуына байланысты оқыту күндізгі, кешкі, сырттай оқу, экстернат және ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдар (балалар) үшін қашықтықтан оқыту нысанында жүзеге асырылады.

      12. Орта білімнен кейінгі ұйымдарға оқуға қабылдау тәртібі Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес белгіленеді.

      13. Білім алушыларды ауыстыру тәртібі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен Білім беру ұйымдарының түрлері бойынша білім алушыларды ауыстыру және олардың оқуын қалпына келтіру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және "Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы" 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу жылы 1 қыркүйекте басталады және оқу процесінің кестесіне сәйкес аяқталады.

      Білім алушыларға толық оқу жылы ішінде кемінде екі рет, жылына жалпы ұзақтығы 11 аптадан көп емес, оның ішінде қысқы мерзімде кемінде 2 апта демалыс белгіленеді.

      Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақ кестесі оқу процесінің кестесіне және оқу жоспарларына сәйкес жасалaды.

      Аудиториялық сабақтардың барлық түрлері үшін 5 минуттық үзіліспен ұзақтығы 45 минут академиялық сағат белгіленеді, 10 минуттық үзiлiспен қосарланған сабақтарға рұқсат етіледі.

      17. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқу сабақтары сабақтар, дәрістер, семинарлар, практикалық сабақтар, зертханалық, бақылау және өзіндік жұмыстар, консультациялар, әңгімелесулер, факультативтік сабақтар, курстық және дипломдық жобалар, жұмыстар және оқу сабақтарының басқа да нысандары түрінде өткізіледі.

      18. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім беру процесіне қатысушылар білім алушылар мен ата-аналар, педагог қызметкерлер мен кәмелетке толмаған білім алушылардың заңды өкілдері болып табылады.

      19. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында бiлiм алушыларға студенттер, курсанттар, тыңдаушылар жатады.

      20. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлерге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында оқытумен және тәрбиелеумен байланысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар жатады.

      21. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің саны мен педагог қызметкерлер лауазымдарының тізбесі Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы бекіткен мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттары және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесі негізінде айқындалады.

      22. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      23. Мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне қарай оқу-тәрбие процесін басқару үшін орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, қажет болған жағдайда одан тыс жерлерде мамандықтар (кәсіптер) топтары бойынша бөлімшелер және басқа да құрылымдық бөлімшелер құрылады.

      Бөлімшелер (күндізгі, сырттай, кешкі) бір немесе бірнеше ұқсас мамандықтар мен кәсіптер бойынша кадрлар даярлау кезінде құрылады.

      24. Бөлімшеге басшылықты орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын меңгеруші жүзеге асырады.

      Бөлімше меңгерушісі:

      1) бөлімшедегі оқу және тәрбие жұмысын ұйымдастыруды және тікелей басқаруды;

      2) оқу жоспарлары мен бағдарламаларының орындалуын;

      3) білім алушылар үлгерімінің есебін ұйымдастыруды;

      4) білім алушылардың тәртібін бақылауды;

      5) курстық және дипломдық жобалау кезеңінде білім алушылардың жұмысын бақылауды;

      6) стипендиялық комиссияның (күндізгі нысан) жұмысына қатысуды;

      7) бөлімше бойынша жұмысты есепке алуды және есеп беруді қамтамасыз етеді.

      25. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (күндізгі, сырттай, кешкі) бөлімшелер кадрлар даярлау кезінде бір немесе бірнеше мамандықтар бойынша құрылады.

      26. Кәсіптік практиканы өткізу үшін орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары шарттық негізде (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің білім беру ұйымдарынан басқа) практиканың базасы ретінде ұйымдарды айқындайды, олармен келісілген практиканы өткізудің оқу бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерді бекітеді.

      27. Оқу-өндірістік шеберханалар, оқу шаруашылықтары, оқу полигондары – мамандықтар бойынша кадрлар даярлау бейініне қарай мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларының мазмұнын іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын кәсіптік білім беру ұйымдарының құрылымдық бөлімшелері.

      Оқу-өндірістік шеберханалар:

      1) теориялық оқытуды өндірістік еңбекпен үйлестіруді;

      2) білім алушылардың оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес кәсіптік дағдылар алуын;

      3) өнім шығаруды ұйымдастыруды, шеберханалар үшін құрал-саймандар мен құрылғыларды, кабинеттер мен зертханалар үшін көрнекі құралдар мен аспаптар жасауды, сондай-ақ жабдықтарды, машиналар мен тетіктерді жөндеуді;

      4) кәсіпорындарға, ұйымдарға және халыққа ақылы қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін оқу және өндірістік база болып табылады.

      Оқу шаруашылықтарында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы (оқу шаруашылығының алқаптары мен фермаларында) технологиялары бойынша зертханалық-практикалық сабақтар мен ауыл шаруашылығы жұмыстарының алуан түрлері өткізіледі.

      Оқу полигондарында автомобильдерді, тракторларды, әртүрлі өзі жүретін машиналарды жүргізу; әртүрлі жабдықтар және тетіктермен қызмет көрсету және оларды пайдалану бойынша оқыту жүргізіледі.

      28. Оқу шеберханаларында, оқу шаруашылықтарында оқу-өндірістік жұмыстарды орындау жөніндегі тізбені, мазмұны мен талаптарды кадрлар даярлау жүзеге асырылатын жұмыс берушілермен келісу бойынша тікелей орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын бiлiм беру ұйымдары айқындайды.

      29. Кәсіптік практика мен өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында, сондай-ақ тікелей тиісті бейіндегі өндірісте және ұйымдарда жүзеге асырылады.

      Өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың оқу бағдарламаларына сәйкес оқу-өндірістік жұмыстарды орындау, оның ішінде өнімдер (тауарлар, жұмыстар, қызметтер көрсету) шығаруды көздейді.

      Білім алушыларды өндірістік оқыту оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында жүзеге асырылады.

      Білім алушылардың кәсіптік практикасы оқу-өндірістік шеберханаларда, зертханаларда, полигондарда, білім беру ұйымдарының оқу шаруашылықтарында шарттар негізінде жұмыс берушілер ұсынатын үйрету орындарында жүзеге асырылады.

      Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтарында және оқыту полигондарында шығарылатын өз өндірісінің өнімдерін сатады.

      30. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес дара басшылық пен алқалылық қағидаттарында жүзеге асырылады.

      31. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.

      32. Орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      33. Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық зерттеп-қараудан өтеді.

      Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге:

      1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;

      2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.

      34. Білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын, оқытушылардың педагогикалық шеберлігін арттыру және әдістемелік жұмысты жетілдіру мақсатында орта білімнен кейінгі бiлiм беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында алқалық басқару органдары құрылады.

      35. Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      36. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды өз құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік білім беруді басқару органдары жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

      Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін мемлекеттік аттестаттау мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

      Аккредиттеу органдарының, аккредиттелген білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдары аккредиттеу мерзіміне, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге аккредиттелген білім беру бағдарламалары (мамандықтар) бойынша мемлекеттік аттестаттау рәсімінен босатылады.

      Медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жаңадан құрылған білім беру ұйымдарында бірінші мемлекеттік аттестаттау мамандардың алғашқы бітірген жылынан кешіктірілмей өткізіледі.

      37. Кітапхана қорының болуы толық оқу кезеңінде білім алушылар контингентіне қарай үлгілік оқу жоспарларына, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларына сәйкес қалыптастырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Жоғары білім жоғары оқу орындарының мынадай түрлерінде: ұлттық зерттеу университеттерінде, ұлттық жоғары оқу орындарында, зерттеу университеттерінде, университеттерде, академияларда, институттарда және оларға теңестірілген ұйымдарда (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) алынады.

      3. Жоғары оқу орындарының негізгі міндеті – ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті жағдайларды жасау арқылы жоғары білімі бар кадрларды даярлау.

      4. Жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы", "Ғылым туралы", "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру және ғылыми қызметті регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Қағидалар мен олардың негізінде әзірленген ЖОО жарғысына сәйкес жүзеге асырады.

      Әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) өз қызметін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары бекітетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.

2. Жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

2.1. ЖОО-ны басқару

      5. ЖОО-ны басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес алқалы басқару қағидаттарында жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ны басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, ӘАОО қызметінің қағидаларына және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Корпоративтік басқару қағидаттары ӘАОО-ны қоспағанда, ЖОО-да байқау және (немесе) директорлар кеңесін құру арқылы іске асырылады.

      Алқалы басқару қағидаттары ЖОО-да қамқоршылық, ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестер құру арқылы іске асырылады. Корпоративтік және алқалы басқару органдарының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және (немесе) жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының ішкі ережелерімен регламенттеледі.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да заңнамада айқындалатын тәртіппен байқау кеңестері құрылады.

      7. ЖОО қызметін тиімді басқарудың негізгі құралы стратегиялық жоспарлау болып табылады.

      8. ЖОО-лар ұйымдастыру-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарай заңнамаға сәйкес өздерінің даму стратегияларын және (немесе) даму бағдарламаларын және (немесе) даму жоспарларын әзірлейді.

      9. ЖОО қызметін тікелей басқаруды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын (сайланатын) және қызметтен босатылатын ЖОО ректоры (басшысы) жүзеге асырады.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да байқау кеңестері:

      тиісті саланың уәкілетті органы бұрын байқау кеңесіне қарауға ұсынған адамдардың арасынан ЖОО ректоры лауазымына тағайындау үшін осы байқау кеңесі таңдап алған бірнеше кандидатураны тиісті саланың уәкілетті органына енгізу;

      тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы ұсынысымен келісу не тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы оның шешімін негізді деп тану туралы ұсынысымен келісу арқылы ЖОО-ның ректорын тағайындау және онымен еңбек шартын бұзу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарына келісім береді.

      10. ЖОО ректорының (басшысының) орынбасарлары – проректорлары (басшының орынбасарлары) болады.

      11. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты мемлекеттік жоғары оқу орны ЖОО проректорының бос лауазымына орналасу үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастырады.

      Білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты мемлекеттік ЖОО проректорын ЖОО ректорының ұсынысы бойынша тағайындайды және босатады.

      12. Проректорлардың (басшының орынбасарлары) саны мен лауазымдық өкілеттілігін білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген ұсынылатын проректорлар санының нормативіне және олардың қызмет бағыттарына сәйкес ЖОО өз бетінше белгілейді.

      13. ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО атынан сенімхатсыз әрекет етеді, барлық органдарда оның мүдделерін білдіреді, заңнамада белгіленген тәртіппен ЖОО мүлкін басқарады, шарттар жасайды, сенімхаттар береді, банк шоттарын ашады және өзге де мәмілелер жасайды, барлық қызметкерлер, оқытушылар үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады.

      14. ЖОО ректоры (басшысы) алқалы басқару қағидаттарында жоғары оқу орнын басқаруды жүзеге асырады, білім алушылардың даярлық сапасын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (бұдан әрі – МЖМБС), қаржылық тәртіптің, шарт талаптарында көзделген ЖОО қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен білім алушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО-ның шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе жеке меншігіндегі мүліктің және басқа да материалдық құндылықтардың есепке алынуы мен есептілігін, сақталуын жүзеге асырады.

      15. Мемлекеттік ЖОО ректоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

      Жекеменшік ЖОО ректоры оның өкілеттіктері шеңберін, тағайындалу (сайлау) және лауазымнан босатылу тәртібін айқындайтын құрылтайшылардың жалпы жиналысына тікелей есеп береді.

      16. Мемлекеттік ЖОО ректорлары жыл сайын академиялық қызмет нәтижелері бойынша – ғылыми кеңестің, стратегиялық даму және даму жоспары бойынша – байқау кеңестерінің немесе директорлар кеңесінің алдында есеп береді.

      Мемлекеттік ЖОО қаржылық есебі алдын ала байқау кеңесінде бекітіледі.

      17. ЖОО-ның адами ресурстарын басқару оның кадрлық саясатына сәйкес жүзеге асырылады, ол рекрутингті, кадрларды даярлау және біліктіліктерін арттыруды қамтитын адами ресурстарды дамыту қағидаттарына негізделеді

      18. ЖОО-ға жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлер кандидатуралары білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен педагог қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – лауазымдардың біліктілік сипаттамалары) талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      ӘАОО-да профессор-оқытушылар құрамының лауазымына кандидатуралар жұмысқа қабылдау кезінде тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әскери, арнаулы оқу орындарындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарын қоспағанда, педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларына сәйкес келулері тиіс.

      19. ЖОО өз құрылымын дербес қалыптастырады және оны ғылыми кеңестің шешімімен бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖОО қызметінің барлық бағыттары мен түрлерін қамтуы тиіс.

      ӘАОО құрылымын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

      20. ЖОО құрамына тізбесі мен атауларын ЖОО дербес айқындайтын әртүрлі құрылымдық бөлімшелер: факультеттер, институттар, кафедралар, департаменттер және тағы басқалар кіруі мүмкін.

      21. ЖОО құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді өз бетінше әзірлейді және бекітеді, онда олардың қызметінің негізгі бағыттары, ЖОО-ны басқарудың ұйымдық құрылымында құрылымдық бөлімшеге оның мәртебесін әкімшілік-құқықтық бекіту бойынша талаптар айқындалады.

      22. Басшылар, мамандар және басқа да қызметкерлер лауазымдарының бекітілген біліктілік сипаттамаларына сәйкес қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын ЖОО дербес әзірлейді және бекітеді, онда олардың лауазымға тағайындалу және лауазымнан босатылу тәртібі, құқықтары, міндеттері, өкілеттіктері мен жауапкершіліктері айқындалады.

      23. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін лауазымдарға конкурстық тағайындау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау тәртібін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.

      24. Штаттық кестені ЖОО дербес айқындайды және оны жыл сайын ректор (басшы) бекітеді. ӘАОО-да штаттық кестені тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

2.2. ЖОО-ның білім беру қызметі

      25. ЖОО-ның білім беру қызметі академиялық саясат негізінде жүзеге асырылады, ол білім беру қызметін жоспарлау мен басқару және студентке бағдарланған оқытуды іске асыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған оқу процесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар, қағидалар және рәсімдер жүйесін білдіреді.

      26. Академиялық саясат ЖОО-ның алдында тұрған басымдықтар мен міндеттерді ескере отырып, білім саласындағы қолданыстағы заңнама негізінде әзірленеді.

      Академиялық саясаттың құрылымы мен бағыттарын ЖОО дербес айқындайды.

      27. ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ға білім алушыларды қабылдау тиісті деңгейдің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдаудың қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. ЖОО-да жоғары білімі бар кадрлар даярлау мазмұны мен оқыту мерзімдері бойынша әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша оқытудың күндізгі, кешкі, сырттай нысандарында және экстернат нысанында жүзеге асырылады.

      29. Оқу процесін тиімді ұйымдастыру, білім беру қызметіне тартылған материалдық активтер мен ресурстарды ұтымды пайдалану үшін институттарда және оларға теңестірілген ЖОО-да (консерваторияларда, жоғары мектепте, жоғары училищеде) күндізгі оқу нысаны бойынша бірінші бітірушілерден кейінгі білім алушылардың ең аз контингенті кемінде 960 адамға арналған материалдық-техникалық базасы болуы тиіс. Ерекшелікті күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылардың саны мемлекеттік тапсырыспен айқындалатын әскери және құқық қорғау органдарының ЖОО-лары құрайды.

      30. Білім алушылардың келтірілген контингенті оқытудың күндізгі, кешкі және сырттай нысаны бойынша олардың санына байланысты айқындалады. Күндізгі оқу нысанының студенттері – 1,0, кешкі оқу нысаны – 0,5 және сырттай оқу нысаны – 0,25 коэффициентпен есептеледі.

      ӘАОО үшін білім алушылардың сандық құрамының арақатынасын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

      31. ЖОО-да оқу жылы 1 қыркүйекте басталады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады. ӘАОО-дағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.

      32. ЖОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.

      ӘАОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.

      33. ЖОО-ның білім беру қызметі оқыту нәтижесі мен құзыреттілік негізгі рөл ойнайтын және білім алушылар үшін білім беру процесінің басты қорытындысы болып табылатын студентке бағытталған тәсілдің негізінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ның білім беру қызметі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      34. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында ЖОО еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі (ESG) стандарттар мен жоғары білім сапасын қамтамасыз ету нұсқаулығына негізделген сапаны іштей қамтамасыз етудің жүйесін құрады, ол мыналарды қамтиды:

      1) сапаны қамтамасыз ету саласындағы саясат;

      2) бағдарламаларды әзірлеу мен бекіту;

      3) студентке бағдарланған оқыту, сабақ беру және бағалау;

      4) білім алушыларды қабылдау, олардың үлгерімі, тану және сертификаттау;

      5) оқытушылар құрамы;

      6) оқу ресурстары және студенттерді қолдау жүйесі;

      7) ақпаратты басқару;

      8) жұртшылықты хабардар ету;

      9) тұрақты мониторинг және бағдарламаларды мерзімді бағалау;

      10) сыртқы мерзімді сапаны қамтамасыз ету.

      35. Білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:

      1) ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету;

      2) сапаны қамтамасыз ету жоғары білім беру жүйесінің, оқу орындарының, білім беру бағдарламалары мен білім алушылардың алуан түрлілігіне сәйкес келеді;

      3) сапаны қамтамасыз ету сапа мәдениетін дамытуды қолдайды;

      4) сапаны қамтамасыз ету білім алушылардың, барлық басқа да мүдделі тараптар мен қоғамның қажеттілігі мен үмітін ескереді;

      5) сапаны қамтамасыз ету студенттің оқудағы, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды (бақылау, курстық, эссе, дипломдық, диссертациялық) орындау кезіндегі адалдығын көрсететін академиялық адалдыққа негізделеді.

      36. Академиялық адалдық оқыту процесінің негізгі қағидаты болып табылады. Плагиатты болдырмау үшін білім алушылардың жазбаша жұмыстарының барлық түрлері (бақылау, эссе, курстық, дипломдық, диссертациялық) антиплагиат бағдарламасы пайдаланылып тексерістен өтеді. Тексеру тәртібі мен рәсімін ЖОО өз бетінше айқындайды.

      37. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу сабақтарының кестесі және білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      38. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, сондай-ақ кәсіптік стандарттар негізінде ЖОО білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

      ӘАОО-да оқу процесін ұйымдастыру тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына және Әскери, арнаулы оқу орындарында білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      39. Профессор-оқытушылар құрамының орташа жылдық педагогикалық (оқу) жүктемесін жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде оқу жұмысының жалпы көлемі мен профессор-оқытушылар құрамының белгіленген штатына байланысты ЖОО дербес белгілейді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде ЖОО ректоры бекітеді.

      40. ЖОО-да оқу жұмысының мынадай негізгі түрлері белгіленеді: дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар, консультациялар, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, білім алушының өзіндік жұмысы, оқытушының жетекшілігімен білім алушының өзіндік жұмысы, кәсіптік практика, курстық жұмыс (жоба), дипломдық жұмыс (жоба), эксперименттік жұмыс, білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылаудың түрлі нысандары (емтихан, жазбаша жұмыстарды қорғау) және тағы басқалар.

      Бұл ретте сабақ түрлерін, сондай-ақ дәрістер мен семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар арасындағы сағат көлемінің арақатынасын ЖОО дербес айқындайды.

      41. ЖОО оқытушыларының ғылыми-педагогикалық қызметі құрылымдық бөлімшенің басшысы бекітетін оқу жылына арналған оқытушының жеке жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      42. Дәрістерді ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі, ғылыми атақтары (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор), сондай-ақ магистр академиялық дәрежесі және (немесе) кемінде 3 жыл ғылыми-педагогикалық өтілі бар аға оқытушылар оқиды.

      Дәрістерді оқуға және (немесе) басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, еңбегі сіңген мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері немесе мамандық бейіні бойынша кемінде 3 жыл практикалық жұмыс өтілі бар тәжірибелі мамандар да тартылуы мүмкін.

      43. Оқу жұмысының басқа түрлері атқарып отырған лауазымына қарамастан барлық оқытушылардың педагогикалық жүктемесіне кіруі мүмкін.

      44. Оқу жұмысы аудиториялық (дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық, зертханалық сабақтар, консультациялар, емтихандар, жазбаша жұмыстар) және оқу жұмысының барлық қалған түрлері жататын аудиториядан тыс деп бөлінеді.

      45. Білім алушылардың жоғары білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, ЖОО оқыту нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес айқындайды.

      46. ЖОО оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының (силлабус) талаптарын сақтау шартымен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу тәсілдері мен нысандарын, оқыту әдістерін таңдау еркіндігіне ие.

      47. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары пәндердің үш циклын қамтиды: жалпы білім беретін пәндер циклы (ЖББП), базалық пәндер циклы (БЗП) және бейіндеуші пәндер циклы (БП), сондай-ақ қосымша оқыту түрлері (мамандық бойынша кәсіптік практика, дене шынықтыру және т.б.), аралық және қорытынды аттестаттау.

      48. Пәндердің әр циклы тізбесі мен мазмұны үлгілік оқу жоспарларында және үлгілік оқу бағдарламаларында айқындалатын міндетті компонент пәндерінен, сондай-ақ таңдау бойынша компонент пәндерінен, ӘАОО-да тізбесі мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларында және оқу жұмыс бағдарламаларында (силлабус) айқындалатын ЖОО-компоненті пәндерінен тұрады.

      49. Оқыту барлық оқыту нысандары үшін бірыңғай білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      Даму мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін олардың ерекше білім берілуіне қажеттілігі ескеріле отырып, оқуына арнайы жағдайлар жасалады.

      50. ЖОО білім беру бағдарламаларында оқытудың дуальды жүйесінің элементтері, оқытудың инновациялық, оның ішінде қашықтықтан оқыту технологиялары, сондай-ақ үш тілде оқыту іске асырылуы мүмкін.

      51. Техникалық және кәсіптік (орта кәсіптік), орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар тұлғалар үшін ЖОО-да оқу процесі жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұйымдастырылады.

      52. Жоғары білім базасындағы білім беру бағдарламалары тек кәсіби даярлықты көздейді және базалық пәндер мен бейіндеуші пәндерді, оқытудың қосымша түрлерін, аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.

      53. Қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімін білім алушылардың пререквизиттеріне байланысты ЖОО дербес айқындайды.

      Бұл жағдайда көлемдерінің жеткіліктігі және білім беру бағдарламасының сабақтастығы шартымен кредиттерді қайта есептеу және бұрын игерілген пәндерді есепке алу жүзеге асырылады. Оқыту бағыты мен мерзімі транскриптте (дипломға қосымшалар) көрсетілген пәндер пререквизиттері ескеріле отырып айқындалады.

      54. Білім алушылардың кәсіптік практикасы, эксперименттік жұмысы және оларды қорытынды аттестаттау жоғары білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкес академиялық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі.

      Кәсіптік практика мамандарды даярлау бейініне сәйкес келетін ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алынған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды алуға және озық тәжірибені игеруге бағытталған.

      55. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларымен және оқу жұмыс бағдарламаларымен айқындалады.

      Кәсіптік практиканың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу мен бекітуді ЖОО білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу қағидаларына және Практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.

      ӘАОО-да кәсіптік практика мен тағылымдаманың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу және бекіту тәртібі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары білім алушыларының кәсіптік практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыру және өткізу қағидаларында айқындалады.

      56. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. ЖОО-лар білім алушылардың ағымдағы және межелік үлгерімін бақылау және аралық аттестаттаудан өткізу нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін дербес айқындайды.

      ӘАОО-да білім алушылардың үлгерімін ағымдағы және межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу нысандары, тәртібі мен мерзімділігі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындары білім алушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларында айқындалады.

      57. Білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін ЖОО-да тіркеу офисі құрылады.

      58. Тіркеу офисінің құрылымы мен жұмыс тәртібін ЖОО дербес айқындайды.

      59. Тіркеу офисі мынадай негізгі функцияларды атқарады:

      1) оқу пәндеріне тіркеу қағидаларын әзірлейді;

      2) білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеуді жүргізеді;

      3) академиялық топтар мен лектерді қалыптастырады;

      4) білім алушылардың жеке оқу жоспарларын белгіленген тәртіппен тіркейді;

      5) білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастырады және өткізеді;

      6) білім алушылардың академиялық рейтингін есептеуді жүзеге асырады;

      7) оқытудың барлық кезеңі ішінде және бүкіл оқыту кезеңінде білім алушылардың игерген кредиттерін есепке алуды жүргізеді;

      8) білім алушылардың транскриптін жазып береді.

      60. Қызмет түрлеріне сәйкес, сондай-ақ білім мен ғылымды кіріктіруді қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-да мамандандырылған зертханалар және (немесе) ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік бөлімшелер, конструкторлық бюролар, дайындық бөлімдері (факультет, орталық), өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың объектілері, жатақханалар, клиникалық базалар, оқу-тәжірибелік шаруашылықтар, практиканың оқу базалары, оқу театрлары мен концерт залдары, көркем-шығармашылық шеберханалар, дене шынықтыру-спорт клубтары және басқа да құрылымдық бөлімшелер болуы мүмкін.

      Оқу сабақтарын өткізу, кәсіптік практиканың әртүрлі түрлерін ұйымдастыру және өткізу, курстық жұмыстар (жобалар), дипломдық жұмыстар (жобалар) дайындау мақсатында ЖОО жұмыс берушілермен бірлесіп, өзінің бейініне сәйкес келетін кәсіпорындар мен ұйымдарда оқу бөлімшелерін (филиалдарын) ұйымдастыра алады.

      61. ЖОО-ның тәрбие қызметі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль және адамгершілік, конфессияаралық толеранттылықтың құқықтық мәдениетін, сондай-ақ білім алушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.

      62. Тәрбие қызметі білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының адами қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.

      Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысы қазақстандық бірегейлік пен бірлік, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтары, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.

      63. ЖОО-ның тәрбие қызметі тәрбие жұмысы бойынша кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылады.

      64. ЖОО-ның тәрбие жұмысы:

      1) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдау мен іске асыру икемділіктерін қалыптастыруды;

      2) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыруды;

      3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыруды;

      4) кафедра бейіні бойынша білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, таңдаған мамандығына құндылық қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізуді;

      5) жастарға құқықтық білім беруге және құқықтық нигилизмнің алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізуді қамтиды.

      ӘАОО-да тәрбие жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларында айқындалған қосымша жұмыс түрлерін қамтиды.

      65. ЖОО-ның тәрбие процесі білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне "мүлдем төзбеушілікті", сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған шараларды көздеуі тиіс.

2.3. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі

      66. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметін оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер жүзеге асырады.

      Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмысын негізгі жұмыс уақытында оқытушының жеке жұмыс жоспарына сәйкес өз қызметінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде орындайды.

      67. ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмысы (бұдан әрі – ҒЗЖ) қызмет түрлеріне сәйкес:

      1) іргелі, қолданбалы, іздеу (бастамашылық), ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, оның ішінде инновациялық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуді;

      2) тапсырыс, бөгде ұйымдармен жасалған шарт бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды;

      3) өз ғылыми мектептерін қалыптастыру мен дамытуды, ЖОО профессор-оқытушылар құрамының зерттеу жұмысына тартылуын;

      4) студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды, зерттеу жұмысына білім алушылардың барлық санаттарын белсенді түрде тартуды;

      5) ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушылардың ғылыми зерттеулері мен шығармашылық қызметі арқылы жаңа білімдерді алуды;

      6) жоғары білімді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеу мен әзірлеуді;

      7) оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеуді және ЖОО оқу процесіне енгізуді;

      8) ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесіне және өндіріске енгізуді;

      9) зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыруды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың тетігін құруды және ендіруді;

      10) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;

      11) ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржылық көздерін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаты негізінде кеңейтуді қамтиды.

      68. Қызмет түрлеріне байланысты ЖОО-ның ғылыми қызметі мамандар даярлау процесінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу және ғылыми процестер бірлігі:

      1) білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен орындалатын ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарға қатысуға тарту;

      2) ЖОО-ның ғылыми және ғылыми-өндірістік бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдар базасында білім алушылардың белсенді оқу жұмысының әртүрлі нысандарын, кәсіптік практика, курстық және дипломдық жобалауды жүргізу есебінен қамтамасыз етіледі.

      69. ҒЗЖ орындау нәтижелері бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер жасалады. Есептер дұрыс деректер негізінде, орындаушылар ұсынатын ҒЗЖ нәтижелері бойынша жасалады.

      70. Жоғары оқу орындары қызметінің басым бағыты білім беру қызметімен қатар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады.

      71. ЖОО халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.

      ЖОО-лар шетелдік білім беру, ғылыми және мәдени ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстарды дербес орнатады, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.

      72. ӘАОО халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтар қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқылы.

3. ЖОО қызметін ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      73. ЖОО-ның ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі білім беру қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады.

      74. Кітапхана қоры ақпараттық ресурстардың құрамдас бөлігі болып табылады және оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетті, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.

      ЖОО-лар оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша білім алушыларды оқу, оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етеді.

      Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру білім алушылардың электронды кітапханаларда орналастырылатын халықаралық дереккөздерді қоса алғанда, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетке, оқу, ғылыми, ақпараттық деректер базасына еркін қол жеткізуімен қамтамасыз етіледі.

      75. ЖОО-ларда web-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, оқытудың кредиттік технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ЖОО-ның жергілікті желілерінде орналасқан ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын және кең жолақты әрі жоғары жылдамдықты интернетке қосылған тармақталған компьютерлік желіні қамтитын жоғары технологиялық ақпараттық-білім беру ортасы құрылады.

      76. Тиісті дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, өндірістік шеберханалардың, полигондардың, спорт залдарының және оның қызметін қамтамасыз ететін және оған меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі басқа да орынжайлардың болуы ЖОО қызметінің міндетті шарты болып табылады.

      77. ЖОО-ның оқыту нысандары бойынша екі ауысымнан аспайтын оқу сабақтарын жүргізу үшін қажетті дәрісханалық қоры болады.

      78. Білім беру мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін ЖОО-ның әртүрлі техникалық ресурстары: зертханалық жабдықтары, қондырғылары, тетіктері, стендтері, өлшеу құралдары, оқу және зерттеу мақсаттарында пайдаланылатын макеттері және бұйымдардың модельдері, эксперименттік үлгілері, материалдары, компьютерлік және өзге де есептеу техникасы, бағдарламалық құралдары болады.

      79. ЖОО-ның білім алушылар контингентіне және білім беру қызметіне қарай айқындалатын білім алу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін қаржылық ресурстары болады.

      80. Қаржылық ресурстар көздеріне бюджет қаражаты, оның ішінде білім беру және ғылыми гранттардан алынған қаражат, ақылы негізде білім беру қызметінен, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік және баспа өнімдерін сатудан түсетін қаражат, демеушілік көмек және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асырудан алынған өзге де қаражат көздері жатады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жоғары оқу орындарының мынадай түрлерінде: ұлттық зерттеу университеттерінде, ұлттық жоғары оқу орындарында, зерттеу университеттерінде, университеттерде, академияларда алынады.

      3. Жоғары оқу орындарының негізгі міндеті – ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде тұлғаның кәсіби қалыптасуы мен дамуына бағытталған білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті жағдайларды жасау арқылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау.

      4. Жоғары оқу орны (бұдан әрі – ЖОО) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы", "Ғылым туралы", "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, білім беру және ғылыми қызметті регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Қағидалар мен олардың негізінде әзірленген ЖОО жарғысына сәйкес жүзеге асырады.

      Әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) өз қызметін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары бекітетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.

2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

2.1. ЖОО-ны басқару

      5. ЖОО-ны басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес алқалы басқару қағидаттарында жүзеге асырылады.

      ӘАОО басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, ӘАОО қызметінің қағидаларына және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Корпоративтік басқару қағидаттары ӘАОО қоспағанда, ЖОО-да байқау немесе қамқоршылық кеңестерін, немесе директорлар кеңесін құру арқылы іске асырылады.

      Алқалы басқару қағидаттары ЖОО-да ғылыми, оқу-әдістемелік, ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестер құру арқылы іске асырылады. Корпоративтік және алқалық басқару органдарының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және (немесе) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының ішкі ережелерімен регламенттеледі.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да заңнамада айқындалатын тәртіппен байқау кеңестері құрылады.

      7. ЖОО қызметін тиімді басқарудың негізгі құралы стратегиялық жоспарлау болып табылады.

      8. ЖОО ұйымдастыру-құқықтық нысанына және меншік нысанына қарай заңнамаға сәйкес өздерінің даму стратегияларын және (немесе) даму бағдарламаларын және (немесе) даму жоспарларын әзірлейді.

      9. ЖОО-ның қызметін тікелей басқаруды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын (сайланатын) және қызметтен босатылатын ЖОО ректоры (басшысы) жүзеге асырады.

      Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған ЖОО-да байқау кеңестері:

      тиісті саланың уәкілетті органы бұрын байқау кеңесіне қарауға ұсынған адамдардың арасынан ЖОО ректоры лауазымына тағайындау үшін осы байқау кеңесі таңдап алған бірнеше кандидатураны тиісті саланың уәкілетті органына енгізу;

      тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы ұсынысымен келісу не тиісті саланың уәкілетті органының ЖОО ректорымен еңбек шартын бұзу туралы оның шешімін негізді деп тану туралы ұсынысымен келісу арқылы ЖОО-ның ректорын тағайындау және онымен еңбек шартын бұзу мәселелері бойынша тиісті саланың уәкілетті органының ұсыныстарымен келіседі.

      10. ЖОО ректорының (басшысының) орынбасарлары – проректорлары (басшының орынбасарлары) болады.

      11. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты мемлекеттік жоғары оқу орны ЖОО проректорының бос лауазымына орналасу үшін үміткерлерді іріктеуді ұйымдастырады.

      Білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты мемлекеттік ЖОО-ның проректорын ЖОО ректорының ұсынысы бойынша тағайындайды және босатады.

      12. Проректорлардың (басшының орынбасарлары) саны мен лауазымдық өкілеттілігін білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган белгілеген ұсынылатын проректорлар санының нормативіне және олардың қызмет бағыттарына сәйкес ЖОО өз бетінше белгілейді.

      13. ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО атынан сенімхатсыз әрекет етеді, барлық органдарда оның мүдделерін білдіреді, заңнамада белгіленген тәртіппен ЖОО мүлкін басқарады, шарттар жасайды, сенімхаттар береді, банк шоттарын ашады және өзге де мәмілелер жасайды, барлық қызметкерлер, оқытушылар үшін міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады.

      14. ЖОО ректоры (басшы) алқалы басқару қағидаттарында жоғары оқу орнын басқаруды жүзеге асырады, білім алушылардың даярлық сапасын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының (бұдан әрі – МЖМБС), қаржылық тәртіптің, шарт талаптарында көзделген ЖОО қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен білім алушылар құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      ЖОО ректоры (басшысы) ЖОО-ның шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе жеке меншігіндегі мүліктің және басқа да материалдық құндылықтардың есепке алынуы мен есептілігін, сақталуын жүзеге асырады.

      15. Мемлекеттік ЖОО ректоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

      Жекеменшік ЖОО ректоры оның өкілеттіктері шеңберін, тағайындалу (сайлану) және лауазымнан босатылу тәртібін айқындайтын құрылтайшылардың жалпы жиналысына тікелей есеп береді.

      16. Мемлекеттік ЖОО ректорлары жыл сайын академиялық қызмет нәтижелері бойынша – ғылыми кеңестің, стратегиялық даму және даму жоспары бойынша – байқау кеңестерінің немесе директорлар кеңесінің алдында есеп береді.

      Мемлекеттік ЖОО қаржылық есебі алдын ала байқау кеңесінде бекітіледі.

      17. ЖОО-ның адами ресурстарын басқару оның кадрлық саясатына сәйкес жүзеге асырылады, ол рекрутингті, кадрларды даярлау және біліктіліктерін арттыруды қамтитын адами ресурстарды дамыту қағидаттарына негізделеді.

      18. ЖОО-ға жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлер кандидатуралары білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен педагог қызметкерлер және оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамалары (бұдан әрі – лауазымдардың біліктілік сипаттамалары) талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      ӘАОО-да профессор-оқытушылар құрамының лауазымына кандидатуралар жұмысқа қабылдау кезінде тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әскери, арнаулы оқу орындарындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарын қоспағанда, педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының біліктілік сипаттамаларына сәйкес келулері тиіс.

      19. ЖОО өз құрылымын дербес қалыптастырады және оны ғылыми кеңестің шешімімен бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖОО қызметінің барлық бағыттары мен түрлерін қамтуы тиіс.

      ӘАОО құрылымын тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

      20. ЖОО құрамына тізбесі мен атауларын ЖОО дербес айқындайтын әртүрлі құрылымдық бөлімшелер: факультеттер, институттар, кафедралар, департаменттер және тағы басқалар кіруі мүмкін.

      21. ЖОО құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді өз бетінше әзірлейді және бекітеді, онда олардың қызметінің негізгі бағыттары, ЖОО-ны басқарудың ұйымдық құрылымында құрылымдық бөлімшеге оның мәртебесін әкімшілік-құқықтық бекіту бойынша талаптар айқындалады.

      22. Басшылар, мамандар және басқа да қызметкерлер лауазымдарының бекітілген біліктілік сипаттамаларына сәйкес қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарын ЖОО дербес әзірлейді және бекітеді, онда олардың лауазымға тағайындалу және лауазымнан босатылу тәртібі, құқықтары, міндеттері, өкілеттіктері мен жауапкершіліктері айқындалады.

      23. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау білім беру саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін лауазымдарға конкурстық тағайындау қағидаларына сәйкес жүзеге асады.

      ӘАОО-ның профессор-оқытушылар құрамын лауазымға тағайындау тәртібін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.

      24. Штаттық кестені ЖОО дербес айқындайды және оны жыл сайын ректор (басшы) бекітеді. ӘАОО-да штаттық кестені тиісті уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.

2.2. ЖОО-ның білім беру қызметі

      25. ЖОО-ның білім беру қызметі академиялық саясат негізінде жүзеге асырылады, ол білім беру қызметін жоспарлау мен басқару және студентке бағдарланған оқытуды іске асыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған оқу процесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар, қағидалар және рәсімдер жүйесін білдіреді.

      26. Академиялық саясат ЖОО-ның алдында тұрған басымдықтар мен міндеттерді ескере отырып, білім саласындағы қолданыстағы заңнама негізінде әзірленеді.

      Академиялық саясаттың құрылымы мен бағыттарын ЖОО дербес айқындайды.

      27. ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ға білім алушыларды қабылдау тиісті деңгейдің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдаудың қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. ЖОО-да жоғары білімі бар кадрлар даярлау мазмұны мен оқыту мерзімдері бойынша әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша оқытудың күндізгі, кешкі, сырттай, қашықтықтан оқыту нысандарында және экстернат нысанында жүзеге асырылады.

      29. ЖОО-да жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлау мазмұны мен оқыту мерзімдері бойынша әртүрлі білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі нысанда жүзеге асырылады.

      30. ЖОО-да оқу жылы 1 қыркүйектен басталады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады. ӘАОО-дағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.

      31. ЖОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.

      ӘАОО-ның оқу-әдістемелік жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындарында оқу процесін, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметті ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес ұйымдастырылады.

      32. ЖОО-ның білім беру қызметі оқыту нәтижесі мен құзыреттілік негізгі рөл ойнайтын және білім алушылар үшін білім беру процесінің басты қорытындысы болып табылатын студентке бағытталған тәсілдің негізінде кредиттік оқыту технологиясы бойынша жүзеге асырылады.

      ӘАОО-ның білім беру қызметі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      33. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында ЖОО еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі (ESG) стандарттар мен жоғары білім сапасын қамтамасыз ету нұсқаулығына негізделген сапаны іштей қамтамасыз етудің жүйесін құрады, ол мыналарды қамтиды:

      1) сапаны қамтамасыз ету саласындағы саясат;

      2) бағдарламаларды әзірлеу мен бекіту;

      3) студентке бағдарланған оқыту, сабақ беру және бағалау;

      4) студенттерді қабылдау, олардың үлгерімі, тану және сертификаттау;

      5) оқытушылар құрамы;

      6) оқу ресурстары және студенттерді қолдау жүйесі;

      7) ақпаратты басқару;

      8) жұртшылықты хабардар ету;

      9) тұрақты мониторинг және бағдарламаларды мерзімді бағалау;

      10) сыртқы мерзімді сапаны қамтамасыз ету.

      34. Білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі мынадай негізгі қағидаттарға негізделеді:

      1) ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету;

      2) сапаны қамтамасыз ету жоғары білім беру жүйесінің, оқу орындарының, білім беру бағдарламалары мен студенттердің алуан түрлілігіне сәйкес келеді;

      3) сапаны қамтамасыз ету сапа мәдениетін дамытуды қолдайды;

      4) сапаны қамтамасыз ету студенттердің, барлық басқа да мүдделі тараптар мен қоғамның қажеттілігі мен үмітін ескереді;

      5) сапаны қамтамасыз ету студенттің оқудағы, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды (бақылау, курстық, эссе, дипломдық, диссертациялық) орындау барысындағы адалдығын көрсететін академиялық адалдыққа негізделеді.

      35. Академиялық адалдық оқыту процесінің негізгі қағидаты болып табылады. Плагиатты болдырмау үшін ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушылардың жазбаша жұмыстарының барлық түрі (бақылау, эссе, курстық, дипломдық, диссертациялық) антиплагиат бағдарламасын қолдана отырып тексерістен өтеді. Тексеру тәртібі мен рәсімін жоғары оқу орны дербес айқындайды.

      36. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу сабақтарының кестесі және білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      37. Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, сондай-ақ кәсіптік стандарттар негізінде ЖОО білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

      38. Профессор-оқытушылар құрамының орташа жылдық педагогикалық (оқу) жүктемесін жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде оқу жұмысының жалпы көлемі мен профессор-оқытушылар құрамының бекітілген штатына байланысты ЖОО дербес белгілейді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде ЖОО ректоры бекітеді.

      39. ЖОО-да оқу жұмысының мынадай негізгі түрлері белгіленеді: дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар, консультациялар, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, білім алушының өзіндік жұмысы, оқытушының жетекшілігімен білім алушының өзіндік жұмысы, кәсіптік практика, ғылыми тағылымдама, курстық жұмыс (жоба), дипломдық жұмыс (жоба), эксперименттік жұмыс, білім алушылардың оқу жетістіктерін әртүрлі нысанда бақылау (емтихан, жазбаша жұмыстарды қорғау) және басқалар.

      Бұл ретте сабақ түрлерін, сондай-ақ дәрістер мен семинарлар, практикалық, студиялық және зертханалық сабақтар арасындағы сағат көлемінің арақатынасын ЖОО дербес айқындайды.

      40. ЖОО оқытушыларының ғылыми-педагогикалық қызметі құрылымдық бөлімшенің басшысы бекіткен оқу жылына арналған оқытушының жеке жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      41. Дәрістерді ғылым докторы немесе ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор дәрежесі, ғылыми атақтары (қауымдастырылған профессор (доцент), профессор), сондай-ақ магистр академиялық дәрежесі немесе кемінде 3 жыл ғылыми-педагогикалық өтілі бар аға оқытушылар оқиды.

      Дәрістерді оқуға және (немесе) басқа оқу сабақтарының түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, еңбегі сіңген мәдениет, өнер, спорт қайраткерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері немесе мамандық бейіні бойынша кемінде 3 жыл практикалық жұмыс өтілі бар тәжірибелі мамандар да тартылуы мүмкін.

      42. ӘАОО-ны қоспағанда, магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу және эксперименттік-зерттеу жұмысына, магистрлік диссертацияларға (жобаларға) және докторлық диссертацияларға жетекшілікті ғылым докторы және ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және (немесе) философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі, ғылыми атақтары (қауымдастырылған профессор (доцент) бар және ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын оқытушылар және (немесе) ғылыми дәрежесі, білім алушының мамандығына сәйкес келетін бейін бойынша ғылыми жарияланымдары бар ғылыми қызметкерлер мен практик-мамандар жүзеге асырады.

      43. Оқу жұмысының басқа түрлері атқарып отырған лауазымына қарамастан барлық оқытушылардың педагогикалық жүктемесіне кіруі мүмкін.

      44. Оқу жұмысы аудиториялық (дәрістер, семинарлар, практикалық, студиялық, зертханалық сабақтар, консультациялар, емтихандар, жазбаша жұмыстар) және оқу жұмысының барлық қалған түрлері жататын аудиториядан тыс деп бөлінеді.

      45. Білім алушылардың жоғары білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, ЖОО оқыту нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес айқындайды.

      46. ЖОО оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының (силлабус) талаптарын сақтау шартымен оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу тәсілдері мен нысандарын, оқыту әдістерін таңдау еркіндігіне ие.

      47. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары пәндердің үш циклын қамтиды: жалпы білім беретін пәндер циклы (ЖББП), базалық пәндер циклы (БЗП) және бейіндеуші пәндер циклы (БП), сондай-ақ қосымша оқыту түрлері (мамандық бойынша кәсіптік практика, дене шынықтыру және т.б.), аралық және қорытынды аттестаттау.

      48. Пәндердің әр циклы тізбесі мен мазмұны үлгілік оқу жоспарларында және үлгілік оқу бағдарламаларында айқындалатын міндетті компонент пәндерінен, сондай-ақ таңдау бойынша компонент пәндерінен, ӘАОО-да тізбесі мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларында және оқу жұмыс бағдарламаларында айқындалатын ЖОО компоненті пәндерінен тұрады.

      49. Оқыту барлық оқыту нысандары үшін бірыңғай білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      Даму мүмкіндіктері шектеулі, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін олардың жеке қажеттілігі ескеріле отырып оқуына арнайы жағдайлар жасалады.

      50. ЖОО білім беру бағдарламаларында оқытудың дуальды жүйесінің элементтері, оқытудың инновациялық, оның ішінде қашықтықтан оқыту технологиялары, сондай-ақ үш тілде білім беру іске асырылуы мүмкін.

      51. Техникалық және кәсіптік (орта кәсіптік), орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар тұлғалар үшін ЖОО-да оқу процесі жеделдетілген оқу мерзімімен қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұйымдастырылады.

      52. Жоғары білім базасындағы білім беру бағдарламалары тек кәсіби даярлықты көздейді және базалық пәндер мен бейіндеуші пәндерді, оқытудың қосымша түрлерін, аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.

      53. Қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімін білім алушылардың пререквизиттеріне байланысты ЖОО дербес айқындайды.

      Бұл жағдайда көлемдерінің жеткіліктігі және білім беру бағдарламасының сабақтастығы шартымен кредиттерді қайта есептеу және бұрын игерілген пәндерді есепке алу жүзеге асырылады. Оқу бағыты мен мерзімі транскриптте (дипломға қосымшалар) көрсетілген пәндердің пререквизиттері ескеріле отырып айқындалады.

      54. Білім алушылардың кәсіптік практикасы, эксперименттік жұмысы және оларды қорытынды аттестаттау жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының талаптарына сәйкес академиялық күнтізбеге сәйкес жүргізіледі.

      Кәсіптік практика мамандарды даярлау бейініне сәйкес келетін ұйымдарда жүргізіледі және оқыту процесінде алынған білімдерді бекітуге, практикалық дағдыларды алуға және озық тәжірибені игеруге бағытталған.

      55. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны оқу жұмыс жоспарларымен және оқу жұмыс бағдарламаларымен айқындалады.

      Кәсіптік практиканың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу мен бекітуді ЖОО білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Кәсіптік практиканы ұйымдастыру және өткізу қағидаларына және Практика базалары ретінде ұйымды айқындау қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.

      ӘАОО-да кәсіптік практика мен тағылымдаманың барлық түрлері бойынша бағдарламаларды әзірлеу және бекіту тәртібі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындары білім алушыларының кәсіптік практикасы мен тағылымдамасын ұйымдастыру және өткізу қағидаларында айқындалады.

      56. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. ЖОО-лар білім алушылардың ағымдағы және межелік үлгерімін бақылау және аралық аттестаттаудан өткізу нысандарын, тәртібі мен мерзімділігін өз бетінше айқындайды.

      ӘАОО-да білім алушылардың үлгерімін ағымдағы және межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу нысандары, тәртібі мен мерзімділігі тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнайы оқу орындары білім алушыларының үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттаудан өткізу қағидаларында айқындалады.

      57 Білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін ЖОО-да тіркеу офисі құрылады.

      ӘАОО-да білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін білім сапасын мониторингілеу және бақылау (бағалау) бөлімшесі құрылады.

      58. Тіркеу офисінің құрылымы мен жұмыс тәртібін ЖОО дербес айқындайды.

      59. Тіркеу офисі (білім сапасын мониторингілеу және бақылау (бағалау) бөлімшесі) мынадай негізгі функцияларды атқарады:

      1) оқу пәндеріне тіркеу қағидаларын әзірлейді;

      2) білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеуді жүргізеді;

      3) академиялық топтар мен лектерді қалыптастырады;

      4) білім алушылардың жеке оқу жоспарларын белгіленген тәртіппен тіркейді;

      5) білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастырады және өткізеді;

      6) білім алушылардың академиялық рейтингін есептеуді жүзеге асырады;

      7) оқытудың барлық кезеңі ішінде және бүкіл оқыту кезеңінде білім алушылардың игерген кредиттерін есепке алуды жүргізеді;

      8) білім алушылардың транскриптін жазып береді.

      60. Қызмет түрлеріне сәйкес, сондай-ақ білім мен ғылымды кіріктіруді қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-да мамандандырылған зертханалар және (немесе) ғылыми, ғылыми-зерттеу, ғылыми-өндірістік бөлімшелер, конструкторлық бюролар, дайындық бөлімдері (факультет, орталық), өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың объектілері, жатақханалар, клиникалық базалар, оқу-тәжірибелік шаруашылықтар, практиканың оқу базалары, оқу театрлары және концерт залдары, көркем-шығармашылық шеберханалар, дене шынықтыру-спорт клубтары және басқа да құрылымдық бөлімшелер болуы мүмкін.

      Оқу сабақтарын өткізу, кәсіптік практиканың әр түрлерін ұйымдастыру және өткізу, курстық жұмыстар (жобалар), дипломдық жұмыстар (жобалар) дайындау мақсатында ЖОО жұмыс берушілермен бірлесіп өзінің бейініне сәйкес келетін кәсіпорындар мен ұйымдарда оқу бөлімшелерін (филиалдарын) ұйымдастыра алады.

      61. ЖОО-ның тәрбие қызметі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль және адамгершілік, конфессияаралық толеранттылықтың құқықтық мәдениетін, сондай-ақ білім алушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.

      62. Тәрбие қызметі білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының адами қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.

      Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысы қазақстандық бірегейлік пен бірлік, "Мәңгілік ел" жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтары, салауатты өмір салтының мәдениетін қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.

      63. ЖОО-ның тәрбие қызметі тәрбие жұмысы бойынша кешенді жоспар негізінде жүзеге асырылады.

      64. ЖОО-ның тәрбие жұмысы:

      1) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдау мен іске асыру икемділіктерін қалыптастыру;

      2) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыру;

      3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыру;

      4) кафедра бейіні бойынша білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, таңдаған мамандығына құндылық қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізу;

      5) жастарға құқықтық білім беруге және құқықтық нигилизмнің алдын алуға бағытталған іс-шараларды өткізу;

      ӘАОО-да тәрбие жұмысы тиісті уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен Әскери, арнаулы оқу орындары қызметінің қағидаларында айқындалған қосымша жұмыс түрлерін қамтиды.

      65. ЖОО-ның тәрбие процесі білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлық көріністеріне "мүлдем төзбеушілікті", сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған шараларды көздеуі тиіс.

2.3. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметі

      66. ЖОО-ның ғылыми-зерттеу қызметін оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер жүзеге асырады.

      Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмысын негізгі жұмыс уақытында оқытушының жеке жұмыс жоспарына сәйкес өз қызметінің міндетті құрамдас бөлігі ретінде орындайды.

      67. ЖОО-дағы ғылыми-зерттеу жұмыс (бұдан әрі – ҒЗЖ) қызмет түрлеріне сәйкес:

      1) іргелі, қолданбалы, іздеу (бастамашылық), ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, оның ішінде инновациялық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізуді;

      2) тапсырыс бойынша, бөгде ұйымдармен жасалған шарттар бойынша ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруды;

      3) өз ғылыми мектептерін қалыптастыруды және дамытуды, профессор-оқытушылар құрамын зерттеу жұмысына белсенді тартуды;

      4) студенттердің, магистранттардың және докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды, зерттеу жұмысына білім алушылардың барлық санаттарын белсенді түрде тартуды;

      5) ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушылардың ғылыми зерттеулері мен шығармашылық қызметі арқылы жаңа білімдерді алуды;

      6) жоғары білімді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеуді және әзірлеуді;

      7) оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеуді және ЖОО оқу процесіне енгізуді;

      8) ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесіне және өндіріске енгізуді;

      9) ӘАОО қоспағанда, зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыруды, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың тетігін құруды және ендіруді;

      10) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;

      11) ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржылық көздерін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік, халықаралық ынтымақтастық және кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаты негізінде кеңейтуді қамтиды.

      68. Қызмет түрлеріне байланысты ЖОО-ның ғылыми қызметі мамандар даярлау процесінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Оқу және ғылыми процестер бірлігі:

      1) білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен орындалатын ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарға қатысуға тарту;

      2) ЖОО-ның ғылыми және ғылыми-өндірістік бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдар базасында білім алушылардың белсенді оқу жұмысының әртүрлі нысандарын, кәсіптік практика, курстық және дипломдық жобалауды жүргізу есебінен қамтамасыз етіледі.

      69. ҒЗЖ орындау нәтижелері бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер жасалады. Есептер дұрыс деректер негізінде, орындаушылар ұсынатын ҒЗЖ нәтижелері бойынша жасалады.

      70. Жоғары оқу орындары қызметінің басым бағыты білім беру қызметімен қатар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру болып табылады.

      71. ЖОО халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.

      ЖОО-лар шетелдік білім беру, ғылыми және мәдени ұйымдармен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстарды дербес орнатады, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.

      ӘАОО-лар шетелдік ұйымдармен ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасады, білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми қызметкерлермен халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысады, тиісті уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) мүше болады.

      72. ӘАОО халықаралық шарттар мен келісімшарттарға сәйкес шетелдік азаматтар қатарынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқылы.

3. ЖОО қызметін ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      73. ЖОО-ның ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі білім беру қызметін жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылады.

      74. Кітапхана қоры ақпараттық ресурстардың құрамдас бөлігі болып табылады және оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетті, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді қамтиды.

      ЖОО-лар оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша білім алушыларды оқу, оқу-әдістемелік әдебиетпен қамтамасыз етеді.

      Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыру білім алушылардың электронды кітапханаларда орналастырылатын халықаралық дереккөздерді қоса алғанда, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиетке, оқу, ғылыми, ақпараттық деректер базасына еркін қол жеткізуімен қамтамасыз етіледі.

      75. ЖОО-ларда web-сайтты, ақпараттық-білім беру порталын, оқытудың кредиттік технологиясын қамтамасыз етудің автоматтандырылған жүйесін, ЖОО-ның жергілікті желілерінде орналасқан ақпараттық-білім беру ресурстарының жиынтығын және кең жолақты әрі жоғары жылдамдықты интернетке қосылған тармақталған компьютерлік желіні қамтитын жоғары технологиялық ақпараттық-білім беру ортасы құрылады.

      76. Тиісті дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, өндірістік шеберханалардың, полигондардың, спорт залдарының және оның қызметін қамтамасыз ететін және оған меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында тиесілі басқа да орынжайлардың болуы ЖОО қызметінің міндетті шарты болып табылады.

      77. ЖОО-ның оқыту нысандары бойынша екі ауысымнан аспайтын оқу сабақтарын жүргізу үшін қажетті дәрісханалық қоры болады.

      78. Білім беру мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін ЖОО-ның әртүрлі техникалық ресурстары: зертханалық жабдықтары, қондырғылары, тетіктері, стендтері, өлшеу құралдары, оқу және зерттеу мақсаттарында пайдаланылатын макеттері және бұйымдардың модельдері, эксперименттік үлгілері, материалдары, компьютерлік және өзге де есептеу техникасы, бағдарламалық құралдары болады.

      79. ЖОО-ның білім алушылар контингентіне және білім беру қызметіне қарай айқындалатын білім алу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ететін қаржылық ресурстары болады.

      80. Қаржылық ресурстар көздеріне бюджет қаражаты, оның ішінде білім беру және ғылыми гранттардан алынған қаражат, ақылы негізде білім беру қызметінен, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәжірибелік-конструкторлық, эксперименттік және баспа өнімдерін сатудан түсетін қаражат, демеушілік көмек және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған қызметтің басқа да түрлерін жүзеге асырудан алынған өзге де қаражат көздері жатады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан олардың қызмет тәртібін айқындайды.

      2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары дарынды балалардың ғылым, мәдениет, өнер, хореография, спорт, алғашқы әскери дайындық негіздерін терең меңгеруіне бағытталған мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша элитарлық білім беруді іске асырады.

      3. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады. Жарғыны мамандандырылған білім беру ұйымы әзірлейді.

      4. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының негізгі мақсаты – серпінді даму ортасына өзін-өзі бейімдеуге дайын бәсекеге қабілетті адамды және дарынды балалардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.

      5. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының міндеттері:

      1) элитарлық білім беруді іске асыру;

      2) елдің зияткерлік әлеуетін сақтау және дамыта түсу;

      3) дарынды балаларды дербес оқытуды және білім алушылардың мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын сапалы меңгеруін қамтамасыз ету;

      4) дарынды балалардың өзіндік, жобалық және зерттеушілік қызмет дағдыларын жетілдіру;

      5) ұлттық мақтаныш, азаматтық қадір-қасиет, Отанына, өз халқына деген сүйіспеншілік сезімі бар азамат пен патриоттың әлеуметтік белсенді тұлғасын қалыптастыру.

      6. Мамандандырылған білім беру ұйымының мынадай бағыттары бар: жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, экономикалық, технологиялық, музыкалық, хореографиялық, көркемдік-эстетикалық, әскери, спорттық.

      7. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім берудің жаңа мазмұнын іздеуді, әзірлеуді, оны ендіру нысандары мен әдістерін, эксперименттік білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын сынамалауды ұйымдастыратын шығармашылық зертхана болып табылады.

2. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      8. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын құру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      9. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өз қызметін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.

      10. Лицензиялау рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып электрондық нысанда жүзеге асырылады.

      11. Мамандандырылған білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген және өз атауы жазылған мөрі, ағымдағы шоты және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да шоттары болады.

      12. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті кадрлардың, қажетті материалдық-техникалық базаның және білім беру процесін тиісті оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және ғылыми сүйемелдеу болуы қажет. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті жағдайлар жасалады.

      13. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мамандандырылған білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды мемлекеттік білім беруді басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

      14. Мамандандырылған білім беру ұйымындағы білім беру процесін ұйымдастыру білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін мамандандырылған білім беру ұйымдарына арналған үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген оқу жұмыс жоспарлары бойынша жүзеге асырылады.

      15. Оқу жұмыс жоспары мен мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын әзірлеуді мамандандырылған білім беру ұйымы дербес жүзеге асырады.

      16. Мамандандырылған білім беру ұйымдары жарғыларында айқындалатын оқытудың нысандарын, құралдары мен әдістерін өз бетінше таңдайды.

      17. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім алушылардың сұраныстарына және кадрлық әлеуеттің мүмкіндіктеріне сәйкес ішкі бейіндеуші пәндер, сондай-ақ қолданбалы курстар мен факультативтердің білім салаларын айқындайды.

      18. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының әр деңгейдегі сынып-комплектілері мен сыныптардағы білім алушылар саны тиісті жағдайлар болғанда қалыптастырылады.

      19. Мемлекеттік (орыс тілінде оқытатын сыныптар үшін) және орыс (қазақ тілінде оқытатын сыныптар үшін) тілдерін, ақпараттық-есептеу техникасы негіздерін, ритмиканы, хореографияны, музыканы, дене тәрбиесін, технологияны, көркемдік пәндерін оқыту, сондай-ақ бейінді пәндерден зертханалық, практикалық жұмыстар жүргізу кезінде сыныптар 2 топқа, шетел тілдерін және пәндерді шетел тілінде оқыту кезінде 3 топқа бөлінді.

      20. Жалпы орта білім деңгейінде таңдау бойынша (тереңдетілген деңгей) пәндерді ағылшын тілінде оқыту кезінде сыныптар 2-3 шағын топқа бөлінеді.

      21. Сыныптарды қосымша бөлу, икемді вариативті кесте жүйесі, деңгейлік бөлу, консультациялар мен таңдау бойынша пәндер жүйесі арқылы жалпы орта білім беру деңгейінде бейінді саралауды жүзеге асыру мамандандырылған білім беру ұйымының толық күн режимінде жұмыс істеуін талап етеді.

      22. Білім алушылардың оқу-тәрбие қызметін тиімді ұйымдастыру үшін 10 сынып-комплектіге психологтың бір ставкасы есебінен психологиялық қызмет құрылады, сынып-комплектілер санын ұлғайту кезінде психолог ставкасының саны тиісті жылға көзделген жалақы қорының есебінен және соның шегінде арттырылады.

      23. Мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс көзделуі тиіс.

      24. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім алушылар мен тәрбиеленушілердің бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыруды, соның ішінде үйлестірілген пайдалы тамақтану және табиғи, жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қамтамасыз етеді.

3. Басқару және кадрлық қамтамасыз ету

      25. Мамандандырылған білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға, мамандандырылған білім беру ұйымының жарғысына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      26. Мамандандырылған білім беру ұйымын алқалы басқару нысандары педагогикалық кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, қамқоршылық кеңес және т.б. болып табылады.

      27. Тікелей басшылықты қамқоршылық кеңестің келісімімен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалатын басшы жүзеге асырады.

      28. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілері мен қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін жауапты болады.

      29. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

      30. Мамандандырылған білім беру ұйымын материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді, ондағы оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша шарттық негізде өзінің қызмет бағытына сәйкес жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимыл жасайды.

      31. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері "Білім туралы" Заңда, жарғыда, Ішкі тәртіп қағидаларында және лауазымдық нұсқаулықтарда айқындалады.

      32. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      33. Мамандандырылған білім беру ұйымының қызметін қаржыландыру:

      1) мемлекеттік – жергілікті және республикалық бюджет қаражаты;

      2) заңды және жеке тұлғалардың ерікті жарналары;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы білім беру қызметтерін көрсетуден және қызметтің басқа да түрлерінен түскен қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      34. Мамандандырылған білім беру ұйымы халықаралық қызметке білім беру саласындағы уәкілетті органның желісі бойынша, сондай-ақ бюджеттен тыс қаражат есебінен өз бастамасы бойынша қатысады.

      35. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқыту, тағылымдамадан өту, тәжірибе алмасу, семинарлар, конференциялар, олимпиадалар жұмыстарына қатысу және т.б. бойынша халықаралық қызметті жүзеге асырады.

      36. Мамандандырылған білім беру ұйымын қайта құру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы білiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) және "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" 2002 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзiрленді және меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан арнайы бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртiбiн айқындайды.

      2. Арнайы білім беру ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, осы Қағидаларды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      Мемлекет ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар адамдарға олардың білім алуы, дамуындағы ауытқуды түзетуі және әлеуметтік бейімделуі үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді.

      3. Арнайы білім беру ұйымдарына:

      1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларының негізінде әзірленген арнайы оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары;

      2) арнайы түзету жеке, топтық және шағын топтық дамытушы, диагностикалық бағдарламаларды іске асыратын ұйымдар;

      3) әлеуметтік және медициналық-педагогикалық қолдау үшін көрсеткіштерді белгілеу, арнайы білім беру бағдарламаларының үлгісін айқындау және білім беру ұйымына жіберу мақсатында мүмкіндіктері шектеулі балалардың психологиялық-дене дамуындағы бұзылыстарды диагностикалауды жүзеге асыратын ұйымдар (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар) жатады.

      4. Арнайы бiлiм беру ұйымдары жалпы бiлiм беру ұйымымен негiзгі мiндеттердi шеше отырып, бiр мезгiлде жоғалтқан функцияларды қалпына келтiруге, бастапқы және қайталама ауытқуды түзетуге, сақталған талдауыштардың функцияларын дамытуға бағытталған бейіндік функцияларды орындайды.

2. Арнайы білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      5. Арнайы білім беру ұйымы дербес заңды тұлға болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылады.

      6. Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан арнайы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды мемлекеттік білім беруді басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

      7. Зияты сақталған оқушылар оқитын орта білім берудің арнайы ұйымдарындағы сыныптарда білім беру қызметін бейіні бойынша педагогикалық білімі бар пән мұғалімдері жүзеге асырады.

      Зияткерлік жеткіліксіздігі бар оқушылар оқитын сыныптарда білім беру қызметін арнайы педагогикалық білімі бар мұғалімдер жүзеге асырады.

      Түзету компонентінің барлық сабақтарын белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтетін арнайы педагогикалық білімі бар педагогтер өткізеді.

      8. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері "Білім туралы" Заңда, жарғыда, Ішкі тәртіп қағидаларында және қызметтік нұсқаулықтарда айқындалады.

3. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру

      9. Арнайы білім беру ұйымдарының (топтардың) білім беру қызметі білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен арнайы білім беру ұйымдарына арналған үлгілік арнайы оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарлары негізінде іске асырылады.

      10. Үлгілік арнайы оқу бағдарламалары мен жоспарлары негізінде әрбір ұйымда арнайы білім беру ұйымдары жұмысының ерекшелігін, сондай-ақ психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсынымдарын ескере отырып анықталатын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктерін ескере отырып, жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары әзірленеді. Оқу, жеке жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары педагогикалық кеңесте қаралады және оларды білім беруді басқару органымен келісу бойынша ұйымның басшысы бекітеді.

      11. Білім беру процесін ұйымдастыру оқу жоспары мен арнайы оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады және жылдық күнтізбелік оқу жоспарымен және сабақ кестесімен регламенттеледі.

      Білім алушының қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалары арнайы (түзету) ұйымдары мен орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы берген рұқсатпен экстернат нысанында меңгерілуі мүмкін.

      Білім алудың әртүрлі нысандарын үйлестіруге жол беріледі.

      12. Арнайы білім беру ұйымдарының педагогтері қажет болған жағдайда ата-аналарға (заңды өкiлдерге) каникул кезінде балаларға арналған түзету сабақтарын ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациялар өткізеді.

      13. Әлеуметтiк-тұрмыстық бағдар бойынша факультативтiк сабақтар өткiзу кезiнде сынып екi топқа бөлiнедi.

      Қоғамдық пайдалы өнімді еңбекті ұйымдастыру кезiнде сыныптар 5-сыныптан бастап оқушылардың еңбекке даярлығы бейiндерiн ескере отырып топтарға бөлінеді.

      Кәсіби-еңбекке оқыту жөнiндегi сабақтар үшін сыныптар бесінші сыныптан бастап, ал ақыл-ойы кенжелеп қалған балалар үшiн төртінші сыныптан бастап екi топқа бөлiнедi.

      Топтарды еңбек түрлерi бойынша жинақтау білім алушылардың психикалық-дене бітімі жағдайы мен мүмкiндiктерi ескеріле отырып, дәрiгердiң ұсынымдары негiзiнде жүзеге асырылады.

      14. Сабақ кестесiн арнайы білім беру ұйымының әкімшілігі әзірлейді және бекiтедi.

      15. Сабақ кестесінде оқу және жеке түзету сабақтарының күнделiкті саны, ұзақтығы мен бірізділігі көрсетiледі.

      Сабақтардың ұзақтығы белгіленген нормаларға сәйкес болады және сағат 8-ден ерте басталмайды.

      16. Оқу-тәрбие процесi баланы психологиялық-медициналық-педагогикалық және клиникалық зерделеу деректерiне негiзделген саралау және жекешіл тәсіл қағидаттарының негiзiнде жүзеге асырылады.

      Балалардың сөйлеуiнiң, назарының, жұмысқа қабiлетiнiң ерекшелiктерiн, олардың даму серпiнiн, білім алушылардың нақты бiлiмдерiн, олардың оқу материалын меңгеруiнiң мүмкiндiктерi мен ерекшелiктерiн анықтауды жүйелi зерделеу оқушының даму перспективасын айқындау және түзету жұмысының құралдарын таңдау үшiн жүргiзiледi.

      17. Оқу аптасының ұзақтығын тиiстi бiлiм берудi басқару органымен келiсу бойынша педагогтік кеңес белгiлейдi және ол жарғыда бекiтiледi.

      18. Дамуындағы ауытқуларды еңсеру мақсатында арнайы ұйымдағы оқушылар (тәрбиеленушілер) үшін (логопедтің, олигофренопедагогтің, тифлопедагогтің және сурдопедагогтің) топтық және жеке түзету сабақтары жүргiзiледi.

      19. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары негізінде әзірленген арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын арнайы білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде оқуда қиындық көретiн білім алушыларға, сол сияқты неғұрлым қабiлеттi білім алушыларға арналған жеке оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын бекiтедi.

      20. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары негізінде әзірленген арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын арнайы білім беру ұйымдарында еңбекке оқыту жұмысшы кадрларға қажеттілікке бағдарланған өңірлік және жергілікті жағдайларға қарай және жеке еңбек қызметiне тәрбиеленушiнi даярлауды қамтитын еңбек бейiнiн таңдау негiзiнде тәрбиеленушiлердің психикалық-дене бітімі дамуының жеке ерекшелiктерiн, денсаулығын, мүмкiндiктерiн, сондай-ақ олардың ата-аналарының (заңды өкiлдерiнiң) мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылады.

      21. Арнайы білім беру ұйымдарына балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның (бұдан әрi – ПМПК) қорытындысы бойынша ата-аналарының (заңды өкiлдерінің) келiсiмiмен ғана жiберіледі.

      Арнайы мектепке дейінгі және арнайы (түзету) білім беру ұйымдарының арнайы (түзету) сыныбына (тобына) оқушылар (тәрбиеленушілер) ПМПК қорытындысы негізінде ата-аналарының (заңды өкiлдерінің) келiсiмiмен арнайы білім беру ұйымында бір жыл оқыған және тәрбиеленгеннен кейін ғана жiберіледі.

      Кемiстiк құрылымы күрделі тәрбиеленушiлерге арналған сыныптар (топтар) арнайы білім беру ұйымында бiлiм беру процесi жағдайында психологиялық-медициналық-педагогтік бақылау барысында осындай тәрбиеленушiлердiң айқындалуына қарай жинақталады.

      22. Тәрбиеленушiнi арнайы білім беру ұйымынан басқа бiлiм беру ұйымына ауыстыруды бiлiм берудi басқару органдары ПМПК қорытындысы негiзiнде ата-аналардың немесе өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен жүзеге асырады.

      23. Оқу бағдарламаларын меңгеру кезiнде ерекше жетiстiктерге қол жеткізген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленген арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын арнайы білім беру ұйымдарының бітірушілеріне үздiк білімі туралы құжаттар берiледi.

      Зияткерлік бұзылыстары бар бітірушілерге ұйымның осы түрi үшін белгіленген үлгiдегi куәлiк беріледі.

      24. Арнайы білім беру ұйымының персоналын жинақтау тәртiбi оның жарғысымен және тиiстi нормативтiк құқықтық актілермен регламенттеледі.

      25. Арнайы білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшiн нормативтiк оқу жүктемесi:

      бастауыш, негiзгі және жалпы орта білім беру деңгейлерінде аптасына – 18 сағатты, тәрбиешiлер үшiн 25 сағатты құрайды;

      мектепке дейінгі ұйымдарда және мектепалды сыныптарда – аптасына 24 сағатты құрайды.

      Педагогтер үшін ағымдағы жылы белгiленген оқу жүктемесiнiң көлемін әкiмшiлiктiң бастамасы бойынша осы жылдың аяғына дейiн азайтуға болмайды.

      26. Арнайы білім беру ұйымында медициналық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы ұйымның әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып, тәрбиеленушiлердiң денсаулығын сақтауға және олардың психикалық-дене бітімі жағдайын нығайтуға, диспансерлеуге, профилактикалық iс-шаралар өткiзуге жауап беретiн және санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы режимдi, дене тәрбиесi мен шынығуды, тамақтандыруды, оның iшiнде диеталық тамақтандыруды ұйымдастыруды бақылайтын штаттағы медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.

      27. Медицина қызметкерлерi педагогтерге тәрбиеленушiлердің денсаулығы мен даму ерекшелiктерiн ескере отырып оларға жекешіл және саралау тәсiлін қолдануда көмек көрсетедi, медициналық-педагогтік түзеу, еңбекке баулудың бейiнiн таңдау, кәсiби бағдар беру, жұмысқа орналастыру бойынша, ата-аналарға (заңды өкiлдерге) аурудың алдын алу мақсатында үйдегi жағдайда қорғау режимiн сақтау қажеттiлігі туралы ұсынымдар бередi.

      28. Арнайы білім беру ұйымдарында дәрi-дәрмекпен және физиотерапевтiк емдеу, климаттық емдеу және шынықтыру, емдiк дене шынықтыру, массаж бен психотерапия жүргiзiледi.

      29. Арнайы білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға және оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      Алқалы басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқалар болып табылады.

      Арнайы білім беру ұйымын тiкелей басқаруды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын басшы жүзеге асырады.

      30. Арнайы білім беру ұйымының басшысы өз жұмысында Қазақстан Республикасының заңнамасын және нормативтiк құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      Ұйымның кеңестерi мен басшы арасындағы өкiлеттіктердiң аражігін ажырату бiлiм беру ұйымының жарғысымен айқындалады.

      31. Арнайы білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.

      32. Арнайы білім беру ұйымдары оқу-тәрбие процесiн, кадрларды таңдау мен орналастыруды, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар шегiнде дербес жүзеге асырады.

      33. Арнайы білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары, мiндеттерi, әлеуметтiк кепiлдiктерi "Бiлiм туралы" Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актілерде айқындалады.

      34. Арнайы білім беру ұйымдарын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      35. Арнайы білім беру ұйымдары жергiлiктi жағдайларға қарай қосалқы шаруашылық, оқу-тәжiрибе учаскесін және оқу-өндiрiстiк шеберханалар құра алады.

      36. Арнайы білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгілік қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгiлік қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзiрленді және меншiк нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының қызметiн реттейдi.

      2. Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары (бұдан әрi – бiлiм беру ұйымы) – жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орын берiп, олардың тәрбиеленуiне, бiлiм алуына қолайлы жағдай жасалатын бiлiм беру жүйесiнiң ұйымдары болып табылады.

      3. Бiлiм беру ұйымдары мемлекеттiк, жеке меншiк болуы мүмкiн.

      Мемлекеттік білім беру ұйымдарында білім алатын және (немесе) тәрбиеленетін жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекеттің қамқорлығында ұсталады.

      4. Білім беру ұйымы заңды тұлға болып табылады, оның оқшауланған мүлкі, өз атауы жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкте шоты болады.

      Білім беру ұйымы тәрбие бағдарламасын тәрбиеленушілердің психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулығын сақтау, құқықтары мен мүдделерін қорғау талаптарына сәйкес дербес әзірлейді.

      Білім беру ұйымы оқушылардың бойында тамақтану мәдениетін қалыптастыру, оның ішінде теңгерімді пайдалы тамақтануды және табиғи және жас өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қалыптастыру жөнінде жұмыстар жүргізеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      5. Бiлiм беру ұйымы өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Бiлiм туралы", "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, осы Қағидаларға және білім беру ұйымының жарғысына және өзге де нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

      6. Бiлiм беру ұйымдары нақты мiндеттер мен балаларды ұстау, оқыту және тәрбиелеу, қызмет режимi ерекшелiктерiне қойылатын талаптарға қарай:

      1) мектепке дейiнгi жастағы балалар үшiн;

      2) мектеп жасындағы балалар үшiн;

      3) ерте, мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалар үшiн;

      4) бiлiм беру ұйымдарын бiтiрушiлер үшiн құрылады.

      7. Бiлiм беру ұйымдарында әр жастағы және бiрыңғай жастағы балалардан тәрбиелеу топтары құрыла алады.

      8. Бiлiм беру ұйымында медициналық қызмет көрсетудi ұйымның әкiмшiлiгiмен және денсаулық сақтау жүйесінің аумақтық ұйымдарымен бiрлесе отырып, балалардың денсаулығын қорғауды, олардың психикалық-дене жағдайын нығайтуды, профилактикалық iс-шаралар жүргiзудi, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарын сақтауды қамтамасыз eтeтiн штаттық медициналық персонал Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      9. Білім беру ұйымдарының қызметін бақылау "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне, 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Қазақстан Республикасының "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы заңдарына, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

2. Жетiм балалар мен ата-анасының (заңды өкілдерінің) қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң тәртібі

      10. Бiлiм беру ұйымына бүкiл күнтiзбелiк жыл бойында туылғаннан бастап 18 жасқа дейiнгi (жасөспірімдер үйлерiне – 23 жасқа дейiнгi балалар үйлерi, балалар ауылдарының және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың бiтiрушiлерi):

      1) жетiм балалар;

      2) ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектелуi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.

      11. Медициналық көрсеткiштер бойынша немесе басқа бiр себептермен бұл балаларды тәрбиелеу мен оқыту бөлек жүзеге асырылуы тиiс болатын жағдайларды қоспағанда, бiр отбасының мүшелерi немесе туыстық қатынастағы балалар бiр бiлiм беру ұйымына жiберiледi.

      12. Білім беру ұйымына жiберiлетiн әр балаға қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдар мынадай құжаттар ұсынады:

      1) бiлiм беру ұйымына жiберу туралы жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi;

      2) туу туралы куәлiк (жеке куәлік);

      3) денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы медициналық құжаттар;

      4) бiлiм туралы құжаттар (мектеп жасындағы балалар үшiн);

      5) баланың өмiр сүру жағдайын тексеру актiсi;

      6) ата-анасы туралы мәлiметтер (ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлiктердiң көшiрмелерi, соттың шешiмi (ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру немесе шектеу, ата-аналарды хабар-ошарсыз кеткен деп тану, қайтыс болған деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабiлетi шектелуi) деп тану), ата-анасының ауруы туралы анықтама, ата-аналарды iздестiру туралы анықтама және ата-анасының жоқтығын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеуге мүмкiндiгi жоқтығын растайтын басқа да құжаттар);

      7) аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерiнiң, қарындастарының және басқа да жақын туыстарының бар-жоғы және олардың тұратын жерi туралы анықтама;

      8) ата-анасы қайтыс болғаннан кейiн қалған мүлiктердiң тiзiмдемесi, оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәлiметтер;

      9) кәмелетке толмағандарға тұрғын үй алаңын бекiтiп беру туралы құжаттар;

      10) әлеуметтік жәрдемақы алатын баланың атына дербес шоттың ашылуы туралы шарттың көшірмесі, алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi (оларды балаға ата-анасының бiрi немесе оны алмастыратын адам алатын кезде).

      13. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие процесі орта білім беру ұйымдары қызметінің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) үлгiлік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Білім беру ұйымындағы тәрбие жұмыстары тәрбиеленушiлердiң қызығушылығын, бейiмдiлiгi мен психикалық-дене ерекшелiктерiн ескере отырып, балалар мен ересектердiң ынтымақтастығы қағидаттарында жүргiзiледi.

      Жергілікті атқарушы органдар мектебi жоқ бiлiм беру ұйымының мектеп жасындағы тәрбиеленушiлерiнің тиiстi елді мекеннің жалпы бiлiм беретiн мектепте оқуын қамтамасыз етедi.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      14. Бiлiм беру ұйымында тәрбиеленушiлердiң патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары мораль және адамгершiлiк сезiмiн қалыптастыруға, сондай-ақ ынталары мен қабiлеттерiн жан-жақты дамытуға бағытталған әртүрлi клубтар, секциялар, үйiрмелер, студиялар құрылуы мүмкiн.

      Бiлiм беру ұйымы тәрбиеленушiлердiң қызығушылығын ескере отырып, олардың жалпы бiлiм беретiн мектептегi, оқушылар сарайлары мен үйлерiндегi, жас техниктер мен жас натуралистер станцияларындағы, спорт және музыка мектептерiндегi, сондай-ақ басқа да мектептен тыс ұйымдардағы үйiрмелер мен секцияларға баруын қамтамасыз етедi.

      15. Бiлiм беру ұйымында мектепке дейiнгi бөлiмдер (топтар) мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалардың туыстық қатынастарын сақтау мақсатында құрылады.

      16. Мектепке дейiнгi бөлiмдер (топтар) өз қызметiнде Мектепке дейiнгi ұйымдардың үлгi қағидаларын және осы Қағидаларды басшылыққа алады.

      17. Мектепке дейiнгi жастағы балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың күн тәртiбi мектепке дейiнгi тәрбиелеу мен оқытудың жалпыға мiндеттi мемлекеттiк стандартына сәйкес жүзеге асырылады.

      18. Білім беру ұйымында болу кезінде әр тәрбиеленушіге:

      1) өмірі мен денсаулығының сақталуына;

      2) қадір-қасиетінің қорғалуына;

      3) дене, моральдық немесе психикалық зорлықтың барлық нысандарынан қорғалуына;

      4) шығармашылық қабілеттері мен қызығушылықтарының дамуына;

      5) дамудағы кемшіліктерді түзеуде білікті көмек алуына;

      6) бейімділігіне, қабілеттеріне, тілегіне және денсаулық жағдайына сәйкес қосымша білім беру, сауықтыру қызметтерін алуына кепілдік беріледі.

      19. Бiр бiлiм беру ұйымынан екiншiсiне ауысқанда немесе бiтiрген кезде тәрбиеленушiге:

      1) туу туралы куәлiк (жеке куәлiк);

      2) білім беру ұйымында болғаны туралы анықтама;

      3) денсаулық жағдайы мен екпелерi туралы анықтама;

      4) бiлiмi туралы құжат;

      5) ата-аналары немесе туыстары туралы мәлiметтер қамтылған құжат;

      6) егер жеке iсiнде осындай болса, мүлiкке, ақшалай қаражатқа, бұрын ол немесе ата-анасы тұрған тұрғын үй алаңына оның құқығын растайтын құжаттар, дербес шоттың ашылуы туралы шарттың көшірмесі, алимент өндiруге арналған орындау парағы және басқа да құжаттар берiледi.

      20. Бiлiм беру ұйымдарының тәрбиеленушiлерiн бiтiрту ұйымның педагогикалық кеңесiнiң шешiмiмен, ондай болмаған кезде – ұйым әкімшілігінің шешімімен жүргiзiледi.

      21. Бiлiм беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидалар мен ұйым жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. Бiлiм беру ұйымын алқалық басқару нысандары "Білім туралы" Заңның 44-бабының 9-тармағына сәйкес педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес болып табылады.

      23. Бiлiм беру ұйымын басқаруды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес білім беру ұйымының құрылтайшысы тағайындайтын басшы жүзеге асырады.

      24. Бiлiм беру ұйымының басшысы:

      1) заңнамада белгiленген тәртiппен білім беру ұйымының қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      2) өзге ұйымдар мен өзара қатынаста бiлiм беру ұйымының атынан өкілдік етеді;

      3) білім беру ұйымының жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.

      Басшының еңбегiне ақы төлеу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделедi.

      25. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен:

      1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;

      4) білім беру ұйымы білім алушыларының және тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      5) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;

      6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзғаны үшін жауапты болады.

      26. Бiлiм беру ұйымдарының басшы кадрларының, педагог және ғылыми қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру бес жылда кемiнде бiр рет "Білім туралы" Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      27. Білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлері "Білім туралы" Заңға сәйкес аттестаттаудан өтуге тиіс.

      28. Білім беру ұйымының персоналын жинақтау тәртібі "Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 қаулысымен және оның жарғысымен регламенттеледі.

      29. Бiлiм беру ұйымы жергiлiктi жағдайларға қарай қосалқы оқу шаруашылығын, оқу-тәжiрибе учаскесін, оқу-өндiрiстiк шеберханаларды құра алады.

      30. Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мемлекеттiк бiлiм беру ұйымы жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылады.

      31. Бiлiм беру ұйымы белгiленген нысан бойынша iс қағаздарын жүргiзедi және бағыныстылығына қарай бiлiм беру органдарына есеп бередi.

      32. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және таратуҚазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары

      Ескерту. Үлгілік қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзірленді, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларға арналған қосымша білім алу құқықтарын тегін және шарттық негізде қамтамасыз етуге бағытталған.

      2. Балаларға арналған қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы) өз қызметінде білім беру саласындағы заңнаманы, осы Қағидаларды, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысын, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      3. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында жеке тұлғаның, қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін білім алушылардың білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында қосымша білім беру бағдарламалары іске асырылады.

      4. Мемлекет балалар үшін балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балалар үшін олардың қосымша білім алуы үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз етеді.

      5. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының негізгі міндеттері:

      1) жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған сапалы қосымша білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау;

      2) жеке тұлғаның зияткерлік, шығармашылық, дене бітімі мүмкіндіктерін дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру;

      3) адамгершілік, салауатты өмір салты, экологиялық мәдениет негіздерін қалыптастыру;

      4) азаматтылық пен отансүйгіштікке, өз Отанына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік тілді, халықтың дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу;

      5) бос уақытты мазмұнды етіп ұйымдастыру.

      6. Балаларға арналған қосымша білімнің білім беру бағдарламалары орта білім беру ұйымдарында іске асырылады.

2. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі

      7. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.

      8. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметтерде дербес болады.

      9. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалардың сұраныстарын, отбасының, білім беру ұйымдарының, қоғамдық (оның ішінде балалар мен жасөспірімдер) ұйымдардың қажеттіліктерін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін, ұлттық-мәдени дәстүрлерді ескере отырып, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

      10. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының білім беру қызметін педагогтер, әдіскерлер, педагог-ұйымдастырушылар және оларға теңестірілген адамдар (бұдан әрі – педагог қызметкерлер), тиісті бейіндегі мамандар жүзеге асырады.

      11. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының басшы кадрларының және педагог қызметкерлерінің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандарының біліктілігін арттыру бес жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      12. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын басқару "Білім туралы" Заңның 44-бабына, "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, осы Қағидаларға, балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының жарғысына, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын алқалы басқару нысандары педагогикалық кеңес, қамқоршылық кеңес, әдістемелік кеңес және басқа да нысандар болып табылады. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады.

      14. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен педагог қызметкерлерін аттестаттау "Білім туралы" Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды өз құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік білім беруді басқару органдары жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.

      Жаңадан құрылған балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында бірінші мемлекеттік аттестаттау үш жылдан кейін өткізіледі.

      16. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын құру және дамыту құрылтайшының қаражаты, сондай-ақ ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

      17. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ақылы негізде білім беру қызметтерін және өзге де қызметтерді ұсынады, осы қызметтен алынған кірістерге дербес иелік етеді.

      18. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мүлікке иелік етеді және оны пайдаланады. Балаларға арналған мемлекеттік қосымша білім беру ұйымының мүлкі ұйымның негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдаланылмауға тиіс.

      19. Қосымша білімнің білім беру бағдарламасын іске асыру кезіндегі оқу-тәрбие процесі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының қызығушылықтар бойынша бірлестіктерінде (клуб, студия, ансамбль, топ, үйірме, театр және басқа) (бұдан әрі – бірлестіктер) жүзеге асырылады.

      20. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында балалардың қызметі қызығушылықтары бойынша бірыңғай жастағы және түрлі жастағы бірлестіктерде жүзеге асырылады. Қызығушылықтары бойынша бірлестіктерді қалыптастыру балалардың ерікті таңдауына негізделеді.

      21. Әр бала бірнеше бірлестіктерде шұғылдануды таңдауға, оларды ауыстыруға құқылы.

      22. Қызығушылықтар бойынша бірлестік қызметінің мазмұнын оқу жоспарлары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын ескере отырып қосымша білім беру педагогі айқындайды.

      23. Сабақтар бір тақырыптық бағыттағы қосымша білімнің білім беру бағдарламалары немесе кешенді, кіріктірілген бағдарламалар бойынша өткізіледі, барлық оқу жылына да, сол сияқты одан қысқа мерзімге де ұйымдастырылады.

      24. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы шарт бойынша және (немесе) ұйымдармен, кәсіпорындармен бірлесіп, балалардың бейіндік дайындығын жүргізеді. Біліктілік емтихандарын тапсырған білім алушыларға бағалар қойылады және (немесе) бейіні бойынша (көркемдік, музыкалық және өнер мектептері) біліктілік беру туралы куәлік беріледі.

      25. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарында білім беру процесі тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайы ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      26. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында әдістемелік жұмыс, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және ендіру, педагог қызметкерлердің, сондай-ақ тиісті бейіндегі мамандардың біліктілігін арттыру жүзеге асырылады.

      27. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында әдістемелік, әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық қызметтер құрылады.

      28. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымында жарғыларға және осы Қағидаларға сәйкес қызмет ететін балалардың қоғамдық бірлестіктері мен ұйымдары құрылады.

      29. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балалармен жұмысты барлық күнтізбелік жыл бойына ұйымдастырады. Демалыс уақытында қажеттілігіне қарай белгіленген тәртіппен клубтар, лагерьлер және туристік базалар ашылады, өз базасында немесе балалардың тұрғылықты орны бойынша лагерьлерде (қала сыртында немесе күндізгі болу) балалардың тұрақты және (немесе) ауыспалы құрамымен түрлі топтар құрылады, шеберлік сағаттары өткізіледі.

      30. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары орта білім беру ұйымдарымен бірлесіп, сабақ уақытында және сабақтан тыс уақытта жалпы білім беру пәндері мен қосымша білім беру бойынша сабақтар мен біріктірілген сабақтар өткізеді.

      31. Көпшілік іс-шаралар өткізу кезінде бірлестіктер жұмысына балалардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қатыса алады.

      32. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы балаларды қабылдау кезінде ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдерді оқу-тәрбие процесінің жүргізілуімен және мазмұнымен, жарғымен таныстыруды қамтамасыз етеді.

      33. Қызметкер мен балаларға арналған қосымша білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

      34. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымына жұмысқа:

      1) медициналық қарсы көрсетілімі бар;

      2) психиатриялық және (немесе) наркологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жіберілмейді.

      35. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалған.

      35. Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарымен, қорлармен байланыстар орнатады, халықаралық бағдарламаларға қатысады, білім беру, мәдениет, спорт және туризм саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ынтымақтастық туралы шарттар жасасады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
бекітілген

Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары
1. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-бөлімнің тақырыбына орыс тілінде өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      1. Осы Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) сәйкес әзірленді және меншік нысандарына қарамастан ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Ересектерге арналған қосымша білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) жүзеге асырады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      3. Білім беру ұйымдары өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі), Қазақстан Республикасының "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" 2015 жылғы 18 қарашадағы заңдарына, Қазақстан Республикасының білім беру қызметін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Үлгілік қағидаларға және оның негізінде әзірленген білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      4. Білім беру ұйымдарының негізгі міндеттері:

      1) технологиялар мен өндірісте болып жатқан өзгерістерге байланысты оларға қойылатын талаптардың тұрақты артуын ескере отырып жұмысшылардың, қызметшілердің, мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау;

      2) бұрын алынған кәсіптік білімдер, біліктілік пен дағдыларды тереңдету және жетілдіру;

      3) еңбек нарығы құрылымының өзгеруіне байланысты қосымша біліктілікті алу арқылы кәсіптік мүмкіндіктерді кеңейту болып табылады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

2. Білім беру ұйымдары қызметінің тәртібi

      5. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Үлгілік қағидаларда және білім беру ұйымы жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, кадрларды іріктеу және орналастыруда, оқу-әдістемелік, қаржы-шаруашылық қызметте дербес.

      6. Білім беру ұйымының оқу және тәрбие процесінің негізі ұйым жүзеге асыратын оқу, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстарын жоспарлау және есепке алу болып табылады.

      7. Білім беру ұйымдарының оқу процесі оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Оқу процесінің оқу жоспарлары мен бағдарламаларын, күнтізбелік кестелерін ұйымдар бекітеді. Мүмкіндігі шектеулі адамдар оқыту кезінде олардың дара қажеттіліктерін ескере отырып жағдайлар жасалады.

      8. Ересектерге арналған қосымша білім беретін білім беру бағдарламалары бойынша біліктілікті арттырудан өткен білім алушылардың білім деңгейін қорытынды бағалауды құрамын білім беру ұйымдарының басшылары бекітетін емтихан комиссиялары жүргізеді.

      9. Білім алушы оқу жоспарының талаптарын орындамаған және білім беру ұйымының жарғысын бұзған жағдайда ол білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен білім алушылар құрамынан шығарылады.

      10. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау кәсіпорындармен (бірлестіктермен), ұйымдармен, жұмыспен қамту органдарымен, сондай-ақ басқа да заңды және жеке тұлғалармен жасалатын шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      11. Ересектерге арналған қосымша білімді алған тұлғаларға белгіленген үлгідегі біліктілікті беру туралы куәлік (сертификат) беріледі.

      12. Мамандардың біліктілікті арттырудан өту кезеңділігін "Білім туралы" Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші белгілейді.

      13. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеуге байланысты білім беру қызметімен айналысатын тұлғалар жатады.

      14. Меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері лауазымдарын алмастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      15. Ересектерге арналған қосымша білім беру жұмыс берушілер немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаражаттар есебінен оқу шартына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ересектерге арналған қосымша білім беру нысандарын, мазмұнын, көлемін тиісті мамандық бойынша қолданыстағы қосымша білім беру бағдарламаларының негізінде жұмыс беруші айқындайды.

      Оқуға қабылдау ұйым басшысының бұйрығымен жүргізіледі.

      Білім алушыға оқу кезінде оның аталған ұйымда оқуда болу мерзімін куәландыратын анықтама беріледі.

      16. Шетел мемлекеттері азаматтарының ересектерге арналған қосымша білім алу тәртібі халықаралық келісімдермен және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен айқындалады.

      17. Ересектерге арналған қосымша білім беру бюджет қаражаты есебінен де, ақылы негізде де жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ақылы негіздегі оқу құнын білім беру ұйымы айқындайды.

      Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің қосымша білім алуы бюджет қаражаты есебінен аккредитациялық органдардың тізіліміне енгізілген аккредитациялық органдарда институционалдық аккредитациядан өткен оқыту ұйымдарында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      18. Білім беру ұйымдарының білім алушылары:

      1) білім беру бағдарламаларының мазмұнын айқындауға қатысады;

      2) қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін қажетті нормативтік және нұсқаулық құжаттарды, оқу және оқу-әдістемелік материалдарды, сондай-ақ кітапханалық және ақпараттық қорды, басқа да бөлімшелер қызметтерін пайдаланады;

      3) конференцияларға және ғылыми семинарларға қатысады, білім беру ұйымдарының басылымдарында өз рефераттарын, еңбектерін және басқа да материалдарын жариялайды.

      19. Біліктілікті арттырудан және қайта даярлаудан өтіп жатқан қызметкерлер Еңбек кодексінде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген кепілдіктерді пайдаланады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      20. Жұмыс беруші Еңбек кодексінде, келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында көзделген жұмысты оқумен қоса атқару үшін біліктілікті арттырудан өтіп жатқан қызметкерлерге жағдайлар жасайды.

      21. Білім беру ұйымының қызмет етуі және дамуы үшін біліктілікті арттырудың қажеттілігін және көлемін жұмыс беруші айқындайды.

      22. Еңбек шарты қызметкердің немесе қызметкердің кінәсі салдарынан жұмыс берушінің бастамасы бойынша оқуға арналған шартты белгіленген мерзімге дейін бұзылған жағдайда, қызметкер өзін оқытуға байланысты шығындарды жұмысын өтеудің жұмыс істелмеген мерзіміне барабар мөлшерде жұмыс берушіге өтейді. Жұмыс берушінің келісімінде, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарында оқытуға байланысты жеңілдіктер мен өтемақы төлемдері көзделуі мүмкін.

      23. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды басшы жүзеге асырады. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қызметке тағайындалады және одан босатылады.

      24. Ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымының басшысы:

      1) ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымының білім алушылары мен қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;

      2) өзінің құзыретіне жатқызылған функцияларды орындамағаны;

      3) ересектерге арналған қосымша білім беру ұйымының білім алушылары мен қызметкерлерінің оқу процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;

      4) қаржы-шаруашылық қызметтің жай-күйі, оның ішінде материалдық және ақша қаражатын нысаналы пайдаланбағаны;

      5) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген өзге де талаптарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.04.2017 № 181 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі).

      25. Білім беру ұйымын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 17 мамырдағы
№ 499 қаулысымен
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 желтоқсандағы № 1839 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 53, 523-құжат).

      2. "Мектептен тыс ұйымдар қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 23, 29 бет).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2001 жылғы 22 маусымдағы № 849 қаулысына толықтыру мен өзгерiс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 16 қарашадағы № 1208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 45, 571-құжат).

      4. "Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 желтоқсандағы № 1353 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 50, 647-құжат).

      5. "Жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2005 жылғы 25 қаңтардағы № 59 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 3, 31-құжат).

      6. "Қосымша кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 94 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 5, 47-құжат).

      7. "Арнаулы білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2005 жылғы 3 ақпандағы № 100 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 6, 50-құжат).

      8. "Жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 113 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж. № 6, 61-құжат).

      9. "Кәсіптік бастауыш білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 ақпандағы № 174 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 9, 95-құжат).

      10. "Жоғары кәсiптік білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметiнiң үлгi ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 наурыздағы № 195 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 110-құжат).

      11. "Кәсіптік орта білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 4 наурыздағы № 208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 11, 115-құжат).

      12. "Жалпы орта білімнiң білім беру бағдарламаларын iске асыратын білім беру ұйымдары қызметінiң үлгi ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 наурыздағы № 224 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 124-құжат).

      13. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 28 қыркүйектегі № 934 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 36, 400-құжат).

      14. "Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 69 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 32-құжат);

      15. "Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің республикалық оқу орындарының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 тамыздағы № 1109 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 974-құжат).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады