"Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 қыркүйектегі № 1012 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрі                      С. Ахметов

Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢЫ Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына конституциялық заңдарына өзгерістер енгізілсін:
      1. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 17-18, 114-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 192-құжат; 1998 ж., № 7-8, 71-құжат; № 22, 290-құжат; 1999 ж., № 10, 340-құжат; № 15, 593-құжат; 2004 ж., № 7, 45-құжат; 2005 ж., № 7-8, 17-құжат; 2006 ж., № 23, 138-құжат; 2007 ж., № 12, 85-құжат; 2009 ж., № 2-3, 5-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2011 ж., № 3, 30-құжат):
      47-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Тікелей қылмыс жасалған жерде ұсталған және ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасалған жағдайлардан басқа, Президенттікке, Парламент депутаттығына кандидаттар тіркелген күнінен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейін, сондай-ақ олар Президент, Парламент депутаты ретінде тіркелгенге дейін оларды Орталық сайлау комиссиясының келісімінсіз қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сондай-ақ ұстауға болмайды.».
      2. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 21, 124-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 7, 78-құжат; 1999 ж., № 4, 100-құжат; № 10, 342-құжат; 2006 ж., № 23, 137-құжат; 2007 ж., № 12, 83-құжат):
      1) 27-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Парламент депутатының Премьер-Министр мен Үкімет мүшелеріне, Ұлттық Банк Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, Бас Прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас Прокурорға не құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асырумен байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына салынған сұрауды қарау Палаталардың жабық отырысында жүргізіледі.»;
      2) 32-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «32-бап. Депутатқа ешкімнің тиіспеушілігі
      1. Қылмыс жасалған жерде ұсталған немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Парламент депутатын оның өкілеттік мерзімі ішінде тиісті Палатаның келісімінсіз қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
      2. Депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға, қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге немесе сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға келісім алу үшін Бас Прокурор Сенатқа не Мәжіліске ұсыным енгізеді, оны Палаталар тиісті Палатаның отырысында қарауға дайындау үшін Орталық сайлау комиссиясына жібереді. Ұсыным күдіктінің әрекеттерін саралау туралы қаулымен таныстырудың алдында, қамауға алуға және қамауда ұстауға санкция беру туралы өтінішпен сотқа жүгінудің, алып келудің алдында, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі сотқа жіберудің алдында енгізіледі. Бас Прокурордың ұсынымы мен Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы олар келіп түскен күннен бастап екі апта мерзімінен кешіктірілмей қаралады және Палата тиісті лауазымды тұлғалардан қосымша ақпаратты табыс етуді талап етуге құқылы. Палата дәлелді шешім қабылдап, оны республиканың Бас Прокурорына және анықтау мен алдын ала тергеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органының басшысына үш жұмыс күні ішінде жібереді. Депутат өзіне ешкімнің тиіспеуі туралы мәселені Палата қараған кезде қатысуға құқылы.
      3. Сотқа дейінгі тергеудің басталуына себеп Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеу Бас Прокурорының келісімімен ғана қарастырылуы мүмкін. Парламентінің депутаты қылмыс жасалған жерде ұсталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасауға дайындалып жатыр не жасады деп есептеуге негіздер болған жағдайларда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу Бас Прокурорын 24 сағаттың ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып, оның келісімін алғанға дейін жалғастырылуы мүмкін. Істі тергеу барысында заңдылықтың сақталуына қадағалауды Бас Прокуроры жүзеге асырады.
      4. Орталық сайлау комиссиясы іс бойынша шешім қабылдаған тиісті соттан істі қарау нәтижелері туралы ақпаратты сұратып алады және айыптау үкімі шығарылған жағдайда тиісті Палатаға депутаттық мандаттан айыру жөнінде ұсыныс енгізеді.».
      3. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 173-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж.,  № 22, 129-құжат; 2008 ж., № 10-11, 34-құжат):
      1) 12-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қылмыс жасалған жерде ұсталған немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа, Конституциялық Кеңестің Төрағасы мен мүшелерін олардың өкілеттік мерзімі ішінде Парламенттің келісімінсіз қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
      2. Сотқа дейінгі тергеудің басталуына себеп Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Конституциялық Кеңестің Төрағасына немесе мүшелеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін, ол Конституциялық Кеңестің Төрағасын немесе мүшесін қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы ұсынымды Парламентке енгізеді. Конституциялық Кеңестің Төрағасы және мүшелері қылмыс жасалған жерде ұсталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасауға дайындалып жатыр не жасады деп есептеуге негіздер болған жағдайларда оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын 24 сағаттың ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып, оның келісімін алғанға дейін жалғастырылуы мүмкін.
      Істі тергеу барысында заңдылықтың сақталуына қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.»;
      2) 14-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2. Егер Конституциялық Кеңес Төрағасын, мүшесін заңда белгіленген тәртіппен қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартуға, сотта медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы тиісті өтініштің қозғалуына келісім берілсе, оның өкілеттіктері тоқтатыла тұруы мүмкін.».
      4. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 10, 232-құжат; 2010 ж., № 11, 55-құжат; 2012 ж., № 1, 2-құжат; 2013 ж., № 14, 72-құжат):
      3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      «3-бап. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына ешкімнің тиіспеушілігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына ешкімнің тиісуіне болмайды. Ол өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін орындау кезеңінде жасаған, сондай-ақ олар тоқтатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайды. Оны ұстауға, қамауға алуға және қамауда ұстауға, тінтуге, одан жауап алуға не жеке тексеруге болмайды.
      Тиіспеушілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығында тиесілі барлық мүлікке, сондай-ақ олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларына, қызметтік көлігіне, байланыс құралдарына, хат-хабарларына, оларға тиесілі құжаттарға қолданылады.
      Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығында тиесілі қандай да бір шектеулер қойылмайды.
      Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік құпиялылығы мен банк шоттарына қол сұғылмауына кепілдік беріледі.».
      5. Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., № 23, 410 құжат; 2006 ж., № 23, 136-құжат; 2008 ж., № 20, 77-құжат; 2010 ж., № 24, 147-құжат; 2012 ж., № 5, 38-құжат):
      27-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қылмыс жасалған жерде ұсталған немесе ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа, судьяны Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз қамауға алуға және қамауда ұстауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларына тартуға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
      2. Сотқа дейінгі тергеудің басталуына себеп Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін сотқа дейінгі тергеу тек Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімімен ғана жалғастырылуы мүмкін. Судья қылмыс жасалған жерде ұсталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасауға дайындалып жатыр не жасады деп есептеуге негіздер болған жағдайларда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын 24 сағаттың ішінде міндетті түрде хабардар ете отырып, оның келісімін алғанға дейін жалғастырылуы мүмкін. Судьяға қатысты арнаулы жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен прокурордың санкциясымен жүргізілуі мүмкін.».
      2-бап. Осы Конституциялық заң 2014 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады