Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 1371 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Асқарбекұлы Досаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2014 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 1371 қаулысымен    
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Қазақстанда
парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске
асыру туралы келісім

      Бұдан әрі жеке алғанда «Тарап» деп, ал бірлесіп «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Үкімет») және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - «ЭЫДҰ»)
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Келісімнің нысанасы

      1. Қазақстанда парасаттылық жүйелерін қамтамасыз етудің әкімшілік-құқықтық базасын нығайтуды қолдау мақсатында барлық тиісті аспектілер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді жүйесін одан әрі әзірлеуге жәрдем көрсету арқылы, мемлекеттік, сол сияқты жеке сектордағы ізгілікті қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді назарға ала отырып, озық халықаралық тәжірибенің негізінде және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, ЭЫДҰ Қазақстанда парасаттылық жүйелерін зерттеуді жүргізеді.
      2. Үкімет Жобаны қаржыландыруға келіседі.

2-бап. Бюджет-қаржы тетіктері

      1. Үкімет Жобаны қаржыландыруға жалпы сомасы 376726 (үш жүз жетпіс алты мың жеті жүз жиырма алты) евро ұсынады.
      2. Жобаны іске асыру мерзімі 18 айды құрайды, бұл ретте Тараптардың соңғысы осы Келісімге қол қойған күн Жобаның басталған күні болып табылады.
      3. ЭЫДҰ Жобаны іске асырудан алған кез келген нәтижені одан әрі пайдалану осындай нәтижелерді ЭЫДҰ Кеңесінің ЭЫДҰ-ның Жұмыс және бюджет бағдарламасына (ЖББ) енгізуіне байланысты болады. Осы Келісімнің қолданылу саласына кіретін Жобаны іске асыру нәтижелері қазіргі уақытта ЭЫДҰ-ның ЖББ енгізілді, ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару және аумақтық даму директораты осы Жобаны іске асыру нәтижелерін кейіннен болашақтағы ЖББ-ға қосу туралы ұсынысты енгізеді. Алайда, егер нәтижесінде осы Жобаны іске асыру нәтижелері болашақтағы ЖББ-ға қосылмаған болса, ЭЫДҰ берілген қаражат есебінен қаржыландырылатын жұмыстарды тоқтатуға және осы Келісімді бұзуға құқылы, бұл ретте Үкімет нақты келтірілген шығыстарды немесе ЭЫДҰ-ның осы Келісімді бұзу күніне дейін өзіне қабылдаған міндеттемелер бойынша шығыстарды ғана жабады.
      4. Осы Келісімге қол қойылғаннан кейін және ЭЫДҰ-дан тиісті есеп шотты алғаннан кейін Үкімет оны толық көлемде қаржыландырады.
      5. ЭЫДҰ Қаржы регламенттеріне және басқа да тиісті қағидаларға,  ЭЫДҰ саясатына және қазіргі уақытта жалпы қаражаттың 6,3 %-ы мөлшеріндегі әкімшілік шығыстарды өтеудің алымын көздейтін рәсімдеріне сәйкес осы Келісім бойынша берілген қаражатқа иелік етеді.
      6. Шығыстар бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттары негізінде ЭЫДҰ бухгалтерлік есептерінде келтірілетін болады және ЭЫДҰ аудит ережелерінің стандарттарына сәйкес аудиттің мәні болып табылады.

3-бап. Жобаны іске асыру бойынша қызметті жүргізу тәртібі

      ЭЫДҰ Жобаны парасаттылық жүйесіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске байланысты Қазақстан Республикасының құқықтық, әкімшілік және экономикалық аспектілерінің күшті және әлсіз жақтарын бағалау мақсатында қоса берілген осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын оған 1-қосымшадағы сипаттамаға сәйкес іске асырады.

4-бап. Жобаның іске асырылу нәтижелері

      Жоба аяқталғаннан бастап ЭЫДҰ алты айдың ішінде Үкіметке негізгі есепті және шығыстар туралы түпкілікті қаржылық есепті ұсынады.

5-бап. Ақпаратпен алмасу

      1. Тараптар Жобаны іске асыру мақсатында бір біріне өзара жәрдем мен қажетті ақпаратты ұсынады.
      2. Қазақстан Тарапынан Жобаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі болып табылады.
      3. Тараптардың арасындағы кез келген хат-хабар мына мекенжайлар бойынша жолданады.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мекенжайына:
      Астана қаласы, Орынбор көшесі, № 8, тел.: 8 (7172) 74-38-01, факс: 8 (7172) 74-38-24, e-mail: info@minplan.kz
      ЭЫДҰ мекенжайына:
      Хельге Шредерге (Helge Schroder)
      CleanGovBiz Саясат мәселелері жөніндегі талдаушы
      Бас хатшының кеңсесі
      2, рю Андрэ-Паскаль, 75775 Париж Цедекс 16, Франция (2, rue Andre Pascal, 75775 Paris Cedex 1, France)
      Телефон: +33 (0)1 45 24 85 71
      Электрондық пошта: helge.schroeder@oecd.org

6-бап. Жобаның іске асырылу нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаны іске асыру жұмысының нәтижелері кез келген нысанда ЭЫДҰ жеке-дара меншігі болып қалады.
      2. Үшінші тұлғалардың құқықтарын, сондай-ақ егер, қолданылатын болса, ЭЫДҰ-ның құжаттарды құпияландыру және құпиясыздандыру қағидалары мен саясатын ескере отырып, ЭЫДҰ Үкіметке кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсатта Жоба бойынша түпкілікті есебін көшіру және тарату арқылы пайдалануға арналған мүлде қайтарып алынбайтын әлемнің барлық елдерінде қолданылатын лицензияны береді. Үкімет негізгі есептің «Оқу үшін» (html 5) толық нұсқасын өзінің интернет-ресурсында орналастыруға және бөлісуге құқылы.
      3. Үкімет барлық тиісті жағдайларда ЭЫДҰ авторлық құқығын тиісті түрде тануға тиіс.
      4. Негізгі есеп Үкіметтің Жобаға қосқан үлесін тануды қамтиды.

7-бап. Дауларды реттеу

      1. Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға қатысты тараптардың арасындағы кез келген дау мүмкіндігінше келіссөздер мен кеңестер арқылы реттеледі.
      2. Осы Келісімнің болуын, шынайылығын немесе тоқтатылуын қоса алғанда, Келіссөздер арқылы шешілмейтін оны түсіндіруге, қолдануға немесе орындауға байланысты туындайтын кез келген дау, келіспеушіліктер немесе наразылықтар осы Келісімге қол қою күні қолданыста болатын халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерге қатысты қолданылатын Тұрақты төрелік соттың Қосымша төрелік регламентіне сәйкес түпкілікті және міндетті күші бар төрелік арқылы реттеуге жатады. Төрелік сотты үш төреші жүргізеді. Төрешілер ЭЫДҰ мен Үкіметтің арасындағы келісім бойынша таңдалады немесе мұндай келісім жеткіліксіз болған жағдайда төрелікке жүгінген кезден бастап үш айдың ішінде төреші Тараптардың кез келгенінің өтінімі бойынша жоғарыда көрсетілген Регламентке сәйкес тағайындалады. Төрешілік Франция, Парижде өткізіледі, бұл ретте өндіріс пен барлық материалдар ағылшын тілінде жүргізіледі.

8-бап. Өзгерістер

      Осы келісімге екі Тараптың өзара келісуі бойынша жеке хаттамаға қол қою арқылы өзгерістер енгізуге жол беріледі. Мұндай өзгерістер Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

9-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім Тараптардың соңғысы қол қойған күннен бастап күшіне енеді және 24 ай бойы немесе Тараптардың осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындаған кезіне дейін күшінде болады.
      Әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін талқылау кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының    Экономикалық ынтымақтастық
        Үкіметі үшін                  және даму ұйымы үшін

Е.Досаев                       Рольф Альтер
Қазақстан Республикасының      Директор, ЭЫДҰ мемлекеттік басқару
Ұлттық экономика министрі      және аумақтық даму директораты

                               Энтони Дж. Ротье (Anthony J. Rottier)
                               Атқарушы директор

I-қосымша: техникалық тапсырма

«Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы

      I. Мәселенің тарихы
      Көптеген жылдар бойы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғаламдық күресте жетекші ойыншы ЭЫДҰ болып табылады. Ұйым парасаттылықты ілгерілету мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қамтамасыз етуге арналған бірқатар халықаралық құралдарды жасады, осылайша үкіметаралық ұйымдардың ортақ жұмысына өз үлесін қосты. Осы стандарттарды мемлекеттік деңгейде іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тартылған адамдар үшін жергілікті жерлерде парасаттылықты қамтамасыз ету шаралары жүйесін құру мақсатында ЭЫДҰ үкіметтермен, азаматтық қоғаммен және жеке сектормен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
      ЭЫДҰ 2011 жылы басталған CleanGovBiz бастамасының шеңберінде ұйым қызметін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және парасаттылықты қамтамасыз етуге бағытталған саясаттың әртүрлі бағыттары бойынша үйлестіру жүзеге асырылып, ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдермен қатынастарды қалыптастыру жүргізілуде. Өзінің парасаттылықты қамтамасыз ету құралдарымен CleanGovBiz бастамасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қолда бар құралдарын біріктіреді, осындай құралдарды қолдануды оңтайландыру бойынша пайдаланушылар үшін ыңғайлы нұсқаулықты ұсынады, тиісті ойыншылар арасындағы іс-қимылдардың үйлестірілуін жақсартады және парасаттылық қағидаттарын ілгерілету процессіне мониторинг жүргізеді. Құралдар ЭЫДҰ-ның барлық өзекті құралдарын ғана емес, БҰҰ, Дүниежүзілік Банк, өңірлік даму банктері, Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы, «Трансперенси Интернэшнл» орталығы, Өндіру салалары қызметінің ашықтығы бастамасы әзірлеген өзге де құралдарды қамтиды.
      Осындай құралдарды пайдалана отырып, ЭЫДҰ елдерде парасаттылық жүйелерін зерттеу бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді. Парасаттылық жүйелерін зерттеулер елдер тыныс-тіршілігінің парасаттылықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде құқықтық, әкімшілік және экономикалық аспектілерінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға арналған. Олар сондай-ақ жұмыс істеп тұрған басқару жүйелерін одан әрі тиісінше бекіту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық іс-қимылдарының алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында реформалардың басым бағыттарын айқындауға бағытталған. Парасаттылық жүйелерін зерттеулер кейінгі жобалар үшін нақты ұсыныстар әзірлеуге, мысалы басым бағыттар бойынша жағдайға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар шараларының жүйесін құруға қатысты терең талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
      II. Мақсаттар
      «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы халықаралық озық практика негізінде және Қазақстанның ерекшеліктерін ескерумен мемлекеттік, сол сияқты жеке секторда парасаттылықты қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді назарға ала отырып, үкіметке сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді жүйесін одан әрі әзірлеуге жәрдемдесу арқылы парасаттылық нормаларын нығайтуда Қазақстан Республикасына қолдау көрсетуге арналған. Осындай зерттеу ЭЫДҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүргізетін желісі контексінде мониторингтің үшінші раундын толықтырады және кеңейтеді. Екінші раунд барысында әзірленген ұсынымдардың орындалу дәрежесін бағалауды мониторингтің үшінші раунды шеңберінде жүзеге асыру жоспарланғандықтан, CleanGovBiz парасаттылық жүйелерін зерттеу кезінде Қазақстанда парасаттылықты қамтамасыз етудің қағидалары мен нормаларына ғаламдық бағалауға негізгі акцент жасалатын болады.
      Осы мақсаттарда парасаттылық жүйелерін зерттеу шеңберінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес институттарының жұмысына және стратегиясына кешенді бағалау жүргізіледі, сондай-ақ мынадай бағыттар бойынша көпшілік мойындаған озық халықаралық практика қағидаттарының негізінде елде парасаттылықты қамтамасыз етудің қағидалары мен нормаларына салыстырмалы талдау жүргізілетін болады:
      Тиісті түрде жұмыс істейтін басқару жүйелері:
      - нормативтік реттеу саласындағы саясат;
      - бәсекелестік саласындағы саясат;
      - мемлекеттік қаржылық басқару;
      - даму саласындағы ынтымақтастық.
      Тиімді профилактика:
      - мемлекеттік сектордағы парасаттылық;
      - мемлекеттік сатып алу;
      - салық ашықтығы;
      - экспорттық несиелер;
      - мүддені білдіру;
      - іскерлік сектордағы парасаттылық;
      - азаматтық қоғамды нығайту.
      Жосықсыз практиканы анықтаудың астарлы тетіктері:
      - салықтық әкімшілендіру;
      - әшкерелеушілерді (ақпарат берушілерді) қорғау;
      - тәуелсіз БАҚ.
      Құқық бұзушылықтарды қатаң қудалау және түзету жүйесі:
      - пара алуды криминалдандыру және жазаны бұлтартпай орындауды қамтамасыз ету.
      III. Күтілетін нәтижелер
      - «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы мынадай мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:
      - Қазақстанды саяси диалогты дамыту, озық практикамен алмасу және реформалар жүргізудің басым бағыттарын айқындау жолымен халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес практикасына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибесіне сәйкес келтіру;
      - елде озық тәжірибені тарату бойынша іс-шараларға қатысу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы мен ЭЫДҰ сарапшыларын тарту жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында Үкіметтің үйлестіру рөлін нығайту және хабардар болуын арттыру;
      - мүдделі тараптарды азаматтық қоғам мен коммерциялық құрылымдар бірлестіктерінің белсенді қатысуымен саясатты бірлесіп әзірлеу процесін қолдау жолымен парасаттылықты қамтамасыз етудің кешенді саясатын әзірлеуге кеңінен тарту.
      IV. Жобаны іске асырудың әдіснамасы мен процесі
      «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы ведомствоаралық жұмыс тобының азаматтық қоғам және іскерлік сектормен өзара іс-қимыл жасай отырып, зерттеу саласындағы ахуалға дербес бақылау жүргізуі форматында әзірленді. ЭЫДҰ техникалық көмек көрсету және сараптамалық білім беру арқылы жобаға қолдау көрсетеді және парасаттылық жүйелерін зерттеу нәтижелері туралы есеп жасайды.
      Әдіснама Қазақстанның ерекшіліктерін ескере отырып әзірленді, «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасының жалпы іске асырылуы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1. Үкімет пен ЭЫДҰ «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын жүргізудің шарттарын келіседі.
      2. Үкімет үйлестірушіні тағайындайды және барлық мүдделі министрліктерде байланыс жасайтын тұлғаларды көрсетеді. Үйлестіруші де, жеке байланыс жасайтын тұлғалар да (бұдан әрі - «жұмыс тобы») тиісті қолдау көрсететін CleanGovBiz тобымен тұрақты байланыста жұмыс істейді. CleanGovBiz тобы ЭЫДҰ тиісті директораттарында ел мен сарапшылар арасындағы бірыңғай байланыс нүктесі болып табылады.
      3. Жұмыс тобы CleanGovBiz парасаттылықты айқындау құралымен жұмыс істеу әдістемесін қолдау бойынша ЭЫДҰ талдамалық тобы жүргізетін жұмыс отырысында нұсқаулықтар алады (Құралдар сауалнама құралдарын қамтиды). Бұдан басқа, дербес бағалауды жүргізуге көмек көрсету шеңберінде CleanGovBiz тобының мамандары үнемі жерлерге шығуды жүзеге асырады.
      4. Жұмыс тобы ЭЫДҰ талдамалық тобына алдын ала тұжырымдар береді.
      5. ЭЫДҰ-ның талдамалық тобы, сондай-ақ ЭЫДҰ қатысушылар мемлекеттерден тиісті деңгейдегі талдаушылар елге жұмыс отырыстарында зерттеудің алдын ала нәтижелерін талқылау үшін келеді, олар саяси диалог форматында өткізіледі. Сондай-ақ азаматтық қоғамдардың және коммерциялық құрылымдар бірлестіктерінің өкілдерімен консультация көзделеді.
      6. Жұмыс тобымен консультация нәтижелері бойынша ЭЫДҰ талдамалық тобы парасаттылық жүйелерін зерттеу барысы туралы алдын ала есепті құрайды.
      7. ЭЫДҰ сарапшылары және ЭЫДҰ қатысушы мемлекеттердің делегаттары үкімет өкілдерінің немесе жұмыс тобы мүшелерінің қатысумен «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асыру барысы туралы алдын ала есепті қарастырады.
      8. ЭЫДҰ-ның талдамалық тобы «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасының қорытындысы туралы нақты есепті құрастырады, онда реформаларды жүргізудің басымдылық бағыттарын ұсынады және мынадай бақылау талдамалық іс-шараларын ұсынады.
      9. «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасының нәтижелері туралы түпкілікті есеп ұсынылады және есепте көрсетілген талдамалық іс-шаралардың іске асырылу кестесі құрастырылады.
      10. ЭЫДҰ-ның талдамалық тобы, тиісті деңгейдегі талдаушылар мен үкіметтің өкілдері кезек күттірмес шараларды іске асыруды қарастыру үшін және одан әрі іс-қимылдар жоспарын айқындау үшін кездесу өткізеді.
      V. Іс-шаралар
      «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы мына іс-шараларды көздейді:
      - парасаттылықты қамтамасыз ету шаралары жүйесін құру бойынша жұмыс отырысы, оның жұмысында тиісті министрліктердің лауазымды тұлғалары, оның ішінде ведомствоаралық жұмыс тобының, ҮЕҰ және жеке сектордың өкілдері қатысады. Жұмыс отырысында парасаттылықты қамтамасыз ету құралдарымен таныстыру және «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасының міндеттерін, процестерін және іске асырылу нәтижелерін түсіндіру жоспарлануда. Жұмыс отырысының барысында «Қазақстанда парасаттылык жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асырудың нақты мерзімдері келісіледі, жұмыс тобы мен ЭЫДҰ сарапшылары арасындағы міндеттер бөлінеді. Жұмыс отырысы сарапшылардың Қазақстанның әкімшілік ортасының қажеттіліктері мен ерекшіліктерін ескере отырып, Зерттеудің тетіктері мен рәсімдерін нақтылап алуы үшін қолайлы алаң болмақ. Сондай-ақ, жұмыс отырысында «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасына жеке сектор мен азаматтық қоғамды тарту үшін ынталандыру жүйесін әзірлеу жоспарлануда. Жұмыс отырысы аяқталғаннан кейін «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы туралы қоғамды ақпараттандыру үшін баспасөз конференция ұйымдастырылуы мүмкін;
      - саяси диалог форматындағы жұмыс отырысы, оның жұмысында ЭЫДҰ талдамалық тобы және ведомствоаралық жұмыс тобы қатысады, зерттеу сұрақтарының жауаптарын егжей-тегжейлі қарау және бастапқы қорытындыларын талқылау мақсатында жүргізіледі; сондай-ақ талап ету бойынша парасаттылықты қамтамасыз ету шаралары жүйесін құру бойынша кездесулер ұйымдастырылуы мүмкін;
      - саяси диалог форматындағы жұмыс отырысымен қатар азаматтық қоғам мен коммерциялық құрылымдар бірлестіктерінің өкілдерімен консультациялар өткізіледі. Консультациялар азаматтық қоғам мен бизнестің үкіметтің дербес бағалау жүргізуіне қатысты көзқарасын ескеруге көмектеседі;
      - шолу түріндегі жұмыс отырысы, онда «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асыру туралы есеп жобасы ЭЫДҰ қоғамдастығының қарауына ұсынылады. Лауазымды тұлғалар мен ЭЫДҰ елдерінің делегаттары өз көзқарасын білдіреді, практикалық тәжірибесімен бөліседі және реформалар жүргізудің басымды бағыттарын ұсынады.
      - ең соңында кезек күттірмейтін шараларды орындаудың және алдағы іс-қимылдар жоспарын айқындаудың нәтижелерін қарау үшін қорытынды кездесу өткізіледі.
      VI. Жобаны іске асыруға үлес қосу және іске асыру нәтижелері
      ЭЫДҰ-ның үлесі:
      - «Қазақстанда парасаттылык жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасына қолдау көрсететін және Қазақстанның Үкіметі мен жұмыс тобы үшін бірыңғай байланыс нүктесі болатын CleanGovBiz талдамалық тобы;
      - мүдделі директораттардың ЭЫДҰ-дағы сарапшылары. «ЭЫДҰ талдамалық тобына» CleanGovBiz талдамалық тобының мүшелері және ЭЫДҰ сарапшылары кіреді;
      - ЭЫДҰ қатысушы мемлекеттердің лауазымды тұлғалары мен делегаттары, олар «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы бойынша түсініктемелерді ұсынады және озық практикалық тәжірибесімен бөліседі;
      - Қазақстанда тұратын жергілікті консультант парасаттылық жүйелеріне зерттеуге жәрдемдеседі және болып жатқан жағдайларға өз көзқарасын білдіреді.
      Парасаттылық жүйелеріне зерттеу нәтижесінде нәтижелерді алу болжануда:
      - парасаттылықты нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады; жұмыс тобы осы саладағы прогресті одан әрі бақылауды жүзеге асыру үшін «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы аяқталғаннан кейін де жұмысты жалғастыра қалады;
      - парасаттылықты қамтамасыз ету бойынша ЭЫДҰ құралдарын қолдану әдістемелерін пайдалана отырып, сауалнама нәтижелерінің негізінде дербес бағалау жүргізіледі;
      - бес іс-шара ұйымдастырылады;
      - парасаттылықты қамтамасыз ету шаралары жүйесін құру жөніндегі жұмыс отырысы, оның жұмысында тиісті министрліктерден лауазымды тұлғалар, оның ішінде ведомствоаралық жұмыс тобының өкілдері, азаматтық қоғам мен коммерциялық құрылымдар бірлестіктерінің өкілдері қатысады;
      - саяси диалог форматындағы жұмыс отырысы, онда ЭЫДҰ-ның талдамалық тобы зерттеу анкеталарының сұрақтарына жауаптарды түсіндіреді және жұмыс тобымен зерттеу нәтижелері бойынша алғашқы қорытындыларды талқылайды;
      - жалпы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әкімшілік-құқықтық базасының мәселелері бойынша және атап айтқанда «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасын іске асыру жоспары мәселелері бойынша азаматтық қоғамның және коммерциялық құрылымдар бірлестіктерінің өкілдерімен консультациялар;
      - шолу семинары, онда лауазымды тұлғалардың және ЭЫДҰ қатысушы мемлекеттері делегаттарының қарауына үкіметті дербес бағалау нәтижелері бойынша есеп жобасы ұсынылады. Семинарға қатысушылар өз түсініктемелерін береді және озық практикалық тәжірибелерімен бөліседі;
      - нәтижелерді қарастыру және одан әрі іс-қимылдар жоспарын айқындау үшін қорытынды кездесу;
      - ведомствоаралық жұмыс тобының, сондай-ақ реформалар жүргізудің басым бағыттарын көрсетумен ЭЫДҰ тартатын мамандардың дербес бағалау нәтижелерінің негізінде соңғы есеп;
      - Қазақстан Үкіметінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі.
      VII. Жобаны іске асыру талаптары:
      Мерзімдері:
      «Қазақстанда парасаттылық жүйелеріне зерттеу жүргізу» жобасы келісуші тараптардың соңғысы «Келісімге» қол қойған күннен басталады. Жобаның жалпы ұзақтығы 18 айды құрайды. Ұзақтығы 1-2 ай даярлық кезеңінен кейін 10 айдың ішінде тікелей парасаттылық жүйелерін зерттеудің өзі жүргізіледі. Қалған 6 ай қорытынды кездесулерді ұйымдастыруға және өткізу үшін беріледі, осы кезең ішінде Қазақстан Үкіметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі және осы саладағы іске асырылуы мүмкін кейінгі жобаларды айқындауы қажет.
      Құны:
      Жобаның жалпы құны 376726 евроға бағаланады (IX. Бюджетті қараңыз).
      VIII. Негізгі анықтамалар
      Парасаттылық
      Мемлекеттік және жеке сектор ұйымдарының күнделікті қызметінде құндылықтарды, қағидаттар мен нормаларды қолдануына парасаттылық те жатады. Үкіметтер ақпаратты, ресурстар мен өкілеттіктерді негізделген мақсаттарда пайдалану талабымен өздеріне қатысты әсіресе жұртшылық тарапынан қысымға ұшырауда.
      Парасаттылық мәдениетіне қол жеткізу стандарттарды жетілдіру, күнделікті практикада оларды түсіндіру, бақылау және орындалуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі күш-жігерді талап етеді. Бұл сондай-ақ тәуекелдердің алдын алуды және арнайы дайындалған қарсы шараларды қолдануды талап етеді.
      Парасаттылық тәуекелдері
      Парасаттылық тәуекелдерін немесе парасаттылыққа арналған тәуекелдерді адамның, мекеменің немесе құрылымның адалдығы мен шыншылдығына қарсы бағытталған сыбайлас жемқорлық үшін кез келген мүмкіндік немесе ынталандыру ретінде сипаттауға болады. Осындай тәуекелдерді басқару архитектураны және мемлекеттік институттардың парасаттылықты сақтаудың орынды кепілдігіне қол жеткізу үшін парасаттылыққа арналған әлеуетті тәуекелдердің туындауын анықтау, талдау, бағалау, ден қою және бақылау жөніндегі шаралар мен әдістердің келісілген кешенін талап етеді.
      Парасаттылық негіздері/сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді тәсіл
      Парасаттылық негіздері - бұл елдер үкіметтеріндегі парасаттылықты басқарудың жүйелі және кешенді тәсілі. Олар парасаттылыққа жәрдем көрсету мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу институттарынан, жүйелері мен тетіктерінен тұрады және парасаттылыққа әсер ететін контекстік факторларды ескереді. Үкіметтердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің кешенді тәсілін әзірлеуінің, яғни мемлекеттік, сол сияқты жеке секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш-жігерді үйлестіруінің қажетті шарты негіздері болып табылады.
      IX. Бюджет

«Қазақстанда ізгілік жүйелерін зерттеуді жүргізу» жобасы

Санаты

Жалпы есептік құн (евро)

Қызметкерлерге арналған шығындар

212790

Өтелетін шығыстар (офистік үй-жайлар, AT және т.б.)

28717

Сарапшылар - қаламақылар

28000

Миссияға арналған шығындар (ЭЫДҰ қызметкерлері)

65500

Миссияға арналған шығындар (сарапшылар)

7000

Өзгелері (мысалы, баспа, фотокөшірмелер, жарияланымдар)

10990

Қаражаттарға билік жүргізгені үшін ЭЫДҰ алымы (6,3 %)

23734

Шығыстар жиыны

376726

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады