Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 10 сәуірдегі № 219 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 шілдедегі № 463 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.07.2021 № 463 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.07.2016 № 408 қаулысымен.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 10 сәуірдегі
№ 219 қаулысымен
мақұлданған

      Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің
Үкіметі арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі,

      екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға ниет білдіре отырып,

      теңдік құқықты және өзара тиімділік қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      1997 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді басшылыққа ала отырып,

      осы ынтымақтастықты дамыту үшін ұзақ мерзімді негіз құруды қажет деп есептей отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты әрбір Тараптың тиісті мүмкіндіктері мен ресурстарына сәйкес келетін өзара бөлінетін міндеттерге және тең құқықты салымдар мен пайдаларға негізделе отырып, осы салада нақты бағыттарды бірлесе анықтай отырып дамытады.

2-бап

      Тараптар ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастықты мынадай нысандарда дамытады:

      бір тарап ғалымдарының екінші тарап өткізетін конференцияларға, симпозиумдарға, кездесулерге қатысуы;

      екі Тарап үшін қызығушылық тудыратын салаларда бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу;

      екі елдің университеттері, ғылыми-зерттеу ұйымдары және ғалымдары арасында байланыстар мен қарым-қатынасты дамыту;

      ғылыми және техникалық делегациялармен, жеке ғалымдар мен мамандармен алмасу;

      зерттеу мекемелері ғалымдарының екі елдің мемлекеттік және жеке секторы жұмысына қатысуы;

      екі елден ғылыми-техникалық ақпаратпен және құжаттамалармен, бұйымдар және материалдар үлгілерімен, технологиялар трансфетімен алмасу;

      Тараптардың ғылыми ұйымдары арасындағы уағдаластық бойынша ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың кез келген басқа да түрлері.

3-бап

      Тараптар мемлекеттің университеттері, ғылыми-зерттеу орталықтары, институттары және басқа да ұйымдары арасында тікелей байланыстар мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

      Ғылым мен техниканың белгілі бір саласындағы ынтымақтастықтың мазмұны, оның экономикалық және ұйымдастырушылық шарттары жекелеген шарттар негізінде Тараптардың тікелей ұйымдарымен келісіледі.

4-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар мен бағдарламаларға олардың өз есебінен қатысуға үшінші мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың ғалымдары, техникалық сарапшылары және органдары тартылуы мүмкін.

5-бап

      Тараптар осы Келісім негізінде олардың бірлескен қызметі нәтижесінде алынған ғылыми-техникалық ақпарат пен құжаттаманы Тараптардың ресми келісімінсіз кез келген үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.

6-бап

      Тараптар өзге де халықаралық келісімдерден туындайтын құқықтар мен міндеттерді және қатысушысы Тараптардың кез келгені болып табылатын халықаралық ұйымдардың ережелерін бұзбай, осы Келісімде көрсетілген салалардағы ынтымақтастықты ынталандырады.

7-бап

      Осы Келісімнің ережелерін іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:

      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі;

      Испания тарапынан – Испания Корольдігінің Сыртқы істер министрлігі болып табылады.

      Тараптардың уәкілетті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін бірі уақтылы хабардар етеді.

8-бап

      Осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар мен іс-шаралар осы Келісімнің мақсатына қатысты олардың өзектілігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін, кез-келген Тараптың өтініші бойынша кезең-кезеңмен қайта қаралатын болады.

9-бап

      Осы Келісім қаржылық міндеттемелерді жүктемейді. Осы Кеілісім шеңберінде жүзеге асырылатын әрекет Тараптардың келісімі бойынша қаржыландырылады:

      Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының бюджеттен тыс қаражаты болған жағдайда;

      осы Келісімге байланысты испан тарапынан шығыстар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен және бюджеттік шектеулерге сәйкес жабылатын болады.

10-бап

      Тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықта зияткерлік меншік құқығын қорғаудың маңыздылығын таниды. Тараптардың сұрауы бойынша Тараптар ғылым мен ғылыми-техникалық қызмет саласындағы заңнама туралы ақпарат алмасады.

11-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты кез келген келіспеушіліктер мен даулар дипломатиялық арналар бойынша Тараптар арасындағы консультациялар немесе келіссөздер арқылы шешіледі.

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып болатын және осы Келісімнің 12-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделген өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

12-бап

      Осы Келісім осы Келісім жасалғаннан кейін Тараптардың кез келгені дипломатиялық арналар арқылы жіберген мемлекетішілік рәсімдердің аяқталғаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.

      Осы Келісім 5 (бес) жылға жасалады және автоматты түрде келесі кезеңге осындай мерзімге ұзартылады. Тараптардың кез келгені ағымдағы кезең аяқталғанға дейін кемінде 6 (алты) ай қалғанда Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші тарапқа жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Келісімнің қолданысын тоқтата алады.

      2015 жылғы "_____" ______ ____________ қаласында қазақ және испан тілдерінде екі данада жасалды және барлық мәтіндердің бірдей заңды күші бар.

      Қазақстан Республикасының Испания Корольдігінің

      Үкіметі үшін Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады