Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау" жобасы бойынша гранттық келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 338 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау» жобасы бойынша гранттық келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіповке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау» жобасы бойынша гранттық келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2015 жылғы 27 сәуірдегі
№ 338 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы «Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау» жобасы бойынша гранттық келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке «Тарап» немесе бірге «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Шарттың нысанасы

      1. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) «Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау» жобасын (бұдан әрі – жоба) жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.
      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 18 айды құрайды.

2-бап. Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды өтеу шотына ЭЫДҰ-ға 250 000 (екі жүз елу мың) евро сомасында жарна беруге міндеттенеді.
      2. Жарна осы Келісімге қол қойылғаннан және ЭЫДҰ-дан тиісті шотты алғаннан кейін екі кезеңмен төленеді. Төлеудің бірінші траншы 232 000 (екі жүз отыз екі мың) евро мөлшерінде 2015 жылы енгізілетін болады. Екінші транш 18 000 (он сегіз мың) евро сомасы мөлшерінде 2016 жылы енгізілетін болады.
      3. ЭЫДҰ бұл жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасының 6,3 %-ы1 мөлшеріндегі әкімшілік шығындардың өтелуін төлеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның қаржылық ережелеріне және басқа тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіреді. Шығыстар жалпы қабылданған бухгалтерлік есеп қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетіледі және ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап. Жұмыстардың сипатты және есептілік

      1. ЭЫДҰ жобаны жобаға қоса берілген техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырады.
      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш айдың ішінде ЭЫДҰ баяндау нысанында Қазақстан Республикасының Үкіметіне жобаның барысы туралы есеп береді.
      3. Жоба аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде ЭЫДҰ баяндау нысанында Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорытынды есеп береді.
      4. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы жылдық есеп береді.
      5. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қорытынды есепті ұсынады.
      6. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап. Ақпарат алмасу

      Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті көмек пен ақпарат береді.
      Тараптар арасындағы кез келген байланыс мына мекенжайларға жіберіледі:
      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Ақерке Абылайхан, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, 010000, Қазақстан Республикасы, Астана, Сол жағалау, Үкімет үйі, тел.: + (7172) 74 15 56, факс: + (7172) 74 23 90, эл.мекенжайы: Akerke.Abylaikhan@edu.gov.kz.
      ЭЫДҰ үшін: Эмма Форбс, ЭЫДҰ Білім және дағдылар директораты, 75775, Франция, Париж Cedex 16, 2, rue Andre-Pascal, эл. мекенжайы: emma.forbes@oecd.org.

5. Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның меншігі болып қалады.
      2. Құжаттарды жіктеуге және жіктеуден шығаруға қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаты сақталатын болса, қажет болған жағдайда, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне кез келген мемлекеттік коммерциялық емес мақсаттар үшін жоба бойынша қорытынды есептің қағаз көшірмелерін пайдалануға, көшіруге және таратуға айрықша емес, қайтарып алынбайтын құқық береді. Қазақстан Республикасының Үкіметі де қорытынды есептің толық мәтінді нұсқасын өз веб-сайтында орналастыра және тарата алады.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі қажеттілігіне қарай үнемі ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде мойындайды.
      4. ЭЫДҰ осындай жарияланымның тілі мен нысанына қарамастан, қорытынды есепті бірінші жариялау құқығын өзіне қалдырады.
      5. Қорытынды есеп Қазақстан Республикасы Үкіметінің жобаға қосқан үлесін тануды қамтитын болады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің рәмізі жарияланым мұқабасының артқы бетінде немесе жоғарыда көрсетілген танудың жанында жарияланымның ішінде орналастырылады.
      6. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есебін дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап. Дауларды шешу

      Осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе оларға қатысты туындайтын, оның ішінде оның болуына, жарамдылығына немесе тоқтатылуына қатысты келіссөздер жолымен реттелмейтін кез келген дау, келіспеушіліктер немесе наразылықтар осы Келісім жасалған күні қолданылатын халықаралық ұйымдар мен төрелік соттың тұрақты палатасы мемлекеттері үшін төрелік соттың факультативті қағидаларына сәйкес түпкілікті және міндетті төрелік талқылаумен шешіледі. Судьялар саны – біреу. Судья Тараптардың өзара келісімі бойынша таңдалады. Егер төреші талап қойғаннан кейін үш ай ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмеген болса, судья жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес кез келген Тараптың талабы бойынша тағайындалады. Төрелік сот Парижде, Францияда өтеді, барлық іс жүргізулер және берілетін түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап. Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе ЭЫДҰ-ның халықаралық ұйым ретіндегі артықшылықтары мен иммунитеттерінен бас тарту деп түсіндірілмеуі тиіс.

8-бап. Өзгерістер мен толықтырулар

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Келісім одан туындайтын барлық міндеттемелерді екі Тарап орындағанша күшінде болады.
      ______ жылғы «___» _______ _______қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндерде сәйкессіздік болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып саналады.

      Қазақстан Республикасының        Экономикалық ынтымақтастық
            Үкіметінен                     және даму ұйымынан

           Аслан Сәрінжіпов                   Андреас Шлейхер
      Қазақстан Республикасының        Білім және дағдылар директоры
      Білім және ғылым министрі

      Қолы:_________________________   Қолы: ________________________
      Күні: ________________________   Күні: ________________________

Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымынан   

Энтони Дж. Роттьер
Атқарушы директор

Қолы: _________________________
Күні: _________________________

«Жоғары білім беру     
саласындағы саясатқа кейіннен
шолу жасау» жобасы      
бойынша келісімге      
қосымша           

«Жоғары білім беру саласындағы саясатқа кейіннен шолу жасау» жобасына техникалық тапсырма

      ЭЫДҰ жоғары білім беру саласындағы саясатқа шолуды (бұдан әрі – шолу) жүзеге асыратын болады. Шолу 2007 жылы ЭЫДҰ-ның Қазақстанда жоғары білімнің бірінші шолуынан кейін болған өзгерістерді, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның бірінші шолуының ұсынымдары негізінде жасалған және Білім беруді дамытудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына (бұдан әрі – БДМБ) енген реформаларды ескере отырып, жоғары білім беру жүйесін бағалауға; Қазақстанның ұлттық контексіне сәйкес БДМБ шеңберінде басқа да жоғары білім беру реформаларын бағалауға, сондай-ақ білім беру стратегиясының өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
      Сондай-ақ, шолу ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы орта білімге жақында жүргізген талдауына (2013 ж.), Қазақстандағы мектептен кейінгі білім беру деңгейіндегі дағдыларға шолуына (2014 ж.), сондай-ақ Қазақстанның мектептік ресурстарына шолуына негізделеді, олар ауқымды білім контексін қамтамасыз етеді.
      Шолу міндеттері
      Шолу мынадай төрт міндетке қол жеткізуге бағытталатын болады:
      1) 2007 жылы өткізілген ЭЫДҰ шолуынан кейін дамудың негізгі салаларына басымдық жасай отырып, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің ағымдағы жай-күйін, сондай-ақ оның Қазақстанның дамуының кең ауқымды мақсаттарымен өзара байланысын талдау;
      2) жоғары білім стратегиясы саласындағы жоғары басым реформаларды анықтау және ЭЫДҰ ұсынымдары бойынша және БДМБ І кезеңінде іске асырылған реформаларды, сондай-ақ 2007 жылдан бастап жүйеде болған өзгерістерді бағалау, ұсынымдар беру;
      3) жоғары білімнің ұзақ мерзімді даму бағыттарын, сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін ЭЫДҰ елдерінің тәжірибелерімен үйлестіру бойынша ұсынымдарды анықтауға көмектесу;
      4) шолуды таныстыруды қоса алғанда, қазақстандық тараптың шолу нәтижелерін таратуды қолдау.
      Шолу кезеңдері 
      Жоғары білім беру саясатын шолу мынадай кезеңдерді қамтиды:
      1) шолуға дайындалу. Қазақстанның Үкіметі шолудың ұлттық үйлестірушісін тағайындайды. Бұл орган жоғары білім беру жүйесін сипаттауды, тиісті статистикалық және зерттеу мәліметтерін, күшті және әлсіз жақтарын өзін-өзі бағалауды, сондай-ақ, білім беру стратегияларының басым бағыттарының синтезін қамтитын елдік базалық есептің дайындалуын үйлестіруді жүзеге асырады. Елдік базалық есептің  жобасы алдын ала сапарға дейін ЭЫДҰ-ға ұсынылады;
      2) алдын ала сапар. Алдын ала сапар 2-3 күн өтеді және шолуда қарастырылатын негізгі мәселелерді анықтау үшін мемлекет және жоғары білім жүйесі тарапынан негізгі қатысушылармен кездесулерді қамтиды. Сондай-ақ алдын ала сапар даладағы зерттеулер және онымен байланысты барлық мәселелер мен талаптар шеңберінде сапар бағдарламасын келісу үшін ұлттық үйлестірушімен кездесулерді қамтиды;
      3) даладағы зерттеулер. Ұзақтығы 10 жұмыс күніне дейінгі даладағы зерттеу шеңберіндегі сапар негізгі стейкхолдерлермен (орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ректорлар, профессорлық-оқытушылық құрам, студенттер, ғылыми қызметкерлер, азаматтық қоғам, бизнес және әлеуметтік әріптестер өкілдері және т.б.) сұхбат өткізуді қамтиды. Сараптамалық топ түрлі өңірлердегі таңдалған жоғары оқу орындарына барады. ЭЫДҰ-мен келісім бойынша ұлттық үйлестіруші өткізілетін сұхбаттар мен сапарлардың тізімін дайындайды. Сұхбат нәтижелеріне сәйкес өзгерістер енгізілуі мүмкін;
      4) жоба мен шолуды талдау, дайындау. Сараптамалық топ білім беру стратегиясы саласындағы ағымдағы реформаларды тәуелсіз талдауды және таңдалған зерттеу салалары бойынша Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің негізгі проблемаларын, сондай-ақ саяси шешімдерді қабылдау үшін халықаралық тәжірибе негізінде ұсынымдарды қамтитын есеп жобасын дайындайды. Сондай-ақ, шолу құжаттама мен тиісті әдебиетті талдауға негізделетін болады. Сараптамалық топ Елдік шолу аяқталғанға дейін фактілер мен ескертулерді тексеру үшін Қазақстанның Үкіметіне шолу жобасын жібереді. Шолудың соңғы редакциясы бойынша жауапкершілік ЭЫДҰ-ға жүктеледі. Шолу ағылшын тілінде ұсынылатын болады;
      5) шолу нәтижелерін тарату. Шолуды ЭЫДҰ жариялайтын болады. Қорытынды шолуды таныстыру үшін ЭЫДҰ-ның ресми тұлғалары мен сараптамалық топтың халықаралық сарапшылары шолу нәтижелерін таныстыру бойынша іс-шаралар жүргізу үшін Қазақстанға келеді. Таратудың басқа мүмкіндіктері Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ арасында талқылануы мүмкін.
      Ұсынылатын зерттеу салалары 
      Үкіметпен алдын ала талқылау жүргізу негізінде мынадай салалар шолу шеңберіндегі білім беру стратегиясының арнайы бағыттары ретінде қаралуы мүмкін:
      Жоғары білімге қолжетімділік. Жоғары білімге қатысуды, оның ішінде халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары арасында кеңейту Қазақстанда біліктілік базасын кеңейтуге және әлеуметтік пен экономикалық теңсіздікті жеңуге бағытталған Үкімет үшін дамудың маңызды басым бағыты болып табылады. Шолу аталған мәселені бағалауды қамтиды және ұсынымдар береді. Ашық және қашықтықтан білім берудің рөлі шолу шеңберіндегі зерттеу аспектілерінің бірі болып табылады.
      Жоғары білімнің сапасы және еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігі. Шолу мынадай мәселелерге қатысты бағалауды жүргізеді және ұсынымдар береді: ұлттық және салалық біліктілік шеңберлері, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының жіктеуіші; жұмысқа тұруға қолдау жасау, бітірушілерді жұмысқа тұрғызуды мониторингтеу жүйесі, академиялық еркіндікті кеңейтудің институционалды сапа мен еңбек нарығының сәйкестігіне әсері, сондай-ақ жұмыс берушілердің қатысу деңгейлері (білім бағдарламаларын әзірлеу барысында) және түлектердің жұмысқа тұруын мониторингтеу жүйесі (оның ішінде жұмысқа тұруға көмектесу).
      Жоғары білімді беруді басқару (жоғары оқу орындарын мемлекеттік-қоғамдық басқару жүйесін және жоғары оқу орындарындағы корпоративті менеджментті дамытуды қоса алғанда). Шолу мынадай мәселелерге қатысты бағалайды және ұсыныстар береді: жоғары білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру (аталған жүйенің жақында жандандарылғанын қоса алғанда), мемлекеттік және тәуелсіз бақылау жүйесі, ұлттық және институционалды деңгейлерде стратегиялық жоспарлау, жоғары оқу орындарындағы ұжымдық басқару органдарының қызметі (қадағалау, қамқоршылық және оқу кеңестері), сондай-ақ университеттердегі қаржылық менеджменттің тиімділігі.
      Қаржыландыру. Шолу мынадай мәселелер бойынша бағалайды және ұсыныстар береді: университеттерді қаржыландыру құрылымы және олардың қаржылық қызметтерінің негізгі тетіктері (кейбір деңгейде мемлекеттік қаржыландыру тетіктерін жетілдіру жолдарын қарастыру), сондай-ақ университеттерде қаржыландыру көздерін әртараптандыру және жоғары оқу орындарының шығындарын тиімді үлестіру.
      Білім, ғылым және инновацияларды ықпалдастыру. Шолу мынадай мәселелер бойынша бағалайды және ұсынымдар береді: зерттеу университеттері қызметінің тиімділігін бағалау, бизнес-инкубаторларды, ғылыми және технопарктерді, коммерцияландыру орталықтарын дамыту және кеңейту, сондай-ақ ел экономикасының қажеттіліктері және ғылыми жұмыстарды қолдау үшін адами капиталды дамыту.
      Интернационалдандыру. Қазақстанның жоғары білімінің халықаралық бейінін нығайту 2007 жылы қараудың маңызды бағыты болды, бірақ қазіргі уақытта мәселенің маңыздылығы артты. Шолу, оқытушылық және студенттік ұтқырлықты дамытуды, халықаралық бейіндегі оқу бағдарламаларын әзірлеуді, бірлескен ғылыми-зерттеу және қос дипломды бағдарламаларды дамытуды, сондай-ақ жаһандық бенчмаркингті қоса алғанда, ауқымды көлемдегі мәселелер бойынша талдау мен ұсынымдарды қамтамасыз етеді.

      Жиынтық кесте

      1-кесте Гранттық келісімге қол қойылғаннан кейін шамамен 18 ай жалғасатын шолуды өткізу кестесін көрсетеді.

      1-кесте: Негізгі іс-шаралар кестесі

Кезең

Сипаты

Алдын ала белгіленген мерзімі

1

2

3

Жобаның басталуы

Жобаның Гранттық келісіміне қол қою

2015 жылғы сәуір

Алдын ала іс-шаралар

Қазақстандық тараптан ұлттық үйлестірушіні тағайындау Қазақстандық тараптың елдік базалық есепті әзірлеуі.
ЭЫДҰ-ның Қазақстанға алдын ала сапары (жетекші талдаушы және бір талдаушы-ассистент)

Гранттық келісімге қол қойылғаннан кейін төрт айдан бес айға дейін

Даладағы зерттеулер шеңберіндегі сапар

Даладағы зерттеулер шеңберіндегі сапарды Қазақстан Үкіметінің келісімі бойынша ЭЫДҰ-ның сараптамалық тобы мен сыртқы халықаралық консультанттар/сарапшылар жүзеге асырады.
Сараптамалық топтың жалпы құрамы бестен алтыға дейінгі талдаушыны қамтиды деп күтіледі.

Алдын ала сапардан кейін екіден үш айға дейін

Шолу жобасы мен есебі

ЭЫДҰ сараптамалық тобының сол жерге барып одан әрі талдау жүргізуі; есеп жобасының аяқталуы; Қазақстанның Үкіметімен бірлесіп нақты деректерді тексеру; есепті аяқтау.

Даладағы зерттеулер шеңберіндегі сапардан кейін алтыдан жеті айға дейін

Шолуды таныстыру бойынша іс-шара

Шолуды таныстыру бойынша іс-шараны өткізу

Есепті аяқтағаннан кейін екіден үш айға дейін

Күтілетін нәтижелер

      ЭЫДҰ-ның елдік шолуының нәтижелері жоғары білім беруді жаңғыртудың ұзақ мерзімді сценарийін анықтауға мүмкіндік береді. Шолуды өткізудің нәтижелері бойынша Қазақстандағы жоғары білім берудің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тәсілдері ұсынылатын болады (мысалы, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі және IMD өлшемдеріне сәйкес), БДМБ-ның ІІ кезеңі шеңберіндегі реформаларды одан әрі іске асыру жөніндегі ұсынымдар ұсынылатын болады (оның ішінде кадрлар даярлау бойынша жоғары оқу орындары мен еңбек нарығының өзара іс-қимылының институционалды жүйесінің үлгісін әзірлеу бойынша ұсыныстар), сондай-ақ таңдалған жоғары оқу орындарында басқару икемділігін кеңейту бойынша қосылған тәжірибені енгізу тетіктері әзірленетін болады.
      Шолудың нәтижелері БДМБ-ның І кезеңін іске асыруды бағалау барысында, сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім саласында іске асырылатын реформаларын өзектілендіру үшін қолданылатын болады.

Бюджет

      Жұмыстың жалпы құны 250 000 евроны құрайды, ол ЭЫДҰ қызметкерлерінің еңбек ақысын, сарапшалардың шығындарын өтеу, кеңесшілер үшін өтемақыны, сондай-ақ шолуды дайындау және ЭЫДҰ шығындарын өтеу сияқты өзге шығындарды қамтиды. Аталған бюджет Қазақстан Республикасының Үкіметі есебінен төленетін базалық есепті дайындау бойынша шығындарды немесе жобаның үш жоспарланған міндеті (алдын ала сапар, негізгі сапар, шолудың нәтижелерін таныстыру бойынша іс-шараларды өткізу барысындағы іссапарлар шығындары) шеңберінде пайда болуы мүмкін өзге шығындарды, жергілікті стейкхолдерлердің қатысуы бойынша, аударма қызметтеріне шығындарды немесе ішкі іссапарлармен байланысты шығындарды қоспайды

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады