Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 12 Нормативтік қаулысы.

      Сот практикасында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы ережелерінің және Жалпы бөлігінің кейбір нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция), халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негізделетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі – ӘҚБтК) тұрады, әкімшілік жауаптылықтың шарттары мен негіздерін, әкімшілік жазалардың түрлерін, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін, оның ішінде осы істердің ведомстволығы мен соттылығын анықтайды.

      Соттар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелері Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес оның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатынын негізге алуға тиіс. Істі қарау кезінде сот Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасының нормаларын, егер халықаралық шартпен өзге қағидалар белгіленсе, Қазақстан Республикасы үшін оның міндеттілігін келісу туралы шешім ратификациялау немесе қосылу арқылы қабылданған болса, қолдануға құқылы емес. Мұндай жағдайларда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      Елдің егемендігі, Конституциямен белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысандарын өзгертуге жол берілмейтіні туралы Конституцияның ережелерін бұзатын, сондай-ақ адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандығына нұқсан келтіретін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылуы мүмкін емес ("Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының 4-тармағы).

      2. Әкімшілік құқық бұзушылықтан адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қорғауды және ӘҚБтК-нің 6-бабының бірінші бөлігінде санамаланған басқа да міндеттерді жүзеге асыру, сондай-ақ оларды жасаудың алдын алу үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама әкімшілік жауаптылықтың негіздері мен қағидаттарын белгілейді, оларды бұзу сипаты мен маңыздылығына қарай iс бойынша болған iс жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердiң күшiн жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкеп соғады.

      ӘҚБтК-нің процестік ережелерінде олқылықтар болған кезде соттар сот төрелігінің қағидаттары және адам мен азаматтың құқықтары туралы конституциялық нормаларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс.

      3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде ӘҚБтК-нің 10-бабында бекітілген кінәсіздік презумпциясы қағидаты бұлжытпай сақталуға тиіс.

      Кiнәлiлiкке келтiрiлген кез келген күмәндар, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану кезiнде туындайтын күмәндарды қоса алғанда, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған тұлғаның пайдасына түсiндiрiлуге және шешiлуге тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Жаза орындалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңсыз қаулының күші жойылғаннан немесе өзгертілгеннен кейін жаңа жаза тағайындау әкімшілік жауаптылыққа қайта тарту болып табылмайды.

      5. Соттардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу бойынша ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету және соттар мен органдардың (лауазымды адамдардың) мұндай қызметі туралы ақпаратты азаматтар мен ұйымдардың алу құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасағаны жөн.

      Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-ІІІ Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 14-бабының 1-тармағына сәйкес сот талқылауының немесе оның бөлігінің жариялылығын шектеуге "демократиялық қоғамда адамгершiлiк, қоғамдық тәртiп немесе мемлекет қауiпсіздiгiнiң пайымдаулары ескерiлген жағдайда ғана немесе азаматтардың жеке өмiрiнiң мүдделерi талап етсе немесе соттың пiкiрi бойынша, жариялылық әдiл соттың мүдделерiн бұзатын ерекше жағдай тудыратын болса" жол беріледі.

      Істі мемлекеттік құпияларды сақтау мақсатында жабық іс жүргізуде талқылау істің материалдарында мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Іске қатысатын адамдардың заңмен қорғалатын құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң ішкі сырлары туралы мәлiметтердi сақтау қажеттілігі туралы өтінішхаттары да, оларды сот қанағаттандырған жағдайда, жабық іс жүргізуде тақылау үшін негіз болып табылады.

      Істі талқылау жабық іс жүргізуде өткізілетіні туралы отырыстың хаттамасында, егер ол жүргізілетін болса, сондай-ақ іс бойынша қабылданған қаулының кіріспе бөлігінде көрсетіледі.

      6. Ескерту жасау негiзгi әкiмшiлiк жаза ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн (ӘҚБтК-нің 42-бабының бірінші бөлігі) және қандай да бір қосымша жазаларсыз дербес қолданылуға жатады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болып табылған зат тәркiлене отырып, ескерту немесе айыппұл салу түріндегі немесе қызметті тоқтата тұрумен жаза көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, оларды жасағаны үшін қосымша әкімшілік жаза тек әкімшілік айыппұлмен бірге тағайындалады.

      6-1. ӘҚБтК-нің 45-бабының бірінші, екінші бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралын не нысанасын, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады. Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.

      Тәркілеу адам әкімшілік жауаптылыққа тартылатын ӘҚБтК бабының санкциясы әкімшілік жазаның қосымша шарасы ретінде көздеген жағдайларда ғана қолданылатынын соттардың ескергені жөн.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6-2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралының не нысанасының, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүліктің ӘҚБтК-нің 766-бабы 7) тармақшасы ережелерінің негізінде тәркілеу нысанасына қатыстылығы оның әкімшілік құқық бұзушылық құрамын дәлелдеу нысанасына кіретін мән-жайлармен байланысын білдіретінін ескеру қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болып табылған затты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешкен кезде соттар міндетті түрде осы мүліктің тиесілігін негіздейтін дәлелдемелерді, әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға осы заттар мен мүліктің және мүлік сатылып алынған қаражаттың шығу тегін тексеруге тиіс. Контрабанда заттары тиістілігіне қарамастан тәркіленуге жатады. Егер іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не заттары, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлік белгіленбесе, тәркілеу, оның ішінде ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің осы қосымша жаза түрін міндетті түрде қолдануды көздейтін баптарына қолданылмайды.

      Әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға тиесілі емес заттарды немесе мүлікті тәркілеу туралы мәселені шешкен кезде сот олардың тиесілігін, меншік иесінің оның мүлкін құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалану туралы хабардар болуын айқындауға және олардың анықталуына қарай шешім қабылдауға тиіс. Егер мүліктің меншік иесі өзінің мүлкін басқа адамдардың пайдалануының құқыққа қайшы мақсаттары туралы білмесе және біле алмаса, онда мұндай мүлік тәркіленуге жатпайды.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      7. ӘҚБтК-нің 44-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қаржы заңнамасының нормаларын бұза отырып сомасының пайызымен айыппұл мөлшерін айқындау кезінде, мұндай операция шетел валютасымен жүргiзiлсе, айыппұл сомасын теңгемен қайта есептеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген ресми бағам бойынша жүзеге асырылады.

      ӘҚБтК-нің 44-бабының екінші бөлігінде жеке, лауазымды және өзге де тұлғаларға салынатын айыппұлдардың шекті мөлшерлері көзделген. ӘҚБтК-нің 58-бабының екінші бөлігіне қатысты айыппұлдың үш еселік ең жоғары шегі деп ӘҚБтК-нің 44-бабының екінші бөлігінде белгіленген үш еселік шек түсініледі.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      8. Судья лицензияда, арнаулы рұқсатта, бiлiктiлiк аттестатында (куәлiкте) көзделген қызметтi жүзеге асырған не әрекеттердi жасаған кезде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза түрінде белгiлi бiр қызмет түрiне рұқсаттан айыруды не белгiлi бiр әрекеттерді жасауды қолданады.

      Лицензияда, арнаулы рұқсатта, бiлiктiлiк аттестатында (куәлiкте) белгіленген қызмет түрiмен байланысты емес құқық бұзушылықты жасағаны үшiн белгілі бір қызмет түріне лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiктен) айыруға жол берілмейді.

      Егер тұлға лицензияланатын қызмет түрін мұндай қызметке қойылатын талаптарды бұзып жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылса, онда сот аталған қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы шешім қабылдауға құқылы. Егер тұлға лицензияланатын қызмет түрін тиісті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін не өзге де арнаулы рұқсатты талап ететін қызметті осындай арнаулы рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылса, онда сот ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көрсетілген мерзімге осындай қызметке тыйым салу түрінде қосымша әкімшілік жаза тағайындауға құқылы. Соттың мұндай шешімі тұлғаға тыйым салу мерзімі кезеңінде тиісті лицензия немесе өзге де арнаулы рұқсат алуға мүмкіндік бермейді.

      9. Нақты жеке немесе заңды тұлғаға берілген арнайы құқықтан айыру не рұқсаттан айыру немесе оның қолданысын тоқтата тұру мерзімдері ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің көптеген баптарының санкциясында айлармен немесе жылдармен көрсетілген, бірақ ӘҚБтК-нің 60-бабына сәйкес күнтізбелік күндермен де есептелуі мүмкін.

      10. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру не оған тыйым салу әкімшілік жазаның негізгі, сол сияқты қосымша шаралары (ӘҚБтК-нің 42-бабының екінші бөлігі) ретінде қолданылуы мүмкін.

      Әкімшілік жаза ретінде қызметті тоқтата тұру бұзушылықты жою үшін сот белгілеген мерзімде қажетті әрекеттерді (іс-шараларды) жүргізу арқылы ол жойылатын кезде қолданылады.

      Пайдаланылуы заңнама нормалары бұзылып жүзеге асырылатын объектілерді (агрегаттарды, ғимараттар мен құрылыстарды) ғана пайдалану уақытша тоқтатылуы не оған тыйым салынуы тиіс. Мұндай тоқтата тұруға немесе тыйым салуға жасағаны үшін көрсетілген жаза түрінде әкімшілік жауаптылық филиалдарының, өкілеттіліктерінің, құрылымдық бөлімшелерінің, өндірістік учаскелердің ғана қызметі жатады (ӘҚБтК-нің 48-бабының бірінші бөлігі).

      Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұрудың нақты мерзімін көрсету міндетті болып табылады және ол үш айдан аспауға тиіс (ӘҚБтК-нің 48-бабының үшінші бөлігі).

      ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясы жазаның аталған шарасын көздеген жағдайларда, сот істі әкімшілік іс жүргізу тәртібімен он тәулік ішінде қарауға тиіс.

      Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің санкциясы жазаның көрсетілген шарасын көздемесе, уәкілетті орган (лауазымды адам) тиісті өкілеттіктері болған жағдайда азаматтық іс жүргізу тәртібімен тиісті талап қою арқылы сотқа жүгінуге құқылы.

      Стратегиялық объектілерді (әскери бөлім, халықаралық әуежай және басқалар) қоса алғанда, азаматтық қорғаныс бойынша аса маңызды және санаттандырылған ұйымдарға ("Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңының 20-бабының 3-тармағы), егер мұндай ұйымның жұмыс істеуінің бұзылуы ұлттық қауіпсіздікке қатер, төтенше жағдайлардың туындау қауіпін төндірсе немесе едәуір әлеуметтік-экономикалық салдарларға алып келсе, қызметті тоқтата тұру қолданылмайды.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыcымен.

      11. ӘҚБтК-нің 33-бабының үшінші бөлігіне сәйкес заңды тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған және дербес салық төлеушiлер болып табылатын құрылымдық бөлiмшелерi (қаржы ұйымдарын қоспағанда) заңды тұлғалардың жауапкершілігі көзделген ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті баптары бойынша құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалар ретінде жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылықта болады.

      Соттар салықтың жекелеген түрлері бойынша Салық кодексінде заңды тұлғаның салық заңнамасында көзделген шарттар мен рәсімдерді сақтай отырып, құрылымдық бөлімшені өз шешімімен дербес салық төлеуші деп тану құқығы көзделгенін есте ұстағандары жөн.

      Салық кодексінің 490-бабының 1-тармағына сәйкес, егер Салық кодексінің 490-бабында өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады. Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын өз бетінше төлеуші деп тануға құқылы.

      Баяндалған норманы ескере отырып, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі заңды тұлға өзінің шешімімен заңнамада белгіленген тәртіппен құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдарына салық төлеуші деп таныған жағдайда, көлік құралдарына салынатын салық бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа жатады. Мұндай шешімнің салық заңнамасының талаптарына сәйкес күшіне енуі де құқықтық маңызға ие.

      Сонымен қатар салықтың жекелеген түрлері бойынша салық төлеушіні айқындайтын Салық кодексі нормаларының қолданылуына байланысты тек заңды тұлға ғана әкімшілік жауаптылықта болады, осылайша Салық кодексінің 222-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлеушілер болып табылады.

      Дербес салық төлеуші болып табылмайтын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің құқыққа қарсы іс-әрекет жасауы, егер бұрын ӘҚБтК-нің 61-бабында көзделген мерзім ішінде заңды тұлға өзінің басқа құрылымдық бөлімшесі осындай құқыққа қарсы іс-әрекет жасағаны үшін жауапқа тартылса, қайталама деп есептелуі тиіс.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыcымен.

      12. ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес әкімшілік қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінде көзделген шектерде тағайындайды. Жасағаны үшін әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза көзделетін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде судьялардың әкімшілік қамаққа алуды қолдануды болдырмайтын ӘҚБтК-нің 32 және 50-баптарының екінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардың болғанын немесе болмағанын мұқият анықтағаны жөн.

      12-1. Әскери қызметшілер мен әскери жиында жүрген әскери міндеттілер ӘҚБтК-нің 32-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтары үшін тәртіптік жарғы бойынша жауаптылықта болады. Осы адамдар құқық бұзушылықты қызметтік міндеттерін атқармаған (демалыста болған, әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шыққан және т.б.) кезде жасағанда жоғарыда аталған адамдар ӘҚБтК-нің 32-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген әкімшілік жаза қолданудағы шектеулермен жалпы негіздерде әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.

      Арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауаптылығы тиісті органдарда қызмет өткеру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес айқындалады.

      ӘҚБтК-нің 32-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ құқық бұзушылықты қызметтен тыс жерде жасаған кезде, жоғарыда аталған адамдар оларға атыс және суық қаруды алып жүру мен сақтау құқығынан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жазалар қолдануға тыйым салуды сақтай отырып, жалпы негіздерде жауапты болады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде, егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясымен әкімшілік қамаққа алу түріндегі баламасыз жазаны ғана қолдану көзделсе (ӘҚБтК-нің 652-бабын қоспағанда), соттың ӘҚБтК-нің 32-бабының бірінші бөлігінде аталған адамға қатысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтататынын ескергені жөн.

      Осы адамға қатысты құқық бұзушылық туралы материалдар оны тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті органдарға жолданады, бұл туралы сот қаулысының қарар бөлігінде көрсетіледі.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13. Бiр әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бiр негiзгi не негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн (ӘҚБтК-нің 55-бабының алтыншы бөлігі).

      ӘҚБтК-нің кейбір баптарының санкциялары бірнеше қосымша әкімшілік жазаны көздейді. Соттар ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің ережелерінен Жалпы бөлім нормаларының басымдығын ескеруі және ӘҚБтК-нің 55-бабының үшінші, төртінші бөліктерінің ережелерін ескере отырып, бір қосымша әкімшілік жазаны таңдауды қаулыда уәждеуі тиіс.

      Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгі бабының санкциясымен қосымша жаза (мысалы, шығарып жіберу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан айыру) таға отырып қамаққа алу көзделсе, онда соттардың ӘҚБтК-нің 50-бабына сілтеме жасай отырып, әкімшілік қамақ қолданылуы мүмкін емес адамдарды қамаққа алу түріндегі жазадан босатқаны және ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгі бабының санкциясымен көзделген екінші жазаны, егер ӘҚБтК-нің 42-бабының екінші бөлігімен негізгі әкімшілік жаза ретінде көрсетілген жазаны қолдануға жол берілсе, тағайындағаны жөн.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      14. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкімшілік жаза осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте ӘҚБтК-нің ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады (ӘҚБтК-нің 55-бабының бірінші бөлігі). ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген санкцияның ең төменгі шегінен төмендетіп жаза қолдануға жол берілмейді. Сот ӘҚБтК-нің 829-11-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлардың анықталғанын ескере отырып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адамға қатысты салынған және ӘҚБтК-нің 44-бабы бірінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес есептелетін әкімшілік айыппұлдың мөлшерін, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан асырмай қысқартуға құқылы (ӘҚБтК-нің 829-11-бабының екінші бөлігі).

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14-1. Акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді не Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі КК) 24-бабының 4-тармағында көрсетілген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға әкімшілік жазаны қолдану кезінде соттар кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы уәкілетті органның мәліметтерін бағалау барысында бұл норманың мұндай адамдарды шағын кәсіпкерлік және микрокәсіпкерлік субъектілері деп тануға тыйым салатынын ескеруі тиіс.

      Коммерциялық емес ұйымдарға әкімшілік жазаны қолдану кезінде кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы уәкілетті органның мәліметтері КК-нің 24-бабына сәйкес ескерілмейді.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      15. Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданудың ескіру мерзімі ӘҚБтК-нің 62-бабының екінші бөлігінде көзделген. ӘҚБтК-нің 62-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаны қолданудың ескіру мерзімін есептеуге жол берілмейді.

      16. ӘҚБтК-нің 62-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі iстi сотқа немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген мемлекеттiк органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ереже әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін ведомстволығы бойынша басқа мемлекеттік органға берілмейтін жағдайларға да қатысты. Ескіру мерзімін тоқтата тұрудың басталғаны істің сотқа немесе лауазымды адамға мәні бойынша қарауға іс жүзінде жіберілген күнінен айқындалады (поштаға тапсыру, электрондық құжат айналымы арқылы алған күні, тиісті хат-хабарды тізілімде тіркеу күні және тағы басқалары).

      Іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бар орган сараптаманы тағайындаған кезде әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі сараптаманың нақты тағайындалған күнінен тоқтатыла тұрады. Сот сараптаманы тағайындау немесе өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарымды шығарған кезде сот ісін жүргізу мерзімінің өтуін тоқтата тұрады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі өзіне қатысты іс бойынша іс жүргізіліп жатқан адамды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл мерзімді есептеу әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамды күштеп әкелу туралы ұйғарымды орындайтын органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізген кезден бастап қайта басталады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын орган (лауазымды адам) ӘҚБтК-нің 785-бабының бірінші бөлігіне сәйкес істі уақытылы және дұрыс қарауды қамтамасыз ету мақсатында істі сотқа жібергенге дейін, егер орган (лауазымды адам) күштеп әкелу туралы ұйғарым шығаруға құқылы болған жағдайда, келуден жалтарған, оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған ӘҚБтК-нің 744-бабының үшінші бөлігінде аталған адамдарды (кәмелетке толмағандарды қоспағанда) күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарады. Органның (лауазымды адамның) іс жүргізуіндегі іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдану мерзімінің өтуі осы адамдарды күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарылған кезден бастап тоқтатыла тұрады. ӘҚБтК-нің 744-бабының үшінші бөлігінде аталған адамдар органға (лауазымды адамға) іс жүзінде жеткізілген кезден бастап осы мерзімді есептеу қайта басталады және іс сотқа жіберіледі.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      17. Әкімшілік құқық бұзушылықты қылмыстық құқық бұзушылық ретінде дұрыс сараламау әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының орын алмағанын білдірмейді. Осыған орай адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылғаннан кейін, адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту мәселесін шешу кезінде соттар әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін есептеу туралы ережелерді қолдануы тиіс.

      ӘҚБтК-нің 62-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес құқық бұзушының әрекеттерiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, тұлға оны тоқтату туралы шешiм келіп түскен күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.

      Бұл мерзімді есептеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар органның (лауазымды адамның) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын алған кезден басталады (органның тиісті хат-хабарларының тізілімінде тіркелген күні).

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      18. Әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан кезде (ӘҚБтК-нің 741-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасы) соттарға ӘҚБтК-нің 822-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес қаулыда істі қарау кезінде анықталған барлық мән-жайларды, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауда тұлғаның кінәсі немесе кінәсіздігі туралы тұжырымдарды көрсету қажет. Кінәлілігі туралы түйіндер құқық бұзушылық жасаумен келтірілген зиянды өтеу мәселесін шешу кезінде маңызды болады және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.

      ӘҚБтК-нің 62-бабында белгіленген әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзiмдерiнiң сақталуын тексеру әкімшілік жазаны қолдану туралы мәселені шешу кезінде жүргізіледі. Әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулыларды қайта қарау барысында осы мерзімдердің сақталуы жазаны қолдану туралы қаулы шығарылған сәтте тексерілуі тиіс.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18-1. ӘҚБтК-нің 62-бабына ескертпеге сәйкес ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің бабында көзделген белгілі бір әрекеттің бірыңғай құрамының үздіксіз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылып кеткен құқық бұзушылық деп танылады. Бұл ретте ӘҚБтК-нің 804-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамының құқық бұзушылықты анықтағанын анықтау сәті деп есептеген жөн.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      18-2. ӘҚБтК-нің 741, 742-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа, әкімшілік жауаптылықтан босату институттарының бірі маңызы аз әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады.

      Әкімшілік жауаптылықтан босату үшін осы негізді қолдану тек әкімшілік құқық бұзушылықтардың материалдық құрамдарымен ғана шектелмейді және тек жеке тұлғаларға ғана емес, заңды тұлғаларға да қатысты болуы мүмкін.

      Құқық бұзушылықтың маңызы болмашы болған жағдайда адамды әкімшілік жауаптылықтан босату кезінде заң шығарушы ӘҚБтК-нің 64-1-бабына ескертпеде айқындаған өлшемшарттарды негізге алу, атап айтқанда: әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың мән-жайларын, оның ішінде құқық бұзушының жеке басын, қолсұғушылық объектісін, ал келтірілген зиян болған кезде оның мөлшерін ескеру қажет.

      Ескерту Нормативтік қаулы 18-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
      19. Күші жойылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      20. Егер кінәлі адам ӘҚБтК-нің 128-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылмаса, кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартуды ӘҚБтК-нің 57-бабының 3) тармақшасына сәйкес жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп ескерген жөн.

      20-1. Егер ӘҚБтК-нің 57-бабында көрсетілген мән-жай ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында әкімшілік құқық бұзушылық құрамының біліктілік белгісі ретінде көзделсе, ол жауаптылықты ауырлататын мән-жай ретінде қайта ескерілмейді.

      Ескерту Нормативтік қаулы 20-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      21. 16 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама істі қарауға заңды өкілдері ретінде қатыстырылуға жататын оның ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар туралы мәліметтер көрсетіліп оған қатысты жасалады.

      14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ӘҚБтК-нің нормаларында ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың жауаптылығы көзделген жағдайларда, осы адамдарға қатысты жасалады. Аталған адамдарға қатысты әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулыда жасалған құқық бұзушылықтағы олардың кінәсі неде екені көрсетілуге тиіс.

      Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған уақытта 16 жасқа келген кәмелетке толмағандарға, олардан өндіріп алу үшін дербес табысы немесе мүлкі болған жағдайда, айыппұл түріндегі әкімшілік жаза шарасы қолданылуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамға тағайындалған айыппұлдың мөлшері он айлық есептік көрсеткіштен астам бола алмайды. Кәмелетке толмаған адамның мұндай табысы немесе мүлкі болмаған жағдайда, айыппұл ӘҚБтК-нің 66-бабының талаптары сақтала отырып, ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады, ол туралы қаулыда көрсетілуге тиіс.

      Кәмелетке толмаған адамда соның есебінен айыппұл төленуі мүмкін дербес табыстың немесе мүлктің болуы немесе жоқтығы туралы мәліметтерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іспен бірге ұсынады.

      22. ӘҚБтК-нің 68-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпал ету шараларын сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезінде тағайындауы мүмкін. Бұл ретте ӘҚБтК-нің 69-бабының үшінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу мерзiмi үш айдан алты айға дейiнгi ұзақтыққа белгiленедi.

      ӘҚБтК-нің 54-бабының бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз кәмелетке толмаған адамға белгілі бір жерлерге баруына, басқа да жерлерге шығуына тыйым салуды сот істі қарау кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың немесе iшкi iстер органдарының өтiнiшхаты бойынша ғана үш айдан бір жылға дейiнгi мерзімге тағайындауы мүмкін. Мұндай тыйым салу ӘҚБтК-нің 73, 73-1, 73-2, 127, 128, 131, 434, 435, 436, 440 (үшінші бөлігінде), 442 (үшінші бөлігінде), 448, 461, 482, 485 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар ретінде белгіленеді, жаза тағайындалуына қарамастан қолданылады.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.05.2019 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 07.12.2023 № 5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      23. ӘҚБтК-нің 62-бабында белгіленген ӘҚБтК-нің 71-бабында көзделген ескіру мерзімдерінің жартысын қысқарту әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезiнде кәмелетке толмағандарға ғана қолданылуға жатады.

      Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар жауаптылықққа тартылуға жататын әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша ӘҚБтК-нің 62-бабында көзделген әкімшілік жазаның мерзімін қолдану туралы мәселені шешу кезінде ӘҚБтК-нің 71-бабының ережелері қолданылуға жатпайды.

      24. Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы

Қ.МӘМИ

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы

Қ.ШАУХАРОВ


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады