Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептер беруінің қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 4 наурыздағы № 130 қаулысы

      2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 11-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептер беруінің қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2016 жылғы 4 наурыздағы
№ 130 қаулысымен  
бекітілген  

Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептер беруінің қағидалары мен мерзімдері 1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептер беруінің қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 11-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік мүлікке қатысты меншік иесінің меншік құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органға мемлекеттік мүлікті басқару бойынша функцияларды орындауға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептер беруінің тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) бағдарламалық қамтылым – бағдарламалардың, бағдарламалық кодтардың, сондай-ақ оларды пайдалану үшін қажетті техникалық құжаттамасы бар бағдарламалық өнімдердің жиынтығы;     
      2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган – коммуналдық (облыстық, аудандық) меншікке билік етуге әкімдік уәкілеттік берген, тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме;
      3) мемлекеттік мүлік – республикалық және коммуналдық мүлік;
      4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке тұлғалар (бұдан әрі – жеке тұлғалар) – мемлекеттік меншікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын және (немесе) мемлекеттік меншікті сенімгерлікпен басқару шартын жасасқан жеке тұлғалар;
      5) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын заңды тұлғалар (бұдан әрі – заңды тұлғалар) – мемлекеттік меншікті мүліктік жалдау (жалға алу) шартын және (немесе) мемлекеттік меншікті сенімгерлікпен басқару шартын жасасқан заңды тұлғалар;
      6) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      7) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу) шарты – жалға беруші жалға алушыға мемлекеттік меншікті ақы үшін уақытша иелену мен пайдалануға беруге міндеттенетін жазбаша нысанда жасалатын мәміле;
      8) мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шарты – егер шартта немесе заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, сенімгер басқарушы өзіне иеленуге, пайдалануға және билік етуге берілген мемлекеттік мүлікті пайда алушының мүддесі үшін өз атынан басқаруды жүзеге асыруға міндеттенетін жазбаша нысанда жасалған мәміле;
      9) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – арнаулы мемлекеттік органдардың жедел басқаруындағы мүлікті және мемлекеттік материалдық резервтің мүлкін қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі.
      3. Есептер:
      1) мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер туралы есепке;
      2) мемлекеттік меншікпен байланысты қаржылық қызмет туралы есепке бөлінеді.

2. Мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер және қаржылық қызмет туралы есептерді беру тәртібі мен мерзімдері 

      4. Жеке және заңды тұлғалар мүліктік сипаттағы мынадай:
      1) мемлекеттік мүлікті қосымша жалдау;
      2) мемлекеттік мүлікті кепілге беру;
      3) үшінші тұлғалардың мемлекеттік мүлікті жақсартулар жүргізуі;
      4) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелер бойынша есеп береді.
      5. Жалға алушы болып табылатын жеке және заңды тұлғалар Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәмілелерді жасасқан жағдайда, мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер туралы есептерді осындай мәміле жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ұсынады.
      6. Мемлекеттік меншікті басқару жөніндегі сенімгер басқарушы болып табылатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару туралы немесе оны кепілге беру туралы мәмілені жасасқан жағдайда, мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер туралы есепті мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқару шартында көзделген мерзімдерде береді.
      7. Мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер туралы есеп осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) мәміле түрі (қосымша жалдау, кепіл, жақсартулар жүргізу, иеліктен шығару);
      2) мәміле деректемелері (шарттың нөмірі мен күні, мәмілені орындау мерзімі, мәміле тараптары, мәміледе көзделген төлемдерді төлеу шарттары немесе енгізу тәртібі);
      3) мәміле нысанасы болып табылатын мемлекеттік мүліктің сипаттамасы мен құны.
      8. Сенімгер басқарушының сеніп басқаруына берілген мемлекеттік меншікпен байланысты қаржылық қызмет туралы есебі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес есепті жылдан кейінгі жылдың 1 маусымына дейін беріледі.
      9. Жеке және заңды тұлғалар бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, есепті электрондық түрде жасайды, оған ұлттық куәландырушы орталық берген электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды және республикалық мүлікке қатысты – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе коммуналдық мүлікке қатысты – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органға есепті бағдарламалық қамтылымдағы есепті жіберуге және Тізілімнің құрылымына енгізуге арналған сервисті пайдалана отырып, Тізілім арқылы жібереді.
      Есеп мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның мемлекеттік мүліктің тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында беріледі.
      10. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган  немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган есеп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Тізілім арқылы жеке және заңды тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларында көрсетілген электрондық мекенжайына есептің Тізілімге енгізілгені немесе пысықтауға қайтарылу себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.
      11. Жеке немесе заңды тұлғалардың осы Қағидалардың 7, 8 және 9-тармақтарында көрсетілген талаптарды сақтамауы есепті қайтаруға негіз болып табылады.
      12. Есеп қайтарылған жағдайда, жеке және (немесе) заңды тұлға ескертулерді жойып, есептің қайтарылғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Тізілімге қайта есеп жібереді.

Мемлекеттік мүлікті басқару   
жөніндегі функцияларды     
орындауға қатысатын жеке     
және заңды тұлғалардың мемлекеттік
меншікпен байланысты мүліктік  
сипаттағы барлық мәмілелер және 
қаржылық қызмет туралы есептер 
беруінің қағидалары мен мерзімдеріне
қосымша            

                                                           нысан

Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі функцияларды орындауға қатысатын жеке және (немесе) заңды тұлғаның мемлекеттік меншікпен байланысты мүліктік сипаттағы барлық мәмілелер туралы есебі 

Р/с

Мәміле түрі (қосымша жалдау, кепіл, жақсартулар жүргізу, иеліктен шығару)

Мәміле деректемелері

Мәміле нысанасы болып табылатын мемлекеттік мүліктің сипаттамасы мен құны

шарттың нөмірі мен күні

мәміле тараптары

мәмілені орындау мерзімдері

мәміледе көзделген төлемдерді төлеу шарттары немесе енгізу тәртібі








Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады