Бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы № 345 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Бітімгершілік операцияға дайындық қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Орталық мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісім бойынша) бітімгершілік операцияға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген азаматтар қатарынан ұлттық контингентті іріктеуді және оларды бітімгершілік дайындықтан өту үшін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне іссапарға жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 10 маусымдағы
№ 345 қаулысымен
бекітілген

Бітімгершілік операцияға дайындық қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Бітімгершілік операцияға дайындық қағидалары

      (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және бітімгершілік операцияға дайындық тәртібін айқындайды.

2. Бітімгершілік операцияға дайындықты жоспарлау

      2. Бітімгершілік операцияларға дайындықты жоспарлау

      (бұдан әрі – бітімгершілік дайындық) сыртқы саясат саласындағы уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысу сыртқы саясатының орындылығы туралы ұсыныстарды енгізуден басталады.

      3. Ұлттық контингентті жіберуді жоспарлайтын мемлекеттік орган құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп, мүмкіндігінше бітімгершілік операцияға қатысу ауданына (аймағына) алдын ала барлау жүргізеді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне мынадай ақпарат береді:

      1) бітімгершілік операцияға қатысу өңірінің, ауданының (аймағының) инфрақұрылымы және ұлттық контингентті материалдық-техникалық және басқа да қамтамасыз ету түрлері жөніндегі ұсыныстар;

      2) негізгі міндеттері, қару-жарағының, мүлкінің үлгісі мен құрамы, ұлттық контингенттің саны мен құрамы, бағыныстылығы, болу мерзімдері, ауыстыру тәртібі, бітімгершілік операцияны өткізу орнына және кері қарай шығару, тасымалдау шарттары, сондай-ақ нақты бітімгершілік операцияға байланысты басқа да ақпарат;

      3) ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысу үшін оның қаржыландыру көзін көрсете отырып қосымша қаражат бөлу туралы ұсыныс.

      4. Сыртқы саясат саласындағы уәкілетті орган бітімгершілік қызмет мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен және әріптес мемлекеттермен келіссөздер жүргізеді, өзара іс-қимыл жасайды.

3. Ұлттық контингентті оқыту

      5. Ұлттық контингенттің жеке құрамын бітімгершілік операцияларды дайындау және өткізу негіздеріне, халықаралық құқық негіздеріне, бітімгершілік қызмет жөніндегі нормативтік құқықтық база ережелеріне, ұлттық контингенттің міндеттеріне және оларды орындау тәсілдеріне оқыту Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекіткен жоспар бойынша Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің базасында іске асырылуда.

      6. Бітімгершілік дайындық барысында азаматтық персоналмен бітімгершілік қызметтің құқықтық негіздері, негізгі оқыту пәндері бойынша теориялық ережелер бойынша сабақтар өткізіледі, далалық сабақтар өткізіледі, онда ұлттық контингент құрамында бітімгершілік міндеттерді орындаумен байланысты мәселелер іс жүзінде пысықталады. Сабақтарға қатысу барысында еңбегіне ақы төлеуді, іссапар шығыстарын төлеуді оқытылатын адам штатында тұрған мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      7. Бітімгершілік дайындық барысында әскери персоналмен әскери дайындық, бітімгершілік операцияларға арнайы дайындық, бітімгершілік миссияға кетер алдындағы дайындық, штабтық жаттығулар, сондай-ақ бітімгершілік оқу-жаттығулар өткізіледі.

      8. Бітімгершілік дайындықты қамтамасыз ету және ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияны жүргізуге арналған мандатта көзделген міндеттерді орындау үшін қажетті білім мен практикалық дағдыларды алуы мақсатында шет мемлекеттердің азаматтық мамандары мен қарулы күштерінің бөлімшелерін тарта отырып, оқу-жаттығулар, курстар, семинарлар, тренингтер мен басқа да іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

      9. Бітімгершілік оқу-жаттығулар халықаралық ұйымдармен және (немесе) әріптес мемлекеттермен ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерде өткізіледі.

      Оқу-жаттығуды өткізетін мемлекеттік органның шақыруы бойынша бітімгершілік оқу-жаттығуларға өз саласындағы мамандар ретінде азаматтық персонал тартылуы мүмкін.

      10. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі базасында әскери және/немесе азаматтық персоналдың бітімгершілік дайындығы жүзеге асырылатын әскери бөлімді (мекемені) айқындайды.

      11. Әскери және/немесе азаматтық персоналдың құрамы, құрылымы мен саны Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Жарғысына сәйкес халықаралық ұйым қабылдаған бітімгершілік операцияны жүргізуге арналған мандат негізінде айқындалады.

      12. Бітімгершілік операцияға қатысу үшін қойылатын жалпы талаптар: тіл білу, жеке психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, қолайсыз климаттық жағдайларда қызмет өткеруге жарамдылығы туралы медициналық комиссияның қорытындысы, БҰҰ-ның сұрау салуына сәйкес кәсіби деңгейі мен біліктілігінің бітімгершілік операцияда қойылған міндеттерді орындауға сәйкес келуі болып табылады.

      13. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі ұлттық контингентті бітімгершілік операцияға жіберер алдында бітімгершілік дайындықтан өткеннен кейін он күн мерзімде ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға дайындығы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін хабардар етеді.

4. Жедел штаб құру

      14. Ұлттық контингенттің құрамына әртүрлі мемлекеттік органдардан (ұйымдардан) әскери және азаматтық персоналды тарту кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жедел штаб құру туралы шешім қабылдайды.

      15. Жедел штаб Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде ұлттық контингенттің жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу және туындайтын проблемаларды уақтылы шешу үшін ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы кезеңінде құрылады. Жедел штаб құрамына мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері енгізіледі. Жедел штабтың басшысы болып әскери персоналды жіберетін мемлекеттік органның бірінші басшысы тағайындалады.

5. Бітімгершілік дайындықтың өзге де мәселелері

      16. Ұлттық контингентті материалдық-техникалық қамтамасыз ету "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы

      15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 14-бабының шеңберінде жүзеге асырылады.

      17. Ұлттық контингентін бітімгершілік операцияға қатысу үшін жіберу жоспарланып отырған мемлекеттік орган (ұйым:

      1) тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде ұлттық контингентке кетер алдында және бітімгершілік операцияға қатысу кезеңінде профилактикалық егулерді, сондай-ақ бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін оңалту іс-шараларын жүргізуді ұйымдастыратын және қамтамасыз ететін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға;

      2) қолжетімді байланыс түрлерімен қамтамасыз етуге және ұлттық контингент пен жүктерді бітімгершілік операцияны жүргізу аймағына (ауданына) және кері қарай тасымалдауға жәрдемдесетін байланыс және көлік саласындағы уәкілетті органға) өтініш жасайды.

  Бітімгершілік операцияға
дайындық қағидаларына
қосымша

Бітімгершілік операцияға қатысу туралы келісімшарттың үлгілік нысаны

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      (уәкілетті мемлекеттік органның атауы, орналасқан жері)

      ____________________________________________________________________

      атынан

      ____________________________________________________________________

      (уәкілетті мемлекеттік органның (ұйымның)

      ____________________________________________________________________

      лауазымды адамының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және лауазымы) және

      ____________________________________________________________________

      (бітімгершілік операцияға қатысатын адамның тегі, аты, әкесінің аты)

      ____________________________________________________________________

      (бұдан әрі – азамат)

      ____________________________________________________________________

      (оның жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні)

      ____________________________________________________________________

      (жеке сәйкестендіру нөмірі)

      бітімгершілік операцияға қатысу туралы заңнамада және осы келісімшартта белгіленген шарттарда ______ мерзімге осы келісімшартты жасасты.

      1. Бітімгершілік операцияға қатысатын азамат ерікті негізде __________________________ лауазымына тағайындалады, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттармен танысты және бітімгершілік операцияның зиянды және қауіпті жағдайлары туралы, сондай-ақ міндеттерді орындаумен байланысты құқықтарының шектелетіні туралы ескертілді.

      2. Бітімгершілік операцияға қатысатын азамат:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және басқа нормативтік құқықтық актілерін сақтауға;

      2) "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектеулерді қабылдауға;

      3) келісімшарттың қолданылу кезеңі ішінде бітімгершілік операцияға қатысу барысында міндеттерді адал орындауға;

      4) еңбек тәртібін және қызметтік этика қағидаларын сақтауға;

      5) лауазымдық міндеттерді орындау процесінде мемлекеттік мүлікке нұқсан келтіруге жол бермеуге;

      6) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, оның ішінде бітімгершілік операцияға қатысу аяқталғаннан кейін де, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт ішінде, жария етпеуге;

      7) командирлердің (бастықтардың) және өзге де лауазымды адамдардың берілген өкілеттіктер шегінде берілген бұйрықтары мен өкімдерін орындауға міндетті.

      3. Бітімгершілік операцияға қатысатын азамат:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңнамасында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын пайдалануға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген нормалар бойынша және тәртіппен мемлекет есебінен ақшалай, киім-кешекпен және қамтылымның басқа да түрлерімен қамтамасыз етілуге;

      3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген шарттарда уәкілетті мемлекеттік органмен келісімшарт жасасуға, мерзімін ұзартуға және оны бұзуға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бітімгершілік қызмет барысында міндеттерді орындау кезінде өміріне және денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген залалдың өтелуіне;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, бітімгершілік қызметпен байланысты құқықтарының және оның отбасы мүшелері құқықтарының сақталуына құқығы бар.

      4. __________________________________________________________

      (уәкілетті мемлекеттік органның (ұйымның) атауы)

      бітімгершілік операцияға қатысу үшін азамат

      __________________________________________________қабылдай отырып:

      (аты, тегі, әкесінің аты)

      1) азаматқа Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек шарттарында, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақыны және өзге де төлемдерді уақтылы және толық мөлшерде төлеуге;

      2) осы келісімшартты жасасу кезінде азаматты Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған лауазымдық міндеттерімен және бітімгершілік қызмет шарттарымен таныстыруға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда бітімгершілік қызмет барысында міндеттерді орындау кезінде азаматқа өміріне және денсаулығына немесе жеке мүлкіне келтірілген залалдың өтелуін қамтамасыз етуге;

      4) бітімгершілік операцияға қатысатын адамды бітімгершілік қызметтің зиянды және қауіпті жағдайлары мен кәсіби сырқаттанудың мүмкіндігі туралы, сондай-ақ бітімгершілік қызмет барысында міндеттерді орындаумен байланысты құқықтарының шектелетіні туралы ескертуге;

      5) бітімгершілік операцияға қатысу үшін азаматты іссапарға жіберу туралы бұйрық шығаруға міндеттенеді.

      5. Уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамы:

      1) "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы"

      2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шарттарда азаматпен келісімшарт жасасуға, мерзімін ұзартуға және оны бұзуға;

      2) келісімшарт жасасу кезінде бітімгершілік операцияға қатысатын адамнан Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген құжаттарды ұсынуын талап етуге;

      3) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен көтермелеуге және тәртіптік жаза қолдануға құқығы бар.

      6. Осы келісімшарт бітімгершілік операцияға қатысу үшін азаматты іссапарға жіберу туралы бұйрық шығарылған күннен бастап күшіне енеді және ол жасалған мерзім аяқталғаннан соң немесе оның бұзылуына байланысты өз қолданысын тоқтатады.

      7. Келісімшарттың шарттары тараптардың орындауы үшін міндетті болып табылады, тараптардың даулары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      8. Келісімшарт мемлекеттік және орыс тілдерінде______данада жасалды, оның бір данасы бітімгершілік операцияға қатысатын адамға беріледі.

      9. Қосымша шарттар__________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________ _____________________________________

      (бітімгершілік операцияға қатысатын (уәкілетті мемлекеттік органның

      (ұйымның)

      __________________________________ _________________________________

      адамның тегі, аты, әкесінің аты) лауазымды адамының тегі, аты,

      әкесінің аты)

      __________________________________ _________________________________

      (жеке қолы) (жеке қолы)

      М.О.

      20__ ж. "___"__________ 20__ ж. "___"___________

      Келісімшарттың қолданысын тоқтату____________________________________

      (тоқтатылған күні және негіздемесі)

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      М.О. __________________________________________

      Мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады