Байланыс формасы

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 15) тармақшасына және 34-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 15 наурыздағы
№ 125 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары

      1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 15) тармақшасына және 34-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және осы Қағидаларда көзделген білім беру ұйымдарында мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды.

1-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау және қайта даярлау

      2. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау мемлекеттік органның жолдамасы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (бұдан әрі – Мемлекеттік басқару академиясы) және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында (бұдан әрі – Сот төрелігі академиясы) жүзеге асырылады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу мерзімі және оқуға түсу тәртібі тиісті білім беру ұйымдары бекіткен Оқуға қабылдау қағидаларында айқындалады.

      Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуға жіберген жағдайда, оған жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және оның жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

      Оқуды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік бағдарламаны толық меңгергенін растайтын құжат беріледі.

      3. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген не "Б" корпусының әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған адамдарды қайта даярлау Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында (бұдан әрі – филиалдар) жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік басқару академиясының филиалында қайта даярлаудан өтуге жіберілетін, Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдардың С-1, С-2, С-3, С-4, С-5 санаттарының мемлекеттік қызметшілерін қоспағанда, Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының "А", "В" санаттары топтарының, С-1, С-2, С-3, С-4, С-5, С-О-1, С-О-2, D-1, D-2, D-3, D-O-1, D-O-2, E-1, E-2 санаттарының мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының С-О-3, С-О-4, С-О-5, С-О-6, С-R-1, C-R-2, C-R-3, C-R-4, C-R-5, D-4, D-5, D-O-3, D-O-4, D-O-5, D-O-6, E-3, E-4, E-5, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-R-4, E-R-5, E-G-1, E-G-2, E-G-3, E-G-4 санаттарының мемлекеттік қызметшілері қайта даярлаудан өтеді.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 930 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Мемлекеттік қызметшілер лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қайта даярлауға жіберіледі.

      6. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі және/немесе біріктірілген (күндізгі-қашықтықтан) нысанда өтеді.

      7. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілер қайта даярлаудан күндізгі нысанда өтеді. Алдыңғы қызмет салаларында квазимемлекеттік секторлардағы және/немесе азаматтық қызметтегі басшы лауазымдарда кемінде 1 (бір) жыл жұмыс өтілі бар адамдар қайта даярлаудан босатылады.

      8. Қайта даярлау мерзімінің ұзақтығы кемінде 120 академиялық сағатты құрайды.

      9. Қайта даярлауды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге қайта даярлау курстарын аяқтағанын растайтын құжат беріледі.

      Қайта даярлау курстарының аяқталғанын растайтын құжатта қайта даярлаудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса әкесінің аты), мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өткен оқу орнының атауы, қайта даярлау курсының атауы, академиялық сағаттардың саны және қайта даярлау курстарының кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса әкесінің аты, қолы, қайта даярлау туралы куәліктің нөмірі, қайта даярлау өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      10. Егер мемлекеттік қызметші қайта даярлауды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

2-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру

      11. Мемлекеттік саяси қызметшілердің және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясында жүзеге асырылады.

      12. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.

      Біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін бағыт бойынша жүргізіледі.

      13. Мемлекеттік саяси қызметшілердің және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясының және оның филиалдарының оқу бағдарламалары бойынша шетелдік оқытушыларды шақырта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      14. Мемлекеттік басқару академиясында "Б" корпусының А, В санаттары топтарының, C-1, C-2, C-3, C-4, C-5, C-О-1, C-О-2, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, Е-1, Е-2 санаттарының қызметшілері біліктілікті арттырудан өтеді.

      Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында "Б" корпусының C-О-3, C-О-4, C-О-5, C-О-6, С-R-1, С-R-2, С-R-3, С-R-4, С-R-5, D-4, D-5, D-О-3, D-О-4, D-О-5, D-О-6, Е-3, Е-4, Е-5, Е-R-1, Е-R-2, Е-R-3, Е-R-4, Е-R-5, Е-G-1, Е-G-2, Е-G-3, Е-G-4 санаттарының қызметшілері біліктілікті арттырудан өтеді.

      Сот жүйесінің қызметкерлері Сот төрелігі академиясында да біліктілікті арттырудан өте алады.

      15. "Б" корпусының қызметшілері:

      1) үш жылда бір реттен сиретпей;

      2) жылдың қорытындысы бойынша "қанағаттанарлықсыз" баға алған жағдайда, қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бойынша үш ай ішінде біліктілікті арттырудан өтеді.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің функционалдық міндеттеріне сәйкес келетін және оның құзыреттерін дамытуға бағытталған бағыт бойынша жүргізіледі.

      Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда біліктілікті арттыру мемлекеттік қызметшінің жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылған бағыты бойынша жүзеге асырылады.

      16. Шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарындағы біліктілікті арттыруды қоспағанда, біліктілікті арттырудың ұзақтығы 8-ден 80 академиялық сағатқа дейін құрайды.

      17. Қайта даярлау курстарынан өткен мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қайта даярлау курстары аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктірілмей біліктілікті арттыру семинарларына жіберіледі.

      18. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламалары бойынша шетелдік оқытушыларды тарта отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      19. Біліктілікті арттыруды сәтті аяқтаған мемлекеттік қызметшілерге біліктілікті арттыруды аяқтағанын растайтын құжат беріледі.

      Біліктілікті арттыру курстарын аяқтағанын растайтын құжатта біліктілікті арттырудан өткен мемлекеттік қызметші туралы мәліметтер (тегі, аты, бар болса әкесінің аты), мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырған оқу орнының атауы, біліктілікті арттыру бағыты, академиялық сағаттардың саны және біліктілікті арттыру кезеңі, оқу орнының уәкілетті адамының лауазымы, тегі, аты, бар болса әкесінің аты, қолы, сертификаттың нөмірі, біліктілікті арттыру өткізілген қала және оқу орнының мөрі көрсетіледі.

      20. Халықаралық ұйымдардан, шет мемлекеттердің үкiметтерiнен немесе өзге ұйымдардан қаражат және техникалық көмек не Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат бөлінген жағдайларда, мемлекеттік орган функционалдық міндеттері біліктілікті арттыру тақырыбына сәйкес келетін мемлекеттiк қызметшіні біліктілігін арттыруға жібереді.

      21. Егер мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыруды өндірістен қол үзе отырып өтсе, онда осы кезеңге оның жалақысы сақталады.

3-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі қызметті үйлестіру

      22. Даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның жанынан үйлестіру кеңесі құрылады. Үйлестіру кеңесінің ережесі мен құрамын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      23. Орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелерінің персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органға "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен мемлекеттік қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

      Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтерi) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшелеріне "е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі немесе өзге ақпараттық жүйелер арқылы қайта даярлаудан және бiлiктiлiкті арттырудан өткен қызметшілер туралы есепті мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша бередi.

4-тарау. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органда және мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуді жүзеге асыру тәртібі

      24. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік қызметші жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік қызметте еңбек қызметін жүзеге асырады, бұл ретте ол тікелей оқуды аяқтағаннан кейін кемінде бір жыл өзін оқуға жіберген мемлекеттік органда еңбек қызметін жүзеге асырады.

      25. Мемлекеттік қызметшінің Қағидалардың 24-тармағында көзделген міндеттемесі мынадай:

      1) тиісті құжаттармен расталған мемлекеттік қызметші қайтыс болған;

      2) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 61-бабының 1-тармағы 3) тармақшасының негізінде мемлекеттік қызметті тоқтатқан жағдайларда, оның оқуына бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды өтеусіз мерзімінен бұрын тоқтатылады.

      26. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметші оқуды аяқтағанын растайтын құжат берілген күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен кешіктірілмей жұмыспен өтеу үшін мемлекеттік қызметке қайтарылады.

      27. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік органдағы жұмыспен өтеу мерзімін есептеу жұмыс орны сақталған мемлекеттік қызметшінің жұмысқа шығуы туралы мемлекеттік органның актісі шыққан кезден басталады.

      28. Мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда, жұмыспен өтеу қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.

      Басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.

      Басқару құрылымының өзгеруі, лауазымдар атауларының өзгертілуі, мемлекеттік орган штатының, нақты саны қысқартылмай және (немесе) еңбек жағдайлары елеулі өзгермей қысқартылуы мемлекеттік әкімшілік қызметшінің мемлекеттік қызметті тоқтатуына негіз болып табылмайды.

      Тең дәрежелі лауазым жоқ болған жағдайда, мемлекеттік қызметшінің келісімімен оған мемлекеттік органның штаттық бірлігінде көзделген төмен тұрған мемлекеттік лауазым ұсынылуы мүмкін.

      29. Мемлекеттік қызметшіні оқуға жіберген мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда, мемлекеттік қызметші оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте үш жыл еңбек қызметін жүзеге асырады.

      30. Сот төрелігі академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тиісті оқу шартында көрсетіледі.

      Мемлекеттік басқару академиясында оқуды аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органда жұмыспен өтеу туралы шарттар, мемлекеттік қызметшінің өзге де міндеттемелері, оның ішінде докторантура бағдарламасы бойынша білім алушы мемлекеттік қызметшінің оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде диссертациялық кеңесте докторлық диссертацияны қорғау бойынша міндеттемесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдау қағидаларында көзделген тиісті оқу шартында көрсетіледі.

      Жоғарыда көрсетілген міндеттемелерді орындамау мемлекеттік қызметшінің мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды орындалмаған міндеттемелерге барабар өтеуіне әкеп соғады.

5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың өзге мәселелері

      31. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік басқару академиясында даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      32. Жергілікті атқарушы органдар қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өткізуге арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес жоспарлайды.

      33. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға арналған шығыстарды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жоспарлайды.

      Біліктілікті арттыру, шетелдік және халықаралық білім беру ұйымдарында біліктілікті арттыруды қоспағанда, мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Бірыңғай персоналды басқару қызметі (кадр қызметi) құрылған жағдайда, ол құрылымына кіретін мемлекеттік орган қайта даярлау және біліктілікті арттыру жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады