Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 30 шілдедегі № 474 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу 2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Мұратұлы Сүлейменовке Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу 2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 30 шілдедегі
№ 474 қаулысымен
мақұлданған
 
  Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу –2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру туралы

келісім

      Осы жерде және бұдан әрі жеке-жеке "Тарап" немесе бірге "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы төмендегілер туралы келісті:

1-бап

Келісімнің нысанасы

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) осы Келісім шеңберінде оның ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшада және осы Келісім шеңберінде 2-қосымшада сипатталған "Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасын (бұдан әрі – жоба) іске асырады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жоба шеңберінде ЭЫДҰ орындайтын жұмысты қаржыландыруға келіседі.

      3. Жобаның ұзақтығы осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап 22 айды құрайды.

2-бап

Бюджет және қаржыландыру тетіктері

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі жобаны іске асыруға жұмсалатын шығыстарды өтеуге ЭЫДҰ-ға 135000 (жүз отыз бес мың) евро сомасында жарна (бұдан әрі – Жарна) беруге міндеттенеді. Бюджетті пайдалану бойынша есептеу осы Келісімге 1-қосымшада жазылған.

      2. Жарнаны төлеу мына төлем кестесіне сәйкес жүргізіледі:

      а) 67500 (алпыс жеті мың бес жүз евро) евро көлеміндегі 50 % (елу пайыз) алғашқы жарна осы Келісімге қол қойылған және ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде төленеді;

      б) 67500 (алпыс жеті мың бес жүз евро) евро көлеміндегі жарнаның 50 % (елу пайыз) екінші бөлігі ЭЫДҰ-дан тиісті шот алынған күннен бастап 2019 жылғы желтоқсанға дейін төленеді.

      3. ЭЫДҰ осы жарнаны қазіргі уақытта жарнаның жалпы сомасынан 6,3 % әкімшілік шығындардың өтелуін төлеуді көздейтін ЭЫДҰ-ның қаржы ережелеріне және басқа да тиісті қағидаларына, саясаттары мен рәсімдеріне сәйкес әкімшілендіретін болады. Шығыс бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қабылданған қағидаттарына сәйкес ЭЫДҰ-ның шоттарында көрсетілетін болады және ол ЭЫДҰ-ның стандартты аудит қағидаларына сәйкес аудит кезінде тексерілуі мүмкін.

3-бап

Жұмыстар мен есептіліктің сипаттамасы

      1. ЭЫДҰ жобаны осы Келісімге 2-қосымшадағы сипаттамаға сәйкес жүзеге асырады.

      2. Жобаның бірінші жылы аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне жобаның іске асырылу барысы туралы аралық есеп береді.

      3. Жоба аяқталғаннан кейін үш ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне қорытынды сипаттау есебін береді.

      4. Жоба аяқталғаннан кейін алты ай ішінде ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне шығыстар туралы қаржылық қорытынды есеп береді.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі ЭЫДҰ есептілігінің стандартты форматына сәйкес шығындар туралы есепте қаржылық есептілікке қойылатын талаптар сақталатынымен келіседі.

4-бап

Ақпарат алмасу

      1. Тараптар бір-біріне жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты ұсынады.

      2. Тараптар арасындағы кез келген ақпарат алмасу мына мекенжайларға жіберіледі:

      Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін: Нұрболат Айдапкелов мырзаға, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті, 010000, Қазақстан, Астана, Мәңгілік ел 8, Министрліктер үйі, 4-кіреберіс, тел.: +7 (7172) 74-90-16, факс: +7 (7172) 74 94 94, эл.мекенжай: n.aidapkelov@economy.gov.kz

      ЭЫДҰ үшін: Жюльен Дюпон мырзаға, Жаһандық қатынастар, ЭЫДҰ Статистика директораты, 75775, Франция, Париж, Cedex 16, Андрэ-Паскаль көшесі, 2, эл.мекенжай: julien.dupont@oecd.org

5-бап

Жобаның нәтижелерін пайдалану

      1. Жобаның кез келген нысандағы нәтижелері тек ЭЫДҰ-ның ерекше меншігі болып қалады.

      2. Құжаттарды жіктеуге және жіктеуден шығаруға қатысты үшінші тараптардың құқықтары, сондай-ақ ЭЫДҰ қағидалары мен саясаттары сақталған кезде, егер қолданылатын болса, ЭЫДҰ Қазақстан Республикасының Үкіметіне осы жарнаның есебінен қаржыландырылатын іс-шараның шеңберінде дайындалған қорытынды есепті коммерциялық емес мақсатта пайдалану, көшірмесін жасау және тарату құқығын береді.

      3. Егер ЭЫДҰ өзгеше көздемесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі үнемі ЭЫДҰ-ның авторлық құқығын тиісті түрде мойындайды.

      4. Жоба барысында ЭЫДҰ-ға ұсынған Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып табылатын кез келген деректер немесе ақпарат Қазақстан Республикасы Үкіметінің меншігі болып қалады. ЭЫДҰ көрсетілген деректер мен ақпаратты өз есептерін, жарияланымдарын дайындау мақсатында және жобаны жүзеге асыру үшін пайдалануға және/немесе енгізуге құқылы.

6-бап

Дауларды шешу

      Келіссөздер арқылы шешу мүмкін болмайтын, болуын, жарамдылығын немесе бұзылуын қоса алғанда, осы Келісімді түсіндіруден, қолданудан немесе орындаудан немесе оған байланысты туындайтын кез келген дау, келіспеушілік немесе наразылық осы Келісімді жасасу күніне жарамды, халықаралық ұйымдар мен төрелік соттың тұрақты палатасының мемлекеттері үшін аралық соттың факультативтік қағидаларына сәйкес, міндетті күші бар соңғы төрелік талқылауымен шешіледі. Судьялардың саны – біреу. Судья Тараптар арасындағы өзара уағдаластық арқылы таңдалады. Егер төрелік талап еткеннен кейін үш айдың ішінде мұндай уағдаластыққа қол жеткізілмесе, судья Тараптардың бірінің талабы бойынша жоғарыда көрсетілген қағидаларға сәйкес тағайындалады. Төрелік сот Францияда, Париж қаласында өтеді, барлық іс жүргізу және ұсынылатын түсініктемелер ағылшын тілінде болуға тиіс.

7-бап

Артықшылықтар мен иммунитеттер

      Осы Келісімде ешнәрсе халықаралық ұйым ретіндегі ЭЫДҰ иммунитеттері мен артықшылықтарынан бас тарту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

8-бап

Өзгерістер мен толықтырулар

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

9-бап

Күшіне енуі

      1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Ол екі Тарап одан туындайтын барлық міндеттемелерді орындағанға дейін қолданыста болады.

      2. Әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі нұсқасы жалғыз төлнұсқа болып табылады.



Қазақстан Республикасының
Үкіметі тарапынан

Экономикалық ынтымақтастық
және даму ұйымы тарапынан

Тимур Сүлейменов
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Қолы:________________________
 
Күні:_________________________

Мартин Дуран
Бас статистик және директор,
Статистика директораты
Қолы:________________________
 
Күні:_________________________

 
  Антуан Пайе
  Бағдарлама Басшысының
орынбасары,
Бюджеттік және қаржылық басқару қызметі, Атқарушы директорат
 

      Қолы:_____________________

      Күні:______________________


  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 жүйесін енгізу
(ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру
туралы келісімге 1-қосымша

Бюджетті пайдалану бойынша есептеу

Болжамды шығыстар

EUR 

ЭЫДҰ персоналына арналған шығыстар

39,856

Орталықтандырылған көрсетілетін қызметтер (PPC)

6,919

Халықаралық консультанттың көрсететін қызметтері

47,500

Іссапарға жіберу шығыстары

24,000

Басқа да операциялық көрсетілетін қызметтер (жарияланымдар, АТ шығыстары)

8,220

Әкімшілік шығындар

8,505

Жалпы болжамды сомасы

135,000

      Ескертпе: бюджеттің бір жолындағы кез келген артық шығыс жалпы бюджеттің шеңберінде қала отырып, бюджеттің басқа жолындағы жетіспеушіліктің орнын толтыруы мүмкін.

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экономикалық
ынтымақтастық және даму
ұйымы арасындағы "Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 жүйесін енгізу
(ЭЭЕЖ)" жобасын іске асыру
туралы келісімге 2-қосымша

"Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 жүйесін енгізу (ЭЭЕЖ)" жобасына техникалық тапсырма


Сипаттама

Жобаның мақсаты халықаралық практикада қабылданған стандарттардың негізінде Экологиялық-экономикалық есепке алу – 2012 Орталық жүйесінің (бұдан әрі – ЭЭЕЖ – 2012 Орталық жүйесі) шоттарын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіне (бұдан әрі – СК) әдіснамалық және практикалық көмек көрсету болып табылады.
Нақтырақ айтқанда, ЭЫДҰ сарапшысы (сарапшылары) Қазақстанда ЭЭЕЖ негізінде шоттарды қалыптастыру бойынша СК сарапшыларының жұмысына мынадай негізгі тәсілдермен бағалау жүргізеді деп болжануда:
-пилоттық шоттардың ЭЭЕЖ Орталық жүйесінің әдіснамасына сәйкестік деңгейін айқындау;
-қолда бар, сол сияқты жоқ деректерді ескере отырып, бағалаулардың ықтимал жақсаруларын айқындау;
-жариялау үшін шоттардың дайындық деңгейін айқындау, және
-Қазақстанда ЭЭЕЖ Орталық жүйесін енгізу бойынша одан әрі жұмыс істеу жөнінде ұсынымдар беру.
Нақты шоттарды бағалауға ЭЫДҰ сарапшысының (сарапшыларының) күтілетін үлесі төмендегі осы техникалық тапсырмада жазылған.
СК ЭЭЕЖ – 2012 Орталық жүйесінің шоттарын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Орта мерзімді перспективада Қазақстан үшін басым шоттар ретінде мына шоттар атап көрсетілді:
1. Нақты мәндегі ағындар шоттары:
1.1. Атмосфераға шығарындылар шоты;
Қазақстан үшін ең маңызды ластағыштар мына тізімде: PM 10 (қатты бөлшектер), PM2,5 (қатты бөлшектер), күкірт қостотығы (SO2), күкіртті сутегі (H2S), көміртегі монооксиді (CO), азот қостотығы (NO2), аммиак, көмірсутектер (ұшпа органикалық қосылыстарды қоспағанда), ұшпа органикалық қосылыстар (voc), басқалары. Парниктік газдар (көміртегі қостотығы (CO2), метан (CH4), азот шала тотығы (N2O).
1.2. Қатты қалдықтар шоты;
Бұл шот Қазақстан Республикасында өндірілетін барлық қауіпті (қызыл, сары және жасыл тізім) және қауіпті емес қалдықтарды қамтиды.
1.3. Энергетикалық ресурстар ағындарының шоты.
Бұл шот Қазақстан Республикасының энергетикалық балансы жасалған шамамен 42 энергетикалық өнімді қамтиды.
2. Қоршаған орта саласындағы қызметтің шоттары және олармен байланысты ағындар:
2.1. Қоршаған ортаны қорғауға арналған шығыстар шоты;
Бұл шот NACE Rev.2 сәйкес экономикалық қызмет түрлері бойынша және CEPA-ға сәйкес табиғатты қорғау қызметінің бөлінісіндегі қоршаған ортаны қорғауға арналған шығыстарды қамтиды.
2.2. Экологиялық салықтар шоты;
Бұл шот Мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы есептің негізінде жасалатын шамамен 38 экологиялық салықты қамтиды.
3. Активтердің шоттары:
3.1. Минералдық және энергетикалық ресурстарға арналған активтерді есепке алу шоттары.
Минералдық ресурстар – алтын, мыс, қорғасын, мырыш, никель, боксит, хром кені, темір кені, марганец кені, уран, фосфорит, күміс, кобальт, молибден, қалайы.
Энергетикалық ресурстар – мұнай, газ, конденсат, көмір.
3.2. Су ресурстарының активтерін есепке алу шоттары.
Бұл шот Қазақстан Республикасындағы жерүсті және жерасты суларының қорларын қамтиды.

Күтілетін іс-шаралар және мерзімдері
Екі-бес күндік миссиялар (алдын ала 2018 жылғы 9-13 шілдеге және 2019 жылғы мамыр немесе тамызға жоспарланған), олардың барысында ЭЭЕЖ негізінде талап етілетін шоттар бойынша ЭЫДҰ төменде сипатталған іс-шараларды іске асырады.
Әрбір миссия алдында ЭЫДҰ 2016 жылғы 20-23 маусымда алдыңғы миссия кезінде алынған ЭЫДҰ сарапшыларының ұсынымдарын есепке ала отырып, ЭЭЕЖ негізінде жоғарыда аталған 7 шотты жасау бойынша СК жұмысының нәтижелерімен танысады.
Күтілетін нәтижелер

ЭЫДҰ әрбір миссиядан кейін Қазақстандағы ЭЭЕЖ негізінде шоттарды жасау және одан әрі әзірлеу бойынша СК үшін практикалық ұсынымдары бар есепті әзірлейді (тиісінше аралық және қорытынды есеп).
ЭЫДҰ СК сарапшыларына ЭЭЕЖ – 2012 Орталық жүйесіне сәйкес ЭЭЕЖ негізінде 7 шотты жасау бойынша қолдау көрсетеді:
-шоттарды бастапқы жасау кезінде анықталған тұжырымдамалық және әдіснамалық мәселелерді шешу;
-дереккөздердегі ықтимал жақсаруды айқындау;
-ЭЭЕЖ – 2012 Орталық жүйесіне сәйкес ЭЭЕЖ негізінде 7 шоттың сәйкестігін жақсартуға мүмкін болатын салаларды айқындау;
-ЭЭЕЖ негізінде 7 шотты аяқтауға және олардың жарияланымға дайындығын қамтамасыз ету үшін қажетті қадамдарға ұсынымдар беру.

ЭЭЕЖ негізінде шоттардың сипаттамасы
1. Нақты мәндегі ағындардың шоттары

Нақты мәндегі ағындардың шоттарын енгізудің проблемалық мәселелері:
-мобильді көздерден ластаушы заттар шығарындыларының көлемін айқындау;
-үй шаруашылықтарынан (көлік, жылу, өзге де) ластаушы заттар шығарындыларының көлемін есептеу;
-атмосфераға шығарындылардың шотын құруға арналған конвертация коэффициенттері (коэффициенттер) бойынша ақпаратты ұсыну;
-қалдықтардың тиісті жіктелуін (химиялық, радиоактивтік, металл қалдықтары және т.б.) айқындау;
-қатты қалдықтар негізінде өнімнің пайда болуы мен пайдалану көлемін айқындау;
-нақты мәндегі энергетикалық ресурстарға арналған ресурстар мен пайдалану кестелерін теңгерімдеу.
Сарапшының СК-ға миссиясы кезінде күтілетін іс-шаралар:
-Қазақстанның мына негізгі салаларда нақты мәндегі ағындардың шоттарын жасау бойынша тәжірибесімен танысу:
атмосфераға шығарындылар шоты;
қатты қалдықтар шоты;
энергетикалық ресурстар ағындарының шоты.
-СК қызметкерлерінің шоттарды жасау бойынша жүргізген жұмысын талдау;
-олқылықтарды толтыру және шоттарды жасау кезінде туындаған мәселелер бойынша сарапшылардың көмегі;
-Қазақстандағы дереккөздерге және шоттарды жасауға нақты ұсыныстар әзірлеу;
-шоттарды жасау кезінде қолданылатын халықаралық жіктемелерді айқындау;
-жоқ деректерді (бағалау, есептеулер мысалдары) толтыру бойынша ұсынымдар беру;
-нақтылау (ерекшелік) деңгейін көрсете отырып, шоттардың жетіспейтін бөлігі үшін қажетті дереккөздер тізімін айқындау;
-кестелерде жазбаларды көрсетудің практикалық мысалдарын қолдана отырып, шоттарды қалыптастыру алгоритмін толық сипаттау;
-халықаралық салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін кестелер форматтарын жариялау бойынша кеңестер;
-нақты мәндегі ағындар шоттарын жасау бойынша ЭЫДҰ-ның ең озық елдеріне ақпарат ұсыну;

2. Қоршаған орта саласындағы қызметтің шоттары және олармен байланысты ағындар

Қоршаған орта саласындағы қызметтің шоттарын және олармен байланысты ағындарды енгізудің проблемалық мәселелері:
-өнімдер бойынша (қоршаған ортаны қорғау бойынша нысаналы көрсетілетін қызметтер, аралық өнімдер, бейімделген тауарларды) бөле отырып, шығыстардың түрін айқындау;
-CEPA, CREMA, NACE жіктемелерді қолдану;
-үй шаруашылықтарының қоршаған ортаны қорғауға арналған шығыстарының көлемін есептеу;
-экологиялық салықтардың тізбесін айқындау;
-өнімдерге салынатын салықтарға және өндіріске салынатын салықтарға арналған экологиялық салықтар бөлімшесі.
 
ЭЫДҰ іске асыратын күтілетін іс-шаралар:
-Қазақстанның мына негізгі салаларда қоршаған орта саласындағы қызметтің шоттарын және олармен байланысты ағындарды жасау жөніндегі тәжірибесімен танысу:
қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығыстар шоты;
экологиялық салықтар шоты.
-шоттарды жасау бойынша СК жүргізген жұмысты талдау;
-олқылықтарды толтыру және шоттарды жасау кезінде туындаған мәселелер бойынша сарапшылардың көмегі;
-Қазақстандағы дереккөздерге және шоттарды жасауға нақты ұсыныстар әзірлеу;
-шоттарды жасау кезінде қолданылатын халықаралық жіктемелерді айқындау;
-жоқ деректерді толтыру бойынша ұсынымдар беру (бағалау, есептеулер мысалдары);
-нақтылау (ерекшелік) деңгейін көрсете отырып, шоттардың жетіспейтін бөлігі үшін қажетті дереккөздердің тізімін айқындау;
-кестелерде жазбаларды көрсетудің практикалық мысалдарын қолдана отырып, шоттарды қалыптастыру алгоритмін толық сипаттау;
-халықаралық салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін кестелер форматтарын жариялау бойынша кеңестер;
-нақты шоттарын және оған байланысты ағындарды жасау бойынша ЭЫДҰ-ның ең озық елдеріне ақпарат ұсыну;

3. Активтердің шоттары

Активтердің шоттарын енгізудің проблемалық мәселелері:
-минералдық және энергетикалық ресурстарды есепке алу үшін неғұрлым лайықты жіктемелерді айқындау (БҰҰ энергетикалық және минералдық қорлар мен ресурстар қазбаларының негіздемелік жіктеме (РКООН-2009),   Минералдық шикізат қорлары бойынша халықаралық есептілік стандарттар комитеті (CRIRSCO 2007));
-минералдық және энергетикалық ресурстардың қорларын сыныптарға (А, В, С) бөлу;
-ресурсты пайдалы түрде пайдалану мерзімдерін айқындау;
-кезеңнің басында және аяғында минералдық, энергетикалық және су ресурстары қорларын бағалау және есепті кезең ішінде қорлардың өзгеруі;
-қорлар бойынша деректерді заттай мәннен құндық мәнге қайта есептеу алгоритмі.
 
ЭЫДҰ іске асыратын, күтілетін іс-шаралар:
-Қазақстанның мына негізгі салаларда активтердің шоттарын жасау жөніндегі тәжірибесімен танысу:
минералдық және энергетикалық ресурстарға арналған активтерді есепке алу шоты (заттай мәндегі);
су ресурстарына арналған активтерді есепке алу шоты (заттай мәндегі).
-СК-ның шоттарды жасау бойынша жүргізген жұмысын талдау;
-олқылықтарды толтыру және шоттарды жасау кезінде туындаған мәселелер бойынша сарапшылардың көмегі;
-Қазақстандағы дереккөздерге және шоттарды жасауға нақты ұсыныстар әзірлеу;
-шоттарды жасау кезінде қолданылатын халықаралық жіктемелерді айқындау;
-нақтылау (ерекшелік) деңгейін көрсете отырып, шоттардың жетіспейтін бөлігі үшін қажетті дереккөздер тізімін айқындау;
-жоқ деректерді толтыру бойынша ұсынымдар беру (бағалау, есептеулер мысалдары);
-кестелерде жазбаларды көрсетудің практикалық мысалдарын қолдана отырып, шоттарды қалыптастыру алгоритмін толық сипаттау;
-халықаралық салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін кестелер форматтарын жариялау бойынша кеңестер;
-активтердің шоттарын жасау бойынша ЭЫДҰ-ның неғұрлым озық елдеріне ақпарат ұсыну.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады