Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысы.

      "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 8 қазандағы
№ 743 қаулысымен
бекітілген

Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ізгiлiк көмек көрсетуінің тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;

      3) Халықаралық iзгiлiк көмек мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – Комиссия) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      4) ізгілік көмек – басқа мемлекеттердің аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды, әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды, экологиялық төтенше жағдайлар мен экологиялық апаттарды жою мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге көрсететін өтеусіз көмегі;

      5) ізгілік көмекті алушы – ізгілік көмекті алатын шет мемлекет;

      6) ізгілік көмек көрсетуге арналған персонал (бұдан әрі – персонал) – тауар нысанындағы ізгілік көмекті беру үшін шет мемлекетке жіберілетін тиісті орталық мемлекеттік органның өкілі немесе өкілдері.

      3. Ізгілік көмек ақшалай немесе тауар нысанында көрсетіледі.

      Тауар нысанындағы ізгілік көмекке елеулі дене зақымдарын келтіру үшін пайдалануға болатын немесе өлімге себеп болатын қару-жарақ пен әскери техника кірмейді.

2-тарау. Ізгілік көмек көрсету туралы мәселені қарау

      4. Ізгілік көмек көрсету туралы мәселені қарау үшін шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның өтініштері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негіз болып табылады.

      5. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      1) ізгілік көмек көрсету туралы өтініш түскен жағдайда, Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне немесе Комиссияның төрағасына өтініш туралы ақпаратты үш жұмыс күні ішінде жібереді;

      2) ізгілік көмек алушыдан осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген негіздер туындаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ізгілік көмек көрсету үшін қажетті деректемелерді сұратады.

      6. Ізгілік көмек көрсету туралы өтінішті қарауды Комиссия жүзеге асырады.

      7. Комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген Комиссия туралы ережеге сәйкес жүргізіледі.

      8. Ізгілік көмек көрсетуге болатыны, сондай-ақ оның түрі, номенклатурасы және көлемі туралы ұсыныстарды сыртқы саясат қызметі саласындағы, бюджеттi атқару жөнiндегi, азаматтық қорғау саласындағы, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы, көлік саласындағы уәкілетті органдар және басқа да мүдделі органдар Комиссия отырысы өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      9. Комиссия ізгілік көмек көрсету туралы өтінішті қараған кезде Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделері, мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды, сондай-ақ ізгілік көмек көрсету үшін персоналды жіберу мүмкіндігін қоса алғанда, осындай көмек көрсетудің қаржылық мүмкіндіктері есепке алынады.

      10. Ізгілік көмек көрсету жөніндегі комиссияның ұсынымдары оң болған кезде тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің ізгілік көмек көрсету туралы шешімінің жобасын әзірлейді және оны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      11. Ізгілік көмек көрсету туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

3-тарау. Ізгілік көмек көрсету тәртібі

      12. Ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін:

      1) сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      дипломатиялық арналар арқылы ізгілік көмекті жеткізу және оны алушыға беру бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда ізгілік көмек алушының билік органдарының, қажет болған жағдайда – үшінші мемлекеттердің билік органдарының жәрдемдесуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;

      тауар нысанындағы ізгілік көмекті бергенде қажет болған жағдайда өкілдердің қатысуын қамтамасыз етеді;

      төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды үйлестіру үшін құрылатын ұлттық және халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      2) көлік саласындағы уәкілетті орган тауар нысанындағы ізгілік көмектің ізгілік көмек алушыға дейін жеткізілуін қамтамасыз етуді жүзеге асырады;

      3) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмек ретінде әкетілетін тауарларға қатысты кедендік әкімшілендіру мен кедендік бақылауды бірінші кезектегі тәртіппен жүргізуді қамтамасыз етеді;

      4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен ізгілік көмек көрсету шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз етеді;

      5) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік материалдық резервте қажетті тауарлар болмаған жағдайда, ізгілік көмек көрсетуді тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.12.2020 № 935 қаулысымен.

      13. Тауар нысанындағы ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмекті алушының деректемелерін алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды тиісті орталық мемлекеттік органға жібереді.

      14. Тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің ізгілік көмек көрсету туралы шешімі қабылданғаннан кейін үш күндік мерзімде көліктің түрі, тегі және саны, тиеу кестесі, тиеу пункті мен межелі пункті жөніндегі қажетті ақпаратты көлік саласындағы уәкілетті органға жібереді.

      15. Көлік ұйымдары тауар нысанындағы ізгілік көмекті тасымалдауға бірінші кезектегі тәртіппен алдын ала төлемсіз қабылдайды.

      16. Тауар нысанындағы ізгілік көмекті беруді персонал жүзеге асырады.

      17. Тиісті орталық мемлекеттік орган ізгілік көмек көрсету бойынша шараларды үйлестіруді қамтамасыз етеді және тауар нысанындағы ізгілік көмек көрсетілген жағдайда, оны шетел мемлекетіне жіберу үшін персоналды жібереді.

      18. Тауар нысанындағы ізгілік көмекті тасымалдау бойынша көлік ұйымдары шығыстарының, сондай-ақ материалдық құндылықтарды жөнелтумен және жеткізумен байланысты шығыстардың құнын өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Резервтерді пайдалану қағидалары) сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 02.10.2020 № 641 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      19. Ізгілік көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалану Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      20. Ақшалай нысандағы ізгілік көмекті көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві қаражаты есебінен Резервтерді пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      21. Ізгілік көмек көрсету үшін ақша қаражатын аударуды ізгілік көмекті алушы шот деректемелерін ресми ұсынғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      22. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және тиісті орталық мемлекеттік органға алушының көрсетілген ізгілік көмекті алғаны туралы ақпарат береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады