Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 807 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою туралы ұсыныс енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Жоба

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар немесе мүше мемлекеттер деп аталатын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұдан әрі – ҰҚШҰ, Ұйым) мүше мемлекеттер, 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты, 2002 жылғы 7 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Жарғысын басшылыққа ала отырып, ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді бірлесіп шешкен кезде, сондай-ақ жедел және жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шаралары барысында оларды материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру және жүзеге асыру мәселелерін құқықтық реттеу қажеттілігін негізге ала отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру кезінде Тараптардың өзара іс-қимыл жасау мәселелерін реттейді.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін қолданылатын терминдер мыналарды білдіреді:

      материалдық құралдар – ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын өнім (материалдық құралдарға: қару-жарақ, оқ-дәрілердің барлық түрлері, отын (жанармай), азық-түлік, заттай, инженерлік, медициналық және мүліктің басқа да түрлері жатады, материалдық құралдар жалпыәскери және арнайы болып бөлінеді);

      материалдық құралдар қорлары – мүше мемлекеттердің қарулы күштері мен арнайы мақсаттағы күштері құралымдарының арсеналдарында, сақтау базалары мен қоймаларында, сондай-ақ тікелей бөлімшелерде күтіп ұсталатын қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, отынның (жанармайдың, майдың, жағармай материалдарының және арнайы сұйықтықтардың), азық-түліктің, инженерлік, заттай, медициналық және басқа да әскери мүліктің белгілі бір мөлшері (ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдары үшін материалдық құралдардың қорлары тиесілігі бойынша жедел және әскери болып бөлінеді);

      материалдық-техникалық қамтамасыз ету – қару-жарақ, әскери және арнайы техника (бұдан әрі – ҚӘАТ), зымырандар, оқ-дәрілер, жанармай, азық-түлік, заттай, әскери-техникалық мүлік және басқа да материалдық құралдар қорларын талап ету, жинақтау, сақтау (күтіп ұстау) және эшелондау; құралымдар мен материалдық құралдарды жеткізуді ұйымдастыру; көлік коммуникацияларын дайындау, пайдалану, техникалық бүркемелеу және қалпына келтіру; ҚӘАТ-ны пайдалану; зақымданған (ақаулы) ҚӘАТ-ны қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      медициналық қамтамасыз ету – жеке құрамның денсаулығын сақтау және нығайту, оларға уақтылы медициналық көмек көрсету, жұмыс және жауынгерлік қабілетін қалпына келтіру мақсатында әскери бөлімдердің қолбасшылығы, әскери-медициналық бөлімшелер, бөлімдер мен ұйымдар жүзеге асыратын ұйымдастырушылық, медициналық, оның ішінде санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) сипаттағы шаралар кешені;

      емдеу-эвакуациялау іс-шаралары – жараланғандар мен науқастарға медициналық эвакуациялаудың әртүрлі кезеңдерінде оларды Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдарына (денсаулық сақтау ұйымдарына) эвакуациялаумен үйлестіре отырып, ал осы өңірде Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық ұйымдар (денсаулық сақтау ұйымдары), медициналық көрсеткіштер бойынша (мақсаты бойынша) және ахуалдың нақты шарттарына сәйкес жүргізетін жүйелі және сабақтас емдеу іс-шаралары кешені;

      санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар – сыртқы орта факторларының, жауынгерлік қызметтің (ахуалдың) әскери қызметшілердің денсаулығына зиянды ықпал етуін жоюға немесе азайтуға, инфекциялық, жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланудың, зақымданудың) пайда болуы мен таралуын болдырмауға және оларды жоюға бағытталған арнайы шаралар кешені;

      медициналық эвакуация – тасымалдау уақытында медициналық көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде медициналық жабдықты қолдана отырып жүргізумен өмір мен денсаулықты сақтау мақсатында жараланғандар мен науқастарды тасымалдау;

      медициналық қызметтің күштері мен құралдары – ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын медициналық қамтамасыз етуге арналған жеке құрам, медициналық техника мен мүлік, медициналық әскери бөлімдер мен бөлімшелер;

      әскери автомобиль жолдары (ӘАЖ) – бұл ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) контингенттерінің қозғалысы үшін дайындалған, оларда жолмен қамтамасыз ету және коменданттық қызмет күштері мен құралдары өрістетілген жолдар;

      техникалық қамтамасыз ету – ҚӘАТ әскерлерін (күштерін) әскери-техникалық мүлікпен қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешені, сондай-ақ оларды дұрыс пайдалануды, зақымданған ҚӘАТ-ны қалпына келтіруді ұйымдастыру, жеке құрамды арнайы және техникалық даярлауды жүргізу;

      қару-жарақ, әскери және арнайы техника (ҚӘАТ) – әртүрлі қару түрлерінің және оны жауынгерлік қолдануды қамтамасыз ету құралдарының кешендері, оның ішінде зымырандар, оқ-дәрілер, жеткізу құралдары, бағыттау, іске қосу, басқару жүйелері, сондай-ақ ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдарын жарақтандыруға арналған арнайы техника және басқа да арнайы техникалық құралдар;

      әскери-техникалық көмек – көрсетілген Тарапқа агрессия актісін жасау қатері туындаған жағдайда не БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес Тарап өзінің жеке-дара немесе ұжымдық қорғану құқығын қолданған кезде не Тарап терроризм актілерінің объектісіне айналғанда, не егемендік пен аумақтық тұтастыққа басқа да қатер төнген жағдайда, сондай-ақ мемлекеттердің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес бейбіт уақытта Тараптың (Тараптардың) қарулы күштері мен басқа да құралымдарының жауынгерлік әзірлігін қолдау және қалпына келтіру мақсатында әскери мақсаттағы өнімді өтеусіз немесе өзге де жеңілдікті негізде беру;

      техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдары – ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құрамына кіретін құрамаларда, әскери бөлімдер мен техникалық қамтамасыз ету бөлімшелерінде бар жеке құрам, қару-жарақ пен әскери техникаға қызмет көрсету, эвакуациялау, жөндеу және сақтау құралдары, сондай-ақ зымырандардың, оқ-дәрілер мен әскери-техникалық мүліктің қорлары, оларды сақтауға, қызмет көрсетуге және тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге арналған құралдар;

      тылдық қамтамасыз ету – ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстау мақсатында олардың материалдық, көліктік, тұрмыстық және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар кешені;

      құралымдар – Тараптардың ұлттық қарулы күштері және басқа да әскерлері құрамынан бөлінген бірлестіктер, құрамалар, әскери бөлімдер мен бөлімшелер, ішкі істер (полиция) органдарының, ұлттық ұланның, ішкі әскерлердің, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтердің, сондай-ақ Тараптардың төтенше жағдайлар салдарының алдын алу және оларды жою саласындағы уәкілетті органдарының арнайы мақсаттағы бөлімшелері (мамандар топтары) қатарынан ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құрамына бөлінген арнайы мақсаттағы күштердің құралымдары;

      материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді басқару органдары – ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолбасшылығы, сондай-ақ Тараптардың ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуге басшылық жасауға арналған ұлттық қарулы күштерді, өзге де әскерлерді, әскери құралымдарды, құқық қорғау органдарын және арнайы қызметтерді материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді басқаруды жүзеге асыратын басқару органдары;

      материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етудің әскери және азаматтық инфрақұрылым объектілері – ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету міндеттерін шешу мүддесінде Тараптар пайдаланатын немесе пайдалануды жоспарлаған материалдық құралдардың арсеналдары, базалары, қоймалары, ҚӘАТ жөндеу жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорындар, басқа да объектілер;

      коммуналдық-пайдаланушылық қамтамасыз ету – ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдарына коммуналдық қызметтердің барлық түрлерін ұсынуды, оларды жиһазбен, далалық жылыту құралдарымен, қатты отынмен, басқа да пәтер-пайдалану мүлкімен және құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар кешені;

      қабылдаушы Тарап – аумағында өзінің ресми өтінішіне сәйкес қойылған міндеттерді орындау үшін жіберуші Тараптардың құралымдары уақытша орналастырылатын Тарап;

      жіберуші Тарап – қойылған міндеттерді шешу үшін қабылдаушы Тараптың өзінің ресми өтінішіне сәйкес оның аумағына уақытша жіберілген құралымдар тиесілі Тарап;

      транзиттік Тарап – қабылдаушы немесе жіберуші Тараптың аумағында жол жүру кезінде аумағы арқылы құралымдар өтетін Тарап.

3-бап

      Тараптар ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы бір типтегі және/немесе үйлесімді үлгілерімен, сондай-ақ материалдық құралдармен қамтамасыз етуге бағытталған келісілген әскери-техникалық саясатты жүргізеді.

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, материалдық құралдармен қамтамасыз етуді Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар өз қаражаты есебінен, Ұйым форматында немесе екіжақты форматта іске асырылатын нысаналы мемлекетаралық бағдарламалар шеңберінде осы мақсаттарға бөлінген қаражат есебінен, сондай-ақ Тараптар келісілген көлемде бір-біріне көрсететін әскери-техникалық көмек есебінен дербес жүзеге асырады.

4-бап

      ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының комитеті ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға, оның ішінде бірыңғай есеп айырысу-жабдықтау бірліктерін біріздендіруге, материалдық құралдар қорларын жинақтау нормалары мен эшелондау тәртібіне қатысты бірыңғай тәсілдерді айқындайды.

      ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесіне және Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының комитетіне тиісті ұсыныстар дайындауға ҰҚШҰ Біріккен штабы және ҰҚШҰ Хатшылығы Тараптармен бірлесіп жүзеге асырады.

5-бап

      Тараптардың аумақтарында ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштері) топтарын өрістетуді материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді жоспарлауды ҰҚШҰ Біріккен штабы ҰҚШҰ Хатшылығымен және Тараптардың мүдделі министрліктері және ведомстволарымен бірлесіп жүзеге асырады.

      Тараптардың аумақтарында ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын (оның ішінде жедел және жауынгерлік даярлықтың бірлескен іс-шаралары барысында) қолдануды материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді жоспарлауды ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолбасшылығы жүзеге асырады.

6-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) тобының қолданылуын материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) тобының қолбасшылығы ұйымдастырады және топтың құрамына Тараптар бөлген материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету күштерімен және құралдарымен жүзеге асырылады.

7-бап

      ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді Тараптар дербес жүзеге асырады. ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) жіберуші Тараптың материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуі қиын болған жағдайда, ол қабылдаушы немесе басқа Тарап ресурстары есебінен олардың арасындағы уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Берілген материалдық құралдардың орнын толтыру мүліктік немесе қаржылық өтеу жолымен, көрсетілген қызметтерге ақы төлеу – жасалған шарттарға сәйкес берілген материалдық құралдар мен қызметтер үшін есепке алу деректерін кейіннен салыстыруды және өзара есеп айырысуды жүргізе отырып, қаржылай өтеу жолымен жүзеге асырылады.

      ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Тараптардың бірінің аумағында ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) тобын қолдануға шешім қабылдауына байланысты ҰҚШҰ әскерлеріне (Ұжымдық күштеріне) арналған материалдық құралдардың қорлары қабылдаушы Тараптың материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етілуінің әскери және азаматтық инфрақұрылымы объектілерінде орын ауыстыруы және оларда орналастырылуы мүмкін. Бұл ретте осы объектілерді пайдалану тәртібі 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімде айқындалады.

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын өрістетуді және қолдануды материалдық құралдар қорларымен қамтамасыз ету тәртібін ҰҚШҰ Қорғаныс министрлерінің кеңесі және Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының комитеті айқындайды.

      Қайта топтастыру барысында әуеайлақтарда әуе кемелеріне жанармай, жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды құюды транзиттік Тараптың және (немесе) қабылдаушы Тараптың күштері мен құралдары олардың қажетті мөлшерін көрсете отырып, кейіннен әуе кемесінің иесі Тарап пен жанармай, жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды берген және оларды құю жөнінде қызмет көрсеткен Тарап (Тараптар) арасында өзара есеп айырысу арқылы алдын ала хабардар ету негізінде (егер өзге тәртіп басқа келісімдерде немесе уағдаластықтарда айқындалмаса) жүргізеді.

      Берілген жанармай, жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтар туралы есепке алу деректерін салыстырып тексеруді Тараптар олар берілген күннен бастап 60 тәулік ішінде жүзеге асырады. Көрсетілген материалдық құралдар мен оларға май құю бойынша көрсетілген қызметтерге ақы төлеуді (толықтыруды) Тараптар олар берілген және қызметтер көрсетілген күннен бастап 180 тәулік ішінде жүзеге асырады.

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) контингенттерін қайта топтастыру барысында олар теміржол көлігімен жүрген кезде оларды ауыз сумен, шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін сумен және отынмен (және/немесе қатты отынмен) қамтамасыз ету транзиттік станцияларда жүргізіледі және аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын Тарапқа жүктеледі.

8-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) құралымдарының қару-жарағын, әскери және арнайы техникасын және басқа да материалдық құралдарын түсіруді (тиеуді), оларды келу пункттерінен шоғырлану аудандарына дейін апаруды және кері қайтаруды материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді қабылдаушы Тарап келген құралымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

9-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) мүдделерінде әскери тасымалдар 2015 жылғы 15 қыркүйектегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге және 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

      Ұйымға мүше мемлекеттердің темір жолдары желісіндегі негізгі (басым) теміржол бағыттарын техникалық бүркемелеу 2003 жылғы 28 сәуірдегі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің темір жолдарын техникалық бүркемелеудің бірыңғай жүйесін құру туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.

10-бап

      Тараптар аумақтарындағы әскери автомобиль жолдарын техникалық бүркемелеуді және қалпына келтіруді Тараптар дербес жүзеге асырады.

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) қолданылатын аудандарда қабылдаушы Тараптың аумағындағы автомобиль жолдарын техникалық бүркемелеуге және қалпына келтіруге жіберуші Тараптардың күштері мен құралдары қосымша тартылуы мүмкін.

11-бап

      ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) коммуналдық-пайдаланушылық қамтамасыз етуді қабылдаушы Тараптың коммуналдық-пайдаланушылық күтіп ұстау бөлімшелері, қажет болған кезде – қабылдаушы Тараптың жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырады.

      Қабылдаушы Тараптың ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдарына электр энергиясын, суды беру, оларға коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі 2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімде айқындалады.

12-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолданылуын техникалық қамтамасыз етуді ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолбасшылығы, Тараптардың мүдделі министрліктері мен ведомстволары ұйымдастырады және ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының құрамына Тараптар бөлген техникалық қамтамасыз ету күштерімен және құралдарымен жүзеге асырылады.

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтары өз күштерімен техникалық қамтамасыз ету қиын болған жағдайларда, ол басқа Тараптардың материалдық ресурстары есебінен, ұсынылған материалдық құралдар мен көрсетілетін қызметтер үшін кейіннен өзара есеп айырысу жүргізіле отырып жүзеге асырылуы мүмкін.

      Тараптар арасында өзара есеп айырысуды қамтамасыз ету және жүргізу тәртібі олардың арасында қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде айқындалады.

      Істен шыққан қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы қалпына келтіруде көмек көрсету үшін қабылдаушы Тарап ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтары қолбасшылығының қарамағына қосымша техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарын бөле алады.

13-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолданылуын тылдық қамтамасыз етуді ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының қолбасшылығы ұйымдастырады және Тараптар ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарының құрамына бөлген тылдық қамтамасыз ету күштерімен және құралдарымен жүзеге асырылады. ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын өз күштерімен тылдық қамтамасыз ету қиын болған жағдайларда, ол ҰҚШҰ-ға басқа мүше мемлекеттердің ресурстары есебінен кейіннен өзара есеп айырыса отырып, жүзеге асырылуы мүмкін.

      Тараптар арасында өзара есеп айырысуды қамтамасыз ету және жүргізу тәртібі олардың арасында қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде айқындалады.

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын тылдық қамтамасыз ету мүддесінде қабылдаушы Тарап топтар қолбасшылығының қарамағына қосымша күштер мен құралдар бөле алады.

14-бап

      Топтарды өрістету және қолдану барысында ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) медициналық қамтамасыз етуді жіберуші Тараптар қабылдаушы Тараптың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдарымен (денсаулық сақтау ұйымдарымен) өзара іс-қимыл жасай отырып, құралымдардың штаттық күштері мен медициналық қызметінің құралдарын пайдалана отырып, ал осы өңірде Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық ұйымдар (денсаулық сақтау ұйымдары) ұйымдастырады.

15-бап

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) құралымдарының жараланғандары мен науқастарына медициналық көмек көрсету және оларды емдеу үшін Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық бөлімшелері мен медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары), ал Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық ұйымдар (денсаулық сақтау ұйымдары) пайдаланылады.

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) топтарын өрістету және қолдану барысында жараланғандар мен науқастарға қабылдаушы Тараптың медициналық ұйымдарында медициналық көмек көрсету және оларды емдеу өтеусіз негізде (қабылдаушы Тараптың қаражаты есебінен) Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық бөлімшелерінде және медициналық ұйымдарында (денсаулық сақтау ұйымдарында), ал осы өңірде Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық ұйымдарда (денсаулық сақтау ұйымдарында) көрсетіледі.

      Жараланғандар мен науқастар ұлттық құралымдарға тиесілігіне қарамастан Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдарына (денсаулық сақтау ұйымдарына), ал осы өңірде Тараптардың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық ұйымдарға (денсаулық сақтау ұйымдарына) қабылданады.

      ҰҚШҰ әскерлері (Ұжымдық күштері) жеке құрамының жараланғандары мен ауырғандарын медициналық эвакуациялауды жіберуші Тараптар құралымдарының күштерімен және құралдарымен, сондай-ақ қажет болған кезде қабылдаушы Тараптың күшейту құралдарымен жүзеге асырылады.

      Жараланғандар мен науқастарды жіберуші Тараптың аумағына медициналық эвакуациялауды жіберуші Тараптың күштері мен құралдары жүзеге асырады.

      Медициналық көмек көрсетудің және медициналық эвакуациялаудың өзге тәртібі әрбір нақты жағдайда Тараптардың келісімі бойынша белгіленуі мүмкін.

16-бап

      Санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шаралар жіберуші Тараптар құралымдары медициналық қызметінің штаттық күштерімен және құралдарымен жүзеге асырылады, сондай-ақ қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдаушы Тараптың санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау ұйымдары және (немесе) мемлекеттік санитариялық қадағалауды жүзеге асыратын ұйымдары жүзеге асырады.

17-бап

      ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) қайта топтастыру барысында емдеу-эвакуациялау іс-шараларын, санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жіберуші Тараптар құралымдарының медициналық қызметінің штаттық күштері мен құралдары транзиттік және қабылдаушы Тараптың қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдарымен (денсаулық сақтау ұйымдарымен) өзара іс-қимыл жасай отырып, ал осы өңірде Тараптарда қорғаныс ведомстволарының медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау ұйымдары) болмаған кезде – ведомстволық тиесілігіне қарамастан, медициналық ұйымдар (денсаулық сақтау ұйымдары) жүзеге асырады.

      Жараланғандар мен науқастар, қажет болған кезде, жүру маршруты бойынша транзиттік және қабылдаушы Тараптардың медициналық ұйымдарына эвакуацияланады.

18-бап

      Тараптар материалдық құралдардың әскери (кемінде 7 тәулік) және жедел (кемінде 30 тәулік) қорларын алдын ала жинақтауды ұйымдастырады және оларды ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдарын қайта топтастыруды қамтамасыз етуге арналған құрамаларда, әскери бөлімдерде, арнайы мақсаттағы күштердің құралымдарында, арсеналдарда, сақтау базалары мен қоймаларында, әуеайлақтарда, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервте Тараптар белгілеген нормаларға сәйкес өздерінің ұлттық құралымдарын қамтамасыз ету есебінен өз ресурстары есебінен ұстайды.

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) құралымдары үшін материалдық құралдардың жедел қорлары Тараптардың бірінің аумағында Тараптар арасындағы уағдаластықтарда белгіленген тәртіппен ұсталуы мүмкін.

19-бап

      Материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді басқару органдарын, сондай-ақ материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету күштері мен құралдарын қолдануға даярлау ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының басқару органдары мен құралымдарының жедел және жауынгерлік даярлығының бірлескен іс-шаралары және мақсаты бойынша құралымдарды даярлаудың ұлттық жоспарларында көзделген іс-шаралар барысында жүзеге асырылады.

20-бап

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) жедел және жауынгерлік даярлығының бірлескен іс-шараларын материалдық-техникалық қамтамасыз ету осы Келісімде белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) жедел және жауынгерлік даярлығының бірлескен іс-шараларын медициналық қамтамасыз ету қабылдаушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес не Тараптар арасында қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша жүзеге асырылады.

21-бап

      Осы Келісімді іске асыру барысында құпия ақпаратты беруді, пайдалануды және қорғауды Тараптар 2004 жылғы 18 маусымдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес жүзеге асырады.

22-бап

      Осы Келісім 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың қолданылу мерзімі ішінде қолданылады.

23-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.

24-бап

      Осы Келісімді түсіндіруге және қолдануға байланысты даулы мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

      Осындай консультациялар мен келіссөздер кезінде Тараптар осы Келісімнің ережелеріне сәйкес өз міндеттемелерін орындауды жалғастырады.

25-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындағаны туралы төртінші жазбаша хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

      Қажетті мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті жазбаша хабарлама тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.

      Әрбір Тарап осы Келісімнің қолданылуы кезінде туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелерді реттей отырып, Келісімнен шыққан күнге дейін кемінде 6 ай бұрын депозитарийге жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Келісімнен шыға алады.

      20__ жылғы __ ______ _______ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Хатшылығында сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Армения Республикасы үшін Қазақстан Республикасы үшін
      Беларусь Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады