"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 706 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин


  Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне:

      467 баптағы "2022" деген цифрлар "2027" деген цифрлармен ауыстырылсын.

      2. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне:

      1) 7-бапта:

      мынадай мазмұндағы 40-1) тармақпен толықтырылсын:

      "40-1) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның жиналған нақты деректер негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтау және айыптау актісін жасау және істі сотқа жіберу үшін істі прокурорға жіберу туралы қысқа тұжырымдары;";

      54) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "54) хаттама – қылмыстық процесті жүргізетін орган жасайтын процестік әрекет тіркелетін процестік құжат, ал осы Кодекстің баптарында тікелей көзделген жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның процестік шешімі;";

      2) 45-баптың жетінші бөлігінде:

      7) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) күдіктінің, айыпталушының қылмыстық қудалаудан иммунитеттен айыру не оларды шет мемлекетке ұстап беру (экстрадициялау) туралы мәселені шешуге байланысты іске нақты қатысу мүмкіндігі болмаған;";

      мынадай мазмұндағы 8) және 9) тармақтармен толықтырылсын:

      "8) қылмыстық іс бойынша одан әрі іс жүргізуге уақытша кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш әсер еткен;

      9) қылмыстық іс бойынша сараптама тағайындалған жағдайларда үзіледі.";

      3) 52-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы қылмыстық істерді апелляциялық тәртіппен қарау құрамында алқаның кемінде үш судьясы болатын алқалы түрде жүзеге асырылады, ал қысқартылған тәртіппен немесе бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған қылмыстық терiс қылықтар және онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша, үкімді орындау мәселелері бойынша соттың үкімдеріне, қаулыларына, тергеу судьясының қаулыларына берілген шағымдарды, прокурорлардың өтінішхаттарын қарау кезінде судья жеке-дара жүзеге асырады.

      Апелляциялық алқаның төрағасы іссапарда, демалыста болуына немесе сырқаттанып қалуына байланысты болмаған кезде көрсетілген істерді алқалы түрде қарау кезінде оған сот төрағасы апелляциялық алқа төрағасы міндеттерін атқаруды жүктеген алқа судьясы төрағалық етеді.

      Егер апелляциялық алқаның төрағасы осы Кодекстің 87-бабында көзделген негіздер бойынша немесе өзге де мән-жайлардың болуына байланысты істі апелляциялық сатыда қарауға қатыса алмаса, онда оның тапсырмасы бойынша осы істі алқалы қарау кезінде алқа судьяларының бірі төрағалық етеді.";

      4) 58-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Прокурор – өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ мемлекет атынан қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалауды және Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына және осы Кодекске сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын лауазымды адам: осы Кодексте белгіленген өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары, орынбасарлары, олардың аға көмекшілері мен көмекшілері, Қазақстан Республикасының Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың прокурорлары және олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, олардың орынбасарлары, аға көмекшілер мен көмекшілер, басқармалар мен бөлімдердің аға прокурорлары мен прокурорлары, аудандардың, қалалардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға прокурорлар мен прокурорлар. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.";

      төртінші бөліктегі "өкілеттіктері" деген сөзден кейін "165 (сегізінші бөлікте)," деген сөздермен толықтырылсын, "192," деген цифрлардан кейін "192-2 (бесінші бөлікте)," деген сөздермен толықтырылсын, "196 (екінші бөлікте)," деген сөздерден кейін "202, 203," деген цифрлармен толықтырылсын, "302," деген цифрлардан кейін "302-1," деген цифрлармен толықтырылсын;

      5) 59-бапта:

      екінші бөліктің 7) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) прокурорға қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен бірге, сондай-ақ бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен аяқталған қылмыстық істерді жіберуге;";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Тергеу бөлiмi бастығының iс бойынша нұсқаулары тергеушiнiң осы Кодекстiң 60-бабында белгiленген дербестiгiн, оның құқықтарын шектей алмайды. Нұсқауларды орындау мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде жоғары тұрған тергеу бөлімінің бастығына немесе прокурорға шағым жасалуы мүмкін. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануы және күдік келтіру көлемі, қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберу немесе қылмыстық істі тоқтату туралы нұсқауларды қоспағанда, тергеушiнiң тергеу бөлiмi бастығының әрекеттерi не шағым жасауы олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.";

      6) 60-баптың үшінші бөлігіндегі "айыптау актісін" деген сөздер "сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті" деген сөздермен ауыстырылсын;

      7) 62-баптың бесінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Анықтау органының бастығы мүлiкке тыйым салуды қолдану, халықаралық іздестіру жариялау, күзетпен ұсталмайтын күдіктіні, айыпталушыны стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жiберу, күдіктіге, айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдау, күзетпен ұстау мерзімін ұзарту; күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгерту немесе оның күшін жою; тінту жүргізу; күдіктіні, айыпталушыны лауазымынан шеттету; жақындауға тыйым салу; күдіктіні, айыпталушыны этаппен апару; күдіктіге, айыпталушыға іздестіру жариялау жөнінде өтінішхат қозғау туралы қаулыларды келіседі; қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы келіседі; қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп күдік келтiрiлген адамдарды ұстап алу туралы хаттаманы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыны бекітеді; сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді; прокурорға қылмыстық теріс қылықтар туралы хаттамалық нысандағы және бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі қылмыстық істерді жібереді; бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыларды келіседі және оларды прокурорға жібереді; қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән – жайларды жою жөнiнде шаралар қабылдауды қамтамасыз етедi.

      Осы Кодексте көзделген жағдайларда анықтау органының бастығы прокурорды процестік келісім жасасуға мүмкіндік беретін мән-жайлардың анықталғаны туралы хабардар етеді.

      Осы Кодексте көзделген негіздер болған кезде анықтау органының бастығы бұйрықтық іс жүргізуді қолданады.";

      8) 63-баптың алтыншы бөлігіндегі "істі айыптау актісімен прокурорға жіберу" деген сөздер "қылмыстық істі айыптау хаттамамен, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберу" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 64-бапта:

      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 1-1) тармақпен толықтырылсын:

      "1-1) прокурор адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан кезге дейін осы Кодекстің 202-бабының 1-2-бөлігінде көзделген тәртіппен күдікті ретінде жауап алынған;";

      бірінші бөліктің 4) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) қылмыстық теріс қылық немесе осы Кодекстің 191-бабының екінші - 11-1-бөліктерінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деген күдіктің болуына байланысты жауап алынған адам күдікті болып табылады.";

      10) 65-бапта:

      бірінші бөліктің 1) және 2) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) прокурор айыптау актісін жасаған;

      2) прокурор бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын бекіткен және қылмыстық істі қылмыстық заңның тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылдаған;";

      бесінші бөліктің 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) прокурор жасаған айыптау актісінің, прокурор бекіткен қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманың, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасының, айыптау хаттамасының көшірмелерін алуға;";

      11) 71-баптың алтыншы бөлігінің 13) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) өзін жәбірленуші деп тану немесе одан бас тарту, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулылардың, айыптау актісінің, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасының, айыптау хаттамасының көшірмелерін, сондай-ақ соттың бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға;";

      12) 87-баптың он бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Бұлтартпау шараларын қолдану немесе тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы өтiнiшхатты шешетiн, сондай-ақ шағымдарды осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен қарайтын тергеу судьясына мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi осы тергеу судьясы қаулы шығара отырып жеке-дара шешедi. Iстi осы Кодекстiң 52-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес жеке-дара қарайтын судьяға мәлiмделген қарсылық бiлдiрудi сол соттың төрағасы немесе осы соттың басқа судьясы, ал олар болмаған жағдайда, жоғары тұрған соттың судьясы шешедi. Қарсылық бiлдiру туралы мәлiмдеме қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық iс, шағым не өтiнiшхат белгiленген тәртiппен басқа судьяның iс жүргiзуiне берiледi.";

      13) 97-баптың бірінші бөлігінің 4) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) күдіктіге, айыпталушыға қатысты осы Кодексте көзделген тәртіппен қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) ықтималдығын болғызбайтын бұлтартпау шараларын қолданады;";

      14) 118-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Кодекстiң 221-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, заттай дәлелдемелер қылмыстық процестi жүргізетін органның қаулысымен не осы Кодекстің 527-бабының талаптарына сәйкес жасалған хаттамамен iске қоса тiгiледi және үкiм немесе iстi тоқтату туралы қаулы заңды күшiне енгенге дейiн сонда болады. Заттай дәлелдемелердi қарап-тексеру және оларды сақтау тәртiбi осы Кодекстiң 221-бабында айқындалады.";

      15) 119-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қылмыстық процестi жүргізетін адам тiкелей қабылдаған мән-жайларды куәландыратын, осы Кодекстiң ережелеріне сәйкес жасалған тергеу әрекеттерінің хаттамаларында, осы Кодекстің 527-бабының талаптарына сәйкес жасалған хаттамада қамтылған, сондай-ақ тергеу әрекеті барысында маман жүргізген қарап-тексеру, куәландыру, алу, тiнту, ұстап алу, мүлiкке тыйым салу, тануға ұсыну, үлгілерді алу, мәйiттi эксгумациялау, айғақтарды сол жерде тексеру, құжаттарды ұсыну, тергеу экспериментi, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін зерттеу, заттай дәлелдемелерді зерттеу кезінде анықталған, сондай-ақ сот отырысының сот әрекеттері мен олардың нәтижелері көрсетілетін хаттамасында қамтылған нақты деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.";

      16) 153-баптың төртінші және бесінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қылмыстық қудалау органының бұлтартпау шарасын өзгерту не оның күшін жою туралы қаулысына шағым жасау осы Кодекстің 100 – 106-баптарында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      5. Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасының күшін жоюды прокурордың келісуімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жүргізеді.

      Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасын тергеу судьясы санкциялауға жататын бұлтартпау шарасына өзгерту, осы Кодекстің 145-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.

      Тергеу судьясы санкциялаған бұлтартпау шарасын тергеу судьясы санкциялауға жатпайтын бұлтартпау шарасына өзгертуді прокурордың келісуімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жүргізеді.";

      17) 158 және 165-баптардың сегізінші бөліктеріндегі "тергеу судьясының санкциясы бойынша" деген сөздер "прокурордың келісуімен" деген сөздермен ауыстырылсын;

      18) 187-баптың екінші бөлігіндегі "144," деген цифрлардан кейін "147 (бесінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын, "269-1," деген цифрлар "269-1 (екінші және үшінші бөліктерінде)," деген сөздермен ауыстырылсын, "295-1," деген цифрлар "295-1 (екінші және үшінші бөліктерінде)," деген сөздермен ауыстырылсын;

      19) 189-баптың алтыншы бөлігіндегі "теріс қылықтар" деген сөздерден кейін ", сондай-ақ сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру істері және анықтау істері" деген сөздермен толықтырылсын;

      20) 190-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жеделдетілген тәртіппен аяқталуы мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2, 4-3-бөліктермен толықтырылсын:

      "4-1. Сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіні, оның қорғаушысын, егер ол іске қатысатын болса, сондай-ақ жәбірленушіні, оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді, олардың өкілдерін іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны туралы хабардар етеді.

      Хабарламада танысу орны және олар қылмыстық іс материалдарымен таныса алатын мерзім туралы хабарландыру қамтылады.

      4-2. Осы баптың 4-1-бөлігінде көзделген талаптар орындалғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 527-бабының бірінші және 1-1-бөліктерінде көзделген тәртіппен сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын жасайды.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіден, сондай-ақ жәбірленушіден, оның өкілінен, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе олардың өкілдерінен ауызша немесе жазбаша өтінішхат келіп түскен жағдайда, оларға сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын және қылмыстық істің материалдарын танысу үшін ұсынады, бұл туралы сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасында олардың және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қолтаңбасымен куәландырылатын тиісті белгі жасалады.

      Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері істің азаматтық талап қоюға қатысы бар бөлігіндегі материалдарымен танысады.

      Сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен және іс материалдарымен танысқаннан кейін қылмыстық іс анықтау ісі бойынша – анықтау органының бастығына, алдын ала тергеу ісі бойынша тергеу бөлімінің бастығына жіберіледі.

      4-3. Анықтау органының бастығы сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын және оған қоса берілген материалдарды зерделеп, мынадай әрекеттердің біреуін жүргізеді:

      1) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;

      2) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады.

      Тергеу бөлімінің бастығы сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын және оған қоса берілген материалдарды зерделеп, мынадай әрекеттердің біреуін жүргізеді:

      1) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын және қылмыстық істі прокурорға жібереді;

      2) қылмыстық істі алдын ала тергеу жүргізу үшін қайтарады.

      Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталған жағдайда қылмыстық іс ұстау мерзімі өткенге дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.";

      жетінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Прокурор қылмыстық істі сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен бірге ала отырып, ол бойынша үш тәуліктен кешіктірмей, ал күдікті ұсталған жағдайда дереу мынадай әрекеттердің біреуін жүргізеді:

      1) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;

      2) істі анықтау не алдын ала тергеу жүргізу үшін жібереді;

      3) қылмыстық істі толық көлемде не оның бір бөлігін тоқтату туралы қаулы шығарады;

      4) сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексерудің жаңа хаттамасын жасайды.";

      мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      "8. Прокурор сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасының айыпталушыға табыс етілуін қамтамасыз етеді. Айыпталушының құқықтарын түсіндіру қамтылған, айыпталушының сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын алғаны туралы қолхат іске қоса тігіледі.";

      21) 191-бапта:

      екінші бөліктегі "143 (бірінші бөлігінде)," деген сөздерден кейін "147 (төртінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      он алтыншы бөліктегі "294," деген цифрлардан кейін "295-1 (бірінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      жиырма үшінші бөліктегі "Қылмыстық кодексінің" деген сөздерден кейін "269-1 (бірінші бөлігінде)," деген сөздермен толықтырылсын;

      22) 192-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі арыз бен хабарды Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеген кезден бастап қылмыстық іс қылмыстық істі тоқтату туралы қаулымен, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен, қылмыстық теріс қылық туралы қаулымен, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен, айыптау хаттамасымен немесе істі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені қарау үшін сотқа беру туралы қаулымен прокурорға жіберілген күнге дейін не прокурор істі сотқа жібере отырып, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасқан күнге дейін есептеледі.

      Анықтау істері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір айдан және алдын ала тергеу істері бойынша екі айдан аспауға тиіс.";

      үшінші бөліктің 1) және 2) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қылмыстық процеске қатысушылардың осы Кодекстің 190, 192-2, 296-баптарында көзделген тәртіппен қылмыстық іс материалдарымен танысқан;

      2) қылмыстық істің қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктінің, жәбірленушінің шағымы бойынша сотта және прокуратурада болған;";

      жетінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Прокурор істі қосымша тергеп-тексеру үшін қайтарған, қылмыстық істі үзу немесе тоқтату туралы қаулының күшін жойған не сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу туралы қаулыны келісуден немесе қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны бекітуден бас тартқан кезде сотқа дейiнгi тергеп-тексеру прокурор белгілеген, бірақ іс қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын адамға келіп түскен кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Мерзімді одан әрі ұзарту жалпы негіздерде және осы бапта көзделген тәртіппен жүргізіледі.";

      23) мынадай мазмұндағы 192-1-баппен толықтырылсын:

      "192-1-бап. Анықтау барысында дәлелденуге жататын мән-жайлар

      1. Анықтау барысында осы Кодекстің 113-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы, қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті жасаған адам, адамның кінәлілігі, залалдың сипаты мен мөлшері және іс бойынша маңызы бар өзге де мән-жайлар дәлелденуге жатады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамнан соттылығының болуы немесе болмауы, сотталғандығы туралы анықтамалар, оның жұмыс немесе оқу орнынан мінездемелер, іс үшін маңызы бар өзге де материалдар талап етілуі, жәбірленушіден, куәдан жауап алу және басқа да қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін.";

      24) мынадай мазмұндағы 192-2-баппен толықтырылсын:

      "192-2-бап. Айыптау хаттамасын жасау және істі сотқа жіберу үшін прокурорға беру

      1. Анықтау аяқталған соң сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіні, егер іске қатысатын болса, оның қорғаушысын, сондай-ақ жәбірленушіні, оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді, олардың өкілдерін іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны туралы хабардар етеді.

      Хабарламада танысу орны және олар қылмыстық іс материалдарымен таныса алатын мерзім туралы хабарландыру қамтылады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптар орындалғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам айыптау хаттамасын жасайды.

      3. Айыптау хаттамасында:

      1) хаттаманың жасалған уақыты мен орны, оны жасаған адам;

      2) күдіктінің жеке басы туралы мәліметтер;

      3) қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған орны мен уақыты, оқиғасы, оның тәсілі, себебі, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар;

      4) қылмыстық құқық бұзушылықтың болғанын және құқық бұзушының кінәсін растайтын нақты деректер;

      5) Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы, сипаты;

      6) куәлардың және жәбірленушілердің тегі, аты, әкесінің аты (олар болған кезде), егер бар болса, мекенжайлары;

      7) келтірілген залал мөлшері;

      8) қылмыстық құқық бұзушылық іздерін тіркеген не оларға тіркелген кезде ғылыми-техникалық құралдар мен электрондық жеткізгіштер пайдаланылған болса;

      9) заттай дәлелдемелер (олар болған кезде), олардың сақталу орны туралы мәліметтер;

      10) азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қолданылған шаралар;

      11) айыпталушыдан өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетіледі.

      Айыптау хаттамасына қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар да қоса беріледі.

      4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіден, сондай-ақ жәбірленушіден, оның өкілінен, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе олардың өкілдерінен ауызша немесе жазбаша өтінішхат түскен жағдайда, оларға айыптау хаттамасын және қылмыстық іс материалдарын танысу үшін ұсынады, бұл туралы айыптау хаттамасында олардың қолымен және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қолымен куәландырылатын тиісті белгі жасалады.

      Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері істің азаматтық талап қоюға қатысы бар бөлігіндегі материалдарымен танысады.

      Айыптау хаттамасымен және іс материалдарымен танысқаннан кейін қылмыстық іс анықтау органының бастығына жіберіледі.

      5. Анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын және оған қоса берілген материалдарды зерделеп, мынадай әрекеттердің біреуін жүргізеді:

      1) айыптау хаттамасын келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;

      2) айыптау хаттамасын келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтауды жүргізу үшін қайтарады не осы Кодекстің 189-бабының бесінші бөлігінде көзделген тәртіппен алдын ала тергеп-тексеруді тағайындайды.

      Күдікті осы Кодекстің 128-бабына сәйкес ұсталған жағдайда қылмыстық іс ұстау мерзімі өткенге дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.

      6. Прокурор айыптау хаттамасымен бірге қылмыстық істі алып, ол бойынша үш тәуліктен кешіктірмей, ал күдікті ұсталған жағдайда дереу мынадай әрекеттердің біреуін жүргізеді:

      1) айыптау хаттамасын бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;

      2) істі анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізуге жібереді;

      3) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады;

      4) қылмыстық қудалауды толық көлемде не оның бір бөлігін тоқтату туралы қаулы шығарады;

      5) жаңа айыптау хаттамасын жасайды.

      7. Прокурор айыптау хаттамасының айыпталушыға табыс етілуін қамтамасыз етеді. Айыпталушының құқықтарын түсіндіруді қамтитын айыптау хаттамасын айыпталушының алғаны туралы қолхат іске қоса тігіледі.";

      25) 193-бапта:

      бірінші бөліктің 16) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) айыптау актісін жасайды;";

      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 16-1) тармақпен толықтырылсын:

      "16-1) қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны бекітеді, қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жібереді;";

      екінші бөліктің 9) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "айыптау актісін жасау;";

      екінші бөлік мынадай мазмұндағы 9-1) тармақпен толықтырылсын:

      "9-1) бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулыны, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын бекіту және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу;";

      екінші бөліктің 11) тармағының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) осы Кодекстің нормалары осы міндетті прокуратура органының басшысына тікелей жүктеген жағдайларда, адамды күдікті деп тану туралы және күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыларды келісу жатады.";

      26) 194-баптың үшінші бөлігіндегі "тергеушілері" деген сөзден кейін ", анықтаушылары" деген сөзбен толықтырылсын;

      27) 195-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қылмыстық қудалауды, қылмыстық істі толықтай немесе оның бір бөлігін тоқтату туралы, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін істі сотқа жібіреу туралы, қылмыстық істерді бiрiктiру және бөлу туралы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімін ұзарту, сот санкциялайтын бұлтартпау шараларын қолдану және оларды ұзарту туралы өтінішхат қозғау туралы қаулыларға, сондай-ақ айыптау хаттамасына, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке топ жетекшiсi қол қояды.";

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      28) 198-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде шығарылатын шешімдер

      1. Осы Кодексте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның іс жүргізу әрекетінің хаттамасында шешімді көрсете отырып, жеке қаулы шығарусыз шешім қабылдау мүмкіндігі тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр процестік шешiмді қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, олардың негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстiң баптары көрсетiледi.

      2. Анықтау органының, тергеу бөлімінің бастығы, прокурор, тергеу судьясы шығаратын шешімдер, осы Кодекстің нормаларында аталған адамдардың қаулы шығару қажеттігі тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қарармен ресімделуі мүмкін.";

      29) 202-бап мынадай мазмұндағы 1-2-бөлікпен толықтырылсын:

      "1-2. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісу үшін дереу прокурорға жібере отырып, осы Кодекстің 209 және 216-баптарында көзделген ережелер бойынша адамды күдікті деп тану туралы қаулыны шығаруға және одан жауап алуға құқылы.

      Қаулыға қылмыстық іс материалдары және күдікті ретінде адамнан жауап алу хаттамасы қоса беріледі.

      Прокурор қылмыстық іс материалдарын және күдікті ретінде адамнан жауап алу хаттамасын зерделеп шығып дереу:

      1) адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келіседі;

      2) жүргізілген жауап алуды дәлелдеме ретінде қолдануға жол берілмейді деп тани отырып, адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады және қылмыстық іс материалдарын сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қажет болған кезде белгілі бір тергеу және (немесе) процестік әрекеттерді жүргізуін көрсете отырып қайтарады. Прокурор осы қаулыны келісуден бас тартқан кезде адамның күдікті болу жағдайы тоқтатылады.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор қабылдаған шешім туралы күдіктіні немесе оған қатысты прокурор күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан адамды хабардар етеді.";

      30) 38-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "38-тарау. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп жасау және айыптау актісін шығару үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу";

      31) 298-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттарын шешкеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп жасайды.";

      32) 299-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "299-бап. Айыптау актісін шығару үшін прокурорға жіберілетін қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің мазмұны

      1. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп айыптау актісін шығару үшін прокурорға жіберіледі.

      2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепте:

      1) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің жасалған уақыты және орны;

      2) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;

      3) күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, айы, жылы және оның туған жері, оған жасады деп айып тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, баптың бөлігі және тармағы;

      4) қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы, жасалған уақыты және орны, оның тәсілі, салдары және өзге де мән-жайлар;

      5) адамды айыптау үшін негіз болып табылатын мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;

      6) айыптау актісін шығару туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы шешім көрсетіледі.

      3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке оны жасаған адам қол қояды.

      4. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері, оның айғақтары берілген қылмыстық іс парағының және томының нөміріне сілтемесі көрсетіледі.

      Тізім екі бөліктен: күдікті және қорғаушы атаған адамдардың тізімінен (қорғау тізімінен) және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.

      Тізім мөрленген конвертке салынады және қылмыстық іске қоса тігіледі.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі, бұлтартпау шарасы, адамды күзетпен ұстау мерзімі, қолда бар заттай дәлелдемелер және оларды сақтау орны, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар, айыпталушыдан өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетілетін анықтамада қоса беріледі.";

      33) 300-баптың тақырыбы және бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "300-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті және қылмыстық істі прокурорға жіберу

      1. Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге прокурорға жіберіледі.";

      34) 39-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "39-тарау. Айыптау актісін шығару үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге келіп түскен қылмыстық іс бойынша прокурордың шешімі және әрекеті";

      35) 301-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "301-бап. Айыптау актісін шығару үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге келіп түскен қылмыстық істі зерделеу кезінде прокурор шешетін мәселелер";

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Прокурор айыптау актісін шығару үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге келіп түскен қылмыстық істі зерделейді және мыналарды:";

      3) және 7) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) күдіктінің іс-әрекетi саралануға жататын-жатпайтынын;";

      "7) істе бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге не оның күшін жоюға негіздердің бар-жоғын;";

      36) 302-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "302-бап. Айыптау актісін шығару үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге келіп түскен қылмыстық іс бойынша прокурордың шешімі және әрекеті";

      бірінші бөліктің 1) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) айыптау актісін жасайды;";

      бірінші бөліктің 2) тармағы алып тасталсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Прокурор осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекеттерді он тәулік ішінде жүзеге асырады.";

      37) мынадай мазмұндағы 302-1-баппен толықтырылсын:

      "302-1-бап. Айыптау актісінің мазмұны

      1. Прокурордың айыптау актісі кіріспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.

      2. Кіріспе бөлікте прокурор айыптау актісі жасалып жатқан айыпталушының (айыпталушылардың) тегін, атын, әкесінің атын, оның (олардың) әрекеттері сараланатын қылмыстық заңды (бапты, бөлікті, тармақты) көрсетеді.

      3. Сипаттау-уәждеу бөлігінде: айыптаудың мәні, қылмыстың жасалған уақыты мен орны, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар, жәбірленуші туралы мәліметтер, айыпталушының кінәсін растайтын дәлелдемелер; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабына сәйкес тәркіленуі мүмкін мүлік туралы мәліметтер; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 48-бабына сәйкес мүліктің тәркіленуі мүмкін екенін растайтын дәлелдемелердің тізбесі; оның жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар; психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтардан (аурулардан) емдеуді қолданудың алғышарттары болып табылатын мән-жайлар туралы; қорғау тарапының өз пайдасына берген дәлелдері және осы дәлелдерді тексеру нәтижелері баяндалады. Айыптау актісінде істің томдары мен парақтарына сілтемелер болуға тиіс.

      4. Айыптау актісінің қарар бөлігінде айыпталушының (айыпталушылардың) тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оған айып тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бабының бөлігі мен тармағы, айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі ол сотталуға жататын сотқа жіберу туралы шешім көрсетіледі.

      5. Айыптау актісіне оның жасалған орны мен күні көрсетіле отырып, прокурор қол қояды.

      6. Адамды қылмыстық заңның әртүрлі баптарында, бөліктерінде немесе тармақтарында көзделген бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыптаған кезде айыптау актісінде осы қылмыстық құқық бұзушылықтардың әрқайсысының жеке саралануы көрсетілуге тиіс.

      Бір қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп бірнеше адам айыпталған кезде айыптау актісінде қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы әрбір айыпталушыға қатысты көрсетіледі.

      7. Айыптау актісіне сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері, оның айғақтары берілген қылмыстық іс парағының және томының нөміріне сілтемесі көрсетіледі.

      Тізім екі бөліктен: қорғаушы тарап атаған адамдардың тізімінен (қорғаныс тізімінен) және прокурор жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.

      Тізім мөрленген конвертке салынады және қылмыстық іске қоса тігіледі. Айыптау актісіне анықтама қоса беріледі, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі, бұлтартпау шарасы, адамды күзетпен ұстау мерзімі, қолда бар заттай дәлелдемелер және оларды сақтау орны, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар, айыпталушыдан өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетіледі.";

      38) 305-баптың тақырыбы және бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "305-бап. Қылмыстық істі сотқа жіберу

      1. Осы Кодекстің 304-бабында көзделген әрекеттер жасалған соң прокурор қылмыстық iстi айыптау актісімен бірге соттылығы бойынша сотқа жібереді.";

      39) 314-баптың үшінші бөлігінің екінші абзацындағы "Айыптау актісі" деген сөздер "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеп, айыптау хаттамасы, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, қылмыстық теріс қылық туралы хаттама" деген сөздермен ауыстырылсын;

      40) 320-баптың 4) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмелерінің берілгенін-берілмегенін;";

      41) 321-баптың алтыншы бөлігіндегі "айыптау актісін" деген сөздерден кейін ", сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын" деген сөздермен толықтырылсын;

      42) 340-баптың төртінші, бесінші және алтыншы бөліктеріндегі "айыптау актісін,", "айыптау актісі" деген сөздерден кейін "сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын.", "сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы" деген сөздермен толықтырылсын;

      43) 341-бапта:

      бірінші бөліктегі "айыптау актісін," деген сөздерден кейін ", сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын" деген сөздермен толықтырылсын;

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Сот талқылауы жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау қажеттігіне байланысты кейінге қалдырылған кезде сот қорғаушы тараптың істің қосымша материалдарымен танысу құқығын қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады және жаңа айыптаудан қорғануға дайындалу үшін ақылға қонымды мерзім ұсынады.

      Жаңа айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы сотталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысып отырған кезде), жәбірленушіге, заңды өкілге және өкілге табыс етіледі және істің материалдарына қосып тігіледі.";

      44) 342-бап:

      мынадай мазмұндағы 3-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "3-1. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот өз қаулысымен күзетпен ұстау мерзімін он сегіз айға дейін ұзартуға құқылы. Айрықша жағдайларда көрсетілген мерзім соттың уәжді қаулысы бойынша, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.";

      бесінші бөлік алып тасталсын;

      45) 347-1-бапта:

      екінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот отырысының қысқаша хаттамасында соттың іс-әрекеттері олар қандай тәртіппен орын алғаны көрсетіледі, сондай-ақ:";

      екінші бөліктің 9) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) процеске қатысушылардың және іске қатысатын өзге де адамдардың өтініштері, қарсылықтары мен өтінішхаттары туралы; сот шығарған қаулылар туралы; файл нөмірі мен олардан жауап алу уақыты көрсетіле отырып, сотта жауап алынған адамдар туралы, соттың жазбаша құжаттарды, заттай дәлелдемелерді зерттеу уақыты туралы, іске қосымша материалдарды қоса тіркеу туралы, сот жарыссөзін жүргізу уақыты туралы, сотталушының соңғы сөзі, соттың кеңесу бөлмесіне кетуі және сот актісін жария етуі туралы мәліметтер;";

      мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "2-1. Іс бойынша төрағалық етуші сот отырысының аудио-, бейнетіркеуінің толықтығы мен сапасын тексереді. Егер сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сапасыз болып табылса, онда осы Кодекстің 347-бабының талаптарына сәйкес басты сот талқылауының хаттамасы жасалады.";

      46) 355-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "355-бап. Сотталушының жеке басын және айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмесінің уақтылы табыс етілгенін анықтау

      Төрағалық етуші сотталушының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), туған жылын, айын, күнін және туған жерін анықтай отырып, оның жеке басын анықтайды, деректерді жеке басын куәландыратын құжатпен немесе оның куәландырылған көшірмесімен салыстырады, іс жүргізілетін тілді білетінін, тұрғылықты жерін, кәсібін, білімін, отбасылық жағдайын және оның жеке басына қатысты басқа да деректерді анықтайды. Одан кейін төрағалық етуші айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмелерінің сотталушыға табыс етілгенін-табыс етілмегенін және нақты қашан табыс етілгенін анықтайды. Бұл ретте істі сотта талқылау, егер сотталушы бұл туралы өтінішхат бермесе, сондай-ақ осы Кодекстің 411-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, айыптау актісінің көшірмесін табыс етілген күннен бастап үш тәуліктен ерте басталуы мүмкін емес.";

      47) 368-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы "сотқа дейiнгi дайындық барысында" деген сөздер "ол сотқа дейiнгi іс жүргізу кезінде" деген сөздермен ауыстырылсын;

      48) мынадай мазмұндағы 379-1-баппен толықтырылсын:

      "379-1-бап. Соттың азаматтық талапты қарауы

      1. Сот азаматтық талапты осы Кодекстің 20-тарауының қағидалары бойынша сот отырысында қарайды.

      2. Процеске қатысушы азаматтық талап қоюды шешу үшін қосымша дәлелдемелер ұсына алады. Бұл ретте, ол істе қандай маңызы бар мән-жайды растау үшін дәлелдемені ұсынғысы келетінін негіздеуге тиіс.

      3. Дәлелдемелер сот белгілеген мерзімде ұсынылуға тиіс.";

      49) 382-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу мән-жайлары, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұрады. Қысқартылған сот талқылауы он тәулікке дейінгі мерзімде аяқталуға тиіс, айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.";

      50) 398-баптың бірінші бөлігінің 4) және 9) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жасалғанына сотталушы кiнәлi деп танылған әрбiр қылмыстық құқық бұзушылық үшiн оған тағайындалған негiзгi және қосымша жазаның түрi мен мөлшерi, қылмыстардың қайталану түрі, сондай-ақ алдыңғы үкiм бойынша шартты түрде сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау, алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешiм және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58 және 60-баптарының негiзiнде өтелуге жататын түпкiлiктi жазалау шарасы көрсетiлуге тиiс.

      9) үкiм заңды күшiне енгенге дейiн сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы және процестік мәжбүрлеу шарасы туралы шешiм;";

      51) 402-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімнің кіріспе және қарар бөліктерін түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімді түрегеліп тұрып тыңдайды.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "2-1. Үкім жарияланғаннан кейін төрағалық етуші қабылданған шешімнің мәнін түсіндіреді.";

      52) 406-баптың төртінші бөлігі алып тасталсын;

      53) мынадай мазмұндағы 406-1-баппен толықтырылсын:

      "406-1-бап. Үкім, қаулы заңды күшіне енгенге дейін сот шешетін мәселелер

      Сот үкімнің немесе қаулының мәнін өзгертпей, олар заңды күшіне енгенге дейін жол берілген қате жазуларды түзету және олардағы түсініксіздіктерді түсіндіру туралы, сот үкімімен не қаулысымен тағдыры шешілмеген заттай дәлелдемелер туралы, азаматтық талап қоюды шешу кезіндегі техникалық және арифметикалық қателерді түзету туралы, сондай-ақ процестік шығындардың, Жәбірленушілерге өтемақы қорына мәжбүрлеу төлемінің және оларды дұрыс есептемеген жағдайда мемлекеттік баждың мөлшері туралы қосымша қаулы шығаруға құқылы.";

      54) 408-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiніш, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ), сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.";

      55) 424-бап мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

      "3. Кассациялық саты үкімнің және барлық кейінгі қаулылардың күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберген жағдайда істі апелляциялық сатыда қарау осы Кодекстің 41-46-тарауларының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.";

      56) 431-баптың бірінші бөлігінде:

      8) және 9) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) үкімнің күшін жою және істі осы Кодекстің 323-бабына, 340-бабының үшінші бөлігіне сәйкес және сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында қылмыстық іс жүргізу заңын бұза отырып процестік келісім жасалуына байланысты прокурорға жіберу;

      9) осы Кодекстің 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда және сотта қылмыстық-процестік заңды бұза отырып процестік келісім жасалуына байланысты үкімнің күшін жою және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу;";

      мынадай мазмұндағы 10) тармақпен толықтырылсын:

      "10) егер іс мәні бойынша қаралмаса, сот қаулысының күшін жоюға және істі жаңадан қарауға жіберу туралы шешімдерінің бірін қабылдайды.";

      57) 442-баптың бірінші бөлігіндегі 3) және 9) тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) айыптаушы тараптың шағымын, прокурордың өтінішхатын қанағаттандыру үшін негіздер болған кезде неғұрлым қатаң жаза тағайындауға немесе қосымша жаза қолдануға;";

      "9) үкімге азаматтық талап қою, процестік шығындарды өндіріп алу және Жәбірленушілердің өтемақы қорына мәжбүрлеу төлем жасау бөлігінде өзгерістер енгізуге;";

      58) 443-баптың жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Осы кодекстің 441-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жаңа үкім қаулысымен үкімнің күші жойылған жағдайда, апелляциялық сатыдағы сот үкімнің күшін жою туралы қосымша қаулы шығармай, осы Кодекстің 46-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарады, онда бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою туралы көрсетеді.";

      59) 444-баптың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Үкімнің, қаулының көшірмесі тараптарға ол шығарылған күннен бастап он тәуліктен кешіктірілмей жіберіледі.

      3. Апелляциялық үкім, қаулы олар жария етілген кезден бастап заңды күшіне енеді.";

      60) 445-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Апелляциялық сатының үкімі немесе қаулысы – ол шығарылған күннен бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, орындауға енгізу үшін iспен бiрге бірінші сатыдағы сотқа жiберiледi.";

      61) 475-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "475-бап. Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру, мерзімін ұзарту";

      екінші бөліктегі "алты айға дейін" деген сөздер "бір жылға дейін" деген создермен ауыстырылсын;

      62) 476-бапта:

      12) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыты жағынан соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-баптың алтыншы бөлігі, 60-бабы);";

      22) тармақшадағы "босату туралы мәселелерді қарау жатады" деген сөздер "босату туралы;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 14-1) және 23) тармақшалармен толықтырылсын:

      "14-1) жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы;";

      "23) тағдырын сот шешпеген заттай дәлелдемелер туралы, азаматтық талапты шешу кезінде техникалық және арифметикалық қателерді түзету туралы, сондай-ақ процестік шығындардың, Жәбірленушілердің өтемақысы қорына мәжбүрлеу төлемнің және оларды дұрыс есептемеген жағдайда мемлекеттік баждың мөлшері туралы мәселелерді қарау жатады.";

      63) 477-бапта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Үкімді орындауға байланысты мәселелерді, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мәселелерді қоспағанда, үкімді орындау орны бойынша әрекет ететін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде – жоғары тұрған сот шешеді.";

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Үкім шығарған сот осы Кодекстің 476-бабының 13), 17), 22) және 23) тармақтарында көрсетілген мәселелерді қарайды.";

      64) 478-бапта:

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 3), 6), 8), 10), 12), 14), 14-1), 18) және 21) тармақтарында көрсетілген мәселелер жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қаралады.";

      мынадай мазмұндағы 3-2-бөлікпен толықтырылсын:

      "3-2. Осы Кодекстің 476-бабының 23) тармағында көрсетілген мәселені сот сотталған адамның, оның қорғаушысының өтінішхаты, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның, сондай-ақ өзге де мүдделі адамдардың өтінішхаты бойынша қарайды.";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді өтінішхат келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде сотталған адамның қатысуымен ашық сот отырысында жеке-дара қарайды. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 3), 6), 7), 8), 10), 13), 14), 17) және 23) тармақтарында көзделген мәселелерді қарау сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.";

      65) 484-бапта:

      екінші бөліктің бірінші тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) сот бұйрықтық, келісімдік іс жүргізуде немесе осы Кодекстің 382-бабында көзделген тәртіппен қараған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша;";

      үшінші бөліктің екінші тармағы алып тасталсын;

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Кассациялық сатының қаулысы осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.";

      66) 485-бапта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға жол берілген, мыналарға:";

      бірінші бөліктің 6), 7) және 8) тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуге, мүлікті тәркілеу туралы мәселені дұрыс шешпеуге;

      7) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыны заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға;

      8) Осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда қайшыларды жою туралы ұсыну енгізілген сот актілері бойынша қайшылықтарға әкеп соққан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіздер болып табылады.";

      екінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер:";

      екінші бөліктің 3) тармағы алып тасталсын;

      67) 486-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "486-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхат беруге, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен өз бастамасы бойынша да, осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдардың өтінішхаты бойынша да осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша қайта қарау туралы наразылық енгізуге құқылы.

      Өтінішхат наразылыққа қоса тіркеледі.";

      68) 488-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "488-бап. Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық беру тәртібі";

      мынадай мазмұндағы 1-1-бөлікпен толықтырылсын:

      "1-1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына беріледі.";

      69) 489-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "489-бап. Өтінішхаттарды, наразылықты қарамай қайтару";

      бірінші бөлікте:

      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттар, наразылық мынадай негiздер бойынша:";

      6) тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, судьяның (судьялардың) өтінішхатты іспен бірге бұған дейін қаралған нақ сол негіздер бойынша кассациялық сатыда қарауға беруден бас тарту туралы қаулысы болса, олар берген адамдарға қайтарылуға жатады.";

      70) 490-бапта:

      бірінші бөліктің 2) тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы мәселелерді;";

      бірінші бөлік мынадай мазмұндағы 3) тармақпен толықтырылсын:

      "3) тараптарды шақыра отырып, өтінішхатты алдын ала қарау күні туралы мәліметтерді шешеді.";

      мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-бөліктермен толықтырылсын:

      "3-1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарауды үш судья тараптарды шақыра отырып, ашық сот отырысында жүргізеді, олардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейді.

      3-2. Өтінішхатты алдын ала қарау кезінде судьялар өтінішхаттың дәлелдерін де, осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздердің болуын да тексереді.";

      71) 491-баптың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Судьялар өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:";

      72) 494-бапта:

      алтыншы бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Егер өтінішхатты, наразылықты айыптаушы тарап берген болса, онда оның өкілдері бірінші болып сөз сөйлейді, содан соң төрағалық етуші процестің басқа қатысушыларына сөз береді.

      Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығында жазылған уәждер мен дәлелдерді оның тапсырмасы бойынша сот отырысында тиісті прокурор баяндауы мүмкін.";

      он екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Сот актілерін кассациялық сатыдағы сот өзгертуге және:

      1) онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға және өзгертілген саралануына сәйкес жаза тағайындауға;

      2) сот тағайындаған жазаны жеңілдетуге;

      3) неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға, неғұрлым қатаң жаза тағайындауға немесе айыптаушы тараптың шағымын, прокурордың өтінішхатын қанағаттандыру үшін негіздер болған кезде, сотталған адам сотқа берілген айыптау шегінде қосымша жаза қолдануға құқылы;

      4) қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін өзгертуге;

      5) қосымша жаза қолдануға;

      6) қылмыстардың тиісті қайталануының болуын, егер мұны бірінші сатыдағы сот жасамаса немесе дұрыс жасамаса, тануға;

      7) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 64-бабының бесінші бөлігіне сәйкес алдыңғы үкім бойынша шартты түрде соттаудың күшін жоюға не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабының бесінші бөлігіне сәйкес алдыңғы үкім бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жоюға және осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жазаны, егер мұны бірінші сатыдағы сот жасамаса, тағайындауға;

      8) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабының жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;

      9) азаматтық талап қою, сондай-ақ процестік шығындарды өндіріп алу мәселелері бойынша, заттай дәлелдемелер туралы шешім бөлігінде үкімге өзгерістер енгізуге;

      10) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.

      Сот тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша сотталушыға немесе сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, күшін жою немесе өзгерту туралы мәселені шешеді, бұл туралы қаулыда көрсетеді.

      Қылмыстық іс тоқтатылған не бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалған кезде күзетпен ұсталып отырған сотталған адам күзетілуден дереу босатылуға жатады. Сот сотталған адамның назарына жеткізу және оны орындау үшін жазаны орындайтын мекемеге немесе органға сот қаулысының көшірмесін және қабылданған шешім туралы телеграф хабарламасын дереу жібереді.";

      он төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Сот үкімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін істі қарайтын сот толық көлемде тексереді және ұсынымда, наразылықта немесе өтінішхатта көрсетілмеген негіздер бойынша, егер бұл ретте сотталғанның жағдайы нашарламайтын болса, оған өзгерістер енгізуге құқылы.

      Сот актісіне ұсыну, наразылық немесе өтінішхат келтірілмеген басқа сотталғандарға қатысты өзгерістер енгізуге, егер бұл ретте сотталғандардың жағдайы нашарламайтын болса, өзіне қатысты ұсыну, наразылық немесе өтінішхат берілген сотталған адаммен сыбайласып жасалған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша ғана жол беріледі.

      Сот жағдайды нашарлату туралы шешімді ұсынуда, прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің өтінішхатында көрсетілген сотталғандарға (ақталғандарға) қатысты және сол негіздер бойынша ғана қабылдауға құқылы. Сот сотталған адамның жағдайын оның өтінішхаты немесе оның қорғаушысының немесе өкілінің өтінішхаты бойынша нашарлатуға құқығы жоқ.

      Сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе дәлелденген деп есептеуге соттың құқығы жоқ.";

      он алтыншы, он жетінші және он сегізінші бөліктер алып тасталсын;

      73) 502-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "502-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзуді қозғау тәртібі

      1. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iс жүргiзудi қозғау туралы өтінішхат беру құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге немесе олардың заңды өкілдеріне, қорғаушыларға, сондай-ақ прокурорға тиесiлi.

      Осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6), 7) тармақтарында көзделген негіздер бойынша өтінішхат үкім, қаулы шығарған сотқа беріледі.

      Осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 4) тармағында көрсетілген негіздер бойынша істі қайта қарау туралы өтінішхат, арыздар немесе хабарлар тергеуді ұйымдастыратын прокурорға беріледі. Жаңадан ашылған мән-жайларды осындай тергеп-тексеру кезінде осы Кодекстің қағидалары сақтала отырып, жауап алулар, қарап-тексерулер, сараптама жасаулар, алулар және өзге де тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін. Тергеу нәтижелері бойынша прокурор:

      1) ұсынумен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғайды және тексеру материалдарын қарау үшін сотқа жібереді;

      2) қаулымен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғаудан бас тартады.

      Прокурордың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулысының көшірмесі арыз берушіге қаулыға жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен шағым жасау құқығы түсіндіріле отырып, үш тәулік ішінде жіберіледі.

      2. Сотқа жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья он тәулік ішінде өтінішхаттың осы Кодекстің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексереді және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) өтінішхатты соттың іс жүргізуіне қабылдау және жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығарады;

      2) егер өтініш осы Кодекстің 499-бабының талаптарына сәйкес келмесе және оған осы Кодекстің 499-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3), 5), 6), 7) тармақтарында көзделген негіздерді растайтын, егер ол осы Кодекстің 500-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жатпайтын сот шешімдеріне қатысты болса не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған негіздер бойынша нақ сол тарап берсе, сот актілері немесе өзге де актілер қоса берілмесе, өтінішхатты қараусыз қайтарады.

      Кассациялық сатыдағы сотта, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы сотта, егер іс алқалы түрде қаралған жағдайда, өтінішхаттың осы Кодекстің 499-бабының талаптарына сәйкестігін тексеруді тиісті соттың судьясы жеке-дара жүргізеді.

      Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы прокурордың ұсынуын сот тікелей қарайды.

      3. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар қайтарылуға жатады.

      4. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы судьяның қаулысы не прокурордың осындай іс жүргізуді қозғау туралы ұсынусы бар өтінішхатты сот іс жүргізу қозғалған не прокурордың ұсынуы келіп түскен күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей ашық сот отырысында қарауға тиіс.";

      74) 503-бап алып тасталсын;

      75) 504-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Прокурордың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатын не ұсынуын бірінші сатыдағы соттың үкім, қаулы шығарған судьясы жеке-дара қарайды. Егер іс бойынша апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттар қаулы шығарған болса, сот шешімдерін қайта қарау:

      1) апелляциялық сатыдағы сот – егер істі апелляциялық саты жеке-дара қараған болса – жеке-дара, ал егер іс алқалы түрде қаралса – алқалы түрде;

      2) кассациялық сатыдағы сот – алқалы түрде жүзеге асырады.";

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттар қаралғаннан кейін бірінші болып баяндайтын сот актісін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау негіздері туралы өтінішхатты не сотқа тиісті өтінішхатпен жүгінген кезде не прокурордың ұсынымын шығарған кезде прокурор сөз сөйлейді, сот содан соң сот отырысына келген басқа да адамдардың сөздерін тыңдайды, жүргізілген тексеру немесе тергеп-тексеру нәтижелері бойынша арыз иесі, прокурор ұсынған материалдарды зерттейді.";

      76) 505-бапта:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "505-бап. Сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты, прокурордың ұсынуын қарау қорытындысы бойынша шығарылған соттың қаулысы";

      бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылған қаулылары – олар шығарылған күннен бастап он бес тәулік өткен соң, ал егер оларға шағым жасалса және жоғары тұрған сот оны күшінде қалдырса, онда жоғары тұрған сот қаулыны шығарған күні заңды күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты шығарған қаулы, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы соттың шағым жасалған бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгеріссіз қалдыру, күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.";

      77) 506-бап алып тасталсын;

      78) 507-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жоғары тұрған сот көрсетілген қаулыларға шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарауды апелляциялық, кассациялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға, наразылық білдірілуге жатпайды.

      Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына прокурордың шағымдарына, өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.";

      79) 527-бап мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-бөліктермен толықтырылсын:

      "1-1. Хаттамада:

      1) егер олар бар болса, куәлар мен жәбірленушілердің тегі, аты, әкесінің аты (олар болған кезде), мекенжайлары;

      2) егер ғылыми-техникалық құралдар мен электрондық жеткізгіштер тіркеу кезінде пайдаланылса не оларда қылмыстық құқық бұзушылықтың іздері тіркелген болса, олар да көрсетіледі.

      1-2. Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамада сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сот ісін жүргізу тілін айқындау, қылмыстық сот ісін жүргізу форматын таңдау туралы, қорғаушыны, аудармашыны тарту туралы, оның ішінде олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру туралы, заттарды, құжаттарды және өзге де мүлікті заттай дәлелдемелер ретінде тану және оларды іске қоса тіркеу туралы, процестік шығындарды анықтау туралы, азаматтық талапкер деп тану туралы шешімдері, сондай-ақ қорғаушыны қызметінен бас тарту туралы шешімдері көрсетілуі мүмкін.

      Қылмыстық теріс қылық туралы хаттамаға қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар да қоса беріледі.";

      80) 537-баптың үшінші бөлігіндегі "бекіткен" деген сөз "жасаған" деген сөзбен ауыстырылсын;

      81) 547-баптың он бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына беріледi, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Депутатқа қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.

      Ескертпе. Осы тараудың баптарында қолсұғылмаушылықтан айыру деп қылмыстық жауаптылыққа тартуға және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келісім беру түсініледі.";

      82) 551-баптың сегізінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есеппен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарына беріледi, ол осы Кодекстің 301 – 304-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жасаған айыптау актісі болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.";

      83) 594-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының ұстап беру (экстрадициялау) туралы қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін отыз тәулік ішінде этаппен апаруды және ұстап берілген (экстрадицияланған) адамды ол ұстап берілген (экстрадицияланған) мемлекеттің тиісті органына беруді ұйымдастырады және оның орындалғаны жөнінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына хабарлайды.";

      84) 595-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:

      "4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ішкі істер органына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін адамдарды беру орнын, уақытын және тәртібін келісу туралы тапсырма береді.

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде ішкі істер органына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өтетін адамдарды қабылдауды және оларды үшінші мемлекеттерге беруді жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.";

      85) 604-баптың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Шет мемлекеттің уәкілетті органынан сотталған адамды жазасын өтеу үшін немесе өзіне медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды қабылдауға келісетіні туралы ақпарат алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тиісінше ішкі істер органына осы адамды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымнан шет мемлекетке беру орнын, уақыты мен тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырма береді.

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде ішкі істер органына сотталған адамды шет мемлекетке беруді жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.";

      86) 607-баптың бірінші бөлігіндегі "заңды өкiлдерi" деген сөздерден кейін ", жұбайы (зайыбы)" деген сөздермен толықтырылсын;

      87) 609-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін қабылдау туралы сұрау салу қанағаттандырылғаннан және осындай беруге шет мемлекеттің уәкілетті органының келісімі алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ішкі істер органына осы адамды Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға беру орнын, уақытын және тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырма береді.

      Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде ішкі істер органына Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін қабылдауды жүзеге асыруға жәрдем көрсетеді.".

      88) 617-баптың төртінші бөлігіндегі "айыптау актісінсіз" деген сөздерден кейін ", айыптау хаттамасынсыз" деген сөздермен толықтырылсын;

      89) 627-баптың төртінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Келісімдік іс жүргізу қаралған іс бойынша соттың үкіміне осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.";

      90) 628-баптың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жасалғаннан кейін кінәні мойындау туралы процестік келісім судьяға беріледі, ол оның заң талаптарына сәйкестігін тексереді және мынадай:

      1) істің келісімдік іс жүргізуде қаралуын жалғастыру туралы;

      2) егер сотта сотталушының кінәлі екендігіне күмән туындаса не келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздердің болмауына байланысты істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы уәжді шешімдердің бірін қабылдайды;

      3) егер сот қылмыстың дәрежесімен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен, жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, жаңа процестік келісім жасауға мүмкіндік береді.

      Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеген жағдайда соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.";

      91) 629-7-баптың бесінші абзацы алып тасталсын.

      3. "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың екінші тармағында:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) прокурор қылмыстық іс бойынша нотариусқа қатысты айыптау актісін жасаған;";

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) прокурор айыптау хаттамасын, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіткен және қылмыстық істі қылмыстық заңның тиісті бабы (баптары) бойынша сотқа жіберу туралы шешім қабылданған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 617-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен процестік келісім жасаумен аяқталған;".

      2-бап. Осы Заң:

      1) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері тергейтін аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген істерге қатысты;

      2) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 29) тармағында көзделген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істерге, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген істерге қатысты;

      3) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алдын ала тергеу нысанында аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасау, прокурордың айыптау актісін жасау және прокурор айыптау актісін жасаған кезден бастап адамды айыпталушы деп тану бөлігінде 1-баптың екінші тармағының 1) тармақшасын, 4) тармақшасының төртінші абзацын, 5), 6), 7), 8) тармақшаларын, 10) тармақшасының үшінші және алтыншы абзацтарын, 22) тармақшасының үшінші абзацын, 25) тармақшасының үшінші абзацын, 30), 31), 32), 33), 34), 35), 36), 37), 38), 39), 80), 81), 82) тармақшаларын, 3-тармағының төртінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады