Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1993 жылғы 18 маусым N 513. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995.05.19. N 716 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы Ереже бекiтiлсiн.
             Қазақстан Республикасының
                Премьер-министрi
                                        Қазақстан Республикасы
                                        Министрлер Кабинетiнiң
                                       1993 жылғы 18 маусымдағы
                                            N 513 қаулысымен
                                              Бекiтiлген
             Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк
               жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы
                             Ереже
      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасының меншiгi жөнiнде мемлекеттiң мүдделерiн бiлдiруге және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк меншiгiн (Қазақстан Республикасының ерекше меншiгi болып табылатын объектiлерден басқаларын) иелену, пайдалану және оған өкiмдiк ету жөнiндегi құқықтарды жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген орган болып табылады.
      Комитет мемлекеттiк меншiктегi кәсiпорындарды, бiрлестiктердi, ұйымдарды, олардың құрылымдық бiрлiктерi мен бөлiмшелерiн (бұдан әрi - кәсiпорындар) жеке және аралас меншiк түрлерiне негiзделген кәсiпорындарға айналдырылуын қамтамасыз етедi, бiрыңғай мемлекеттiк жекешелендiру саясатын жүргiзедi.
      2. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарын, қаулылары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi мен Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулыларын, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Комитет республика аумағындағы және одан тысқары жерлердегi мемлекеттiк органдар мен шаруашылық субъектiлерiне мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және басқару құқыларын табыстайды.
      Комитеттiң мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және оған өкiмдiк ету мәселелерi жөнiнде өз құзыры мен өкiлеттiгi шегiндегi шешiмдерi барлық деңгейдегi мемлекеттiк басқару органдары мен шаруашылық субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.
      4. Комитет:
      республиканың мүлiктiк құқылары мен мүдделерiн қорғайды;
      мемлекеттiк кәсiпорындар мен ұйымдар мүлкi иесiнiң, сондай-ақ акционерлiк қоғамдардың, басқа да шаруашылық қоғамдары мен серiктестерiнiң мүлкiндегi мемлекет үлесiнiң заңдылығын жүзеге асырады;
      тиiмсiз пайдаланылатын ғимараттарды, құрылыстарды және басқа да негiзгi қорларды қажет болған жағдайда мемлекеттiк кәсiпорындардың балансынан балансына беру туралы шешiм қабылдайды;
      меншiктi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң Ұлттық бағдарламасын әзiрлейдi және жүзеге асырады, мемлекеттiк кәсiпорындарды жеке және аралас меншiк түрлерiне негiзделген кәсiпорындарға айналдырады;
      мемлекеттiк акционерлiк, соның iшiнде холдинг компанияларын құрады және Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi белгiлейтiн тәртiппен және шарттармен олардың президенттерiнiң тағайындалуын ұйымдастырады;
      халықтың инвестициялық купондарымен жұмысты лицензиялық негiзде жүзеге асыратын инвестициялық жекешелендiру қорларын құру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      мемлекеттiк меншiктi өзгерту мәселелерiн реттейтiн заңдық және нормативтiк актiлерiнiң жобаларын әзiрлеуге қатысады;
      мемлекет иелiгiнен алынуға және жекешелендiрiлуге жататын мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлкiн сараптау мен құнын бағалау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;
      мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiру кезiнде сатушы функцияларын жүзеге асырады;
      мемлекеттiк кәсiпорындар негiзiнде акционерлiк қоғамдар, басқа да шаруашылық қоғамдары немесе серiктестiктерi құрылған кезде олардың құрылтайшысы болады;
      мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге лицензиялар бередi, инвестициялық жекешелендiру қорларының қызметiн лицензиялауға қатысады және инвестициялық купондардың тиiсiнше пайдаланылуын бақылайды;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрге олардың қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және республика экономикасында қалыпты макроэкономикалық тепе-теңдiктер қалыптастыру мақсатында мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру барысында пайда болатын нарықтық құрылымдарды қолдауды қамтамасыз етедi;
      Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгiмен бiрге жеке жобалар бойынша жүзеге асырылатын шетелдiк заңды ұйымдар мен жекелеген адамдардың мемлекеттiк меншiктi жекешелендiру iсiне қатысуының тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi;
      мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң бiрыңғай мемлекеттiк саясатын жүргiзедi және бақылайды.
      5. Комитеттiң:
      мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелердiң мемлекеттiк мүлiктi сату, табыстау, уақытша пайдалануға беру мәселелерiн шешуге;
      мемлекеттiк меншiктегi кәсiпорындарды меншiктiң өзге түрлерiне негiзделген кәсiпорындарға айналдыру туралы шешiмдер қабылдауға;
      мемлекеттiк меншiк объектiлерiн мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру процестерiн реттейтiн нормативтiк және әдiстемелiк құжаттарды бекiтуге;
      жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың пiкiрiн ескере отырып, мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудiң тәртiбi мен нысанын белгiлеуге;
      мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру жөнiндегi жұмыстар жүргiзу үшiн комиссиялар құруға;
      мемлекет иелiгiнен алуға немесе жекешелендiруге жататын мемлекеттiк кәсiпорындардың балансындағы өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн тегiн беру туралы шешiмдер қабылдауға;
      мемлекеттiк меншiк объектiлерiн мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жеңiлдiктер беруге;
      мемлекеттiк меншiк объектiлерiн сату туралы заңды ұйымдармен және азаматтармен шарттар жасасуға, жаңа иеленушiлердiң меншiк құқына кiрiсуiн мемлекеттiк актiмен (куәлiкпен) куәландыруға;
      мемлекеттiк меншiктi қайта құру немесе мемлекеттiк кәсiпорындарды иемдену құқын азаматтарға немесе мемлекеттiк емес заңды ұйымдарға беру актiлерiн, соның iшiнде Қазақстан Республикасы мен бұрынғы КСР Одағының мемлекеттiк билiк және басқару органдары Қазақстан Республикасының "Мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiру туралы" Заңы күшiне енгенге дейiн жасаған актiлердi тiркеуге;
      егер қолданылып жүрген заңдар бұзылған немесе мемлекеттiң мүдделерiне нұқсан келген болса, мемлекеттiк мүлiктi жалға беру яки оны иелену құқын өзгерту актiлерiнiң жарамсыздығын тану туралы төрелiк және сот органдарына талап қоюға;
      мемлекеттiк кәсiпорындарды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру кезiнде мемлекет пен жаңа иеленушiлер тарапынан өзара мiндеттемелердiң шарттары мен сипатын белгiлеуге;
      консультациялық-зерттеу және сарап қызметiн құруға, Комитеттiң қызметiне байланысты мiндеттер мен функцияларды орындау үшiн баспа қызметiн жүзеге асыруға құқы бар.
      6. Мемлекеттiк кәсiпорындар негiзiнде құрылатын акционерлiк қоғамдар (компаниялар, холдингтер) жөнiнде Комитет акцияларының бақылау пакетiн мемлекетке сақтау туралы шешiм қабылдауға немесе қоғамдардың жарғы қорындағы мемлекеттiң үлесiн белгiлеуге құқылы.
      Мемлекеттiк кәсiпорындарды акционерлiк қоғам етiп қайта құру кезiнде Комитет Қазақстан Республикасының мемлекеттiк меншiгiндегi акцияларды ұстаушы функциясын жүзеге асыруға құқылы.
      Комитет акциялардың мемлекеттiк пакетiн ұстаушысын белгiлейдi, мемлекеттiк басқару органдарымен келiсу бойынша мемлекетке қарасты акциялардың үлесiне сәйкес акционерлiк қоғамдардың басшы органдарына меншiк иесiнiң өкiлеттi өкiлдерiн тағайындайды.
      7. Комитеттi Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен тағайындалатын Төраға басқарады.
      Комитет Төрағасы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң орынбасары болады.
      8. Комитетте Комитет Төрағасының, Төрағаның орынбасарларының (лауазымы бойынша), орталық аппараттың басқа мемлекеттiк органдардың басшы қызметкерлерiнiң құрамында 15 адамнан алқа құрылады, алқа мүшелерiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда берiлген - ҚРМК-нiң
               1994 ж. 18 қаңтардағы N 77 қаулысына сәйкес.
      9. Комитеттiң орталық аппараты мен оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының республикалық бюджетi бойынша мемлекеттiк басқару органдарын ұстауға көзделген қаражат есебiнен қаржыландырылады.
      Орталық аппараттың штаттық кестесiн Комитет Төрағасы бекiтедi.
      Ескерту. 9-тармақтан сөздер алынып тасталған - ҚРМК-нiң
               1995.02.06. N 115 қаулысымен.
      10. Комитет пен оның аумақтық органдары мемлекеттiк мүлiктi мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiрудi жүзеге асырушы төменгi аумақтық бөлiмшелер жоғарғы бөлiмшелерге бағынатын бiртұтас жүйенi құрайды.
      Аумақтық комитеттердiң басшыларын Комитет Төрағасы жергiлiктi әкiмдермен келiсе отырып тағайындайды.
      11. Комитет заңды ұйым болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi бар.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады