Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң Қаулысы 1994 жылғы 24 маусым N 717. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996.07.08. N 851 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесi және ғылымдарды мемлекеттiк қолдау шаралары туралы" 1994 жылғы 9-ақпандағы N 1556 Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Осыған қосылған Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар туралы Ереже бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мен Ғылым және жаңа технологиялар министрлiгi жыл сайын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджетiн қалыптастыру кезiнде мемлекеттiк ғылыми стипендияларды төлеу үшiн қаражат көздесiн.
             Қазақстан Республикасының
               Премьер-министрi
                                        Қазақстан Республикасы
                                        Министрлер Кабинетiнiң
                                        1994 жылғы 24 маусымдағы
                                            N 717 қаулысымен
                                             Бекiтiлген
             Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар туралы
                        Ереже
      1. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мәртебесi және ғалымдарды мемлекеттiк қолдау шаралары туралы" 1994 жылғы 9-ақпандағы N 1556 Жарлығымен тағайындалған және Қазақстан Республикасының аса көрнектi зерттеушiлерi мен талантты жас ғалымдарына мақсатты қаржылай қолдау көрсетуге арналған.
      Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар мыналардан тұрады:
      - аса көрнектi зерттеушiлерге арналған әрқайсысы 10 жалақы мөлшерiндегi 50 стипендия.
      - жас ғалымдарға арналған әрқайсысы ең төменгi 7 жалақы мөлшерiндегi 50 стипендия.
      2. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының қаулысымен 3 жылға дейiнгi мерзiмге тағайындалады.
      3. Аса көрнектi зерттеушiлерге арналған мемлекеттiк ғылыми стипендияларға еңбектерi Қазақстан Республикасында және шет елдерде танымал болған, көкейкестi iрi ғылыми проблеманың шешiлуiн жүзеге асырған және ғылымның басым бағыттарында негiздiк және қолданбалы зерттеулердi белсендi жүргiзiп жатқан ғалымдар ұсынылады.
      4. Талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттiк ғылыми стипендияларға ғылыми зерттеулердiң нәтижесi елiмiздiң ғылыми қауымына танымал болған, ғылыми және қолданбалы маңызы бар проблемаларды шешу бойынша белсендi ғылыми зерттеулер жүргiзiп жатқан жасы 35-тен аспайтын адамдар ұсынылады.
      5. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар көкейкестi ғылыми немесе халық шаруашылық маңызы бар, тиiстi бiлiм салаларында Қазақстан Республикасының басымдығын қамтамасыз ететiн, iрi ғылыми проблемаларды немесе мiндеттердi шешуге бағытталған өзiндiк ғылыми зерттеушiлiк бағдарламасы бар осы стипендияға ұсынылған ғалымдарға конкурстық негiзде тағайындалады.
      6. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар ғалымдарға негiзгi жұмыс орнында белгiленген жалақысынан, зейнетақысынан, стипендиясынан, әртүрлi қосымша төлемдер мен үстемеақылардан тыс төленедi.
      7. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар мемлекеттiк бюджеттен академияның толық мүшесi және корреспондент мүшесi атақтары үшiн қосымша төлемдер алатын академия мүшелерiне тағайындалмайды.
      8. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар орынның босауына қарай оған ұсынушыларға конкурстық негiзде тағайындалады.
      9. Қазақстан Республикасының ұлттық Ғылым академиясы Төралқасының Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар тағайындауға конкурс өткiзу туралы шешiмi оны өткiзерден екi ай бұрын республикалық баспасөзде жарияланады.
      10. Мемлекеттiк ғылыми стипендияларға кандидаттар ұсыну құқығы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мүшелерiне, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң, жоғары оқу орындарының, ғылыми қызметпен шұғылданатын министрлiктердiң, ведомстволардың немесе басқа ұйымдардың ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестерiне берiледi. Ғылыми (ғылыми-техникалық) кеңестер құпия дауыс беру арқылы кәдiмгi көпшiлiк дауыспен ұсыныс туралы дәлелдi шешiм қабылдайды.
      11. Мемлекеттiк ғылыми стипендияға ұсынылатын құжаттарды ресiмдеу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Төралқасы белгiлейдi.
      12. Мемлекеттiк ғылыми стипендиялар алуға ұсынылған материалдарды сараптамадан өткiзу мен кандидаттарды анықтауды Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бөлiмшелерi жанындағы сарапшылық кеңестер жүзеге асырады. Сарапшылық кеңестер конкурстық негiзде мемлекеттiк ғылыми стипендиялар алуға ұсынылатын кандидаттарды анықтап, олардың тiзiмiн Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Төралқасының бекiтуiне енгiзедi.
      13. Мемлекеттiк ғылыми стипендия тағайындалған стипендия алушылар тiзiмi баспасөзде жарияланады.
      14. Стипендия алушылар жыл сайын атқарған жұмыстары туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бөлiмшелерi жанындағы сарапшылық кеңестерге есеп берiп отырады. Сарапшылық кеңестегi талқылау нәтижесi бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Төралқасына стипендия алушыға мемлекеттiк ғылыми стипендия төлеу мерзiмiн ұзарту немесе оны төлеудi мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы ұсыныс бередi.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады