Азаматтарға еңбекке жарамсыздық парақтарын және еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамаларын беру тәртiбi туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 21 қараша N 1415. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001.01.23. N 102 қаулысымен. ~P010102

 


     Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

     1. Азаматтарға еңбекке жарамсыздық парақтарын және еңбекке

уақытша жарамсыздық анықтамаларын беру тәртiбi туралы қоса берiлiп

отырған Ереже бекiтiлсiн.

     2. Осы қаулы 1996 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшiне енедi.


     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрi


                                       Қазақстан Республикасы

                                             Үкiметiнiң

                                      1996 жылғы 21 қарашадағы

                                          N 1415 қаулысымен

                                             БЕКIТIЛГЕН


         Азаматтарға еңбекке жарамсыздық парақтарын және еңбекке

          уақытша жарамсыздық анықтамаларын беру тәртiбi туралы

                                ЕРЕЖЕ


     I. Жалпы ережелер



 
       1. Еңбекке уақытша жарамсыздық (сыртқаттану, жарақат алу, жүктiлiгiне және босануына байланысты демалыс, санаторийлiк-курорттық емделу, науқас баланы және отбасының мүшесiн күту, карантин) еңбекке жарамсыздық парағымен және осы Ережеде көзделген кейбiр жағдайларда еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтамамен куәландырылады.
      2. Еңбекке жарамсыздық парағы - еңбекке жарамсыздық фактiсiн куәландыратын құжат, жұмыстан босату және еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты, жүктiлiгi мен босануына байланысты жәрдемақы алу үшiн негiз болып табылады.
      3. Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама - еңбекке жарамсыздық фактiсiн куәландыратын құжат, жұмыстан (оқудан) босату үшiн негiз болып табылады, жекелеген жағдайларда еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңiнде жалақының (стипендияның) сақталуы үшiн негiз болып табылады.
      4. Еңбекке жарамсыздық парақтары кез-келген жұмыста iстейтiн адамдарға берiледi, мұнда олар мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандырылуға жатады. Жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алатын жұмыссыздарға қажет болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама берiледi.
      5. Азаматтарға еңбекке жарамсыздық парағын оны беруге құқығы бар емдеу-профилактикалық ұйымдар бередi.
      Жеке медициналық практикамен айналысатын ұйымдар мен адамдарға еңбекке жарамсыздық парағын беру құқығы медициналық және дәрiгерлiк қызметпен айналысуға уақытша жарамсыздық сараптамасын жүргiзуге лицензиясы және Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорымен медициналық қызмет көрсету туралы шарты болғанда ғана берiледi.
      6. Емдеушi дәрiгерлер жоқ жерде еңбекке жарамсыздық парағын беру құқығы денсаулық сақтау органының аурухана қағазын беруге болатын қызметкерлердiң тiзiмi мен мерзiмi белгiленетiн бұйрығына сәйкес орта медициналық қызметкерге берiлуi мүмкiн.
      7. Жедел медициналық жәрдем станциялары (бөлiмшелерi), ауруханалардың қабылдау бөлiмшелерi, қан құю бөлiмшелерi, сот-медициналық сараптау мекемелерi, санаторий-курорт мекемелерi бальнеологиялық, балшықпен емдеу орындары, демалыс үйлерi, туристiк базалар, санэпидқадағалау мекемелерi медициналық қызметкерлерiнiң еңбекке жарамсыздық парағын беруге құқығы жоқ. Қажет болған жағдайда олар тиiстi анықтама, соның iшiнде медициналық жәрдем көрсетiлгенiн растайтын анықтама бередi.
      8. Еңбекке жарамсыздық парағын (анықтамасын) дәрiгер емделушiнi жеке қарағаннан кейiн бередi, ұзартады, жабады және медициналық құжаттамадағы жұмыстан уақытша босатуды негiздейтiн жазбамен расталады.
      9. Еңбекке жарамсыздық парағын дәрiгер аурудың нысандары және еңбекке жарамсыздық түрлерi бойынша оларды жабу кезiнде толтырады.
      10. Еңбекке жарамсыздық парағының және еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтаманың бланкiлерi қатаң есептiлiк құжаттары болып табылады. Еңбекке жарамсыздық қағазы мен анықтаманың нысандарын Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi бекiтедi.
      11. Еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасының жай-күйiн Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау минстрлiгi мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қоры және олардың аумақтық органдары бақылайды. Емдеу-профилактикалық ұйымдарда жоғарыда аталған бақылауды бас дәрiгерлер, олардың орынбасарлары және бөлiмшелердiң меңгерушiлерi жүзеге асырады.
 
      II. Сырқаттанғанда және жарақат алғанда еңбекке жарамсыздық
     парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық жөнiндегi анықтама беру
 
      12. Еңбекке жарамсыздық парағы мен еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама қатты науқастанғанда немесе созылмалы сырқаттар асқынғанда, жарақаттанғанда және науқастың еңбек етуге (оқуға) мүмкiндiгi болмаған өзге де халiнде, жұмыс iстеуге болмағанда немесе емдеуге кедергi жасағанда берiледi.
      13. Науқастануға немесе жарақат алуына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы еңбек ету қабiлетi қалпына келтiрiлгенге дейiнгi немесе медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиясы (МӘСК) мүгедектiктi анықтағанға дейiнгi бүкiл кезеңге берiледi.
      14. Амбулаториялық-емханалық ұйымдарда еңбекке жарамсыздық парағы (анықтамасы) еңбекке уақытша жарамсыздық анықталған күнi берiледi.
      Емдеушi дәрiгердiң еңбекке жарамсыздық парағын (анықтамасын) 3 күннен аспайтын бiр жолғы мерзiмге (халықтың тұмаумен көп ауыратын кезеңiнде - денсаулық сақтау органының бұйрығымен 6 күнге), ал сырқаттың немесе жарақаттың бiр түрi бойынша жалпы жиыны 6 күннен аспайтын мерзiмге беруге құқығы бар. Еңбекке жарамсыздық парағын еңбекке жарамсыз болып қалғаннан кейiн 6 күннен артық уақытқа ұзартуды және одан кейiнге кез-келген ұзартуды емдеушi дәрiгер бөлiмше меңгерушiсiмен бiрлесiп немесе дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның (ДКК) төрағасымен, не бас дәрiгермен, бас дәрiгердiң емдеу жұмысы жөнiндегi орынбасарымен бiрлесiп жасайды. Ұзаққа созылған науқас кезiнде мұндай байқаулар кемiнде 10 күнде бiр рет жүргiзiлуге тиiс.
      15. Бiр дәрiгерi бар емдеу-профилактикалық ұйымдарда (ауылдық жерлерде, шалғайдағы аудандарда, т.б.) еңбекке жарамсыздық парақтарын еңбекке жарамсыздықтың бүкiл кезеңiне жалпы негiзде өз бетiнше беруге және ұзартуға құқық берiледi, бiрақ орталық аудандық аурухананың тиiстi маманымен мiндеттi түрде кеңесуге тиiс.
      Мұндай емдеу-профилактикалық ұйымдардың тiзбесiн жергiлiктi денсаулық сақтау органдары және Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Мiндеттi медициналық сақтандыру қорының бөлiмшелерi белгiлейдi.
      16. Туберкулез, жүйке және терi-соз ауруы кезiнде еңбекке жарамсыздық парағын тиiстi мамандандырылған емдеу ұйымдарының, (кабинеттердiң, бөлiмшелердiң) дәрiгерлерi бередi. Осы аурумен ауырған науқастар жалпы бейiмдегi емдеу-профилактикалық ұйымдарға келгенде дәрiгер еңбекке жарамсыздық парағын 3 күнге дейiнгi мерзiмде бере алады және кейiннен науқасты мамандандырылған кабинетке (бөлiмшеге, мекемеге) мiндеттi түрде жiбередi.
      17. Стационарлық емдеу кезiнде (күндiзгi стационарларды қоса алғанда) еңбекке жарамсыздық парағын (анықтаманы) науқас шыққан күнi емдеушi дәрiгер бөлiмшенiң меңгерушiсiмен бiрге (басқа жерден келгендерге - бас дәрiгердiң қолы қойылады) стационарлық емдеудiң бүкiл кезеңiне бередi.
      Егер стационардан шығаратын кезде науқастың еңбек ету қабiлетi толық қалпына келтiрiлсе, еңбекке жарамсыздық парағы (анықтама) шыққан күнмен жабылады. Еңбекке уақытша жарамсыздығы жалғасқан науқастарға еңбекке жарамсыздық парағы (анықтама) амбулаториялық-емхана мекемесiне келу үшiн немесе үйге дәрiгер шақыру үшiн қажеттi мерзiмге, басқа жерден келген науқастар және т.б. үшiн қайтар жолға ұзартады, бiрақ ол 4 күннен аспауға тиiс. Еңбекке жарамсыздық парағын науқасты одан әрi бақылайтын амбулаториялық-емханалық мекеме одан әрi ұзартады, жабады.
      18. Ұзақ ауыратын адамдар еңбекке үздiксiз уақытша жарамсыздық басталған күннен бастап 4 айдан кешiктiрмей МӘСК-ке куәландыру үшiн жiберiледi, ал белгiлi бiр немесе сабақтас ауруға байланысты үзiлiспен уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында соңғы 12 айдың iшiнде жалпы жиыны 5 айдан кешiктiрмей жiберiледi.
      Қолайсыз клиникалық және еңбек болжамы бар науқастар мүгедектiк белгiлерi болғанда еңбекке уақытша жарамсыздық мерзiмiне қарамастан, яғни жоғарыда аталған мерзiмнен бұрын МӘСК-ке куәландыру үшiн жiберiледi.
      19. IV сатыдағы қатерлi iсiктер жағдайында аулақталған метастазы (диссеминация) бар кез-келген мөлшердегi iсiк не организм әлсiреп, iсi көршi ағзалар мен ұлпаларға тереңдеп жайылғаны тiркелгенде, еңбекке жарамсыздық парағы 6 айға дейiнгi мерзiмге ұзартылып, кейiн науқас МӘСК-ке жiберiледi.
      20. Туберкулезбен сырқаттану салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында науқастар еңбекке уақытша жарамсыздық басталған күннен бастап 8 айдан кешiктiрмей куәландыру үшiн МӘСК-ке жiберiледi. Қолайлы клиникалық-еңбек болжамы жағдайында еңбекке жарамсыздық парағы туберкулезбен алғаш рет ауырған адамдарға белгiленген тәртiппен 10 айға дейiн ұзартылады.
      21. Егер МӘСК-нiң қорытындысы бойынша науқасты мүгедек деп есептеуге негiз жоқ болса және ол еңбекке уақытша жарамсыз болып қала берсе, онда еңбекке жарамсыздық парағы ДКК арқылы ұзартылуы керек, бiрақ ол 2 айдан аспауға тиiс.
      Мүгедек деп танылған адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы мүгедектiк тобы белгiленген күннен бастап (құжаттардың МӘСК-ке түскен күнi) жабылады. Науқас дәлелсiз себептерсiз МӘСК-ке уақытында келмеген жағдайда еңбекке жарамсыздық парағында режимнiң бұзылғаны туралы белгi соғылады, өтiп кеткен күндер "Жұмыстан босату" бағанынан енгiзiлмейдi және науқастың МӘСК-ке келген күнi мүгедектiктi белгiлеу күнi болып табылады.
      I және II топтағы жұмыс iстейтiн мүгедектер денсаулығы нашарлауына байланысты еңбекке жарамсыздық күнiнен бастап 2 айдан кешiктiрiлмей МӘСК-ке жiберiледi.
      22. Туберкулез немесе кәсiптiк сырқат (Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi бекiткен кәсiптiк сырқаттар тiзбесi бойынша) салдарынан еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайында науқас өзiнiң негiзгi жұмысы бойынша еңбекке жарамсыз болған, бiрақ басқа жұмысты денсаулығына зиян келтiрмей және емделудiң қалыпты барысын бұзбай орындай алатын кезеңде басқа жұмысқа ауыстырылып, 2 айдан аспайтын мерзiмге еңбекке жарамсыздық парағы берiледi. Еңбекке жарамсыздық парағында басқа жұмысқа ауыстырылғаны туралы белгi соғылып, оған емдеу ұйымы бас дәрiгерiнiң қолы қойылады. Осы тармақта көрсетiлмеген өзге сырқаттарға байланысты жұмысшыны немесе қызметшiнi денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауыстыру қажет болғанда еңбекке жарамсыздық парағы берiлмей, дәрiгерлiк-консультациялық комиссияның қорытындысы ресiмделедi.
      23. Өндiрiсте, жұмысқа бара жатқан немесе жұмыстан келе жатқан жолда, сондай-ақ тұрмыста жарақат алған жағдайда еңбекке жарамсыздық парағы еңбекке жарамсыздық басталған алғашқы күннен бастап берiледi және осы Ережеге сәйкес ұзартылады.
      24. Алкогольдан немесе есiрткiден мас болған күйiнде жарақат алғанда, сондай-ақ алкогольдан немесе есiрткiден қатты уланғанда еңбекке уақытша жарамсыздықтың бүкiл кезеңiне еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама берiледi.
      Науқас анықтама алған себепке байланыссыз басқа сырқат пайда болғанда, ол (анықтама) жабылып, еңбекке жарамсыздық парағы берiледi. Осы сырқат бойынша еңбек ету қабiлетi қалпына келтiрiлгеннен кейiн алкогольдан немесе есiрткiден мас күйiнде алған жарақаттан болған еңбекке уақытша жарамсыздық жалғастырылса, қайтадан анықтама ашылады.
      25. Басқа кеселдермен және сырқаттармен асқынбаған созылмалы маскүнемдiктi, нашақорлықты емдеу кезiнде еңбекке уақытша жарамсыздық анықтамамен куәландырылады. Егер осы кезеңде сырқат пайда болса немесе жарақат алынып, еңбекке уақытша жарамсыздық басталса және маскүнемдiктен (нашарқорлықтан) емдеудi тоқтату қажет болса, еңбекке уақытша жарамсыздық жалпы тәртiппен куәландырылады. Созылмалы маскүнемдiк (нашақорлық) басқа сырқаттармен және еңбек ету қабiлетiн бұзатын халмен асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздықтың бүкiл кезеңiне жалпы тәртiппен еңбекке жарамсыздық парағы берiледi.
      26. Амбулаториялық жолмен немесе стационарда тексеруден өтетiн еңбекке жарамды адамдарға заңдарда белгiленген жағдайларда стационарда (емханада) тексеруден өткен бүкiл кезеңге анықтама берiледi.
      Еңбекке жарамды адамдарға тексеру және емдеу шаралары бос уақытта жүргiзiледi, еңбекке жарамсыздық парағы берiлмейдi.
      27. Денсаулық сақтау пункттерiнде еңбекке жарамсыздық парағын 3 күнтiзбелiк күнге дейiнгi мерзiмге тек дәрiгер бередi. Денсаулық сақтау пунктiнiң фельдшерi (медбикесi, акушерi) еңбекке жарамсыз адамды анықтама берiп, тек ауысымның аяғына дейiн ғана жұмыстан босата алады. Науқас жiберiлген дәрiгер денсаулық сақтау пунктi фельдшерiнiң анықтамасын еңбекке жарамсыздық парағымен ауыстырады. Егер дәрiгер науқасты еңбекке жарамды деп тапса, еңбекке жарамсыздық парағы фельдшердiң жұмыстан босатқан сағатына ғана берiледi.
      28. Кешкi немесе түнгi уақытта (емхана жұмысы аяқталғаннан кейiн) ауырған және жедел медициналық жәрдем қызмет көрсеткен адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы, егер науқас еңбекке жарамсыз деп танылса, ДКК шешiмiмен келесi күнi (қажет болғанда - жедел медициналық жәрдем бригадасының шыққан күнiн ескере отырып) берiлуi мүмкiн.
      29. Мiнез-құлқын бақылай алмаушылыққа жеткен жүйке ауруында, егер науқас уақытылы жедел медициналық жәрдемге жүгiнбесе, психоневрологиялық диспансер ДКК-сының (психиатр-дәрiгер бас дәрiгермен бiрлесiп берген) қорытындысы бойынша еңбекке жарамсыздық парағы өткен күндерге берiлуi мүмкiн.
      Жұмыс iстейтiн жүйке ауруымен ауыратын науқас адамдарға күштеп емдеу кезеңiнде еңбекке жарамсыздық парағы жалпы тәртiппен берiледi. Сот-психиатрия сараптамасы стационарда емделу қажеттiгiн анықтаған жүйке ауруымен ауыратын науқас адамдарға еңбекке жарамсыздық парағы науқастың сараптамаға түскен күнiнен бастап берiледi.
      30. Тұрақты тұрғылықты мекенiнен тыс жердегi, соның iшiнде республикадан тыс жердегi емдеу-профилактикалық ұйымдарына белгiленген тәртiппен жiберiлген адамдарға, еңбекке жарамсыздық парағын ДКК жол жүруге қажеттi күндерге бередi.
      Осы еңбекке жарамсыздық парағын науқас жiберiлген емдеу орны жалпы тәртiп бойынша ұзартады. Егер науқас Қазақстан Республикасынан тыс жерге жiберiлсе, еңбекке жарамсыздық парағын ол қайтып келгеннен кейiн ДКК басқа елде консультация алғаны (емделгенi) туралы құжаттар (анықтама) негiзiнде түпкiлiктi ресiмдейдi.
      31. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде болған кезiнде ауырғанын, жарақат алғанын куәландыратын құжаттарды оларға қызмет көрсететiн жердегi емдеу-профилактикалық ұйымның ДКК-сы еңбекке жарамсыздық парағымен ауыстырады. Құжаттардың растығына күмәндаған жағдайда бұл құжаттар олар болған елдегi консулдықта мiндеттi түрде ресмилендiрiлуге тиiс, ал оларды еңбекке жарамсыздық парағына айырбастауды жоғары тұрған денсаулық сақтау органы шешедi.
      32. Қазақстан Республикасының кәсiпорындары мен ұйымдарында жұмыс iстейтiн шетел азаматтарына еңбекке жарамсыздық парағы жалпы негiзде берiледi.
      33. Мезгiлдiк және маусымдық қызметкерлерге, сондай-ақ бас бостандығынан айырмай түзеу жұмыстары түрiнде жазасын өтеп жүрген (шартты түрде сотталған немесе шартты түрде босатылған) адамдарға еңбек ету қабiлетiнен уақытша айрылып сырқаттанғанда (жарақат алғанда) еңбекке жарамсыздық парағы жалпы тәртiппен берiледi.
      34. Жоғары және арнаулы оқу орнын, аспирантураны, не кәсiптiк-техникалық училищенi бiтiрген, бөлу тәртiбiмен жұмысқа жiберiлген адамдарға еңбекке уақытша жарамсыз болып қалған жағдайда еңбекке жарамсыздық парағы жұмысқа келу белгiленген күннен бастап берiледi.
      35. Протездеу үшiн еңбекке жарамсыздық парағын науқас протездеу-оңалту орталығының (кәсiпорнының) стационарына жатқызылғанда ғана, стационардың дәрiгерi бас дәрiгермен бiрлесiп, науқас стационардан шыққанда бүкiл жатқан кезеңге, барып-қайту жолына кеткен уақытқа бередi, бiрақ ол 30 күннен аспауға тиiс.
      36. Кезектi және қосымша демалыс кезiнде, сондай-ақ жалақысы сақталатын арнаулы оқу демалысы (кешкi және сырттай оқытатын жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқу) кезiнде сырқаттанған, жарақат алған, жүктiлiктi жасанды әдiспен тоқтату операциясы жасалған жағдайда еңбекке жарамсыздық парағы (анықтамасы) жалпы тәртiппен берiледi, отбасының науқас мүшесiн күтуге байланысты және карантин кезiнде еңбекке жарамсыздық парағы берiлмейдi.
      37. Жоғары оқу орындарының студенттерi мен аспиранттарының, арнаулы орта және кәсiптiк-техниалық оқу орындары оқушыларының еңбекке уақытша жарамсыздығы еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтамамен куәландырылады.
      Оқушылар оқудан бос уақытында жұмыс iстейтiн болса, еңбекке жарамсыздық парағын оларға медициналық жәрдем көрсететiн емдеу-профилактикалық ұйымдары жалпы тәртiппен бередi.
      Өндiрiстiк практикадан өту кезiнде ақы төленетiн жұмыс орнына алынған жоғары оқу орындарының студенттерiне, арнаулы орта оқу орындарының, училищелердiң, кәсiптiк-техникалық бiлiм беру мектептерiнiң оқушыларына оларда сырқаттануына, жарақат алуына, жүктiлiгi мен босануына орай демалысқа шығуына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бүкiл кезеңiне берiледi, бiрақ ол өндрiстiк практиканың немесе жұмыстың аяқталу күнiнен ұзақ болмауға тиiс. Еңбекке уақытша жарамсыздық жалғасқанда оқудан босату туралы анықтама берiледi.
      38. Еңбекке уақытша жарамсыздық тұрғылықты жерiнен және жұмыс орнынан тыс жерде (iссапар кезiнде, демалыс үйiнде, т.б.) басталған азаматтарға еңбекке жарамсыздық парағы олардың уақытша жүрген жерiнде берiледi, оны жергiлiктi емдеу-профилактикалық ұйымның бас дәрiгерi растайды.
      39. Тұрақты тұратын немесе жұмыс iстейтiн жерiнде еңбекке жарамсыздық парағын алған науқасқа, осы парақ басқа жерде тең еңбекке жарамсыздық парағын берген емдеу орнының сыртқа шығуға болатындығы туралы қорытындысы болғанда ғана ұзартылады. Бұл қорытындыны ДКК бередi, ал ол жоқ болған жағдайда - емдеушi дәрiгер бас дәрiгермен бiрлесiп бередi.
      40. Республикада уақытша жүрген (демалыста, iссапармен және т.б.) шетел азаматтарына сырқаттанған, жарақат алған жағдайда анықтама берiледi.
 
      III. Жүктiлiгiне және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық
                                 парағын беру
 
      41. Жүктiлiгiне және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы жұмыс iстейтiн әйелдерге берiледi, мұнда олар мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыруға жатады.
      42. Жүктiлiгiне және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын акушер-гинеколог дәрiгер бередi, ал ол жоқ болған жағдайда қабылдау жүргiзiлетiн дәрiгер, бөлiмшенiң меңгерушiсiмен (бас дәрiгерiмен) бiрлесiп жүктiлiктiң 30 аптасынан бастап ұзақтығы 126 күнтiзбелiк күнге бiр мезгiлге бередi.
      Ядролық сынақ әсерiне ұшыраған аумақтарда тұратын әйелдерге жүктiлiгi мен босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы жүктiлiктiң 27 аптасынан бастап ұзақтығы 170 күнтiзбелiк күнге берiледi.
      Босану қиындықты болған, екi және одан көп бала туған жағдайда әйелдер консультациясының (ол жоқ болған жағдайда - жалпы емдеу ұйымының) ДКК-сы еңбекке жарамсыздық парағын 14 күнтiзбелiк күн мерзiмiне ұзартады. Жүктiлiгiне және босануына байланысты демалыс кезiнде тұрғылықты жерiнен уақытша кеткен әйелдерге еңбекке жарамсыздық парағы босанған емдеу ұйымында ұзартылады.
      Жүктiлiктiң 30 аптасына дейiн (ядролық сынақ әсерiне ұшыраған аймақтардағы әйелдер 27 аптаға дейiн) босанып, бала тiрi туғанда еңбекке жарамсыздық парағын босанған емдеу-профилактикалық ұйым осы Ережеде көзделген демалыстың бүкiл кезеңiне бередi, ал бала өлi туған жағдайда - 70 күнтiзбелiк күнге бередi.
      Босану үстiнде немесе босанғаннан кейiнгi кезде анасы қайтыс болған жағдайда, қалған күндерге еңбекке жарамсыздық парағы нәрестенi күтушi адамға берiледi.
      43. Әйел 3 жылға дейiн баланы күту демалысында жүрген кезеңде жүктi болғанда еңбекке жарамсыздық парағы осы Ережеде көзделген жүктiлiгiне және босануға байланысты берiлетiн демалыстың барлық күндерiне берiледi.
      44. Жүктiлiктi жасанды түрде тоқтату операциясы (аборт) жасалғанда еңбекке жарамсыздық парағын емдеушi дәрiгер бөлiмшенiң меңгерушiсiмен бiрлесiп операция жасалған емдеу ұйымында болған 3 күнге бередi, ал асқынған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздықтың бүкiл кезеңiне берiледi, оған жүктiлiктiң ерте мерзiмiнде вакуумдық аспирация әдiсiмен операция жасау қосылмайды. Бұл ретте еңбекке жарамсыздық қағазы операция жасалған күнге, ал асқынып, еңбекке уақытша жарамсыз болғанда - жалпы тәртiппен берiледi.
      Түсiк тастағанда еңбекке жарамсыздық парағы жалпы негiзде берiледi.
      45. Эмбрионды көшiрiп салу операциясы жасалғанда еңбекке жарамсыздық парағын операция жасаған емдеу-профилактикалық ұйымы әйелдiң ауруханаға жатқызылған күнiнен бастап жүктiлiк фактiсi анықталғанға дейiнгi кезеңге бередi.
 
      IV. Баланы (мүгедек баланы), отбасының науқас мүшесiн күтуге
        байланысты еңбекке жарамсыздық парағын (анықтамасын) беру
 
      46. Отбасының 14 жастан асқан науқас мүшесiн күтуге байланысты анықтама берiледi.
      47. 14 жасқа толмаған науқас баланы күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы берiледi және оның күтiмге мұқтаж болатын кезеңiне ұзартылады, бiрақ бұл жалпы ережелер бойынша 10 күнтiзбелiк күннен аспауға тиiс.
      Егер бала одан әрi сырқаттанып, 10 күн өткеннен кейiн де күтiмге мұқтаж болса, еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама берiледi.
      Тұрғылықты жерiнен басқа жерде анасымен немесе отбасының басқа мүшесiмен бiрге тұратын бала сырқаттанған жағдайда науқас баланы күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы мен анықтамасы басқа жердiң тұрғыны ретiнде (бас дәрiгердiң қолы қойылып) берiледi.
      Егер анықтама бойынша жұмыстан босатылған кезеңде балада бұрынғы сырқатпен байланысты емес жаңа сырқат пайда болса, анықтама жабылып, баланы күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы жаңадан берiледi. Еңбекке жарамсыздық парағы (анықтамасы) жабылғаннан кейiн баланың сырқаты асқынса немесе одан әрi жалғасса баланы күтуге байланысты анықтама берiледi, ал егер еңбекке жарамсыздық парағының мерзiмi бiтпесе, қалған күндерге (10 күнге дейiн) еңбекке жарамсыздық парағы берiледi.
      48. Отбасында бiр мезгiлде екi не одан көп бала сырқаттанған жағдайда оларды күтуге байланысты бiр еңбекке жарамсыздық парағы берiледi. Егер бiр бала сырқаттанған кезеңде екiншi бала сырқаттанса, оны күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы тек бiрiншi парақ жабылғаннан кейiн және бала күтiмге мұқтаж болған кезеңге берiледi, бiрақ ол екiншi бала сырқаттанған күннен бастап 10 күннен аспауға тиiс.
      Егер екiншi бала бiрiншi баланы күтуге байланысты анықтама берiлген кезеңде сырқаттанса, бұл анықтама жабылып, жаңадан еңбекке жарамсыздық парағы берiледi.
      49. Дәрiгерлiк қорытындысы бойынша күтiмге мұқтаж баланы стационарда емдеу кезiнде күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы ата-анасының бiрiне немесе оны күтушi адамға мынадай тәртiппен берiледi:
      3 жасқа дейiнгi баланы емдеу кезiнде баланың стационарда болған бүкiл кезеңiне берiледi;
      3 жастан асқан науқасы қатты балаларды емдеу кезiнде дәрiгердiң қорытындысы бойынша бала күтiмге мұқтаж болған мерзiмге берiледi;
      адамның иммундық тапшылығы вирусын жұқтырған (СПИД ауруы) 14 жасқа дейiнгi балаларды емдеу кезiнде баланың стационарда болған бүкiл кезеңiне берiледi.
      Егер бала стационардан шыққаннан кейiн күтiмге мұқтаж болса және стационарға жатқызылғанға дейiн оны күту үшiн жұмыстан босатылмаса, тұрғылықты жердегi емдеу-профилактикалық ұйым еңбекке жарамсыздық парағын 10 күнге дейiнгi кезеңге бередi. Егер осы сырқат бойынша стационарға дейiн еңбекке жарамсыздық парағы берiлсе, онда еңбекке жарамсыздық парағы қалған күндерге (10 күнге дейiн) берiледi.
      50. 3 жасқа дейiнгi баланы немесе 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы күтетiн шешесi (әкесi) немесе басқа адам стационарда емделiп жатқан жағдайда осы баланы күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы, осы баланы iс жүзiнде күткен жұмыс iстейтiн кез-келген басқа адамға, шешесi (әкесi) стационарда болған мерзiмге берiледi, бiрақ ол 30 күннен аспауға тиiс.
      Егер 3 жасқа дейiнгi баланы (16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы) күтушi шешесi (әкесi, басқа адам) стационардағы басқа баланы күту қажеттiгiне байланысты ауруханаға жатқызылса, 3 жасқа дейiнгi баланы (16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы) күтуге байланысты еңбекке жарамсыздық парағы шешесi сырқаттанғанда берiлетiн тәртiппен берiледi.
      51. Еңбекке жарамсыздық парағын мыналарға:
      асқынбаған созылмалы сырқаты бар науқастарды күтуге байланысты;
      сырқатының ауырлығына байланысты стационарға жатқызылуға тиiс, бiрақ одан науқастың өзi немесе оның отбасы бас тартқан науқастарды күтуге байланысты;
      бөбекханаға, балабақшаға немесе сәбидiң өзiне және т.б. карантин жасалған жағдайда сау балаларды күтуге байланысты;
      жыл сайынғы демалыста немесе жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамға беруге болмайды.
 
      V. Карантин кезiнде еңбекке жарамсыздық парағын беру
 
      52. Жұқпалы сырқатпен ауырған науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарды немесе бактерия тасушылығы салдарынан жұмыстан уақытша шеттету туралы еңбекке жарамсыздық парағын эпидемиолог-дәрiгердiң ұсынуы бойынша инфекционист-дәрiгер немесе емдеушi дәрiгер бередi. Мұндай жағдайда жұмыстан шеттетудiң ұзақтығы жұқпалы сырқаттармен ауырған және олармен қарым-қатынаста болған адамдарды оңашалаудың бекiтiлген мерзiмiмен айқындалады.
 
      VI. Санаторийлiк-курорттық емделуге еңбекке жарамсыздық парағын
                                    беру
 
      53. Санаторийлiк-курорттық емделу кезiнде еңбекке жарамсыздық парағы:
      Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне санаторийде болған бүкiл кезеңге, оған барып-қайту жолын ескере отырып берiледi;
      Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға демалыстың жетпеген күндерiне, санаторийге барып-қайту жолын ескере отырып, бiрақ жыл сайынғы және қосымша демалыс күндерi шегерiлiп берiледi;
      туберкулез санаторийiне емделуге жiберiлген туберкулезбен ауырған науқасқа жолдамада көрсетiлген емдеудiң бүкiл кезеңiне және санаторийге барып-қайту жолының уақытына, бiрақ жыл сайынғы және қосымша демалыс күндерi шегерiлiп берiледi.
 
      VII. Еңбекке жарамсыздық парағын толтыру және беру ережелерi
 
      54. Еңбекке жарамсыздық парағы мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде толтырылады.
      55. Еңбекке жарамсыздық парағын берген емдеу-профилактикалық ұйымда оның бет жағы толтырылады. Парақтың сыртқы бетiнде жәрдемақы тағайындау, есептеу және төлеу кезiнде белгi соғылады. Парақтың "Еңбекке жарамсыздық парағы" деген атауының астында, беткi жағында тиiсiнше не "Алғашқы" деген сөздiң не "Жалғасы" деген сөздiң асты сызылады. Содан соң емдеу ұйымының атауы мен мекен-жайы, парақ берiлген күнi, сақтандырылған адамның тегi, есiмi, әкесiнiң аты және жұмыс орны көрсетiлiп, емдеу орнының мөрi басылады.
      56. "Еңбекке жарамсыздық түрi" деген бағанда еңбекке жарамсыздық парағының сырқаттануына, өндiрiстегi немесе тұрмыстағы бақытсыз оқиғаға, карантинге, науқасты күтуге, санаторийлiк-курорттық емдеуге, протездеуге, босануға дейiнгi немесе босанудан кейiнгi демалысқа байланысты берiлгендiгi көрсетiледi.
      Егер еңбекке жарамсыздық парағы босануға байланысты берiлсе, босанған күнi, науқасты күтуге байланысты берiлсе - науқастың жасы мен оның сырқатының диагнозы, карантинге байланысты берiлсе - карантиндi туғызған сырқаттың аты санаторийлiк емделуге берiлсе, жолдаманың басталған және аяқталған күнi көрсетiледi.
      "Түзiм" деген бағанда науқасқа тағайындалған түзiм (төсекте жатып емделу, амбулаториялық, ауруханалық және т.б.) көрсетiледi. Дәрiгер тағайындаған режимдi бұзу жағдайлары - iшiмдiк iшу, дәрiгер ұйғарған емдi орындамау, науқастың дәрiгерге куәландыруға көрсетiлген мерзiмде келмеуi, дәрiгердiң рұқсатынсыз басқа жерге кетiп қалуы және т.б. мiндеттi түрде көрсетiледi.
      Егер науқас туберкулезбен немесе кәсiптiк сырқатпен ауруына байланысты басқа жұмысқа уақытша ауыстырылған болса, онда осыған бөлiнген бағанда қай уақыттан қай уақытқа дейiн ауыстырылғаны көрсетiлiп, бас дәрiгердiң қолы қойылады. Басқа жұмысқа аталған уақытша ауыстырудың бүкiл кезеңiне еңбекке жарамсыздық парағының жалғасы берiледi.
      Науқас ауыстыру кезеңi аяқталғаннан кейiн еңбекке жарамсыз күйiнде қалған жағдайда уақытша жұмыс мерзiмi аяқталған күннен кейiнгi күннен бастап еңбекке жарамсыздық парағының жаңа жалғасы берiледi.
      Тиiстi бағандарда стационарда емдеу мерзiмi туралы МӘСК-ке жiберiлген күнi туралы және МӘСК-тiң қорытындысы туралы белгiлер соғылады.
      "Жұмыстан босатылу" деген бөлiмдегi "Қай күннен" деген баған цифрмен толтырылады, ал "Қосып айтқанда қай күнге дейiн" деген баған жазумен (күнi де, айы да) жазылады. Осы бөлiмнiң әрбiр жолында дәрiгердiң қызметi, тегi мен инициалдары анық көрсетiледi, сонан соң қолы қойылады.
      "Жұмысқа кiрiсу" деген жол жазумен (күнi және айы) толтырылады немесе еңбекке жарамсыздық парағы жалғасының нөмiрi көрсетiледi.
      57. Түзетудi қате жазылған жазуды сызып тастап үстiне дұрыс жазу арқылы енгiзуге болады. Түзету туралы төменде дәрiгердiң қолы қойылып, мөрмен расталған ескерту берiледi.
      Емдеу ұйымының мөрi еңбекке жарамсыздық парағының бiрiншi бөлiмiнде үстiңгi оң жағына басылады және жұмысқа шығар кезде немесе жалғасын берге кезде төменгi жағына басылады.
      58. Еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтаманы беру медициналық құжаттардағы жазбамен негiзделедi және арнаулы журналда анықтаманың нөмiрi мен берiлген күнi көрсетiле отырып, тiркеледi. Анықтама емдеу мекемесiнiң мөрiмен және анықтаманы берген дәрiгердiң жеке мөрiмен расталады.
      59. Еңбекке жарамсыздық парақтарының бәрi еңбекке уақытша жарамсыз адамдарға түбiртекке қолы қойылып берiледi, олар еңбекке жарамсыздық парақтарының бланкiлерi бойынша есептілiкке арналған құжат болып табылады.
      60. Берiлген еңбекке жарамсыздық парақтарының есебi Еңбекке жарамсыздық парақтарын тiркеу кiтабында жүргiзiледi.
      61. Еңбекке жарамсыздық парақтарының бүлiнген және қажет етiлмеген бланкiлерiн оларды берген дәрiгерлер (фельдшерлер) мынадай тәртiппен есептен шығарады: бланк айқыш сызылып, iрi әрiптермен "бүлiндi" немесе "есептен шығарылды" деген жазу жазылады, содан соң жауапты адамға өткiзiледi.
      Бланкiлердiң түбiртектерi бүлiнген және талап етiлмеген бланкiлер емдеу-профилактикалық ұйымда 2 жыл бойы сақталады, сонан соң басшының бұйрығы негiзiнде өртеледi.
      Жою туралы актi 10 жыл сақталады.
      62. Еңбекке жарамсыздық парағы жоғалған жағдайда жоғалған еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы төленбегенi туралы жұмыс орнынан анықтама көрсетiлгеннен кейiн парақ берген емдеу-профилактикалық ұйымның дубликаты берiледi. Дубликаттың беткi жағында жоғарыда "Дубликат" деген белгi соғылады.
      63. Еңбекке жарамсыздық парағын емдеушi дәiгер бас дәрiгердiң бекiтуiмен немесе онымен бiрлесiп ұзартылуы және берiлуi тиiс болған жағдайда параққа осы екi дәрiгер де қол қоюы керек.
      64. Тағайындалған күнi, дәрiгердiң қабылдауына келмеген науқасқа еңбекке жарамсыздық парағы тек дәрiгерге жүгiнген күннен бастап қана ұзартылады. Өтiп кеткен күндер есепке алынбайды. Еңбекке жарамсыздық парағында тiзiмнiң бұзылғаны туралы белгi соғылады.
      65. Жалақының кезектi төлеу уақытына дейiн еңбекке жарамсыздық жалғасқан жағдайда дәрiгер сақтандырылған адамға еңбекке жарамсыздық парағының "жалғасын" бере алады, бұл орайда еңбекке жарамсыздықтың бастапқы қағазында "Жұмысқа кiрiсу" деген бағанда осы жайлы белгi соғылады.
      Емдеу-профилактикалық ұйымдары өзiнiң жоғары тұрған денсаулық сақтау органына және Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының аумақтық бөлiмшесiне бланкiлердiң ұрлануы және жоғалуы жағдайларының бәрiн, олардың сериялары мен нөмiрлерiн көрсете отырып, хабарлауға мiндеттi.
 
      VIII. Дәрiгерлердiң жауапкершiлiгi және олардың әркеттерi
                           жөнiнде шағыну
 
      66. Еңбекке жарамсыздық парағын негiзсiз бергенi немесе оны беруден бас тартқаны, сондай-ақ оны дұрыс ресiмдемегенi үшiн еңбекке жарамсыздық парағын беру құқығы берiлген дәрiгерлер (орта медициналық қызметкерлер) қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауапкершiлiкте болады.
      67. Еңбекке жарамдылығын сараптау, еңбекке жарамсыздық парақтарын беру, ұзарту, жабу, сондай-ақ сақтау және есепке алу жөнiндегi жұмыстың жай-күйi үшiн жауапкершiлiк барлық деңгейдегi денсаулық сақтау органдарының басшыларына, емдеу-профилактикалық ұйымдардың бас дәрiгерлерiне, медициналық институттардың және дәрiгерлердiң бiлiмiн жетiлдiру институттарының ректорларына, ғылыми-зерттеу институттарының директорларына, жеке медициналық практикамен айналысатын ұйымдардың басшыларына жүктеледi.
      68. Азаматтардың еңбекке жарамдылығын сараптау, еңбекке жарамсыздық парақтарын беру, ұзарту және жабу мәселелерi бойынша дәрiгерлердiң iс-әрекеттерi жөнiндегi шағымдарын емдеу-профилактикалық ұйымның бас дәрiгерi, ДКК немесе арнайы құрылатын комиссия қарайды, олардың шешiмiн бас дәрiгер бекiтедi. Бұл шешiммен науқас келiспеген жағдайда оның шағымын жоғары тұрған денсаулық сақтау органы қарайды. Егер бұл органдардың шешiмi науқас адамды қанағаттандырмаса, ол оған сот тәртiбiмен шағымдана алады.
      69. Азаматтардың дәрiгерлердiң iс-әрекеттерi жөнiнде Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына немесе Мiндеттi медициналық сақтандыру қорына келiп түскен шағымдары денсаулық-сақтау органдарымен бiрлесiп қаралады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады