Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын әзірлеудің және жүзеге асырудың ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 1998 жылғы 31 желтоқсан N 1389 Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2002.11.18. N 1219 қаулысымен.

      "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 28 қаңтардағы N 3834 Жарлығын  іске асыру мақсатында және "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998-2000 жылдарға арналған іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 19 ақпандағы N 119 қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын әзірлеу мен іске асыру ережесі бекітілсін.

      2. Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын қалыптастыру жөніндегі комиссия қосымшаға сәйкес құрамда құрылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Экономика министрлігі Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеудiң және iске асырудың мониторингi үшiн жауапты орган болып белгiленсiн.
     Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.06.01. N 673 қаулысымен.
     Ескерту. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2000.01.29. N 139 қаулысымен.

     4. "Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасына енгізілетін жобаларды тіркеу, іске асыру және олардың мониторингінің тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 10 сәуірдегі N 528 қаулысының  күші жойылған деп танылсын.

     5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің           
1998 жылғы 31 желтоқсандағы  
N 1389 қаулысымен      
бекітілген          

Мемлекеттік инвестициялар бағдарламасын
әзірлеу және іске асыру ережесі

     ЕСКЕРТУ. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.06.01. N 673 қаулысымен.  

     Осы Ереже мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасының мақсатын, мiндеттерiн, құрылымын, оны әзiрлеу мен iске асырудың тәртiбiн белгiлейдi.

                       1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасы (бұдан әрi - МИБ) - Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн, мемлекеттiк және/немесе мемлекет тартатын, оның iшiнде мемлекет кепiлдiктерiмен тартылатын қаражатты экономиканың басым секторлары бойынша инвестициялау бағдарламасы.

      2. МИБ мақсаты - басым инвестициялық жобаларды және институциональдық даму жобаларын (техникалық көмек) iрiктеу және iске асыру жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүзеге асыру.

      3. Инвестициялық жобалар дегенiмiз негiзгi қаражаттарды құрумен (сатып алумен) байланысты жобалар.

      4. Институциональдық даму жобалары (техникалық көмек) дегенiмiз мынадай жобалар:
      1) инвестициялық жобалардың техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеу;
      2) нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау;
      3) мемлекеттiк мекемелердi институциональдық нығайту;
      4) нарықтық институттарды қолдау.

      5. МИБ шешетiн мiндеттер:
      1) мемлекеттiң орта мерзiмдi инвестициялық басымдықтарын iске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтары, халықаралық қаржы ұйымдары және донор елдер үшiн мемлекеттiк инвестициялардың айқындығын қамтамасыз ету;
      3) инвестициялық жобаларды және институциональдық даму жобаларын (техникалық көмектi) iске асыруды әзiрлеу, бағалау, iрiктеу және олардың орындалуын бақылау жөнiнде жүйелі жұмысты ұйымдастыру.

      6. МИБ жобаларын қаржыландырудың көздерi республикалық бюджеттiң қаражаты, үкiмет кепiлдiктерiмен алынған сыртқы заемдар және мемлекет тартатын сыртқы гранттар болып табылады.

      7. МИБ үш жылдық бағдарлама болып табылады. МИБ бiрiншi жылының мемлекеттiк инвестициялар көлемi осы жылға бекiтiлген республикалық бюджеттiң тиiстi көрсеткiштерiне сәйкес келедi.
      Бұдан кейiнгi жылдарға арналған мемлекеттiк инвестициялардың көлемi болжамды болып табылады және тиiстi жылға арналған республикалық бюджет бекiтiлген кезде нақтыланады.

                            2. МИБ құрылымы

      8. МИБ талдау бөлiгiнен және жобалардың тiзбесiнен тұрады.

      9. Талдау бөлiгi жалпы экономикалық ахуалды талдауды, мемлекеттiк инвестициялық саясаттың басымдықтарын, бұрынғы өткен жылдар үшiн МИБ-сының орындалуын талдауды, мемлекеттiк инвестициялау үшiн қаржылық мүмкiндiктердi талдауды, МИБ iске асыру жөнiндегi мемлекеттiк органдардың iс-қимыл жүйесiн, сондай-ақ оның құрамына кiретiн жобалардың жиынтығының аталған басымдықтарға сәйкестiгiн негiздеудi қамтиды.

      10. МИБ жобаларының тiзбелерi басым инвестициялық жобаларды және:
      1) қайтарымды негiзде (үкiмет кепiлдiктерiмен алынған сыртқы заемдар және республикалық бюджет несиелерi);
      2) қайтарымсыз негiзде (мемлекет тартатын сыртқы гранттар мен республикалық бюджеттiң қаражаты) қаржыландырылатын институциональдық даму жобаларын (техникалық көмектi) қамтиды.

              3. МИБ әзiрлеудiң және бекiтудiң тәртiбi

      11. МИБ Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспарының құрамдас бөлiктерiнiң бiрi ретiнде әзiрленедi.

      12. МИБ-сына енгiзу үшiн ұсынылатын жобаларды дайындаумен, iрiктеумен, сараптаумен байланысты iс-шараларды жүргiзудi орталық және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары жүзеге асырады. Әдiстемелiк басшылықты, жобаларды iрiктеу жөнiндегi жұмыстарды үйлестiрудi, МИБ-сына енгiзу үшiн ұсынылатын жобаларға экономикалық бағалау жүргiзудi МИБ-сын әзiрлеу және iске асыру мониторингi үшiн жауапты уәкiлеттi орган (бұдан әрi - Уәкілеттi орган) жүзеге асырады.

      13. МИБ-сына енгiзу үшiн жобалардың деректер базасына енгiзу туралы ұсыныстарды Уәкiлеттi органның қарауына қабылдауы үшiн қажеттi шарттар ұсынылатын жобалардың "Қазақстан 2030" Стратегиясына, Қазақстан Республикасының тиiстi кезеңге арналған әлеуметтiк-экономикалық дамуының индикативтiк жоспарында келтiрiлген ағымдағы инвестициялық басымдықтарға және дамудың салалық бағдарламаларына сәйкес келуi болып табылады, сондай-ақ:
      1) инвестициялық жобалар үшiн:
      жобаның техникалық-экономикалық негiздемесінiң және жоба жөнiнде Уәкiлеттi органның талаптарына сәйкес құжаттаманың;
      тиiстi орталық атқарушы органның салалық қорытындысының;
      Қазақстан Республикасы Табиғат ресурстары және қоршаған ортаны қорғау министрлiгiнiң экологиялық сараптау қорытындысының (заңдарда көзделген жағдайда);
      Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi Құрылыс iстерi жөнiндегi комитетiнiң "Жобаларды мемлекеттiк ведомстводан тыс сараптау (Мемсараптама)" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны қорытындысының (заңдарда көзделген жағдайда);
      2) институционалдық даму жобалары (техникалық көмек) үшін:
      жобаның экономикалық негiздемесiмен бiрге өтiнiмнiң және жобаны iске асыру жөнiндегi көмектiң нысаны мен көлемi, iске асыру мерзiмдерi, құрылымдық бөлiмшенiң бар-жоғы туралы ақпарат, жобаны iске асыру үшiн жауапты адам және жобаны аяқтау жөнiндегi болжамдық нәтижелер көрсетiлген жоба бойынша Уәкiлеттi органның талаптарына сәйкес құжаттаманың болуы керек.

      14. Уәкiлеттi орган жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн сарапшылар мен консультанттар тартуға және МИБ жасау жұмысында туындайтын жекелеген мәселелерді шешу үшiн ведомствоаралық жұмыс топтарын құру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге құқылы.

      15. МИБ жобаларының тiзбелерiн жасауда және өзгертуде келiсiлген көзқарастарды қамтамасыз ету үшiн МИБ жасау жөнiнде Комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылады.

     16. Комиссияның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

     17. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

     1) Уәкiлеттiк орган ұсынатын МИБ жобалары тiзбелерiнiң

мемлекеттiк инвестициялар басымдықтарына сәйкестiгiне кешендi бағалау жүргiзедi;
     2) жобаларды МИБ-сына енгiзудің және әрбiр жоба бойынша қаржыландырудың ұсынылған нысандарының мақсаттылығын айқындайды;
     3) МИБ шеңберiнде қаржы қаражаттарын бөлу және қайта бөлу мәселелерi бойынша қорытындылар әзiрлейдi.

     18. МИБ жыл сайын республикалық бюджет бекiтiлгеннен кейiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қаулысымен жаңартылады және бекiтіледi. 

            4. Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасының
                    iске асырылуын бақылау

      19. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасына көмек көрсету бағдарламаларын нақты жобалармен толықтыру жөнiнде донорлармен және несие берушiлермен келiссөздер жүргiзедi, МИБ жобаларын iске асырудың нәтижесiнде мониторинг пен талдау жасауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Yкiметiне ақпарат берiп тұрады.

      20. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi несие берушiлермен заем беру шарттарына қатысты келiссөздер жүргiзеді, заемдар бойынша шарттар дайындауды, республикалық бюджетте көзделген мөлшерлерде МИБ жобаларын қаржыландыруды, бөлінген және тартылған қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.

 Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнің 2000 жылғы    
29 қаңтардағы       
N 139 қаулысына      
 қосымша          

Қазақстан Республикасы   
Yкiметiнің 1998 жылғы    
31 желтоқсандағы      
N 1389 қаулысына      
қосымша            

     Ескерту. Құрам өзгертілді - ҚР Үкіметінің 1999.06.01. N 673 қаулысымен.
     Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2000.01.29. N 139 қаулысымен.     

   Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын қалыптастыру жөнiндегі комиссияның құрамы

     Өтембаев Ержан            - Қазақстан Республикасы Премьер-
     Әбiлхайырұлы                Министрінің орынбасары, төраға    

     Күлекеев Жақсыбек         - Қазақстан Республикасының
     Әбдiрахметұлы               Экономика министрi

     Школьник Владимир         - Қазақстан Республикасының
     Сергеевич                   Энергетика, индустрия және сауда
                                 министрi

     Есенбаев Мәжит            - Қазақстан Республикасының
     Төлеубекұлы                 Қаржы министрi
 
     Бүркiтбаев Серiк          - Қазақстан Республикасының Көлiк
     Мiнәуарұлы                  және коммуникациялар министрi    

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады