Қазақстан Республикасы Конституциясы 23-бабының 2-тармағын ресми тyсiндiру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулысы 2000 жылғы 5 шілде N 13/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Төраға мiндетiн атқарушы В.Д. Шопин, Кеңес мүшелерi Ж.Д. Бұсырманов, А. Есенжанов, А.К. Котов және Қ.Ә. Омарханов қатысқан құрамда, өтiнiш субъектiсiнiң өкiлi - Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнің депутаты В.И. Макалкиннің, сондай-ақ шақырылғандардың - Қазақстан Республикасы Судьялар одағының хатшысы А.А. Рекиннің және Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнің Тiркеу қызметi комитетi төрағасының орынбасары Е.Ә. Сапаровтың қатысуымен, өзiнің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 23-бабының 2-тармағын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн қарады.
      Ұсынылған материалдарды зерделеп шығып, баяндамашылар Ж.Д. Бұсырманов пен А. Есенжановты, өтiнiш субъектiсi өкiлiнің және басқа да отырысқа қатысушылардың сөздерiн тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады:
      Республика Конституциялық Кеңесiне 2000 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Парламентi бiр топ депутаттарының Қазақстан Республикасы Конституциясы 23-бабы 2-тармағының "... судьялар... кәсiптiк одақтарда болмауға ...тиiс." деген бөлiгiн ресми түсiндiру туралы өтiнiшi келіп түстi.
      Өтiніш беруге Қазақстан Республикасы Судьялар одағының қоғамдық бiрлестiк ретiндегi қызметi себеп болған. Өтiнiш субъектiсiнің пiкiрi бойынша Одақ оған бiрiккен Қазақстан судьяларының құқықтары мен кәсiби мүдделерiн қорғау мақсатында бiр мамандық иелерi құрған кәсiптiк одақ болып табылады. Өтiнiште атап өтiлгенiндей, бұл, судьялар кәсiптiк одақтарда болмауға тиiс деген Қазақстан Республикасы Конституциясы 23-бабының 2-тармағына қайшы келедi.
      Республика Конституциясының және қолданылып жүрген заңдардың нормаларын талдай келіп, Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады.
      Республика Конституциясының 23-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Азаматтардың осы конституциялық құқығы ортақ мақсаттарына қол жеткiзу үшiн ерiктi негiзде құрылған коммерциялық емес сипаттағы саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және өзге де бiрлестiктер нысанындағы қоғамдық бiрлестiктер құру арқылы iске асырылады. Олардың қызметi "Қоғамдық бiрлестiктер туралы", "Кәсіптiк одақтар туралы", "Саяси партиялар туралы" Республика заңдарымен реттеледi.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабы 2-тармағының нормасына сәйкес әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда және кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс. Олардың мемлекеттiк органдар жүйесiндегi ерекше құқықтық мәртебесi, атқаратын функциясының және қызмет түрiнiң ерекшелiгi осы конституциялық шектеудің қажеттiгiн дәлелдейдi.
      Конституцияның 75-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Судья Республикадағы сот билiгiнің атқарушысы болып табылады, сол үшiн оған сот төрелiгiн жүзеге асыруға және өз мiндеттерiн кәсiби негiзде атқаруға конституциялық өкiлеттiктер берiлген. Республика Конституциясының 77-бабы 1 және 2-тармақтарының нормаларына сәйкес судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады, ал сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады.
      Сонымен бiрге, судьялар, мемлекеттің кез келген азаматтары сияқты, өздерiнiң корпоративтiк мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында, осы бiрлестiктердi сот төрелiгiн iске асыруға ықпал жасау үшiн пайдаланбайтын болса, сондай-ақ саяси мақсаттарды көздемейтiн болса, бiрлесу бостандығына құқығы бар. Мұндай бiрлестiктер көптеген елдерде әртүрлi сот қауымдастықтары, гильдиялары, кеңестерi түрiнде жұмыс iстеуде.
      Кәсiптiк одақтардың қоғамдық бiрлестiктерден, оның iшiнде Судьялар одағынан ерекшелiгi, олар өндiрiстiк-салалық принцип бойынша құрылады, кәсiптiк одақтардың, атқарушы өкiметтің және жұмыс берушiлердiң арасында қалыптасатын өзара қарым-қатынас сипаты соған орай анықталады. Өзара қарым-қатынастың мұндай ерекшелiгi кәсiпшiлер одақтарына олардың үкiметке және жұмыс берушiге ықпал жасайтын құралдарының болуына, олардың әлеуметтiк-экономикалық қызметiне әсер етуге мүмкiндiк бередi. Судьялар одағы, қоғамдық бiрлестiк ретiнде мұндай өзара қарым-қатынас принциптерiне байланысты болмайды. Сонымен қатар, оның сот iсiне араласуға құқығы жоқ, ал кәсiподақтар болса "Кәсiптiк одақтар туралы" Заңның 1-бабына сәйкес өз мүшелерінің еңбек, әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн ұсыну және қорғау үшiн құрылады, бұл өндiрiстiк қызметке белсендi түрде және тiкелей әсер етуiне мүмкiндiк бередi. Сонымен бiрге, кәсiподақтар ұжымдық шарттар жасасуға, сондай-ақ жеке адамның және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысады, ал бұл Судьялар одағы сияқты қоғамдық бiрлестiкке тән емес.
      Баяндалғанның негiзiнде, судьялардың партияларда, кәсiптік одақтарда болуына Конституцияның 23-бабы 2-тармағының тыйым салуы олардың өзге бiрлестiктердi құру және басқа қоғамдық бiрлестiктерге мүше болу құқығын шектеудi бiлдiрмейдi. Судьялар одағы, кез келген басқа қоғамдық бiрлестiк сияқты, заңмен белгiленген тәртiппен өз мүшелерiнiң мүдделерiн ұсынуға және қорғауға құқылы.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 37-бабын және 41-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабы 2-тармағының судьяларға партияларда, кәсiптiк одақтарда болуына тыйым салатын бөлiгiн бұл ереже судьялардың өзге қоғамдық бiрлестiктерде болу және Конституция мен Қазақстан Республикасы заңдары шегiнде судьялар қоғамдастығының жалпы мүдделерiн iске асыру және қорғау үшiн осындай бiрлестiктер құру құқығын шектеудi бiлдiрмейдi деп түсiну керек.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес, осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi және шағымдануға жатпайды, Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайды ескеріп, Республиканың бүкiл аумағында

жалпыға бiрдей мiндеттi және түпкiлiктi болып табылады.
     3. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс 
тiлдерiнде жариялансын.
     
     Қазақстан Республикасының
       Конституциялық Кеңесi
   Төрағасының мiндетiн атқарушы

    Мамандар:
   Қобдалиева Н.М.
   Орынбекова Д.К.
      
      


Если Вы обнаружили на странице ошибку, выделите мышью слово или фразу и нажмите сочетание клавиш Ctrl+Enter

 

поиск по странице

Введите строку для поиска

Совет: в браузере есть встроенный поиск по странице, он работает быстрее. Вызывается чаще всего клавишами ctrl-F.