Байланыс формасы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағын, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 26 маусымдағы N 5 Нормативтік қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 № 2 нормативтік қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, төраға И.И.Рогов, Кеңес мүшелері І.Ж.Бақтыбаев, Н.В.Белоруков, А.Н.Жайылғанова, В.А.Малиновский, А.М.Нұрмағамбетов, Ү.М.Стамқұлов қатысқан құрамда, мыналардың:

      өтініш субъектісінің өкілі — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Заңнама және құқық мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Е.Ж.Жұмабаевтың,

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Т.С.Донақовтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің төрағасы С.Н.Баймағанбетовтің,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі — Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Д.Р.Құсдәулетовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі — Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы К.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағы, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы — Конституциялық Кеңестің мүшесі В.А.Маляновскийдің хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      анықтады:

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне 2008 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағын, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Конституцияның аталған нормаларын түсіндіру кезінде өтініш субъектісі: — "Қазақстан Республикасы Конституциясы 45-бабының 2-тармағында, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларында қамтылған нормалардың мағынасын негізге ала отырып, Парламент заң шығару өкілеттігін берген жағдайда республика Президенті аталған өкілеттікті жүзеге асыруға құқылы ма және бұл ретте өкілеттікті жүзеге асырудың шегі қандайлық екенін анықтауды" өтінеді.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 45-бабының 2-тармағын, 53-бабының 3) және 4) тармақшаларын түсіндірген кезде Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны негізге алды.

      1. Парламенттің заңдар қабылдау жөніндегі өз өкілеттігін мемлекет басшысына не үкіметке уақытша беруі (өкілеттік берілген заңнама институты) аралас не парламентарлық басқару нысанындағы бірқатар шет елдерде тараған. Ол конституцияларда не заңдарда белгіленген талаптарды сақтай отырып, заңнамалық актілер шығару құқығын президенттерге (мемлекет басшыларына) немесе үкіметтерге беру арқылы заңнаманы жеделдете жетілдіру жолымен қоғамдық дамудың күрделі жағдайларынан шығу құралының бірі болып табылады.

      Мұндай талаптарға өкілеттік беру туралы заңды қабылдаудың ерекше рәсімдерін, өкілеттік беру мерзімін, заңнамалық реттеу нысанын (аясын) және өзге де шарттарды жатқызуға болады.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 1-тармағына сәйкес "мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық".

      Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Республика Парламентінің құқығы бар (Конституцияның 3-бабының 3-тармағы). Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады (Конституцияның 3-бабының 4-тармағы).

      Мемлекеттік биліктің институционалдық түрде тармақтарға бөліне отырып, жиынтықтала келгенде біртұтастығы биліктің тиімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ биліктің әртүрлі тармағына жататын мемлекеттік органдардың үйлесімділігі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

      Негізгі Заңның 40-бабында мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін; халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылатын; мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін республика Президентінің — Мемлекет басшысының, оның ең жоғары лауазымды тұлғасының функциялары баянды етілген.

      Қазақстан Республикасының Парламенті — заң шығару қызметін жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады (Конституцияның 49-бабының 1-тармағы).

      Республика Президентінің және Парламенттің конституциялық функциялары мен өкілеттіктері Мемлекет басшысының құқық қолдану саласында да, норма шығармашылығы саласында да жеке-дара шешімдер қабылдауы арқылы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттары жүзеге асырылуын, аса маңызды қоғамдық қатынастардың заңнамалық реттелуін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жоғары мемлекеттік органдардың қызметінде келісімділікке және жеделдікке қол жеткізіледі.

      3. Президенттік басқару нысанының қазақстандық моделі, қалыптасқан объективті жағдайды негізге ала отырып, Республика Конституциясына және республика Президенті мен Парламентінің ерік білдіруіне сәйкес, заң шығармашылық өкілеттігін уақытша қайта бөлісуге мүмкіндік береді.

      Еліміздің қолданыстағы Негізгі Заңымен Парламенттің республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беруінің екі негізі қөзделген.

      Негізгі Заңның 53-бабының 3) тармақшасына сәйкес Парламент Президентке оның бастамасы бойынша әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы. Бұл нормада бастама субъектісі, Парламенттің шешім қабылдауының тәртібі және өкілеттік берілетін мерзім айқындалады. Конституциялық Кеңестің пікірінше, Конституцияның осы ережесінің қолданылуы бейбіт уақытта жедел түрде тиісті заңнамалық актілер қабылдау немесе оларға өзгерістер енгізу қажет болатын кезеңдерге есептелген.

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы N 254-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңымен Парламенттің республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беруінің тағы бір негізі еңгізілді. Конституцияның 45-бабының 2-тармағында: "Конституцияның 53-бабының 4) тармақшасында көзделген ретте республика Президент заңдар шығарады...", — деп белгіленген. Конституцияның 53-бабының 4) тармақшасында болса, палаталардың бірлескен отырысында Парламент "соғыс және бітім мәселелерін шешеді" деп белгіленген.

      Соғыс кезін Қазақстан Республикасына басқа мемлекет (мемлекеттер тобы не коалициясы) қарулы шабуыл жасаған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда Республика Парламенті жариялайды ("Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы N 29-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңы — бұдан әрі Заң). Бұл ретте "соғыс жағдайы" — "мемлекеттер арасындағы соғыс жарияланған (соғыс қимылдары іс жүзінде басталған) кезден бастап ол аяқталғанға (іс жүзінде тоқтатылғанға) дейінгі қарым-қатынастар" (осы Заңның 1-бабы ). Соғыс кезі жарияланған немесе соғыс қимылдары нақты басталған сәттен бастап соғыс уақыты басталады, ол соғыс қимылдарын тоқтату туралы хабарланған кезден бастап аяқталады, бірақ соғыс қимылдары нақты тоқтатылғаннан бұрын аяқталмайды (Заңның 28-бабы ).

      Соғыс кезі мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуына, елдің құқықтық жүйесіне тікелей әсер етіп, түрлі заңдық қатынастарға қозғау болады. Заңға сәйкес бұл кезеңде әскери басқару органдарының өкілеттігі кеңейтіліп, оларға мемлекеттік билік пен басқару органдарының қорғаныс және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы барлық функциялары өтеді; азаматтардың және өзге де тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеуді; мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды, сондай-ақ Республика экономикасын соғыс жағдайында жұмыс істеуге көшіруді қосатын шаралар қабылдануы мүмкін ("Соғыс жағдайы туралы" 2003 жылғы 5 наурыздағы N 391-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы ). Аталған, сондай-ақ кейбір өзге де қатынастар, бейбіт уақытта республика Парламенті қабылдаған заңдармен реттелген.

      Демек, мұндай құқықтық қатынастар заңдық күші жағынан тең нормативтік құқықтық актілермен — заңдармен ғана тоқтатыла тұруы немесе өзгертілуі мүмкін. Алайда соғыс кезі мен соғыс жағдайы заң щығармашылығы процесінің Конституциямен көзделген парламенттік рәсімдерінің бәрін орындауға мүмкіндік бермейді.

      Конституциялық Кеңестің пікірінше, Президенттің заң шығару құқығын Республика соғыс кезінде тұрғанда да Конституция арқылы қолдану әбден орынды болады. Бұл ретте, Конституцияның 63-бабының 2-тармағына сай Парламентті және Парламент Мәжілісін соғыс жағдайы кезеңінде таратуға болмайды.

      Қазақстан соғыс кезінде (соғыс уақытында) тұрғанда Мемлекет басшысының заң шығару функцияларын іске асыруы республика Конституциясының 39-бабы 1-тармағының, 44-бабы 17) тармақшасының, 61-бабы 3-тармағының 1)-11) тармақшаларының нормаларына тікелей сәйкес келеді.

      Республика Президентінің бұл құқықтық өкілеті сондай-ақ Конституцияның 44-бабының 21) тармақшасына негізделген, оған сай республика Президенті "республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады".

      Осылайша, өтініш тақырыбына қатысты қолданыста бұл баяндалғандар, Парламент заң шығару өкілеттігін берген жағдайда республика Президенті бейбіт уақытта да (Конституцияның 53-бабының 3) тармақшасы), соғыс уақытында да (Негізгі Заңның 45-бабының 2-тармағы және 53-бабының 4) тармақшасы) заңдар шығаруға хақылы екендігін білдіреді.

      4. Конституцияда Парламент заңдар қабылдау арқылы реттейтін аса маңызды қоғамдық қатынастар баянды етілген. Мұндай қатынастардың тізбесі Негізгі Заңның 61-бабының 3-тармағымен белгіленген және ол толық болып табылады, мұны Конституциялық Кеңес "Парламенттің және оның Палаталарының өкілеттігін белгілейтін Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-57-баптарын ресми түсіндіру туралы" 1997 жылғы 15 қазандағы N 17/2 Нормативтік қаулыда атап өткен болатын. Демек, Парламент Мемлекет басшысына заң шығару өкілеттігін берген жағдайда, ол Конституцияның 61-бабының 3-тармағында санамаланған мәселелер бойынша заңдар шығаруға хақылы.

      "Қазақстан Республикасы Конституциясы 44-бабының 2) тармақшасын, 45-бабының 2-тармағын, 61-бабының 2-тармағын, 62-бабының 2-тармағын, 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 3 шілдедегі N 15/2 нормативтік қаулысында , Конституцияның 45-бабының 2-тармағындағы "заң" санатымен заңдардың барлық түрі, солардың ішінде конституциялық заңдар да қамтылған, деп атап көрсетілген. Осылайша, заң шығару өкілеттігі берілген жағдайда республика Президенті заңдар, солардың ішінде конституциялық заңдар шығара алады.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 31-33 , 37 және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Парламенті:

      бейбіт уақытта Конституцияның 53-бабының 3) тармақшасына сәйкес;

      соғыс уақытында Конституцияның 45-бабының 2-тармағына және 53-бабының 4) тармақшасына сәйкес республика Президентіне заң шығару өкілеттігін беруге хақылы.

      Конституцияның аталған баптары негізінде республика Президенті заңдар шығару, олардың қолданылуын тоқтата тұру және күшін жою, заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Парламент берген өкілеттікті іске асыруға хақылы.

      2. Республика Президентінің өзіне берілген заң шығару өкілеттігін іске асыруының шегі мыналар:

      бейбіт уақытта, Конституцияның 53-бабының 3) тармақшасын негізге ала отырып, — Парламенттің республика Президентінің бастамасы бойынша Палаталардың бірлескен отырысында әр палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен Мемлекет басшысына бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін уақытша беру туралы заң қабылдауы;

      соғыс уақытында, Конституцияның 45-бабының 2-тармағын және 53-бабының 4) тармақшасын негізге ала отырып, — Парламенттің палаталардың бірлескен отырысында соғыс кезін жариялауы.

      Республика Президенті өзіне заң шығару өкілеттігі берілген жағдайда, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 3-тармағында көрсетілген қатынастар реттелетін заңдар шығаруға хақылы.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.

      4. Осы қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


төрағасы

И. РОГОВ.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады