2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 168-бабы төртінші бөлігі бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы № 33-НҚ нормативтік қаулысы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі А.Ж. Баймурзинаның,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Кеңбеилдің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Сағнайқызының,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілі – Төрағаның орынбасары Г.А. Смагулованың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында А.Ж. Баймурзинаның 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабы төртінші бөлігі бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары Б.М. Нұрмұхановты, С.Ф. Ударцевті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына және халықаралық құқықтық актілерге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Cотына (бұдан әрі – Конституциялық Cот) ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігі бірінші абзацының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13-бабының 2-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 23 ақпандағы шешімімен өтініш берушінің әкімшілік талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылғанын түсінуге болады. Соттың шешімі түпкілікті нысанда ӘРПК-нің 151-бабының екінші бөлігінде белгіленген ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде (2023 жылғы 10 наурызда) дайын болған.

      Талап қоюшының да сот шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде апелляциялық шағым беруге құқығы болды (ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігі), түпкілікті нысанда сот шешімінің болмауына байланысты шағым жасалмаған. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымымен өтініш берушінің 2023 жылғы 14 наурыздағы апелляциялық шағымы апелляциялық шағым жасауға берілетін он күндік мерзімді өткізіп алуына және оны қалпына келтіру туралы өтініштің болмауына байланысты қайтарылған.

      Өтініш субъектісі ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің апелляциялық шағымды соттың шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беру мерзімін белгілейтін нормасы ӘРПК-нің 151-бабы екінші бөлігінің нормасымен өзара байланыста процеске қатысушының Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын бұзады деп ойлайды.

      Осылайша, өтініш беруші ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігі бірінші абзацының ережесіне дау айтады.

      ӘРПК-нің көрсетілген ережесінің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияда сот билігінің, сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық негіздері және әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы айқындалады (3-баптың 4-тармағы, 13-баптың 2-тармағы, 7582-баптар және басқалар).

      Осы нормалардың кейбірі конституциялық бақылау органының бірқатар қорытынды қаулыларының қарау нысанасы болды. Оларда атап өтілгендей, Конституцияның 13-бабының 2-тармағында бекітілген сот арқылы қорғалу құқығы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі кепілі болып табылады, ол соттардың шешімдеріне шағым жасау құқығын да қамтиды. Аталған құқық абсолютті болып табылады, одан ешкім айыра алмайды және ешбір жағдайда да шектеуге жатпайды (Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағы). Ол мемлекеттің заңды күшіне енбеген сот актілерін апелляциялық тәртіппен қайта қарау шеңберінде істі мәні бойынша қайта қарау мүмкіндігімен бірінші сатыдағы сотта әділ талқылау үшін жағдайларды қамтамасыз етуін көздейді. Заңдылық және сот қателіктерін болғызбау мүддесіне орай мамандандырылған соттарға қатысты сот шешімдерін қайта қарау мүмкіндігі толық көлемде қамтамасыз етілуге тиіс. Жария-құқықтық сипатқа ие функция ретінде сот шешімін орындау борышкерлерге және атқарушылық іс жүргізудің басқа да қатысушыларына ықпал етудің барабар құралдарымен оны іске асырудың тиімді құқықтық рәсімін жасау қажеттігін көздейді (Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 14 сәуірдегі № 1, 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 және 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5 нормативтік қаулылары, Конституциялық Соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ, 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулылары және басқалар).

      Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығымен және сот төрелігі қағидаттарымен білікті заң көмегін алу құқығы (Конституцияның 13-бабының 3-тармағы) тығыз байланысты, ол әрбір адам заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде оның білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін орындай отырып, жеке адамның көрсетілген құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де сипаттағы қажетті шараларды қабылдауға тиіс (Конституциялық Кеңестің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысы).

      Өз құқықтарын қорғау, толыққанды білікті заң көмегін алу және көрсету, апелляциялық шағым мен өтінішхатты беру сатысында жүктелген өкілеттіктерді тиісінше орындау үшін талап қоюшының, жауапкердің, олардың өкілдерінің, прокурордың және өзге де мүдделі тұлғалардың қолында соттың шешімі онда жазылған дәлелдермен және негіздемелермен толық көлемде, сондай-ақ құжаттарды дайындау үшін қажетті уақыты болуға тиіс.

      2. Халықаралық құқықтық актілерде адамның құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуының маңыздылығы баса көрсетіледі.

      Мәселен, 1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (бұдан әрі – Декларация) 8-бабына сәйкес: "Әр адам, конституциямен немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.". Декларацияның 10-бабында: "Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтау үшін... ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар." деп бекітілген.

      2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (бұдан әрі – АСҚХП) 2-бабы 3-тармағының a), b), c) тармақшаларында осы Пактiге қатысушы мемлекеттер: "осы Пактiде танылған құқықтары мен бостандықтары бұзылған кез келген адамға, олардың құқықтары мен бостандықтарын ресми тұлғалар бұзған күннiң өзiнде де, тиiмдi құқықтық қорғау амалын қамтамасыз етуге"; "құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттің құқықтық жүйесiмен көзделген құзыреттi сот, әкiмшілік немесе заң шығару билiктерi немесе басқа құзыреттi орган арқылы белгiленуiн және сот арқылы қорғалу мүмкiндiгінiң дамуын қамтамасыз етуге"; "құқықтық қорғау құралдары берiлген күнде, оларды құзыреттi өкiмет орындарының пайдаланып қолдануларын қамтамасыз етуге" мiндеттенеді деп танылады. АСҚХП-ның 14-бабының 1-тармағында: "Сот пен трибунал алдында жұрттың бәрi тең. Әрбір адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсіз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы." деп бекітілген.

      Осылайша, көрсетілген халықаралық құқықтық актілерде мемлекеттің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қажетті құқықтық құралдармен қорғауды және істі әділдіктің барлық талаптары сақтала отырып, тәуелсіз және бейтарап соттың қарауын қамтамасыз ету міндеті айқындалады.

      3. ӘРПК-нің 4-бөлімі аталған Кодекс қолданысқа енгізілген кезден бастап Қазақстанда жұмыс істейтін әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.

      Егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады (ӘРПК-нің 1-бабының үшінші бөлігі). ӘРПК-нің 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, АПК қағидаларында айқындалады.

      Құқықтық қатынастардың өзіндік ерекшелігі және алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шешімдер қабылдау процесін жеделдету қажеттігі ескеріле отырып, ӘРПК-де уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтумен байланысты әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері айқындалады. Ұқсас істерді бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар он жұмыс күні ішінде қарайды. Апелляциялық шағымды және прокурордың апелляциялық өтінішхатын шешім шығарылған күннен бастап дәл осындай мерзімде беруге болады, ал жалпы қағидалар бойынша апелляциялық сатыдағы сотқа жүгіну мерзімі шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап екі айды құрайды (ӘРПК-нің 146-бабының екінші бөлігі, 168-бабының екінші, төртінші және сегізінші бөліктері).

      Шешімді шығару күні мыналар болып табылады: ауызша іс жүргізу үшін – әкімшілік іс бойынша шешім жарияланған күн; жазбаша іс жүргізу үшін – соттың шешімінде көрсетілген күн (ӘРПК-нің 151-бабының үшінші бөлігі).

      Сот шешімнің қарар бөлігін сот отырысы залында жария етеді, содан кейін төрағалық етуші оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын, шешімге шағым жасау тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысанда дайын болатын және әкімшілік іске қатысушы адамдар оның көшірмесін ала алатын күн туралы хабарлайды. Егер шешімнің қарар бөлігі тікелей сот отырысы аяқталғаннан кейін жария етілмесе, онда төрағалық етуші сот отырысы залындағы адамдарға жария ету күні мен уақытын хабарлауға міндетті (ӘРПК-нің 147-бабының екінші және төртінші бөліктері).

      Шешім әкімшілік істі талқылаудан кейін шығарылады және ауызша талқылау аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады. Айрықша жағдайларда әкімшілік істің күрделілігі ескеріле отырып, соттың шешімі ауызша талқылау аяқталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалады (ӘРПК-нің 151-бабының екінші бөлігі). Мағынасы бойынша ӘРПК-нің осы ережелері әмбебап сипатқа ие және осы Кодекстің 168-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік істерге де қолданылады.

      ӘРПК-нің келтірілген ережелерінен әкімшілік іс бойынша шешім (оның қарар бөлігі) тікелей сот талқылауы аяқталғаннан кейін де, одан кейін белгіленген кезең ішінде де шығарылуы және жария етілуі мүмкін екенін түсінуге болады. ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік істердің санаттары бойынша шешімді түпкілікті нысанында дайындау, сондай-ақ апелляциялық шағымды және прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімдері бір-біріне сәйкес түсуі мүмкін (он жұмыс күні), ал күрделі әкімшілік істер бойынша бірінші мерзім екінші мерзімнен (бір ай және он жұмыс күні) едәуір асып түсуі мүмкін.

      Апелляциялық шағымның және прокурордың апелляциялық өтінішхатының мазмұнына қойылатын талаптар ӘРПК-де емес, АПК-де (404-бап) көзделген. Оларда, басқалармен қатар: шағым жасалатын немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралатын шешім және осы шешімді шығарған соттың атауы; әдетте қолданылуға жататын заңдарға және іс материалдарына сілтеме жасай отырып, сот шешімінің заңсыздығы немесе негізсіздігі неден көрінетіндігіне нұсқау; шағым жасалып отырған немесе прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қаралып отырған шешімнің заңдылығын қандай бөлігінде тексеру керек екендігіне және шағымды, прокурордың өтінішхатын беретін тұлғаның қандай өзгерістер енгізуді талап ететініне нұсқау; шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін құжаттардың тізбесі қамтылуға тиіс. Электрондық құжаттар нысанындағы шағымға, прокурордың өтінішхатына құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі. Бұдан апелляцияға құжаттарды дайындау үшін бірінші сатыдағы соттың шешімімен мұқият танысу, сот актісін сыни талдау және қайта пайымдау талап етілетіні шығады, бұл ол түпкілікті нысанда дайындалғанға дейін іс жүзінде мүмкін емес.

      Апелляциялық шағымның, прокурордың апелляциялық өтінішхатының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған кемшіліктер жойылмаған кезде оларды қозғаусыз қалдыруға немесе қайтаруға негіз болып табылады (АПК-нің 406 және 407-баптары). Кейіннен апелляциялық сатыдағы сотқа жүгіну мерзімі өткен жағдайда, мұндай мерзімді қалпына келтіру, егер бұл сот дәлелді деп таныған себептермен өткізіп алынған болса, мүдделі тұлғалардың өтініші бойынша жүзеге асырылады. АПК-нің 126-бабы үшінші бөлігінің өткізіп алған мерзімді соттар қалпына келтіруге міндетті болатын негіздерді айқындайтын ережелері де жағдайды түземейді. Іс жүзінде ӘРПК-нің мұндай ережелері адамға өз тарапынан қандай да бір бұзушылықтар болмаған кезде өз құқықтарын қорғау үшін артық процестік әрекеттерді жасау міндетін жүктейді.

      ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес "әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.". Соттың шешімін түпкілікті нысанда дайындау мерзімдерін және апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру үшін белгіленген мерзімдерді айқындау бойынша ӘРПК баптарының сәйкес келмеуі әкімшілік сот ісін жүргізудің көрсетілген міндетіне қол жеткізуге жәрдемдеспейтіні анық.

      Мұндай тәсілдер адамға тиісінше жасалған апелляциялық шағымды беру арқылы өзінің сот арқылы қорғалу құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік бермейді, ал кейде, егер шешім түпкілікті нысанда бір ай мерзімде дайындалса, оған мүмкіндік қалдырмайды. Бұдан басқа, бұлар адамның білікті заң көмегін алу құқығын және оны көрсететін субъектілердің міндеттерін, сондай-ақ Негізгі Заңда бекітілген прокуратураның конституциялық өкілеттігін (13-баптың 3-тармағы, 83-баптың 1-тармағы) тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Осылайша, апелляция мерзіміне қатысты ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігі ережелері олардың мағынасын сөзбе-сөз түсіндірген кезде азаматтардың, адвокаттардың, заң консультанттарының, сондай-ақ прокурордың құқықтарын негізсіз шектеу тәуекелдерін туғызады, бұған жол беруге болмайды, оған қоса Конституцияның 83-бабының 1-тармағына сәйкес "прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi ...".

      ӘРПК-нің 152-бабында кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұратын сот шешімінің құрылымы көрсетілген, бұл ретте кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінің мазмұны АПК талаптарына сәйкес айқындалады (екінші және үшінші бөліктер). Мәселен, шешiмнiң сипаттау бөлiгiнде талап қоюшының талаптарының, жауапкердің түсініктемелерінің және iске қатысатын үшінші тұлғалардың түсініктемелерінің қысқаша мазмұны олар дәлелдерін негіздеген дәлелдемелер көрсетіле отырып, жазылуға тиіс (АПК-нің 226-бабының төртінші бөлігі). Сот шешімінің уәждеу бөлігінде: даудың мән-жайлары; талап қою талаптары мен олардың негіздемелері; сот өз шешімін негіздейтін дәлелдемелер; соттың қандай да бір дәлелдемелерді қабылдамауының дәлелдері; сот әкімшілік процеске қатысушылар дәлелдерінің әрқайсысымен неліктен келіспейтіндігінің негіздемесі; Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары; мәлімделген талаптардың әрқайсысы бойынша соттың қорытындылары қамтылуға тиіс. Жауапкер талап қоюды таныған жағдайда ғана уәждеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және соттың оны қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін (ӘРПК-нің 152-бабының төртінші бөлігі). Осылайша сипаттау бөлігінің де, уәждеу бөлігінің де адамның апелляциялық шағымын және прокурордың апелляциялық өтінішхатын негіздеу үшін маңызды мәні бар. Қарар бөлігінің ғана болуы бұл үшін жеткіліксіз.

      Конституциялық Сот шешімнің қарар бөлігін сот отырысы залында жария ету және төрағалық етушінің оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын түсіндіруі әкімшілік процеске қатысушылардың қабылданған сот шешіміне шағым жасау үшін заңда көзделген құралдарды пайдалануы тұрғысынан жеткіліксіз болып табылады деп пайымдайды. Апелляциялық шағым жасау немесе прокурордың апелляциялық өтінішхатын енгізу мерзімі сот шешімі түпкілікті нысанда дайын болғаннан және алынғаннан кейін әкімшілік процеске қатысушылардың оның мазмұнымен танысу, барлық негізгі аспектілер бойынша өз ұстанымын айқындау, білікті заң көмегін алу (көрсету), шағымды жасау және әкімшілік істі қарауға қатысқан прокурордың да, Бас Прокурордың, оның орынбасарларының және сот отырысына қатысқан-қатыспағанына қарамастан апелляциялық өтінішхат келтіруге уәкілеттік берілген басқа прокурорлардың да прокурорлық ден қою шараларын қолдануы (ӘРПК-нің 168-бабының бесінші бөлігі) үшін ақылға қонымды мезрімі болатындай етіп белгіленуге тиіс.

      Түрлі процестік әрекеттердің жасалу уақытын белгілеу үшін ӘРПК-нің 147, 151 және 168-баптарында әртүрлі ұғымдар пайдаланылады: "шешімді шығару күні", "ауызша талқылаудың аяқталу күні", "шешімді жариялау күні", "шешімді шығару күні", "шешім түпкілікті нысанда дайындау күні", "шешімді түпкілікті нысанда шығару күні", "жария ету күні", "соттың шешімінде көрсетілген күн". Ал "шешім" ұғымы, қарар бөлігінен басқа, шығарылған сот актісінің мазмұнына баға беру және оны түсіну үшін маңызды мәні бар басқа бөліктерді де қамтиды. ӘРПК-нің осы ережелері заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сай келмейді, екіұштылық түсіндіруге жол береді, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіру тәуекелін туғызады. Бұл ретте Конституциялық Сот өз шешімдерінде соттар, егер бір-біріне сәйкес түссе, жария ету күнін және түпкілікті нысанда дайындалған күнді көрсетеді дап атап өтеді.

      Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысында Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіретінін атап өтті. Осы қағидатты іске асыру материалдық және процестік нормалардың біртұтастығы негізінде қорғау тәсілдерінде, сондай-ақ бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіруде тең болуды алдын ала айқындайды. Осы мағынада ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде шешімнің шығарылу күнін апелляциялық сатыдағы сотқа жүгіну үшін мерзім өтуінің басталуы ретінде айқындау, әкімшілік істердің барлық басқа санаты бойынша мұндай мерзім шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептелетіндіктен (ӘРПК-нің 168-бабының екінші бөлігі) осы конституциялық қағидатты бұзуға алып келуі мүмкін.

      Конституциялық Сот ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің ережелері соттың заңды күшіне енбеген шешімдеріне шағым жасаудың жалпы қағидаларын, оның ішінде адамның апелляциялық шағымын және прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру үшін сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептелетін екі ай мерзімді айқындайтын осы баптың екінші бөлігінің нормаларынан туындайды деп есептейді. Өтініш беруші дау айтып отырған абзацта әкімшілік істер бойынша апелляциялық сатыдағы сотқа жүгіну үшін анағұрлым қысқа мерзім белгілене отырып, әкімшілік істердің санаттары бөліп қана көрсетіледі, бұл ретте жалпы қағидаттар қозғалмайды. Осыған байланысты уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағымды және прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру үшін көзделген он жұмыс күнін құрайтын мерзім шешім түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күннен бастап есептелуге тиіс, бұл Конституцияның 13-бабы 2 мен 3-тармақтарының, 14-бабы 1-тармағының және 83-бабы 1-тармағының ережелерінен де туындайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62, 64-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Қазақстан Республикасының Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацы 147 (екінші бөлігі), 151 және 168 (екінші бөлігі)-баптарымен өзара байланыста Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты берген төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең конституциялық қағидатының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында осы нормада көрсетілген әкімшілік істердің санаттары бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімдерін есептеу кезінде барлық басқа әкімшілік істер бойынша белгіленгендей, сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнді шешім шығарылған күн деп түсіну керек.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады