Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларына түсіндірме

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы NN 1, 2, 3, 4 нормативтік қаулыларына түсіндірме

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен 2007 жылғы 11 мамырда "Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы""Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы", "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы""Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулылар қабылданды.
      Нормативтік қаулылардың негізгі мақсаты - заңдарды қолдануда біркелкілікті қалыптастыру және нормативтік қаулылардың республиканың қылмыстық заңдарының өзгерістеріне сәйкестігін қамтамасыз ету.
      "Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстарды саралау туралы" нормативтік қаулыда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабымен (адам өлтіру) қарастырылған қылмыстарды саралау бойынша мәселелерге түсініктемелер беріледі, сондай-ақ осы аса ауыр қылмысқа қатысушылардың қатысуы мен жауаптылығы, жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру, абайсызда кісі өлтіруді, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуді және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіруді қасақана адам өлтіруден ажырату мәселелері қарастырылады.
      Нормативтік қаулыда адам өлтірудің саралау құрамдарын анықтаудың нақты белгілері көрсетілген, адам өлтіру мен басқа қылмыстардың жиынтығы кезінде саралауға түсіндірмелер беріледі.
      "Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы" нормативтік қаулы бұл институттың соттың қолдануына жаңашылдық тұрғыдан баға беруімен ерекшеленеді. Қаулыда әрбір адамның қажетті қорғануға табиғи құқығы адамның кәсіби немесе басқа арнаулы даярлығына, қызметтік жағдайына, жынысына, жасына және басқа да мән-жайларға қарамастан бекітіледі. Жоғарғы Сот қажетті қорғаныс шегінен шығудың шектерін анықтады, жалған қорғанудың түсініктемесін берді, сондай-ақ қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтірудің және денсаулыққа ауыр зиян келтіруді дәл сол әрекеттерді жан күйзелісі жағдайында жасаудан ажыратты. Қаулыда қажетті қорғану шегінен шығу кезінде жасалған қылмыстар туралы істерді қарағанда, соттар әрбір нақты жағдайда Қылмыстық кодекспен қарастырылған мән-жайлар болғанда сотталушыларды қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылау тиістілігі көзделген. Айыптау үкімін шығарған кезде соттар бас бостандығынан айырудан тыс жаза қолдану туралы мәселені талқылауы, ал оны қолданбау себебін үкімде дәлелдеуі қажет. Бұл мән-жай қылмыстық заңдардағы гуманизм қағидасының жүзеге асырылуын көрсетеді.
      "Зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерімен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулыда азаматтардың жыныстық бостандығына қол сұғу қылмыстарын саралау мәселелері қарастырылады. Мұндай жағдайда, зорлау және өзге де нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін саралау кезінде жәбірленушінің моральдық келбеті, әлеуметтік мәртебесі, мінез-құлқы, кінәлі адамның және жәбірленушінің бұрынғы өзара қарым-қатынастары маңызды емес.
      Нормативтік қаулыда алғаш рет нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері түсіндіріледі және осындай қылмыстарды саралау ережелері бекітіледі.
      Сонымен қатар, нормативтік қаулыда жәбірленушілерге соз ауруын немесе ВИЧ/ЖҚТБ ауруларын жұқтыру зардаптары қарастырылады. Осылайша, Зорлау немесе өзге нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаған кезде өзінде соз ауруы немесе ВИЧ/ЖҚТБ аурулары бар екенін білген кінәлі, ҚК 120 немесе ҚК 121-баптарымен ғана емес, тиісті зардаптар келтірілген жағдайда - осы ауруларды жұқтырғаны үшін, сондай-ақ алдын ала басқа адамға ВИЧ/ЖҚТБ жұқтыру қаупін тудырғаны үшін жауапқа тартылады.
      "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" нормативтік қаулысы тонау құрамын қарақшылық құрамынан ажыратуға бағытталған. Жоғарғы Сот қарақшылық түріндегі зорлық-зомбылық қылмыстарының өсуін көрсете келіп, қылмыстық процесті жүргізуші органдарды, қарақшылықты және оның саралау белгілерін шабуылдың жәбірленушілердің өмірі мен денсаулығына қауіптілігі дәрежесіне қатысты аталмыш "объективті айыптау" жағдайларын болдырмауға бағыттайды. Егер кінәлі көрінеу жарамсыз немесе оқталмаған қарумен не қаруға ұқсас, мысалы тапаншаның нобайы, ойыншық қанжар затпен қорқытса, онда кінәлінің әрекеттерін қарақшылық емес тонау ретінде саралау керек. Сондай-ақ нормативтік қаулы қаруды, газ қаруын, көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттармен жарақтандырылған аэрозольдық және басқа да құралдар қолданумен жасалған тонауды және қарақшылықты саралау мәселелерін шешеді.
      Әрбір нормативтік қаулыда тиісті қылмыстық құқық қатынастарының заң терминдерін бірыңғай түсінуді және қолдануды қамтамасыз ету мақсатында олар түсіндіріледі.
      Барлық нормативті қаулылар қылмыстардан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғауға және бір уақытта күдікті, айыпталушы және сотталушы адамдардың процессуалдық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады