Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 2 сәуірдегі N 839 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың атауына және мәтініне өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.07.23 N 369 жарлығымен.
      Ескерту. Жарлықтың атауына өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.06.2016 N 275 Жарлығымен.

      Республикалық баспасөзде

      мазмұны жариялануға тиіс

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия құрылсын.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.06.2016 N 275 Жарлығымен.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл күрес мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже;

      2) алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.06.2016 N 275 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2002 жылғы 2 сәуірдегі
N 839 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері
жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Тақырыбына және мәтініне өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2007.07.23 N 369 жарлығымен.
      Ескерту. Жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереженің атауында және бүкіл мәтін бойынша "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес", "сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес", "қарсы күресті", "қарсы күрес", "қарсы күрестің" деген сөздер тиісінше "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл", "сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл", "қарсы іс-қимылды", "қарсы іс-қимыл", "қарсы іс-қимылдың" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 09.06.2016 N 275 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссияның міндеттері сыбайлас жемқорлыққа және мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылығына қарсы іс-қимылды күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған келісілген шараларды талдап-жасау мен қабылдау болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын , заңдарын, Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссияның өзге де мүшелерінен тұрады. Комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқарады. Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, хатшысы - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып табылады.

      Комиссия құрамына лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының екі орынбасары, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасының Әділет министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, келісім бойынша – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеттерінің төрағалары кіреді.

      Комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900; 29.12.2015 № 158; 10.10.2016 N 357; 17.04.2019 № 26; 22.07.2019 № 74 Жарлықтарымен.

      5. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.

2. Комиссияның функциялары мен өкілеттіктері

      6. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандары мен әдістерін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдап, Мемлекет басшысына енгізу;

      2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйіне, мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасын бұзушылықтарына мониторинг жүргізу мен талдау жасау;

      3) жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдар жол берген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері, мемлекеттік қызметшілердің этиканы бұзушылығы туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың арыз-өтініштерін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды қарау және оларға тәртіптік жазалар қолдануға уәкілеттік берілген адамдарға қызметтік тексеру жүргізу туралы ұсынымдар дайындау.