Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 503 Жарлығы

      "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы N 383  Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 28, 321-құжат) іске асырудың тұрақты мониторингін, тиімділігін бағалауды жүзеге асыру мақсатында  ҚАУЛЫ ЕТЕМІН :

      1. Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:
      1) Мемлекеттік комиссия туралы ереже;
      2) Мемлекеттік комиссияның құрамы бекітілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

       Қазақстан Республикасы Президентінің
2007 жылғы 29 желтоқсандағы    
N 503 Жарлығымен         
БЕКІТІЛГЕН            

Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының
2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының
іске асырылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы
ЕРЕЖЕ 1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы N 383 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) іске асырудың тұрақты мониторингін және тиімділігін бағалауды жүзеге асыру мақсатында құрылды.
 

      2. Мемлекеттік комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , заңдарын, Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.
 

      3. Мемлекеттік комиссия төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады.
 

      4. Мемлекеттік комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

2. Мемлекеттік комиссияның міндеті, функциялары мен
өкілеттіктері

      5. Мемлекеттік комиссияның міндеті:
      Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын;
      Мемлекеттік бағдарламада айқындалған нәтижелерге қол жеткізуге бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
 

      6. Мемлекеттік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
 

      1) Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша ұсыныстар дайындау және Мемлекет басшысына енгізу;
 

      2) Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың мониторингін және тиімділігін бағалауды жүргізу;
 

      3) Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар комиссияларының есептерін қарау.
 

      7. Мемлекеттік комиссия өз құзыреті шегінде:
 

      өзіне жүктелген міндетті орындауға қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардан сұратуға;
 

      Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселелері бойынша өз отырыстарында жергілікті атқарушы органдар комиссияларының есептерін тыңдауға;
 

      Мемлекет басшысына Мемлекеттік бағдарламаны одан әрі іске асыру туралы ұсыныстар енгізуге;
 

      өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы.

3. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру

      8. Мемлекеттік комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
 

      9. Мемлекеттік комиссия отырыстарының Мемлекеттік комиссияның мүшелері жалпы санының үштен екісі қатысқан кезде заңдық күші болады. Мемлекеттік комиссияның мүшелері оның отырыстарына ауысу құқығынсыз қатысады.
 

      10. Мемлекеттік комиссияның шешімдері оның отырысқа қатысушы мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Мемлекеттік комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның не төрағаның міндетін атқарушы адамның дауысы шешуші болып табылады.
 

      11. Мемлекеттік комиссияның отырыстарына Мемлекеттік комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды тұлғалар, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
 

      12. Мемлекеттік комиссияның төрағасы:
 

      1) Мемлекеттік комиссияның қызметіне басшылық жасайды және оның отырыстарында төрағалық етеді;
 

      2) Қазақстан Республикасының Президентін Мемлекеттік комиссияның атқарған жұмысы туралы кемінде жарты жылда бір рет хабардар етеді.
 

      13. Төраға болмаған кезде оның міндеттерін төрағаның орынбасары атқарады.
 

      14. Мемлекеттік комиссияның хатшысы:
 

      1) Мемлекеттік комиссияның мүшелерін оның отырыстарының уақыты мен орны туралы хабардар етеді;
 

      2) Мемлекеттік комиссияның отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
 

      3) Мемлекеттік комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді;
 

      4) Мемлекеттік комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуын бағалай отырып, атқарылған жұмыс туралы оның мүшелері дайындаған есепті төрағаға береді;
 

      5) Мемлекеттік комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
 

      15. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Мемлекеттік комиссияның өзіне жүктелген міндеттерді орындауына жәрдем көрсетеді.
 

      16. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің
2007 жылғы 29 желтоқсандағы     
N 503 Жарлығымен          
БЕКІТІЛГЕН             

Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының
2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының
іске асырылуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының
ҚҰРАМЫ

Мәсімов                        - Қазақстан Республикасының Премьер-
Кәрім Қажымқанұлы                Министрі, төраға

Оразбақов                      - Қазақстан Республикасының
Ғалым Ізбасарұлы                 Индустрия және сауда министрі,
                                 төрағаның орынбасары

Омаров                         - Қазақстан Республикасы Индустрия
Қайсар Оспанұлы                  және сауда министрлігі Құрылыс
                                 және тұрғын үй-коммуналдық
                                 шаруашылық істері комитетінің
                                 төрағасы, хатшы
 
        Мемлекеттік комиссияның мүшелері:

Дәулеталин                     - Қазақстан Республикасы Парламенті
Сатыбалды Телағысұлы             Мәжілісі Ұйымдастыру-бақылау және
                                 кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі

Жәмішев                        - Қазақстан Республикасының Қаржы
Болат Бидахметұлы                министрі

Имантаев                       - Қазақстан Республикасы Президенті
Ермек Жетпісбайұлы               Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау
                                 және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің
                                 мемлекеттік инспекторы

Мамытбеков                     - Қазақстан Республикасы Президенті
Еділ Құламқадырұлы               Әкімшілігі Әлеуметтік-экономикалық
                                 талдау бөлімінің меңгерушісі

Өксікбаев                      - Республикалық бюджеттің атқарылуын
Омархан Нұртайұлы                бақылау жөніндегі есеп комитетінің
                                 төрағасы

Сұлтанов                       - Қазақстан Республикасының
Бақыт Тұрлыханұлы                Экономика және бюджеттік жоспарлау
                                 министрі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады