Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығы.

      Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлесін және бекітсін.

      3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар Жоспарды іске асыру бойынша шаралар қабылдасын.

      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 384 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі
отбасылық және гендерлік саясат
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мазмұны

      Кіріспе

      1. Ағымдағы жағдайды талдау. Өзекті мәселелер мен негізгі жетістіктер

      1.1. Отбасылық саясат саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелер

      1.2. Гендерлік саясат саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелер

      2. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың пайымы

      2.1. отбасылық және гендерлік саясатқа қол жеткізудің шетелдік модельдері

      2.2. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

      3. Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, оны іске асыру кезеңі және нысаналы индикаторлары

      4. Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясатын іске асыру стратегиясы

      4.1. Отбасылық саясатты іске асыру стратегиясы

      4.2. Гендерлік саясатты іске асыру стратегиясы

      5. Тұжырымдаманы іске асыруға негіз болатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Кіріспе

      "Қазақстан - 2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" Стратегиясына (бұдан әрі - Стратегия-2050) сәйкес еліміз Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамада көрініс тапқан жеделдетіп жаңғырту мен индустрияландыруға бағыт алды. Қазақстан бес стратегиялық бағытты іске асыру үшін 15-50 жылдық "мүмкіндіктер терезесін" пайдалануға ниетті, олар: адами капиталды дамыту, институционалдық ортаны жетілдіру, ғылымды қажет ететін экономиканы құру, заманауи инфрақұрылымдарды қалыптастыру және халықаралық интеграцияны тереңдету.

      Адами капиталды әлеуметтік жаңғыртудың объективті аса маңызды жағдайларының қатарына жатқызу күн тәртібінде экономикалық, әлеуметтік және қоғамдық-саяси институттарды қайта құру қажеттігін туғызды. Осы мақсатта 2014 жылы Үкімет адами капиталдың сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауға, сондай-ақ барлық қазақстандықтар үшін өмір сүру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізуіне бағытталған Қазақстан Республикасын әлеуметтік дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті, онда ана мен баланы, отбасылардың осал топтарын әлеуметтік қолдауға жеке назар аудара отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау бойынша стратегиялық міндеттер айқындалған.

      Қазақстанның демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы кезеңінде әйелдерге, ана мен балаға қатысты мәселелер бойынша алғашқы қоғамдық маңызды құрылымдар құрылды. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және қорғау саласындағы негіз қалаушы құжаттарына қосылды.

      2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын (бұдан әрі - Гендерлік стратегия) қабылдау және іске асыру тек әйелдердің ғана емес, сонымен қатар ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік берді.

      Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның ережелерін орындау барысы туралы үшінші және төртінші мерзімді баяндамалардың қорытындылары бойынша БҰҰ Комитеті әйелдер мен ерлер үшін құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігі мәселелері бойынша заңнамалық базаның құрылуына оң баға берді.

      Сонымен қатар, Қазақстан 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына (бұдан әрі - ТДМ) қосылды, ондағы 17 мақсаттың 12-сі гендерлік сезімтал болып табылады. Бұл мақсаттар мемлекеттің барлық стратегиялық бағыттары мен міндеттері аясында ұлттық бейімдеуді және есепке алуды талап етеді.

      Гендерлік стратегияны іске асырудың аяқталуына байланысты мемлекеттік гендерлік саясаттың жаңа кезеңін орнықты дамудың халықаралық трендтерімен, ұлттық стратегиялық басымдықтармен және әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарымен байланыстырудың қолайлы мүмкіндіктері туып отыр.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарында отбасы институты әлеуметтік қорғаудың айрықша объектісі ретінде қаралады.

      Дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі маңызды болғандықтан, Қазақстанның отбасы саясатын қалыптастыруда өзінің тәсілдерін жасауы маңызды.

      Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.

      Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын.

      Бәсекеге қабілеттілік пен әлеуметтік даму саласының қолданыстағы тұжырымдамалары арасындағы байланыстырушы ретінде Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың кешенді тұжырымдамасын (бұдан әрі - Тұжырымдама) әзірлеу айқын және негізделген қажеттілік болып табылады және Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастыққа табысты интеграциялануының қағидатты шарттарының бірі болып отыр.

      Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Қазақстан 2050" Стратегиясы, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары, Қазақстанның әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерді кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенциясы, ТДМ және басқа да ратификацияланған халықаралық шарттар мен келісімдер негізінде әзірленді.

      1. Ағымдағы жағдайды талдау. Өзекті мәселелер мен негізгі жетістіктер

      1.1. Отбасылық саясат саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелер

      Мемлекеттік отбасылық саясат Қазақстанның әлеуметтік саясатының құрамдас бөлігі болып табылады және отбасының өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсартуға бағытталған ұйымдастырушылық, экономикалық құқықтық, ғылыми, ақпараттық және кадрлық қамтамасыз ету қағидаттары, бағалаулары және шаралары жүйесін білдіреді.

      Гендерлік стратегияны іске асырылған жылдары отбасылық-неке қатынастарында тұрған ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің кеңеюінде оң динамикаға қол жеткізілді.

      Отбасы міндеттерін еңбек қызметімен ұштастыру мүмкіндіктерін жасау мақсатында еңбек заңнамасында ата-аналардың икемді жұмыс түрлері мен бала күтімі бойынша демалыс алуға құқықтары туралы нормалар бекітілген. Сонымен қатар, әйелдердің, жүкті әйелдердің және баласы (балалары) бар әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктерін бекітетін нормалар да бар.

      Осыған орай, балалы отбасыларды қолдау бойынша шаралар кешенінде мемлекет әлеуметтік жәрдемақылар мен көрсетілетін қызметтер арқылы қолдау көрсетеді. Әлеуметтік төлемдер ұсыну жүйесінде бала тууына және бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, көпбалалы аналар мен отбасылар үшін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қамтылған.

      2008 жылы жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайға сондай-ақ бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен әлеуметтік төлемдер төлеу енгізілген.

      Жұмыс істейтін әйелдердің зейнетақы жинақтарының барабар мөлшерін қамтамасыз ету мақсатында бала күтімі жөніндегі әлеуметтік төлемдерді алушыларға 2014 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.

      Балалардың отбасында тәрбиеленуіне жәрдем көрсету, бала асырап алушылар мен тәрбиелеушілерді материалдық ынталандыру мақсатында жетім балаларды асырап алушы азаматтарға біржолғы төлемдер, жетім баланы немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырау үшін қорғаншыларға немесе қамқоршыларға арналған жәрдемақы, патронаттық тәрбиелеушілерге төлемдер беріледі.

      Мемлекет қабылдап жатқан ана мен баланы қолдау шараларының тиімділігін оң статистика көрсетіп отыр. Мәселен, 2010 жылмен салыстырғанда бала туу 8,8%-ға өсті, егер 2010 жылы 366,2 мың бала туса, 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 398,6 мың бала туған.

      2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 17,670 млн. адамды құрады, оның ішінде әйелдер - 9,128 млн. (52%), ерлер - 8,542 млн. (48%). Халық санының өсімі 2015 жылы 266,4 мың адамды құрады, өсу қарқыны жылына - шамамен 1,5%.

      Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған "Саламатты Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы іске асырылған жылдары репродуктивті денсаулық жағдайын жақсарту айтарлықтай алға ілгеріледі.

      Қазақстан БҰҰ-ның мыңжылдықтың даму мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізді: елде аналардың өлім-жітім көрсеткіші 3,7 есеге (100 000 тірі туғандарға шаққанда 2006 жылы 45,6 болса, ал 2015 жылы 12,3 болды), балалар өлім-жітімі - 1,5 есеге (1000 туғандарға шаққанда 2006 жылы 13,9 болса, ал 2015 жылы 9,4 болды) азайды. Тегін медициналық қызметтің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сүт безінің қатерлі ісігін ерте анықтау скринингі қызметі қосылды.

      "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы өмірлік қиын жағдайларға ұшыраған адамдар мен отбасыларға көрсетілетін қызметтер ауқымын айтарлықтай кеңейтті.

      Тегін медициналық-әлеуметтік, құқықтық және әлеуметтік-психологиялық қызметтер мүгедектігі бар отбасы мүшелеріне, әлеуметтік мәні бар ауруға ұшырағандарға, бас бостандығын айыру орындарынан босап шыққан адамдарға, зорлық-зомбылық құрбандарына, жалғызбасты қарт адамдарға көрсетіледі.

      Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасында белгілі бір прогреске қол жеткізілді. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

      Елде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлімшелер құрылды (247 аудандық ішкі істер бөлімінің ішінен 133-де әйелдер мен балалар істері жөніндегі инспектор лауазымы штатқа енгізілді). Үйдегі зорлық-зомбылық құрбандары пайдаланған қорғау ұйғарымдарының саны жылдан-жылға өсуде.

      Қазақстанның барлық өңірінде зорлық-зомбылық құрбандарына тегін медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық қызметтер, сондай-ақ уақытша баспана беру қызметтері көрсетілетін 28 дағдарыс орталығы жұмыс істеуде (17-сінде баспаналар бар), ал 2006 жылы 10 өңірде ғана 24 орталық жұмыс істеген болатын. Жыл сайын барлық өңірде "Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" атты ақпараттық-сауаттандыру акциясы жүргізіледі.

      Отбасыларды қолдаудың ресурстық орталықтарының қызметі ұйымдастырылды. Формальды білім беру жүйесінде оқушыларды адамгершілік және патриоттық сезімге тәрбиелеуге қатысатын әкелердің қоғамдық бірлестіктері дами бастады.

      Отбасы күні белгіленіп, жыл сайын "Мерейлі отбасы" ұлттық сайысы өткізіледі, отбасылық қарым-қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық жоспар бекітілді, ол отбасылық құндылықтарды нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру, Жалпыға бірдей еңбек қоғамын құру сияқты үш бағыт бойынша іске асырылады, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.

      Өзекті мәселелер

      Мемлекеттің отбасын кешенді қолдау бойынша шаралар қабылдауына қарамастан, шұғыл шешім қабылдауды талап ететін мынадай үрдістер орын алуда.

      Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өскені байқалады. Шамамен әрбір үшінші неке ажырасуда. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі көбейді. 2011 жылы 160,5 мың некенің 44,9 мыңы ажырасса (28%), 2015 жылы 148,7 мың некенің 53,3 мыңы ажырасқан (35%).

      Толық емес отбасылар саны артуда. 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда толық емес отбасылар үлесі 6,8%-ға артқан. Олардың ішінде 400 мыңнан астам әйел 700 мыңнан астам баланы, ал 60 мыңнан астам ер адам 300 мыңнан астам баланы тәрбиелеп отыр (15,1% бала анасымен ғана, 6,4% бала әкесімен ғана тұрып жатыр). Демек әрбір 5-бала толық емес отбасында өмір сүруде.

      Ер адамдардың гендерлік жағдайдағы еркіндігі әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуына және баланы асырауға алимент төлеудегі проблемаға әкеп соқтырады. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 279 мың іс қаралуда.

      Мульти-индикаторлық кластерлік зерттеу (бұдан әрі - МИКЗ) нәтижелері бойынша 2015 жылы Қазақстан Республикасында 5 жасқа дейінгі балалардың 6,6%-ы ғана өзінің ерте білім алу процесінде әкелері тарапынан көмек алады, ал аналар тарапынан осындай қолдауды балалардың 50,7%-ы алады.

      Баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ерлердің осы уақытқа дейін осындай жағдайдағы әйелдер иеленетін құқықтары жоқ. Әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету процесінде ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлдеріне қатысты қоғамдағы қатып қалған таптаурындардың болуы әсер етеді.

      "Азаматтық" және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелер белгілі бір деңгейде орын алуда. Ерлер мен әйелдердің азаматтық хал актілерін жазу органдарында тіркелмей, діни мекемелер арқылы неке қию жағдайлары жиіледі. Бұл ретте отбасының қолайсыз құндылықтары, оның ішінде әйелдің отбасындағы рөлі, оның әлеуметтік белсенділігі мен жұмысбастылығы дәріптелуде. Кейіннен осындай отбасыларда ажырасуға әкеп соқтыратын жанжалдар болып жатады.

      Қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары орын алуда, бұл өз кезегінде ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғырту емес, құқықтық зайырлы мемлекетте қылмыс болып табылады.

      Профилактикалық шаралар тиісінше жетілмеген, осыған орай отбасымен жұмыстар, негізінен, өмірлік қиын жағдайға тап болу фактісі орын алғаннан кейін жүргізіледі. Бұл ретте көмек алу үшін түрлі инстанцияларға жүгіну қажет, әлеуметтік көмекті түрлі ведомстволар ұсынады, олар әдетте, отбасы мүшесіне оны отбасынан алшақтату негізінде көрсетіледі. Бұл отбасылық байланысты жоғалтуға, отбасы мүшесін әлеуметке қосу деңгейін төмендетуге әкеп соқтырады, ал көрсетілген көмек отбасын сақтауға және нығайтуға бағытталған болуға тиіс.

      Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Некеге тұрғандардың 16%-ға жуығы ұрпақ сүйе алмайды, бұған ерлер де, әйелдер де тең жауапты. Ерлердің өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, зиянды әдеттерге үйір болуы, өндірісте тәуекелшіл мінез-құлыққа бейімдігі экономикалық белсенді жаста созылмалы ауруларға шалдығуға және өлімге әкеледі. Бұдан басқа, Қазақстан әйелдер арасында обырдың таралуы бойынша бірінші орын алады.

      2016 жылдың басында әйелдердің күтілетін өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші 76,9 жасты, ерлердің өмір сүру ұзақтығы 67,5 жасты құрады. Гендерлік алшақтық 9,4 жылға тең.

      Қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары көбейіп келеді. Қазақстанда әрбір бесінші жүктілік абортпен аяқталады. МИКЗ-ға сәйкес әйелдерді контрацепциямен қамту 50% шегінде. Бұл ретте заманауи контрацепция әдістеріне сұраныстың қанағаттандырылмау көрсеткіші 9,8%-ды құрайды.

      Ерте жастан некеге тұру, кәмелеттік жасқа толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары орын алуда, бұл, әсіресе, ауылдық жерлерде кеңінен таралып отыр. Қазақстанда екі миллионнан астам 18 жасқа дейінгі жасөспірім қыздар мен бойжеткен қыздар тұрады, бұл республикадағы барлық әйел тұрғындардың бесінші бөлігі. Соңғы бес жылда жасөспірімдер жүктілігі бойынша 33 051 жағдай тіркелген, оның ішінде 15 пен 18 жас аралығындағы қыздар арасында 9 906 аборт жасалған. 15-18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы аборт саны жоғары болып қалып отыр және 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздардың жалпы санының 0,1%-ын құрайды немесе жылына шамамен 2 мың аборт жасалады.

      Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары жиілеп кетті. Орта есеппен алғанда әрбір үшінші әйел өз өмірінде ұрып-соғуға, сексуалдық мәжбүрлеуге немесе қатыгез қатынастардың өзге де түрлеріне ұшырап жатады.

      2015 жылы Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелеріне 40 мыңнан астам әйел көмекке жүгінген, олардың 3,5 мыңнан астамы заң және психологиялық көмек алу үшін дағдарыс орталықтарына жіберілді. 2015 жылы Қазақстанда отбасында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 35 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 мың адамға қатысты әкімшілік қамауға алу түрінде жазалау шарасы қолданылған.

      2 жастан бастап 14 жасқа дейінгі әрбір екінші бала отбасында жазалаудың қатаң түрлерін бастан кешеді. Оқушылардың үштен екі бөлігі оқушылар мен ұстаздар тарапынан зорлық-зомбылық көрген немесе куәгер болған.

      Күш көрсету проблемасы едәуір өзекті күйінде қалып отыр. Жалпы, елімізде балалардың 1%-ы күш көрсетудің қатаң түрін бастан кешкен. Бірлі жарым оқиға емес, ондап саналатын кішкентай қыздарды зорлау фактілері ерекше алаңдатып отыр.

      2011 жылы Білім және ғылым министрлігі балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері бойынша жүргізген зерттеу нәтижесі балалардың 67%-ы (үш баланың 2-уі) өз отбасыларында өздерін қауіпсіз сезінбейтінін көрсетті.

      Кейбір мектептер мен отбасыларда (өгей әкесімен/өгей шешесімен тұратын балалар) одан да қатаң зорлық-зомбылыққа немесе қорлыққа ұшырайтынынан қорыққан балалар зорлық-зомбылық проблемалары туралы айтпауды әдетке айналдырған.

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендігі туралы белгілі болған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының және өзге де азаматтардың оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы үшін шара қолдану міндеті көзделгеніне қарамастан, зорлық-зомбылық фактілері туралы хабардар ету тетіктері жеткілікті түрде дамымаған.

      1.2. Гендерлік саясат саласындағы жетістіктер және өзекті мәселелер

      Әлемдік тәжірибе көптеген елдерде гендерлік мәселелер мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылатынын көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласындағы рейтингтерді үнемі қадағалап отырады. Анағұрлым беделділерінің бірі Дүниежүзілік экономикалық форумның (бұдан әрі - ДЭФ) гендерлік алшақтық индексі болып табылады. ДЭФ-тің осы индексіне сәйкес Қазақстан 2015 жылдың қорытындысы бойынша 145 мемлекеттің арасында 47-орынға ие болды.

      1995 жылы Пекин декларациясына қосылған сәттен бастап мемлекет мақсатты түрде гендерлік саясатты қалыптастыруға бағыт алды. 1998 жылғы желтоқсанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

      2006 жылға дейінгі Гендерлік саясат тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасында 2006 - 2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданып, іске асырылды, олар гендерлік теңдік мүддесінде ұлттық заңнаманы құру және жетілдіру бойынша одан әрі қадамдар жасауға мүмкіндік берді.

      "Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы" 2009 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Заңы Гендерлік саясат саласындағы негізгі заңнамалық акт болып табылады.

      Гендерлік саясатты іске асыру шеңберінде мынадай шаралар қабылданды:

      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының деректері бойынша сайланбалы билік органдарында әйелдердің саны ұлғайды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде Гендерлік стратегияны іске асырудың алғашқы жылында (2006 ж.) әйелдердің үлесі 10,4% құраса, ағымдағы жылы (2016 ж.) ол 27,1 %-ға дейін ұлғайды.

      Барлық деңгейдегі жергілікті өкілді органдардағы әйелдер өкілдері 2016 жылы сайланған депутаттардың жалпы санынан 22,2%-ға жетті, ал 2006 жылы ол 16,7%-бен шектелген еді.

      Әйел депутаттар үлесі 30%-дық шекке жеткен өңірлер саны көбеюде. Олардың қатарына Қостанай (31,6%), Павлодар (29,6%), Солтүстік Қазақстан (28,1%), Батыс Қазақстан (26%), Шығыс Қазақстан (25,9%), Ақмола облыстары (25,7%) кіреді. 2006 жылы мұндай көрсеткіштер тек Қостанай облысында ғана тіркелген болатын.

      Барлық әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдердің саны 55,2% (2015 жылы - 59,2%) құрады. Швецияда бұл көрсеткіш - 71,8%, Францияда - 62,3%, Аустралияда - 57,5%, Жапонияда - 41,9%, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) бойынша орта есеппен - 57,4% құрайды.

      Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі зор. Тұтас алғанда соңғы 5 жыл ішінде гендерлік саясат саласында республика бойынша 500-ден астам әлеуметтік жоба іске асырылды.

      Қазақстанның еңбек нарығы әйелдердің жұмыспен қамтылуының жоғары деңгейімен, білікті қызметкерлердің болуымен және жұмыссыздықтың төмен деңгейімен сипатталады. Егер 2006 жылы әйелдер жұмыссыздығының деңгейі 9,2% болса, 2015 жылы 5,7% құрады, жалдамалы жұмыскерлердің жалпы санының 50,3%-ын әйелдер құрайды.

      Ерлерге қарағанда әйелдер жалақысының арақатынасы 2006 жылы 62%-дан 2015 жылы 66%-ға дейін артты. Салыстыру үшін Канадада 2015 жылы әйелдердің жалақысы ерлердің жалақысына арақатынасы 81,4%, Чехияда - 83,5%, ал Норвегияда - 93% құрайды. Қазақстанда мұндай арақатынас ерлердің көп жағдайда жалақысы республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары болып табылатын өнеркәсіп (мұнай-газ, тау-кен өндірісі, өңдеу), көлік және құрылыс салаларында жұмыс істеуімен түсіндіріледі. Мұндай салаларда ауыр және зиянды факторлардың болуына байланысты әйел еңбегін пайдалануға көп жағдайда тыйым салынады.

      Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері кеңеюде. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі - Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия) және уәкілетті мемлекеттік органдар бірлесіп республикада әйелдер кәсіпкерлігінің динамикалық секторын қалыптастырды.

      Әйелдердің белсенді рөлі, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес (бұдан әрі - ШОБ) секторында байқалады. Гендерлік стратегияны іске асырғанға дейін бизнестегі әйелдер үлесі 38% құраса, қазіргі күнге бұл 50%-ды құрап отыр. Статистикалық деректерге сәйкес елдің қолданыстағы ШОБ субъектілерінің 44,2%-ын әйелдер басқарады (Ұлыбританияда мұндай көрсеткіш - 20%, Канадада - 15,5%, Оңтүстік Кореяда - 35,9%). Олар Қазақстандағы ШОБ секторындағы барлық жұмыс орындарының 31%-ын қамтамасыз етіп отыр.

      Әйелдер кәсіпкерлігі көтерме және бөлшек сауда саласын қамтуда, олардың үлесі осындай кәсіпорындардың жалпы санының 60,5% құрайды, 61,1% - жылжымайтын мүлікте және 21,1% ауыл шаруашылығында операцияларды ұсынады.

      Бүгінгі күні әйелдер бизнесін дамыту "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы", "Бизнестің жол картасы-2020" сияқты мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары және "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының әртүрлі бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады.

      2015 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі (бұдан әрі - ЕҚДБ) арасында "Бизнестегі әйелдер" бағдарламасын іске асыру үшін келісімге қол қойылды. Бағдарлама қаржыландырудың қолжетімділігі, сондай-ақ ноу-хауға қол жеткізу тұрғысынан әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Бағдарламаның жалпы құны 49,2 млн. АҚШ доллары, оның 41 млн. әйелдер басқаратын кәсіпорындарды қайта кредиттеу мақсатында екінші деңгейдегі банктерге кредит желісі түрінде ЕҚДБ бөледі.

      Қабылданған шаралар "Жұмыс істейтін әйелдер. Олардың ерлермен салыстырғандағы үлесі" ДЭФ бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексінің көрсеткіші (2015 ж.) бойынша Қазақстанның 26-орынға ие болуына септігін тигізді.

      Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасы ерлер мен әйелдер үшін сапалы білім алуда тең қолжетімділік пен мүмкіндіктерді көздейді. ДЭФ бағалауы бойынша Қазақстандағы білім беру саласындағы гендерлік алшақтық деңгейі ең төмен болып табылады.

      Гендерлік теңдік техникалық және кәсіптік білім алуда, сондай-ақ мемлекеттік (білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде жоғары оқу орнына түскен кезде сақталады.

      Қазіргі таңда 38 жоғары оқу орнында "Білім беру", "Гуманитарлық ғылымдар", "Әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика" салаларында гендерлік теңдік мәселелері қаралатын 60 элективтік курс әзірленіп, енгізілді.

      Мемлекеттік білім беру гранттары бойынша жоғары оқу орындарында 5 мың адам білім алуда, олардың 60%-ы қыздар (Аустралияда - 58,7%, Бельгияда - 60,7%, Финляндияда - 59,5%, Жапонияда - 45,4%, Түркияда - 50%1); Қазақстан Республикасы Президентінің "Болашақ" стипендиясы шеңберінде шетелдерде 1894 стипендиат білім алуда, олардың 49,5%-ы әйелдер.

      ________________

      1Бакалавриат немесе балама бағдарлама бойынша, 2014 жылғы жағдай бойынша

      Әйелдер кәсіби тұрғыда спортпен шұғылдану үшін көбірек мүмкіндіктер алып, Қазақстанға Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында олимпиадалық наградалардың 47%-ын алып берді. Ұлттық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама құрамында 40 әйел бар, олардың үшеуі әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары болды, мүгедектер спорты түрлері бойынша құрамада 145 әйел бар, олардың екеуі әлемдік біріншіліктердің жүлдегерлері атанды.

      "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде Қазақстанның бітімгершілік бригадасында 107 әйел әскери қызметін өткеруде. Қазіргі таңда қазақстандық әскер қатарындағы әскери қызметші әйелдердің үлесі 13,2% құрайды, оның ішінде офицерлік құрамдағы үлесі - 5,6%, 14 әйел - полковник әскери шеніне, 4 әйел жоғары дәрежедегі басшы лауазымдарды атқаруда. Салыстыра қарасақ Канада армиясындағы әйелдердің үлесі 12% құрайды.

      Өзекті мәселелер

      Қол жеткізілген жетістіктермен қатар жоғары гендерлік алшақтық пен теңсіздік жағдайлары тіркелген өзекті мәселелер де сақталуда. Мәселен, ДЭФ бағалауы бойынша Қазақстанның саяси мүмкіндіктері мен әлеуметтік-экономикалық қатысуын кеңейту салаларындағы көрсеткіштерінің гендерлік алшақтық деңгейі орташа. Ұзақ мерзімді перспективада олар ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін.

      Шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде әйелдердің үлесі төмен.

      Бүгінгі таңда 411 мемлекеттік саяси қызметшінің 40 ғана немесе 9,7%-ы әйел (2005 жылы - 11%). ЭЫДҰ елдерінде 2015 жылы әйелдердің орта есеппен 29,3%-ы министрлер лауазымдарын иеленді.

      Жергілікті (аумақтық) атқарушы органдардағы басшы лауазымдарында әйелдер үлесінде үлкен өзгерістер байқалмайды.

      Сонымен қатар, Қазақстанда корпоративтік сектордың басшылық позицияларында әйелдердің үлесі жеткіліксіз екені байқалады. Дүниежүзілік Банк деректері бойынша ірі корпорацияларда әйелдер жоғары басшы орындарының 9,8%-ын ғана иеленеді. Әлемдік ірі компанияларда жұмыскерлердің жалпы санының шамамен 41%-ын әйелдер құрайды, бірақ тек 19%-ы ғана жоғары басшы лауазымдарына және 12%-ы басқармадағы лауазымдарды атқарады2.

      ________________

      2"Гендерлік саясатқа шолу" ЭЫДҰ алдын ала шолу (2016 жылғы тамыз)

      Салалық гендерлік сегрегацияда мүлдем дерлік өзгерістер болған жоқ. Әйелдер, бұрынғыдай, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы жалдамалы қызметкерлердің 70%-дан астамын құраса, ал қаржылық және мемлекеттік секторда әйелдер жартысынан сәл ғана көбін құрайды. Әдеттегідей, аталған секторлардың құрылыс, мұнай-газ секторы, өндіріс, көлік және т.б. сияқты "ерлер салаларына" қарағанда табысы азырақ.

      Ер адамдардармен тепе-тең жұмыс істейтін әйелдердің орташа жалақы мөлшерінің 2006 жылғы 62%-дан 2015 жылы 67%-ға дейін көбеюіне қарамастан, ерлер мен әйелдердің арасындағы орташа жалақыдағы айырмашылық 33% деңгейінде қалуда.

      Инновациялық, инфрақұрылымдық және жоғары технологиялық жобалар мен бағдарламаларға әйел еңбегін тарту деңгейі өте төмен. "Нұрлы жол" мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламасын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта 18 мың жұмыс орнының 1 998 (11%) ғана әйелдер жұмыс істейді.

      Ауыр және қауіпті еңбек жағдайларында әйелдердің жұмыс істеуіне шектеудің болуы әйелдердің жалақысы жоғары мамандықтарға қол жеткізуіне кері әсерін тигізеді. Қазақстанда әйелдер еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстар тізімі ТМД елдерімен салыстырғанда ең ауқымдыларының бірі болып табылады.

      Қоғамдық, мемлекеттік ресурстар мен көрсетілетін қызметтерге қол жеткізе алмайтын ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі де өзекті болып қалуда. Ұлттық статистика деректері бойынша Қазақстандағы әрбір үшінші ауыл әйелі өзін-өзі жұмыспен қамтыған және заттай шаруашылық жүргізуден түскен табыспен күн көреді, оларға жеке тұтыну да жатады. Жеке тұтынуды да қамтитын табыстар әуел бастан әйелдерді экономиканың нақты секторына қайтуы үшін адами капиталға қаржы инвестициялау