Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 11 қарашадағы № 203 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 8-тармақтан қараңыз.

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1 және 19-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi одан Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) туралы ереже;

      2) Агенттіктің құрылымы бекітілсін.

      3. Агенттіктің жалпы штат саны 547 адам болып бекітілсін.

      4. Агенттік берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалсын.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп осы Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      6. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін.

      7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      8. Осы Жарлық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 2, 3-тармақтарын және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 203 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі туралы
ЕРЕЖЕ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуға жәрдемдесетін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Агенттік республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Агенттік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Агенттік, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      6. Агенттік өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Агенттік Басқармасының қаулыларымен, Агенттік Төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Агенттіктің құрылымын және жалпы штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      8. Агенттіктің орналасқан жері: А15С9Т5, Алматы қаласы, "Көктем-3" шағын ауданы, 21-үй.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Агенттіктің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Агенттіктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Агенттікке кәсіпкерлік субъектілерімен Агенттік функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Агенттікке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Агенттіктің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      13. Агенттіктің миссиясы:

      қаржы нарығын реттеу мен дамыту, қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, тұтастай алғанда қаржы жүйесіне деген сенімді қолдау және қаржы ұйымдарының қызметі үшін қаржы нарығындағы адал бәсекелестікті қолдауға бағытталған тең құқылы жағдайлар жасау.

      14. Міндеттері:

      1) қаржы нарығын реттеу мен дамыту, оның ішінде қаржы ұйымдары қызметінің стандарттарын белгілеу, қаржы ұйымдарын корпоративтік басқаруды жақсарту үшін ынталандыру;

      2) қаржы жүйесінің орнықтылығын сақтау мақсатында қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мониторингтеу;

      3) қаржылық тұрақтылықты қолдау мақсатында қаржы нарығының тәуекелдерге барынша ұшырағыш салаларына қадағалау ресурстарын шоғырландыру;

      4) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі және олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы ақпараттың толықтығын және қолжетімділігін, сондай-ақ халық үшін қаржылық сауаттылық деңгейін және қаржылық қолжетімділікті арттыруды қамтамасыз ету;

      5) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасының басқа заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттер.

      15. Функциялары:

      Агенттік:

      1) Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өз құзыреті шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), олардың филиалдарын және үлестес тұлғаларын, Қазақстан Даму Банкін, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларды, бағалы қағаздар нарығының өзге де субъектілерін, бағалы қағаздар эмитенттерін, кредиттік бюроларды, банк холдингтерін, банк конгломераттарын, банктердің ірі қатысушыларын, сақтандыру холдингтерін, сақтандыру топтарын, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ірі қатысушыларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымды, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар актуарийлерді, арнайы қаржы компанияларын, исламдық арнайы қаржы компанияларын, инвестициялық қорларды, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларын, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы белгілеріне ие тұлғаларды, инвестициялық портфельді басқарушыны, банк холдингін, сақтандыру холдингін, кәсіби ұйымдарды, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды, коллекторлық агенттіктерді, уақытша әкімшіліктерді (уақытша әкімшілерді), банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларын мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;

      2) қаржылық көрсетілетін қызметтер, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтер сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды өткізеді;

      3) қаржы нарығындағы заңсыз қызметті болдырмауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      4) қаржы ұйымдары мен өзге де ұйымдарға шектеулі ықпал ету шараларын, қадағалап ден қою шараларын, оның ішінде уәжді пайымдауды пайдалана отырып санкцияларды және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады;

      5) банктердің, банк конгломераттарының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру топтарының, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылау мен қадағалау шеңберінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолданады, оның ішінде Заңның 13-5-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда уәжді пайымдауды пайдаланады;

      6) қаржы ұйымдарына және (немесе) өзге де заңды тұлғаларға қатысты ерекше реттеу режимін енгізеді және құзыреті шегінде олардың қызметін реттейді;

      7) дербес және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесіп олардың құзыреті шеңберінде, сондай-ақ ұйымдармен бірге исламдық қаржы құралдарының және исламдық көрсетілетін қаржылық қызметтердің халықаралық стандарттарын ескере отырып, исламдық қаржыландыруды дамытуды жүзеге асырады;

      8) екінші деңгейдегі банктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражаты есебінен қаржыландырылатын банктерді қалыпқа келтіру шараларын іске асырады, сондай-ақ банктердің осы шаралар шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін орындауын бақылайды;

      9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарының салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығының функцияларын жүзеге асырады;

      10) банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық жүйелеріндегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздігінің оқыс оқиғалары жөніндегі ақпараттың талдауын жүргізеді;

      11) өз құзыреті шегінде басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдарымен қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау мәселелері бойынша ақпарат алмасуды қоса алғанда, өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      12) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың тұрғын үй қарыздарын және ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ банктердің осы бағдарламалар шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін орындауына бақылауды жүзеге асырады;

      13) қаржылық қызметтерді, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін бұзушылықтарды болдырмау шараларын іске асырады;

      14) халықтың қаржылық сауаттылығын және халық үшін қаржылық қолжетімділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      15) қаржылық қызметтерді, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      16) коллекторлық агенттіктердің тарапынан заңсыз іс-әрекеттерден борышкерлердің құқықтарын және мүдделерін қорғауға, коллекторлық қызметтің ашықтығын, берешекті өндіріп алу бойынша жұмыста тиімділік пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады;

      17) қаржылық қызметтерді, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін тұтынушылар, тексерілетін субъектілер үшін құзыреті шегінде Агенттіктің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      18) қаржылық қызметтерді, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері бойынша халықаралық және шетелдік ұйымдармен ынтымақтастықта болады;

      19) құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсетеді;

      20) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;

      21) Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      22) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің тұрақтылығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің екінші деңгейдегі банктерге қарыздар, оның ішінде соңғы сатыдағы қарыз беру, сондай-ақ оларды құрылымдау және банк олар бойынша міндеттемелерді орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің талаптарын қанағаттандыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен ақпарат алмасуды, оның ішінде ақпараттық жүйелерге өзара қолжетімділік арқылы жүзеге асырады;

      23) мемлекеттік органдар және қаржы ұйымдары үшін кадрларды даярлауға және қайта даярлауға қатысады;

      24) Заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      16. Агенттіктің құқықтары мен міндеттері:

      Агенттік өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы қаржы ұйымдарының, басқа да жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді өзінің құзыреті шеңберінде әзірлеуге және қабылдауға;

      2) кез келген жеке және заңды тұлғалардан, олардың қауымдастықтарынан (одақтарынан), сондай-ақ мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға және өтеусіз алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде тексерулер және бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тарта отырып жүргізуге;

      4) Қазақстан Республикасының қаржы саласындағы заңнамасын және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті бұзушылық анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шаралар қабылдауға;

      5) банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, банк холдингтеріне, банктің ірі қатысушыларына, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, сақтандыру холдингтеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушыларына, сақтандыру брокерлеріне, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымға, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына (трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда), инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларына қатысты уәжді пайымдауды пайдалануға;

      6) Агенттіктің ішкі қызметін реттейтін нормативтік және нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдауға;

      7) Заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Агенттіктің міндеттері:

      1) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      2) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;

      3) қаржылық көрсетілетін қызметтерді, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету;

      4) бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер және кредиттік бюро туралы мәліметтерді (қызметтік, коммерциялық, банктік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда), оның ішінде оларға қабылданған шаралар туралы ақпаратты жариялау;

      5) Заңда, Қазақстан Республикасының басқа заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттер.

3-тарау. Агенттіктің қызметін ұйымдастыру

      17. Агенттікке басшылықты Төраға жүзеге асырады, ол Агенттікке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      18. Агенттіктің Төрағасын Қазақстан Республикасының Президенті 6 жылдық мерзімге қызметке тағайындайды және оны қызметінен Қазақстан Республикасының Президенті босатады.

      19. Агенттік Төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын үш орынбасары болады.

      20. Агенттік Төрағасының өкілеттіктері:

      1) Заңда және Агенттік Басқармасы үшін осы Ережеде келісілген өкiлеттiктердi қоспағанда, Агенттік қызметiнің барлық мәселелері бойынша жедел және атқарушы-өкiмдік шешімдер қабылдайды;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің тағайындауы үшін Агенттік Төрағасы орынбасарларының лауазымына кандидатуралар ұсынады;

      3) Агенттіктен сайланған Агенттіктің Басқарма мүшелерін тағайындайды және босатады;

      4) Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен Агенттіктің құрылымы негізінде Агенттік бөлімшелерінің құрылымын бекітеді;

      5) Агенттіктің лауазымды тұлғаларын тағайындайды және оларды жұмыстан босатады, ерекшеленген қызметкерлерді көтермелейді, тәртіптік жаза қолданады;

      6) Агенттіктен сайланған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқарма мүшесін тағайындайды және босатады;

      7) өз құзыреті шегінде Агенттіктің атынан республикада және шетелдерде өкілдік етеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Агенттіктің нормативтік құқықтық актілері, Агенттік Басқармасының қаулылары негізінде және (немесе) оларды орындау үшін Агенттік қызметінің мәселелері бойынша бұйрықтар мен өкімдер шығарады, Агенттік Басқармасының қаулыларына қол қояды;

      9) Агенттік Басқармасының отырыстарын жүргізеді;

      10) Агенттік Төрағасының орынбасарлары арасында міндеттерді бөледі, өз орынбасарларының және Агенттіктің бөлімшелері басшыларының тапсырылған жұмыс учаскесіндегі істің жай-күйі үшін жауаптылық дәрежесін белгілейді;

      11) Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен Агенттіктің жалпы штат саны негізінде Агенттіктің штат кестесін бекітеді;

      12) Агенттіктің бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      13) Агенттік бөлімшелерінің істелген жұмысы туралы есептерін тыңдайды;

      14) Агенттік Басқармасы бекіткен еңбекақы төлеу шарттарына сәйкес кәсіби біліктілігі жоғары, аса маңызды, күрделі жұмысты тиімді және жоғары деңгейде орындайтын жекелеген қызметкерлерге жеке лауазымдық жалақылар белгілейді;

      15) Агенттіктің атынан шарттар (келісімдер, келісімшарттар) жасасады;

      16) Агенттіктің атынан сенімхаттар береді, міндеттемелерге қол қою және сенімхаттар беру тәртібін белгілейді;

      17) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ішкі мемлекеттік аудит мәселелері бойынша құжаттарды қарап, бекітеді;

      18) Агенттіктің ішкі қызметі, оның ішінде еңбек қатынастарымен және еңбек қатынастарына тікелей байланысты қатынастармен байланысты мәселелер бойынша және Агенттік Басқармасының айрықша құзыретіне жатқызылған өзге мәселелер бойынша актілер бекітеді.

      Агенттік Төрағасы не Агенттік Төрағасының орынбасары қаралуы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Агенттіктің құзыретіне жатқызылған әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы шешім қабылдайды.

      Агенттік Төрағасы Агенттік Басқармасының айрықша құзыретіне жатқызылмаған жедел және атқарушылық-өкімдік сипаттағы кез келген мәселе бойынша шешім қабылдауға, сондай-ақ өз құзыретіне кіретін жекелеген мәселелерді шешуді өзінің орынбасарларына, Агенттік бөлімшелерінің басшыларына тапсыруға құқылы.

      Агенттік Төрағасының және оның орынбасарларының лауазымдық жеке жалақыларының мөлшерлерін Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі бойынша Агенттік Басқармасы бекіткен еңбекақы төлеу талаптарына сәйкес Агенттік Басқармасы белгілейді.

      Агенттік Төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      Агенттік Төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдауға міндетті және осы міндетті орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады.

      Агенттік Төрағасы Агенттік қызметкерлерін жұмысқа қабылдаған және лауазымын өсірген кезде гендерлік баланстың сақталуын қамтамасыз етеді.

      21. Агенттік Төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілейді.

      Төрағаның орынбасарлары Агенттік атынан сенімхатсыз өкілдік етеді, өз құзыреті шегінде құжаттарға қол қояды, өз құзыреті шегінде сенімхаттарды береді, оның ішінде соттарда істер қаралған кезде Агенттік қызметкерлерінің қатысуы үшін сенімхаттарды береді. Агенттік Төрағасының орынбасарлары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және өздеріне бөлінген функционалдық міндеттері негізінде мәселелерді қарайды және шешімдер қабылдайды.

      Агенттік бөлімшелерінің басшылары өз қызметін Агенттік Төрағасының бұйрығымен бекітілетін осы бөлімшелер туралы ережелер негізінде жүзеге асырады.

      22. Басқарма Агенттіктің жоғары органы болып табылады.

      Агенттік Басқармасы Заңның 6-5-бабында көзделген функциялардан басқа:

      1) банктің не банк холдингінің еншілес ұйымдарына, капиталына банктің не банк холдингінің қомақты қатысуы бар ұйымдарға тиесілі, банк конгломераты, банк немесе банк холдингі бас ұйымының акциялары үлесінің (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) лимитін белгілейді;

      2) мыналарға:

      банктерді ашуға;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын құруға,

      банктердің және (немесе) банк холдингтерінің еншілес ұйымды құруына және сатып алуына;

      банктердің бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымды құруына немесе сатып алуына;

      банктің және (немесе) банк холдингінің ұйымдардың капиталына қомақты қатысуына;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының және сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымды құруына немесе сатып алуына;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) сақтандыру холдингінің ұйымдардың капиталына қомақты қатысуына рұқсат беру (рұқсат беруден бас тарту) не рұқсатты кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;

      3) мыналарға:

      банктерді (банк холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру, конвертациялау) немесе банктерді ерікті түрде таратуға;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын (сақтандыру холдингтерін) ерікті түрде қайта ұйымдастыруға (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын ерікті түрде таратуға;

      ерікті жинақтаушы зейнетақы қорын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе ерікті түрде таратуға;

      исламдық арнайы қаржы компаниясын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беру (рұқсат беруден бас тарту) туралы шешім қабылдайды;

      4) мыналарға:

      банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін иеленуге;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы немесе сақтандыру холдингі мәртебесін иеленуге;

      инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру (келісім беруден бас тарту) және келісімді кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды;

      5) мыналарға:

      банктік, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өзге де операцияларды жүргізуге (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар жүзеге асыратын заңды тұлғаларға берілген лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау не олардан айыру туралы шешімдерді қоспағанда);

      сақтандыру нарығында сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін және сақтандыру брокерінің қызметін, актуарлық қызметті жүзеге асыру құқығына;

      ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметін жүзеге асыруға;

      бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау не лицензиядан айыру туралы шешім қабылдайды;

      6) кредиттік бюро қызметін жүзеге асыру құқығына рұқсаттың және кредиттік тарихтардың деректер базасын, пайдаланылатын ақпараттық жүйелерді қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі кредиттік бюроға және үй-жайларға қойылатын талаптарға кредиттік бюроның сәйкестігі туралы актінің қолданылуын тоқтата тұру, қолданылуын қайта бастау туралы шешім қабылдайды;

      7) банкті төлем жасауға қабілетсіз банктер санатына жатқызу туралы шешім қабылдайды;

      8) банкті төлем жасауға қабілетсіз банктер санатынан шығару туралы шешім қабылдайды;

      9) банкті консервациялау режимін енгізу, банктің депозиторлары мен кредиторларының талаптарын қанағаттандыруға мораторий енгізу, төлем жасауға қабілетсіз банкті реттеу шараларын қолдану, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын консервациялау туралы шешім қабылдайды;

      10) мына:

      банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің, банк холдингінің ірі қатысушысының белгілері бар тұлғаға тиесілі банктің акцияларын сенімгерлік басқаруды бекіту;

      сапасы және өтімділігі бойынша жіктелуін ескере отырып есептелген активтердің құны және міндеттемелер арасында теріс айырма анықталған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акционерлеріндегі акцияларды мәжбүрлеп сатып алу және осы акцияларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша барлық міндеттемелерді орындауға кепілдік беретін талаптармен сатып алуға ниет білдірген жаңа инвесторға сату;

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысына, сақтандыру холдингіне не сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушысының, сақтандыру холдингінің белгілері бар тұлғаға тиесілі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын сенімгерлік басқаруды тағайындау;

      ірі қатысушыға не инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысының белгілері бар тұлғаға тиесілі инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын сенімгерлік басқаруды тағайындау туралы мәселе бойынша шешім қабылдайды;

      11) тұрақтандыру банкін құру және қаржыландыру туралы шешім қабылдайды;

      12) егер қолданылған шаралар банктің қаржылық жай-күйін жақсартуға әкелмеген жағдайда, банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында:

      Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, банктің қаржылық жай-күйін жақсарту және банктің пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді орындауы үшін қажетті мөлшерде жариялаған акцияларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады;

      банкте капиталдың теріс мөлшері болған кезде банктің қаржылық жай-күйін қажетінше жақсартуға кепілдік беретін жаңа инвесторға сатып алу бағасы бойынша міндетті түрде кейіннен дереу өткізу талабымен банктің акцияларын мәжбүрлеп сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды;

      13) қаржы нарығының активтерін бағалы қағаздар ретінде тану туралы шешім қабылдайды;

      14) Агенттік Басқармасының құзыретіне жатқызылған, Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Агенттік Басқармасы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және осы Ережеде айқындалған Агенттіктің құзыретіне кіретін кез келген мәселені қарауға және сол бойынша шешім қабылдауға құқылы.

      Агенттік Басқармасының отырыстары қажеттілігіне қарай, Агенттік Төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі. Басқарма отырыстарын Агенттік Төрағасы, ол болмаған жағдайда, оның орнындағы адам жүргізеді.

      Агенттік Басқармасының жұмыс тәртібі оның регламентінде айқындалады.

4-тарау. Агенттіктің мүлкі

      23. Агенттіктің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкінің болуы мүмкін.

      Агенттік мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      24. Агенттікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      25. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Агенттіктің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Агенттікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 203 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің
ҚҰРЫЛЫМЫ

      1. Банктерді реттеу департаменті

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті

      5. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті

      6. Заң департаменті

      7. Адам капиталын дамыту департаменті

      8. Ақпараттық технологиялар департаменті

      9. Үйлестіру департаменті (Нұр-Сұлтан қаласы)

      10. Агенттік қызметін қамтамасыз ету департаменті

      11. Агенттік Төрағасының қызметі басқармасы

      12. Киберқауіпсіздік басқармасы

      13. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы

      14. Операциялық тәуекелдер және комплаенс басқармасы

      15. Ішкі аудит басқармасы

      16. Есепке алу және жоспарлау басқармасы

      17. Қауіпсіздік басқармасы

      18. Алматы қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      19. Нұр-Сұлтан қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      20. Ақтау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      21. Ақтөбе қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      22. Атырау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      23. Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      24. Көкшетау қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      25. Қостанай қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      26. Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      27. Павлодар қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      28. Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      29. Талдықорған қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      30. Тараз қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      31. Түркістан қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      32. Орал қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      33. Өскемен қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

      34. Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 203 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін
ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      1. "Мемлекеттiк билiк органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 17, 212-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын немесе оның келісуімен тағайындалатын, оның ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де лауазымды адамдардың тізбесінде:

      мына:

      "

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасындағы өкілі

Президент

Әкімшілік Басшысы


  "

      деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармаларындағы өкілдері

Президент

Әкімшілік Басшысы


  ";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік саяси қызметшілерін және өзге де лауазымды адамдарын қызметке келісу, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі туралы ережеде:

      18-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарлары; Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасарлары; "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ, "Зерде" ұлттық инфокоммуникациялық холдингі" АҚ, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ құрамына кіретін ұлттық даму институттары мен ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті аппаратының басшысы; Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілінің орынбасарлары.".

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 50, 640-құжат):

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратын, оның филиалдарын және өкілдіктерін қоса алғанда жалпы штат саны 2078 адам болып бекітілсін.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкі) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын және өзге де тұлғаларды және Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасы саласындағы мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.";

      13-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын, өзге қорлар мен ұйымдардың активтерін басқару бойынша көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін ақы алмайды.";

      15, 16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Міндеттері:

      1) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу және жүргізу;

      2) төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      3) валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;

      4) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      5) ақша-кредит статистикасы, қаржы нарығы статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де міндеттер.

      16. Функциялары:

      Қазақстан Ұлттық Банкі:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік ақша-кредит саясатын әзірлейді және жүргізеді;

      2) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарады;

      3) Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының жалғыз эмитенті болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақша айналысын ұйымдастырады;

      4) банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды тасымалдауды, сақтауды және инкассациялауды қамтамасыз етуге қатысады, банкноттардың, монеталардың және құндылықтардың резервтiк мемлекеттік қорларын құрады;

      5) қызметін Қазақстан Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалардың және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың үй-жайларды орналастыруға қойылатын талаптарды сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      6) банкаралық ақша аударымдары жүйесін, банкаралық клиринг жүйесін және пайдаланушылар арасында Қазақстан теңгесімен ақша аударымдарын жүргізуді қамтамасыз ететін басқа да төлем жүйелерін реттейді және қадағалауды (оверсайт) жүзеге асырады;

      7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, ақша төлемдерi мен аударымдарын реттеу мақсатында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар және кәсіпкерлік қызмет субъектілері банк шоттары бойынша жүзеге асыратын төлемдердің кезектiлiгiн Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң келiсімі бойынша белгiлейді;

      8) Қазақстан Республикасында валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асырады;

      9) шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқаруды қамтамасыз етеді;

      10) бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырады;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда бағалы металдардың және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларына (үлгілеріне) бақылау сынақтарын жүзеге асырады;

      12) меншік иелері қаржы ұйымдары, бағалы металдармен және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларымен экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асыруға құқығы бар өзге де тұлғалар болып табылатын, олардан жасалған бұйымдарды қоспағанда, бағалы металдарды және құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының сынамаларын (үлгілерін) сақтауды және сынауды жүзеге асырады;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (келіп түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдауды, қабылдауды, есепке алуды, сақтауды жүзеге асырады;

      14) дербес және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен бірлесіп, олардың құзыреті шеңберінде жүйелік тәуекелдерді реттеуді жүзеге асырады;

      15) Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің тұрақтылығы, Қазақстан Ұлттық Банкінің екінші деңгейдегі банктерге қарыз беруі, оның ішінде соңғы сатыдағы қарыздар беру мәселелері бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен, оның ішінде ақпараттық жүйелерге өзара қолжетімділік арқылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;

      16) Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің жұмыс органының функцияларын жүзеге асырады, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің функцияларына жататын мәселелер бойынша ұсыныстар қалыптастырады;

      17) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында:

      қаржы жүйесінің тұрақтылығына әсер ететін макроэкономикалық және макроқаржылық факторларға тұрақты мониторингтеу жүргізеді;

      макропруденциялық саясатты қалыптастырады;

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң) және Қазақстан Ұлттық Банкінің және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның бірлескен нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен және шарттарда соңғы сатыдағы қарыздар береді;

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттарда және мерзімдерде екінші деңгейдегі банктермен туынды қаржы құралдарымен операциялар жүргізеді;

      18) Ұлттық Банк туралы заңда және Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен және шарттарда қарыздар береді;

      19) қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеуге қатысады;

      20) статистикалық әдіснама әзірлейді және қолма-қол ақша айналысы, ақша-кредит статистикасы және қаржы нарығы статистикасы, төлем балансы, сыртқы борыш, халықаралық инвестициялық позиция, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі бастапқы статистикалық деректердің тізбесін, нысандарын, мерзімдері мен оларды ұсыну тәртібін айқындайды;

      21) статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізеді, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында бақылауды жүзеге асырады;

      22) қаржы нарығына шолу жасау, ақша-кредит статистикасы және қаржы нарығы статистикасы, төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш жөніндегі статистикалық ақпаратты қалыптастырады және таратады, төлем балансын болжамдық бағалауды әзірлеуге қатысады;

      23) валюталық реттеу, ақша-кредит статистикасы және қаржы нарығы статистикасы, қолма-қол ақша айналысы, төлемдер мен төлем жүйелері, қаржылық тұрақтылық, қаржы ұйымдарын және олардың үлестес тұлғаларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымды, кредиттік бюроларды, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды және коллекторлық агенттіктерді реттеу, бақылау және қадағалау мәселелері бойынша әкімшілік деректерді жинауды және өңдеуді жүзеге асырады;

      24) құзыреті шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және өзге де адамдарды реттеуді, сондай-ақ Ұлттық Банк туралы заңға, "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласында бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      25) мыналарға:

      өз қызметін айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларға – қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына;

      айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалардың банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауына лицензия береді, (беруден бас тартады), қайта ресімдейді, тоқтата тұрады және лицензиясынан айырады;

      26) халықаралық қаржылық есептілік стандарттарын ескере отырып, Қазақстан Ұлттық Банкіне арналған бухгалтерлік есеп саясаты мен әдістерін айқындайды;

      27) қызметін Қазақстан Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарын, бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;

      28) қызметін Қазақстан Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалардың және төлем ұйымдарының Қазақстан Республикасының Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар туралы ақпаратты тіркеу, сақтау және беру, клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефицарлық меншік иелерін тиісінше тексеру, қаржы мониторингіне жататын операцияларды тоқтата тұру және оларды жүргізуден бас тарту, өз қызметі процесінде алынған құжаттарды қорғау бөлігінде орындауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ішкі бақылаудың ұйымдастырылуын және орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      29) құзыреті шегінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін тексерілетін субъектілердің қызметін тексеруге қатысады;

      30) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша валюталық операцияларды жүзеге асыратын және қаржы ұйымдары болып табылмайтын резиденттерге және бейрезиденттерге, төлем жүйелері операторларына, төлем жүйелерінің операциялық орталықтарына, сондай-ақ банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар болып табылмайтын көрсетілетін төлем қызметтерін берушілерге шектеулі ықпал ету шараларын, қызметін Қазақстан Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде айырбастау пункттері арқылы ғана жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларға қадағалап ден қою шараларын, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген санкцияларды және өзге де шараларды қолданады;

      31) төлем қызметтеріне байланысты қызметті жүзеге асыру мақсатында төлем ұйымдарына және (немесе) қаржы ұйымдары болып табылмайтын өзге де заңды тұлғаларға қатысты ерекше реттеу режимін енгізеді және құзыреті шегінде олардың қызметін реттейді;

      32) Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісу бойынша оның мемлекетттік борышына қызмет көрсетуге қатысады және Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік борышына қызмет көрсетеді;

      33) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын тізбеге және тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгілейді және жариялайды;

      34) мемлекеттік емес сыртқы қарыздар бойынша шарттарға мониторингтеуді жүзеге асырады;

      35) сұраныс пен ұсыныс көздерінің, сондай-ақ шетел валютасын ішкі валюта нарығында пайдалану бағыттарына мониторингтеуді жүзеге асырады;

      36) банк қызметiн, бағалы қағаздар нарығындағы кәсiптік қызметті және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де қызметті тиiстi лицензиялар алмай-ақ жүзеге асырады;

      37) Қазақстан Ұлттық Банкiнің клиенттеріне банктік қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      38) Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын және мерзімді баспа басылымдарында жарияланатын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарт негiзiнде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенiмгерлiкпен басқаруды жүзеге асырады;

      39) Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының Үкiметімен немесе заңды тұлғалармен жасайтын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарттар негiзiнде активтердi сенiмгерлiкпен басқаруды жүзеге асырады. Қазақстан Ұлттық Банкi мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын сенiмгерлiкпен басқару туралы шарттар мерзімді баспа басылымдарында жарияланады;

      40) Қазақстан Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады;

      41) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтеріне қатысты кастодиан функцияларын жүзеге асырады;

      42) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өзінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер ұсынады;

      43) мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдары үшiн кадрлар даярлауға және қайта даярлауға қатысады;

      44) Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;

      45) банктік сәйкестендіру кодтарын береді, күшін жояды және оның пайдаланылуын айқындайды, банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын береді және күшін жояды, олардың құрылымын белгілейді, сондай-ақ Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастырады және жүргізеді;

      46) Қазақстан Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органдарын құрады;

      47) кредиттік тарихтардың дерекқорында қамтылған ақпараттың толықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қатысатын кредиттік бюроға кредиттік тарих субъектілері туралы ақпарат береді;

      48) Қазақстан Ұлттық Банкіне бекітілген мүлікті иеліктен шығару және пайдалануға беру тәртібін айқындайды;

      49) Қазақстан Ұлттық Банкі акционері (қатысушысы, сенімгерлік басқарушысы) болып табылатын мемлекеттің бақылауындағы акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және ол құрған мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеуді, бекітуді, оларды іске асыруды мониторингтеу және бағалау тәртібін айқындайды;

      50) Қазақстан Ұлттық Банкінің бюджет қаражаты (шығыстар сметасы) есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер жүргізетін қызметтік, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау мақсатындағы іссапарлар кезіндегі өтемақы төлемдерінің мөлшерлерін және тәртібін айқындайды;

      51) Қазақстан Ұлттық Банкі қызметінің негізгі бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүзеге асырады;

      52) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қаржылық көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;

      53) Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық және операциялық тәуекелдерін басқару жүйесінің болуын және өзектілендіруді қамтамасыз етеді;

      54) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты, құпия ақпарат алмасуды көздейтін шарт негізінде және соларға сәйкес құзыреті шегінде басқа мемлекеттердің орталық банктерімен, бақылау және қадағалау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен ынтымақтастық жасайды және құпиялылықты сақтай отырып, бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны, банктік құпияны, сақтандыру құпиясын немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажет ақпаратпен алмасуға құқылы.

      Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген өзге де ұйымдар деп банктік сектор қызметін, бағалы қағаздар нарығын және сақтандыру нарығын реттеудің бірыңғай стандарттарын әзірлеу мақсатында құрылған басқа мемлекеттер орталық банктерінің, бақылау және қадағалау органдарының бірлестіктері түсініледі;

      55) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      17. Қазақстан Ұлттық Банкінің құқықтары мен міндеттері:

      Қазақстан Ұлттық Банкі өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағындағы қаржы ұйымдарының, басқа да жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және қабылдауға;

      2) кез келген жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан қажетті ақпаратты, оның ішінде қызметтік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді сұратуға және өтеусіз алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктер шегінде тексерулер және бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізуге;

      4) Қазақстан Ұлттық Банкінің ішкі қызметін, сондай-ақ ол құрылтайшы (уәкілетті орган) не акционер болып табылатын заңды тұлғалардың қызметін жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейтін нормативтік және нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдауға;

      5) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттері:

      1) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді қамтамасыз ету;

      2) қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      3) ақша-кредит статистикасы, қаржы нарығының статистикасы және сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру;

      4) Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелеріне, филиалдарына, өкілдіктеріне және ұйымдарына, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі жалғыз акционері болып табылатын акционерлік қоғамдарға ішкі аудитті және қызметін тексеруді жүзеге асыру;

      5) Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де міндеттер.";

      21-тармақтың 17) тармақшасы алып тасталсын;

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Басқарма мен Директорлар кеңесі (Директорат) Қазақстан Ұлттық Банкінің органдары болып табылады.

      Басқарма Қазақстан Ұлттық Банкінің жоғары органы болып табылады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы Ұлттық Банк туралы заңның 15-бабында көзделген функциялардан басқа:

      1) Қазақстан Ұлттық Банкінің акционерлік қоғамдарының жарғылық капиталын ұлғайтуға және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жарғылық капиталын ұлғайтуға не азайтуға, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың акцияларын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестерін сатып алуға не иеліктен шығаруға келісім береді;

      2) Қазақстан Ұлттық Банкі берген қарыздар бойынша банктердің және басқа ұйымдардың Қазақстан Ұлттық Банкінің алдындағы берешегін қайта құрылымдау шарттарын айқындайды;

      3) Қазақстан Ұлттық Банкінің соңғы сатыдағы қарыздар бойынша талаптарын соттан тыс тәртіппен қанағаттандыру мәселелері бойынша шешімдерді қарайды және қабылдайды;

      4) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Қазақстан Ұлттық Банкінің құрылымы негізінде Қазақстан Ұлттық Банкінің орталық аппараты бөлімшелерінің, филиалдарының және өкілдіктерінің атаулары бар тізбесін, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі ұйымдарының жалпы штат санын бекітеді;

      5) жарғылық және (немесе) резервтік капиталдарды қалыптастыруға жіберілетін, бөлінбеген таза кіріс мөлшерін белгілейді;

      6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының комиссиялық сыйақы мөлшерін жыл сайын бекітеді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасымен және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарғысымен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлері (жалғыз акционері) жалпы жиналысының құзыретіне жатқызылатын мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      8) Қазақстан Ұлттық Банкі заңды тұлғалармен жасайтын сенімгерлік басқару туралы шарттар негізінде активтерді сенімгерлік басқаруға қабылдау туралы шешім қабылдайды;

      9) Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның аумақтық филиалдарының ғимараттарында өткізу және объектішілік режимдерді қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды бекітеді;

      10) Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының құзыретіне жатқызылған, Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы Ұлттық Банк туралы заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында және Ережеде айқындалған Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне кіретін кез келген мәселені қарауға және сол бойынша шешім қабылдауға құқылы.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының отырыстары Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес қажеттілігіне қарай өткізіледі. Басқарма отырыстарын Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы, ол болмаған жағдайда оның орнындағы адам жүргізеді.

      Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының жұмыс тәртібі оның регламентінде айқындалады.";

      24-тармақтың бесінші бөлігінде:

      7) тармақша алып тасталсын;

      12) тармақшада:

      алтыншы абзац алып тасталсын;

      он екінші абзацта "бекітеді" деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы он үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "соңғы сатыдағы қарыз бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепілге берілетін активтердің құнына дисконт мөлшерлерін бекітеді.";

      13) тармақша алып тасталсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 11 наурыздағы № 552 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 12-13, 116-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі".

      4. "Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 173-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлыққа қосымшада:

      Қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік органдардың тізбесінде:

      "Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық дамуы" блогын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық дамуы" блогын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі".

      5. "Азаматтардың "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кіруінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 151 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 70-71, 521-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарында:

      15-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде департамент басшыларынан төмен емес лауазымдарда, не жылдық орташа штат саны кемінде елу адам болатын республикалық ұйымдардың немесе ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың** басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде төрт жыл жұмыс өтілі талап етіледі.".

      6. "Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ант беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 532 Жарлығында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 34-35, 248-құжат):

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының ант беру қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Егер Қазақстан Республикасының Президенті өзгеше белгілемесе, осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, ант қабылдаған мемлекеттік саяси қызметші оны тиісті мемлекеттік органның ұжымына лауазымды адам таныстырған кезде ант береді.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағаларының, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағаларының, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлерінің антын Қазақстан Республикасының Президенті өзі қабылдайды.

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты және Мәжілісі депутаттары Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палаталарының отырыстарында ант береді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің қалауы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де мүшелері мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ Парламенттің депутаттары Қазақстан Республикасының Президентіне ол айқындайтын тәртіпте ант бере алады.

      Мәслихат немесе оның келісімі бойынша тағайындалатын лауазымды адамдар тиісті мәслихаттың отырысында ант береді.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады