Байланыс формасы

Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті мен

      Үкіметі актілерінің жинағында

      және республикалық баспасөзде

      жариялануға тиіс

      Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      2. Өздеріне қатысты олардың қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін мынадай мемлекеттік органдар айқындалсын:

      1) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес орталық мемлекеттік органдар;

      2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар).

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      3. Бағалау 2010 жылдан басталуы керек пилоттық екі орталық мемлекеттік орган мен облыстың бір жергілікті атқарушы органын қоспағанда, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу 2011 жылдан бастап жүзеге асырылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бір ай мерзімде 2010 жылы бағалауға жататын мемлекеттік органдардың тізбесін бекітсін.

      5. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне тиісті бағыттар бойынша бағалауға жауапты мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша үш ай мерзімде тиісті қорытындылар дайындауды қамтитын бағалау жүргізу әдістемесін әзірлесін және бекітсін.

      6. Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша үш ай мерзімде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың нәтижелері туралы қорытындының форматын әзірлесін және бекітсін.

      7. Алып тасталды - ҚР Президентінің 26.08.2019 № 136 Жарлығымен (01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Алып тасталды - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.

      9. Алып тасталды - ҚР Президентінің 18.03.2014 № 771 Жарлығымен.

      10. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы № 273 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 1, 5-құжат; 2008 ж., № 2, 22-құжат; 2009 ж., № 35, 330-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік басқару органдары қызметінің тиімділігін кешенді бағалау;";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарында:

      7-тармақта:

      "және оның аудиті" деген сөздер алып тасталсын;

      "Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар" деген сөздер "Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар" деген сөздермен ауыстырылсын.

      11. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      12. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2016 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі

      Ескерту. Жыл сайынғы бағалау жүйесі жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.08.2019 № 136 Жарлығымен (01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі (бұдан әрі – Жүйе) орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – бағаланушы мемлекеттік органдар) қызметінің тиімділігін арттыру үшін әзірленді.

      2. Жүйе бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудың (бұдан әрі – тиімділікті бағалау) негізгі ережелерін, қағидаттарын, блоктарын белгілейді, органдар мен ұйымдар жүйесін, оны жүргізу, нәтижелерін айқындау және оларды талқылау тәртібін, сондай-ақ тиімділікті бағалауға қатысушылардың жауапкершілігін айқындайды.

      3. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың мақсаты оларға жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асырылу тиімділігін айқындау болып табылады.

      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін бағалау мыналарды қамтиды:

      мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін операциялық бағалау (бұдан әрі – операциялық бағалау);

      мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелілігін бағалау (бұдан әрі – нәтижелілікті бағалау).

      5. Операциялық бағалау – мемлекеттік органдарда қызмет процестерінің тиімділігін айқындауға бағытталған іс-шаралар кешені.

      6. Нәтижелілікті бағалау – халықтың табысын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың нақты нәтижелерге қол жеткізу дәрежесін айқындайтын іс-шаралар кешені.

      7. Операциялық бағалау үшін ақпарат көздері:

      1) мемлекеттік органдардың есепті кезеңде жүргізген жұмысы туралы есебі;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің және операциялық бағалау жүргізуге уәкілетті мемлекеттік органдардың тексерулерінің нәтижелері;

      3) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуы мәселелері бойынша бақылау нәтижелері;

      4) Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының актілері мен тапсырмаларының орындалуы мәселелері бойынша бақылау нәтижелері;

      5) мемлекеттік органдардың бақылау актілері;

      6) ресми статистикалық деректер;

      7) "Мақсаттарға қол жеткізу" блогын қоспағанда, бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің блоктары (бұдан әрі – операциялық бағалау блоктары) бойынша тәуелсіз сарапшылардың қорытындылары және қоғамдық кеңестердің ұсынымдары;

      8) операциялық бағалаудың белгілі бір блогы бойынша әлеуметтанушылық зерттеулердің, халықаралық ұйымдар мен халықаралық рейтингтер шолуларының нәтижелері;

      9) мемлекеттік органдардың қызметі туралы ресми ақпарат көздерінен алынатын өзге де ақпарат болып табылады.

      8. Операциялық бағалауды осы Жүйенің 13-тармағында айқындалған бағалау жүргізуге уәкілетті органдар (бұдан әрі – бағалауға уәкілетті органдар) жүргізеді.

      9. Операциялық бағалау жыл сайын операциялық бағалау жүргізу кестесіне сәйкес есепті жылдың қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

      10. Операциялық бағалау жүргізу кестесі:

      1) бағаланушы мемлекеттік органдардың операциялық бағалаудың тиісті блоктары бойынша операциялық бағалауға уәкілетті органдарға есепті жылдың қорытындылары бойынша есептік ақпаратты;

      2) операциялық бағалауға уәкілетті органдардың бағаланушы мемлекеттік органдарға операциялық бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды;

      3) операциялық бағалауға уәкілетті органдардың шағымдану рәсімінен кейін операциялық бағалаудың нәтижелері туралы қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға;

      4) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Мемлекеттік органдар қызметін операциялық бағалау жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) жұмыс органына операциялық бағалаудың барлық блоктары бойынша қорытындыларды;

      5) Комиссияның Қазақстан Республикасының Президентіне барлық блоктар бойынша операциялық бағалау нәтижелерін ұсыну мерзімдерін қамтиды.

      11. Операциялық бағалау жүргізу кестесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және операциялық бағалау жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірілмей Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітіледі.

2-тарау. Операциялық бағалау қағидаттары

      12. Операциялық бағалау қағидаттары:

      1) заңдылық қағидаты – операциялық бағалауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкестікте жүргізу;

      2) объективтілік қағидаты – жан-жақты және толық тәуелсіз операциялық бағалау жүргізу, мүдделер қақтығысын болдырмау;

      3) анықтық қағидаты – операциялық бағалаудың нәтижелерін тиісті құжаттармен растау;

      4) ашықтық қағидаты – ақпарат көздерінің шыққан жерін тексеру мүмкіндігі;

      5) жариялылық қағидаты – құпиялылық режимін және қызметтік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, операциялық бағалаудың нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.

3-тарау. Операциялық бағалау органдарының жүйесі

      13. Операциялық бағалау органдарының жүйесін операциялық бағалауға уәкілетті мынадай органдар құрайды:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі;

      2) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі;

      3) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган;

      4) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган;

      5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган (бұдан әрі – бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган);

      6) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган;

      7) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган;

      8) ақпарат саласындағы уәкілетті орган.

      14. Операциялық бағалау нәтижелері туралы қорытындыны қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентіның Әкімшілігі Басшысының шешімімен Комиссия құрылады. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы Комиссияның жұмыс органын айқындайды.

      15. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітілетін Ережені басшылыққа алады.

      16. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін қоспағанда, операциялық бағалауға уәкілетті органдардың қызметін әдіснамалық үйлестіруді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      17. Өздеріне қатысты тиімділікті бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

4-тарау. Операциялық бағалау блоктары

      18. Операциялық бағалау бағаланушы мемлекеттік органдар қызметінің мынадай блоктары бойынша жүзеге асырылады:

      1) мақсаттарға қол жеткізу;

      2) мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы;

      3) мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы.

      19. Осы Жүйенің 18-тармағында көрсетілген операциялық бағалаудың әрбір блогы бойынша операциялық бағалауға уәкілетті органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен, сондай-ақ Комиссияның жұмыс органымен келісілген, операциялық бағалау критерийлері мен көрсеткіштері айқындалатын тиісті әдістемелерді әзірлеп, бекітеді.

      20. Мынадай ережелер операциялық бағалау критерийлері мен көрсеткіштеріне қойылатын міндетті талаптар болып табылады:

      1) критерийлер мен көрсеткіштер ресми статистикалық деректерге, мемлекеттік органдардың деректері мен басқа да тексерілуге жататын ақпаратқа негізделуге тиіс;

      2) бастапқы ақпаратты жинақтау мен өңдеу тәсілі алынған деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігіне жол беруге тиіс;

      3) көрсеткіштің айқындамасы оны бағалайтын да, бағаланатын да мемлекеттік органның бір мәнді түсінуін қамтамасыз етуге тиіс;

      4) қажетті деректерді алу уақыт пен ресурстардың мүмкіндігінше аз шығындарымен жүргізілуге тиіс;

      5) критерийлер мен көрсеткіштерді деректерді үздіксіз жинақтау және олардың жекелеген кезеңдер үшін салыстырмалы болуын қамтамасыз ету қажеттігін негізге ала отырып айқындаған жөн;

      6) критерийлер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның барлық қызметін қамтуға және барлық мемлекеттік функциялардың сапалы орындалуына бағдарлануға тиіс.

      21. Тиімділіктің критерийлері мен көрсеткіштері ретінде халықаралық практикада қолданылатын критерийлер мен көрсеткіштер пайдаланылуы мүмкін.

      22. Критерийлер мен көрсеткіштер мемлекеттік органның тікелей қызметін көрсетуге тиіс.

5-тарау. Мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша операциялық бағалау

      23. Осы блок бойынша операциялық бағалау мемлекеттік органдардың жетекшілік ететін саланы/аяны/өңірді дамыту үшін, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану бойынша қабылдайтын шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      24. Осы блок бойынша операциялық бағалауды мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдар жүзеге асырады.

      25. Мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдарды осы блок бойынша операциялық бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      26. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін орталық мемлекеттік органдарды операциялық бағалаудың осы блогы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бағалайды.

      27. Мақсаттарға қол жеткізу блогы бойынша операциялық бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

6-тарау. Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл блогы бойынша операциялық бағалау

      28. Осы блок бойынша операциялық бағалау халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету, жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін қарау бойынша шаралардың тиімділігін, сондай-ақ мемлекеттік органның ашықтығы дәрежесін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      29. Осы блок бойынша операциялық бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган, мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі уәкілетті орган, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган және ақпарат саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бағалау жүргізуді сүйемелдеуді "электрондық үкімет" архитектурасын және "электрондық әкімдік" үлгілік архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға (бұдан әрі – "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы) жүзеге асырады.

      30. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына операциялық бағалау жүргізу кезінде үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алушыларға сауалнама қою, қоғамдық кеңестердің ұсынымдары негізінде алынған оны ұсынудың сапасы туралы ақпараты пайдаланылады, сондай-ақ қосымша әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізілуі мүмкін.

      31. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын, сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органды осы блок бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын операциялық бағалау бөлігінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі бағалайды.

      32. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органды осы блок бойынша электрондық форматта мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау бөлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бағалайды.

      Ақпарат саласындағы уәкілетті органды осы блок бойынша ашықтық дәрежесі бөлігінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі бағалайды.

      33. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын және ашықтық дәрежесін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін қарау сапасын бағалау нәтижелері туралы қорытынды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға енгізіледі.

      34. Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл блогы бойынша операциялық бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен, ақпарат саласындағы уәкілетті органмен және мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алуды жүргізу жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

7-тарау. Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық даму блогы бойынша операциялық бағалау

      35. Осы блок бойынша операциялық бағалау персоналды басқару және ақпараттық технологияларды қолдану бойынша мемлекеттік органдар шараларының тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.

      36. Осы блок бойынша операциялық бағалауды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ақпараттық технологияларды қолдану бойынша мемлекеттік органдардың қызметіне операциялық бағалау жүргізуді сүйемелдеуді "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы жүзеге асырады.

      37. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органды осы блок бойынша персоналды басқару бөлігінде бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.

      38. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органды осы блок бойынша ақпараттық технологияларды қолдану бөлігінде бағалауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.

      39. Персоналды басқаруды операциялық бағалау нәтижелері туралы қорытынды ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға енгізіледі.

      40. Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық даму блогы бойынша операциялық бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп жүзеге асырады.

8-тарау. Бағаланатын мемлекеттік органдарға операциялық бағалау жүргізу тәртібі

      41. Бағаланатын мемлекеттік органдар бағалауға уәкілетті органдарға жыл сайын операциялық бағалау жүргізу кестесінде белгіленген мерзімдерде бағалауға уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша есептік ақпарат ұсынады.

      42. Операциялық бағалауға уәкілетті органдар тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындалған бағаланатын мемлекеттік органдардың есептік ақпаратындағы деректерді қайта тексеру бойынша кешенді ұйымдастыру шараларын қабылдайды.

      43. Есептік ақпараты тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде қайта тексеруге жататын мемлекеттік органдарды айқындау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      44. Операциялық бағалауға уәкілетті органдар бағалау процесінде алынған мәліметтердің сақталуына және құпиялығына жауап береді.

      45. Бағаланатын мемлекеттік органдар операциялық бағалау қорытындылары бойынша операциялық бағалауға уәкілетті органдар мен Комиссияның бұрын берген тапсырмалары мен ұсынымдарын операциялық бағалаудың әрбір блогы бойынша қызмет тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру арқылы орындайды.

      46. Операциялық бағалау жүргізу кестесіне сәйкес бағалауға уәкілетті органдар тиісті блоктар бойынша бағалау нәтижелері туралы қорытындыларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және бағаланатын мемлекеттік органдарға ұсынады.

      47. Қызмет блоктары бойынша операциялық бағалау нәтижелері туралы қорытындыларда операциялық бағалау туралы қорытынды есеп, операциялық бағалау қорытындылары бойынша бұрын берілген ұсынымдарды іске асыру нәтижелері, сондай-ақ бағаланатын мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру бойынша тұжырымдар мен ұсынымдар қамтылуға тиіс.

      48. Операциялық бағалау жүргізу кестесіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бағаланатын мемлекеттік органдарды операциялық бағалау қызметінің барлық блоктары бойынша қорытындыларды Комиссияның жұмыс органына енгізеді.

      49. Операциялық бағалаудың тиісті блоктары бойынша қорытындылардың нысандарын Комиссияның жұмыс органымен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      50. Комиссия жыл сайынғы операциялық бағалау нәтижелері, сондай-ақ осы Жүйенің 7-тармағында айқындалған дереккөздер негізінде операциялық бағалаудың барлық блоктары бойынша операциялық бағалау нәтижелерін Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді.

      51. Операциялық бағалаудың барлық блоктары бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалар мен ұсынымдары бар операциялық бағалау нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органдардың басшыларына жіберіледі.

      52. Операциялық бағалау қорытындылары бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган құпиялылық режимін, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғауды қамтамасыз етуді ескере отырып, Комиссияның жұмыс органымен келісу бойынша операциялық бағалау нәтижелерін мемлекеттік органдардың қызметін операциялық бағалаудың интернет-ресурсы мен "www.bagalau.kz" сайтында жариялауды қамтамасыз етеді.

      53. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың бірінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда аталған органды операциялық бағалау құқықтық мирасқор-мемлекеттік органды бағалау шеңберінде жүзеге асырылады және құқықтық мирасқор-мемлекеттік органды бағалаудың қорытынды балын есептеу кезінде ескеріледі.

      54. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың екінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде оның қызметіне талдау жүргізіледі, оның нәтижелері құқықтық мирасқор-мемлекеттік органды операциялық бағалау шеңберінде ескеріледі және ұсынымдар ретінде пайдаланылады.

      55. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын кезеңнен кейінгі жылдың басында, операциялық бағалау жүргізу кестесінде белгіленген мемлекеттік органдардың есептік деректерді ұсыну мерзімдеріне дейінгі кезеңде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде оған берілген функциялар мен өкілеттіктер бойынша операциялық бағалау нәтижелері құқықтық мирасқор-мемлекеттік органға ұсынымдар ретінде жіберіледі.

      56. Операциялық бағалауға уәкілетті мемлекеттік орган бағаланатын кезеңнен кейінгі жылдың бірінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде берілген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес операциялық бағалау жүргізуді және қорытынды дайындауды құқықтық мирасқор-мемлекеттік орган жүзеге асырады.

9-тарау. Операциялық бағалау нәтижелеріне шағымдану тәртібі

      57. Операциялық бағалауға уәкілетті мемлекеттік органдардан операциялық бағалау нәтижелерін алған сәттен бастап бағаланатын мемлекеттік орган операциялық бағалау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бес жұмыс күні ішінде операциялық бағалаудың тиісті блоктары бойынша бағалауға уәкілетті органдарға растайтын құжаттарымен бірге қарсылықтар жіберуге құқылы.

      58. Қарсылықтар растаушы құжаттары бар болған жағдайда ғана қаралады.

      59. Операциялық бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қарсылықтарды қарау үшін, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін қоспағанда, операциялық бағалауға уәкілетті органдарда Комиссияның жұмыс органы өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссиялар құрылады, олардың құрамына операциялық бағалауға қатысқан қызметкерлер кіре алмайды.

      60. Операциялық бағалауға уәкілетті органдар күнтізбелік он бес күн ішінде Комиссияның жұмыс органы мен бағаланатын мемлекеттік органдарға қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы шағымдану нәтижелерін жібереді. Осы Жүйенің 62-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, операциялық бағалауға уәкілетті органның қарсылықтарды қабылдау не қабылдамау туралы шағымдану нәтижелері қайта қарауға жатпайды.

      61. Қарсылықтар қабылданған жағдайда операциялық бағалауға уәкілетті орган операциялық бағалау нәтижелері туралы қорытындыға тиісті түзетулер енгізеді.

      62. Комиссияның жұмыс органы операциялық бағалауға уәкілетті органдардың өкілдерін тарта отырып, шағымдану рәсімдерінен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілген мемлекеттік органдардың шағымдары бойынша операциялық бағалаудың жекелеген нәтижелерін қайта тексеру жүргізуге дербес бастамашылық етуге құқылы.

10-тарау. Нәтижелілікті бағалау

      63. Нәтижелілікті бағалауды бағаланатын мемлекеттік орган үшін әрбір жылға индикативті түрде бөлініп, ұзақ мерзімді кезеңге белгіленген нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізуді, сондай-ақ әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелерін талдау негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.

      64. Нәтижелілікті бағалауды әдіснамалық, талдамалық және ұйымдастырушылық үйлестіруді Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

      65. Нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштерін қалыптастыру және бағаланатын әрбір мемлекеттік органға бекіту тәртібін, бағаланатын мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелілігіне жыл сайынғы және аралық бағалау жүргізу әдістемесін, сондай-ақ есепті жылы жалпы елдегі прогресс индексін есептеу әдістемесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзірлейді және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      66. Жалпы елдегі прогресс индексі көрсеткіштерінің мәндерін және бағаланатын әрбір мемлекеттік орган үшін нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштерінің тізбесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.

      67. Жалпы елдегі прогрес индекстері көрсеткіштерінің мәндері және нәтижеліліктің түйінді көрсеткіштерінің тізбесі Қазақстан Республикасының Президентімен келісілген жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      68. Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы нәтижелілікті бағалаудың әдіснамалық тәсілдерін қарау және талқылау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттырудың халықаралық тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тиісті мәселелерін талқылау мақсатында Сарапшылық кеңес құруға құқылы, оның қызметіне тәуелсіз сарапшылар, оның ішінде халықаралық ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.

      69. Қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының шешімімен нәтижелілікті бағалау қорытындылары мен мәселелері Сарапшылық кеңестің қарауына шығарылуы мүмкін.

      70. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы нәтижелілікті бағалау қорытындыларын Қазақстан Республикасының Президентіне жыл қорытындылары бойынша бағаланатын кезеңнен кейінгі жылдың 1 қыркүйегіне дейін және қажеттілігіне қарай енгізеді.

11-тарау. Бағалауға қатысушылардың жауапкершілігі

      71. Осы Жарлық ережелерінің уақтылы және сапалы орындалуын мемлекеттік саяси қызметшілер қамтамасыз етеді.

      72. Тиімділігі бағалануға жататын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тиімділікке бағалау жүргізу үшін есепті кезеңге берілетін ақпараттың дұрыстығына, толықтығына және уақытында ұсынылуына дербес жауап береді.

      73. Бағалау қорытындылары бойынша бағаланатын мемлекеттік орган қызметі көрсеткіштері төмендеген, сондай-ақ сеніп тапсырылған саладағы (қызмет саласындағы) ахуалдың екі және одан артық жыл қатарынан нашарлағаны анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президентінің Әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған құзыретіне байланысты тиісті мемлекеттік саяси қызметшінің және/немесе орталық мемлекеттік органның жауапты хатшысының, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімінің аппараты басшысының жауапкершілігі туралы мәселені қарауға ұсыныс енгізеді.

      74. Бағалауға уәкілетті органдардың тиімділікке бағалау жүргізуге жауапты мемлекеттік саяси қызметшілері рәсімдердің бекітілген әдістемелерге сәйкес келуі және тиімділікті бағалау нәтижелері, сондай-ақ операциялық бағалау жүргізу кестесінде бекітілген мерзімдердің сақталуы үшін дербес жауапты болады.

      75. Тиімділікке бағалау жүргізу процесінде бағалауға уәкілетті органдар алған мәліметтердің жария болғаны үшін мемлекеттік саяси қызметшілер дербес жауапты болады.

      76. Осы Жарлықтың ережелерін бұзушылықтар анықталған жағдайда Комиссияның жұмыс органы тиісті лауазымды адамдардың жауапкершілігі туралы ұсыныс енгізуге құқылы.


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 954 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізілетін орталық мемлекеттік органдардың
ТІЗБЕСІ

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.08.2019 № 136 Жарлығымен (01.09.2019 бастап қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы "Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы" блогы және нәтижелілікті бағалау бойынша

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, "Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық дамуы" блогын қоспағанда

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, құқық қорғау қызметін қоспағанда

      Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі "Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы" блогы бойынша

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі

      Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі "Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы" блогы және нәтижелілікті бағалау бойынша

      Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) "Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылы" блогы бойынша өзінің қызметіне қатысты көрсеткіштер бойынша бағаланады

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады