Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 30 мамыр № 2309.

      "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының Z933600 2-бабына сәйкес қаулы етемiн:

      1. 1993 жылғы 14 қаңтарда Пекин қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарт бекiтiлсiн.

      2. Осы Жарлық жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

      Бейресми мәтін

Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі заң көмегін көрсету туралы
ШАРТ

      Қазақстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы, бұдан былай Шарт жасасушы Жақтар деп аталатындар, заң қатынастары саласында қарым-қатынас орнату мақсатымен тәуелсіздікті құрметтеу және өзара келісушілік негізінде бір-біріне азаматтық және қылмыстық істер жөнінен заң көмегін көрсетуді шешті және осы мақсатта төменде көрсетілгендер туралы келісімге келді.

I ТАРАУ
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-БАП
Хұқықтық қорғау

      1. Шарт жасасушы Жақтың бірінің азаматтары екінші Шарт жасасушы Жақтың аумағында, өздерінің жеке басы мен мүліктік хұқықтарын қорғау үшін, осы екінші Шарт жасасушы Жақтың азаматтарымен бірдей пайдалана алады. Олардың соттарға, әділет органдарына, прокуратура және олардың міндетіне азаматтық, қылмыстық істерді қарауға жататын басқа да мекемелерге өтінішпен баруларына хұқығы бар, сондай-ақ Шарт жасасушы екінші Жақтың азаматтарымен бірдей жағдайда, басқа да процессуалдық іс-әрекеттерді жүзеге асыра алады.

      2. 1-тармақтағы Ереже әрбір Шарт жасасушы Жақтардың аумағындағы заңды ұйымдарға, мекемелерге, оның ұлттық заңына сәйкес қолданылады.

      3. Осы Шартта қолданылған "азаматтық істер" термині, неке-от басы және еңбек істерін де қамтиды.

      4. Осы Шарттың үшінші тарауындағы ережелерден басқасы, сауда және шаруашылық істерінде қолданылады.

2-бап Құқықтық көмек көрсету кезіндегі қатынас тәртібі

      1. Егер осы Шартта өзгеше белгіленбесе, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде Уағдаласушы Тараптар орталық мекемелер арқылы өзара қатынас жасасады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген орталық мекемелерге: Қазақстан Республикасы тарапынан - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі; Қытай Халық Республикасы тарапынан - Қытай Халық Республикасының Әділет министрлігі, Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халық прокуратурасы және Қытай Халық Республикасының Жоғарғы Халық Соты жатады.

      3. Орталық мекемелер өзгерген жағдайда Уағдаласушы Тараптар бұл туралы бірін-бірі дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда – ҚР 27.05.2024 № 87-VIII Заңымен.

3-БАП
Хұқықтық көмек көрсету ауқымы

      Хұқықтық көмек көрсету:

      1. Құжаттарды тапсыру туралы тапсырмаларды орындау, сарапшылық жүргізу, оқиға болған жерлерде тексеру жүргізу, айғақ жинау және осы Шартта аталған азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі басқа да процессуалды іс-әрекеттерді орындауды;

      2. Азаматтық істер жөніндегі сот шешімдерін мойындауды және орындауды;

      3. Осы Шартпен анықталатын басқа да көмектерді қамтиды.

4-БАП
Хұқықтық көмек көрсету туралы тапсырма формасы

      1. Хұқықтық көмек көрсету туралы тапсырма жазбаша дайындалады, онда мыналар көрсетілуге тиіс:

      1) сұраныс беруші мекеменің аты;

      2) сұраныс тапсырылған мекеменің аты;

      3) заң көмегінің көрсетілуі сұралған істің аты;

      4) тапсырмада сөз болып отырған, процеске қатысушылардың аты-жөні, азаматтығы, жынысы, туған жері мен жылы, немен шұғылданатындығы және тұрақты мекен-жайы немесе уақытша тұратын жері, заңды мекемелер үшін - олардың аты мен мекен-жайы;

      5) олардың өкілетті өкілдерінің аты-жөні және мекен-жайы;

      6) тапсырманың мазмұны, ал, қылмыстық істер бойынша, сондай-ақ жасалған қылмыстардың нақты жағдайларын сипаттап жазу, оның заң жүзіндегі квалификациясы және тиісті заң актілерінің ережелері.

      2. Тапсырмаға және басқа да құжаттарға Шарт жасасушы Жақтың сұраныс беруші мекемесінің ресми мөрі басылуы тиіс.

5-БАП
Тапсырманы орындау

      1. Егер сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақтың ұлттық заңына сәйкес, тапсырманы орындау осы Жақтың соттары мен басқа да қызмет бабындағы мекемелерінің міндетіне кірмейтін болса, онда тапсырмадан бас тартылу себептері көрсетіліп қайтарылуы мүмкін.

      2. Шарт жасасушы Жақтың сұраныс тапсырылған мекемесі тапсырманы орындауға хұқылы болмаған жағдайда, ол көрсетілген тапсырманы орындауға сұраныс тапсырылған, Шарт жасасушы Жақтың құзырлы мекеніне жіберуге міндетті, сондай-ақ бұл туралы Шарт жасасушы екінші Жақтың сұраныс беруші мекемесін хабардар етуге тиіс.

      3. Егер Шарт жасасушы Жақтың сұраныс тапсырылған мекемесі, көрсетілген тапсырмадағы мекен-жайдың дәл еместігіне байланысты тапсырманы орындауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, ол мекен-жайды анықтау үшін тиісті шараларды қолдануға міндетті немесе Шарт жасасушы Жақтың сұраныс беруші мекемесінен қосымша мәліметтер талап етеді.

      4. Егер мекен-жайды анықтауға немесе тапсырманы орындауға бұдан басқа да себептерге байланысты мүмкіндік болмаған жағдайда, Шарт жасасушы Жақтың сұраныс тапсырылған мекемесі бұл туралы екінші Шарт жасасушы Жақтың сұраныс беруші мекемесіне хабарласуға міндетті және тапсырманы орындауға кедергі болған себептерді баяндауға, сондай-ақ Шарт жасасушы Жақтың сұраныс беруші мекемесі жіберген барлық құжаттарды қайтаруға тиіс.

6-БАП
Орындалу нәтижелері туралы хабарлар ету

      1. Сұраныс тапсырылған мекеме, осы Шарттың екінші бабында көрсетілген тәртіпте, сұраныс беруші мекемені жазбаша түрде тапсырманың орындалу нәтижелері туралы хабарлар етуге, сондай-ақ орындалғандығын растайтын құжаттарды жіберуге міндетті.

      2. Орындалғанын растайтын Құжатта тапсырманың алынған күні, айы, жылы алушының қолы және тапсырманы орындаған адамның қолы көрсетілуге тиіс.

      3. Егер алушы алудан бас тартса, онда алудан бас тартуының себептері көрсетілуге тиіс.

      Тапсырманың орындалғанын растайтын құжатқа тапсырманы орындаған сұраныс тапсырылған мекеменің ресми мөрі басылуы тиіс.

7-БАП
Қатынас тілдері

      1. Заң көмегін көрсету кезінде әрбір Шарт жасасушы Жақ өзінің мемлекеттік тілін пайдаланады, барлық құжаттардың екінші Шарт жасасушы Жақтың мемлекеттік тілінде немесе ағылшын не орыс тілдеріндегі куәландырылған аудармасы қоса беріледі.

8-БАП
Құжаттарды тапсыру және жеке іс жүргізу әрекеттерін
дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер
арқылы орындау

      Құзырлы органдардың тапсырмасы бойынша Шарт жасасушы Жақтардың бірінің екінші бір Шарт жасасушы Жақта аккредитивтенген дипломатиялық өкілдіктері немесе консулдық мекемелері өз азаматтарына сот және соттан тыс құжаттарды тапсырып, олардан жауап ала алады. Алайда, бұл іс-әрекеттер мәжбүр ету шараларына жатпайды және өздері тұрған елдің заңына қарсы келмейді.

9-БАП
Куәларға, жәбірленушілерге және сарапшыларға
қатысты кепілдіктер

      1. Сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақ арқылы жіберілген, оның елдің азаматы екендігіне қарамастан, сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақтың сот немесе басқа да құзырлы мекемелерінің шақыру қағазы бойынша келген куә, жәбірленуші немесе сарапшы сұраныс беруші мемлекетте әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, немесе оларға мемлекеттік шекарадан өткенге дейінгі жасаған заң бұзушылық немесе оның куәлік көрсетулеріне, сарапшы ретіндегі іс-әрекеттеріне байланысты басқа да анық-қанығына жету мәселесі болып табылатын істерге байланысты бас бостандығынан айырудың қай формасы болмасын қолданылмайды.

      2. Егер куәгер, жәбірленуші немесе сарапшы сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақтың аумағын, оларға өздерінің мұнда болуының қажет еместігі жөнінде жазбаша хабардар етілген соң 15 күннің ішінде тастап кетпесе ол сұраныс беруші Шартқа отырушы Жақтың аумағынан өзінің еркінен тыс себептерге байланысты уақытылы кете алмаған жағдайдан басқасының бәрінде оларға берілген осы баптың 1-тармағындағы кепілдіктің күші жойылады.

      3. Осы баптың 1-тармағында аталған шақыру осы Шарттың 2-бабында көрсетілген тәртіпте беріледі, Шақырудың мазмұнында мәжбүр ету шараларын қолдану туралы қоқан-лоқы болмауға тиіс.

10-БАП
Заң көмегін көрсетуге байланысты шыққан шығындар

      1. Шарт жасасушы Жақтар, сарапшылардың қызмет көрсетулерінен басқа, барлық заң көмегін тегін көрсетеді.

      2. Сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақтың аумағына шақыру бойынша келген куә, жәбірленуші немесе сарапшының жол қаражатына, тамағына, жатын орнына кеткен шығынды сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақ төлейді. Шақыруда, аталған адамдардың қандай төлемдерді алуға хұқықты екендігі көрсетілуі тиіс. Аталған адамдардың өтініші бойынша Шарт жасасушы Жақ оларға алдын-ала тиісті шығынды төлеуге міндетті.

11-БАП
Заң көмегінен бас тарту

      Егер сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақ заң көмегін көрсету оның тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке немесе оның ұлттық заңының негізгі принциптеріне қарсы келеді деп санаса, ол сұраныс беруші Шарт жасасушы Жаққа бас тарту себебін хабарлай отырып, заң көмегін көрсетуден бас тарта алады.

12-БАП
Заң көмегін көрсету кезінде қолданылатын заң

      1. Сұраныс тапсырылған мекеме заң көмегін көрсету кезінде өз мемлекетінің ұлттық заңын қолданады.

      2. Сұраныс тапсырылған мекеме заң көмегін көрсету барысында сондай-ақ өтініш бойынша егер ол сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақтың ұлттық заңының негізгі принциптеріне қайшы келмесе Шарт жасасушы екінші Жақтың іс жүргізу нормаларын қолдана алады.

13-БАП
Заң ақпаратымен алмасу

      Шарт жасасушы Жақтар, өз өтініштері бойынша, бір-біріне қолданылып жүрген немесе қолданылған заң туралы және сот практикасы туралы ақпарат береді.

ІІ ТАРАУ
Азаматтық істер бойынша заң көмегін көрсету
14-БАП
Заң көмегінің ауқымы

      Шарт жасасушы Жақтар өзара өтініш жасау негізінде сот және соттан тыс құжаттарды табыс етеді, процесске қатысушылардан куәлар мен сарапшылардан жауап алады, сарапшылық жүргізеді, уақиға болған жерді тексереді, сот шешімдерін мойындайды және орындайды, соның ішінде алиментті өндіріп алу үшін қарыздарларды іздеу жөніндегі шараларды қолданады, сондай-ақ басқа да процессуалды іс-әрекеттерді орындайды.

15-БАП
Сот шығындарын өтеу

      1. Шарт жасасушы Жақтардың бірінің азаматы екінші Шарт жасасушы Жақтың аумағында сот шығындарын осы Шарт жасасушы Жақтың азаматтарымен тең жағдайда және бірдей мөлшерде төлейді.

      2. Сондай-ақ осы баптың 1-тармағындағы ереже Шарт жасасушы Жақтардың бірінің аумағында олардың ұлттық заңына сәйкес ашылған заңды мекемелерге де қолданылады.

16-БАП
Сот шығындарын өтеуден толық немесе ішінара босату

      1. Шарт жасасушы Жақтың бірінің азаматы екінші Шарт жасасушы Жақтың аумағында сот шығындарын толық немесе ішінара өтеуден осы Шарт жасасушы Жақтың азаматтарымен тең жағдайда және бірдей мөлшерде босатылады.

      2. Шарт жасасушы Жақтың бірінің азаматы сот шығындарын өтеуден толық немесе ішінара босату туралы өтініш білдіргенде тұратын жері немесе уақытша тоқтаған жеріндегі құзырлы мекемелерден алған жеке басын, от басының және мүліктік жағдайын растайтын құжаттарды тапсыруға тиіс. Егер өтініш берушінің тұрақты мекен-жайы немесе Шарт жасасушы Жақтың аумағында уақытша тоқтаған жері болмаса ол өз мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемелер берген не растаған жоғарыда құжаттарды тапсыра алады.

      3. Сот шығындарын өтеуден толық немесе ішінара босату туралы өтініш бойынша шешім шығарған сот құжатты берген органнан қосымша түсініктеме талап ете алады.

17-БАП
Мойындауға және орындауға жататын шешімдер

      1. Шарт жасасушы Жақтар осы Шарттың ережелеріне сәйкес өз аумағында екінші Шарт жасасушы Жақтың аумағында шығарылған және күшіне енген сот шешімдерін сондай-ақ, мойындауға жататын бірақ осы Шарт күшіне енген соң орындалуы талап етілмейтін шешімдерді де мойындауға және орындауға міндетті.

      2. Осы Шарт тексінде қолданылып отырған "сот шешімдері" термині мынаны білдіреді:

      - Қазақстан Республикасында - соттың /соттардың/ сонымен қатар төрелік соттың /соттардың/ шешімі, анықтамасы, қаулысы, азаматтық және төрелік істер жөніндегі бітімге келісімі, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша зиянды өтеу бөлігі үкімі;

      - Қытай Халық Республикасында - сот шығарған үкім, анықтама, азаматтық іс жөніндегі бітістіру актісі және қылмыстық іс бойынша шыққан шығынды өтеуге қатысты үкім.

18-БАП
Сот шешімін мойындау және орындау туралы өтініш

      1. Сот шешімін мойындау және орындау туралы өтінішті арызданушы осы шешімді шығарған сотқа береді, бұдан кейін бұл сот шешімді осы Шарттың 2-бабында көрсетілген тәртіпте екінші Шарт жасасушы Жақтың сотына жібереді. Арызданушы екінші Шарт жасасушы Жақтың сотына да тікелей өтініш бере алады.

      2. Сот шешімін мойындау және орындау туралы өтініш мынандай құжаттармен бірге жіберілуге тиіс:

      1) сот растаған сот шешімінің көшірмесі; егер шешім күшіне енгендігі және орындалуы мүмкін екендігі туралы көшірмеде нақты көрсетілмесе, онда соттың осы туралы құжатының бір данасы;

      2) сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақтың аумағында шешімнің орындалған бөлігі туралы сот құжаты;

      3) іс жүргізуге қатыспаған Жаққа белгіленген заң тәртібінде сотқа шақырылғандығы туралы хабарлау қағазы тапсырылғанын ал ол қабілетсіз болған жағдайда оның тиісті өкілі болғандығын растайтын құжат;

      4) осы бапта аталған өтініш пен оған қоса берілген құжаттардың расталған аудармасы.

19-БАП
Сот шешімін мойындау және орындау тәртібі

      1. Сот шешімін мойындауда және орындауды Шарт жасасушы Жақтың ұлттық заңында белгіленген тәртіпке сәйкес өтініш берілген осы Шарт жасасушы Жақтың соты жүзеге асырады.

      2. Өтініш берілген сот, аталған шешімді оның осы Шарт талаптарына сәйкестігін ғана қарайды.

      3. Мойындалуы және орындалуы туралы өтініш түскен шешімге қатысты, өтініш алған сот, қажет болған жағдайда, осы шешімді шығарған соттан қосымша материалдарды талап ете алады.

20-БАП
Мойындау мен орындаудың заң жүзіндегі күші

      Шарт жасасушы Жақтардың бірінің сотының екінші Шарт жасасушы Жақ сотының шешімдерін мойындау және орындау осы Шарт жасасушы Жақ сотының шешімдерінің мойындалуы және орындалуы бірдей күшке ие.

21-БАП
Шешімді мойындаудан және орындаудан бас тарту

      Мынандай жағдайларда сот шешімін мойындаудан және орындаудан бас тартылады:

      1) егер шешім шығарылған, Шарт жасасушы Жақтың ұлттық заңына сәйкес, бұл шешім күшіне енбеген болса және орындауға жатпайтын болса;

      2) егер шешімді мойындау және орындау туралы өтініш берілген Шарт жасасушы Жақтың ұлттық заңына сәйкес, іс тек қана өтініш тапсырылған Шарт жасасушы Жақ сотының құзырында болғанда;

      3) егер іс жүргізуге қатыспаған Жаққа Шарт жасасушы Жақтың, шешім қабылдаған мекеменің, ұлттық заңына сәйкес сотқа шақыру туралы қағазы тапсырылмаған болса немесе ол қабілетсіз болған жағдайда, қатысуға тиісті өкілі болмағанда;

      4) егер сұраныс тапсырған Шарт жасасушы Жақтың соты екі Жақтың арасындағы сол бір заң жөніндегі дау туралы күшіне енген шешім қабылдаса немесе ол өздерінде қарауда жатса, немесе үшінші мемлекеттің осы істер жөніндегі шешімі күшіне енген деп танылған болса;

      5) егер шешімді мойындау мен орындау өтініш жасалған Шарт жасасушы Жақтың тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне немесе қоғамдық тәртібіне зиян келтіретін болса.

ІІІ ТАРАУ
Қылмыстық істер жөніндегі заң көмегі
22-БАП
Хұқықтық көмек ауқымы

      Шарт жасасушы Жақтар өтініш бойынша, куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, күмәнділер мен айыптылардан қылмыстық істер жөнінен жауап алу туралы тапсырманы орындауды; айғақтар жинауға байланысты тінтуді, сарапталуды, тексеруді және басқа да іс жүргізу әрекеттерін жүргізуді; заттай айғақтар мен құжаттарды қылмыстық жолмен қолға түсірген құнды заттарды тапсыру туралы, сондай-ақ қылмыстық істерді жүргізуге байланысты іс жүргізу құжаттарын тапсыру; сот ісінің нәтижелері туралы бірін-бірі хабардар ету.

23-БАП
Құжаттарды тапсыру және жекелеген іс жүргізу
әрекеттерін орындау

      1. Құжаттарды тапсыру тәртібі және қылмыстық істер бойынша айғақтар жинауға байланысты жекелеген іс жүргізу әрекеттерін орындау осы Шарттың 4-6, 8-баптарында анықталады.

      2. Жоғарыда аталған тапсырмаларды жіберген кезде даналар көрсетілуі тиіс: қылмыс жасалған жағдай, оның квалификациясы және заң актілерінің тиісті ережелері.

24-БАП
Қылмыстық жолмен қолға түсірілген ақша мен құнды
заттарды тапсыру

      1. Шарт жасасушы Жақ екінші Шарт жасасушы Жақтың талабы негізінде, осы Шарт жасасушы Жаққа екінші Шарт жасасушы Жақтың аумағында қылмыстық жолмен қолға түсірілген ақша мен құнды заттарды тапсыруы керек, алайда тапсыру кезінде Шарт жасасушы Жақтардың немесе үшінші Жақтардың осы құнды заттарға қатысты хұқықтарына қысым жасалмауы керек.

      2. Егер Жоғарыда көрсетілген ақша мен құнды заттар сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақтың аумағында, басқа бір шешілмеген қылмыстық істер жөнінде сот анық-қанығына жету үшін қажет болған жағдайда, бұл Шарт жасасушы Жақ оларды тапсыруды уақытша тоқтата тұрады.

25-БАП
Қылмыстық істер бойынша заң көмегін көрсетуден бас тарту

      Сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақ осы Шарттың 11-бабында көрсетілген негіздерден басқа, қылмыстық істер бойынша заң көмегін көрсетуден төмендегі негіздердің бірі бойынша бас тарта алады:

      1) тапсырмада көрсетілген іс-әрекеттер, сұраныс тапсырылған Жақтың ұлттық Заңы бойынша қылмыс болып есептелмегенде;

      2) тапсырмада көрсетілген күдікті немесе айыпталушы сұраныс тапсырылған Шарт жасасушы Жақтың азаматы болып табылса және сұраныс беруші Шарт жасасушы Жақтың аумағында болмаса.

26-БАП
Қылмыстық істер жөнінде жүргізілген сот анықтауларының
қорытындылар мен іс қозғау туралы хабардар ету

      Шарт жасасушы Жақтар бір-біріне екінші Шарт жасасушы Жақтың азаматына қатысты іс қозғалғандығы туралы және қажет болған жағдайда, екінші Шарт жасасушы Жақтың азаматтарына қатысты өздерінің соты шығарған үкім туралы мәлімет беруге міндетті.

27-БАП
Бұрын жасалған қылмыстар туралы ақпарат

      Шарт жасасушы Жақтар, өтініш бойынша, бір-біріне ақысыз, бұрын екінші Шарт жасасушы Жақтың сотымен сотталған адамға қатысты қылмыстық істерді анық қанығына жету үшін қажет, сотталғандығы туралы мәліметтер береді.

ІV ТАРАУ
Басқа да ережелер
28-БАП
Құжаттардың ақиқат екендігі

      Шарт жасасушы Жақтың бірінің соты немесе басқа бір құзырлы мекемесі құрастырған немесе куәландырған құжаттар, осы Шарт жасасушы Жақтың тиісті құзырлы мекемесінің мөрі басылған болса, жарамды болып табылады. Осындай түрде оларды екінші Шарт жасасушы Жақтың соты немесе басқа құзырлы мекемесі ешбір легализациясыз қабылдай алады.

29-БАП
Азаматтық хал туралы құжаттарды және басқа да
құжаттарды жіберу

      Осы Шартты орындау үшін Шарт жасасушы Жақтың бірінің құзырлы мекемелері, дипломатиялық каналдар арқылы алынған өтініштер бойынша, екінші Шарт жасасушы Жақ азаматының жеке басы хұқықтары мен мүліктік мүдделеріне қатысты азаматтық хал актілерін тіркеу, оқу-ағарту мен еңбек стажы туралы мәліметтерді және басқа да құжаттарды екінші Шарт жасасушы жаққа ақысыз және әрі ағылшын немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге жібереді.

30-БАП
Заттарды алып шығу және ақша аудару

      Осы Шарттың ережелері және оны орындау Шарт жасасушы екі Жақтың да шекарадан заттарды алып шығу және ақшаны аудару туралы өз заңдары мен ережелерін орындауға кедергі жасай алмайды.

31-БАП
Дауларды шешу

      Осы Шартты түсіндіру немесе орындау мәселелеріне байланысты пайда болған даулар дипломатиялық каналдар бойынша шешілуге тиіс.

V ТАРАУ
Қорытынды ережелер
32-БАП
Шарттың күшіне енуі

      Осы Шарт екі Жақ өздерінің ұлттық заңында көрсетілген, Шарттың күшіне енуіне мүмкіндік беретін, барлық заң процедураларын орындаған және, дипломатиялық каналдар бойынша, өзара жазбаша хабарландырулармен алмасқаннан соң, соңғы хабарландыруды алғаннан кейінгі 30-ыншы күнде күшіне енеді.

33-БАП
Шартқа өзгертулер мен қосымшалар енгізу

      Шарт жасасушы жақтар, дипломатиялық каналдар бойынша, осы Шарттың тексіне өзгертулер мен қосымшалар енгізу мәселелері жөнінде консультациялар өткізуге және өздерінің ұлттық заңдарына сәйкес, заң процедураларын орындауға міндетті.

34-БАП
Іс-әрекетін тоқтату

      Осы Шарт мерзімсіз және Шарт жасасушы Жақтың кез-келгенін бір дипломатиялық каналдар бойынша оның іс-әрекеті тоқтатылатыны туралы хабардар еткеннен кейін алты ай мерзім ішінде өз іс-әрекетін тоқтатады.

      Осы Шартқа 1993 жылы 14 қаңтарда Пекин қаласында қол қойылды, екі данадан, бірі қазақ тілінде, екіншісі қытай тілінде, орыс тіліндегі аудармасы қоса берілген, екі тексте бірдей күшке ие.

Қазақстан Республикасы

Қытай халық Республикасы

үшін

үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады