"Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 3 қазандағы N 2477 Заң күшi бар жарлығы

      Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты және "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы заңының Z933600_ 1-бабына сәйкес қаулы етемiн:

      1. "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1991 ж., N 52, 636-құжат) мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:

      1. Заңның кiрiспесiнде:

      екiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасында әрбiр адамның азаматтық алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының азаматтығы осы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады";

      мынадай мазмұндағы үшiншi абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды".

      2. 3-бапта:

      екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды";

      үшiншi бөлiгi алынып тасталсын;

      төртiншi бөлiгi үшiншi бөлiгi болып саналсын, ондағы "бұрынғы одақтас республикалар" сөздерi "басқа мемлекеттер" сөздерiмен алмастырылсын.

      3. 4-баптағы "растайтын құжат" сөздерiмен кейiн "Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi немесе" сөздерiмен толықтырылсын.

      4. 5,8,9-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық

      жағдайы

      Қазақстан Республикасының азаматтығы, оның қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.

      Қазақстан Республикасының азаматтары тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, нәсiлi мен ұлтына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, саяси және өзге де сенiмдерiне, кәсiбiнiң түрi мен сипатына, тұрғылықты жерiне және басқа мән-жайларға қарамастан заң алдына тең.

      Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында жарияланған, кепiлдiк берiлетiн азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтiк құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленедi.


      8-бап. Қазақстан Республикасының азаматын басқа мемлекетке

      беруге болмайтындығы

      Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе,

      Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.

      9-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi

      азаматтарды қорғау

      Қазақстан Республикасы өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген

      азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк

      бередi".

      5. 10-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында

      көзделген негiздер мен тәртiп бойынша".

      6. 16-бап мына редакцияда жазылсын:

      "16-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау

      шарттары

      Қазақстан Республикасының азаматтығына:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында кемiнде бес жыл тұрақты тұрып келген адамдар, не болмаса Қазақстан Республикасы азаматтарымен некеде тұратын адамдар қабылданатын болады.

      Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаған кезде кәмелетке толмағандардан, пайым қабiлетiн жоғалтқан адамдардан және Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбек сiңiрген адамдардан, сондай-ақ Қазақстан аумағынан саяси себептермен кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарынан, егер олар тарихи Отаны ретiнде тұрақты тұру үшiн Қазақстан Республикасына қайтып оралған болса, олардан осы тармақшаның бiрiншi абзацында көзделген шарттардың болуы талап етiлмейдi;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының iшiнде жақын туыстарының бiрi - баласы (оның iшiнде асырап алған баласы), жұбайы (зайыбы) және ата-анасының бiреуi (асырап алушысы), апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары, Қазақстан Республикасында тұру мерзiмiне қарамастан, қабылданатын болады.

      Мiндеттi әскери қызмет атқарып жүрген және Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан әскери қызметшiлердiң азаматтығы мәселелерi Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарымен белгiленедi".

      Ескерту. 6-тармаққа түзету енгiзiлген.

      7. 17-баптың 7-тармағындағы "Қосарлас азаматтық туралы мемлекетаралық келiсiм болмаған жағдайда" сөздерi алынып тасталсын.

      8. 21-баптың бiрiншi бөлiгi: "адамның басқа мемлекетте" сөздерiнен кейiн "әскери қызметке" сөздерiмен толықтырылсын.

      Осы баптың 3-тармағында "бойынша" сөзiнен кейiн нүктелi үтiр қойылып, "айырылады" сөзi алынып тасталсын.

      Осы бөлiк мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4) егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын адам дәлелсiз себептермен бес жыл бойы консулдық есепке тiркелмесе айырылады".

      9. 5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентiнiң және мемлекеттiк органдарының азаматтық мәселелер жөнiндегi өкiлеттiгi".

      10. 29-баптың екiншi бөлiгiнде:

      төртiншi абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығару туралы";

      алтыншы абзац алынып тасталсын.

      11. 30-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "30-бап. Iшкі iстер органдарының өкiлеттiгi

      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi, облыстардың, қалалардың, аудандардың және қаладағы аудандардың iшкi iстер басқармалары, бөлiмдерi:

      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдардан Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi жөнiнде арыздар қабылдайды және оларды қажеттi құжаттармен бiрге Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына жiбередi;

      Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделгендей Қазақстан Республикасының азаматтығына алынғандығын және Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққандығын тiркеудi жүзеге асырады;

      Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын адамдардың Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылуын тiркейдi".

      12. 34-шi баптың екiншi бөлiгiндегi "Министрлер Кабинетi" сөздерi "Сыртқы iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасының халықтың көшi-қон мәселелерiн жүргiзушi органы" сөздерiмен алмастырылсын.

      13. 36-баптың бiрiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтыққа қабылдау, оны өзгерту мәселелерi жөнiнде және өтiнiш қабылданбаған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы шығарылады".

      14. 37-бапта:

      бiрiншi бөлiктiң үшiншi тармағында "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы шыққан күнi" деген сөздерден кейiн, нүктелi үтiр қойылып, "ие болады" деген сөздер алынып тасталсын.

      Осы бөлiк мынадай мазмұндағы төртiншi тармақпен толықтырылсын:

      "мемлекетаралық шарттарында көзделгендей тәртiп бойынша тiркелген күннен бастап ие болады";

      екiншi бөлiгi мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының азаматтығы:

      - Қазақстан Республикасы Президентiнiң азаматтықтан шығару туралы Жарлығы шыққан күнi;

      - осы Заңда көзделген тәртiппен мемлекеттiк органдардың одан айырылғанын тiркеген күнi;

      - Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген тәртiппен Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуы тiркелген күнi тоқталады".

      15. 39-баптың бiрiншi бөлiгiндегi "Халық депутаттары


      Кеңестерi атқару комитеттерiнiң" сөздерi "облыстардың,

      қалалардың, аудандардың және қалалардағы аудандардың" сөздерiмен

      алмастырылсын.

      II. "Қазақстан Республикасында азаматтық алудың оңайлатылған

      тәртiбiн белгiлеу туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң

      1993 жылғы 23 желтоқсандағы N 1470 Жарлығының (Қазақстан

      Республикасының ПҮАЖ-ы, 1993 ж., N 48, 577-құжат) күшi жойылған

      деп танылсын.

      III. Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының

      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады