Атқарушы органдардың жергілікті норма шығармашылығы, нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу және құқықтық оқу саласындағы жұмыстарының жағдайы туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы әкімиятының 2004 жылғы 24 қыркүйектегі N а-8/227 қаулысы. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2004 жылғы 28 қазанда N 2857 тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы әкімдігінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № А-1/32 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы әкімдігінің 2008.02.07 № А-1/32 қаулысымен

      Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу саласындағы жұмыс қорытындысы Ақмола облысының әділет департаментінде 2004 жылдың 8 айында әкімдер мен облыс әкімдіктерінің 340 актісі тіркелгендігін, ол өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 27% жоғары екендігін көрсетті. 202 акті мемлекеттік тіркеуден өтпей қайтарылған, 2003 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 79 акті болатын, яғни қабылданған актілердің сапасы нашарлағандығы байқалады.
      Жоспарлы тексерістер кезінде әділет департаменті Атбасар, Бұланды, Қорғалжын аудандары, Көкшетау қаласы әкімдерінің аппараттарында 48 акті белгіленген тәртіп бойынша тіркеуден өткізілмегендігін анықтады, мемлекеттік тіркеуден өтпегендерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялау, сол сияқты мемлекеттік тіркеуден өткендерін жарияламау фактілері орын алған, сөйтіп заңсыз түрде қолданылып жүрген.
      Сонымен қатар, аймақтық заңнаманың басым бөлігін мәслихаттардың нормативтік-құқықтық актілері құрайды. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасының  Заңымен белгіленген өз өкілеттігіне сәйкес облыстың өкілетті органдары жоспарларды, аймақтық даму бағдарламаларын, жергілікті бюджетті, сонымен қатар, атқарушы органдар әзірлейтін басқа да мәселелер бойынша нормативтік-құқықтық актілерді бекітеді. Осы актілерді дайындау кезінде жіберілген қателіктер оны тіркеуден өткізуге мүмкіндік бермейді.
      Облыс әкімдігі нормативтік-құқықтық актілерді шығару, тіркеуге тапсыру және жариялау кезінде жіберілген қателіктер аудан, қала әкімдерінің осы жұмысқа салғырт қарап отырғандығын, әкімдіктер мен әкім аппараттарының лауазымды тұлғалары тиісті бақылау жүргізбей отырғандығын көрсетті.
      Аудан, қала әкімдері аппараттарының заңгерлері ауыл әкімдеріне нормативтік-құқықтық актілерді дайындау кезінде көмек көрсетпеуі олардың өз деңгейінде міндеттерін атқаруына мүмкіндік бермейді.
      Әкімдіктердің заңгерлік қызметтерінің кәсіби дайындығы нашарлығы және өзге жұмыстармен көп айналысуы, лауазымды тұлғалардың және тұрғындардың құқықтық оқуы дұрыс ұйымдастырылмауы, "Заң" компьютерлік базасы жоқтығы аймақтардағы жалпы заңды білу деңгейін қамтамасыз етпейді, ол өз кезегінде мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің және халықтың мүддесі үшін заңдар мен басқа да нормативтік актілерді жүзеге асыруда кері әсер етеді.
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің әрбір ауданда әділет бөлімін құру туралы шешімі құқықтық қызмет көрсетуді облыс аудандарына жақындатып сол арқылы жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың актілерін, заңды тұлғаларды тіркеуді жеңілдетуді және құқықтық насихат пен басқа да құқықтық жұмыстарды жақсартуды мақсат етеді.
      Бірақ, кейбір аудандарда оларға құжаттандыру функциялары тапсырылуын ескере отырып,  әділет бөлімдерін дұрыс орналастыру және жұмыс жүргізуіне жағдай жасау мәселелері толық шешілмеген.
      Мемлекеттік органдардың жұмыстарын құқықтық қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы мен көкейтестілігін ескере отырып және заңдылық режимін қолдау мақсатында облыс әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Аудандар мен қалалардың әкімдері:
      1) "Орталық және жергілікті атқарушы органдарда заңгерлік жұмыстардың сапасын арттыру жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 маусымдағы N 868  Қаулысының 1 және 2 тармақтарын орындау бойынша шаралар қолдансын, атап айтқанда шектелген штат саны аясында өз алдына бөлек заң қызметінің құрылымдық бөлімшелерін құруды қамтамасыз етсін. Құқықтық жұмыстарды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1995 жылғы 5 мамырдағы N 624 "Мемлекеттік басқару органдарының заң қызметі және олардың ведомстволық кәсіпорындары, мекемелері жөніндегі Ережені бекіту туралы"  Қаулысымен бекітілген ережені қолдана отырып белгілесін;
      2) әкім мен әкімдіктің қабылданған нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеуге және заңнамада белгіленген тәртіппен жариялауға тапсыру жөніндегі жұмыстар бойынша жауапкершілікті өз орынбасарларының деңгейіндегі лауазымды тұлғаларға жүктесін, заңсыз және тіркелінбеген нормативтік-құқықтық актілердің қолданылуына жол бермесін;
      3) ауылдық округ әкімдерінің нормативтік-құқықтық актілер қабылдау және тіркеу жөніндегі өз өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсаттарында аудан әкімдіктерінің, аудандық маңызды қалалар, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімдерінің "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының 35-бабы аясында тиісті қарым-қатынасын қамтамасыз етсін;
      4) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың біріне дейін Ақмола облысының әділет департаментіне барлық қабылданған, күші жойылған және күші жойылған деп танылған актілер туралы мәлімет тапсырып отырсын;
      5) күзгі-қысқы кезеңде тұрақты жұмыс жүргізуін қамтамасыз ету мақсаттарында Ақмола облысы әділет департаментінің аудандық бөлімдеріне ауданның коммуналдық меншігіндегі ғимараттардан орын алуға, қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетсін;
      6)  "Заң" компьютерлік базасын орнатсын.
      2. Ақмола облысының әділет департаментіне аудандар мен қалалардың әкімдерімен және басқа да заң ведомстволарымен бірлесе отырып жүйелі түрде құқықтық оқу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету ұсынылсын.
      3. Аудандар мен қалалардың әкімдері осы қаулының орындалуы туралы 2004 жылдың 9 айы және 2004 жылдың нәтижелері бойынша ақпарат тапсырсын.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Қ.М. Отаровқа жүктелсін.
      5. Облыс әкімдігінің осы қаулысы әділет департаментінде тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

       Облыс әкімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады