Алматы қаласында жануарларды ұстау Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы қаласы мәслихатының 2008 жылғы 2 шілдедегі N 118 шешімі. Алматы қаласы Әділет департаментінде 2008 жылғы 14 тамызда N 787 тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2013 жылғы 28 тамыздағы N 167 шешімімен

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Алматы қаласы мәслихатының 2012.09.14 № 56 шешімімен күші жойылуы көзделген (01.01.2013 бастап күшіне енеді).
      Күшін жою туралы шешімнің күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2012.12.12 № 86 шешімімен.
      Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 28.08.2013 N 167 шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 10 бабы 2 тармағы 1 тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15 тармақшасына сәйкес ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Ұсынылған Алматы қаласында жануарларды ұстау Ережесі бекітілсін.
      2. Күші жойылған деп танылсын:
      І сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХV сессиясының "Алматы қаласында жануарларды ұстау туралы Ережесін" бекіту туралы" 1997 жылғы 6 қыркүйектегі шешімінің (мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу реестрінде 1998 жылы 15 қаңтарда N 5 болып тіркелген);
      ІІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының 2001 жылғы 4 сәуірдегі "І және ІІ сайланған Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ІХ сессиясы шешімінің 1 тармағы, (2001 жылғы 25 сәуірде мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерді тіркеу реестрінде N 327 болып тіркелген).
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      IV сайланған Алматы қаласы
      мәслихаты ХІ сессиясының
      төрағасы                          Т. Есполов

      ІV сайланған Алматы қаласы
      мәслихатының хатшысы              Т. Мұқашев

IV сайланған Алматы қаласы
мәслихаты IX сессиясының
2008 жылғы 2 шілдедегі
N 118 шешімімен бекітілді

Алматы қаласында жануарларды ұстау туралы
ЕРЕЖЕСІ 1 бөлім.

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Алматы қаласында жануарларды ұстау Ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" және "Ветеринария туралы" Заңдарына сәйкес, қала тұрғындарын адамдар мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, сондай-ақ бірге тұруға қолайлы жағдай жасау мақсатында әзірленді.
      2. Осы Ережеде төмендегі түсініктер қолданылды:
      1) қараусыз жануарлар - меншік иесі бар және оның иелігінен (қарауынан) уақытша босып кеткен, иесі болмаған немесе иесі белгісіз жануарлар, сондай-ақ оның иесі меншік құқығынан бас тартқан үй жануары;
      2) ветеринарлық құжаттар - мемлекеттiк ветеринарлық қадағалау объектiлерiне ветеринария саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринарлық инспекторлар беретiн ветеринарлық-санитариялық қорытынды, ветеринарлық куәлiк, ветеринарлық сертификат, ветеринарлық анықтама;
      3) ветеринарлық iс-шаралар - жануарлар ауруларының профилактикасын, емделуiн немесе диагностикасын қоса алғанда, оның шығуын, таралуын болдырмауға немесе оны жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауiп төндiретiн аса қауiптi аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алып қоюға және жоюға; жануарлардың өнiмдiлiгiн арттыруға; жануарлардың және адамдардың денсаулығын жұқпалы, оның iшiнде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, бiрдейлендiру рәсiмiн қоса, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған iндетке қарсы, ветеринарлық-санитарлық рәсiмдер кешенi;
      4) ветеринарлық төлқұжат - ветеринария саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандағы құжат, онда жануардың иесi, жануардың түрi, жынысы, түсi, жасы, жануарлар ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында жүргiзiлген ветеринарлық дауалаудың мерзiмдерi мен сипаты көрсетiледi;
      5) ветеринарлық (ветеринарлық-санитарлық) ережелер - ветеринария саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтетiн, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар орындау үшiн мiндеттi болып табылатын ветеринарлық нормативтер негiзiнде ветеринарлық iс-шараларды жүргiзу тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық акт;
      6) ветеринарлық-санитарлық сараптама - жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың ветеринарлық нормативтерге сәйкес келуiн ветеринария саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен органолептикалық, биохимиялық, микробиологиялық, паразитологиялық, уыттық және радиологиялық зерттеулер кешенi арқылы тексеруi;
      7) жануар иесі - жеке және басқадай меншігінде жануары бар жеке және заңды тұлға;
      8) иттер мен мысықтарды серуендету - иесінің меншігі болып табылатын немесе басқа тұлғаның жалға алған жануарлардың жайлардан тыс болуы, сондай-ақ иттер мен мысықтардың арнайы  бөлінген аумақтарда болуы;
      9) дегельминтизация - арнайы ветеринарлық препараттардың көмегімен жануарларды гельминттерден тазалау, бөлінетін паразиттерді, олардың фрагменттерін, жұмыртқаларын және балапан құртын міндетті түрде жоюды жүзеге асыру;
      10) дезинфекция, дезинсекция және дератизация - жұқпалы және паразиттік ауруларды қоздырғыштарды, тұрмыстық жәндіктерді және кеміргіштерді өндірістік, тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орындардың жайларында және аумақтарда жоюға арналған алдын алу шаралары;
      11) жабайы жануарлар - құрылықтағы, судағы, атмосферадағы және топырақтағы табиғи еркіндік жағдайында тіршілік ететін сүтқоректілер, құстар, бауырмен жорғалаушылар, қосмекенділер, балықтар, моллюскалар, жәндіктер және басқалар;
      12) үй жануарлары - ауыл шаруашылық мақсаттағы жануарлардан басқа, адамның толық немесе жартылай ұстайтын тамақ өнімдері мен өнеркәсіп шикізатын алу үшін пайдаланбайтын зоологиялық түрлері;
      13) жануарлар - ауылшаруашылығы, үй, жабайы, жыртқыш және улы: сүтқоректілер, құстар, бал аралар, балықтар, қосмекенділер, жәндіктер және тағы басқа да жануарлар әлемінің өкілдері;
      14) инсектицидті препараттар - зиянды жәндіктермен күресудің химиялық құралдары;
      15) карантин - iндет ошағын жою және аурудың таралуына жол бермеу мақсатында iндет ошағы, қолайсыз пункт пен ветеринарлық - санитарлық тұрғыдан қолайлы аумақ арасындағы шаруашылық байланыстарды шектеудi немесе тыюды және мемлекеттiк ветеринарлық қадағалау бақылайтын жүктердiң орнын ауыстыруды тоқтата тұруды қамтамасыз етуге бағытталған ветеринарлық және әкiмшiлiк-шаруашылық іс-шаралар жүйесiн көздейтiн құқықтық режим;
      16) мысық - мөлшеріне, түсіне және өзге ерекшеліктеріне қарамастан, сүтқоректі, мысықтұқымдас үй жануары;
      17) нөмірлік таңба - жануарлардың денесіне цифрлармен көрсетіліп салынатын шартты белгі, ол жануарлардың есебін жүргізуге, бір түрін екінші түрінен ажыратуға, жануарлардың заңды немесе жеке тұлғаға тиістілігін анықтауға мүмкіндік береді;
      18) қоғамдық орындар - адамдардың көп жиналатын немесе адамдардың жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде көшелер, скверлер, саябақтар және азаматтардың демалатын өзге орындары, шомылатын жерлер, стадиондар, сауық шаралары жүргізілетін орындар;
      19) жануарларға арналған паналау баспанасы - қараусыз жануарларды уақытша ұстау үшін арналған арнайы жабдықталған нысандар;
      20) ит - мөлшеріне, түсіне және өзге ерекшеліктеріне қарамастан, сүтқоректі, қасқыр тұқымдас үй жануары;
      21) ауыл шаруашылығы жануарлары - адамдар өсіретін ауыл шаруашылығы жануарларының және құстардың ауыл шаруашылығы өнімдеріне тікелей қатысы бар барлық түрлері (ірі қаралар, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар, маралдар мен бұғылар, тауықтар, үйректер, қаздар, күркетауықтар, бал аралар, мамық жүнді аңдар мен қояндар);
      22) жануарларды ұстау - жануар иелерінің жануарлардың өмірін, оның жеке саулығын сақтау үшін, ветеринарлық-санитарлық қолайлы жағдайларды ұстана отырып толыққанды тұқым алу, сондай-ақ адамдардың және жануарлар әлемінің қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі іс әрекеттері;
      23) токсоплазмоз - токсоплазмалар қоздыратын адамдар мен жануарлардың паразитарлық аурулары. Инфекция көздері - мысықтар және етпен қоректенетін басқа да мысықтұқымдастар, сондай-ақ үй және жабайы жануарлардың әртүрлі түрлері;
      24) жыртқыш жануарлар - басқа жануарлармен қоректенетін жануарлардың жалпы атауы;
      25) ветеринария саласындағы өкiлеттi мемлекеттiк орган - Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн, өз өкiлеттiгi шегiнде ветеринария саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.
      3. Алматы қаласында жануарлардың қатысуымен өткізілетін көрмелер, асыл тұқымды мал жәрмеңкесі, жарыстар, аттракциондар мен тағы басқа да шаралар ветеринария, жануарлар аурулары инфекцияларға зертханалық тексерулер саласындағы өкілетті мемлекеттік органдардың және аудан әкімінің келісімі болған жағдайда өтеді. Осы аталған іс шараларға сәйкестендіру микрочипі, ветеринарлық төлқұжаты бар жануарлар, соңғы ветеринарлық егуден және дегельминтизациядан өткен уақыты туралы белгі соғылған жағдайда ғана қатыстырылады.
      4. Адамдардың және жануарлардың денсаулығына аса қауіп туғызатын жануарларды алу және жою Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргізіледі. Иттер мен мысықтар оның иелерінен егер де олар адамды қауып алған немесе тырнап алған жағдайда жануардан адамға жұғатын өте қауіпті, жұқпалы және вирусты ауруларды немесе қауіпті аурулардың барлығына зерттеу жүргізу үшін алынады. Егер де жануар сау болса онда иесіне кері қайтарылады.
      5. Осы Ережеде белгіленген талаптарды орындауға мемлекеттік бақылауды мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясы, энергетика және коммуналдық шаруашылық, сәулет және қала құрылысы органдары, сондай-ақ Алматы қаласы аудан әкімдері аппараттары, ішкі істер департаменті, Алматы қаласы ауыл шаруашылық басқармасы және және белгіленген тәртіпте өкілеттігі берілген және құзыреттеріне сәйкес басқа да өкілетті органдар жүзеге асырады.
      6. Осы Ереженің талаптары меншік түріне және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан Алматы қаласының аумағында орналасқан, жеке және басқадай меншігінде жануары бар жеке және заңды тұлғаларға, барлық жануар иелеріне таралады.

2 тарау. Жануарларды тіркеу тәртібі

      7. Жануарларды тіркеу сәйкестендіру жолымен адам мен жануарларға ортақ өте қауіпті жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу, адамдарды жануардың қауіп алуынан, жоғалып кеткен жануарларды іздеу және санын реттеу мақсатында жүзеге асырылады.
      Иттер мен мысықтардың санын реттеу оларды иелерінің қалауы бойынша олардың есебінен ветеринарлық емханаларда зарарсыздандыру арқылы жүзеге асырылады.
       Ескерту. 7 тармаққа өзгерту енгізілді - Алматы қаласы мәслихатының 2008.10.10 N 150 шешімімен.
      8. Тіркеу кезінде жануардың иесі осы Ережемен танысуы тиіс. Танысу реті жануар иесінің Тіркеу кітабындағы қолымен расталады.
      Иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді Алматы қаласы ішкі істер департаментінің кинология қызметі орталығында тіркеу кезінде, осы Ережемен танысу реті жануар иесінің қолымен расталуы тиіс.
      9. Әрбір тіркелген жануарға сәйкестендіру нөмірі беріледі, оның барлық өмір сүру уақыты бойында сақталады. Жануардың сәйкестік белгісі нөмірлік жетоннан және ветеринарлық төлқұжаттан басқа микрочиа немесе жануарда нөмірлік таңба салу пайдаланылады.
      Микрочипті жануарға (асыл тұқымды, спорттық ауыл шаруашылық жануарлары, тұқымды иттер мен мысықтар) қызмет түріне сәйкес мемлекеттік ветеринарлық лицензиясы бар ветеринар дәрігер денесіне тігеді (орналастырады).
      10. Иттер мен мысықтарды тіркеу тәртібі:
      1) Барлық қызметтік, күзет, аңшы және иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттер, тұрғындарға, кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге тиесілі иттер тұқымына қарамастан, сондай-ақ мысықтар Алматы қаласы бойынша жануарлардың сәйкестігінің компьютерлік мәліметтер базасына енгізу үшін қала жануарларын тіркеу жөніндегі мекемеде міндетті есепке алуға және тіркеуге жатады.
      2) Барлық иттер мен мысықтар екі жастан бастап міндетті тіркеуге жатады.
      3) Иттер мен мысықтарды тіркеу және қайта тіркеу кезінде олардың иелері келесі мәліметтерді тапсырады: иесінің жеке куәлігі, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, мекен-жайы, байланыс телефоны, ит пен мысықтың тұқымы, жынысы, аты, туған жылы, түсі, ерекше белгілері немесе жануардың сипаттамасы.
      11. Ауылшаруашылық, үй, жабайы, жыртқыш және улы жануарларды тіркеу тәртібі:
      Тұрғындарға, меншік түріне және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге тиесілі барлық ауылшаруашылық, үй, жабайы, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін жыртқыш және улы жануарлар Алматы қаласы бойынша жануарлардың сәйкестігінің компьютерлік мәліметтер базасына енгізу үшін қала жануарларын тіркеу жөніндегі мекемеде міндетті есепке алуға және тіркеуге жатады. Жануарларды тіркеу кезінде оның иесіне ветеринарлық төлқұжат және жануар иесінің есебінен белгіленген үлгідегі нөмірі берілген жетон (оның дайын болуына қарай) беріледі.
      12. Иттер мен мысықтар әуесқойлар қоғамына, ит өсірушілер клубына өздеріне тиесілі иттері мен мысықтарын қаладағы жануарларды тіркеу жөніндегі мекемеде белгіленген тәртіпте тіркемеген немесе қайта тіркемеген азаматтарды қабылдауға тиым салынады.
      13. Жануарлардың иелері оны сатып алғанда немесе мекенін ауыстырғанда екі аптаның ішінде тіркеледі.
      14. Жануар мерт болғанда ветеринарлық төлқұжаты мен жетоны бұрын жануар тіркелген органға немесе мекемеге тапсырылады.
      15. Тіркеу органына жануардың қолдан кетуі (сату, жоғалу, мерт болуы, басқа тұлғаға беру) туралы оны есептен шығару немесе қайта тіркеу үшін хабарланады.

3 тарау.
Жануарларды ұстайтын адамдардың
құқығы мен міндеттері

      16. Жануар иесінің құқықтары:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жануарларды сатып алуға және өз иелігінен айыруға (оның ішінде сату, сыйлау, жалға беру, айырбастау және тағы басқа жолдармен);
      2) жануарларды ұстау, көбейту туралы керекті ақпараттарды жануарлар иелерінің қоғамынан (клубтарынан), ветеринарлық ұйымдардан алуға;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртібі мен жағдайына сәйкес адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп туғызатын жануарларды алып қою мен жою нәтижесінде оған келтірілген зиянды өндіріп алуға.
      17. Жануар иесі тиісті:
      1) жануарлардың ауруларын ескертуді қамтамасыз ететін ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ветеринарлық (ветеринарлық - санитарлық) ережелерін сақтай отырып ветеринарлық (егу) және әкімшілік шаруашылық іс шараларды жүргізу;
      2) жануарларды емдеуді және аурулардың алдын алуды уақтылы жүргізу. Үнемі, тоқсанына бір реттен кем емес, иттер мен мысықтарды тері паразиттері мен гельминттерден алдын алу үшін емдеу шараларын жүргізу. Аурудың барлық жағдайларда немесе жануардың ауруына күмән келтірген жағдайда тез арада ветеринарлық мекемеге хабарласу, тексеру нәтижесі бойынша мамандардың ұсынымын бұлжытпай орындау;
      3) жануарларды хайуанаттар бағындағы, цирктегі, омартадағы, аквариумдағы жануарларды қоса алғанда, жануарларды ұстауды, көбейтуді және пайдалануды ветеринарлық (ветеринарлық - санитарлық) ережелер мен нормативтерге сәйкес жүзеге асыру;
      4) биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жануарларды дұрыс тіршілігі үшін керекті мөлшерде азықпен және сумен қамтамасыз ету, оның ұйқыдағы, жүріп-тұру кезіндегі, тәндік белсенділігі, табиғи ортамен қарым-қатынасындағы мұқтажын қанағаттандыру, оларды қараусыз қалдырмау, жануарларға ізгілікпен қарау;
      5) жануардың қоршаған ортаға қауіп туғызбайтын және мазаламайтын мінез-құлығын қамтамасыз ету, жануарлардың адамдардың денсаулығына және мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, басқа жануарларға қауіп туғызуын болдыртпау;
      6) тұрғын жайларда шуды болдырмау жөнінде шара қабылдау;
      7) адамды қауіп алған, оған жарақат келтірген жағдайда:
      зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету, клиникада қарау және талдау жасау үшін емханаға жеткізу. Жарақат келтірген жануардың иесі зардап шеккен тұлғаға өзінің аты, жөні мен мекен жайын хабарлауы тиіс;
      барлық жағдайларда медициналық және ветеринарлық қызметтерге хабарлау. Жануардың құтыру ауруын жоққа шығару үшін, оны ветеринарлық мамандардың қадағалауына 10 күн бойы ветеринарлық клиникаға жеткізу, сондай-ақ жануарларды ветеринарлық емдік оқшаулауында ұстаған уақыттың шығындарын өтеу;
      8) белгіленген заңнама тәртібінде жануар 2 айлық жасқа келгеннен бастап оған ветеринарлық төлқұжатты рәсімдеп, жануарды (асыл тұқымды, спорттық ауыл шаруашылық жануарлары және тұқымды иттер мен мысықтардың) сәйкестендірудің электрондық түрін (чиптеуді) қамтамасыз ету;
      9) ит немесе мысық басқа жануарға ауыр жарақат салса, онда осы жануардың иесі қаза болған жануардың құнын өз еркімен немесе сот тәртібімен өтеуі тиіс, немесе тараптың талабы бойынша сол тектес және сол жастағы жануар береді;
      10) сатып алған жануарлар, туылған төлі, ауыл шаруашылығы жануарының сойылғаны, сондай-ақ сатылғаны туралы 2 аптаның ішінде ветеринарлық қадағалау мемлекеттік органдарына хабарлау;
      11) жануарлардың кенеттен өлгені мен бірнеше жануарлардың бір уақытта ауырғаны немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткені туралы ветеринарлық мамандарға хабарлау, ветеринарлық мамандар келгенше ауруға ұшыраған сезікті жануарларды оқшаулап ұстауға шара қабылдау, және ауырып өлгендігіне күдікті жануардың өлігін сақтауға;
      12) ветеринарлық мекемелердің мамандарына олардың негізделген талабы бойынша қарауға, диагностикалық зерттеуге және емдеу-алдын алу шаралары, егу мен вакцинация жүргізу үшін жануарларды кедергісіз көрсету;
      13) сою алдында ветеринарлық тексеруден өтпеген және сойылғаннан кейін оның сойылған еті ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтпеген болса онда ауыл шаруашылығы жануарын союды жібермеуді;
      14) жануарларды серуендететін орындарда олардың тезегін жинап алу, көп қабатты үйлердегі дәліздердің аумақтарын, баспалдақтарын, лифттерді, балалар ойын алаңдарын, жаяу жүргіншілер жүретін орындарын қоса;
      15) жануарлар өлген жағдайда тез арада хабарлау және жануарлардың өліктерін жинайтын және қаңғыбас жануарларды ұстайтын арнаулы мекемеге тапсыру;
      16) жануар белгісіз жағдайда өлген болса ветеринарлық мекемеге немесе лицензиясы бар ветеринар дәрігерге өлген себебін анықтау үшін хабарласу;
      17) жануарды ұстауға мүмкіндігі болмаған жағдайда оны басқа адамға беру, жануарларға арналған паналау баспанаға немесе жануарлардың өліктерін жинайтын және қаңғыбас жануарларды ұстайтын арнаулы мекемеге тапсыру. Үй жануарларын тастауға (қамқорсыз қалдыруға) тиым салынады;
      18) ветеринарлық мамандарға олардың қызметтік міндеттерін орындауларына көмек көрсету;
      19) иттің аты, тұқымы, иесінің мекен жайы, телефоны жазылған жетоны бар қарғыбаудың болуын қамтамасыз ету (оның дайын болуына қарай). Жетонда ит иесінің қалауы бойынша сол ит жайында басқада мәліметтер болуы мүмкін.
      Ескерту. 17 тармаққа өзгерту енгізілді - Алматы қаласы мәслихатының 2008.10.10 N 150 шешімімен.
      18. Жануарларды қоғамдық шомылатын орындарда, тоғандарда, субұрқақтарда, су жинағыштарда және тоғандарда шомылдыруға және жуындыруға тиым салынады.
      19. Өлген жануардың өлігін тастауға, оны қаланың аумағында көмуді жүзеге асыруға, сондай-ақ оны өз бетінше көмуге тиым салынады. Ит пен мысықтың өліктері, өлген жануарлардың өлігін жинайтын және қараусыз жануарларды ұстайтын арнаулы мекемеге немесе залалсыздандыру пунктіне тиісті құжатты ала отырып тапсырылуы тиіс.

4 тарау.
Қараусыз иттер мен мысықтардың санын
реттеу және аулау

      20. Иттер мен мысықтардың санын реттеу қараусыз қалған  жануарлардың санын азайту, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау, жануарлардың ауруын ескерту мақсатында жүзеге асырылады.
      21. Иттер мен мысықтардың санын реттеу азаматтардың денсаулығына, мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға, сондай-ақ сол жануарларға зиян келтірмеуді болдырмау тәсілімен жүзеге асырылуы тиіс.
      22. Ескерту. 22 тармақ алынып тасталды - Алматы қаласы мәслихатының 2008.10.10 N 150 шешімімен.
      23. Қоғамдық орындарда иесіз жүрген иттер мен мысықтар (көшелерде, үй аулаларында, саябақтарда, скверлерде және басқа орындарда), кәсіпорындар мен мекемелерде иесі байлап кеткен жануарлардан басқасы, қараусыз деп есептеледі және өлген жануарлардың өліктерін жинайтын және қаңғыбас жануарларды ұстайтын арнаулы мекеменің аулауына жатады.
      24. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулауды жергілікті атқарушы органмен шарт жасасқан, онда аулаудың тәртібі мен жағдайы келісіле отырып, мамандандырылған ұйым жүзеге асырады. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулайтын жұмыскерлерді техникалық жабдықтау аулауды жүзеге асыратын ұйымға жүктеледі.
      25. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулауға  психоневрология және наркология диспансерінде есепте тұрмайтын, тиісті куәлік беруге құқық беретін арнайы оқу курсынан өткен адамдар жіберіледі. Осы куәлікті жануарларды ұстағанда оны аулаушы мен жүргізуші аулау жүрген аудандағы жергілікті атқарушы органның өкіліне немесе азаматтардың талабы бойынша көрсетеді.
      26. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулаушылар мен арнайы көлік жүргізушісі жануарларды аулау және тасымалдау кезінде ізгілікті сақтаулары тиіс.
      27. Ауланған қараусыз жүрген иттер мен мысықтар иттер мен мысықтарды уақытша ұстауға арналған питомникте немесе арнайы оқшаулағыш орынға орналастырылады және үш жұмыс күні бойы ұсталады. Ұстау мерзімі өткеннен кейін жануар жаңа иесіне беріледі немесе дәрі қолдану жолымен жансыздандырылып (ұйықтатылады) қалалық малды көметін орында залалсыздандырылады.
      28. Үш жұмыс күні бойы иттер мен мысықтардың иелері қараусыз жүрген жануарларды уақытша ұстау питомниктеріне жануарды кері қайтарып алуға (қараусыз жүрген жануарларды аулау жөніндегі мамандандырылған қызметке) өтіне алады. Жануарды питомникте ұстау шығындарын оның иесі өтейді.
      29. Питомник болмаған жағдайда, ауланған жануарларды үш жұмыс күні ішінде ұстау қараусыз жүрген жануарларды аулау жөніндегі кәсіпорынға жүктеледі.
      30. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде мыналарға тиым салынады:
      1) ауланған жануарларды өзіне алуға, оларды жеке адамдарға немесе ұйымдарға сатуға және беруге;
      2) жануарларды пәтерден және жек үйлердің аулаларынан тиісті өкілетті органның тиісті рұқсатынсыз және соттың шешімінсіз алып кетуге;
      3) дүкендердің, дәріханалардың, коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың жерінде байлаулы тұрған иттерді шешіп алып кетуге;
      4) ветеринария саласындағы өкілетті органның рұқсатынсыз қызықтыратын жем беріп немесе басқа құралдарды қолданып аулауға.
      31. Қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулау кезінде оларға жарақат салуға және мертіктіруге тиым салынады. Ит пен мысықтарды аулау үшін тор, құрық, арқан және рұқсат берілген басқа да құралдарды  пайдалануға болады.
      32. Аулау уақыты болып қараусыз жүрген жануарды аулау жөніндегі мамандандырылған мекеменің есеп жорналында жазылған уақыт есептеледі. Тіркеу жорналында жануардың түрі, жынысы, түсі, ерекше белгілері туралы мәліметтер және жануарға қатысты одан кейінгі әрекеттер жазылады. Есеп жорналы толық жазылып біткеннен кейін үш жыл сақталады.

5 тарау.
Алматы қаласында жануарларды ұстау
Ережесінің орындалуы

      Ескерту. 5 тарау жаңа редакцияда - Алматы қаласы мәслихатының 2008.10.10 N 150 шешімімен.

      33. Осы Ережелерді сақтауға өкілетті органдарға жәрдемдесу мақсатында пәтер иелері кооперативтері, тұрғын үй кооперативтері, жеке жайлар иелері кооперативтері, кондоминиумдар:
      1) өз қарамағындағы үйлерде пәтер иелері ұстайтын жануарлардың саны туралы мәліметтерді жинайды және оларды тіркеуді жүзеге асыру үшін өкілетті органдарға (тіркеу органдарына) береді;
      2) Пәтер иелері кооперативі, тұрғын үй кооперативі, жеке жайлар иелері кооперативі, кондоминиумдарға бекітілген аумақтарда немесе шағын ауданның (орамның) аумағында құрылыстан бос және кооперативтерге іргелес жерлерде, аудан әкімі аппаратына енгізілетін, белгіленген тәртіппен бекіту үшін, тақтайша, белгі орната отырып иттерді серуендететін орындарды белгілейді;
      3) иттерді серуендетуге белгіленген аула аумағының санитарлық жағдайын коммуналдық қызметіне қосымша ақы белгілеп, жануар иесінің есебінен ұстайды;
      4) үйдегі жертөлеге, үйдің төбесіне және басқа қосалқы жайларға кіретін жерлерді жабық күйінде ұстайды, оған қараусыз жүрген жануарлардың, иттер мен мысықтардың кіруін болдырмайды;
      5) жануарларды аулаумен шұғылданатын ұйымдарға өз ауласындағы қараусыз жүрген жануарлар туралы хабар береді, ерікті түрде қараусыз жүрген иттер мен мысықтарды аулауға қатысады;
      6) ветеринарлық қызмет жұмыскерлеріне эпизоотиялық ауруларға қарсы шараларды өткізуге жәрдемдеседі;
      7) жануар иелерін жауапкершілікке тарту үшін Ережені бұзғаны туралы фактілерді өкілетті органдарға хабарлайды.
      Ескерту. 33 тармаққа өзгерту енгізілді - Алматы қаласы мәслихатының 2008.10.10 N 150 шешімімен.
      34. Ішкі істер органдары:
      1) қалада ауылшаруашылық жануарларын, иттер мен мысықтарды серуендету тәртібі мен тасымалдау ережесін сақтауларына бақылау жасайды;
      2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ветеринарлық ұйымдарға, санитарлық-эпидемиологиялық мекемелерге осы Ережені азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің орындауына және оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуда қажетті көмек көрсетеді;
      3) кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің және азаматтардың ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді әкелу, шығару, ұстау, иттерді өсірудегі құқықтарын келісу кезінде қатысады;
      4) өзінің өкілеттігі шегінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдайды;
      5) осы Ережені бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.
      35. Мемлекеттік ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары:
      1) Эпизоотикалық және эпидемиологиялық ауруларға қарсы шаралар жұмыстарын ұйымдастырады және бақылайды;
      2) жануарларды қаладан тыс шығарғанда оларға ветеринарлық куәлік береді;
      3) қараусыз жануарларды аулау жөніндегі қызметтерге олардың жұмысын ұйымдастыруға көмек көрсетеді;
      4) жануарлардың иелерінің ветеринарлық және санитарлық талаптарды орындауларына бақылауды жүзеге асырады;
      5) осы Ережені бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады;
      6) ветеринарлық бағыттағы нысандар ретінде кинологиялық қызметпен шұғылданатын қоғамдар мен клубтарға, сондай-ақ иттер мен басқа жануарларды ұстайтын кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге ветеринарлық тіркеу куәліктерін береді;
      7) адамдар мен жануарларға ортақ ауруларды ескерту мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

2 бөлім.

6 тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау

      36. Санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптар мен осы Ереженің талаптарын орындаған жағдайда мыналарға рұқсат беріледі:
      1) Көппәтерлі тұрғын үйдегі бір отбасы пәтерінде екі итті ірі және орта тұқымды, және екі мысықты үш айлық ұрпақтарын қоса ұстауға.
      Жасы екі айдан асқан күшіктер мен мысықтар жаңа иелеріне немесе қаңғыбас жануарларды аулау мен ұстаумен шұғылданатын арнайы мекемеге берілуі тиіс. Күшіктер мен мысықтарды жаңа иелеріне беру жануардың тиісті құжатымен (ветеринарлық төлқұжатымен) бірге жүзеге асырылады;
      2) бірнеше жанұялар тұратын тұрғын жайда (коммуналдық пәтер), тек өзінің жанұясы тұратын тұрғын жайында барлық пәтерде тұрушылардың жазбаша келісімі бойынша көршілердің дәрігерлік кері көрсеткіші (ұшыну) болмаса ит пен екі мысықты тек өзі тұратын тұрғын жайда ұстауға;
      3) жеке тұрғын үйлерде, ғимараттарда және оған іргелес аумақта, осы аумақтардың иелерінің рұқсатымен ғана немесе басқа құқық иелерінің рұқсатымен екіден беске дейін иттер мен мысықтарды ұстауға болады.
      Күзетші иттер жақсы қоршалған аумақтарда, қоршаулар жануардың адамдарға және басқа жануарларға шабуылдауын, өтіп бара жатқан адамдарды қауіп алу мүмкіндігін, қоршаудан шығып кетуін болдырмайтындай болуы керек. Аулада иттің бар екенін ескертетін көлемі 20 Х 30 сантиметрлі тақтайшаға иттің суреті салынып "Ит күзетеді!", "Охраняется собакой!" деген ескерту жазу жазылып кіретін жерге ілінуі керек;
      4) егер жануарларды ұстау жағдайы зоогигиеналық және санитарлық гигиеналық нормаларға сәйкес келсе жеке тұрғын үйлерде екі иттен бес итке дейін ұстауға болады;
      5) кәсіпорындардың, ұжымдардың, мекемелердің, азаматтардың коммерциялық емес бағбандық және саяжайлық бірлестіктерінде, демалыс базаларында иттерді байлаулы және арнаулы вольерлерде, адамдарды мазаламайтын, айналасындағыларға қауіп төндірмейтін жағдайда, күзету мақсатында ұстауға;
      6) санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық қадағалау өкілетті органдарының келісімі бойынша ветеринарлық-санитарлық  нормаларды сақтай отырып, көппәтерлі үйлерден, жеке тұрғын үйлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, қоғамдық тамақтану кәсіпорындарынан, жаппай демалу орындарынан кем дегенде 500 метр қашықтықта орналасқан қоршалған аумақта, қала тұрғындарына қолайсыздық туғызбайтын жағдайда (шу, иіс), арнайы жабдықталған жабық жайларда жеке және заңды тұлғалар қандай да болмасын мысықтар мен иттер үшін паналау баспаналары мен питомниктерді ұйымдастыруға;
      7) балалар мен жасөспірімдер мекемелерінің "жанды бұрыштарында", "зоологиялық бұрыштарында", жазғы және қысқы демалу денсаулықты жақсарту санаториялық-курорттық мекемелерде (шипажайларда, демалыс үйлерінде, пансионаттарда) тек санитарлық- эпидемиологиялық, ветеринарлық қызметтердің рұқсатымен иттер мен мысықтарды ұстауға;
      8) қонақ үйде иесінің итпен және мысықпен қоныстануы санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтаған жағдайда қонақ үй әкімшілігінің келісімімен жүргізіледі.
      37. Мыналарға тиым салынады:
      1) Тұрғын үй қоры пәтерлерінде және жеке тұрғын үйлерде қандай да болмасын иттер мен мысықтардың түрлері үшін паналау баспанасы мен питомниктер ұйымдастыруға;
      2) көпшілік пайдаланатын орындарда (асханаларда, дәліздерде, баспалдақтарда, жертөледе, шатырларда, лоджияларда, балкондарда және басқа да қосымша орынжайларда), үй жанындағы орындарда (жеке тұрғын үйлердің жанындағы орындардан басқа), жатақхананың дәліздерінде иттер мен мысықтарды ұстауға;
      3) көзі әлсіз көретін адамдарды алып жүретін иттерден басқа иттерді қоғамдық тамақтану кәсіпорындарында, азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, қызмет көрсету орындары мен мәдениет мекемелерінде ұстауға;
      4) тіркелмеген (есепке алынбаған) және егуден өтпеген иттер мен мысықтарды ұстауға;
      5) адамның өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайларда өзін-өзі қорғау әрекетінен басқа, жалпы қабылданған парасаттылық пен адамгершілік қағидаларын бұзатын жануарларға қатысты (ұру, жарақат салу, өлтіру) күш қолдануға;
      6) иттер мен мысықтарды оның терісін пайдалануға, етін тұтынуға, өңдеу және сату үшін оларды ұстауға немесе аулауға;
      7) Алматы қаласының аумағында иттерді таластыру және басқада жануарларға қатысты қатыгез іс-шаралар ұйымдастыру мен өткізуге, (жануарларға зақым келтірмейтін және күзетші иттерді өсіру үшін дұрыс тұқымдық сұрыптау жүргізуге мүмкіндік беретін, арнайы ережелермен иттердің жұмыс сапаларын тексеруді көздейтін іс шаралардан басқа).
      38. Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға тиесілі иттер, екі жасынан бастап, текті тұқымына қарамастан өте қауіпті инфекциялық және инвазиялық ауруларға қарсы міндетті түрде ветеринарлық алдын алу бойынша тексеруге жатады.
      39. Мысықтар екі айлығынан бастап жануарлар мен адамдарға ортақ инфекциялық ауруларға, эпизоотиялық көрсеткіштер бойынша микроспорияға қарсы егу мен гельминтозия бойынша зерттеуге жатады.
      40. Тек қана 16 жасқа толған тұлғалар ғана иттің иесі бола алады.
      41. Егер иттің иесі заңды тұлға болып табылса, онда ол итті ұстауға жауапты тұлғаны тағайындауы тиіс.

7 тарау.
Иесінен ерекше жауапкершілікті талап
ететін иттерді ұстау

      42. Адамдарға және басқа жануарларға аса қауіп төндіруге бейім, тұқымды иттерді есепке алу мақсатында иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұстау Алматы қаласы ішкі істер департаментінің кинологтар қызметі Орталығына есепке тұрғаннан кейін рұқсат етіледі.
      43. Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін тұқымды иттердің қатарына: американдық стаффордшир терьері, стаффордширлік бультерьері, аргентиналық догы, питбультерьер, бультерьер, бульмастиф, бразилиялық филі, мастифтың барлық түрлері (ағылшындық, испандық, пиринейлік, тибеттік), ортаазиялық және кавказ овчаркалары, қатты және жұмсақ жүнді фокстерьер, сондай-ақ олардың будандары жатады.
      Иттің тегін айыру оның тұқым тегінің құжаттарымен анықталады, күмәнді жағдайларда осы саланы жақсы білетін мамандардың көмегімен анықталады.
      44. Есепке алынбаған, иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді оның иелері осы Ереже бұқаралық ақпараттық басылымдарда жарық көргеннен бастап 3 айдың ішінде Алматы қаласы ішкі істер департаментінің кинологиялық қызмет орталығында тіркеуден өткізулері тиіс.
      45. Қаланың аумағында иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді иеленуге, әкелуге, ұстауға және көбейтуге  Алматы қаласы ішкі істер департаменті кинология қызметі орталығының рұқсатынсыз тиым салынады.
      46. Иттердің қала жағдайына бейімделуі мен қылығын анықтау мақсатында қызметтік және аңшылық тұқымды иттердің иелері, соның ішінде ерекше жауапкершілікті талап ететін иттердің иелері Алматы қаласының кинология клубтарында арнайы курстан өтулері тиіс. Сынақтан өткеннен кейін иттің иесі қалалық жағдайда итті серуендетуге рұқсат беретін тиісті үлгідегі құжат алады.
      47. Иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді ұстауды келісу үшін ықтимал жануар иегері психоневрологиялық және наркологиялық диспансерде есепте тұрмайтыны туралы анықтаманы ұсынуы қажет.
      48. Дене күші жағдайы бойынша маңындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтын және 16 жасқа толмаған тұлғаларға, иесінен  ерекше жауапкершілікті талап ететін итті серуендетуге тыйым салынады.
      49. Тұрғын үй пайдалану органдары Алматы қаласы аудандық әкім аппараттарымен келісе отырып арнаулы бөлінген орындардан басқа жерлерде, қоғамдық орындарда және азаматтардың жалпы дем алатын басқа да орындарында иесінен ерекше жауапкершілікті талап ететін иттерді серуендетуге тыйым салынады.

8 тарау. Иттерді серуендету тәртібі

      50. Иттерді серуендетуге рұқсат беріледі:
      1) жануардың нәжісін жинап алатын ыдысы болғанда, иттердің тұмсығына тұмылдырық кигізілген (декоративтік тұқымды иттерден басқалары) және қысқа бауда (1,5 метрге дейін) осы Ереженің 51 тармағында көрсетілген орындардан басқа жерлерде айналасындағыларға кедергі келтірмей және мазаламай, жануар иесінің жеке куәлігі болған жағдайда;
      2) қоршалған аулаларда, арнайы үйрететін алаңдарда және осы мақсаттарға арналған еркін серуендету орындарында итті баусыз және тұмылдырықсыз серуендетуге.
      51. Иттерді серуендетуге тиым салынады:
      1) міндетті ветеринарлық алдын алу, тазалау шараларынан өткізілмесе;
      2) осы мақсаттар үшін рұқсат берілген немесе арнайы бөлінген орындардан басқа, тиым салу белгілері орнатылған, аулалардың балалар алаңқайында, қалалық шомылу орындарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және қала тұрғындарының жаппай демалатын орындарында;
      3) адамдарды құтқару жөніндегі жұмысты орындаушы, сондай-ақ қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіпті күзетуші қызметтік иттерден және жанары әлсіз адамдарды ертіп жүретін иттерден басқасы, халық жиналатын орындарда және қоғамдық шараларды өткізетін орындарда;
      4) мас күйіндегі адамдар мен 14 жасқа толмаған балаларға;
      52. Торапты көшелердің жанында және көшеден өтер кезде иттің иесі (итті серуендетуші адам) оны жол-көлік оқиғасын және иттің жол үстінде мерт болуын болдырмау үшін қысқа бауда ұстауы тиіс.
      53. Тұрғын үйлердің жанында иттерді серуендетуге шығарғанда иттердің иелері түнгі сағат 23.00 -ден таңғы сағат 07.00-ге дейін тыныштықты қамтамасыз етуі тиіс.
      54. Тиым салмайтын жазбалар болмаған жағдайда, итінің тұмылдырығы және қысқа бауы бар болғанда иттің иесіне мекемелерде, азық-түлік емес дүкендерде, поштада және басқа орындарда болуына рұқсат беріледі. Кәсіпорындарға, ұйымдарға және мекемелерге итпен нысандарға келуге тиым салынғаны жөнінде белгі орналастыруы және ит байлайтын орындар жабдықтаулары керек.
      55. Тұмылдырығымен және қысқа баулы итті шешіліп кетуін болдырмайтындай етіп байлап, оның иесі осы ғимараттың жайында болған уақытына, ғимараттың жанында қалдыруға болады, егер осы ретте басқа адамдарға, қоғамдық тәртіптің бұзылуы мен қозғалысқа және иттің өзіне қауіп туындамаған жағдайда. Осы ретте ит адамдардың өтуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
      56. Ит қоғамдық орындарда тек қызметтік тапсырмаларды орындау кезінде ғана баусыз жүре алады.

9 тарау.
Иттер мен мысықтарды қоғамдық көлікте
тасымалдау тәртібі

      57. Қалалық қоғамдық көлікте иттер мен мысықтар келесі шарттарды орындағанда тасымалдауға рұқсат беріледі:
      1) иттер қалалық қоғамдық көліктердің артқы алаңдарында, оның нәжісін жинап алатын ыдысы болсағанда, тұмылдырық кигізілген және қысқа бауда, жолаушылардың мазасын алмайтындай жағдайда тасымалданады;
      2) декоративті тұқымды иттер мен мысықтар арнайы торларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде), олардың нәжістерін жинап алатын ыдысы болса ғана тасымалданады.
      58. Қалалық қоғамдық көлікте тасымалдауға тиым салынады:
      1)ауру итер мен мысықтарды;
      2) нәжіс жинап алатын ыдысы болмаса, тұмылдырықсыз, қысқа бауы болмаса;
      3) мас күйіндегі адамдар мен 14 жасқа толмаған балалардың иттерді;
      4) декоративті тұқымдас иттер мен мысықтарды  арнайы тордан тыс (тасымалдауға арналған контейнерлерде) нәжіс жинап алатын ыдысы болмаса.

10 тарау.
Ауылшаруашылық және экзотикалық жануарларын,
құстар мен  бал араларды ұстау

      59. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес анықталатын санитарлық аймақтың шекарасында ауыл шаруашылығы жануарларын, құстарды, бал араларды ұстауға, көбейтуге, жаюға, айдауға тиым салынады.
      60. Ауыл шаруашылығы жануарларын, құстар мен бал араларды қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, бақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарынан, сауда, тамақ өнеркәсібі, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру орындарынан, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен оның сағасынан қашықтықта орналасқан арнаулы жабдықталған (жабық) орындарда ұстау керек.
      61. Жеке тұрғын үй иелеріне оларда бір жанұя тұрған жағдайда, ветеринарлық-санитарлық ережелерінің талаптарын сақтаған жағдайда арнайы жабдықталған тұрақжайда ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға рұқсат етіледі.
      Жеке тұрғын үй бөлігінің иелері үйінде тұрған жағдайда ветеринарлық және санитарлық ережелерінің талаптарын сақтаған жағдайда тек өзінің аумағында арнайы жабдықталған тұрақжайда ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарды сол үйде тұратын барлық көршілерінің жазбаша келісімімен ұстауға болады.
      62. Қаланың ауа кеңістігінен жабайы құстар ұшып өтетін мезгілдерде, жұқпалы ауыруларды таратушы болуы мүмкін ұшып өтетін құстармен қатынасты болдырмау мақсатында, суда жүзетін құстарды ашық су қоймалары мен тоғандарға жібермей, үй құстарының иелері барлық құстарды жабық орындарда ұстауы керек.
      63. Экзотикалық жануарларды ұстау мен көбейту ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
      64. Жануарларды ұстайтын орынжайлар апта сайын механикалы түрде тазалануы және дезинфекциялануы тиіс: нәжістер,саңғырықтар, азықтарының қалдықтары және қоқыстар өз уақытында арнаулы белгіленген орындарға шығарылады.
      65. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыздан қараша айына дейін) жәндіктерге, сондай-ақ кеміргіштерге (тышқандар, егеуқұйрықтар) қарсы күрес мақсатында жануарлар мен құстар тұратын орындарды ай сайын инсектицидтер мен дератизаторлық препараттарымен зарарсыздандыру керек.
      66. Ауыл шаруашылығы жануарларын айдағанда, жайғанда, серуендеткенде тұрғындардың  қауіпсіздігіне жануар иелері жауап береді. Алматы қаласының көшелерінде, алаңдарында, гүлзарларында , басқа қоғамдық көпшілік пайдаланатын орындарында, ерекше қорғалатын табиғат аумақтарында (осы мақсатта шектеулі және арнаулы бөлінген телімдер) жануарларды жаюға рұқсат етілмейді.
      67. Жабайы және үй жануарларын мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде, мектептерде, оқушылар сарайында, және басқа ұйымдар мен мекемелердегі зоологиялық бұрыштарда ұстау ветеринария, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау саласындағы өкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен рұқсат етіледі.
      68. Бал аралар ұстайтын жеке және заңды тұлғалар омарталары адамдарға қауіп төндірмейтін орындарға орналастыруы керек. Омартаны қауіпсіз орындарға орналастыру ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік органның келісімімен анықталады.
      69. Омартаны есепке алу және емдеу - сауықтыру іс-шараларын жүзеге асыру үшін әрбір омартаға ветеринарлық төлқұжат беріледі. Төлқұжаттың түп нұсқасы мен берілу тәртібін ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік орган анықтайды.
      70. Ветеринария саласында өкілетті мемлекеттік органның келісімінсіз жануарлардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы ұстайтын орыны жоқ жағдайда, осы салада арнаулы білімі, осы жануарларды ұстауға машықтанбаған және тәжірибесі жоқ болса жабайы, жыртқыш және улы жануарларды ұстауға болмайды.
      71. Қаланың тұрғын үй қорының пәтерлерінде ауылшаруашылығы жануарлары мен құстарды (ірі қаралар, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар, маралдар мен бұғылар, тауықтар, үйректер, қаздар, күркетауықтар, бал аралар, мамық  жүнді аңдар) ұстауға болмайды.

11 тарау.
Жануарларды сату, сатып алу
және тасымалдау

      72. Алматы қаласында жануарлар жеке және мемлекеттік меншік нысанында болуы мүмкін.
      73. Жануарларды белгіленбеген жерлерде, жануардың ветеринарлық анықтамасы мен құжаттарынсыз сатуға тиым салынады.
      74. Жануарды сату және сатып алу, жануардың жасы 2,5 - 3 айға толған уақытынан, тиісті ветеринарлық құжаттамасы болған кезде жүзеге асырылады, ал жануар 2,5 - 3 айға толмаған кезде сатылса және ветеринарлық төлқұжаты болмаса, сатып алушыға күшіктің, мысық пен басқа жануардың енесінің денсаулығының жағдайы жайында анықтама беріледі.
      75. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында итті сатып алу жағдайы бойынша, оның иесі иттің аты, тұқымы, иесінің мекен жайы мен телефоны жазылған жетоны бар қарғы бау мен тұмылдырық болуын қамтамасыз етуі тиіс.
      76. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жануарларды жануарлар иелері қоғамы (клубы) және питомниктер арқылы, зоодүкендерде және жануарлар сатылатын мамандандырылған базарларда сатуға, сатып алуға болады.
      77. Алматы қаласының аумағына шет мемлекеттерден жануарларды алып келу, алып кету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті сақтай отырып өкілетті мемлекеттік органының рұқсаты болғанда жүзеге асырылады.
      78. Мемлекеттің аумағынан сырт жерге селекциялық (асылтұқымдық) және ұлттық құндылығы бар иттер мен мысықтарды кинологиялық және фелинологиялық орталықтарының (клубтың) рұқсатынсыз немесе жолдамасы болмаса шығаруға тиым салынады.
      79. Қала аумағынан тыс жерге жануарларды тасымалдау (орын ауыстыру) және алып келу ветеринария саласындағы өкілетті мемлекеттік органның берген арнаулы үлгідегі ветеринарлық төлқұжаты мен жүргізілген вакцинациясы мен денсаулығы туралы белгісі бар ветеринарлық куәлігі болған жағдайда жүзеге асады.
      80. Жануарларды әуе, теміржол және автомобиль көлігінде Алматы қаласынан тысқары жаққа тасымалдау осы көліктердің түрлерінде жануарларды тасымалдау Ережелері негізінде жүзеге асады.

3 бөлім

12 тарау.
Жануарлар иелерінің осы Ережені сақтаудағы жауапкершілігі

      81. Жануарға қатыгез қараған, тіркелмеген (есепте тұрмаған) және егілмеген иттер мен мысықтарды ұстаған, осы Ережені сақтамаған жануарлардың иелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікте болады.
      82. Айыппұл салу немесе өзге шара қолдану кінәлі адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен белгіленген тәртіпте шығынның орнын толтырудан босатпайды.
      83. Жануарлардың азаматтардың денсаулығына және мүліктеріне келтірілген зиян, заңнамада белгіленген тәртіпте жануарлар иелерінің есебінен өндіріледі.

13 тарау. Қорытынды ережелер

      84. Тіркеуге жататын жабайы, жыртқыш, улы және экзотикалық жануарларды, иттер мен  мысықтарды оның иелері, оларды осы Ереже бұқаралық ақпараттық басылымдарда жарық көргеннен бастап үш айдың ішінде тіркеулері тиіс.
      85. Иттер мен мысықтарды питомниктерде уақытша ұстау құқықтары, үй жануарларына арналған питомниктерді құрылған ретіне қарай туындайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады