Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек беру туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Жезқазған қалалық мәслихатының 2009 жылғы 14 сәуірдегі N 13/167 шешімі. Қарағанды облысы Жезқазған қаласы Әділет басқармасында 2009 жылғы 22 мамырда N 8-2-86 тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Жезқазған қалалық мәслихатының 2014 жылғы 14 сәуірдегі N 23/198 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Жезқазған қалалық мәслихатының 14.04.2014 N 23/198 (алғашқы ресми жарияланғаннан күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы", 1999 жылғы 7 сәуірдегі "Қазақстан Республикасының азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", 1994 жылғы 21 қыркүйектегі "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы", 1995 жылғы 28 сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Заңдарының негізінде, Жезқазған қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. "Жезқазған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі алушының таңдауы бойынша, олар таңдаған екінші деңгейдегі банктер немесе тиісті банктік операциялар жасауға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша әлеуметтік төлемдердің тиісті сомасын қала азаматтарының төменгі санаттарына тағайындасын және аударсын:
      Ұлы Отан соғысының Жеңіс мерекесіне:
      1) соғысқа қатысушылар мен мүгедектерге;
      2) әскери қызметкерлерге және ерікті әскери құрамдағы тұлғаларға;
      3) Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлерде кәмелетке жасы толмай тұтқында болған және басқа жерлерде мәжбүрлеп ұсталғандарға;
      4) Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаладағы өндірістерде, мекемелер мен ұйымдарда жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен, "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтарға;
      5) Ұлы Отан соғысы жылдарында мінсіз әскери қызметі және батыл еңбегі үшін, бұрыңғы КСР одағының ордендері және медальдарымен марапатталған адамдарға;
      6) Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза болған жауынгерлердің (қайтыс болғандардың, хабарсыз кеткендердің) қайтадан некеге отырмаған зайыптарына;
      7) қайтыс болған соғыс мүгедектерінің және соларға теңестірілген мүгедектердің әйелдеріне (күйеулеріне);
      8) Ұлы Отан соғысы жылдарында кемінде алты ай еңбек еткен азаматтарға;
      9) басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік әрекеттерге қатысушыларға, Чернобыль атом электр станциясында апат салдарынан кейінгі зиянды заттарды жоюға қатысқан тұлғаларға;
      Әлеуметтік көмек төлемдері Жезқазған қаласының зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы ұсынған тізімдері негізінде жүргізілсін.
      Коммуналдық қызметтерді төлеуге:
      10) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне, Ауғанстан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне;
      Әлеуметтік көмек төлемдері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепте тұрған жеке істері негізінде жүргізілсін.
      Бағаның өсуіне байланысты әлеуметтік көмек:
      11) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтарға;
      Төлем мемлекеттік атаулы көмек алушылар тізімі негізінде ай сайын жүргізілсін.
      12) амбулаториялық емделу мерзімінде туберкулезбен ауыратын азаматтарғ;
      Төлем денсаулық сақтау органының (тубдиспансер) тізімі негізінде жүргізілсін.
      13) омыртқасына зақым келген – 1 және 2 топтағы мүгедектерге.
      Әлеуметтік көмек жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде есепте тұрған азаматтардың жеке істері негізінде  жүргізілсін.
      2. Әр түрлі негіздер бойынша қосымша әлеуметтік көмекке құқығы бар болған кезде, төлем бір ғана негіз бойынша жүргізіледі.
      3. Әлеуметтік жәрдемақы құқығын жоғалтуына немесе алушының қайтыс болуына байланысты жәрдемақы келесі айдан бастап тоқтатылады.
      4. Қалалық қаржы бөлімі (А.А. Байқасынов) 007 "Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету" бағдарламасы бойынша осы мақсаттарға қала бюджетінде қарастырылған қаржы шегінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету жөнінде шараларды уақытында қаржыландыру қамтамасыз етілсін.
      5. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларына жүктелсін.
      6. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік  он күн өткен соң қолданысқа енеді және 2009 жылғы 1 қаңтарда туындаған қатынастарға қолданылады.

      Қалалық маслихаттың
      сессия төрағасы                            Н. Дүйсембеков

      Қалалық мәслихаттың
      хатшысы                                    Қ. Әбдіров

      Келісілген:

      "Жезқазған қалалық жұмыспен қамту
      және әлеуметтік бағдарламалар              Бағлан Мырзаханұлы
      бөлімі" ММ бастығы                         Мырзаханов
      14 сәуір 2009 жылы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады