Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2012 жылғы 19 қыркүйектегі № 426 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 3 қазанда № 7969 тіркелді

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 46-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Ф.Н. Жақыпова):
      1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын;
      3) осы бұйрықты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының назарына жеткізсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.Қ. Орынхановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы                          М. Орынханов

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушының   
2012 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 426 бұйрығымен     
бекітілген        

Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Университеттік интернет-ресурстарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 46-8) тармақшасына сәйкес әзірленген.
      2. Осы Талаптар университеттік интернет-ресурстарының құрылымын, мазмұны мен таратылу өлшемдерін анықтайды.
      3. Осы Талаптарда мынадай негізгі терминдер мен ұғымдар қолданылады:
      1) динамикалық ақпарат – уақытша сипатқа ие жоғары оқу орнының ағымдағы қызметін көрсететін ақпарат (перспективті даму, өзекті оқиғалар, басым бағыттар);
      2) интернет-ресурстар – ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде қызмет ететін электронды ақпараттық ресурс, оны жүргізу және (немесе) пайдалану технологиясы, сондай-ақ ақпараттық өзара әрекетті қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық құрылым;
      3) статистикалық ақпарат – бұл тұрақты (анықтамалық) сипатқа ие жоғары оқу орнының ішкі қызметін көрсететін ақпарат (нормативтік құқықтық актілер, жоғары оқу орнының құрылымы, ережесі);
      4) электронды-кітапханалық жүйе – бұл білім беру процесінде пайдаланылатын, тақырыптық және мақсатты белгілер бойынша бірлескен, қосымша сервистермен жабдықталған, құжаттарды іздестіруді және олармен жұмыс істеуді жеңілдететін және ҚР МЖБС-ның барлық талаптары мен басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетін электронды құжаттар жиынтығы.

2. Интернет-ресурстарын ұйымдастыру

      4. Университеттік интернет-ресурстар оқу процесінде, оқу, ғылыми және тәрбиелік процестер мен инновациялық қызметте ЖОО-ның жетістіктерін таныту және тәжірибені кеңейту мақсатында, маркетингтік зерттеулер жүргізу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
      5. Әрбір білім алушы, оқытушылар және оларға теңестірілген тұлғалар университеттік интернет-ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігімен қамтылуы тиіс.
      6. Университеттік интернет-ресурстар мыналарды қамтиды:
      1) жоғары оқу орындары, құрылымдық бөлімшелері туралы жалпы ақпаратты, құрылымдық бөлімше басшыларымен байланыс жасау тетіктері;
      2) халықаралық ынтымақтастық, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық, білім беру бағдарламалары туралы, ғылыми және халықаралық қызмет бөлімі;
      3) статистикалық және талдау деректері;
      4) білім саласындағы нормативтік құқықтық актілер;
      5) білім беру порталына, электронды кітапханаға, қашықтықтан білім беру порталына (қашықтықтан білім беруді жүргізуге лицензиясы бар ұйымдар үшін), ресми сайттарға, әріптестік ұйым сайттарына сілтемелер;
      6) байланыс ақпараты;
      7) жоғары оқу орны басшысының блогы;
      8) жаңалықтар тізбегі;
      9) ғылыми конференциялардың, семинарлардың, ресми сапарлар мен кездесулердің кестесі;
      10) білім сапасының менеджмент жүйесінің бөлімі.
      7. Жоғары оқу орындарының халықаралық іс-шараларды, форумдарды, семинарларды, конференцияларды өткізетіні туралы ақпарат жоспарланған өткізу күніне дейін жарты жылдан кешіктірілмей университеттік интернет-ресурстарда орналастырылуы тиіс.
      8. Университеттік интернет-ресурстарда орналастырылатын динамикалық ақпарат жаңа ақпараттың түскеніне қарай кезең-кезеңімен жаңартылуы тиіс.
      9. Ресми сайттарға орналастырылатын статистикалық ақпараттар қажеттілігіне қарай жаңартылып отырады.
      10. Университеттік интернет-ресурстарда жоғары оқу орындарының ресми рәміздері мен логотипі орналастырылады.
      11. Университеттік интернет-ресурстар жоғары оқу орнының Жарғысына сәйкес ЖОО-ның қызметіне қатысты ақпаратты, дербес ақпараттық ресурстарды, сондай-ақ құқық иеленуші тараптармен жасалған Келісімдер мен Шарттар негізінде басқа да ұйымдардың ресми сайттары мен ЖОО-ның білім беру порталындағы ресурстарды қамтуы мүмкін.
      12. Университеттік интернет-ресурстарда ақпараттарды орналастыру мен жаңарту регламентін ЖОО-ның өзі анықтайды және төмендегілерді қамтиды:
      1) университеттік интернет-ресурстарда жоғары оқу орны орналастыратын мәліметтердің толық тізбесі;
      2) ЖОО-ның интернет-ресурстарының жұмыс істеуі үшін қолданылатын технологиялық және бағдарламалық құралдарға қойылатын талаптар;
      3) орналастырылған университеттік интернет-ресурстарға пайдаланушылардың кіруі;
      4) ақпараттарды жойылудан, оларды түрлендіруден және оқшаулаудан немесе осындай ақпаратқа қатысты басқа да заңсыз іс-әрекеттерден қорғау;
      5) қайта қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында ақпаратты қосымша тасымалдаушы жабдықтарға көшіру;
      6) университеттік интернет-ресурстарды әкімшілендіру.
      13. Университеттік интернет-ресурстарда орналастырылатын ақпарат ең кемі екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы мүмкін.
      14. Университеттік интернет-ресурстарға техникалық қолдау көрсетуді, тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыруды жоғары оқу орнының интернет-русурсын әкімшілендіруді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
      15. Университеттік интернет-ресурстарға ақпаратты орналастыруға дайындықты жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.
      16. Университеттік интернет-ресурстарда білім және тәрбие қызметіне жатпайтын өзге де мәліметтерді орналастыруға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады