Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 2012 жылғы 25 шілдедегі N 60 шешімі. Алматы облысының Әділет департаменті Талдықорған қаласының Әділет басқармасында 2012 жылы 17 тамызда N 2-1-167 тіркелді. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты шешімнің күші жойылды - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 2013 жылғы 25 қыркүйектегі N 168 шешімімен

      Ескерту. Қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты шешімнің күші жойылды - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 25.09.2013 N 168 шешімімен.
      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы N 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес Талдықорған қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Талдықорған қалалық мәслихатының 2010 жылғы 14 сәуірдегі "Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы" N 173 (2010 жылғы 20 мамырдағы нормативтік құқықтық актілерді тіркеу Тізілімінде 2-1-122 нөмірімен енгізілген, 2010 жылғы 28 мамырдағы N 22 "Талдықорған" газетінде жарияланған) шешімінің күші жойылсын.
      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау экономика, қаржы мәселелері және бюджет жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Мамиля Құрманжанқызы Мұсабековаға жүктелсін.
      4. Осы шешім Әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Кезекті 9 сессия төрағасы,
      қалалық мәслихаттың хатшысы                М. Бопазов

      КЕЛІСІЛГЕН:

      "Талдықорған қаласының жұмыспен
      қамту және әлеуметтік
      бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесі
      бастығының м.а.                            Анет Мырзаханұлы Ушакпаев
      25 шілде 2012 жыл

Талдықорған қалалық мәслихатының
2012 жылғы 25 шілдедегі
"Аз қамтамасыз етілген отбасыларға
(азаматтарға) тұрғын үй көмегін
көрсетудің мөлшерін және тәртібін
айқындау туралы" N 60 шешіміне
қосымша

Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй
көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі

      Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" N 512 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" N 2314 Қаулысына, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 05 желтоқсандағы N 471 "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленді.

Жалпы ереже

      1. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шекті жол берілетін шығыстар үлесі – отбасының бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстардың шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
      өтініш беруші – көмекті тағайындату үшін отбасы атынан өтініш беретін адам;
      кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкілетті орган – жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды және төлемді жүзеге асыратын облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы;
      учаскелік комиссия – әлеуметтік көмекті алуға өтініш жасаған отбасылардың (азаматтардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін қала әкімінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
      тұрғын үй көмегін беру жөніндегі уәкілетті ұйым – жергілікті өкілді органдар тәртіппен айқындаған екінші деңгейдегі банктер.
      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға;
      тұрғын үйдің меншік иелерінің немесе жалдаушыларының (қосымша жалдаушыларының) отбасыларына (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
      Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      3. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына өтемақы төлемдерін қамтамасыз ететін нормалар шегінде, ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстардың шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде анықталады.
      Белгіленген нормадан артық тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстардың, коммуналдық қызметтерді тұтынудың және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерінің, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын азаматтар жалпы негіздер бойынша төлейді.
      Отбасының бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстардың шекті жол берілетін деңгейі отбасы табысының он пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерінің, тұрғын үйді жалға алу төлемақысының өтемақы төлемдерін қамтамасыз ететін нормалар шегінде нақты ақы төлеу шығындары жиынтық табысының 10 пайыздық үлесінен асқан жағдайда тағайындалады.

Тұрғын үй көмегін алуға өтініш беру тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) "Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Бөлім) өтініші мен келесі құжаттарын ұсынады (көшірмелер мен түпнұсқалар салыстыру үшін):
      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
      2) тұрғын үйге құқықтығын растайтын құжаттың көшірмесі.
      3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі.
      4) отбасының табысын растайтын құжаттар.
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар.
      6) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары, телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот.
      7) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысының мөлшері туралы шот.
      8) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтарының жоқтығы (бар болуы) туралы анықтама жылына бір рет ұсынылады;
      Өтініш берушілер ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.
      5. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжаттар ағымдағы тоқсанның соңғы айының 25-не дейін қабылданады.

Тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеу тәртібі

      6. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін есептеу мерзімі көмекке құқық туған айдан бастап өтінішімен қоса барлық қажетті құжаттарды өткізген жылдың ағымдағы тоқсаны болып саналады.
      Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға немесе пайдалануға беруші аз қамтамасыз етілген отбасылары (азаматтар) тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      7. Тұрғын үй көмегі "Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай – Бөлім) тағайындалады және осы мекенде тұрақты тұратындарға беріледі.
      Өтініш иесі тұрғын үйді жалға алуға сенім хат немесе басқада құқықтығы туралы құжаттарды көрсете алмаған жағдайда Бөлім учаскелік комиссияға тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының материалдық жағдайын, нақты тұратындығын, отбасы тұратын үйдің көлемін анықтауға тексеру жүргізуді тапсырады.
      8. Бөлім өтініш берушіден өтініші мен оған қосымша құжаттарды қабылдайды, оларды қабылдаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды және тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындамау туралы есеп ұсынады.
      9. Өтініш иесі Бөлім әрекетін жоғары уәкілетті органдарға және сот арқылы шағымдануға құқылы.
      10. Тұрғын үй көмегін алушылар он бес күн мерзімде Бөлімді көмек мөлшерінің өзгеруі үшін негіз болатын немесе алуға әсер ететін мән - жайлар туралы хабардар етеді.
      Өтініш беруші тұрғын үй көмегінің мөлшеріне әсер ететін мән - жайлар туралы хабарламаған жағдайда, қайта есептеу келесі тоқсанда жүргізіледі (анықталған уақыттан).
      Артық төленген сомалар ерікті түрде, ал бас тартылған жағдайда – сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.
      11. Бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларға, жасы сексеннен асқан тұлғаларға күтім жасайтын немесе жеті жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеумен айналысатын тұлғаларды қоспағанда, жұмыс істемейтін, күндізгі бөлімде оқымайтын, әскери қызмет атқармайтын, жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту уәкілетті органдарында тіркелмеген еңбекке жарамды тұлғалары бар аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      12. Жергілікті жылуы бар үйде тұратын отбасыларына тұрғын үй көмегін есептеу үшін от жағу мерзіміне көмірдің 3000 (үш мың) килограммнан аспайтыны ескеріледі және ағымдағы жылда тапсырған құжаттардың уақытына байланыссыз көмекке құқық туған айдан бастап ағымдағы жылға тағайындалады.
      13. Өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етілетін тұрғын үйлер аумағының нормалары заңнамамен белгіленген отбасының әр мүшесіне тұрғын үй беру нормаларына баламалы.
      14. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар ескеріледі:
      1) ыстық және суық сумен жабдықтау - әр отбасы мүшесіне, есептеу құралдары болған жағдайда – көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспайды;
      2) газды тұтыну:
      жергілікті жылуы бар үйде тұратын отбасыларына - бір айға бір кішкене газ баллон;
      көп пәтерлі тұрғын үйде тұратын отбасылары (азаматтары) орталықтандырылған газбен және ыстық сумен жабдықталған жағдайда - отбасының әр мүшесіне бір айға 4,8 килограмм, орталықтандырылған газбен жабдықталып, бірақ ыстық сумен жабдықталмаған жағдайда – отбасының әр мүшесіне бір айға 8,2 килограмм, есептеу құралдары болған жағдайда – көрсеткіштері бойынша, бірақ қолданыстағы нормалардан аспайды;
      3) электр энергиясын қолдану: 1 адамға – бір айға 70 киловатт, 4 және одан көп адамнан тұратын отбасына – бір айға 250 киловатт.
      4) қоқысты әкету:
      1 адамға – бір айға 70 теңге.
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шотына сәйкес.
      15. Аумақтың тұрғындары қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормалары мен тарифтерін қала әкімдігі белгілейді.
      16. Тұрғын үй көмегін төлеу есептелген сомаларды алушылардың жеке шоттарына екінші деңгейлі банктердің бөлімшелері арқылы аудару жолымен жүргізіледі.

Қорытынды

      17. Осы тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібімен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады