Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 199 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 9 желтоқсанда № 9948 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, банктердің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу тәртібін жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Қ. Келімбетов

  Қазақстан Республикасының
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2014 жылғы 22 қазандағы
  № 199 қаулысымен
  бекітілген


Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары

      "Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына, Халықаралық сауда палатасы қабылдаған Құжаттамалық аккредитив бойынша біріздендірілген дәстүрлерге және қағидаларға (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы банктерінің (бұдан әрі – банктер) құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу тәртібін реттейді.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Құжаттамалық аккредитив (бұдан әрі - аккредитив) – банк клиенттің өтініші мен нұсқаулығына сәйкес қабылдаған немесе өз қалауы бойынша белгілі бір бенефициарға төлем жасауы немесе оның бұйрығы бойынша акцепт жасауы және бенифициар ұсынған аударым вексельдеріне (тратт) төлем жасауы немесе егер аккредитивтің барлық шарттары сақталмаса, белгіленген мерзіміне қарай аккредитивте көзделген құжаттарды саудалау (негоцияция) жөнінде банктің қайтарып алынбайтын міндеттемесі көзделген құжаттамалық есеп айырысу нысаны.

      Аккредитив деп сатып алу-сату шартынан немесе басқа да шарттан ерекшеленген, соларға негізделетін мәмілені айтады.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) авизо жасаушы банк – бенефициарға эмитент банк өз тарапынан міндеттеме алмай-ақ аккредитивті және/немесе оған өзгерісті беруге уәкілеттік берген банк;

      2) аккредитивке бұйрық беруші (бұдан әрі – бұйрық беруші) – қызмет көрсететін банкке (эмитент банкке) аккредитив ашуға өтініш беретін адам;

      3) бенефициар – пайдасына аккредитив ашылатын заңды немесе жеке тұлға;

      4) негоциация – орындаушы банктен өзге банкке ұсынылған аударым вексельдерін (тратты) және (немесе) құжаттарды орындаушы банктің аванстау немесе бенефициарға банк күні ақшаны аванстауға келісім беру жолымен сатып алуы, ол күні немесе ол басталғанға дейін орындаушы банкке өтем берілуге тиіс;

      5) орындаушы банк - эмитент банк құжаттарды қабылдауға, тексеруге және оның талаптарына сәйкес аккредитивтерді орындауға уәкілеттік берген банк немесе егер аккредитивтің орындалуы кез келген банкте көзделген жағдайда кез келген банк;

      6) өтем жасалған аккредитив - ашылған кезде бұйрық беруші эмитент банктің басқаруына аккредитив сомасына тең ақша сомасын (өтемді) осы ақшаны аккредитив бойынша төлеу үшін пайдалануға болатын шартпен аккредитивтің қолданылу мерзіміне берілетін аккредитив;

      7) расталған аккредитив - эмитент банктің аккредитив бойынша төлем міндеттемесін орындауды жүзеге асыру міндеттемесіне қосымша немесе тиісінше ресімделген негоциацияны растайтын банктің міндеттемесі;

      8) растаушы банк – эмитент банктің талаптарына сәйкес оның міндеттемесіне қосымша аккредитивтерді орындау жөнінде міндеттеме қабылдайтын банк;

      9) трансферабель аккредитиві – аударымды болып табылатындығы және бірінші бенефициардың нұсқауы бойынша бір немесе бірнеше бенефициардың пайдасына (аударуды) оны толық немесе ішінара пайдалану мүмкіндігін көздейтіндігі көрсетілген аккредитив;

      10) эмитент банк - аккредитивке бұйрық берушінің өтінішіне сәйкес аккредитив ашатын және оның талаптарына сәйкес аккредитивті орындау жөніндегі міндеттемені атқарушы банк.

      3. Осы Қағидалармен реттелмейтін қатынастар Халықаралық сауда палатасының құжаттамалық аккредитиві бойынша біріздендірілген дәстүрлерімен және қағидаларымен (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600), тараптар арасында жасалған шарттармен (бар болса), аккредитив ашуға арналған өтініштердің талаптарымен және банк тәжірибесінде қолданылатын іскерлік айналым дәстүрлермен реттеледі.

2-тарау. Аккредитивті ашу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) аккредитив ашу (ұсыну) және растау бойынша банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензиясы бар болса ғана аккредитив ашуды жүзеге асырады.

      5. Аккредитив ашу үшін (Ұлттық Банкте аккредитивтер ашуды қоспағанда) бұйрық беруші қызмет көрсететін банкке (эмитент банкке) банктің (эмитент банктің) iшкi құжаттарында көзделген құжаттарды, сондай-ақ аккредитив ашуға арналған өтінішті ұсынады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 257 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5-1. Ұлттық Банк аккредитив ашуы үшін бұйрық беруші Ұлттық Банкке құжаттамалық аккредитивті қолдана отырып есеп айырысу нысанын пайдалануды көздейтін шарттың көшірмесімен қоса ашуға арналған еркін нысандағы өтінішті береді.

      Ескерту. 2-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Аккредитив ашуға арналған өтініште мыналар болуға тиiс:

      1) бұйрық берушiнiң аты-жөні және мекенжайы;

      2) бенефициардың атауы және мекенжайы, оның банктiк деректемелерi;

      3) авизо жасаушы банктiң атауы;

      4) аккредитивтiң түрi;

      5) аккредитив сомасы;

      6) аккредитивтiң орындалу тәсілдері;

      7) банктің аккредитивтің орындалуға жататындығы немесе оның кез келген банкте орындалуға жататындығы туралы нұсқауы;

      8) тауардың немесе қызметтің атауы;

      9) аккредитивтердiң орындалуына қайшы келетiн құжаттардың тiзбесi;

      10) аккредитивтiң орындалу мерзiмi, тиеу мерзiмi (қажет болған жағдайда), құжаттар беру мерзiмi;

      11) аккредитив бойынша банк шығыстарының орнын толтыратын тараптардың атауы.

      7. Банк (эмитент банк) аккредитив ашу мерзімін белгілейді. Бұл ретте өтелген аккредитивті ашу үшін мерзім 3 (үш) жұмыс күнінен, өтелмеген аккредитив үшін – 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайды. Банк (эмитент банк) аккредитивті ашу мерзімін клиент Қағидалардың 5-тармағына сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап есептейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.10.2018 № 257 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Электрондық хабар алмасу туралы шарт болған кезде бұйрық беруші аккредитив ашуға арналған өтінішті эмитент банкке электрондық тәсілмен, оны қағаз тасымалдауышта растамай-ақ, электрондық құжаттар алмасудың тиісті жүйелерін пайдалана отырып бере алады.

      9. Банк алынған өтініштің негізінде авизо жасаушы немесе орындаушы банкке тікелей, не басқа банк арқылы беру үшін аккредитивті ресімдейді.

      10. Аккредитивте оны орындау тәсілі көрсетіледі – ұсыну бойынша төлем жасау, мерзімін ұзартып төлем жасау, аударым вексельдерiнiң (тратт) акцептi немесе негоциация не аралас төлем жасау.

      11. Банктерде ашылған және орындалатын аккредитив сомасы қазақстандық теңгемен немесе шетел валютасымен көрсетiледi.

3-тарау. Аккредитивті орындау

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Банктердің құжаттарды тексеру тәртібі мен мерзімдері, аккредитивті аудару банк тәжірибесінде пайдаланылатын халықаралық стандарттарға және Халықаралық сауда палатасында қабылданған құжаттамалық аккредитиві бойынша біріздендірілген дәстүрлеріне және қағидаларына (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600) сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Эмитент банкте немесе орындаушы банкте аккредитивте көзделген тиісінше ресімделген құжаттар болған кезде, сондай-ақ аккредитивтің барлық талаптары сақталған кезде эмитент банк аккредитивті мынадай жолмен:

      1) ұсыну бойынша төлем жасау, мерзімін ұзартып төлем жасау немесе эмитент банктің акцепті;

      2) егер орындаушы банк төлемесе, орындаушы банкке ұсыну бойынша төлем жасау;

      3) егер орындаушы банк мерзімін ұзартып төлем жасау міндеттемесін өзіне қабылдамаса, не мерзімін ұзартып төлем жасау міндеттемесін өзіне қабылдай отырып, мерзімі келген кезде төлемесе, мерзімін ұзартып төлем жасау;

      4) егер орындаушы банк оған қойылған аударым векселін (тратты) акцептемесе, немесе оған қойылған аударым векселін (тратты) акцепттеп, мерзімі келген кезде төлемесе, акцепт арқылы;

      5) егер орындаушы банк негоциацияны жүзеге асырамаса, негоциация арқылы орындайды.

      14. Аккредитивтерді орындау мақсатында жүзеге асырылатын төлемдер тек қолма-қол ақшасыз жасалатын тәртіппен ғана жүргізіледі.

      15. Бенефициардың пайдасына төлемді жүзеге асыру кезінде эмитент банк (орындаушы банк) аккредитив сомасына төлем құжатын қалыптастырады, оның орындалуы Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда, "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2018 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14419 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 208 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол ақшасыз төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларында, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18512 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен және талаптарды сақтай отырып жүргізіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 № 221 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Аккредитив пен кез келген өзгеріс авизо жасаушы банк арқылы бенефициарға авизо жасалуы мүмкін. Растаушы банк болып табылмайтын авизо жасаушы банк аккредитивті және кез келген өзгерісті міндеттемені орындау немесе негоциация жасау міндеттемесінсіз авизо жасайды.

      17. Аккредитивті авизо жасау үшін авизо жасаушы банктің немесе екінші авизо жасаушы банктің қызметтерін пайдаланған банк кез келген өзгерісті авизо жасау үшін сол банкті пайдалануы тиіс.

      18. Бенефициардың аударым вексельдерін (тратталарын) акцептеу немесе негоциациясы аккредитив талаптарына қарай "Қазақстан Республикасындағы вексель айналысы туралы" 1997 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13071 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 261 қаулысымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың аударым және жай вексельдермен операциялар жүргізуі қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4. Банктердің даулы ахуалдарды шешу кезіндегі іс-әрекеті

      Ескерту. 4-тарау алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.12.2017 № 248 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасының
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2014 жылғы 22 қазандағы
  № 199 қаулысына
  қосымша

Күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1150 тіркелген).

      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесіне өзгерісті бекіту туралы" 2001 жылғы 3 қыркүйектегі № 316 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1655 тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы" 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2002 жылғы 18 сәуірдегі № 138 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1860 тіркелген, 2002 жылғы Қазақстан Республикасының орталық, атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінің № 29, 635-құжатта жарияланған).

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бөлімшелерінің арасында функцияларды бөлуге байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2005 жылғы 17 қарашадағы № 147 қаулысына қосымшаның 6-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3993 тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады