Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылы 27 ақпандағы № 98 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 сәуірде № 10678 тіркелді

      «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 52-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін оның күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспа басылымдарында, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                  Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрінің   
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 98 бұйрығымен   
бекітілген      

Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Кодексі 52-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және қалпына келтіре емдеу және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту (бұдан әрі – медициналық оңалту) тәртібін айқындайды.
      2. Медициналық оңалту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде туа біткен және жүре пайда болған аурулардан, сондай-ақ жіті, созылмалы аурулар мен жарақаттардың салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі.
      3. Медициналық оңалтудың мақсаты денсаулықты, еңбекке жарамдылықты, жеке басының және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру, асқынулардың алдын алу, қоғамның қалыпты тұрмыс жағдайында материалдық және әлеуметтік тәуелсіздікке, ықпалдастыруға, қайта ықпалдастыруға қол жеткізу болып табылады.
      4. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) пациенттерді (мүгедектерді) оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігі (бұдан әрі – ОЖБ медициналық бөлігі) – науқастар мен мүгедектердің медициналық оңалтудан өткізудің нақты көлемін, түрін және мерзімін белгілейтін құжат;
      2) мүгедек – тіршілік-тынысының шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы бұзылған адам;
      3) халықаралық критерийлер – биоәлеуметтік функциялардың бұзылу дәрежесін, адамның оңалту әлеуетін бағалауға, медициналық оңалтудың көлемін, тактикасын және кезеңділігін айқындауға мүмкіндік беретін медициналық оңалту аспаптары (индекстер, шкалалар, тестілер);
      4) мультитәртіптік команда (бұдан әрі – МТК) денсаулық сақтау ұйымы басшысының медициналық оңалтудың барлық кезеңдерінде құрылған, медициналық оңалту және қалпына келтіру емі (физиотерапия, емдік дене шынықтыру, курортология) (ересектер, балалар) бойынша даярлығы бар және үйлестіруші дәрігердің басшылығымен кешенді медициналық оңалту көрсететін әртүрлі мамандардың тобы;
      5) бейін бойынша үйлестіруші дәрігер (бұдан әрі – үйлестіруші дәрігер) – медициналық оңалту мен қалпына келтіру емі (физиотерапия, емдік дене шынықтыру, курортология) (ересектер, балалар) мәселелері бойынша оқудан өткен және МТК жұмысын үйлестіруші көрсетілетін медициналық көмек бейіні бойынша маман (кардиолог, невропатолог, травматолог-ортопед);
      6) «медициналық оңалту, қалпына келтіру емі (физиотерапия, емдік дене шынықтыру, курортология) (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша дәрігер – аурудың негізгі клиникалық бейіндері бойынша физикалық оңалту құралдары мен әдістерін қолдану жөнінде арнайы білімі және даярлығы бар дәрігер;
      7) «Емдеуге жатқызу бюросының» порталы (бұдан әрі – Портал) – ТМККК шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеудің және сақтаудың бірыңғай жүйесі.

2. Медициналық оңалту көрсету тәртібі

      5. Медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2013 жылғы 27 желтоқсандағы № 759 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9108 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 759 бұйрық) бекітілген Қазақстан Республикасының халқына медициналық оңалту көрсетуді ұйымдастыру стандартына сәйкес санаторийлік-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
      6. Медициналық оңалту мынадай:
      1) амбулаториялық-емханалық көмек (тәулік бойы медициналық бақылау мен емдеуді көздемеген жағдайларда);
      2) стационарды алмастыратын көмек (күндізгі уақытта медициналық бақылау мен емдеуді көздейтін күндізгі стационарлар, сондай-ақ үйдегі, бірақ тәулік бойы медициналық бақылауды және емдеуді қажет етпейтін жағдайларда);
      3) стационарлық көмек (тәулік бойы медициналық бақылауды және емдеуді талап ететін жағдайларда) түрлерінде жүзеге асырылады
      7. Медициналық оңалту:
      1) операциядан кейінгі асқынулар болмаған кезде аурулардың жіті, жеделдеу кезеңінде жіті ауруларды, жарақаттарды, улануларды тікелей интенсивті (консервативтік, операциялық) емдеу;
      2) туа біткен және жүре пайда болған аурулардан, сондай-ақ науқастың тәни, психикалық және әлеуметтік әлеуетін оңтайлы іске асыру және оны қоғамға барынша барабар ықпалдастыру арқылы аурудың жеделдеу кезеңінде жіті, созылмалы аурулар мен жарақаттардың салдарынан зардап шегетіндерге көрсетіледі.
      8. № 759 бұйрыққа сәйкес барлық бейіндегі пациенттер үшін үш негізгі медициналық оңалту кезеңінде пациент жағдайының ауырлығына қарай және екі қосымша кезеңде «кардиология және кардиохирургия», «травматология және ортопедия», «неврология және нейрохирургия» бейіндері бойынша жүргізіледі.
      9. Медициналық оңалту ОЖБ медициналық бөлігі жағынан диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Медициналық оңалтуды көрсету үшін пациентті стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 шілдедегі № 492 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6380 тіркелген) бұйрығымен бекітілген ТМККК шеңберінде Портал арқылы стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
      11. ТМККК шеңберінде медициналық оңалту көрсету үшін стационарға пациентті жоспарлы емдеуге жатқызу медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (бұдан әрі – МСАК) жалпы практика дәрігерлерінің жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.
      12. Амбулаториялық кезеңде МСАК жалпы практика дәрігері (учаскелік терапевт (педиатр) дәрігер) бейінді мамандармен және МТК мамандарымен өзара іс-қимыл кезінде пациенттерде медициналық көрсетілімдердің және қарсы көрсетілімдерінің болуын, кезеңін, медициналық оңалтуды жүргізу үшін ұйымды айқындайды, ОЖБ медициналық бөлігін қалыптастырады.
      13. Пациенттер ОЖБ медициналық бөлігі негізінде стационарлық және амбулаториялық жағдайларда:
      ауырлық дәрежесін және оңалту әлеуетін бағалауды ескере отырып;
      «кардиология және кардиохирургия», «травматология және ортопедия», «неврология және нейрохирургия» бейіндері бойынша халықаралық критерийлерге сәйкес медициналық оңалтуға жіберіледі.
      14. Медициналық оңалтуға мұқтаж пациенттерді оңалтудың бір кезеңінен басқа кезеңіне ауыстыру немесе жіберу ауырлық дәрежесіне және ОЖБ медициналық бөлігі негізінде халықаралық критерийлерге сәйкес жүзеге асырылады.
      15. Тәулік бойы медициналық бақылауды және емдеуді, емдеу мен оңалтудың интенсивті әдістерін қолдануды талап ететін функциясында айтарлықтай бұзушылығы бар, бөгде адамның көмегіне мұқтаж пациенттер өзіне-өзі қызмет көрсетуді, қозғалтуды және қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін көрсетілетін оңалту көмегінің бейіні бойынша стационарлық жағдайда медициналық оңалту (медициналық оңалтудың бірініші және екінші кезеңдері) жүргізуге жіберіледі.
      16. Өзіне-өзі қызмет көрсете алатын, өз бетінше (немесе қосымша тірек құралдарымен) қозғала алатын, сондай-ақ интенсивті емдеу әдістерін пайдалану қажеттілігі болмаған жағдайда пациенттерді медициналық оңалту тәулік бойы медициналық бақылау амбулаториялық жағдайда немесе күндізгі стационар жағдайында (медициналық оңалтудың үшінші кезеңі) жүргізіледі.
      Өзін-өзі күте алмайтын және өз бетінше қозғала алмайтын, тасымалдау кезінде қиналатын және стационарға емдеуге жатқызуды қажет етпейтін, сондай-ақ интенсивті емдеу әдістерін пайдалану қажеттілігі болмаған жағдайда, бірақ зерттеулердің объективтік әдістерімен қалпына келтіру немесе функциялардың компенсациясының перспективасы расталған пациенттерге медициналық оңалту үйде жүргізіледі.
      17. Оңалтудың бірінші кезеңінен кейін медициналық оңалтуды жалғастыру қажет болған жағдайда МТК үйлестіруші дәрігері емдеуші дәрігермен (бөлімше меңгерушісі) бірлесіп пациенттерге (мүгедектер) ОЖБ медициналық бөлігін қалыптастырылатын пациентті ауырлық дәрежесіне және халықаралық критерийлерге сәйкес медициналық оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңдеріне жібереді,
      Функцияны қалпына келтіру перспективасы (оңалту әлеуеті) болмаған жағдайда пациенттер паллиативтік көмек көрсететін медициналық ұйымдарға жіберіледі.
      18. № 759 бұйрыққа сәйкес медициналық оңалтудың негізгі кезеңдерінен өткен және пациенттер қосымша (қолдаушы, қайталама) оңалту кезеңдеріне жіберіледі.
      19. Стационарға (оңалту орталығы, бөлімшесі) және санаторийге, МСАК ұйымына медициналық оңалту көрсетуге жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде:
      пациентті медициналық оңалтуға қажетті клиникалық-диагностикалық, аспаптық және рентгенологиялық зерттеулер, қажет болған жағдайда бейінді мамандардың консультациясы жүргізіледі;
      № 759 бұйрыққа сәйкес жүргізілген зерттеу нәтижелерін көрсете және жалпы қарсы көрсетілімдерді есепке ала отырып стационарға жолдама немесе санаторийге медициналық оңалтуға санаторийлік-курорттық карта ресімделеді.
      20. Балаларды медициналық оңалту кезінде:
      1) дәрігерлердің қорытындысы бойынша үш жасқа дейінгі, сондай-ақ қосымша күтімді қажет ететін ересек қатты ауыратын балалардың балаға тікелей күтім жасауды жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе басқа адамға медициналық ұйымда онымен бірге тәулік бойы болу мүмкіндігі беріледі;
      2) стационарлық емдеуде жатқан балаға тікелей күтім жасауды жүзеге асыратын анасы (әкесі) немесе басқа адам тегін жататын орынмен қамтамасыз етіледі.
      3) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана медициналық ұйымда баласына күтім жасау бойынша болған бүкіл кезеңінде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
      21. Стационарлық жағдайларда медициналық оңалту көрсету кезінде:
      1) «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 тіркелген) (бұдан әрі – № 907 бұйрық) 107/е нысаны бойынша оңалту картасы рәсімделеді;
      2) емдеуші дәрігер медициналық картаға пациенттің жалпы жағдайын, шағымын, ауруы мен өмірінің анамнезін, объективті зерттеу деректерін, анықталған патологиясын, орындалған зертханалық және функционалдық зерттеулердің клиникалық бағалауын, алдын ала диагнозы мен әлеуетін, диагностикалық, емдік, оңалту іс-шараларын жазады, қажетті емдеу-диагностикалау және оңалту іс-шараларын (пациенттің қазіргі жағдайын ескере отырып) өткізуге пациенттің жазбаша келісімін ресімдейді;
      3) медициналық оңалту курсы аяқталған кезде қолхат алу арқылы үйлестіруші дәрігер пациенттің қолына № 907 бұйрықпен бекітілген 027/е нысаны бойынша медициналық картадан үзінді-көшірме береді.
      22. Медициналық оңалту көрсету кезінде мектеп жасындағы балалар оқу жылы кезеңінде стационарлық жағдайда үздіксіз біліммен қамтамасыз етіледі.
      23. Балалар стационарлық бөлімшелерінің және мамандандырылған балалар стационарлық медициналық ұйымдарының пациенттеріне ойын, демалыс және тәрбиелік жұмыс жүргізу үшін жағдай жасалады.
      24. Негізгі медициналық көмек жүзеге асырылған сол медициналық ұйымның медициналық оңалту бөлімшесіне пациентті ауыстыру «Стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде бір емделіп шығу жағдайы ретінде тіркеледі.
      25. Медициналық оңалтуды көрсету үшін жіті кезеңде жүргізген емдеуден кейін пациентті медициналық оңалтудың бірінші кезеңінен басқа медициналық ұйымға екінші кезеңге ауыстыру Порталда емдеуге жатқызудың жаңа жағдайы ретінде тіркеледі.
      26. Бір жасқа толмаған балалар үшін медициналық оңалту диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес әрбір үш айда нервтік-психологиялық дамуын бағалау арқылы жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады