Көмірсутек шикізатын, уран мен көмірді барлауға арналған үлгілік келісімшарттың нысанын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 244 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 29 сәуірде № 10881 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 471 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Энергетика министрінің 30.12.2020 № 471 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 17-бабының 27-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған көмірсутек шикізатын, уран мен көмірді барлауға арналған үлгілік келісімшарттың нысаны бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) заңнамада белгіленген тәртіпте осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға көшірмесін жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Энергетика министрі

В. Школьник

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 30 наурыз

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      __________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 30 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 30 наурыздағы
№ 244 бұйрығымен бекітілді

      Нысан

Көмірсутек шикізатын, уран мен көмірді барлауға арналған үлгілік келісімшарт

      Осы ___________________________________________________________

      (мемлекеттік органның атауы)

      құзыретті орган ретінде Қазақстан Республикасының атынан әрекет

      ететін

      _____________________________________________________________________

      (әкімшілік аумақтық бірлікті көрсетіңіз)

      және бұдан әрі бірлесіп Тараптар деп аталатын _______________________

      _____________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы - бұдан әрі – Жер қойнауын пайдаланушы)

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (блок координатын (-тарын) көрсетіңіз)

      _____________________________________________________________________

      (пайдалы қазбаның түрі көрсетілсін: көмірсутек шикізаты, уран,

      көмір) барлауға арналған келісімшарт (бұдан әрі - келісімшарт)

      Мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауы мен

      ондағы пайдалы қазбалар мемлекет меншігі болып табылатындығын назарға

      ала отырып, Қазақстан Республикасы жер қойнауы учаскесін барлау үшін

      беру ниетін білдіретіндігін;

      2) жер қойнауын пайдаланушыда Қазақстан Республикасының

      заңнамасының және Келісімшарттың талаптарына сәйкес барлауды жүргізу

      ниеті, қаржылық және техникалық мүмкіндіктері барлығын назарға ала

      отырып;

      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі Келісімшартты жасасу және

      оны орындау жөніндегі құзыретті орган ретінде_______________________

      (құзыретті болып табылатын мемлекеттік органның атауын көрсетіңіз)

      анықтады;

      4) Құзыретті орган мен орындаушы Келісімшарт барлау кезінде

      олардың келісімшарттық қатынастарын реттейтін болады деп уағдаласты.

      Құзыретті орган мен жер қойнауын пайдаланушы төмендегілер

      туралы уағдаласты:

1. Келісімшарт мақсаты

      1. Келісімшарт мақсаты берілген келісімшарт аумағында барлау бойынша операциялар жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындау болып табылады.

2. Келісімшарттың қолданылу мерзімі

      2. Осы келісімшарт кейінгі ___ жылға жасалған (6 жылдан аспайтын мерзім көрсетілсін).

      3. Келісімшарт құзыретті органда мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

      4. ____________________________________________________________

      (пайдалы қазбаның түрі көрсетілсін: көмірсутек шикізаты, уран, көмір) кен орнын анықтаған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Заңда айқындалған тәртіппен оны бағалау үшін қажетті мерзімге Келісімшарт қолданысын ұзартуға құқығы бар.

      Бағалау үшін келісімшарттың қолданыс мерзімін ұзартқан кезде, Келісімшартқа тараптардың қосымша келісімімен ресімделетін тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізіледі.

3. Келісімшарт аумағы

      5. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарттың ажырамас бөлігі болып табылатын геологиялық бөлікте көрсетілген келісімшарт аумағы шегінде барлау жүргізеді.

      Барлау үшін оңайлатылған тәртіппен берілетін жер қойнауы учаскесі он блоктан аспауға тиіс, олардың әрқайсысы координаттардың географиялық жүйесінде бір минутқа тең.

      6. Жер қойнауын пайдаланушы 1 ай бұрын құзыретті органды алдын ала хабардар ете отырып, Үлгілік келісімшарт қолданысының бірінші жылы өткен соң келісімшарт аумағының барлық немесе бір бөлігін қайтаруға құқылы. Келісімшарт аумағын қайтаруға блоктар бойынша ғана жол беріледі.

4. Жер қойнауын пайдаланушының міндеттері

      7. Жер қойнауын пайдаланушы Келісімшарт қолданысы мерзімі ішінде:

      1) мынадай

      бірінші жыл үшін – республикалық бюджет туралы заңға сәйкес және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК);

      екінші жыл үшін – 110 (жүз он) АЕК;

      үшінші жыл үшін – 115 (жүз он бес) АЕК;

      төртінші жыл үшін – 120 (жүз жиырма) АЕК;

      бесінші жыл үшін – 140 (жүз қырық) АЕК;

      алтыншы жыл үшін – 160 (жүз алпыс) АЕК мөлшерінде әр блок үшін жыл сайынғы өсетін төлемдер түрінде ұсынылған жыл сайынғы аударымдарды жүргізуге;

      Келісімшарттың қолданылу мерзімі бағалау үшін ұзартылған жағдайда әрбір келесі жылға аударымдар мөлшері кемінде 180 (жүз сексен) АЕК мөлшеріне тең.

      Аударымдар Келісімшарт қолданысының кезекті жылы басталған күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей жергілікті бюджетке тиісті соманы аудару арқылы жүргізіледі. Жер қойнауын пайдаланушы көрсетілген соманы аударған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей төлем құжатының көшірмесін (болған жағдайда) қоса бере отырып, төлем деректемелерін көрсете отырып, төлеу туралы жазбаша хабарламаны Құзыретті органға жіберуге міндетті.

      2) келісімшарт қолданысының бүкіл кезеңіне бір блок шегінде орындауға қажетті шығындардың ең аз мөлшерін орындауға:

      бірінші жылы – 1000 (бір мың) АЕК;

      екінші жылы – 1000 (бір мың) АЕК;

      үшінші жылы –1000 (бір мың) АЕК;

      төртінші жылы – 1200 (бір мың екі жүз) АЕК;

      бесінші жыл – 1400 (бір мың төрт жүз) АЕК;

      алтыншы жыл – 1600 (бір мың алты жүз) АЕК.

      Шығындардың ең аз мөлшері барлауға қатысты жұмыс түрлеріне ғана жұмсалуы тиіс.

      Бір блок шегінде орындалуы тиіс шығындардың ең аз мөлшерін орындау туралы есепті жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен береді.

      Анықталған кен орнын бағалауға арналған Келісімшарт қолданысының мерзімі ұзартылған жағдайда, ұзартудың әрбір келесі жылы үшін шығындардың ең аз мөлшері Келісімшарт қолданысының алтыншы жылы шығындарының ең аз мөлшеріне тең.

      3) жылдар бойынша жұмыстардың мынадай мейлінше аз түрлерін:

      бірінші жылы – геологиялық материалдарды зерттеуге, жобалау құжатын әзірлеуге және бекітуге;

      екінші жылдан бастап алтыншы жылды қоса алғанда – іздеу және алдын ала белгіленген бағдарларды, зертханалық жұмыстарды, камералдық жұмыстарды орындауға міндеттенеді.

      Көрсетілген жұмыстарды, алдыңғы жылдарда геологиялық барлау жұмыстарын орындаған жағдайда не оларды жүргізу қажеттігі болмағанда, олармен тікелей байланысты жұмыстардың өзге түрлерімен ауыстыруға жол беріледі.

      Жылдар бойынша жұмыстардың мейлінше аз жұмыстарын орындау туралы есепті жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен береді;

      4) бастапқы мөлшерге тең қол қойылатын бонусты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төлеуге;

      5) келісімшартты жасағаннан және тіркегеннен кейін алты ай мерзімде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы бар іздеу жұмыстарының жобасын әзірлеуге және өз бетінше бекітуге және оны жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға жіберуге;

      6) барлау жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының талаптарын сақтауға міндеттенеді.

5. Салық салу

      8. Келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу оларды төлеу бойынша міндеттеме туындаған күні қолданыста болатын салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімшарт шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді орындау жер қойнауын пайдаланушыны мемлекетте келісімшарт шеңберінен тыс қызметті жүзеге асыру бойынша салықтық міндеттеме туындаған күні қолданыста болатын мемлекеттің салық заңнамасына сәйкес салықтық міндеттемесін орындаудан босатпайды.

      9. Қол қойылатын бонус ақырғы мөлшері (сомасы көрсетілсін).

      10. Келісімшартты жасасу кезінде жер қойнауын пайдаланушы қол қойылатын бонустың белгіленген сомасының елу пайызын 20 жылғы "___" №___ төлем тапсырмасы бойынша төледі.

      11. Қол қойылатын бонустың мөлшердегі қалған (сомасы көрсетілсін) елу пайызын жер қойнауын пайдаланушы келісімшарт күшіне енгеннен кейінгі отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей төлейді.

6. Коммерциялық табу

      12. Жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық кен орнын тапқан жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өндіруге арналған келісімшартты жасауға айрықша құқыққа ие.

7. Ақпаратқа меншік құқығы

      13. Геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушының қаражаты есебiнен алынса, жер қойнауын пайдаланушының меншiгiнде болады.

      14. Мемлекет меншігіндегі келiсiмшарттық аумақ бойынша жер қойнауы туралы ақпарат, жер қойнауын пайдаланушымен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органнан сатып алынады.

      15. Мемлекет меншігінде болатын геологиялық ақпараттың құны тарихи шығындар сомасының бір бөлігі ретінде айқындалады. Геологиялық ақпараттың құны Қазақстан Республикасының бюджетіне төленеді.

      16. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қаржыландыру көзiне қарамастан, жер қойнауы туралы геологиялық және өзге де ақпарат мемлекет меншігіне міндетті түрде өтеусіз геологиялық ақпаратты сақтау, жүйелеу және жинақтап қорыту мақсатында жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға заңнамада белгіленген тәртiпте берілуге жатады.

      17. Келісімшарт күшi жойылған жағдайда, барлық геологиялық ақпарат Қазақстан Республикасы меншiгiне көшедi. Жер қойнауын пайдаланушы барлық құжаттар мен геологиялық ақпарат бар өзге де материалдарды жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөнiндегi уәкiлеттi органға тегiн беруге мiндеттi.

8. Еңсерілмейтін күш

      18. Тараптардың ешқайсысы, егер орындамау немесе тиісінше орындамау еңсерілмейтін күш мән-жайларымен байланысты болса, осы Келісімшарт бойынша қандай да бір міндеттемелердің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына жауапты болмайды.

      19. Еңсерілмейтін күш мән-жайларына, мысалы: әскери жанжалдар, табиғи апаттар, дүлей зілзалалар (өрт жән т.с.с.) сияқты жағдайларда төтенше және болдырмайтын мән-жайлар жатады. Келтірілген тізбе толық болып табылмайды.

      20. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде, олардан зардап шеккен тарап бұл туралы еңсерілмейтін күш мән-жайларының басталу күнін және сипаттамасын нақтылайтын жазбаша хабарламаны табыстау арқылы не почтамен жіберу арқылы екінші тарапты дереу хабардар етеді.

      21. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған кезде, тараптар қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын іздеу үшін дереу кеңес өткізеді және мұндай мән-жайлардың салдарын барынша азайту үшін барлық құралдарды пайдаланады.

      22. Еңсерілмейтін күш мән-жайларына байланысты келісімшарт бойынша жұмыстар толық немесе ішінара тоқтатылған кезде, келісімшарттың қолданыс мерзімі еңсерілмейтін күштің қолданыс мерзіміне ұзартылады.

9. Қолданылатын құқық және дауларды шешу тәртібі

      23. Келісімшарт және келісімшарт негізінде қол қойылған өзге де келісімдер үшін Қазақстан Республикасының құқығы қолданылады.

      24. Келісімшартты орындауға және тоқтатуға байланысты даулар келіссөздер арқылы шешіледі.

      25. Осы Келісімшартты орындауға, өзгертуге немесе тоқтатуға байланысты даулар келіссөздер арқылы алты ай ішінде шешілмесе, тараптар дауларды Қазақстан Республикасының заңдарына және сәйкес шешуге құқылы.

10. Жер қойнауын пайдаланушының құқықтарына кепілдіктер

      26. Жер қойнауын пайдаланушыға оның құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалатынына кепілдік беріледі.

      27. Келісімшарттың талаптарын өзгертуге және толықтыруға, егер Заңда және Келісімшартта өзгеше көзделмесе, тараптардың келісуі бойынша жол беріледі. Тараптардың бірінің талабы бойынша келісімшарт талаптарын өзгертуге Қазақстан Республикасының заңдарында және келісімшартта көзделген негіздер бойынша және тәртіппен жол беріледі.

      28. Егер жер қойнауын пайдаланушының барлау бойынша операцияларды жүргізу кезіндегі стратегиялық маңызы бар жер қойнауы учаскелеріне (кен орындарына) қатысты әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін мемлекеттің экономикалық мүдделерін өзгертуге алып келсе, құзыретті орган Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында, Келісімшарт талаптарын өзгертуді және (немесе) толықтыруды талап етуге құқылы.

11. Құпиялылық

      29. Келісімшартты орындау процесінде тараптар алған немесе сатып алған ақпарат құпия болып табылады және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қорғалуға жатады. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қажетті есептер құрастыру үшін құпия ақпаратты пайдалана алады.

      30. Геологиялық ақпарат жер қойнауын пайдаланушыға 20__ жылғы "__" __________ № ____ құпиялылық туралы келісіммен рәсімделетін Заңның 11-бабына сәйкес белгіленген тәртіпте беріледі.

      31. Тараптардың екінші тараптың келісімінсіз құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға мынадай:

      егер бұл ақпарат сотта іс қарауды жүргізу барысында пайдаланылған;

      ақпарат жер қойнауын пайдаланушыға қызмет көрсететін үшінші тұлғаға мұндай үшінші тарап мұндай ақпаратты құпия қарап және оны тараптар белгілеген мақсаттарға және белгіленген мерзімдерде ғана пайдалануға міндеттеме алу шартымен ұсынылған;

      ақпарат жер қойнауын пайдаланушы қаржылық қаражат алатын банкке немесе басқа қаржылық ұйымға, мұндай банк немесе басқа қаржылық ұйым бұл ақпаратты құпия деп қарап және оны тек көрсетілген мақсаттарға ғана пайдалануға міндеттеме алу шартымен ұсынылған;

      ақпарат Қазақстан Республикасының бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына олардың қызметтік міндеттерін орындауы барысында ұсынылған жағдайларды;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, беруге құқығы жоқ.

      32. Тараптар келісімшарттық аумақта барлау жүргізуге байланысты және геологиялық ақпараттарды қамтитын барлық құжаттардың, ақпараттардың және есептердің құпиялығын сақтау мерзімін айқындайды.

      33. Келісімшарттың әрекет етуі тоқтатылған кейін барлық геологиялық және жер қойнауы бойынша өзгеде ақпарат өтеусіз негiзде Қазақстан Республикасы меншігіне беріледі.

      34. Жергілікті қамту бөлігінде келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына қатысты, жер қойнауын пайдаланушының тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлауы және өткізуі, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқытуға шығындар және өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мен оның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған шығындары туралы ақпарат құпия болып табылмайды.

12. Келісімшарт қолданысын тоқтату жағдайлары

      35. Келісімшарт, егер тараптар оны ұзарту туралы келісімге қол жеткізбесе, оның қолданыс мерзімі өткен соң тоқтатылады.

      36. Келісімшарттың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатуға тараптардың келісуі бойынша жол беріледі. Келісімшарт Келісімшарттың 6-шы тармағына сәйкес бүкіл келісімшарт аумағы қайтарылған жағдайда да, өз қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатады.

      37. Құзыретті орган барлауға арналған келісімшарттың қолданылуын мынадай:

      1) жыл сайын өсіп отыратын төлемдер түрінде ұсынылған, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған сомалардың уақтылы төленбеуі;

      2) үлгілік келісімшарт қолданылатын бүкіл кезеңде бір блок шегінде орындалуы қажет, жылдар бойынша шығындар мен жұмыс түрлерінің ең төмен мөлшері туралы талаптарды бұзу;

      3) берілген жер қойнауы учаскесін үлгілік келісімшартта көзделмеген мақсаттарға пайдалану жағдайларында біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатуға құқылы.

      38. Құзыретті органның бастамасы бойынша Келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы өңірдің және оның инфрақұрылымының әлеуметтік-экономикалық дамуына аударымдар, Келісімшартта тиісті жылға көзделген келісімшарт аумағы бойынша ең аз шығындар бойынша орындалмаған міндеттемелерге тең соманы Қазақстан Республикасының пайдасына төлеуге міндетті. Жер қойнауын пайдаланушы көрсетілген соманы Құзыретті органның бастамасы бойынша Келісімшарттың тоқтатылған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде мемлекеттің пайдасына төлеуге міндетті. Көрсетілген берешек уақытылы өтелмеген кезде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының 1,5 еселік ресми мөлшерлемесіне сүйене отырып, өсімақы есептелінеді.

      39. Келісімшарттың қолданысын тоқтату жер қойнауын пайдаланушыны Қазақстан Республикасына келісімшарт аумағын қайтару және мемлекет заңнамасының талаптарына сәйкес барлау салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

13. Тарату қоры

      40. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану бойынша операциялар салдарын жою үшін тарату қорын қалыптастыруға, сондай-ақ оған жыл сайын 4-бөлімнің 2)-ші тармақшасында көрсетілген сәйкес жылдың шығындардың ең төмен мөлшерінен бір пайыз көлемінде аударымдарды жүргізуге міндеттенеді.

      41. Жер қойнауын пайдалану объектісін тарату тәртібі заңнамада белгіленеді.

14. Келісімшарт тілі

      42. Келісімшарт мәтіні әрбір тарап үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде бір данада жасалады, барлық даналар бірдей.

      Тараптардың келісуі бойынша Келісімшарт мәтіні өзге тілге де аударылуы мүмкін.

      43. Келісімшарттың мазмұнын және түсіндірмесін анықтау кезінде келіспеушіліктер немесе даулар туындаған жағдайда, мәтіннің ________ тіліндегі (қазақ немесе орыс тілдері көрсетілсін) нұсқасы басым күшке ие болады.

15. Қорытынды ережелер

      44. Осы Келісімшартта пайдаланылатын анықтамалар мен терминдер олар үшін "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған мәнге ие.

      45. Осы Келісімшартты 20 ___ жылғы ________ (күні), _______ (айы) _______ қаласында (Қазақстан Республикасы), Тараптардың уәкілетті өкілдері жасады.

      46. Тараптардың заңдық мекенжайлары және қолдары:

      Келісімшартқа барлық қосымшалар оның құрамдас бөліктері ретінде қарастырылады. Қосымшалар мен Келісімшарттың өзінің ережелері арасындағы қандай да бір айырмашылықтар болған кезде, Келісімшарт негіз болатын маңызға ие.

      Келісімшартқа қосымша: геологиялық бөлік.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады