Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 25 қарашадағы № 713 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 желтоқсанда № 12487 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық экономика


министрінің міндетін атқарушы

М. Құсайынов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 25 қараша



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің м.а.
2015 жылғы 25 қарашадағы
№ 713 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік
меншікке қабылдау қағидалары

      Осы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленген және мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындау нәтижесінде туындаған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында өзгеше көзделмесе оларды құрғаннан кейін мемлекеттік меншікке беріледі.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) – Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін, мемлекеттік әріптес пен жекешелік әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны;

      2) МЖӘ шарты – МЖӘ жобасын іске асыру шеңберінде МЖӘ шарты тараптарының құқықтарын, мiндеттерiн және жауапкершiлiгiн, МЖӘ шартының өзге де талаптарын айқындайтын жазбаша келiсiм;

      3) МЖӘ объектілері – МЖӘ жобасын іске асыру шеңберінде құрылатын (оның ішінде салынатын және қажет болған жағдайда жобаланатын) және (немесе) реконструкцияланатын және (немесе) жаңғыртылатын, сондай-ақ пайдаланылатын ғимараттар, құрылысжайлар және (немесе) жабдық, мүліктік кешендер, зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері;

      4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы) – мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы;

      6) жекеше әріптес – мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді және акционерлік қоғамдарды қоспағанда, МЖӘ шартын жасасқан дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;

      7) алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.11.2016 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) № 480 бұйрығымен.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.11.2016 № 480 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      3. Объектілерді мемлекет меншігіне:

      мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган – республикалық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты;

      облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары – коммуналдық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты қабылдайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. МЖӘ шарттары негізінде құрылған МЖӘ объектілерін республикалық меншікке беруді тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы ұйымдастырады.

      5. Егер МЖӘ объектісі бойынша инвестициялық шығындарды өтеу жүзеге асырылған жағдайда МЖӘ объектісі мемлекеттік меншікке берілуге тиіс.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.11.2016 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) № 480 бұйрығымен.

      6. МЖӘ шартына сәйкес МЖӘ объектісін пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін берілуге жататын МЖӘ объектілері мемлекеттік меншікке МЖӘ шартында көрсетілген мерзімде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес құжаттарды ұсына отырып беріледі.

      7. Егер МЖӘ шартында жекеше әріптестің мемлекетке тиесілі және МЖӘ жобасын іске асыру мақсатында берілген зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарын қайтаруы көзделген жағдайда мұндай құқықтарды жекеше әріптес мемлекет меншігіне МЖӘ шартында белгіленген мерзімде және тәртіпте қайтарады.

      8. МЖӘ объектісін мемлекет меншігіне беруге арналған құжаттарды ресімдеуге байланысты барлық шығыстар, оның ішінде МЖӘ объектісіне міндетті бағалау жүргізуге және оның техникалық жағдайын айқындауға байланысты шығыстар МЖӘ шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Жекеше әріптес МЖӘ шартының талаптарына сәйкес МЖӘ объектісін мемлекеттік меншікке беру мерзімі басталған кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде республикалық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты – тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына немесе коммуналдық меншікке жататын МЖӘ объектілеріне қатысты – облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына объектіні мемлекеттік меншікке беру туралы өтінішпен жүгінеді.

      Егер МЖӘ шартында өзгеше белгіленбесе, МЖӘ объектісін мемлекеттік меншікке беру мерзімінің басталған кезі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабының 4-тармағына сәйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісін бекіту күні болып табылады.

      Жекеше әріптес МЖӘ объектілерін мемлекеттік меншікке беру үшін тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына өтінішпен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау кезінде жекеше әріптес ұсынатын құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттарды ұсынады.

      Жекеше әріптес МЖӘ объектісін мемлекеттік әріптеске тиісті техникалық жағдайда беруді қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы жекеше әріптестің жолданымын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға жекеше әріптестің республикалық меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісін МЖӘ шартына сәйкес беруге дайындығы және МЖӘ-нің осы объектісін республикалық меншікке қабылдау мүмкіндігін қарау туралы жолданымы жөнінде хабарлайды.

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жекеше әріптестің коммуналдық меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісін МЖӘ шартына сәйкес беруге дайындығы туралы жолданымын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде МЖӘ-нің осы объектісін коммуналдық меншікке қабылдау мүмкіндігін қарайды.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік органның хабарламасында балансына республика меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ көрсетілген объектісін беру болжанатын республикалық заңды тұлға көрсетіледі және МЖӘ көрсетілген объектісін қабылдау туралы республикалық заңды тұлғаның жазбаша келісімі қоса беріледі.

      12. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган хабарлама алғаннан кейін он күндік мерзімде республикалық меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісін республикалық меншікке қабылдау және оны республикалық заңды тұлғаға беру туралы шешім қабылдайды.

      Облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары жолданым алғаннан кейін он күндік мерзімде коммуналдық меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісін коммуналдық меншікке қабылдау және оны коммуналдық заңды тұлғаға беру туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген шешім қабылданғаннан кейін жекеше әріптес пен мемлекеттік меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісі бекітіліп берілетін мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде мемлекеттік меншікке қабылдануға жататын МЖӘ объектісін қабылдау-тапсыру актісін ресімдейді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Қабылдау-тапсыру актісі оған қол қоюға қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін бір данадан қазақ және орыс тілдерінде үш данада бекітіледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Мемлекет меншігіне қабылдауға жататын МЖӘ объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 17.03.2023 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. МЖӘ объектілерін мемлекет меншігіне беру және қабылдау кезінде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

  Мемлекеттік-жекешелік
әріптестік объектілерін
мемлекеттік меншікке қабылдау
қағидаларына қосымша

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік
меншікке қабылдау кезінде жекеше әріптес ұсынатын құжаттар
тізбесі

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.11.2016 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) № 480 бұйрығымен.

р/с №

Құжаттың атауы

1.

МЖӘ шарты

2.

Объектіні пайдалануға қабылдау актісі

3.

Жекеше әріптестің құрылтай құжаттарының, жекеше әріптестің әділет, салық және статистика органдарында мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттардың көшірмелері

4.

Жекеше әріптестің бірінші басшысы және бас бухгалтері қол қойған, мемлекеттік меншікке қабылдауға жататын МЖӘ объектісінің баланстық құнын растайтын құжат

5.

МЖӘ объектісінің техникалық жай-күйі туралы есеп


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады