Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 31 қазандағы № 379-V ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің құқықтық жағдайларын, оның жүзеге асырылу тәсілдерін айқындайды және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын дайындау мен іске асыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті жекеше әріптес – жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға үміткер жекеше әріптес;

      2) жекеше әріптес – осы Заңға сәйкес мемлекеттік әріптестер ретінде әрекет ететін тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;

      3) конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы – осы Заңда белгіленген құзыретіне сәйкес конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы орталық мемлекеттік орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары болғанда мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну және (немесе) мемлекеттік бюджеттен төлемдерді жүзеге асыру көзделетін жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік әріптес;

      4) қолжетімділік үшін төлемақы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің пайдаланылу және сапалық сипаттамаларын, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің жеке-дара техникалық-экономикалық өлшемдерін негізге ала отырып, көрсетілген объектінің тұтынушыларға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын ақшалай төлем;

      5) мемлекеттік әріптес – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан Қазақстан Республикасы, оның атынан әрекет ететін Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органы, сондай-ақ олар уәкілеттік берген өзге де мемлекеттік органдар мен дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі квазимемлекеттік сектор субъектілері;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы осы Заңда айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;

      7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдау – Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары айқындайтын заңды тұлғалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдау бойынша көрсететiн, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын әзiрлеудi, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы келiссөз процесінде консультациялық қызметтер көрсетудi қамтитын көрсетілетін қызметтер;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы – осы Заңға және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес шектеулі уақыт кезеңі iшiнде iске асырылатын және аяқталған сипатқа ие, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру жөнiндегi реттілікпен болатын iс-шаралар жиынтығы;

      9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес инвестициялық шығындардың белгілі бір көлемін өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;

      10) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша операциялық шығындардың өтемақысы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалануға байланысты жекеше әріптестің шығыстарын өтеуге бағытталған, бюджет қаражаты есебінен төленетін ақшалай төлемдер;

      11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы қызметінің мақсаттарын, міндеттерін, негізгі бағыттарын, шығындарды өтеу және кірістер алу көздерін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудан пайда алушыларды, мемлекеттік қолдау шараларын сипаттау, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін сипаттау көзделетін құжат;

      12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы – айрықша мақсаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру болып табылатын, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес бірлесіп құрған заңды тұлға не бірден бір қатысушылары мемлекеттік әріптес және (немесе) жекеше әріптес болып табылатын жұмыс істеп тұрған заңды тұлға;

      13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері – жобалануы, салынуы, құрылуы, реконструкциялануы, жаңғыртылуы және пайдаланылуы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын мүлік, мүліктік кешендер. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында ендірілуге жататын жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) мен инновациялар да жатады;

      14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес, сондай-ақ осы Заңда көзделген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар;

      15) Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы – мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де талаптары айқындалатын жазбаша келiсiм;

      17) оператор – қажет болған кезде мемлекеттік әріптеспен келісу бойынша жекеше әріптес айқындаған, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылмайтын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындаумен байланысты қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      18) өмірлік цикл келісімшарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының бүкіл қолданылу мерзімі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және пайдалану (жөндеу мен күтіп-ұстауды қоса алғанда), өндірілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі жұмыстардың толық циклі, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің белгіленген техникалық-пайдалану көрсеткіштеріне сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер көзделетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;

      19) сала операторы – жүйелі оператор, жер қойнауын пайдалану жөніндегі ұлттық компания, Ұлттық инфрақұрылым операторы, Ұлттық теміржол компаниясы, Ұлттық жүк тасымалдаушы, Ұлттық жолаушылар тасымалдаушы, Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экономиканың белгілі бір саласында (аясында) ұлттық оператордың не оператордың функцияларын орындайтын өзге де заңды тұлғалар;

      20) сервистік келісімшарт – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне қызмет көрсету жөнінде қызметтер көрсету көзделетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;

      21) тікелей келісім – ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес, жекеше әріптес пен жекеше әріптестің кредиторы арасында жасалатын жазбаша келісім.

2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Экономиканың жекелеген салаларында (аясында) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті құқықтық реттеудің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      4. Жекеше әріптесті айқындау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтыну рәсімдері "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмастан, осы Заңға және мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жекелеген түрлерін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікке салық салу Қазақстан Республикасының салық заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға байланысты қатынастар осы Заңмен және "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

3-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері мен қағидаттары

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдайлар жасау;

      2) инфрақұрылымды және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамыту үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру арқылы мемлекет экономикасына инвестициялар тарту;

      3) халықтың, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру;

      4) Қазақстан Республикасындағы жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қағидаттары:

      1) реттілік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері арасындағы өзара қарым-қатынастарды кезең-кезеңмен орнату;

      2) конкурстық қағидаты – осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, жекеше әріптесті конкурстық негізде айқындау;

      3) теңгерiмдiлiк қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттiк әрiптес пен жекеше әріптес арасында мiндеттердi, кепiлдiктерді, тәуекелдер мен кірістерді өзара тиiмдi бөлу;

      4) нәтижелiлiк қағидаты – мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктiң нәтижелерiне қол жеткiзудi бағалауға мүмкiндiк беретiн өлшемшарттар мен көрсеткiштердi белгiлеу болып табылады.

4-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік белгілері

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің айрықша белгілеріне мыналар:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің қатынастарын орнату;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай үш жылдан отыз жылға дейін);

      3) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға бірлесіп қатысуы;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру жатады.

5-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары

      1. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары болып табылады.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында бірнеше мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес тараптар бола алады.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары мыналар да бола алады:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыруды ұсынатын қаржылық және өзге де ұйымдар;

      2) сала операторлары.

6-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қолданылу аясы

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық саласында (аясында) жүзеге асырылады. Бұл ретте тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін берілмейді.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.07.2017 № 86-VI Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру тәсілдері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.

      2. Институционалдық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiкті мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шартына сәйкес мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк компаниясы iске асырады.

      3. Өзге жағдайларда мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк келісімшарттық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

      Келісімшарттық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шартын, оның ішінде мынадай түрлерін:

      1) концессия;

      2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;

      3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алу);

      4) лизинг;

      5) технологиялар әзірлеуге, тәжірибелік үлгі дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және аз сериялы өндіріске жасалатын шарттар;

      6) өмірлік цикл келісімшарты;

      7) сервистік келісімшарт;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.

      Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жекелеген түрлерін іске асыру кезінде осы Заңмен реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының тиісті заңдарының ережелері, оның ішінде "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер қолданылады.

8-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергілікті жобалары

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары республикалық және жергілікті болып бөлінеді.

      2. Мыналар:

      1) меншiк түрi бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру нәтижесiнде алынған мүлiкке туындайтын меншiк (республикалық немесе коммуналдық) құқығына қарай республикалық немесе жергiлiктi ретiнде;

      2) пайда алушылар бойынша, егер пайда алушылар екi және одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың субъектiлерi болып табылса – республикалық ретінде және егер пайда алушылар бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың субъектiлерi болып табылса, жергiлiктi ретiнде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің республикалық және жергiлiктi жобаларын айқындау өлшемшарттары болып табылады.

9-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерінің шығындарын өтеу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерінің кіріс алу көздері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру:

      1) жекеше әріптестің меншікті қаражаты;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарызға алынған қаражат;

      3) мемлекеттік бюджет қаражаты;

      4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерінің шығындарын өтеу және мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерінің кіріс алу көздері мыналар болып табылады:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану процесінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда мемлекеттен берілетін субсидиялар;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысы;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша операциялық шығындардың өтемақысы;

      5) мемлекеттік меншіктегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақы, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдаланғаны үшін жалдау төлемақысы;

      6) қолжетімділік үшін төлемақы.

      3. Жобалық қаржыландыруды пайдалана отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру осы Заңның ережелері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілеріне шығындарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.

10-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мынадай реттіліктегі сатыларды қамтиды:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілерінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын әзірлеуі;

      2) осы Заңның 31-бабына сәйкес жекеше әріптесті айқындау;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу;

      4) тараптардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын орындауы.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары өздеріне алған барлық міндеттемелерді орындағаннан кейін аяқталды деп есептеледі.

11-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының операторы

      1. Жекеше әріптес қажет болған кезде мемлекеттік әріптеспен келісу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының бір немесе бірнеше операторын айқындауға құқылы, олар туралы мәліметтер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына енгізіледі.

      2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының операторын мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы айқындайды.

      3. Жекеше әріптес мемлекеттік әріптес алдында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы операторының әрекеттері үшін заңдарда көзделген жауаптылықта болады.

12-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін қажетті өзге де мүліктің құқықтық режимі

      1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін қажетті өзге де мүлікті пайдалануы Қазақстан Республикасының заңнамасына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген тәртіппен екінші тараптың келісімімен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін қажетті өзге де мүлікті үшінші тұлғаларға мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша беруші тараптың міндеттемелерін үшінші тұлғалар сақтаған жағдайда беруге құқылы. Бұл ретте мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының беруші тарапы үшінші тұлғалардың әрекеттері үшін заңда белгіленген жауаптылықта болады.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша мемлекеттік әріптес жекеше әріптеске берген мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін қажетті өзге де мүлік жекеше әріптестің балансына берілуге жататын жағдайларда, олар жекеше әріптестің мүлкінен оқшауландырылады және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелердің орындалуына байланысты жүзеге асырылатын жеке есепте көрсетіледі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептілік жасау Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Егер мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі бойынша инвестициялық шығындарды өтеу жүзеге асырылатын жағдайда, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі мемлекеттік меншікке берілуге жатады. Бұл ретте мұндай мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін кепілге беруге жол берілмейді.

13-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдаланудың негізгі ережелері мен қағидаттары

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қайшы келмейтін көлемде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдаланудың мынадай қағидаттарын сақтауға міндетті:

      1) тауарларды ұсыну, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету өлшемдерін осы тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге сұранысты қанағаттандыру мақсатында бейімдеу;

      2) тауарларды ұсынудың, жұмыстарды орындаудың және қызметтерді көрсетудің үздіксіздігін қамтамасыз ету.

      2. Жекеше әріптес мемлекеттік әріптеспен келісу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану тәртібін белгілейді және оның сақталуын қамтамасыз етеді.

      3. Жекеше әріптес Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа кезде, қызметтер көрсетуге қатысты бір тұлғаға басқалар алдында артықшылық жасауға құқылы емес.

14-бап. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында тәуекелдерді бөлу

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің түрлі кезеңдерінде туындайтын тәуекелдер тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      2. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында тәуекелдерді бөлу, сондай-ақ олардың туындау ықтималдығын азайту және орын алған тәуекелдердің салдарларын жою жөніндегі қажетті шаралар мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында бекітіледі.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында тәуекелдерді бөлу тәуекелдерді барынша аз шығынмен озық түрде басқара алатын тарапқа оларды жүктеген жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

15-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі

      1. Іске асырылуы жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган не облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітіледі.

      2. Іске асырылуы жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесі Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығының интернет-ресурсында орналастырылады.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

16-бап. Жекеше әріптестің құқықтары мен міндеттері

      1. Жекеше әріптес:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын өзгерту туралы ұсыныстар енгізуге;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын бұзылған кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген жағдайларда және тәртіппен төлемдер мен өтемақыларды талап етуге;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасында өз қызметінен алынған таза кірісті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлегеннен кейін қалауы бойынша пайдалануға;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне қатысты құқықтарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген талаптарда жүзеге асыруға;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Жекеше әріптес:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерінің бейінін сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін тиісті техникалық жай-күйде мемлекеттік әріптеске беруді қамтамасыз етуге;

      2) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражаттың нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген өзге де талаптар мен шарттарды сақтауға міндетті.

17-бап. Мемлекеттік әріптестің құқықтары мен міндеттері

      1. Мемлекеттік әріптес:

      1) жекеше әріптеспен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де тараптарымен оның талаптары туралы келіссөздер жүргізуге;

      2) өзі конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы болған кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының басқару органдарына қатысуға;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде жекеше әріптестің қаржылық-шаруашылық қызметін тексеруді, оның ішінде аудиторлық ұйымды тарту арқылы жүзеге асыруға;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне, сондай-ақ қызметті жүзеге асыруға қатысты құжаттамаға кедергісіз қол жеткізуге;

      5) Қазақстан Республикасы заңнамасының және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру шеңберінде жол берілген бұзушылықтарды жоюды талап етуге;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі бойынша жекеше әріптестің кінәсінен туындаған залалды өтеуді талап етуге;

      7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын жекеше әріптес не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де тарапы бұзған жағдайда оны бұзуды талап етуге;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Мемлекеттік әріптес:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген жағдайларда және мерзімдерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне құқықтарды жекеше әріптеске беруге;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген өзге де талаптар мен шарттарды сақтауға міндетті.

18-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалардың құқықтары мен міндеттері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыруға мүдделі қаржылық және өзге де ұйымдар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын әзірлеуге және талқылауға қатысуға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бұзылған жағдайларда тартылатын қарыздар, көзделетін төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету схемасы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыруға байланысты өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген құқықтары бар.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға қатысатын өзге де тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген талаптар мен шарттарды сақтауға міндетті.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІК САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

19-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      2) оларға қатысты жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізілетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерінің тізбесін бекітеді;

      3) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қолдау жөніндегі заңды тұлғаны айқындайды;

      4) ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекітеді;

      5) Конституцияда, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

20-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында салааралық үйлестіруді және әдіснамалық басшылық етуді жүзеге асырады;

      3) іске асырылуы жоспарланатын республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін қалыптастырады және бекітеді;

      4) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын және шарт жобасын, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде келіседі;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің әртүрлі кезеңдерінде туындайтын тәуекелдердің болжамды тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау, жекеше әріптесті айқындау жөнінде конкурс және тікелей келіссөздер жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының мониторингін жүргізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүргізу және бағалау мәселелерін қамтитын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      7) экономиканың жекелеген салаларында (аясында) мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру тәсілдері бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарттарын әзірлейді және бекітеді;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін мемлекеттік меншікке қабылдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасына, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасына сараптамалар жүргізу үшін, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығын тартады;

      10) соттардың заңды күшіне енген шешімдері негізінде қалыптастырылатын жосықсыз әлеуетті жекеше әріптестердің тізбесін жүргізеді және бұл тізбені өзінің интернет-ресурсында орналастырады;

      11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына жатқызу өлшемшарттарын әзірлейді және бекітеді;

      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

21-бап. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) іске асырылуы жоспарланатын республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін келіседі;

      3) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының конкурстық құжаттамасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде келіседі;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің шарттарын жасасады;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша берілген мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерінің тізілімін жүргізеді;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мемлекеттің қаржылық міндеттемелерінің қабылдануын және орындалуын есепке алуды жүзеге асырады;

      7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

22-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган:

      1) республикалық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері бойынша жасалған шарттардың тізілімін жүргізеді;

      2) республикалық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерінің мониторингін өз құзыреті шегінде жүзеге асырады және мониторинг нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде құрылған объектілерді республикалық меншікке қабылдайды;

      4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

23-бап. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) тиісті саладағы республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын әзірлейді және бекітеді;

      3) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты жекеше әріптесті айқындау жөнінде конкурс және тікелей келіссөздер ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      4) тиісті салада республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасады;

      5) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүзеге асырады және мониторинг нәтижелерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді;

      6) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары жөнінде ақпарат береді және бұл ақпаратты өзінің ресми интернет-ресурсында жариялайды;

      7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде құрылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін республикалық меншікке беруді ұйымдастырады;

      8) республикалық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері бойынша бұрын жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жаңа жекеше әріптестерді тартуды ұйымдастырады;

      9) табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде табиғи монополиялар саласына жатқызылатын реттелетін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тарифтер (бағалар, мөлшерлемелер, алымдар) мөлшерін қалыптастыру және бекіту бөлігінде келіседі;

      10) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасына салалық қорытынды дайындауды жүзеге асырады;

      11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

24-бап. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары:

      1) іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекітеді;

      2) жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есебін тыңдайды;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

25-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу кезінде тиісті өңір халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мүдделерінің сақталуына байланысты мәселелерді шешу үшін республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыға ұсыныстар енгізеді;

      3) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасын әзірлейді және бекітеді;

      4) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушылар бола алады;

      5) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасады;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының және жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингін жүзеге асырады;

      7) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультациялық қолдау жөніндегі заңды тұлғаны айқындайды;

      8) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тұжырымдамасына, жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамасына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасына сараптама жүргізуге уәкілеттік берілген заңды тұлғаны айқындайды;

      9) іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін келіседі;

      10) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының тізілімін жүргізеді;

      11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде құрылған объектілерді коммуналдық меншікке қабылдайды;

      12) іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін қалыптастырады;

      13) жергілікті жобалардың іске асырылу мониторингі бойынша жиынтық есепті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді;

      14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

26-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығының мақсаттарын, міндеттерін және қызметінің түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу және ұсынымдар тұжырымдау;

      2) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тұжырымдамаларына, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптама жүргізу;

      3) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамасына, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптама жүргізу;

      4) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасына, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде сараптама жүргізу;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруды бағалау;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында мамандарды оқыту;

      7) іске асырылуы жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін жүргізу.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ, КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ
ЖӘНЕ КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОР СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ
МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІККЕ ҚАТЫСУ НЫСАНДАРЫ

27-бап. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысу нысандары

      1. Мемлекеттік органдар мемлекеттік-жекешелік әріптестікке мынадай:

      1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру;

      2) мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құруға және оның қызметіне қатысу;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін инженерлік және көлік коммуникацияларымен қамтамасыз ету нысандарында;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда қатысады.

      2. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну нысанында қатысуы, оның ішінде:

      1) инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілгерлігі;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру үшін тартылатын қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдіктер;

      3) мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтар беру;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заттай гранттар беру;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қоса қаржыландыру;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтыну кепілдігі арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құруға және (немесе) реконструкциялауға байланысты қаржыландыруға (шығыстарды өтеуге) бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының және мемлекеттік бюджеттен берілетін төлемдердің жиынтық көлемі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру және (немесе) реконструкциялау құнынан аспауға тиіс.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

28-бап. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысу нысандары

      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаcының тұжырымдамасына сараптамалық қорытынды дайындау;

      2) әлеуетті жекеше әріптестердің тізілімін қалыптастыру;

      3) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстық комиссияға қатысу;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу мониторингіне қатысу.

29-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысу нысандары

      Кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестікке мынадай:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және (немесе) пайдалану;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын басқару;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсаттары үшін мүлікті және мүліктік құқықтарды беру;

      5) зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтарды беру;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құруға және оның қызметіне қатысу нысандарында;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда қатысады.

30-бап. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мемлекеттік-жекешелік әріптестікке қатысу нысандары

      Квазимемлекеттік сектор субъектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына мынадай:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыратын заңды тұлғаларды құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысу не заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеліктен шығару (беру);

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында ғылыми-өндірістік аймақтар, венчурлік қорлар, зерттеу орталықтарын құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысу;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсаттары үшін мүлік пен мүліктік құқықтарды беру;

      4) зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықтар беру;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына инвестициялар тарту;

      6) сервистік қолдау, оның ішінде технологиялар трансферті, инновацияларды қолдау, консалтинг, инжиниринг, кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтер;

      7) технопарктердің, бизнес-инкубаторлардың, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың көрсетілетін қызметтерін ұсыну;

      8) экспортты ілгерілету;

      9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және (немесе) пайдалану нысандарында;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де нысандарда қатысады.

5-тарау. ЖЕКЕШЕ ӘРІПТЕСТІ АЙҚЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

31-бап. Жекеше әріптесті айқындау

      1. Жекеше әріптесті айқындау мынадай тәсілдермен:

      1) конкурс тәсілімен, оның ішінде оңайлатылған тәртіппен және екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып жүзеге асырылады. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілерге қатысты жабық болуы мүмкін;

      2) тікелей келіссөздер тәсілімен жүзеге асырылады.

      2. Оңайлатылған тәртіппен конкурс өткізу тәсілімен жекеше әріптесті айқындау осы Заңның ережелеріне сәйкес жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары үшін ғана жүргізіледі.

32-бап. Әлеуетті жекеше әріптеске қойылатын біліктілік талаптары

      1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысу үшін әлеуетті жекеше әріптес мынадай жалпы біліктілік талаптарына сай келуге тиіс:

      1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін) және азаматтық әрекет қабілеттілігінің (дара кәсіпкер үшін) болуы;

      2) төлем қабілеттілігінің болуы, салық берешегінің болмауы;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті қаржылық және (немесе) материалдық және (немесе) еңбек ресурстарының болуы;

      4) банкроттық не тарату рәсіміне жатпау, оның мүлкіне тыйым салынбауға тиіс, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның қаржылық-шаруашылық қызметі тоқтатыла тұрмауға тиіс;

      5) соңғы үш жыл ішінде жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша міндеттемелерді орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жауаптылыққа тартылмауға тиіс.

      2. Әлеуетті жекеше әріптестерге қойылатын қосымша (арнайы) біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленуі мүмкін.

      3. Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген біліктілік талаптарын қоюға құқылы емес. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына қатысты емес ақпаратты ұсынбауға құқылы.

      4. Әлеуетті жекеше әріптес өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыға растау құжаттарын табыс етеді, олардың тізбесі мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларында көзделеді.

      5. Әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденті ұсынатындай құжаттарды не әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді қамтитын құжаттарды ұсынады.

      6. Әлеуетті жекеше әріптес біліктілік талаптарына сәйкестігіне анық емес ақпарат ұсынған жағдайда, сот оны жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп таныған кезден бастап кейінгі үш жыл бойы жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға жіберілмейді.

      Әлеуетті жекеше әріптес ұсынатын біліктілік талаптары бойынша ақпараттың анықтығын конкурстық комиссия, конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы, уәкілетті мемлекеттік органдар жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты не тікелей келіссөздерді өткізудің кез келген сатысында анықтай алады.

      7. Әлеуетті жекеше әріптестің біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсыну фактісін анықтаған тұлғалар осындай факт анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушыны және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органды анық емес ақпарат ұсыну фактісін растайтын құжаттардың көшірмелерін хабарламаға қоса бере отырып, бұл туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.

      Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы осындай факт анықталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей сотқа біліктілік талаптары бойынша анық емес ақпарат ұсынған әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы талап қою береді.

      8. Конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға соттардың әлеуетті жекеше әріптесті жосықсыз әлеуетті жекеше әріптес деп тану туралы заңды күшіне енген шешімдерін мұндай шешімдерді алған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді.

33-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті жекеше әріптес, егер:

      1) осы әлеуетті жекеше әріптес басшыларының және (немесе) осы әлеуетті жекеше әріптестің уәкілетті өкілінің жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) немесе жекжаттарының жекеше әріптесті айқындау туралы шешім қабылдау құқығы болса не конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

      2) әлеуетті жекеше әріптестің баланстық құны тиісті негізгі қаражат құнының он пайызынан асатын мүлкіне тыйым салынса;

      3) әлеуетті жекеше әріптестің атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе;

      4) әлеуетті жекеше әріптестің қаржылық-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не әлеуетті жекеше әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысуға құқылы емес.

      2. Әлеуетті жекеше әріптес пен әлеуетті жекеше әріптестің үлестес тұлғасының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі бір конкурсқа қатысуға құқығы жоқ.

34-бап. Біліктілік іріктеу

      1. Біліктілік іріктеу әлеуетті жекеше әріптестің белгіленген біліктілік талаптарына сай келуін айқындау мақсатында жүргізіледі.

      2. Біліктілік іріктеуді конкурсты не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау және іске асыру қағидаларына сәйкес жүргізеді.

      3. Біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа не тікелей келіссөздерге қатысушы деп танылады.

35-бап. Жекеше әріптесті конкурс тәсілімен айқындау

      1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Конкурсты ұйымдастырушы жекеше әріптесті айқындау үшін конкурстық комиссия құрады.

      3. Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс нәтижелері, сондай-ақ жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы қазақ және орыс тілдерінде өзінің ресми интернет-ресурсында орналастырады және мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

36-бап. Конкурсты өткізу туралы хабарлама

      Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде конкурсты ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында орналастырылады және мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы туралы, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың өткізілетін күні, орны және уақыты туралы мәліметтерді қамтиды.

37-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.

      2. Конкурсты ұйымдастырушы осы Заңның 20-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және осы Заңның 21-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген, мынадай ақпаратты қамтитын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын барлық әлеуетті жекеше әріптестерге ұсынады:

      1) әлеуетті жекеше әріптестердің қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарға қойылатын талаптар;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің орналасқан жері;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік қолдаудың көзделетін түрлері мен көлемдері, сондай-ақ шығындарды өтеу мен кірістерді алу көздері;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасы;

      5) үздік конкурстық өтінімді айқындау өлшемшарттарының сипаты;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының өлшемдері көрсетілуге тиіс валютаны (валюталарды) көрсету және оларды салғастыру мен бағалау мақсатында бірыңғай валютаға келтіру үшін қолданылатын валюта (валюталар) бағамы;

      7) конкурстық өтінім берілетін тілге қойылатын талаптар;

      8) әлеуетті жекеше әріптестің өз конкурстық өтінімін конкурстық өтінімдер ұсыну мерзімі өткенге дейін өзгерту немесе кері қайтарып алу құқығына нұсқау;

      9) конкурстық өтінімнің мазмұны, конкурстық өтінімдерді ұсыну тәсілі, орны, мерзімі және олардың күші, сондай-ақ конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізу шарттары;

      10) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасының мазмұны бойынша түсіндірулерді алу тәсілдері;

      11) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу рәсімдері, орны, күні мен уақыты.

      3. Конкурсты ұйымдастырушы ұсынылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасы үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын көшіруге жұмсалған шығыннан аспайтын төлемақы алуға құқылы.

      4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурсты ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын түсіндіру туралы сұрау салумен, бірақ конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өтініш білдіруге, ал жекеше әріптесті айқындау жөнінде қайталап конкурс өткізген кезде – конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей өтініш білдіруге құқылы.

      Конкурсты ұйымдастырушы мұндай сұрау салу тіркелген кезден бастап үш күн мерзімде әлеуетті жекеше әріптестерге түсіндіру береді.

      5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткенге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмейтін мерзімде өз бастамасы бойынша немесе әлеуетті жекеше әріптестің сұрау салуына жауап ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге, ал жекеше әріптесті айқындау жөніндегі қайталап конкурс өткізген кезде күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде енгізуге құқылы.

      Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасына енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулардың мәтінін барлық әлеуетті жекеше әріптестерге ұсынады. Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдер ұсыну мерзімін конкурстық өтінімдерде осы өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды әлеуетті жекеше әріптестердің ескеруі үшін күнтізбелік отыз күннен кем емес мерзімге, ал қайта конкурс кезінде күнтізбелік он бес күннен кем емес мерзімге ұзартады.

      6. Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын түсіндіру үшін әлеуетті жекеше әріптестермен кездесу өткізуге құқылы.

38-бап. Конкурстық өтінім

      1. Конкурстық өтінім әлеуетті жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында белгіленген талаптар мен шарттарға келісім білдіру нысаны болып табылады.

      2. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді конкурсты ұйымдастырушыға мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында көрсетілген оны ұсыну мерзімі өткенге дейін ұсынады.

      3. Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімі мынадай:

      1) әлеуетті жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді бұрын берген;

      2) конкурстық өтінім жекеше әріптесті айқындау жөніндегі осы конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін келіп түскен жағдайларда қабылданбайды.

      4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімінің аяқталуынан кешіктірмей:

      1) енгізілген конкурстық өтінімді өзгертуге және (немесе) толықтыруға;

      2) өзі енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді қайтару құқығын жоғалтпастан, өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алуға құқылы.

      5. Конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында белгіленген талап етілетін мерзімге сәйкес келуге тиіс.

39-бап. Конкурстық өтінімді қамтамасыз ету

      1. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді:

      1) конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі өткеннен кейін өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алмайтынына не өзгертпейтініне және (немесе) толықтырмайтынына;

      2) өзін жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп айқындаған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасатындығына кепіл ретінде енгізеді.

      2. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша көзделетін инвестициялар құнының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      3. Егер әлеуетті жекеше әріптес екі кезеңдік рәсімдер пайдаланыла отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңіне қатысса, ол конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.

      4. Әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімді қамтамасыз етудің мынадай түрлерінің бірін:

      1) конкурсты ұйымдастырушы үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шотқа енгізілетін кепілдікті ақшалай жарнаны;

      2) банк кепілдігін таңдауға құқылы.

      Әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімі өткенге дейін енгізілген кепілдікті ақшалай жарнаға тұтастай не оның бір бөлігін талап ету құқығының үшінші тұлғаларда туындауына әкеп соқтыратын әрекеттер жасауына жол берілмейді.

      Осы баптың 5-тармағында көрсетілген әрекеттерді қоспағанда, конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптес енгізген кепілдікті ақшалай жарнаны пайдалануына жол берілмейді.

      5. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі орын алған кезде:

      1) әлеуетті жекеше әріптес конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін конкурстық өтінімді кері қайтарып алғанда не өзгерткенде және (немесе) толықтырғанда;

      2) конкурс жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудан жалтарғанда қайтармайды.

      6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайлардың бірі орын алған кезде конкурстық өтінімді қамтамасыз ету сомасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.

      7. Конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптеске ол енгізген конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі орын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қайтарады:

      1) осы әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін өзінің конкурстық өтінімін кері қайтарып алуы;

      2) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға рұқсат ету туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Көрсетілген жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушылар деп танылған әлеуетті жекеше әріптестерге қолданылмайды;

      3) жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанда қайтарады. Көрсетілген жағдай жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жеңімпазы деп айқындалған жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысушыға қолданылмайды;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының күшіне енуі;

      5) әлеуетті жекеше әріптестің конкурстық өтінімінің қолданылу мерзімінің өтуі.

40-бап. Конкурстық өтінімдерді қарау

      1. Конкурстық өтінімдерді қарауды және іріктеуді конкурстық комиссия жүзеге асырады.

      Конкурстық комиссияның жұмыс органы конкурсты ұйымдастырушы болып табылады.

      2. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдер салынған конверттерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасында көрсетілген мерзімде ашады.

      3. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімдерге қажетті сараптамалар жүргізуді қамтамасыз етеді.

      4. Конкурстық комиссия барлық конкурстық өтінімдерді қарайды.

      Егер бір конкурстық өтінім ғана ұсынылған жағдайда, бұл өтінімді конкурстық комиссия осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес қарайды.

      5. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптеспен не жалғыз әлеуетті жекеше әріптеспен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын нақтылау бойынша келіссөздер жүргізеді.

      6. Келіссөздер жүргізуге дайындық кезеңінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша ескертулер мен ұсыныстарды конкурстық комиссия жазбаша нысанда әлеуетті жекеше әріптеске жіберуге тиіс.

      Келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша конкурстық комиссия шешім қабылдайды.

      Келіссөздер барысында жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс шарттарына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      7. Егер конкурстық өтінімі үздік деп танылған әлеуетті жекеше әріптес конкурстық комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес конкурстық өтінімді және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан не оның ұсыныстары жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс шарттары тұрғысынан қолайсыз болып табылған жағдайда, онда конкурстық комиссия бұл конкурстық өтінімді қарамайды және үздік конкурстық өтінімді жаңадан таңдайды.

      8. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары бойынша конкурстық комиссияның шешімімен үздік конкурстық өтінім айқындалады, ал өтінім беруші жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жеңімпазы деп танылады.

      9. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық комиссияның шешімі негізінде жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың жеңімпазымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасады.

      10. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу мерзімі жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспауға тиіс.

41-бап. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің ерекшеліктері

      Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс осы Заңның ережелері ескеріле отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өткізіледі.

      Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі жабық конкурс өткізудің шарттары, күні, орны мен уақыты туралы ақпаратты, сондай-ақ оның нәтижелері туралы мәліметтерді конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті жекеше әріптестерге жазбаша нысанда жібереді.

42-бап. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізудің ерекшеліктері

      1. Конкурсты ұйымдастырушы қолданылу аясын және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін техникалық жағынан күрделі және (немесе) бірегей ретінде айқындаған жағдайларда, екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізіледі. Конкурсты ұйымдастырушы біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық ұсыныстары негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларын қалыптастыруды жүзеге асырады.

      2. Екі кезеңдік рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс екі кезеңді қамтиды.

      Бірінші кезеңде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:

      1) техникалық тапсырманы қалыптастыру;

      2) екi кезеңдiк рәсiмдердi пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөнiндегi конкурсты өткiзу туралы хабарландыруды жариялау;

      3) конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптестерге техникалық тапсырма беруі;

      4) әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды беруі;

      5) конкурсты ұйымдастырушының техникалық ұсыныстарды қарауы және әлеуетті жекеше әріптестермен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының талаптарына қатысты мәселелерді талқылау;

      6) конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын әзірлеуі және бекітуі;

      7) бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды берген әлеуетті жекеше әріптестерге конкурсты ұйымдастырушының жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың екiншi кезеңiне қатысуға шақыру жiберуi.

      Екінші кезеңде осы Заңның 40-бабының ережелеріне сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу үшін көзделген іс-шаралар жүзеге асырылады.

43-бап. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс өткізудің ерекшеліктері

      1. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс мынадай шарттардың барлығы сақталған кезде өткізіледі:

      1) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асырылуы жүзеге асырылады;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының үлгілік конкурстық құжаттамасы пайдаланылады;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарты пайдаланылады;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы табиғи монополиялар саласына жатпайды;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің құны төрт миллион айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

      2. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қалыптастыратын әлеуетті жекеше әріптестер тізілімінен әлеуетті жекеше әріптестер біліктілік іріктеу жүргізілместен жіберіледі.

      3. Оңайлатылған конкурстық рәсімдерді пайдалана отырып, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын бекіту, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қол қою осы Заңда көзделген сараптамалар жүргізілместен жүзеге асырылады.

44-бап. Тікелей келіссөздер негізінде жекеше әріптесті айқындау

      1. Тікелей келіссөздер негізінде жекеше әріптесті айқындау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады және мынадай:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына өзінің меншік құқығындағы немесе ұзақ мерзімді жалға алынған объектіге қатысты әлеуетті жекеше әріптес бастамашылық жасаған;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы әлеуетті жекеше әріптеске тиесілі зияткерлік шығармашылық қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды іске асырумен ажырамас байланыста болатын жағдайларда қолданылады.

      2. Тікелей келіссөздер негізінде жекеше әріптесті айқындау мынадай реттілік сатылары арқылы жүзеге асырылады:

      1) әлеуетті жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бастамашылық жасауы;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының негізгі техникалық-экономикалық өлшемдері және бюджеттен сұралатын төлемдер және (немесе) мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіле отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бастамашылық жасау туралы хабарлама;

      3) мемлекеттік әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының тұжырымдамасына сараптама жасауы;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының әлеуетті тараптары арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптары туралы келіссөздер жүргізу;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу.

      3. Әлеуетті жекеше әріптестер тарапынан ұсыныстар саны жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге қажеттіліктен асып түскен жағдайда, жекеше әріптес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс тәсілімен айқындалады.

45-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс нәтижелері негізінде не осы Заңда белгіленген жағдайларда тікелей келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша жасалады.

      2. Осы Заңның 43-бабында көзделген жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарты негізінде жасалады.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жазбаша нысанда жасалады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жазбаша нысанын сақтамау мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жарамсыздығына әкеп соғады.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген әртүрлі шарттардың элементтерін қамтитын шарт болып табылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қатынастарына тиісті бөліктерде, егер тараптардың келісімінен немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мәнінен өзгедей туындамаса, элементтері осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында қамтылатын шарттар туралы заңнама қолданылады.

46-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мазмұны

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында мынадай ережелер қамтылуға тиіс:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезеңі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің көрсетілген объектісіне мүліктік құқықтар (оның ішінде меншік құқығы) туралы мәліметтер;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін салудың, құрудың, реконструкциялаудың, жаңғыртудың және (немесе) пайдаланудың шарттары мен көлемдері;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары, сондай-ақ инвестициялардың мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары;

      4) шығындарды өтеу және кіріс алу көздері, мемлекеттiк қолдау ұсынылған жағдайда оның түрлерi, көлемдерi, ұсынылу мерзiмдерi мен шарттары;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберінде жүзеге асырылатын қызмет түрлері;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердің көлемдері мен түрлерi;

      7) тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде өндірілетін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі;

      9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мерзімі;

      10) операторды (операторларды) тағайындау тәртібі;

      11) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының мүдделерін білдіретін уәкілетті тұлғалар туралы мәліметтер;

      12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындау үшін тартылатын тұлғалардың құқықтары мен міндеттері;

      13) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары мен міндеттері;

      15) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары арасында тәуекелдерді бөлу және тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралардың сипаты;

      16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының жауапкершілігі;

      17) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын өзгерту және бұзу шарттары;

      18) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша дауларды шешу тәртібі;

      19) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қабылдаған міндеттемелерді орындауын бағалау өлшемшарттары, оларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда тұрақсыздық айыбын төлеу;

      20) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындаудан біржақты бас тартудың айрықша жағдайлары;

      21) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда залалдарды өтеудің тәртібі мен мерзімдері;

      22) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берiлетiн мүлiктi күтiп-ұстау ауыртпалығының, сондай-ақ көрсетiлген мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну тәуекелдерiнiң өту шарттары мен мерзiмдерi;

      23) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі;

      24) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының толық атауы;

      25) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының орналасқан жерi (заңды мекенжайы) және банктiк деректемелерi;

      26) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі;

      27) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың өзге де шарттары.

      2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында, осы баптың 1-тармағында көзделген шарттардан басқа:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының органдарын қалыптастыру тәртібі;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру мен толықтыру тәртібі;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының акционерлері (қатысушылары) арасындағы қатынастар;

      4) корпоративтік дауларды шешу тәртібі қамтылады.

      3. Егер жекеше әріптес Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша қолданылатын құқықты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары айқындайды.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты қазақ, орыс және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісімі бойынша айқындалған өзге де тілдерде жасалуға тиіс.

      5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жекелеген түрлері бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалады.

47-бап. Жекеше әріптестің кредиторымен тікелей келісім

      Жекеше әріптестің кредиторымен тікелей келісімде мынадай шарттар көзделеді:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша міндеттемелердің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты талаптарының орындалмауына әкеп соқтыратындай елеулі бұзылу жағдайлары туралы мемлекеттік әріптестің жекеше әріптес кредиторларына хабарлау міндеттемесі;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты және (немесе) талап ету құқығын біреуге беру бойынша құқықтарды кепілге беру немесе мемлекеттік әріптестің келісуімен жекеше әріптестің борышын аудару;

      3) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің міндеттемелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптары бойынша оның орындалмауына әкеп соқтыратындай етіп елеулі бұзған жағдайда, жекеше әріптес кредиторларының жекеше әріптесті ауыстыруды талап ету, сондай-ақ жекеше әріптестің жаңа кандидатурасын ұсыну құқығы;

      4) осы баптың 3) тармақшасында көзделген жағдайларда жекеше әріптесті ауыстыру тәртібі;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шарттар.

48-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мерзімі

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мерзімі осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында белгіленген мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мерзімінен аспауға тиіс.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісуі бойынша оның қолданылу мерзімі осы Заңның 4-бабының 2) тармақшасында белгіленген мерзім шегінде ұзартылуы мүмкін.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімі мынадай жағдайларда:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптарына байланысты емес мән-жайлар нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы кідіртілгенде немесе тоқтатыла тұрғанда;

      2) мемлекеттік әріптестің және (немесе) мемлекеттік органдардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы тоқтатыла тұрғанда;

      3) мемлекеттік әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделмеген талаптарды қоюы нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға байланысты шығыстар ұлғайғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен сот шешімімен ұзартылуы мүмкін.

49-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын бұзу негіздері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісуі бойынша өзгертілуі және бұзылуы мүмкін.

      2. Мемлекеттік әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты:

      1) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі бұзған кезде;

      2) егер жекеше әріптес өзінің дәрменсіздігіне (банкроттығына) байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жүзеге асыруға қабілетсіз болғанда;

      3) қоғам мен мемлекет мүддесінде, оның ішінде мұндай әрекеттер ұлттық қауіпсіздікті, халық денсаулығын және оның имандылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалғанда ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.

      3. Жекеше әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік әріптес және (немесе) мемлекеттік орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі бұзған кезде ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.

50-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді біреуге беру және жекеше әріптестің борышын аудару

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді біреуге беру және жекеше әріптестің борышын аудару, мемлекеттік әріптестің жазбаша келісімі және жекеше әріптестің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға жалпы және қосымша (арнайы) біліктілік талаптарына сай болған жағдайда ғана жол беріледі.

51-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша кепіл нысанасы

      Егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жекелеген түрлері туралы заңдарында өзгеше белгіленбесе, жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің құқықтарын мемлекеттік әріптестің жазбаша келісімімен ғана кепілге береді.

6-тарау. ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ
ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

52-бап. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы жалпы ережелер

      1. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құрады.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы өз қызметін акционерлік қоғамның не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асырады, онда мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес жиынтығында дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызына ие болады.

      Егер мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құруды көздейтін жағдайда, олар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтай шарты шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасуға құқылы.

      Егер мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құруды көздейтін жағдайда, мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы қатынастар мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен реттеледі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының қызметі осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңнамасымен реттеледі.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталына қатысу үшін мемлекеттік бюджеттен ақша бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында жекеше әріптестің мемлекеттік әріптеске немесе мемлекеттік әріптестің жекеше әріптеске мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларына (қатысу үлестеріне) меншік құқықтарын беруі (өтеулі немесе өтеусіз) көзделуі мүмкін.

53-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысы

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының атауы көрсетіле отырып, заңды тұлғаның мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мақсатында әрекет ететіні жөнінде мәлімет қамтылуға тиіс.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы жарғысының ережелері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қайшы келмеуге тиіс.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы жарғысының арасында қайшылықтар болған жағдайда:

      1) егер олар мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ішкі қатынастарға жататын болса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының;

      2) егер оларды қолдану мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының үшінші тұлғалармен қатынастары үшін мәні болса, жарғының талаптары қолданылуға тиіс.

54-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құқықтық реттеу

      1. Мемлекеттік әріптестің не жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясына қатысуын тоқтатудың шарттары мен тәртібі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалады.

      2. Мемлекеттік әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларын (қатысу үлестерін) үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығаруына, кепілге қоюына немесе оған өзгеше ауыртпалық салуына жекеше әріптестің келісімімен ғана жол беріледі.

      Жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының өзіне тиесілі дауыс беретін акцияларын (қатысу үлестерін) үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығаруына, кепілге қоюына немесе оған өзгеше ауыртпалық салуына мемлекеттік әріптестің келісімімен ғана жол беріледі.

      3. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің келісімінсіз:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталын ұлғайтуға немесе, міндетті енгізілуі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды қоспағанда, оның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының облигациялар мен өзге де бағалы қағаздар шығаруына;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын қайта ұйымдастыруға және таратуға;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің келісімін алу көзделген өзге де әрекеттерді жасауға жол берілмейді.

      4. Осы бапта көрсетілген жағдайларда келісім беру тәртібі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғысында айқындалуға тиіс.

7-тарау. ИННОВАЦИЯЛАРДАҒЫ ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕШЕЛІК ӘРІПТЕСТІКТІ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

55-бап. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

      1. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мынадай:

      1) жаңа технологияларды, технологиялық процестерді, техникалық регламенттерді әзірлеу және оларды жетілдіру;

      2) тәжірибелік үлгіні, тәжірибелік-конструкторлық қондырғыны дайындау, сынақтар (тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарды қоса алғанда), зерттеулер (зертханалық зертеулерді қоса алғанда) жүргізу;

      3) аз сериялы өндірісті (тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісті) ұйымдастыру және ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру (стартап-компаниялар құруды қоса алғанда) міндеттеріне қол жеткізуге бағытталады.

      2. Инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына байланысты зияткерлік қызмет нәтижелеріне айрықша құқықтарды бағалау (қайта бағалау) мәселелерін міндетті түрде көздеуге тиіс.

      3. Конкурстық комиссия, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары және басқа да мүдделі тұлғалар инновациялардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына байланысты құжаттарды коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның қорғалуын қамтамасыз етуді ескере отырып қарайды.

56-бап. Арнайы экономикалық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

      1. Арнайы экономикалық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік осы Заңның ережелеріне сәйкес іске асырылады және арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылым объектілерін жобалауға, салуға, құруға, реконструкциялауға, жаңғыртуға және пайдалануға бағытталады.

      2. Арнайы экономикалық аймақтағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезінде мемлекеттік әріптес ретінде арнайы экономикалық аймақтың басқару органы әрекет етеді.

      Бұл ретте арнайы экономикалық аймақтың басқару органы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына қатысу туралы өз шешімін арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен және акциялардың бақылау пакетіне иелік ететін органмен келіседі.

      3. Арнайы экономикалық аймақтың басқару органы конкурсты ұйымдастырушы болып әрекет етеді.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу жекеше әріптестің арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы объектілерін жобалау, салу, құру, реконструкциялау, жаңғырту және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруы үшін негіз болып табылады.

8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

57-бап. Дауларды шешу

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      2. Егер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешілмесе, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот тәртібімен, сондай-ақ "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төрелікке жүгіну арқылы шешуге құқылы.

      Жекеше әріптес Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда, ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты төрелік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісуі бойынша айқындалады.

      3. Жекеше әріптесті айқындау тәртібіне байланысты даулар Қазақстан Республикасының соттарында шешіледі.

      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 08.04.2016 № 489-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

58-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

59-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады