"Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 04 наурыздағы № 862 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 31 наурызда № 4930 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.С. Қожаниязовқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "4" наурыздағы
№ 862 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысының аумағында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы іс – шараларды жүзеге асыру функцияларын орындауда басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқармада ведомстволар жоқ.
      3. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      4. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      5. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      6. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      7. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      8. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      9. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      10. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: индекс 120003, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.
      11. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      12. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      13. Басқарманың қызметiн қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      14. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негiзгi мiндеттерi, функциялары, құқықтары мен мiндеттерi

      15. Басқарманың миссиясы: қазіргі және болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қоршаған ортаны сақтау, қалпына келтіру және сапасын жақсарту, облыстың орнықты дамуға көшуін қамтамасыз ету жөнінде жағдайлар жасау.
      16. Негізгі міндеттері:
      1) қоршаған ортаны қорғау;
      2) су қорын пайдалану және қорғау;
      3) орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру мен орман өсіру;
      4) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану;
      5) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану;
      6) мемлекеттiк экологиялық сараптамасын ұйымдастыру және жүргiзу;
      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді атқарады.
      17. Функциялары:
      1) мемлекеттік орман саясатын қалыптастыру және оны іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдауға қатысады;
      2) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыру мен орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, өзінің функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;
      3) мемлекеттiк орман қоры аумағында ормандағы өрттердiң алдын алу және оларға қарсы күрес жөнiндегi iс-шаралардың жыл сайынғы жоспарларын әзірлейді, бекітеді және iске асырады;
      4) жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ ұйымдардың өрт сөндiру техникаларын, көлiктерi мен басқа да құралдарын ормандағы өрттердi сөндiруге тарту тәртiбiн әзірлейді, осы жұмысқа тартылған жеке тұлғаларды жүрiп-тұру, өрт сөндiру құралдарымен, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етедi;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өртке қарсы ерікті құрылымдардың жұмыс iстеуiне жәрдемдеседi;
      6) орманда өрт қаупi болатын маусымда мемлекеттiк орман қоры аумағында өрттердi сөндiру үшiн жанар-жағар май материалдарының резервiн жасайды;
      7) шаруа және фермер қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы ұйымдарының орман қорына iргелес аумақтардағы ауыл шаруашылығы алқаптарында, жайылымдық және шабындық жерлерде сабантүбiн, аңыздарды және өзге де өсiмдiк қалдықтарын өртеуiне, қау шөбiн өртеуiне бақылау жасауды қамтамасыз етедi;
      8) өртке қарсы насихатты, бұқаралық ақпарат құралдарында ормандарды сақтау, ормандарда өрт қауiпсiздiгi ережелерiн орындау туралы мәселелердiң тұрақты берiлуiн ұйымдастырады;
      9) облыс аумағында ормандағы өртке қарсы күрес жөнiндегi жұмыстарды үйлестiредi, қажет болған жағдайда осы мақсатта арнайы комиссиялар құрады;
      10) орман қоры аумағында орман зиянкестерiмен және ауруларымен күресті және орманның санитарлық жай-күйiн жақсарту жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
      11) орман зиянкестерi мен ауруларына қарсы күресте авиахимиялық, авиабиологиялық және аэрозольдық iс-шаралар жүргiзген кезде, сондай-ақ орманда өрт қаупi жоғары болып тұрған кезеңдерде жеке тұлғалардың мемлекеттiк орман қоры аумағында болуына тыйым салу туралы, орман пайдалану құқығын шектеу туралы шешім қабылдау үшін облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      12) уәкiлеттi органға беру үшiн өзінің функционалдық қарауындағы орман қорының мемлекеттiк есебi, мемлекеттiк орман кадастры, мемлекеттiк орман мониторингi жөнiнде материалдар әзiрлейдi;
      13) өзінің функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде аяқталған объектiлердi және орман шаруашылығы iс-шараларын жүргiзу нәтижесiнде өндiрiлген дайын өнiмдердi қабылдайды;
      14) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелерінің (сүректі түбірімен босату үшін мөлшерлемелерді қоспағанда) жобаларын әзірлейді;
      15) уәкiлеттi органның және облыстың жергілікті өкiлдi органының қатысуымен өзінің қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi пайдалануға беру жөнiнде тендерлер ұйымдастырады және өткiзедi;
      16) өзінің функционалдық қарауындағы мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығын, сондай-ақ ормандардың жай-күйiне және молықтырылуына қауiп төндiретiн жұмыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтата тұрады, шектейдi, тоқтатады;
      17) орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген, өз қарауындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер береді және осы учаскелерді осындай объектілер салу үшін пайдалануға рұқсат береді;
      18) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану шартын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады;
      19) коммуналдық меншiктегi су шаруашылығы құрылыстарын басқарады, оларды қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      20) мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының есебін жүргізеді, иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген рәсімдерді жүргізеді;
      21) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      22) бассейндiк су шаруашылығы басқармаларымен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң су қорғау аймақтарын, белдеулерiн және санитарлық қорғау аймақтарын белгiлеу туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      23) бассейндік су шаруашылығы басқармаларының келісімімен су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдаланудың режимі мен ерекше жағдайларын белгілеу туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      24) конкурстық негізде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен су объектілерін оқшау немесе бірлесіп пайдалануға береді;
      25) бассейндік кеңестердің жұмысына және бассейндік келісімге қатысады, су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөніндегі ұсыныстарды бассейндік кеңестердің қарауына енгізеді, бассейндік кеңестердің ұсынымдарын зерделейді, оларды іске асыру жөнінде шаралар қолданады;
      26) су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөніндегі, оның ішінде жерді гидромелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
      27) судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындармен басқа да құрылыстарды орналастыруды және пайдалануға берудi, сондай-ақ су объектiлерiнде, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, түбiн тереңдету және басқа да жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiседi;
      28) тиісті аумақтарда су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешеді;
      29) су шаруашылығы құрылыстарындағы авариялардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
      30) тиiстi аумақтарда орналасқан су объектiлерiнiң, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;
      31) жер үстi көздерiндегi су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын әзiрлейді;
      32) мемлекеттік табиғи – қорық қорының объектілерін сақтау мен күтіп ұстау ережелерін облыстық мәслихаттың бекітуіне ұсыну;
      33) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      34) құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласында келiсiмдер мен меморандумдар жасасады;
      35) жобалау-сметалық құжаттама бойынша жүргізілген мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың, сондай-ақ, ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындыларының негізінде, өз құзыреті шегінде кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді салуға, реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға) немесе күрделі жөндеуге тыйым салады немесе рұқсат береді;
      36) өз құзыретi шегiнде шаруашылық қызмет объектiлерiнiң мемлекеттiк экологиялық сараптамасын ұйымдастырады және жүргiзедi;
      37) өз құзыреті шегінде қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар береді, оларда қоршаған ортаға эмиссияларға лимиттер белгілейді;
      38) мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзу кезiнде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырады;
      39) қоршаған ортаны қорғау саласында құжаттар әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, мұндай құжаттардың бастамашылық жобаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның қарауына бередi;
      40) қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын сыртқы сарапшыларды (жеке және заңды тұлғаларды) сараптамалық жұмыстар жүргiзуге тартады;
      41) өз құзыретi шегiнде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткiштерiн әзiрлейдi;
      42) қалдықтарды жою және орналастыру жөнiндегi объектiлердi салуды қамтамасыз етедi;
      43) коммуналдық қалдықтармен жұмыс iстеу кезiнде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етедi;
      44) қалдықтардың пайда болу көлемдерiн бақылауды жүзеге асырады және қалдықтардың пайда болу көлемдерiн азайтуға, олардың қайтадан немесе баламалы түрде пайдаланылу деңгейiн арттыруға және көмiлуге тиiс қалдықтар көлемiн қысқартуға бағытталған iс-шаралар мен экономикалық ынталандырулар әзiрлейдi;
      45) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды табиғат пайдалануға беру туралы шешiм қабылдайды;
      46) тиiстi аумақта тұрған табиғат объектiлерiнiң жай-күйi туралы халықты хабардар етудi жүзеге асырады;
      47) қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзудiң тiркелуiн жүзеге асырады;
      48) қоршаған ортаны қорғау саласындағы инвестициялық жобаларды әзiрлейдi және оларды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға ұсынады;
      49) өз құзыреті шегінде табиғат қорғау іс-шараларының жоспарларын келіседі;
      50) парниктік газдар шығарындыларын азайту мен оларды сіңіру жөніндегі жобаларды әзірлейді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келіседі;
      51) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      52) өз құзыреті шегінде II, III және IV санат объектілерінің мемлекеттік экологиялық сараптамасын ұйымдастырады, табиғат пайдаланушыларға II, III және IV санат объектілері үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар береді, табиғат қорғау іс-шараларын жүргізеді, табиғат пайдалануды реттейді;
      53) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      54) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi өзінің ведомстволық бағыныстағы органдар мен ұйымдардың қызметiн үйлестiруді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      55) жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тiзбесiн бекiту туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      56) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру мен аңшылық және балық шаруашылықтарының қажеттіліктері үшін сервитуттарды белгілеу жөнiнде шешiмдер қабылдау туралы ұсыныстар әзірлейді;
      57) жануарларға ауырып қалған, бекітіліп берілмеген аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде олардың қырылу қаупі төнген жағдайда оларға көмек көрсету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырады;
      58) аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін жануарлар дүниесін пайдаланушыларға аңшылық алқаптарды бекітіп беру бойынша конкурстар өткізеді;
      59) бір облыстың аумағында орналасқан, халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарын бекітіп беру бойынша конкурстар өткізеді;
      60) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн интродукциялау, реинтродукциялау және будандастыру, сондай-ақ қолдан өсiру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;
      61) аңшылық алқаптарының резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      62) балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорын қорғауды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      63) ғылыми ұсынымдар негізінде балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттауды жүргізеді;
      64) рекреациялық балық аулау аймағын белгілеу туралы ұсыныстар әзірлейді;
      65) балық шаруашылығы учаскелерінің шекараларын белгілеу, ұйықтарды (ұйықтық учаскелерді) ашу және жабу туралы ұсыныстар әзірлейді;
      66) екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында ғылыми-зерттеу үшін аулау, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып бара жатқан жануарлар түрін қоспағанда, жануарлар әлемін пайдалануға рұқсат береді;
      67) республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлерді дамыту, республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi ұсыныстарды уәкiлеттi органға енгiзедi;
      68) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
      69) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану - ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiн әзiрлеудi ұйымдастырады және оларға мемлекеттiк экологиялық сараптама жүргiзудi қамтамасыз етедi;
      70) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбесiн, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi бекiтедi;
      71) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiнде шешiмдер қабылдау туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      72) мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлудегі түзету жобаларын бекiтедi;
      73) өзінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларын әзiрлейдi және бекiтедi, оларды күзетудi, қорғауды және қалпына келтiрудi, сондай-ақ ғылыми зерттеулер жүргiзудi қамтамасыз етедi;
      74) заңды тұлға мәртебесi бар жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететiн қызметтер үшiн тарифтер мөлшерiн бекiту туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      75) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзуге қатысады;
      76) уәкiлеттi органмен келiсе отырып, өзінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзірлейді және бекiтедi және паспорттарды уәкiлеттi органға тiркеуге (қайта тіркеуге) бередi;
      77) облыстың елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп – ұстау және қорғау ережелерін облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну;
      78) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау аймақтары шегiнде осы аумақтардың экологиялық жүйелерiнiң, экологиялық дәлiздердiң жай-күйiне, сондай-ақ оларды қорғау және пайдалану режимiне терiс әсер ететiн қызметтiң барлық түрiн шектей отырып, осындай аймақтарды белгiлеу жөнiнде облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      79) өзінің қарауындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және мемлекеттiк табиғи - қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне, күзетiлуiне, қорғалуына және пайдаланылуына мемлекеттiк бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады;
      80) жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi аумағының шекарасын және қорғау режимiнiң түрлерiн бекiту туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      81) облыстың жергілікті өкілді органына жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем ставкаларын бекітуге ұсынады;
      82) жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалдарды тарату және олардың аумақтарын кішірейту туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      83) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар қолданады;
      84) азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      85) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      86) қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламалар әзірлеуді ұйымдастырады және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      87) коммуналдық қалдықтардың пайда болуы мен жинақталуы нормаларын әзірлейді және жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсынады;
      87-1) коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласында қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді ұйымдастырады;
      87-2) коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталу нормаларын есептеу қағидаларын бекіту туралы облыс әкімдігінің қаулы жобасын әзірлейді;
      87-3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың барлық түрін құру үшін жерді резервте қалдыру жөнінде шешімдер қабылдау туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      87-4) су пайдаланушылар арасында су пайдалану лимиттерін бөлу туралы облыс әкімдігі қаулысының жобасын әзірлейді;
      87-5) жер қойнауын пайдаланумен байланысты, экологиялық және рекреациялық маңызы бар объектілердің сақталуына жәрдемдеседі;
      88) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 429 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      18. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Басқарма өзіне жүктелген міндеттерді және өзінің функцияларын жүзеге асыру барысында заңнамада бекітілген тәртіппен:
      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзіретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы.
      2) Басқарма:
      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарайды, олардың орындалуын бақылайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар береді;
      жеке тұлғаларды және заңды түлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастырады;
      заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;
      қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      19. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      20. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      22. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттарының әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      18) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      23. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      24. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі және жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00 - ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      25. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкі

      26. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      27. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.
      28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      29. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады